Өлең, жыр, ақындар

Саңырық

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1401
Пролог

Ошақты Тасжүректің Сейітінен,
Танисың Саңырықты кейіпінен.
Ерекше батырлық пен мергендігін
Айтады аңыз етіп кеңітіп ел.
Жебесі көк төсінен ағылып кеп,
Жауына шүйілгенде самұрық боп,
Қалтқысыз қағып түсер көздегенін,
Ел содан атап кеткен Саңырық деп.
Жау көрсе, қаны қайнап қоза берген,
Шіреніп, адырнасын соза берген.
Мақтаған мергендігін Саңырықтың
«Елім-ай» дастанында Қожаберген.
Тасыған тұла бойда қайраты ерен,
Жебесі зәрені алып, сайрап берген.
Қалмақпен қан майданда қатар жүрген,
Кіші жүз нағашысы Тайлақпенен.
Жырлаған Саңырықты басқалар да,
Секілді Сегіз сері қасқалар да.
Шіркін-ай, «Үйсін Саңырық» хикаясы
Басылып қалды ма екен тас қамал да?
Өзі жоқ сол дастанның, аты қалған,
Айтылмай келе жатыр асыл арман.
Тарихтың талай құнды мұралары
Осылай бізге жетпей, қапы қалған.
Арайлы алда күткен таңы барда,
Ерлерін ұмытар ма қаны барлар?
Көрсеткен Саңырықтың батырлығын
Ілияс, Әбіш, Сопы, Әнуарлар*...
Есімі дауылдатып, дала кернеп,
Тарихтың беттеріне салады өрнек.
Есімі Саңырықтың ертегі боп,
Ұрпақтан-ұрпақтарға бара бермек.

АЖДАҺА ҮҢГІРІ
Ошақтының көшіп-қонған ауылы –
Қаратаудың теріскей бет бауыры.
Сол таудағы үңгірден үн шығатын,
Секілденіп күздің қара дауылы.
Қорқынышты үн күні-түні сарнайтын,
Оған ешкім жақын аттап бармайтын.
Сол үңгірде жатыр алып аждаһа
Деген сөзді жас Саңырық аңдайтын.
Зәре-құты қалмай жұмбақ күңгірден,
Елдің бәрі қорқатын сол үңгірден.
Бір көрсем деп қызығатын Саңырық,
Аңыз ба әлде, ертегі ме, кім білген?
Сегіз жаста Саңырыққа не бәрі,
Қас батырдай оның көңлі жоғары.
Қашып шығып өз үйінен бірде ол,
Қайтсе-дағы көрмек болды обаны.
Күн ұяға батып кеткен, кешқұрым,
Қорқыныштың елемеді ешбірін.
Сол үңгірге жақындаған шамада,
Әлде қандай уілдеген естіді үн.
Жас Саңырық еш қауіпке дес бермей,
Бірте-бірте жақындады сескенбей.
Ызғарлы үн түсті тіптен күшейе,
Ине шаншып, құлақ түбін тескендей.
*Ілияс Есенберлин «Жанталас», Әбіш Кекілбаев «Үркер», Сопы Сматаев «Елім-ай», Әнуар Әлімжанов «Жаушы» романдары.
Бірақ, батыр одан сірә саспады,
Қорқынышты бойдан сырып тастады.
Төрт-бес қадам кірген сайын тереңдеп,
Бірте-бірте бойы үйрене бастады.
Қорқыныш пен қатерге ерік бермеді,
Алға аттап, тағы біраз ендеді.
Бірақ, бірден атылатын өзіне
Көзі шоқтай аждаһаны көрмеді.
«Жақындаған адамды да, малды да
Жұтып қояр жеткен кезде алдына»,
Деген сөздің бос болғаны осы да,
Бір түкпірге жата кетті барды да.
Бірақ, Саңырық көзін сәтке ілмеді,
Басылмады уілдеген үн лебі.
Күтуменен аждаһаның келуін,
Отырды енді тірек етіп іргені.
Қараңғыға үйренгендей көз нұры,
Қыса ұстаған қолында өткір кездігі.
Жарып салмақ аждаһаны алысса,
Жеңе алмаса – Саңырықтың кездігі.
Осылайша ойлар қамап жан-жақты,
Жас батырды қанды айқасқа қамдатты.
Кетті аулақ аждаһа да, ажал да,
Ақырында арайланып таң да атты.
Алтын арай атқан таңды қарсы алып,
Саңырық ер шықты үңгірден ән салып.
Мұны көрген ауыл-аймақ жандары
Қарай берді жас батырға тамсанып.
Тоқтыбай да көз ілмеген түн бойы,
Қауіп-қатер билеп алған тұл бойын.
Көршілерін құдайы асқа шақырды,
Құрбандыққа шалып лезде бір қойын.
Ұзақ таңға жоғалтқаны табылып,
Ауыл-аймақ мақтап жатыр жабылып.
Нағыз батыр кетті атанып сол күннен
Тасжүректен туған түлек Саңырық.
Тоқтыбайдан бірге туған туысы:
Дәнен – аға, Сарымерген – інісі.
Батырлықпен аты шығып алашқа,
Саңырықтың ашылды кең тынысы.

АЛҒАШҚЫ АЙҚАС
Қасында Дәнен сынды ағасы бар,
Ағасы бардың сірә жағасы бар.
Аң аулап құм ішінде келе жатты,
Алдында Ақкесене даласы бар.
Бір құнан атып алған олжалары,
Бұйырса, болмақ біраз қалжалары.
Алыстан бір топ атты көрінгенде,
Алдымен аңшылар деп болжағаны.
Жақындай келе бәрі анықталды,
Қалмақтар екендігін танып қалды.
Сандары он екі екен санап көрсе,
Қорғану керек енді салып барды.
Дәненнің қолында зіл шоқпары бар,
Несіне арпалыспай тоқтары бар?
Құрсаудай қаруланған қалмақтардың
Шетінен сұлап жатыр соққаны дәл.
Осылай Дәнен жауға шүйіледі,
Қапыда кездескенге күйінеді.
Әлі де бұғанасы бекімеген
Жас бала Саңырыққа қиын еді.
Бір қалмақ тұра ұмтылды өндір жасқа,
Саңырық осы кезде он бір жаста.
Шоқпармен қолындағы қойып қалса,
Баланы қаскүнем жау оңдырмас та.
Саңырық шалт қимылмен шалдырмай жүр,
Сойылдан бұғып қалып, алдырмй жүр.
Қу қалмақ қатарласа жас балаға,
Садағын тартар тұсты қалдырмай жүр.
Құлынға көкжал шапса дұрыс па еді?
Дәненге ұнамады бұл іс тегі.
Алыстан Саңырыққа айқай салып:
«Тезірек маған қарай ығыс», – деді.
Саспады абыржып та, аңырып та,
Ығысты Дәнен жаққа Саңырық та.
Он бірін құлатқанда қалмақтардың,
Біреуін бір-ақ ұрмай қағынып па?
Сұлады мұрттай ұшып ол да жерге,
Қалмақтар келді шындап сонда жөнге:
«Өмірлік құл болайық, өлтірмеңдер,
Біздермен оралыңдар олжалы елге».
Етті де Дәнен солай, қалмақтарды
Қосақтап екі-екіден қармақтады.
Бір-бірін арқасымен отырғызып,
Баратын бағыттарын аңдатпады.
Көрсетіп көздеріне тамұқ көрді,
Оларды жайдақ атқа таңып берді.
Ауылға алып бар деп малғұндарды,
Алдына Саңырықтың салып берді.
Ал, өзім бір жұмыспен қалам деді,
Артыңнан көп кешікпей барам деді.
Он екі қалмақты өзі айдап барып,
Саңырық таңдандырды тамам елді.
Он екі қалмақты өзі байлады деп,
Қойдай ғып алдына сап айдады деп,
Жас батыр Саңырықтың жеңісі үшін,
Бұл жайды ауыл болып тойлады көп.
Бұл жеңіс інісінің ұраны боп,
Дәнен де шын көңілден қуанды кеп:
«Он екі қалмақты алған менің емес,
Түбінде Саңырық аты шығады», – деп.
Бұл кезең қалмақтардың кезеңі еді,
Балқаш пен бағынған Шу өзені еді.
Анталап келіп қалған жоңғарлардың
Ну Талас келесі бір кезегі еді.
Саңырық көрді ойратты алғашқы рет,
Жағаға ойда жоқта жармасты кеп.
Олар да адам екен, ойлап жүрсе
Ешкімге бой бермейтін албасты деп.
Адамға ұқсағанмен түрі, бірақ,
Қылығы хайуан екен, діні жырақ.
Біржола жойылатын халық екен,
Білмеген қалай мұны бұрынырақ?

Саңырықтың сарнаулығы
Той дегенде бұл қазақ
Күйге түсер бір ғажап.
Қарап жатпас үйінде
Намысы бар шын қазақ.
Ошақтыда Мөңке бай,
Інісі бар Сөңке бай.
Байлығына олардың
Ілесе алмас өңге бай.
Сөңкеде қыз бой жетіп,
Әр нәрсеге ой кетіп,
Той жасады әкесі,
Елі-жұртын сөйлетіп.
Жиналды оған ақын да,
Жиналды оған батыр да.
Жиналды оған байың да,
Қара сирақ пақыр да.
Қыз ұзату тойының,
Басталды сан ойыны.
Жиналды оған Ошақты,
Қаңлы, Дулат, Ойығы...
Жасыл жайлау үстінде
Тойланды той үш күнге.
Палуандар белдесіп,
Сынап жатыр, күш кімде?
Жаяу жарыс, ат жарыс,
Аламанға аттаныс.
Алмаса да бас бәйгі,
Атын қосу мақтаныш.
Не боп жатыр қай тұста?
Көрмегендер байқұс та.
Адуынды ақындар
Кіріп кеткен айтысқа.
Көрмеген де арманда,
Көргендер де арманда.
Қызыл-жасыл киінген
Қыз-келіншек бар маңда.
Тай қазандар асылған,
Ақ отаулар ашылған.
Дастарқандар жайылып,
Өрік-мейіз шашылған.
Ұлан тойға жиылған
Дәм татады бұйырған.
Сапырылып бал қымыз,
Кердендерге құйылған.
Ұлан тойға келгендер
Кербез басып кердеңдер.
Өйткені, олар шетінен
Өнерпаздар, мергендер.
Келген жұрттар ағылып,
Қарап қалмас аңырып.
Дәнен де жүр бұл тойда,
Сарымерген, Саңырық.
Сыйлығынан кәделі,
Сыйлығынан мәрелі,
Ағайынды мергеннің
Үшеуі де дәмелі.
Қызық үшін келгендер –
Кереметін көргендер.
Тойдың соңғы сәтінде
Бақ сынамақ мергендер.
Биік бақан тығыршық,
Жұрт қарайды сығылысып.
Қатар-қатар үш бірдей
Іліп қойған шығыршық.
Кім өзіне сенеді,
Жүлдені сол жеңеді:
Шығырықтан үш бірдей
Өткізе алса жебені.
Осал емес бәйгісі,
Ала бермес жай кісі.
Жеңіске сол жетеді,
Бес қаруы сай кісі.
Қалы кілем жабылған,
Алтын бұйда тағылған.
Атан түйе бастаған
Бір тоғызы – бағыңнан.
Бәрінен де бағалы,
Бәрінен де адағы –
Сақтап келген Сөңкенің
Сары сапты садағы.
Жөке талдан жондырған,
Арқар мүйіз қондырған.
Қаптал қорамсағына
Алтын ою ойдырған.
Адырнасы сыңғырлай
Сайрап тұрған бір сырнай.
Асау атты қозғалтпас
Ширыққан қыл шылбырдай.
Ата ұстаған аруақты,
Сары садақ салмақты.
Қас шеберге соқтырып,
Қас батырға арнапты.
Тап осындай қаруды
Кім ойламас алуды.
Жебелерін кезеді
Талай батыр қарулы.
Болғанымен сомадай,
Обал-ай, шын обал-ай!
Қаңғып кетті көп жебе,
Шығырыққа жоламай.
Сарымерген, Дәнен де
Жарамады дәлелге.
Тамам мерген жиылып,
Күлкі болды бар елге.
Жұрт күткенмен сарылып,
Үзілгендей бар үміт.
Алға шықты сол кезде
Суырылып Саңырық.
Тына қалды көпшілік,
Саңырықтан тосты үміт.
Зуылдады жебесі,
Үні ерен естіліп.
Мына тойда үш күндей
Танытты ол күш пілдей.
Зулап өтті жебесі
Шығырықтан үш бірдей.
«Саңырық!» – деп «Саңырық!»
Жан-жағынан жабылып,
Төбесіне көтерді,
Қаумалаған қалың жұрт.
Батыр солай бәйге алды,
Жұрт көңілі жайланды.
Сөңке тойы шынымен
Саңырыққа байланды.
Елі шырқап шат әнді,
Үлкендерден бата алды.
Сары садақ «Саңырықтың
Сарнауығы» атанды.
Саңырық сәл жас болып,
Жас та болса бас болып,
Толықсыған кезі еді,
Он алтыға жас толып.
Серке болып, қой бастар,
Ортекедей ойқастар,
Қалмақтармен қырқысар
Тұрды алда шайқастар.

Шолпан
Мың жеті жүз он екі,
Шамасы сол жылдары.
Тыныш жатқан ел еді
Қалың қазақ Сырдағы.
Қалмақтар кеп тосыннан,
Шапты біраз ауылды.
Тосын жайдан шошынған
Мазалады қауымды.
Біразырақ қол құрып,
Қарсы тұрды қазақтар.
Алда, бірақ, тор құрып
Тұрған еді азаптар.
Бір ауылды босатқан
Кезең еді шабысты.
Көзге түсіп қосақтан,
Екі батыр табысты.
Саңырық, Тайлақ арасы
Жақын еді бұрыннан.
Жиен менен нағашы
Бірін-бірі ұғынған.
Деді Тайлақ бір күні:
«Ер Саңырық жиенім.
Бағаң артық бұл күні,
Басымды шын иемін.
Менде бар бір қарындас,
Шолпан деген аты да.
Жайнап тұрған жалын жас,
Жарасымды заты да.
Көрсең егер келбетін,
Деп қаларсың дүр қызы.
Жүрегіңді тербетіп,
Албырап тұр нұр жүзі.
Шақыртып Сыр бойына,
Таныстырам өзіңмен.
Қонса көңіл ойыңа,
Көз саларсың сезіммен.
Сен секілді досымнан
Аянамын неге мен?
Десең егер қосылам,
Қалыңсыз-ақ берер ем».
Сыр бермеді Саңырық,
Әлде неден қысылып.
Қалды алғаш аңырып,
Дос пейілін түсініп...
Шайқаста бір келесі
Саңырыққа оқ тиді.
Ауыр тартып денесі,
Қара санға дөп тиді.
Өткізбей тек босқа күн,
Емдеу үшін батырды,
Тайлақ ойлап дос қамын,
Қарындасын шақырды.
Киіз үйде төсекте
Жаралыны көрді қыз.
Нәзік жанды десек те,
Көз тастады өңді қыз.
Қою қара қасы бар,
Тебіндеген мұрты да.
Жиырмаларда жасы бар,
Сом денелі тұрқы да.
Дөңгелек жүз, реңді,
Саңырық ер осы еді.
Сырттай жақсы біледі,
Ағасының досы еді.
Көрген сайын ағасы,
Саңырықты мақтайтын.
Оны айтпаса, шамасы,
Ішкен асы батпайтын.
Саңырық та бұрылып,
Көз салды жас аруға.
Тоты құстай құбылып,
Жанар оты жануда.
Садағындай керілген
Қиғаш қара қасы бар.
Жауырынға төгілген
Қос бұрымды шашы бар.
Саусақтары сүйріктей,
Әппақ екен білегі.
Жатса да бой илікпей,
Жібіп кетті жүрегі.
Қарағанда қырындап,
Нұр жайнаған қабаққа,
Тұла бойы шымырлап
Қоя берді заматта.
Тайлақ оны мақтаса,
Мақтағандай екен-ақ.
Сыр ашпауы қатты аса,
Болған екен бекер-ақ.
Деді Шолпан: «Жас батыр,
Ауыр емес жараңыз.
Торықпаңыз босқа құр,
Келгенінше шамаңыз.
Неше түрлі шөптерден
Дәрі жасап беремін.
Мұндай жайды көп көргем,
Бәрін де емдеп келемін.
Сәтін салса Құдайым,
Кетесіз тез жүгіріп.
Солай болсын лайым,
Демеу беріп бұл үміт»...
Қыздың қолы шоқтай боп,
Денесіне тигенде,
Бойда жара жоқтай боп,
Серги берді бір демде.
«Хал қалай, – деп, – жан аға?»
Қыз күледі наз үнді.
Бірте-бірте жара да
Жеңілденді, жазылды.
Алты күнде айығып,
Жетінші күн тұрды ер.
Бағасы мен байыбын
Шолпан қыздың білді ер.
Бірақ, бірақ, өзіне
Тіл қатуға батпайды.
Қарайды да көзіне,
Сырын іште сақтайды.
Ағасына салып сөз,
Ұсынысын өткізді.
Шолпан қызды алып тез,
Таласына жеткізді.
Біраз жанды шақырып,
Той жасады шамалы.
Жатар жай жоқ шашылып,
Жаугершілік заманы.
Бозарықта толағай
Болмаса да алып той,
Сейіт пенен Солағай
Ағайынды халық қой.
Төрт арысты Ошақты,
Ыстылар да жиналды.
Сондай бір той жасапты,
Бата алып иманды.
Ол кезеңде аңырып
Отырар шақ болып па?
Тайлақ пенен Саңырық
Қайта кетті жорыққа.

КЕК ЖОЛЫНДА
«Шұбырынды ақтабан,
Сұламада Алқакөл»
Бұрқырады ақ боран,
Қалтырады байтақ ел.
Шудан өтіп қалмақтар,
Қаратауға бет қойды.
Жүрген жерін жалмап бар,
Әр отауға өрт қойды.
Осы тұста Саңырық
Жасақ құрды қол жинап.
Сарсаңменен сабылып,
Үлгермеді мол жинап.
Сонда-дағы барымен
Жауларына шүйілді.
Бойда қызу қанымен
Тас түйін боп түйілді.
Қалмақтардың басшысы
Манжуменен түйісті.
Болса-дағы аз күші,
Жеңуге оны тиісті.
Жекпе-жекке шақырып,
Бір-біріне ұмтылды.
Саңырық тез атылып,
Жау жігерін құм қылды.
Аударып ат үстінен,
Домалатты Манжуды.
Кім тіресер күштімен?
Қалмақ бетін қан жуды.
Басын кесіп алғанда,
Ес қалмады қалмақта.
Саңырық атой салғанда,
Қаша түсті жан-жаққа.
Жайлауында Ақсайдың
Біраз қалмақ қырылды.
Ұясына батпай күн,
Жау іргесі түрілді.
Аса өзені бойында
Саңырықтар демалды.
Еш нәрсе жоқ ойында,
Енді ауылға оралды.
Ауылына Бозарық
Келіп жетті түндете.
Ауыл жатыр бозарып,
Үн қатпайды бір кепе.
Өз үйіне кірді де,
Пілте шамды жақта да,
Бар сұмдықты білді де,
Қалды орнында қатты да:
Екі қолы кесілген
Жатыр жары Шолпаны.
Екі емшегі тесілген,
Орып кеткен қолқаны.
Пеш түбінде қос ұлы,
Бөлек жатыр бастары.
Көре тұрып осыны,
Қалай шыдар жас жаны?
Қанға бөккен қызы да,
Екі көзі ойылған.
Жатыр сұлық ұзыннан,
Бауыздалған мойыннан.
Естен танып Саңырық,
Еңірей кеп құлады.
Өкінішпен сан ұрып,
Айтты сонда мынаны:
«Айналайын жан жарым,
Қалмақ саған не қылды?
Қанға бөгіп қанжарым,
Қайтарамын кегіңді.
Қалмақтарды қырам да,
Қорғап бағам елімді.
Қуат берсе бір Алла,
Қайтарамын кегіңді.
Айналайын ұлдарым,
Тас қабырғам сөгілді.
Қағып қалмақ жындарын,
Қайтарамын кегіңді.
Айналайын қызым-ай,
Қалмақ жұлды көгімді.
Ерте өшкен ізім-ай,
Қайтарамын кегіңді.
Тас түйін боп бекінем,
«Бәйдібек!» боп ұраным.
Қалмақтарды шетінен
Кескілеймін, қырамын.
Бар өшімді алғанша,
Аямаймын күшті мен.
Қасық қаным қалғанша,
Түспеймін ат үстінен».
Деп тұрғанда Саңырық,
Тайлақ келді қасына.
Сақтап салмақ, сабырлық,
Басу айтты досына:
«Шыда, достым, шыдағын,
Өткен іске өкінбе.
Көтер баба ұранын,
Шар болаттай бекін де.
Мен біргемін қасыңда,
Жауды жеңер жолды сал.
Ұқсап жойқын жасынға,
Қорамсаққа қолды сал.
Жойсақ түгел ойратты,
Сонда қайтар кегіміз.
Желбіретіп байрақты,
Азат болар еліміз».

«ҚАЛМАҚ ҚЫРЫЛҒАН»
«Шұбырынды ақтабан»...
Қатты ойлантты қазақты.
Қалмақтардан қаптаған
Көрді-ау небір азапты.
Мың жеті жүз жиырма алты
Жылы Ордабасыда,
Батыр, билер жиналды,
Төле би бар басында.
Билік айтты Төле би
Ерлеріне үш жүздің:
«Болмаңыздар бөлек үй,
Болсын бірге үш тізгін.
Сонда ғана ойратты
Ойсырата жеңеміз.
Желбіретіп байрақты,
Көкке жетер төбеміз».
Бас қосқан сол жиында
Батырларды аңдады.
Әскербасы ұйымға
Үш батырды таңдады.
Ұлы жүзден Саңырық,
Кіші жүзден Тайлақты,
Орта жүзден дәл ұғып,
Бөгенбайды сайлапты.
«Қазақ жерін қалмақтан
Десеңіздер қорғаймын,
Аттаныңдар шаң қапқан
Даласына Торғайдың».
Төле би қарт көзінің
Қарасындай көретін.
Саңырықты өзінің
Баласындай көретін.
Атын сыйлап Сандалкөк,
Исфаһан қылыш беріпті.
Ата сөзін аңдар деп,
Саңырыққа сеніпті:
«Тамыры терең қара емен
Қасқая күтер дауылды.
Ақылды шешен сөйлесе,
Қаратар түгел қауымды.
Бірлігі мықты ел болса,
Барлығы түгел бауыр-ды.
Жырла нағыз ер болса,
Жерлеп жеңсе жауыңды.
Астыңа берсе алтын тақ,
Еліңнің саған сенгені.
Көшті бастап, бабын тап,
Қолыңа тізгін бергені».
Келер жазда жөнелді
Жауынгерлер бой ұра,
Бұланты мен Бөленті
Өзендері бойына.
Қазақ малы мол жерде
Қарауылсыз, қараңсыз
Қалың қалмақ сол жерде
Жатқан еді алаңсыз.
Жеңілген ел ес жиып,
Ойламаған шабар деп.
Кәдімгідей сес қылып,
Көрсетер күш табар деп.
Саңырық пен Тайлақ ер,
Басшы батыр Бөгенбай.
Демін басар қайдан ер,
Қас жауынан кек алмай?
Бейқам жатқан дұшпанға
Тиісті кеп анталай.
Қос бүйірден қысқанда,
Жер жастанды жан талай.
Домалатты кеудеден
Қалмақтардың бастарын.
Жайратып жүр жебемен,
Жан сауғалап қашқанын.
Бір тынбастан сарнайды
Саңырықтың садағы.
Жай оғындай жалмайды
Қалған жауды шамалы.
Жаздың өртеп аптабы,
Күйіп кетті тым қатты.
Түнеріп түн қапталы,
Қызарды да күн батты.
Ыңырсыған үн ғана,
Қан сасыған айнала.
Күңіренген мұңдана,
Мына дала қай дала?
Ақтық сөзін тыңдатып,
Бетін бері бұрғандай.
Саңырыққа тіл қатып,
Сенім артып тұрғандай:
«Басын елдің құрап ал,
Қол бастаған Саңырық.
Алладан медет сұрап ал,
Жол бастаған Саңырық.
Қарсы келген жау жаққа
Қырғын салған Саңырық.
Анталаған қалмаққа
Сүргін салған Саңырық.
Тайлақпен бір сапта боп,
Серік болған Саңырық.
Айтылған сөз – атқан оқ,
Берік болған Саңырық».
Осындай жыр кезінде
Ел ішінде тараған.
Бір қате жоқ сөзінде,
Сүйіп тыңдар әр адам.

АҚТЫҚ АЙҚАС
Іле менен Балқашты
Жаулап алған қалмақтар.
Байлығым деп, тау-тасты
Баурап алған қалмақтар.
Іле менен Балқашты
Басып алған қалмақтар.
Ақырында албасты
Басы қалған қалмақтар.
Біржолата елінде
Атуы үшін азат таң,
Аңырақай төрінде
Жиылды бар қазақтар.
Қалмақтардың бар күші
Қалған еді сол жерде.
«Құдайдың кәр-қарғысы
Тисін, – деді, – сендерге».
Абылай хан бастаған
Барлық батыр жиылды.
Ойлар алға тастаған
Бір арнаға құйылды:
«Ақтық айқас – шайқас бұл,
Жеңе алмасақ, өлеміз.
Күш топтасақ ойқас бір,
Жоңғарларды жеңеміз!»
Ханға қарсы шығар кім?
Бір ауыздан қолдады.
Кәрі тарлан Бұқардың
Айтқан сөзі сондағы:
«Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей жұлысып,
Жолдас болған батырлар,
Тұр бүгін де ұйысып:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақ ұлы Жәнібек,
Шапырашты Наурызбай.
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Құлашбек,
Айнақұл Бәти ішінде,
Тігеден шыққан Естербек,
Бақ дәулеті басында,
Құдаменді қасында.
Таңсық қожа, Мамыт бар,
Жауларына жасындай»...
Бас батырлар жиыл деп,
Шақырған соң Абылай,
Барлығы тас түйін боп:
«Қолда, – деді, – А, Құдай!».
Бір төбеге жиылды,
Құм төбедей үйілді.
Бөліске олжа түссін деп,
Хан Абылай бұйырды...
Жау қайдалап іздеген,
Аңсап атыс-шабысты,
Бұл соғысқа жүздеген
Қас батырлар қатысты:
Бөлек, Сатай, Олжабай,
Қойкелді мен Сәмет бар.
Хангелді, Әйтей, Молдабай,
Қаумен, Жәпек, Мәмбет бар.
Басқа шапқан ыстығы,
Жау дегенде жанығып,
Ошақты мен Ыстыны
Бастап келген Саңырық.
Қуырып жау апшысын,
Күркіреген қабандай.
Орта жүздің басшысы
Бөгенбай мен Қабанбай.
Шекті қолын бастаған
Жоямерген Тайлақ бар.
Ағалары қостаған:
Байрақ пенен Қайрақ бар.
Қалмақтар бұл өңірді
Жүз жыл бойы билеген.
Момын қазақ елімді
Қалауынша илеген.
Шыдамның да шегі бар,
Көтерілер туды күн.
Намысы бар, кегі бар
Ер ұлдарды туды кім?
Аңырақы даласы –
Көктей өтіп Шоқпарды,
Қазақтардың баласы
Көрсетті шын көкпарды.
Алты күнде алғашқы
Соғыс жүрді жекпе-жек.
Бір-бірімен қармасты
Қас батырлар бетпе-бет.
Бірінші боп қалмақтан
Шықты батыр Аңырақ.
Бөлек шықты қазақтан,
Қолдай гөр деп аруақ.
Асырып Бөлек айласын,
Ат бауырында ойнаған.
Аңырақтың найзасын
Жақындата қоймаған.
Батыр Бөлек атының
Бұғынып кеп баурына,
Тауып қалмақ қапылын,
Сойыл соқты жаурына.
Алғаш рет құламай,
Қайта шапты Аңырақ.
Бөлек оған шыдамай,
Сойыл соқты тағы нақ.
Аузынан қан атылып,
Ұшып түсті Аңырақ.
Өлтірген соң батырын,
Жаулар қалды аңырап.
Қалмақ қазақ халқынан
Қара қанға қақалған.
Сол бір өңір артынан
Аңырақай атанған.
Науырызбай батыр да
Қаскелеңді өлтіріп,
Шамалды қанға батырған,
Иманына келтіріп.
Әлі күнге сол жерлер
Қалмақтардың атында.
Өзгеретін кез келер
Қазақша боп затында.
Наурызбайды көргенде
Алпамсадай денесі,
Қалмақтардың деп-демде
Қалмаған құт-зәресі.
Ертегідей баяғы
Айтатұғын ел қызып,
Ат үстінен аяғы
Жүреді екен жер сызып.
Қалмақтардың Жадамба,
Бақы, Хасар, Боралдай
Батырлары табанда
Жапырылды қоғадай.
Бар тағы да қалдығы:
Доланқара, Малдабар,
Мұқыры мен Қаңғыры,
Домбайыл мен Балдандар.
Саңырық та үш рет
Жекпе-жекте алысты.
Танытып шын құдірет,
Қайтарды кек-намысты.
Құралайды көзге атқан
Атышулы мерген де,
Қалмақтарды боздатқан,
Қылышқа жол бергенде.
Жекпе-жекке келгенде,
Қазаққа кім шақ келді?
Жетінші күн дегенде,
Жау жалпылай лап берді.
Жан берісіп, алысып,
Кескілесу оңай ма?
Екі жақ та қарысып,
Қолданады он айла.
Қандарына қарайып,
Кегі кеткен қазақтар.
Бара жатты зорайып,
Қосылып тың жасақтар.
Бірте-бірте ойраттар
Қатарлары сиреді.
Жатты жерде жайрап бар
Өліктердің үймегі.
Жылғалармен жылыстап,
Қарақошқыл қан ақты.
Қас батырлар ту ұстап,
Қаруларын жаратты.
Қалмақтарға көмекке
Келмеді нәр астық та.
Қазақ тамақ бермек пе?
Ұшырады аштыққа.
Өлгендерін жабатын
Жасақтар да келмеді.
Аздап тыным алатын
Атар таңды көрмеді.
Күні қалып шамалы,
Тамұқ туды қалмаққа.
Таусылып бар амалы,
Қашып берді жан-жаққа.
Саңырық пен Тайлақтар
Ойлар ма енді обалды?
Жебелерге байлап бар,
Қырып салды оларды.
Аңырақай даласы
Жаудан тегіс арылды.
Қалың қазақ баласы
Үдетті күш арынды.
Жалайыр мен Шымырды
Азат етіп жауынан,
Енді ерлер бұрылды
Асқар Алатауына.
Алматының аймағы –
Шапырашты мекені.
Бұзылмаған қаймағы
Асыл, Шыбыл, Екейі...
Соңғы жылдар, алайда,
Қалмақ жаулап алған ғой.
Содан бері талайға
Тәуелді боп қалған ғой.
Тайлақпен бір қос болып,
Саңырық ер Ошақты,
Наурызбай бас болып,
Шапырашты елін босатты.
Енді барлық батырлар
Іле жаққа бет бұрды.
Қалмақтарды тақымдар
Кеуделерде кек тұрды.
Ақсу, Көксу өзендер –
Қалың Найман қонысы.
Қалмақ алған кезеңдер
Тарылған ғой өрісі.
Қазақ қолын еліне
Бастап барып Бөгенбай,
Жетіп қалмақ шебіне,
Қойсын ба, әсте, кек алмай?
Сөзін саптап салмақтар
Тірегі жоқ бұрынғы.
Мұнда-дағы қалмақтар
Қан-жоса боп қырылды.
Қазақтар шын шамданып,
Күшін жиып ақырғы,
Қалмақтардың қалғанын
Іле өзенге батырды.
Бірен-саран қалғаны
Асып кетті Алтайдан.
Орындалып арманы,
Қазақ солай марқайған.
Бұдан кейін бірігіп,
Қалмақ бола алған жоқ.
Қытайлардан қырылып,
Түп-тұқиян қалған жоқ.
«Ойрандасаң бір елді,
Өзің опат боласың».
Көз жеткіздік, міне, енді,
Нақыл сөзге сол асыл.

ЕДІЛ – ЖАЙЫҚ
Аңырақай қырғыны
Аяқталған кез еді.
Саңырық та, шындығы,
Шаршағанын сезеді.
Анталаған арсыз жау
Келген екен өлімге.
Қанға бөгіп сансыз жау,
Қалды қазақ жерінде.
Жан жарасын емедер ме
Қылышпенен кек алу?
Керек енді ерлерге
Аз да болса демалу.
Нағашы елім дегендей,
Барып байлам-байыпқа,
Саңырық көп бөгелмей,
Тартып кетті Жайыққа.
Алты ата Әлімде
Аналары шекті еді.
Жиып тастап бәрін де,
Тура солай беттеді.
Батыр жиен келді деп,
Нағашы жұрт қарсы алды.
Елбіреп те желбіреп,
Думандатты, ән салды.
Сергіп қалды дене де,
Көтерілді көңіл де.
Босқа жата бере ме?
Аң да керек тегінде.
Жайық бойы толған аң,
Марал да бар, қабан да.
Екі көздеу болған ба,
Өзі мерген адамға?
Қарық қылды ауылды
Атып алған аң-құсқа.
Риза етіп қауымды,
Бөленді мол алғысқа...
Бірде батыр жолықты
Аңшыменен өзіндей.
Қарап тұрып, соны ұқты:
Көзі қалмақ көзіндей.
Бірақ, мынау өлкеде
Жауыз қалмақ болмаған.
Аз қалмақтар ертеде
Еділге кеп орнаған.
Қазақпенен соғысқа
Олардың жоқ қатысы.
Сіңіп кеткен орысқа,
Солармен боп шатысы.
Екі аңшы сол замат
Бір-бірімен танысты.
Танытып шын оң қабақ,
Достасып, қол алысты.
Айтты қалмақ есімін,
Жоран екен жарасты.
Сыр ақтарды шешіліп,
Өз жайына қарасты.
Талқысымен өмірдің
Шығып кеткен тысқары.
Аржағында Еділдің
Тұрады екен қыстағы.
Саңырыққа сүйіне,
Мейман бол деп шақырды.
Ертіп барып үйіне,
Баптап күтті батырды.
Жаны жомарт нар екен,
Жақын тартты ол әр күн.
Қарындасы бар екен
Жаны жайсаң Жоранның.
Қыз есімі Церенжан,
Сымбатты да көрікті.
Ерке мінез ерен жан
Жаулап алды ерікті.
Махаббатпен масаң боп,
Ғашық болып қалды тез.
Елге алып қашам деп,
Қызға батыр салды сөз.
Қыз да оған келісті,
Сәтті күні қашпақ боп.
Кең емес пе жер үсті,
Жүрсе батыр бастап тек?
Бір-біріне үздігіп
Жүрген жандар алаң да.
Жолға шықты қыз-жігіт
Бір күні елең-алаңда.
Бір атпен қос жүргінші
Суыт сырғып келеді.
Артымыздан қуғыншы
Қуады екен демеді.
Қалған кезде түс болып,
Артжақтан шаң көрінді.
Саңырық тез тістеніп,
Ойы онға бөлінді.
Қаруланған салт атты
Жақындады оларға.
Тосын тонап алмақшы
Қас қарақшы болар ма?
Олай емес, ол жауыз
Келе өктем тіл қатты:
Қасыңдағы олжаңыз
Болмас, сірә, тым тәтті.
Церанжандай жарымды
Қайда алып барасың?
Керек десең жаныңды,
Өзің жалғыз қаласың.
Атыңды да, қызды да
Маған қазір бересің.
Иәки, жем боп құзғынға,
Осы жерде өлесің.
Жарымды алып қашатын,
Қайдан келген қазақсың?
Жыныңды тез басатын,
Мен қалмақпын Даваци.
Саңырық па жел сөзге
Қалатұғын жай сасып?
Ұмтылысып сол кезде,
Кетті екеуі айқасып.
Шалт бұрыла шауып кеп,
Сүңгілерін салысты.
Болғанымен сауыт жоқ,
Бойға жетпей қалысты.
Найзалары шарт сынып,
Қарап қалу дұрыс па?
Тастап оны лақтырып,
Кезек берді қылышқа.
Беріспеді жау, бірақ,
Тағы біраз сайысты.
Қаңылтырдай қаудырап,
Қылыштар да майысты.
Аттан түсіп енді олар,
Бір-бірімен белдесті.
«Берілгенің жөн болар,
Беріл тездеп, сен!» – десті.
Сонда-дағы беріспей,
Қасарысты, тіресті.
Берілер ме өліспей?
Сіңірлер де сіресті.
Бірте-бірте Саңырық
Бара жатты әлсіреп.
Кетті қалмақ қағынып,
Көзі тұнып, қан тілеп.
Теңселгендей табансыз,
Әлде неден шатылды?
Саңырық ер амалсыз,
Церенжанды шақырды:
– Демесең тез қаусағын,
Жақын келіп, шабыт бер.
Жетпей жатыр саусағым,
Қанжарымды алып бер.
Церенжан қыз:
– Жоқ! – деді,
Керек емес өлгенің.
Кете бергін кеткенің,
Мендіксің тек жеңгенің.
Саңырық тез түсінді,
Қыздың сатқын екенін.
Түсінді де қысылды,
Ойлады енді не етерін.
Серпілер сәт келді деп,
Қаһарланып кетті ол.
Бұлқынғанда соңғы рет,
Қанжарына жетті қол.
Давацидің шабына
Қанжарды кеп сұғады.
Жаудың қаны ағыла,
Қара жерге құлады.
Басын кесіп жауының,
Қызға рақым қылады.
Қайдасың деп ауылым,
Аттың басын бұрады.
Нағашы елдің бар жаны
Қуанышпен қарады.
Қалмақ қызын олжалы
Келінім деп санады.
* * *
Нағашылар елінде
Саңырық шын тынықты.
Жазғы жайлау төрінде
Жау дегенді ұмытты.
Еділ, Жайық арасы
Күнде қызық, күнде той.
Жақын ауыл арасы,
Өткізеді бірге той.
Бармай қалар кім тойға
Дүбірлеген, дабысты?
Саңырық ер бір тойда
Көшекпенен танысты.
Өзі сынды ол-дағы
Батыры екен Керейдің.
Түйісті бір жолдары,
Бірін-бірі демей кім?
Той үстінде қос батыр
Талай өнер көрсетті.
Екі мықты досқа бұл
Болды риза мол Шекті.
Дос ықылас қойған соң,
Бас тартуға бола ма?
Саңырықты тойдан соң,
Көшек ертті қонаға.
Көшек жолдас-жаранын
Дос келді деп жинады.
Саңырықтай қонағын
Бірнеше күн сыйлады.
Тау суындай тасыған,
Көшек көңлі байқалды.
Саңырық та осыған
Сай сыбаға қайтарды:
Болсын деп дос қапасыз,
Қорасына түнетіп,
Церенжанды опасыз
Сыйға тартты күң етіп...
Татар, қазақ ауылы
Тұрады екен көршілес.
Ортақ ойын-сауығы,
Бір секілді еншілес.
Жанса жүрек жанығып,
Құрақ ұшпай жатар кім?
Сүйіп қалды Саңырық
Бір сұлуын татардың.
Сәния екен есімі,
Хор қызындай түр-түсі.
Селт еткізді сезімін,
Ғажап екен күлкісі.
Саңырықты сұлу да
Қатты ұнатып келіпті.
Батырмен бір тұруға,
Уәдесін беріпті.
Ата-ана қызының
Бұл ниетін құп көрді.
Салып алтын жүзігін,
Сәтті күнді күтті енді.
Сәнияға ауыл боп,
Ұзату той жасады.
Көмектесіп қауым боп,
Дайындалды жасауы.
Құда болған екі елдің
Басын қосып төсекте,
Жасап жақсы шекер күн,
Қуанып жүр Көшек те.
Ән айтылып, күй шалқып,
Аптаға той ұласты.
Қалды ауыл бір шалқып,
Кеңге серпіп құлашты.
Күнде думан, тамаша,
Қайғы-уайым жоқ мүлдем.
Енді ойланып қараса,
Өтіпті ғой көп күндер.
Саңырықтың сағынған
Бар емес пе өз елі?
Еділ, Жайық жағынан
Келі қайтар кезеңі.
Ой танытты ұшқырлық
Көшек досы шын анық.
Саңырықты үш күндік
Салды жерге шығарып.
Ойда жоқта қиянда
Бір тойда олар достасып,
Бірін-бірі қия алмай,
Қалды әрең қоштасып.
Ат тұяғы баспаған
Бұл жиһанда жер бар ма?
Әр қиядан аспаған
Батыр бар ма, ер бар ма?

СОҢҒЫ САПАР
Мың жеті жүз елуде
Батыр елу жетіде.
Мұндай жасқа келуге
Оңай ма жау өтінде?
Осы жаста Саңырық
Талай жауды жайпаған.
Жараланып сан рет,
Сапқа кірген қайтадан.
Жау жеңілді десек те,
Бар-тын қалған-құтқаны.
Болмаса да есепте,
Бар-тын қашып-бұққаны.
Саңырықтың ұрыстан
Қалжыраған тұсы еді.
Бар денесі құрысқан,
Жүріп-тұру күш еді.
Жарақаттан сау жері
Қалмап еді соңғы кез.
Жасырынған жауға елі
Ара-тұра болды кез.
Саңырық ер сонда да,
Күшін біраз байқаған.
Бес қаруын қолға ала,
Атқа қонды қайтадан.
Арыстанбаб маңында
Жағдай туып сезікті,
Шаршаған шау шағында
Жаумен тағы кезікті.
Бір қолында қылышы,
Тақымында сойылы.
Қызып қалмақ ұрысы,
Басталды бір ойыны.
Жау зәресін ұшырып,
Найзасын ер түйрейді.
Ат үстінен түсіріп,
Шылбырымен сүйрейді.
Қашып бара жатқанын
Садағымен атады.
Жалп еткізіп атқанын,
Қызығына батады.
Жауды жеңіп жапырып,
Қиян-кескі ұрыс сап,
Бір төбеде Саңырық
Отыр еді тыныстап.
Бұғып келіп қалмақ бір,
Тартып қалды садақпен.
Ұры жебе сарнап бір,
Қадалды кеп, қап әттең!
Ел деп туған есіл ер
Қапияда ұрынды.
Ауып барып есінен,
Сол орнында жығылды.
Ескі жара орнына
Жаңа жара қосылды.
Ауырлықты ол мына
Көтере алмай, тосылды.
Емдегенмен емшілер
Келгенінше шамасы,
Көп қиналды есіл ер,
Жанға батып жарасы.
Жатып барып жеті күн,
Бақилыққа аттанды.
Ел алдында өзінің
Бар міндетін атқарды.
Жетпей туған жеріне,
Түркістанға жерленді.
Тартпай қоймас тегіне,
Еске аламыз ерлерді.
Ақтамберді батыр да
Алаулаған өрт болған.
Жау қолынан қапыда
Ол да алыста мерт болған.
Ошақты еді ол-дағы
Тасжүректен тараған.
Тағдыр деген сол-дағы,
Әр жерде өлер әр адам.
Бірақ-тағы олардың
Аты қалды тарихта.
Ғасырларға барар мың
Асыл ұлдар халыққа.

ЭПИЛОГ
Қаралы күндер жамылып,
Жүргенде халқым қамығып,
Садағын алып қолына,
Аттанған жауға Саңырық.
Ақыл мен естен жаңылып,
Жүргенде халқым сабылып,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Аттанған жауға Саңырық.
Қалмақтар қатты қағынып,
Қазаққа жаулық сағынып,
Қырғидай келіп тигенде,
Қайтарған бетін Саңырық.
Жауына жойқын самұрық,
Жұлдыздай жарқын ағылып,
Қалмақтың басы қағылып,
Сойқанын салған Саңырық.
Дүние мынау тарылып,
Тұрғанда елім зарығып,
Жауларын жайпап жайратқан
Жолбарыс бабам Саңырық.
Жеңіске бастап бар үміт,
Жаралы жаны жанығып,
Отаны үшін от кешіп,
Сақтаған елін Саңырық.
Өшкенім қайта жағылып,
Жоғалған қайта табылып,
Жаратқан Алла жар болып,
Оралған қайта Саңырық.
Тарихым қайта танылып,
Жарық күн қайта жағылып,
Жалынды жырға айналған
Бабамыз батыр Саңырық.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қарлығаш туралы аңыз

  • 0
  • 0

Әжем кейде отырып,
Көп әңгіме шертетін.
Жүрегіңе от үріп,
Тұла бойды ерітетін.

Толық

Мәлік

  • 0
  • 0

Гүлдер – қызыл,
Жасыл майса.
Қауын – сары
Пәлек жайса.

Толық

Санамақ

  • 0
  • 0

Бір – Құр.
Екі – Үкі.
Үш – Құс.
Төрт – Торт.

Толық

Қарап көріңіз