Өлең, жыр, ақындар

Шалғайдағы Шушада

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1110
Поролетариаттың ұлы көсемі Владимир Ильич Лениннің өміріне арналған «Өлмейтін өмірбаян» дастанынан үзінді

Россия мекенім,
Неткен шексіз кең едің?
Жасқа толып етегің,
Арылмайды неге мұң?
Қайда барса дала бір –
Бөдененің үйі жоқ.
Жұмысшының хәлі ауыр,
Шаруаның күйі жоқ.
Бәз-баяғы қалыпта
Түкпірің де түнекті.
Бұл жердегі халық та
Қалжырапты, жүдепті.
Россия, бұл анық,
Күнің жақын сілкінер.
Халық күші – шын алып,
Найзағайдай күркірер.
Ойнатып от ұшқынын,
Орындатар керегін...
Дейді де Ильич Пушкиннің
Еске алады елеңін:
«Кендерінде Сібірдің
Азаптанып жатқандар.
Күші барда сіңірдің
Ер төзімді сақтаңдар.
Қараңғыда үмітің.
Күн де жақын жайнаған,
Жасымағын, жігітім.
Достық пенен махаббат
Жетер әлі-ақ күлімдей.
Қараңғыда шапағат
Менің асқақ үнімдей.
Ауыр азап, сор қақпа
Біржолата қирайды.
Кек қайтар деп сол шақта
Достың қылыш сыйлайды»*
Бар төңірек шырт түнек,
Кетсе-дағы түн ауып,
Терезені түрткілеп,
Тынбайды жел жылауық.
Саңлауларға сына боп,
Қуыстарға кіреді.
Түк таппаса, ызы боп,
Ұлпа қарды үреді.
Әлдеқашан жатты жұрт,
Бораныңды сезбейді.
Ашулы жел аптығып,
Оған тағы төзбейді.
Қайтсе-дағы жылы үйді
Шаужайынан алмақ боп,
Аш берідей шулиды
Ішін тарта сарнап кеп.
Әне, ана бір лашықтың –
Сөнбепті әлі шырағы.
Қаһарын жел шашып тым,
Бетін солай бұрады.
Кәрленсе де түн оған,
Қамын ойлап халықтың,
*Пушкиннің «Сібірге хат» өлеңінің аудармасы (А. А)
Түбінде отыр бір адам
Сығырайған жарықтың.
Ақ қағазға тесіліп,
Жалын атқан жанары.
Жеделдете есіліп,
Жорғалайды қаламы.
Асықса ол ағатсыз,
Асығуға тиісті.
Бүкіл халық тағатсыз
Тосып отыр Ильичті.
Оның қуып жүргені
Бақытты өмір мәңгілік.
Ей, долы жел дүрмегі,
Бола берме әңгүдік.
Біл Ильичтің бағасын –
Жанарында жанады от.
Керек десе Надясын
Ойлауға да шама жоқ.
Қанша уақыт болды екен
Көрмегелі жан жарын?
Боран болсаң, бол бекем,
Керек емес жанжалың.
Жолаушыға жолықсаң,
Жолын оның бөгеме.
Надежда ойы болып сан,
Асығыстап келе ме?
Шынында да жан жарын
Ильич қатты сағынды.
Есіне алды таңдарын
Бірге өткізген жалынды.
Айта алмайтын қиылып,
Бір-біріне сырларын.
Бал сезім боп құйылып,
Орайтұғын бір жалын.
Түн де түріп түндігін,
Тамашалап тұратын.
Жүректердің бірлігін
Табиғат та ұғатын...
Бірде олжалы күйінде
Оралғанда аң аулап,
От көрді Ильич үйінде
Жанып тұрған алаулап.
Бөлме ішінде мезгілсіз
Шамды жаққан бұл кім деп.
Әлденеден дегбірсіз
Кетті жүрек лүпілдеп.
Аттай бере есіктен,
Еріп кетті май болып.
Тұрды жары кешіккен
Толықсыған ай болып.
Сағынысқан қос жүрек
Талмаусырап табысты.
Табысты да дос білек,
Айрылмастай қабысты.
Қуаныштан құлдырап,
Тау өзені тулады.
Бұлбұл әнін мың бұрап,
Махаббатты жырлады.
Селт етіп бір шартарап,
Шыр айналып шың-дағы,
Осы күйді қайталап,
Осы күйді тыңдады.
Шағын бөлме шалқыды
Шалқар теңіз секілді.
Шағаладай қалқыды,
Ән айтылып не түрлі.
Көзге сұлу көрініп
Бір қырынан мұрыны,
Иығына төгіліп,
Ұзын қара бұрымы.
Әдепті андап маңайды,
Отыр Надя сызылып.
Қайта-қайта қарайды
Қыз-келіншек қызығып.
Көркі – шешек атқан гүл
Тамылжыған таңменен.
Мұндай жарды тапқанның
Сірә арманы бар ма екен?
Аңсап келіп қосылып
Бір бұлаққа бір бұлақ,
Кетті ілгері жосылып,
Тау мен тасты бұрғылап.
Жауыздық пен жалғанның
Жағасына қол салды.
Әділдік пен арманның
Сағасына жол салды.
Сібірдің бір күлкі мұң
Түкпірі екен демеді.
Жүректерін жұртының
Жылуына бөледі.
Қарап жүрмей бекерге,
Безендірді үй алдын.
Дәмі ауыздан кетер ме
Қолдан еккен қиярдың?
Сан кітаптың сарылып,
Ақтарылып парағы,
Кейде ойдан арылып,
Бақшаға Ильич барады.
Жанға рақат сая бақ
Жамылады желегін.
Әрбір гүлді аялап,
Тастамайды шелегін
Көре қалса арам шөп,
Қашырады сабырын.
Құртқанша оны алаң боп,
Қырқады тез тамырын.
Жетілмеген ойы әлі
Алты жасар Минькаға
Түсіндіріп қояды
Қиындықты біршама:
«Байқадың ба, досым-ай,
Қырағылық керек-ақ.
Арамдықты осылай
Дер кезінде көре қап;
Шықпауы үшін тағы алда,
Қару алып, шот алып,
Шабу керек табанда
Түбірімен қопарып»...
Қамқор жанға жақындап,
Түсінгендей бір күйді,
Ильичті тез мақұлдап,
Минька басын шұлғиды.
Екеуі үйге оралып,
Кіріседі дойбыға.
Мұндай кезде ол анық
Салмақты да, ойлы да.
Әр күні бұл ойындар
Қайталана береді.
Ильич досын мойындап,
Көңілін шын бөледі...
Біраз болды келгелі
Шалғайдағы Шушаға.
Жазып жатқан еңбегі
Бітіп қалды біршама.
Алда – «Россияда
капитализмнің дамуы».
Кейде Ильичтің сірәда,
Керек тыным алуы.
Қойды-дағы тұсқа бір
Әлденеше нүктені,
Шықпақ болып тысқа бір,
Қағаздарын бүктеді.
Мұндай кезде жары да
Ильич сырын біледі.
Қуаныштан жарыла,
Елжіреді жүрегі.
Дұрыс болып болжамы,
Ысытты да сорпасын,
Сапар тілеп олжалы,
Аттандырды жолдасын.
Келеді Ильич мығым бір,
Иығында мылтығы.
Ну орманнан бүгін бір
Қоян ату ынтығы.
Таза ауамен тыныстап,
Демін алды кере бір.
Күні бойы құрысқан
Сергіп қалды дене бір.
Аңшы көңлі шалқиды,
Нұрын төгіп көктен күн.
Айналада аңқиды
Жұпар исі көктемнің.
Тұла бойын ұйытып
Саянның сан гүлдері,
Аңшылығын ұмытып,
Жылжиды Ильич ілгері.
Кенет алдан жалбағай
Қоян қаша жөнелді.
Ә дегенде аңдамай,
Сасып қалды, бөгелді.
Қадай қалды кірпігін,
Сол да аңшыға сөз бе еді?
Қолына алып мылтығын,
Қашқан аңды көздеді.
Көк темірдің оты іліп,
Кетті қоян домалап.
Тұрды Ильич өкініп:
«Болды-ау мұным обал-ақ».
Көңілде бір бар елес,
Жылжиды алға баяулап.
Аңдығаны аң емес,
Келе жатыр ой аулап.
Көрді бір кез анадай
Тұрған бала елікті.
Екі көзі танадай,
Өзі қандай көрікті!
Бұға қалып қалпынша,
Қақ жүректен оқтады.
Оқтады да артынша
Ильич қайта тоқтады.
Тапқандайын бір тыным,
Көңлі жаңа жайланып,
Асынды да мылтығын,
Жүріп кетті айналып.
Тұрған шақта кезі кеп,
Бітіп қалған жұмысты,
Үйге оралып тезірек,
Тындырғаны дұрыс-ты.
Қалың жұртты бұл сәтте
Қамағанда мол қайғы,
Ильич үшін бір сәт те
Бөгелуге болмайды...
Үйге келген орайда
Отырады, жазады.
Жазу деген оңай ма?
Қиын-ақ қой азабы.
Сансыз кітап қат-қабат
Ақтарылып күн сайын,
Әлденеше ақ парақ
Жазылады түн сайын.
Көзінде ойнап бір ұшқын,
Оймен шолып алысты,
Жаза-жаза Ильичтің
Саусақтары қарысты.
Тұрса бақыт не етеді
Бұлақ болып сылдырап?
Тұманданып кетеді
Кейде көзі бұлдырап.
Жұртшылыққа ұлы істің
Жетсін деп әр сөзі анық,
Күннен-күнге Ильичтің
Барады өңі бозарып.
Аңсап күткен артынан
Ардақты асыл ана бар.
Баласының хатынан
Қам көңілі ағарар:
«Ыстық сәлем,
Сағынған
Абзал ана, әз ана!
Қайыспасын қабырғаң
Патша кескен жазаға.
Иесі ең ғой, жан ана,
Сабыр менен ақылдың.
Көп ойлама, нан, ана,
Жақсы жүріп жатырмын.
Оралармын шат үн боп,
Құшағыңа қайтадан.
Бақыт таңы жақын деп,
Зор сеніммен айта алам...».
Туған жерге оралар
Жақындады бес-он күн.
Қуанып жүр жоралар,
Қамын ойлап көсемнің.
Ұйқы бұлттай таралып,
Көз ілмейтін боп алды.
Талай таңдар ағарып,
Талай түндер бозарды.
Жиі қарап жолға да,
Ильич қатты жүдеді.
Жаза берді сонда да,
Алып-ұшып жүрегі.
Көретұғын еліңді
Күн келді деп шуақты,
Күйге бөлеп өңірді,
Күмбір-күмбір су ақты.
Көретұғын еліңді
Күн жетті деп көңілді,
Күйге бөлеп өңірді,
Көктің нұры төгілді.
Қимас жанмен шын жақын
Қоштасуға бұл күні
Ерте тұрып Шушаның
Жиылды бар тұрғыны,
Алпыстағы шешен де,
Алты жасар бала да
Көмектесіп көсемге,
Жүк тиеп жүр шанаға.
Көңілдерге от өріп,
Көз көрмеген кітаптар,
Даналықты көтеріп
Бара жатыр құшақтар.
Минька-дағы шапқылап,
Қызу іске кіріскен.
Есебі жоқ көп кітап
Сыйлыққа алған Ильичтен.
Томпаңдап өз қосына
Мол олжасын тасып жүр.
Бір жағынан досына
Іші удай ашып жүр.
«Шынымен-ақ қайран дос
Бүгін кетіп қалмақ па?
Тағы басқа жайдан дос
Іздеп тауып алмақ па?
Енді кіммен барамын
Тебу үшін конькиді?
Кіммен бірге саламын
Жаңа шыққан ән-күйді?
Енді кіммен ойнаймын
Шахмат пен дойбыны?
Енді кіммен тойлаймын
Домаланып той күні?»...
Осы ойлар баланы
Мазалайды, қинайды.
Ел сыйлаған дананы
Ол да іштей қимайды.
Шақ келсін не шын күшке?
Дайын болды шана да.
Сансыз көздер Ильичке
Қарай қалды қадала.
Бірі парлап барады,
Біреулері тұмандап.
Жалын атқан жанары
Біреулері шыдамды-ақ.
Күлімдейді күн болып,
Көсем көзі арайлы-ақ.
Тұрған жұртты бір шолып,
Айтты сөзін нақ ойлап:
– Шалғайдағы шушалық,
Ағайындар, туғандар!
Буырқанып, бусанып,
Толқын атып туландар.
Қару алып қолға біз,
Құтыламыз құлдықтан.
Орнатамыз сонда біз
Ордамызды шындықтан.
Саулық болса, шуақты
Табысармыз таңменен.
Ал, қазірше, қуатты
Қоштасайық әнменен:
«Құлдар, сапқа тұрыңдар,
Күңіренген аштықпен.
Шырқыраған шыбын жан
Өлімге де бас тіккен.
Әділетсіз әлемді
Мүлдем талқан етеміз.
Бақытты қып бар елді,
Жақсылыққа жетеміз.
Ақтық айқас бұл айқас,
Дұшпан қанға боянар.
Интернационалменен
Рухымыз оянар!
Жанқиярлар сапында
Жасамасақ ерлікті,
Патша-дағы, басқа да
Бере алмайды теңдікті.
Тәтті тұрмыс жолында
Төгіп ащы теріңді,
Қызып тұрған шағында
Соғу керек темірді.
Ақтық айқас бұл айқас,
Дұшпан қанға боянар.
Интернационалменен
Рухымыз оянар!
Сарбаздары еңбектің –
Біз иесі жер-көктің.
Арамтамақ жендеттің
Қолына оны бермек кім?
Жауыздарға мұң болып,
Төнер болса түнек түн,
Біздер үшін нұр болып
Төгіледі түлеп күн.
Ақтық айқас бұл айқас
Дұшпан қанға боянар.
Интернационалменен
Рухымыз оянар!»*
*«Интернационал» әнінің еркін аудармасы (А.А)
Күңірентіп өр үндер,
Кең даланы кернеді.
Көтеріліп көңілдер,
Жүректерді тербеді.
Питер жаққа бет түзеп,
Шана жылжи жөнелді.
Қимас адам кетті деп,
Шушалықтар көп ерді.
Әдейі арнап басылған
Біреу беріп байпағын,
Деп қояды: – Асыл жан,
Аяғыңды байқағын.
Арнап тіккен молдауын,
Біреу беріп ішігін,
Ойлап жатыр тоңбауын
Мейірімді кісінің.
Енді біреу аз ғана
Алып келіп шарабын,
Тығып жатыр жасқана
Ернеуіне шананың.
Енді біреуі өзінің
Шешіп көне қолғабын,
Беріп жатыр сезімін –
Тоңбасын деп қолдарың.
Енді біреу өзінің
Шешіп қайыс белдігін,
Беріп жатыр сезімін –
Отырсын деп бел мығым.
Минька бір кез ұмтылды,
Қуып жетіп артынан.
Аңғартқандай бір сырды
Мына келген қалпынан.
Шешті-дағы асыға
Басындағы тымағын,
Ұсынды оны досына
Тоңбасын деп құлағың.
Бірақ Ильич алмады
Минька берген сыйлықты.
Құрметтен бұл таңдағы
Керемет бір күйді ұқты.
Миньканы орап ыссы леп,
Кеудесіне көтеріп,
Құшырлана құшты кеп,
Мейіріммен әкелік.
– Минька, мені сүйесің,
Ризамын, шырағым.
Тымағыңды ки өзің,
Тоңып қалар құлағың.
Сөзге берік ер кісі,
Хабарласпау – бұл айып.
Шын достықтың белгісі –
Хат жазысып тұрайық.
Қоштасты Ильич қиылып
Минькамен де өзгемен.
Ұлпа қарды суырып,
Зулап берді боз дөнен.
Желіп өтіп жеделдей
Қыраттардан, қырқадан,
Питер жаққа бөгелмей
Бара жатты ұлы адам!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әр қырынан

  • 0
  • 0

Алаңсыз шығып алып пенсияға,
Батырды қауырсынды мол сияға.
Жаза алмай жүруші еді атын да оңдап,
Енді ол алпысында ақын болмақ.

Толық

Даңғыл жол

  • 0
  • 0

Екі ортада тамаша
Бір даңғыл жол салынды.
Жарық беріп жаңаша,
Алаулатты жалынды.

Толық

Жаңа жыл есік ашты

  • 0
  • 0

Жаңа жыл есік ашты шырайланып,
Басынан шыршалардың шыр айналып.
Белеңдер басып өткен былай қалып,
Келер күн құшағына жыр айналып,

Толық

Қарап көріңіз