Өлең, жыр, ақындар

Тәттігүлдің ащы зары

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1181
Осы мен басында
Кім едім, кім едім?
Он сегіз жасымда
Жайнаған гүл едім.
Болсын деп ақылды,
Сүрсін деп шат ғұмыр,
Ата-анам атымды
Қойыпты Тәттігүл.
Құлпырып ізгі арман,
Шынында ерке өстім.
Құрбылас қыздардан
Ерекше ерте өстім.
Мені шын сүйетін
Сүйіктім болатын.
Отыма күйетін,
Жалын боп жанатын...
Сен – бізге жамағат,
Ағайын едің ғой.
Жанашыр бола ғап,
«Қарындас» дедің ғой.
Бірде сен шақырдың
Нағашы тойына.
Мен сонда шатылдым,
Түк алмай ойыма.
Жақын деп жайлана,
Мен саған сендім ғой.
Алданып айлаңа,
Артыңнан ердім ғой.
Ішімдік ішіне
У сойқы қосыпсың.
Арамза ісіңмен
Ақырын тосыпсың...
«Бар менің сүйіктім», –
Дегенге көндің бе?
Арманды биік тым
Құлаттың келдің де.
Ұмытпан әлі мен,
Ешқашан кешірмен.
Уытты дәрімен
Айырдың есімнен.
Аяуыз залым жан,
Айырдың арымнан.
Айырдың барымнан –
Аяулы жарымнан.
Кеудем бір тұңғиық,
Сырларым симаған.
Күн сайын мың күйіп,
Айта алмай қиналам.
Сен оны білесің,
Бәрі де ішімде...
Қастерлі бір есім –
Көп көрем түсімде.
Кінәлі бәріне
Өзіңсің бұл күнде.
Дақ салып тәніме,
Ұрладың бір түнде.
Кіршіксіз көңілді
Дәрімен улаттың.
Қарсы ал деп келінді,
Ел-жұртты шулаттың.
«Бәріміз осылай
Келін боп келгенбіз.
Болса да тосын жай,
Ақыры көнгенбіз».
Деп, лезде жиналған
Әйелдер нықтады.
Жанымды қиналған
Ешбірі ұқпады.
Күлдім не жыладым?
Жоқ бірі есімде.
Төсекке құладым,
Қара тас – төсімде.
Екі-үш күн өткенде
Біршама ес кірді.
Масқара боп пенде,
Қалғанды кеш білдім.
Қайғыдан құса боп,
Тас бітті құлағым.
Булығып, ыза боп,
Солқылдап жыладым.
Мен өзім алдандым,
Алданып, зарландым.
Алыста ардағым,
Қол жетер бар ма күн?
Шындықты жасырман,
Асылым, арманым.
Аңғалдық басымнан –
Адасып қалғаным.
Махаббат бұлжи ма?
Мен оған сенбеймін.
Өтсе де жыл жиырма,
Сүйгенім сол деймін.
Үйім бар басымда,
Қыз да бар, ұл да бар.
Байым бар қасымда,
Жайым жоқ бұлданар.
Бәріне әу баста
Кінәлі өзі еді.
Айықпас науқасқа
Соққанын сезеді.
Кейбір сәт жынданып,
Қорқытып, зілденіп;
Кейбір сәт мұңданып,
Тілі де күрмеліп;
Сұрайтын, күйетін,
Еріні дірілдеп:
«Сен мені сүйетін
Бола ма күнің?» – деп.
Даттаман бекер мен,
Күйеуім жаман деп.
Шығысып кетер ме ем,
Сыйласа адам боп.
Сұмпайы сөздері
Сүйектен өтердей.
Қорқау ит көздері
Түбіңе жетердей.
Тірлікте ием жоқ,
Сорлы жан екенмін.
Мен оны сүйем деп,
Айта алмай өтермін.
«Басымды имеймін, –
Дегенмін, – жетер деп.
Мен сені сүймеймін,
Бұл ісің бекер», – деп.
Сезіммен санаспай,
Неге сен алдадың?
Бұл – арды аластай,
Жалғыз боп қалғаның.
Ұл, қызым – сая бақ,
Салмағын көтердім.
Соларды аялап,
Өмірден өтермін.
Аяймын өзімді,
Аяймын сені де.
Қадап сұқ көзіңді,
«Жегенсің» мені де.
Сырт көздер түрімді
Көргенмен деп бүтін,
Кім ұқсын сырымды,
Ішімде – көк түтін.
* * *
О, менің асылым,
Алғашқы ғашығым.
Емес бұл жасырын,
Айттым бар ашығын.
Жаныңа жетер ем,
Қайдасың бүгінде?
Армансыз өтер ем,
Бір көрсем тірімде.
Жастығым жалынды,
Бір жүрген бақтарым,
Тыңдатқан әніңді
Қайда сол шақтарым?
Күні-түн жүдеймін,
Бар дертім бір сенде.
Амандық тілеймін,
Қайда сен жүрсең де.
Дүние кең мынау
Өзіңсіз тар маған.
Қапаста мен мынау
Өзің деп зарланам.
Мен қашан көрермін?
Арманым биік тым.
Өлсем де өлермін,
Бір сен деп, сүйіктім.
Пәк сезім періште,
Бұлбұлы ем бақтардың.
Кетпесін деп іште,
Шындықты ақтардым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түйе мен түлкі

  • 0
  • 0

Бір жерде істейтін,
Өмірі ішпейтін
Шақырып Түйені,
Жақпақ боп күйені,

Толық

Имандылық

  • 0
  • 0

Тек жүрсем де тек аман,
Түсінбейді көп адам.
Соншалықты несіне
Қиналамын мен оған?

Толық

Қыз бен жігіт келе жатыр

  • 0
  • 0

Қыз бен жігіт келе жатыр,
Түн іші,
Кібіртіктеп өнбейді бір жүрісі.
Ыстық демдер,

Толық

Қарап көріңіз