Өлең, жыр, ақындар

Тамылжыған таң мен үзілген ән

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1142
Бөленіп нұрға бар аймақ,
Келді бір таң арайлап.
Ұйқыдан бұлбұл оянды,
Көмейде күміс ән ойнап.
Айнала шолып алаңды,
Керіліп кербез таранды.
Тербетті тәтті үнімен
Тамылжып тұрған ғаламды.
Өмірге әсем ән керек,
Тамылжып тұрған таң керек.
Балқыды күймен балбырап,
Бесікте балғын бал бөбек.
Төгіліп күймен мың дастан,
Жырлады бұлбұл тынбастан.
Тыңдады ұйып табиғат –
Төмендеп келіп тұрды аспан.
Сылдырап аққан бұлақ та,
Сыбдырын қаққан құрақ та
Күйшіні қостап үн қосты,
Құйылып күй боп құлаққа.
Ұнады әуен Айға да,
Тыңдады жылжып жай ғана.
Жұлдыздар жауып пердесін,
Сілтідей тынды айнала.
Тербетіп әуен,
(Шамасы –
Өң менен түстің арасы)
Аналар жатты, Ғажап таң
Болып шын бақытханасы.
Ұйқысын таңғы қия алмай,
Керемет сәтті қиялдай,
Жұбайлар жатты
Ләззаттан
Талықсып, есті жия алмай.
Елітіп бұлбұл әніне,
Рахат тапты кәрі де.
Тыңдады оны бәрі де,
Түссе деп шырқай әлі де.
Тамылжып тұрған таң еді,
Тамылжып тұрған ән еді.
Әр жүрек, әрбір кеудеде
Үзілмес үміт бар еді.
Жоқ еді бұлт аспанда,
Көп еді үміт жас жанда.
Шошынды әлем кенеттен,
Жанарын енді ашқанда.
Бесікте бала шошынды,
Төсекте ана шошынды.
Сыңсыған орман, сай-сала,
Егісті дала шошынды.
Шошынды,
Бәрі шошынды!
Есітіп үрей осы үнді
Еңіреу,
Өксік,
Өкініш,
Айқай мен шуға қосылды.
Әттең-ай!
Тәтті ән үзілді,
Табанда гүлдер мыжылды.
Күй емес,
Қайран дүние,
Тыңдады қайғы ызыңды.
Өртенді жасыл ормандар,
Өртенді қорық, қорғандар.
Қиылып жатты баудай боп,
Ел үшін шейіт болғандар.
Айрылды ана баладан,
Айрылды бала анадан.
Тоғайда жүрген торғай да
Айрылды абзал панадан.
Күлкілер әсем тыйылды,
Кек болып қанға құйылды.
Барлық күш, барлық тіршілік
Тас болып қатты түйілді.
Күйінді ерлер,
Күйінді!
Аллаға бәрі сыйынды.
Отанды қорғап қалуға,
Жасын боп жауға шүйілді.
Ұмтылды,
Артқа қарау жоқ,
Жалқынды қызыл жалау боп,
Жанды ерлер,
Жанды жалындап,
Мәңгілік сөнбес алау боп!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір Алла

  • 0
  • 0

Адамға жанды беретін де,
Жанды алатын да бір Алла.
Таңды атыратын да,
Күнді батыратын да бір Алла.

Толық

Әжемнің көмекшілері

  • 0
  • 0

Марал әжем әлі мықты,
Таңнан іске аттанады.
Мойындамас кәрілікті,
Көп жұмысты атқарады:

Толық

Киелі қан

  • 0
  • 0

Адамға керек тек тыныштық,
Шаршаса шаршасын жұмыс қып.
Не керек бұл дарқан өмірде
Өзара ұрыс қып?

Толық

Қарап көріңіз