Өлең, жыр, ақындар

Көне күмбез түбінде

  • 28.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1007
Көлі бар Қамқалының* мөлдіреген,
Құрағы жағасында желбіреген.
Иса ақын жырлап кеткен ертеректе,
Тарихы Құралайдың мол бір өлең.
Күмбез тұр өткен өмір белгісіндей,
Айтады аңыз қылып ел мүсіндей.
Сұлуға орнатылған сол ескерткіш
Мың жылдар мызғымай тұр ер күшіндей.
Аруға айдалада шейіт болған –
Жағасы айдын көлдің бейіт болған.
Бұл күнде етек жайған елді мекен –
Бір ауыл Қамқалыға келіп қонған.
Мыңғырған малы қанша, биелері,
Далаға көрік берген түйелері.
Шалқытып шаруасын,
Бір жағынан
Аңшылық, серілікті сүйеді елі.
Шағылып қия беттен күн көзіне,
Шақырған жолаушыны күнде өзіне,
Кеңшардың бас маманы Оқаспенен
Бардық біз Құралайдың күмбезіне.
Бас иіп махаббаттың мазарына,
Аздан соң қайғы-мұңан таза арыла.
Бетке алып теріскейді жүріп кеттік,
Бетпақтың қызығы мол базарына.
Төскейде үйір жылқы жайылып жүр,
Үйірін күрең айғыр қайырып жүр.
Төрт бірдей ақ боз бие бөлектеніп,
Өң-тісін өзгелерден айырып жүр.
Шіркін-ай, қыздар тойға мінер ме еді?
Шайқалтып шаршы топқа кірер ме еді?
Жігіттер жолай алмай, жанып-күйіп,
Алыстан айналсоқтап жүрер ме еді?
Арасы жақын – Төр мен есіктей-ақ,
Көрінді келе түйе кешікпей-ақ.
Ақ тайлақ арасында тайраңдайды,
Сидиып сырғауылдай кесікті аяқ.
Сұлуы-ай,
Жануардың еркесін-ай!
Ақ басты айыртаудай өркешін-ай!
Көздерін тостағандай төңкеріп бір,
Азырық қарап тұрды елге сынай.
Інгендер боздап кенет шулап кетті,
Жүректер табан асты тулап кетті.
Көрсетіп оқыс қимыл Оқас сонда,
Қол созды қосауызға қунақ та епті.
– Кетті, әне,
– Кетті-кетті!
– Әне, кетті!
Байқадық бәріміз де бәлекетті:
Төрт бөрі төрт бөлініп тұра қашты,
Қолдану керек енді әрекетті.
Келені торып жүрген таңнан бері,
Бұрылды батыс жаққа арлан бөрі.
– Алдымен осыны ату керек, – дедік, –
Құтылмас содан кейін қалған бөрі.
«УАЗ»-ик аңшылардың астындағы
Бөрінің адымын еш аштырмады.
Ақситып азу тісін тұра қалды,
Танытып арландығын қасқыр-дағы.
Оқас та басып салды, тартынбады,
Домалап кетті бөрі, Қаңқылдады.
Екінші қасқырға енді бет түзедік,
Желіктік бәріміз де, жан тынбады.
Отырған композитор қасымызда
Болатын бәрімізден жасымыз да.
Біз оған түсе қалғын дестік сонда,
Заматта бір ой келіп басымызға:
– Адасып бұл бәледен қалмау үшін,
Өзіңді анадайдан аңдау үшін,
Күте тұр қарауылдап осы жерде,
Келесі қасқырға тез самғау үшін.
Қипақтап, тартыншақтап табан асты,
Ат-тонын композитор ала қашты:
– Жарылып жапан түзде жатар жай жоқ,
Тіріліп кетсе қайтем ана қасқыр.
Десек те арақашық ұзап қалды,
Екінші жыртқыш-тағы тұзақталды.
Аш бөрі атқығанда жанталаса,
Буферде тістерінен сызат қалды.
Үшінші бөріні де табандатып,
Бір оқпен сұлатты Оқас табанда атып.
Тым ұзап кеткен екен төртіншісі,
Жанына жалғыздығы жаман батып.
Жалмауыз болғанымен қаншалықты,
Қанды ауыз болғанымен қанша мықты,
Шұбырып сілекейі, ышқынады,
Бір жолға жаны аман қалса бітті.
Қасқыр да соның үшін қылады айла,
Әйтпесе, қиналмай-ақ құламай ма?
Ол шіркін қайдан білсін, Түсіне ме?
Оқастан құтылмаған құралай да.
Оқ жетер жерге жетпей жалт етеді,
Мылтық та өкінгендей саңқ етеді.
Тағы да тигізбейді әккі неме,
Міне, енді деген кезде жалп етеді.
Серік те –
Серігіміз редактор,
Келеді қосауызды сұрап-ақ бір:
– Ой, Оқас, берші маған,
Бере тұршы,
Атқанда құлатайын шіреп-ақ бір.
Қызынып алған Оқас тыңдасын ба?
Еліріп, елер емес құрдасын да.
Сарқып бар соңғы демін сорлы қасқыр,
Алақтап алқынады қыр басында.
Бетпақтан таппай ақыр таянышты,
Паналап жата қалды баялышты.
Қанталап екі көзі қадалады,
Бөрі де болса, тіпті аянышты.
Айылын аңшы бірақ жинамады,
Бөріні бұдан артық қинамады.
Жыртқыштың өлімтігі жолда қалды,
Тағдырдың осы болды сыйлағаны...

*Қамқалы Жамбыл обысы Мойынқұм ауданындағы көл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Айгүлім

  • 0
  • 0

Қазақтың сен қызы емессің жай бірі,
Үнің мақпал, жанарыңда ай нұры.
Аққу болып қондың менің көліме,
Аялайды арманымның айдыны.

Толық

Жұлдыздар

  • 0
  • 0

Түн жамылып тұңғиық,
Мүлгігенде шың-құздар,
Көк төсінде түу биік
Жымыңдайды жұлдыздар.

Толық

Екі бөшке

  • 0
  • 0

Екі Бөшке келеді: бірінің бар шарабы,
Бірінде
Түгі жоқ түбінде.
Біріншісі домалады шамалы

Толық

Қарап көріңіз