Өлең, жыр, ақындар

Өміріме өкпем

  • Bain
  • 26.04.2015
  • 1
  • 1
  • 23435
Сұм өмір, сұлу дүние, алдадың ба?
Тән арып, тамырда қан қалмадың ба?
Жалған үшін жан қиып, жапа шектім,
Еңбегім, екі болып, жанбадың ба?
Жайшылықта жан қиған, жақын дүние,
Талып тұрсам, назарың салмадың ба?
Ортекедей орғытып, оққа жығып,
Жалмауыз жауыз жалған, жалмадың ба?
Арсыз нәсіп, армансыз алдадың ба?
Қайрымсыз қанжығаңды қандадың ба?
Қомағай қорқау ажал, қойның ашып,
Қапа мен қайғыға қол жалғадың ба?
Алдандым, алжастырдың, аңғырттандым,
Ақылсыз аңқау басым, андадың ба?
Қимас дос, қыспақта боп, жылаттың ба?
Қайғымен қан жұтқызып, сұлаттың ба?
Қасіретті қасапшының ешкісіндей
Құрым іліп, құдыққа құлаттың ба?
Құбылдың, құйқылжыдың, Құртқа дүние,
«Қызықпаймын» десем де, шыдаттың ба?
Ар-ұят, адамдықты арам қылып,
Бәрін саған жұмсадым, қуанттың ба?
Сен үшін жақынымды жат қылып ем,
Қайырылып, қам көңілімді жұбаттың ба?
Мелшиген, мейірімсіз, меңіреу дүние,
Алдап ап, айызыңды қандырдың ба?
Қазынаны ұрлаған қарақшыдай,
Бас салып, басқа бұғау салдырдың ба?
Жау тонаған адамдай жәудіретіп,
Адамзаттық арымды алдырдың ба?
Кетеріңе келгенде, кәззап дүние,
Түлкідей құйрығыңды шалдырттың ба?
Қапаста қан азайып, қажыр мұқап,
Қалашының итіндей қаңғырттың ба?
Әзелде алысқа ұшқан дәм мен тұзым,
Тәуекел, тасқа қондым, Тәңірім сақтар.
Жерлерге топырақ тартқан сан айналдым,
Деген жанмын: «Құнымды Құдай жоқтар!»
Адам басы - Алланың добы болса,
Тағдырдан табандатып тиді шоқпар.
Жалындым, жанталастым, жалбарындым,
Тимеді ешбір рахым Тәңірім жақтар.
Махпуздың тақтайына жазған жұмыс
Бұйрықты жерлеріне барып тоқтар.
Басқадан менің жаным бағалы ма,
Талай жан тап жолында болды көкпар!
Қиядан сөз табатын ақыл бар ма,
Тындайтын бойым балқып нақыл бар ма?
Есіл сөзім есепсіз босқа кетсе,
Обалы жаулығы жоқ қатындарға!



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Еслам қазасына көңіл айту

  • 1
  • 3

Сонау Еслам үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен.
Сол панадан, сол баладан айрылып,
Жалпақ Жауар жүрегінде жара екен.

Толық

Жауардың азаматтарына

  • 1
  • 1

Сағада сіз, байтаққа аға Зәкең бар,
Қарағашта хатқа жүйрік Бәкең бар.
Ғабдолла бар атқа мініп алысқан,
Елге сыйлы, байыпты сөз Шәкең бар.

Толық

Қаныш бай қиссасы

  • 0
  • 1

Ұнар, ұнамасын қайдам,
Қисса айтайын
Қаныш байдан -
Дорба сақал, тырбық тапал,

Толық

Қарап көріңіз