Өлең, жыр, ақындар

Жусан

  • 20.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2455
(Аңыз)
Кімдер сүйсе гүлдерін,
Өзі сүйген өлкенің —
Соларға айтқан бұл менің
Өсиетім, ертегім.

I
Ертеден де ерте кез,
Заманында қыпшақтың,
Туған кезде өлкеміз
Арасында қыспақтың.
Ереуілді болған шақ,
Ер басына күн туған,
Айналасын жау қоршап,
Ел бұғауда бұлқынған.
Жауға шапқан ұлдары
Ата-ананың кегімен,
Көп қағылған шыңдары
Қандар да көп төгілген.
Шаңырақтар шатырлап,
Омырылған бағандар,
Қыпшақ елі қыспақтан
Азаттыққа болған зар.
Болған еді екі жас,—
Білген барлық атырап.
Ерлігімен елге бас
Сұрша менен Атырақ.
Бірі аға, бірі іні,
Өскен бірге жырында,
Сүюші еді жерінің
Басып жүрген құмын да.
Оттай жанған жау десе
Екеуінің жүрегі.
Басқалардан өзгеше
Екеуі де ер еді.
Өлкесіне от салып,
Жау келген соң шатырлап
Шықты қарсы аттанып,
Сұрша менен Атырақ.
Жолбарыстай екі жас,
Жалынды жүз айбарлы,
Сілкінгендей тау мен тас
Жасады зор майданды.
Екеуінің ашуы —
Қара бұлттай көк жүзін
Басқандай, бір тасыған
Атыраудың теңізін.
Найзалары жарқылдап
Жау үстінде ойнаған,
Ақырып ер Атырақ,
Жауды үркітпей қоймаған
Сұп-сұр болып ойқастап
Сұрша батыр түйілген —
Жауларына жай тастап,
Ойнақтап жүр құйынмен.
Неше күндер соғысты,
Қандар ақты өзендей,
Өңшең батыр алысты,
Жандарынан безгендей.
Жауды қуды ақырып
Сұрша менен Атырақ,
Соқты жауды жапырып,
Найзаларын қаттырақ.
Кетті Атырақ тым ұзап,
Қуып жауды соңынан,
Арттарында қанды із қап,
Алыста шың соғылған.
Кірпік қақпай соғысқан
Қалың жаумен сонша күн
Сорғалаған ыстық қан
Денесінен Сұршаның.
Қарай қалса бір кезде,
Ашылыпты көк тұман.
Басылыпты лезде
Соғыс оты ұйтқыған.
Күн жарқырап тұр күліп,
Туған жердің көгінен.
Тау басына ту тігіп,
Еркін дем ап ел күлген.
Майдан шуы басылып,
Даласы тұр жарқырап.
Тұрды Сұрша аһ ұрып,
Қасында жоқ Атырақ.
Қайда кеткен інісі,
Тастап жалғыз ағасын —
Кетті қалай алысқа,
Қиып туған даласын?
Сол дал ада жас гүлдер
Көк толқындай шалқыды.
Іздеп жортып інісін,
Батыр Сұрша шарқ ұрды.

II
Жат өлкеде тым алыс,
Ар жағында Кавказдың,
Тапты Атырақ қуаныш
Құмар болды баққа аз күн.
Өзі қуған дұшпанның
Еліне кеп болды хан.
Ол жерінде басқаның
Сүйді өмірді шалқыған.
Жат елдегі қызықты
Тойлы думан күн үшін,
Ол біржола ұмытты
Туған жерін, туысын.
Ақ орданы салдырды
Бағанасын алтындап.
Ойын-сауық, сән құрды
Тақта отырып Атырақ...
Жетті бір күн хабары
Туған елге, Сұршаға.
Көп іздеген, сағынған
Көрмей оны соншама.
Естіп Сұрша белгісіз
Інісінің хабарын.
Неше күндер соғысты,
Қандар ақты өзендей.
Ішінде алтын орданың
Ән менен күй гулеген.
Балқытқандай ол жанын
Сауықпенен, шуменен.
Естіп соны ер Сұрша
Қапаланды, қайғырды.
«Неге ұмытты ол мұнша
Туған жерін айбынды?»
Тағы жазды оған хат:
«Туысқаным, қайт елге!
Елден безіп, жерге жат,
Адал жігіт кетер ме?!
Мұнда саған қызық бар,
Мұнда жақын туысың —
Қандай жігіт қызығар
Жат өлкеге, құрысын!»
Көлбеңдеген теңіздей,
Көк майсадан ескен жел.
Көрсе көңіл шалқыған;
Қандай қызық өскен жер!
Исі аңқыған кер жусан,
Түсті бір көз - көзіне.
Сүюші еді Атырақ
Оны бала кезінде.
Көріп Сұрша жусанды
Жұлып алды даладан.
Соны беріп жіберді
Атыраққа аға адам.
Келіп жетті сол адам
Ақ күмбезді ордаға.
Ақ күмбезде той-думан,
Қызық сайран бір ғана.
Сырнай - керней тартылған,
Әндер шыққан ақырап.
Ақ тағында отыр хан,
Ол хан,— біздің Атырақ.
Келген жігіт Сұршадан,
Төрге басты қадамын.
Ханға қарап шырқады ән —
Шырқады әнін даланың.
Күңіренген күйімен
Жұрт жүрегін қозғаған —
Тартты дала қобызын,
Боз інгендей боздаған.
Әлде неге хан үнсіз
Қалды қатып түнеріп?
Әлде, бұл күй көңілсіз —
Кетті ме екен ой беріп?
Елші сонда қойнынан
Қыр жусанын алды да,
Тастай қатып отырған
Қойды ханның алдына.
Алып соны.қолына,
Иіскеді Атырақ,
Иіскеді тағы да,
Иіскеді қаттырақ.
Өзі туған даланың
Ол кәдімгі жусаны.
Жарып иісі танауын,
Мұз жүрегі жұмсады.
«Хан болмаймын жат жерге,
Бақыт үшін, күн үшін.
Шақырып түр мені елге,
Туған өлкем, пейішім!
Жат өлкеде мен тапқан
Мынау қызық дүние —
Туған жердің нұр атқан
Жетпейді бір түгіне.
Хан болғанша, жат елге,
Құл болайын далама.
Туған жерге жетейін,
Тез жетейін ағама!»
Сол жусанды Атырақ,
Гүлдей басып.төсіне —
Тақтан түсті, жөнелді
Шаттық ойнап түсінде.
Даласына жүгірді
Құтылғандай қапастан,
Дала қандай көңілді,
Шатыры бар көк аспан!
Кеуде кере дем алып,
Туған жердің лебімен,
Ер Атырақ қуанып,
Көрісті кеп елімен.
Келді туған үйіне,
Құшақтады ағасын.
Топырағын сүйді де,
Кезіп кетті даласын...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қарап бурыл шашыма

  • 0
  • 0

Қарап бурыл шашыма,
Алқынба деп асыға
Тақпа, досым, сын маған.
Өйткені бұл ғасырда

Толық

Өрттен кейін

  • 0
  • 0

Түннен шыққанда
Тұмандатып жылжыған
Қоштасамын түнменен.
Сәулені іздеп сүйіп жан,

Толық

Үкілі бастар қалғыған

  • 0
  • 0

Келемін бұйратта
Кеудемді керіп, желпініп.
Аспанда бір жақта
Ағылды бұлттар жөңкіліп.

Толық

Қарап көріңіз