Эссе және өлең-жыр байқауы

Ұл ұятымен, қыз қылығымен көрікті

Тәрбие сағатының тақырыбы : «Ұл ұятымен, қыз қылығымен көрікті»

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: өз ойларын фактілерге сүйене отырып дәлелдеп айтуға, басқа пәндерден алған білімдерін адам және қоғам пәнімен байланыстыра отырып,өз бетінше ойлай білуге, оқушылардың бойында әдептілік, сыпайлық, инабаттылық, кішіге қамқор, үлкенге құрметпен қарап ізетті болу қасиетін қалыптастыру.

Дамытушылық: Өзіндік адамгершілік құндылықтарын оқушы бойына дарыта отырып, оның   жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру, адамгершілікке, жүйелі ойлауға дамыту.

Тәрбиелік: сыныптас құрбыларының қадірін білуге, өзара сыйластық орнатуға, ата – баба салтын қастерлеуге , жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: ауызша журнал

Сабақтың әдісі: пікірсайыс

Көрнекілігі : СКТ, слайд арқылы дайындалған материалдар, домбыра.   . 

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі.

Мұғалімнің кіріспе сөзі: Қазіргі заман қыз тәрбиесі мен ұл тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. « Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз » - деп бекер айтылмаса керек.

Халқымыз ерте кезден – ақ адамгершілікті, әдепті бағалай білген. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бесігінде  жақсы тәрбие алған, үлгі – өнеге көрген қыз бала қайда болса да, келін болғанда да көрегенділігін көрсетеді. Ал жақсы тәрбие алған ұлдар жау келгенде жайдақ атқа міне шабатын өжет, батыл, адал, жеріне, туған халқына ыстық ықыласты, үлкенге де, кішіге де қамқор бола білген ғой.                                                                                       

Ұлттық ізгі дәстүрімізді ескіліктің қалдығы деп мұрын шүйіре қарамай,

осы заманға лайықтысын таңдап алып, инабатты қыз, ұлағатты ұл тәрбиелеу– ата – ананың да, ұстаздар қауымының да міндеті.      

II   Атадан – ұлағат, анадан – ғибрат.

 Озар елдің қызы мінезді, ұлы өнерлі келеді.   

                                            Халық  мақалы

Оқушы

Әрбір қыз бойжетіп,әке – шешесінің ортасында бұлғақтаған дәуренін қалдырып, басқа бір үйге келін болып түседі. Өз шаңырағын көтеріп, үй мен шаруаға иелік етіп, түтін түтетеді, ана болып өмірге перзент әкеледі. Жар құшып, ана боу – қыз баланың мақтанышы әрі  бақыты.

Оқушы

Қыз баланың сол күнге дайындық ретінде өз үйінде жүріп үйренетін өнегелері мен өтейтін міндеттері аз болмайды. Солардың барлығы қосыла келе келін болу әдебін құрайды.

Қыз бала той  – томалақ, көп адам жиналған жерде көзге түседі, сыналады. Ондайда өзінің ұстамдылығымен, жарқын жүзді сыпайылығымен, жинақы, ширақ жүріс –  тұрысымен, сергек  – сезімталдық ептілігімен, сөзге ұстамдылығымен көзге түсіп, жұртты тамсандырады.Мұндай жақсы атақ қыз баланың болашағы үшін маңызы зор.

Оқушы

Қыздың, яғни болашақ келіннің қолынан іс келуі – міндетті жағдай. Айналадағы адамдарды сыйлау, ата –ананы құрметтеуден басталады.

Әке – шешесін, бауыларын құрметтеп, қадірлей алмаған адам өзге ешкімді де сыйлап жарытпайды.

Еш уақытта ата – анаңа қарсы келме, ұстаздардың шапылдап бетінен алма, сөз қайтарма, бұл сенің отбасыңнан алған тәрбиеңді көрсететінін ұмытпа!

Оқушы

Ер бала еңбекке ерте бейімделеді.Сөйтіп, ауылдың ересек балаларымен, құрбыларымен, ағалары, әкелерімен бірге шаруашылыққа қарауға, әңгіме тыңдап, ертегі айтуға, өлең айтып,ән салуға бейімделген.Демек, қазақ халқының жігіті сегіз қырлы, бір сырлы блсын дегені тегін емес.

Оқушы

Қазақ отбасында ер баланы тәрбиелеуде әкенің рөлі үлкен. Сондықтан өз ұлына бар өнерін, естіген – білгенін түгел үйретуге тырысқан. Ал әр ұл өз тарапынан ағаға, әкеге еліктеген.

Оқушы

Парасатты әке балаларына, ата  –бабаларының іс –әрекетінің үлгі боларлық өнерін айтып,ағайынның туыстық,жақындық  қасиетін түсіндіріп, ата-тегі туралы айтып отыруды парыз санаған. Қазақ «Қызың өссе, қызы жақсымен, ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол»,- деп бекер айтпаған.

Оқушы

Әркімде ерекше көзге түсетін бір қасиет болады. Сол қасиет қастерленсе, оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ, өзінің көздеген мақсатына жетеді. Талантсыз адам жоқ, өз орнын таппайтын адам бар. Қабілеттіліктің көзге көрінуіне септігін тигізетін отбасы, мектеп, жолдастар, ұжым. Ал негізінде бәріне ізденімпаз адамның өзі түрткі болуы керек.

Оқушы

Кемшіліксіз адам жоқ. Алдымен адам өзін жақсы білуі қажет. Ол үшін өзіңді –  өзің мұқият тексер, толық зертте. Осыдан барып өзіңді –   өзің тәрбиеле, өзіңді дамыт,  өзіңді –  өзің жетілдір.

Оқушы

Өзіңе –   өзі баға беруге әркімнің батылы бара бермейді.Кейбіреу өзіне өте жоғары баға береді, ал өте төмен баға беру  – санасының төмендігі,өзіне сенбейтіндігі. Өзіңдегі не нәрсені күшейтіп, нені басып отыру керектігі қолыңда екендігін ұмытпа.Өзін  – өзі түсінген  – дана, өзін жеңген  – қаһарман.

 

Нағыз адамға тән қасиеттер:

Ұғымды, ойлы ететін зерде  – зейінің.

Сені өрге сүйрейтін – өнер – өрісің.

Тек ілгері бастайтын  – талабың.

Ешқашан алдамайтын   – тапқырлығың.

Қиындықта сыналатын  – қайратың.

Бәрінен де күшті  – білімің.

 

Ер жігіттің айнымас серіктері:

Өмірлік жарың – жұбайың.

Мінген атың   – пырағың.

Парасатың  – ақылың.

 

Жігіттің жолын кесіп, аяғына тұсау болатын жаулары:

жалқаулық;

аңқаулық;

жасқаншақтық;

пасықтық;

су жұқпас суайттық;

өсекшілдік;

мылжыңдық.

 

Осы  қысқа өмірде орны толмайтын үш нәрсе бар.

  Ол  –ата, ана, бала.Бір ұрпақ келіп, бір ұрпақ кетеді.Бірақ жер бетінде өмір өлмейді. Өмірді бала жалғастырады. Ата  –ана асқар тауың, айналып өтсең жаман, асып түссең жақсы.

 

Мына нәрселерге ынтық бол:

емін  – еркін өмір сүруге;

жұрттың  қүрметіне бөленуге;

келешекке пайдасы тиетін игі еңбектің жемістерін молықтыруға.

 

Оларға жету үшін мына шарттарды орындайсың:

дүние мүлікті адалдан жинайсың;

қолдағы дәулетті ұқыпты ұстайсың;

жиған  – тергеніңді қажетіңе жаратасың:

қолдан келгенше пәле  – жаладан сақ боласың.

 

Қызым саған айтам …

Ақылды қыз білімге жүгірер,

Ақылсыз қыз сөзге ілігер.

Қайтып келген қыз жаман,

Қайта шапқан жау жаман.

Шыққан қыз шиден ары.

Қыздың жолы жіңішке.

Күйеу жаман болса қызыңнан.

Қызды қымтам ұстаған ұялмайды.

 Қыздың ұяты шешеге.  

Қызың өссе қылықтымен ауыл бол.

 

Қызға қырық үйден тыйым.

Қыз күнінде бәрі жақсы,

Жаман қатын қайдан шығады.

Қыз баққаннан қысырақ баққан оңай.

Қыз мінезді келсін,

Ұл өнерлі келсін.

 Шешесі отырып,  қызы сөйлегеннен без.

Шешесіне қарап қызын ал,

Аяғына қарап асын іш.

Оқушы

  Барлық байлық еңбекпен келеді. Еңбек етпесең не қорлыққа қаласың, не ұрлыққа барасың. Еңбек қана адамның жанын жарастыққа, ризалық сезіміне бөлеп, бақытты етеді.

 

III  Ырым – тыйым – ұлағат көзі.  

     Жоқ әдетті шығарма,

     Ұлттық салттан бұлжыма.

     Сүйсінсін жұрт ісіңе,

     Сақта ата ғұрпыңды.

 

Жақтыр, мейлің жақтырма.

Белді босқа таянба.

Жоқ әдетті шығарма,

Жағыңды да  таянба.

Ұқсама тентек балаға.

 Шаршасаң сәл – пәл аялда

Бірақ та жерді таянба.

Бетті басып отырма,

Қол қусырма артыңа.

Белді босқа буынба,

Тізені де құшақтама.

     Қол аяқты байлама,

     Басты босқа шайқама.

     Қақпа таңдай қашанда.

     Күлме кемтар адамға,

     Бейуақта ұйықтама,

     Түнде айнаға қарама.

     Ақыл есің бүтінде,

     Тырнақты тістеме,

     Шауып келме атпенен,

     Үйге қарай жүгірме.

 

        Ырымдар мен тиымдар

  1. Белін таянбайды. Себебі, жақын адамы  қайтыс болғанда жоқтау   

айтып жылаған әйел  ғана белін таянады.

  1. Жақты таянбайды. Себебі, қайғы-қасіреттен әбден қажыған

адам  ғана жағын демеу етіп таянады.

  1. Жер таянып отырмайды. Себебі, жақынынан айырылған адам

ғана жер таянады.

  1. Бетті басуға болмайды. Себебі,  қайғы-қасіреттен қажыған адам

ғана бетін басады.

  1. Қолды тарақтауға, артқа қусырып  жүруге болмайды.  Себебі,

бұл – қолы байланған тұтқынды еске салатын жаман ырым.

  1. Белді босқа буынбайды. Себебі,  өмірінде перзент көрмеген адам

ғана белін босқа буынады.

  1. Тізені, табанды тартуға болмайды. Себебі, ауруға шалдыққанда

ғана тізе мен табанды   тартады.

  1. Тізені құшақтамайды. Себебі, бұл «ұрпақсыз қалдым», «қу

тіземнен басқа құшақтар қалмады»  деген  жаман ырымды білдіреді.

 

 

   Ырымдар мен тиымдар

     1.Аяқ-қолды жіппен байлауға болмайды. Себебі, бұл  қол-аяғы      

  байланған тұтқынды еске салады.

     2. Басты шайқауға, тісті қайрай беруге болмайды. Себебі, жүйке

      ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді.

     3.Таңдай қағуға болмайды. Себебі, үй ішінде таңдай қаға беру –    

   жаманшылық (өлім-жітім) шақыру белгісі..

     4. Кемтар адамға күлуге болмайды. Себебі, кемтар адамға күлсең, өз

       басыңа келеді.

      5. Тырнақты тістеме. Себебі, ырыс-несібе кетеді.

      6. Түнде айнаға қарамайды. Себебі, адам  түнде айнаға қарағанда

       қатты шошынуы мүмкін.

      7. Күн батар алдында ұйықтауға болмайды. Себебі, батар күнмен

       жарысып ұйықтаған  жаман ырымға саналады.

       8. Ауылға атпен шауып келуге, үйге жүгіріп кіруге болмайды.    

       Себебі,  бұл  қауіп-қатер не адам  шығынынан  хабар  деген  жаман ырымға саналады.

 

              Кісіге екі дүниеде пайдалы нәрсе:

              Ізгі ісі немесе мінезі түзулік,

              Екіншісі -ұят, үшіншісі- әділдік,

             Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады

                                          Ж.Баласағұни

IV  Бабалар баланы  қалай тәрбиелеген?

Оқушы

Ата бабаларымыз ұл балаларын жастайынан ел қорғауға, мал бағуға тәрбиелесе, ал қыздарын «болашақ отау иесі» деп қаршадайынан үй шаруасына икемдеген.

Оқушы

Анасы: «Сен ертең бір үйді меңгеріп кететін ана боласың. Қолыңнан іс келмесе тұрмысың ауыр болады, анаңның атына сөз келтіресің. Сондықтан жастайыңнаң өнердің бәрін үйрене бер. Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы», - деп қызына ине ұстатып, іс тігуді үйреткен, құрақ құратып, шілтер тоқытып, бау – ши ескізеді, кір жуғызып, алаша мен кілем тоқытқан. Үйге қонақ келгенде қазанға қонақтарға лайықты тамақ салғызған. Осылайша әр істің жөн –жобасын үйреткен.

Оқушы

Төле би бабамыз : «Жас адамға басты кесір– еріншектік, ортаншы кесір – ұйқышылдық, кенже кесір –тілазарлық,кежірлік», – депті. Сондықтан ата – бабаларымыз  жасөспірімді жастайынан сергек болып, әр іске бейімді болып өссін деп талап қылған.  Сондықтан «Еңбексіз бос жүру адамды моральдық жағынан жалқаулыққа, құлдыраушылыққа, зерігушілікке, жұрт еңбегінің есебінен күн көруге әкеп соғады», – деген.

 

Ұят жүрген жерде абырой төгілмейді,

Абырой бар жерде ар шапаны сөгілмейді.  

                                                               Халық  мақалы

V  Азаматтық неке туралы не білеміз?

Оқушы

 «Азаматтық неке» –ар –ұяттан аттағандардың ісі. «Азаматтық неке»  Тырнақшаның ішіндегі осы ұнамсыз ұғым көпшілік арасында кәдімгідей қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Тіпті, оның қандай ұғым, қайдан шыққан «пәле» екенін ескеріп жатқан жастар аз. Әйтеуір бірге тұрғысы келетін ер мен әйелдің айта салатын әңгімесі.

 Әйтпесе, «Азаматтық неке»  деген қай атасынан қалыпты?! Керек десеңіз, бұны кәдімгідей өркениеттіліктің белгісі деп қарап, «бірге тұрып көрсек қайтеді, бұл –«азаматтық неке» болып саналады, батыстан келген жаңа дәстүр, «современный» адамдар арасында қалыпты жағдай», -деп, ұсыныс жасаған  ұлдарымыздың, келісі кеткен қыздарымыздың қылығы қазақ баласын қынжылтпасқа қоймас.

Оқушы

«Азаматтық некені» ислам діні де мойындамайды.

Иә, заман бұрынғыдай емес. Өзгеріп, өрениеттілікке қарай өсіп, дамығанның үстіне дамып келе жатырмыз. Осыны естіген жас ұрпақ «бір жағынан дамуға тиіспіз» дегенді желеу етіп, әлгіндей әрекеттерге қалай бой алдырып алғндарын білмей қалады. Ал, дұрыс дамудың да өз даңғылы бар екенін біліп жатқандар аз .Жаһаданудың жағымсыз  жақтарынан сақтануға тиіспіз.Оның бәріне нағыз қазақи қанымызға тән тәрбие, ар –ұятты бәрінен биік қойған қазақи қасиетіміз ғана тосқауыл болмақ.

Оқушы

 «Азаматтық неке» бойыша «отағасы» болған азаматтар бала дүниеге келмей жатып  «ажырасқысы»  келсе, «жұбайларының» көбі «тастанды түсікке» жүгінеді. Осылайша Алланың жарығын көрсетпестен, өз балаларын өз қолдарымен өлтіреді...барлық жауапкершіліктен құтыла салған жігіт «мәз» болса, ал қыздарымыз болашақтарына балта шауып, «ана болу»  бақытынан айырылып жатады. Балаларын көшеге тастап, тастанды баланың санын арттыруда...

Ұят ар сақтайды, арлыны ел мақтайды.   

VI   Жетесіз жастан некесіз бала туады.

Оқушы

«Тәрбие –тал бесіктен»  екенін білеміз. Біле тұра тал бесігімізге тамырсыз тәрбиені неген тықпалаймыз? «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішердің» мәні өзгеріп,түрі жалаңаш «түнгі көбелектер» жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай  қаптап келеді. Некесіз сәбиді дүниеге әкелу аз болғандай, енді сәбиді құтыда дүниеге әкелу тәсілін қолдануға көштік.

Оқушы

Қыз өсе келе ер адамдармен тіл қатысуда адамдық қарым – қатынас жасағанда әке тәрбиесінің болмауынан түсінбестікке душар болады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, шаңырақта дұрыс тәрбие көрмеген сәби, ертеңгі күні сол тамырсыз тәрбиені өз отбасында қайталауда.

Оқушы

Неге өрімдей жастарымыз құнсыз қасиеттерге құштар болып қалды? Ар мәселесін төменге ысырып, асқақ абыройымызды ақшаға айырбастаудамыз. Мыңдаған тұрмыс құрмай туылған нәрестелердің біразы осы уақытта жетімдер үйінің тұрғынына айналды. Көз жасы мөлт – мөлт етіп шетел асып жатқан қарақат көзді қарадомалақтарымыздың өзге ұлттың қолжаулығына айналуына апарар жол – жастардың некесіз бала туып алып, оларды бағу әрекетсіздігі мен қолайлы жағдай жасай алмаудың әсерінен.

«Анам қашан келеді», -деп  қаншама бала терезе мен есікке қарап жәутең қақса, қаншасына туған жерден бір ұлтарақ жер бұйырмай шетел асып кетіп жатыр десеңші...

Оқушы

Сол тастанды ұрпақтарымыздан ел атын аспандатар азаматтардың шықпасына кім кепіл? Сондықтан, ұрпақтарымыз саналы, заманымыз озық болсын десек жастар тәрбиесін, яғни өз тәрбиемізге, өзіміз жауапты екенімізді ұмытпайық. Некесіз бала туылмай, болашақ аналарымыз есерсоқ сәби әкелмей, келешегі кемел азаматтар болып қалыптасайық.

Жақсы мінез- құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде - бұлар адамшылық қасиеттер болып табылды.

Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез- құлыққа байланысты

VI  Адамның жақсы – жаман қасиеттері. Сен қандайсың?....

Оқушы

Жақсы мінез, жылы сөз- жан дәуірі,

Жігіттің керек мұны аңғаруы.

Бейпіл сөйлеп тек мінез танытқанның

Тіптен оңай адасып сандалуы.

Мінездер бар жақсы жаман, әр алуан,

Әдептілік әділдіктен нәр алған.

Кең болғнның кем болғанын көрмедім,

Теңізге ұқсап тасып жатқан шараңнан.

Тәрбиелі мінез- көпшіл, ізетшіл, адамға  қамқор, жолдастықты қадір тұту, жұртшылық пікірімен санаса білушілік, өзінің міндетін орындаудағы жауапкершілік  пен  адалдық қасиеттерінен  тұрады.

Толық мінезді адам- рухани дүниесі бай, қажеттері мен қызығулары, талғамы мен ой өрісі кең адамдар.

Бірқалыпты мінезді адам құйындай ұйытқып тұрмайды және сөзі мен ісі бір.

Мына кеңес үнемі жадыларыңда болсын:

Оқушы

Кішкентайыңнан ақ уәдеге, антқа берік болуды үйрен,Уәдеге берік болу- сенің жеке басыңның абыройы. Мойның жар бермейтін, бірақ істеуге керек нәрсені атқаруға өзіңді -өзің үйрете біл.

Оқушы

 Кінәңді сезіну - тәрбиелі адамның инабатты сезімі. Ол- арыңның ұяты, адамгершілік тазалықтың, көргенділіктің белгісі.

Оқушы

 Сенің ақылсыз, дөрекі әрі немқұрайды айтылған бір ауыз сөзің өзгені өкпелететінін, жанына бататынын, абыржу туғызып, таң қалдырып, әбігерге түсіретінін білген дұрыс.

Оқушы

 Екіжүзділік, жағмпаздық, ымырашылдық - бір үлкен бәле. Адамның адамшылдығын қорлау, өзін ғана құрметтеуге тұрарлық адамға санап, ал басқаны шыбын құрлы көрмеушілік -жамандықтың  зоры осы.

Оқушы

Пайдакүнемдік -зор пәле. Пайдакүнем адам шыншыл, қайсар, принципшіл, өз борышына адал  да бола алмайды.

Өзіңнің ғана емес,өзгенің де, қоғамның барлық адамдарының, сондай- ақ жеке адамның бақыты мен қуанышына бола жасалған бүкіл қоғамға тән байлық сен үшін қымбат болуға тиіс.

Оқушы

Ойға түстім толғандым,

Өз мінімді қолға алдым,

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым.

Өзіме өзім жақпадым,

Енді қайда сыя алам?

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға,

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наз емес.

Осыншама ақымақ болғаным,

Көрінгенге қызықтым.

Ғаділетті жүректің

Әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен

Әбден үміт үзіппін,

Айла менен амалды

Меруерттей тізіппін,

Жалмауыздай жалаңдап,

Ар, ұяттан күсіппін,

Қулық пенен сұмдыққа

Құладындай ұшыппын,

«Сіз білесіз» дегенде

Күнге күйіп, пісіппін;

Мақтанбасқа мақтанып,

Деп жүріппін «пысықпын».

Енді өзімді қолға алып,

Мінезімді түзейін.

Инабатты қыз болып,

 

«Мен қандаймын?» сыни көзқарас

 

Менің мінезімнің күшті жақтары

Менің мінезімің осал жақтары

Басқаларды мен қалай қабылдаймын?

Мені қанаттандыртын не?

Мені не қобалжытады?

Менің туған -туыс, достарыммен  қарым- қатынасым қандай?

Мен қарым -қатынас жасайтындармен өзімді әр түрлі ұстаймын ба, онда менің адамгершілік қағидаларым өзгере ме?

 

Ұлдан ұлағат, қыздан инабат

Біз жас ұрпақ Отанның тірегіміз,

Отаным деп соғады жүрегіміз.

Мақсатымыз біліммен қаруланып,

Кейінгіге қалдыру сүйелі із.

«Тәрбие басы »  дейді дана халық,

Салтымыз өсе берсін дараланып.

Дәстүрлі тілін елін сүйе білген,

Бақытты байтақ елден табары анық.

Қонысын туған елдің жанға балау.

Сол үшін керек бастан негіз қалау,

Ұлағат ұлдан күтер өркен, алау,

Инабат қыздан күтер көркем жалау.

Қорытынды:

Қыз балаларға табиғатынан нәзіктік пен ұяңдық, ер балаларға батылдық пен ұстамдылық тән. Осыны түсіне білсе,  олар күнделікті өмірде бір- біріне көмектесуге дайын тұрады.

Біздің бойымызда мына қасиеттер:

Намысшылдық, ақылдылық, сыпайылылық, қонақжайлылық,парасаттылық, елжандылық, адамгершілік, шыншылдық, қайраттылық, әдәлетшілдік,ар -намысты, әдет -  ғұрыпты, ырымдарды сақтаушылық  қалыптасты, сондықтан бүгінгі сынып сағатымыз арқылы сендерден қылықты, ибалы, міезді,  ата – баба салтын қастерлейтін өнегелі де өнерлі, ұятты және көрікті ұрпақ болып қалыптасады деп сенім артамын.

Назар аударып тыңдағандарыңызға көп - көп рахмет!


Пікірлер (1)

Есім і Гүлшат

Мына жазылған " Ұлт ұятымен,қыз қылығымен "- атты тәрбие сағаты өте ұнады Ұлтымыздың жақсы болуы жастарымыздың қолында дегім келеді

Пікір қалдырыңыз