Өлең, жыр, ақындар

Дені сау ұрпақ — ертеңгі елдің жалғасы

Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кенті
«Нәзір Төреқұлов атындағы №13 жалпы орта мектебі» КММ-нің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тультаева Перуза Альмахановна


Денсаулық — ең ұлы қазына, басқалар оның алдында ештеңе емес.
Шопенгауэр   

Өмір — адамға табиғатпен берілген ең қымбат дүние. Адамның ұзақ, мәнді де сәнді өмір сүруінің негізі-оның денсаулығы. Денсаулық адамның ең қасиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса орнына қиындықпен келетін, орны толмас асыл қазынасы. Халқымыз «Дені саудың жаны сау» деп орынды айтқан. Иә, денсаулықтан артық бағалы зат жоқ. Денсаулығымыз жақсы болу үшін салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызы зор. Елбасымыз Н. Ә.Назарбаев«Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында  «Білімді, денсаулығы мықты жастар ғана еліміздің тірегі ертеңіміздің кемел келешегі» деген болатын. Шынында да, тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі болар жас ұрпақтың дені сау болса ғана биік шыңдарға қолы жетері, халқына қызмет етері даусыз. Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай «Салауатты өмір салтын» ұстау қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Таза ауада демалу, спортпен шұғылдану, тазалықты сақтау, денені күтіп ұстау, еңбек ету, дұрыс тамақтану-барлығы салауатты өмір салтына жатады. Бүгінгі күні қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, парасатты, мәдениетті, дені сау азамат өсіру отбасының балабақшалардың, мектептердің, жалпы халықтың қасиетті борышы екені баршамызға аян. Осы орайда денсаулықты нығайтуға өз ықпалдарын барынша тигізіп жүрген мектебіміз туралы айта кеткенді жөн санадым.

Мектеп — оқушылардың денсаулығын сақтау мен оларды салауатты өмір салтын ұстануға жігерлендіру бойынша қызметтің оқу міндеттерін толықтырып, есептеуге үйретуден қарағанда басымырақ болып табылатын мекеме.

Денсаулықты сақтау мен нығайтуға ықпал ететін мектептер жалпы және арнайы білімді меңгеруге, түсінуге, ақпаратты талдауға, жергілікті және ғаламдық көлемдегі мәселелердің шешімін табуға көмектеседі.

«Біздің мектеп Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінде орналасқан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған «Нәзір Төреқұлов атындағы №13 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. 1200 оқушыға арналған бұл білім ордасы 2010 жылы 1 қазанда өзінің есігін айқара ашқан болатын. Қазіргі таңда 777 шәкірт білім нәрімен сусындауда. Инклюзивті білім беру бағдарламасы аясында бастауыш сынып оқушылары арасынан арнайы сыныптар ашылып, біршама оқушыларымыз білім алуда. Алтын ұяда 100-ден аса мұғалім ұстаздық ететін болса барлығы дерлік шәкірттерін өз баласындай жақсы көріп, білімдерін аямайды десем артық айтпағаным. Әсіресе, оқушылардың денсаулығы, олардың салауатты өмір салтын ұстанулары мұғалімдердің басты назарында болып отырады. Сондықтан да мектебімізді оқушылар денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін бірден бір мектептердің бірі деп есептеймін. Мектебімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жыл сайын дәстүрлі іс-шаралар, ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Жетісай аудандық  салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы Асықата емханасының дәрігерлері оқушылармен семинар сабақтарын (қыздар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, суицидтің алдын алу, темекі шегудің алдын алу шаралары т.б.), сұхбаттарын тренингтерін өткізіп отырады. Мектеп медбикелері Р.Қалмурзаева мен Ж.Қолдасовалар жыл басында түзілген  іс- жоспарларына сәйкес ай сайын санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, 7 сәуір-Дүниежүзілік денсаулық күнін жыл сайын ерекше етіп өткізіп келеді. Сонымен қатар Халықаралық темекі шегуден бас тарту күнін, Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнін оқушылармен түрлі іс-шаралармен атап өтеді. «Вирусты гепатиттің», тұмаудың алдын алу мақсатында маусымдық кезеңдерде оқушыларға жазба жұмыстарын (диктант) алып отырады. Медбикелеріміз мектеп оқушылары мен тәрбиеленуші балалардың сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етілуін, аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына берілетін ыстық тамақтың құрамын тексеріп отыруды, мектеп асханасы мен буфеттердің тазалығын, тыйым салынған тағамдардың, сусындардың сатылмауын қадағалап отыруды назардан тыс қалдырмайды. Денсаулық сақтау министрлігі 2017 жылдан бастап Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін дамыту бойынша ұлттық жоба енгізді, соның аясында мектеп медицинасының жұмысы едәуір алға қарай жылжып келе жатқанын қуанышпен айта аламыз. Бұдан әрі де сол бағытынан таймай жұмыс жасай беретініне сеніміміз мол.

I ауысымды мектебіміз түстен кейін баланың бос уақытын үнемді қолдануы үшін 17 пәндік үйірмелер мен 6 секциялық жұмыс жүргізеді. Одан бөлек хор, ұлттық аспаптар оркестрі, эстрада үйірмелері де оқушылар үшін қызмет етуде. Сондықтан оқушылардың өз қалаған үйірмесіне баруларына мүмкіндіктері бар. Спортпен айналысатын оқушылар стол тенисіне, шахмат, би үйірмесіне еркін күрес үйірмелеріне қызыға қатысады. Спорт саласында  оқушыларымыздың жеткен жетістіктері аз емес. Стол тенисі бойынша Н.Серикбай бірнеше рет ҚР чемпионы болса, Рухани бай мұраның жалғастырушысы — Мамарахим Сұлтанбек Республикалық балалар мен жастар шығармашылық конкурсында жүлделі 2 орынды иеленді. Ал, мектептен ұшқан түлектеріміз айтып өтер болсам, Ануарбек Жандос еркін күрестен Қазақстан чемпионы, Ануарбек Жантөре Алматы IIМ академиясында 1 курс курсанты, Әмзе Нұрсұлтан Алматы ұшқыштаржоғары колледжінің курсанты, Бижігіт Еркін С.Рахимов атындағы Шымкент колледжінің курсанты Алғабай Еркебұлан Қостанай IIМ академиясының курсанттары болып білім жолын жалғастыруда. Спорт жеңімпаздары, мектебіміздің мақтаныштары болашақта да алар асулары, толағай табыстарының мол болатынына сенеміз!

Спорт — денсаулық кепілі дейді. Спортпен шұғылданғанның денсаулыққа қосатын рөлінің зор екенін барлық жандар біледі. Жақында ғана  Жетісай ауданы, мәдениет үйінде өткен спорттық би байқауы да осының дәлелі деп білемін. Сол жарыстан мектебіміздің  музыка пәнінің мұғалімі  Қ.Асанова бастаған «Арай» бишілер тобы Дипломмен, Алғыс хатпен оралғаны біз үшін үлкен қуаныш болды. Біздің мектептің ұстаздары да салауатты өмір салтын ұстануды жүйелі түрде қолға алып келеді. Дене тәрбиесі мұғалімдері, бастауыш сынып, жоғары сынып ұстаздары да оқушылар арасында мұғалімдер арасында әр түрлі спорттық сайыстар өткізуді дәстүрге айналдырған. Міне, сондай қызыққа толы сайыстардың, медбикелердің іс-шараларының психологтардың  түрлі тренингтерінің арқасында денсаулық болмаса болашақ та баянсыз болатынын оқушыларымыз ұғынып келеді.      

Иә, дәл қазіргі уақытта көкірегі ояу әр азамат қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында аяғын шалыс баспауға тырысады деп ойлаймын. Адам баласы әр күнін бағалауы, әр таңы атқан сайын қуануы керек. Денің сау болса, байлықтың да бақыттың да болары анық. Олай болса, өмірдің айшықты жолдарынан адаспайық. Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, балаларымыз ғұмырлы болсын! Мектебімізге атауы берілген Нәзірдей нар тұлғалы азамат ағамыз секілді, кейінгі буын ізбасарлары — мектебіміздің әр бір шәкіртінің дені сау, елімізге өзінің пайдасын тигізер ұландары болып, қияға қанат қаға берсе, мектептің жүрегі-ұстаздар үшін бұл ғаламда одан асқан бақыт жоқ екенін нық сеніммен айта аламын.


Пікірлер (3)

Акмарал Нұрмаханкызы

Жарайсыз!Оте тамаша жазылған.Енбегиниз жана берсин!

Перуза

Рахмет Марал!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар