Өлең, жыр, ақындар

Үй жануарлары

Ақтау қаласы
«№21 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
жанындағы «Ақбұлақ» шағын орталығы
Тәрбиеші: Күйкішова Бибінұр

Білім беру саласы: Қатынас

Оқу іс-әрекеті: Тіл дамыту

Тақырыбы: Үй жануарлары

Мақсаты: Балалардың үй жануарлары туралы түсініктерін кеңейту. Олардың адамға тигізер пайдасын айту. Үй жануарларына байланысты жұмбақ, тақпақтар айтқызып сұрақ - жауап арқылы балалардың тілін, ойлау қабілеттерін дамыту. Үй жануарларына қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілі: түсіндіру, сұрақ-жауап, көрсету, көрнекілік.

Көрнекілігі: Үй жануарларының суреті, слайд, үйдің, қораның макеті, ойыншықтар.

Барысы:

1. Ұйымдастыру кезеңі:

- Балалар қараңдаршы бүгін бізге қаншама қонақтар келді. Ал келген қонақтармен амандасып алайық. Амандасу - адамгершіліктің, әдептіліктің баспалдағы екен. Сондықтан да қонақтармен амандасып алайық.

Білер қазақ баласы
Сәлем сөздің анасы
Көп танысты көреміз
Алдымыздан кезіккен
Бәріне де ізетпен
Иіліп сәлем береміз.

- Балалар адамдар күнделікті тіршілік етіп өмір сүретін баспанасын қалай атаймыз?

- Үй

- Үй қандай бөліктерден тұрады?

- Шатыр, есік, терезе, үйдің қабырғасынан тұрады?

- Үй бөліктері қандай геометриялық пішіндерге ұқсайды?

- Төбесі ұшбұрышқа, есігі, терезесі және қабырғалары тік төртбұрышқа ұқсайды екен.

- Балалар алдымызда тұрған үйдің бөліктерінде жұмбақтар жасырынған екен. Егер сендер жұмбақтың шешуін табатын болсаңдар бүгінгі оқу іс - әрекетімізде қандай тақырып туралы әңгімелейтінімізді табасыңдар.

Жұмбақтар:

1. Қамыс құлақ,
Тостаған тұяқ.
Мінсең қанат
Сүті дәрі еті тамақ. ( Жылқы)

2. Екі айнасы бар
Екі найзасы бар (Сиыр)

3. Үстінде екі тауы бар,
Қызық бір жануар (Түйе)

4. Кішкене ғана бойы бар
Айналдыра киген тоны бар. (Қой)

5. Секең - секең етеді
Таумен - тасқа жетеді. ( Ешкі)

- Үй жануарларының суретін тақтаға ілу.

- Біз бүгінгі оқу іс-әрекетінде үй жануарлары туралы әңгімелесеміз.

- Үй жануарларына қандай жануарлар жатады?

- Төлдерін қалай атаймыз?

Дидактикалық ойын: «Не қандай дыбыс шығарады?»

Ойынның мақсаты: Жан-жануарлардың дыбысын үйрету.

Ойынның мазмұны: Тәрбиеші жан-жануарлардың ( сурет, не ойыншық) көрсетіп, сұраққа-жауап беруін талап етеді. Қой маңырайды, сиыр мөңірейді, ит үреді - деп жауап береді.

- Неліктен олар үй жануарлары деп аталады?

- Үй жануарларының қандай пайдасы бар?

Жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкі, адамның үйінің маңайында тіршілік етеді. Сол үшін үй хайуандары деп аталады.

Үй хайуандары адамға көп пайда келтіреді.

Жылқыға мінеді, оны арба мен шанаға жегеді, сүтінен қымыз ашытады. Семіздерін қыста соғымға сояды, терісін сатып ақша қылады. Түйеге жүк артады, жабағысы күліге жақсы болады. Сиыр мен қой адамды етімен, сүтімен асырайды.

Сергіту сәті: «Қошақан» әні

Қошақаным тұршы,
Беті–қолыңды жушы,
Айнаға қарашы,
Шашыңды тарашы.
Орныңа отыршы.

- Үй жануарлары туралы тақпақтар білесіңдер ме?

Шұғыла:
Ақ бұзауым ұнайды
Мө - мө деп сүт сұрайды.
Келеді өсіп күн сайын,
Тұмсығын созып қарайды

Әлия:
Кіп - кішкене момақан
Қошақанды ұнатам
Сүйеді апам қозым деп
Қошақаным қозым деп

Назерке:
Құлыншағым құндызым
Құлдырайды шабады
Жылтылдаған жұлдызым
Құстай қанат қағады.

Дулыға:
Шөре - шөре лағым,
Тентек болма шырағым.
Секектеме деміңді ал,
Селтеңдемей құлағың.

Байтұрсын:
Айналайын ботам
Қандай күлте жотаң.
Табандарың жалпақ,
Теріп жейсің жантақ.

Дидактикалық ойын: «Қайсысы артық» ойыны.

Ойын шарты: Балаларға слайдтан үй жануарлары мен жабайы аңдардың аралас қойылған суретін көрсетіп, соның ішінде қай жануар артық екенін айту.

Қорытынды:

- Балалар, сендер бүгінгі сабаққа өте жақсы қатыстыңдар. Сендер өте ақылдысыңдар. Жануарлар бізді өзінің сүйкімділігімен, адамға деген достығымен қуантады.

Сондықтан үй жануарларына әрқашан қамқорлық жасап жүріңдер.

Мақтау, мадақтау.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз