Өлең, жыр, ақындар

Армысың, әз наурыз!

 Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылы «Балбөбек» бөбекжай балабақшасы,

Тәрбиеші

Салықбаева Советхан Есимовна                                                                                                                               

       

 


Мақсаты: Қазақ халқының Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін қарсы       алу рәсімдерін көрсете отырып , әдет-ғұрпын балалардың санасына     сіңіріп, ұлттық қасиеттерге баулу. Ұлттық дәстүрге құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: нақыл сөздер, киіз үй керегесі, ұлттық бұйымдар. 
Барысы:  Мейрам өтетін жер салт –дәстүрге байланысты жабдықталады.Балалар ұлттық киімдерімен келеді. Киіз үй керегесі         нен сахна жасалынады.

Ұлағатты сөздер: «Наурыз құтты болсын!» «Жыл басы - наурыз!» «Наурыз құт әкелсін!» «Құт береке мейрамы Наурыз жасасын!» Залда әсем әуен ойнап тұрады. 
Киіз үйде дастархан басында ата мен әже  балаларымен  отырады.

Залға қолында  қамшысы  бар бала кіреді.
(Күй ақырын ойнап тұрады.)
1 б Мансұр
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Естімеген естіңіздер!
Тыңдамаған тыңдаңыздар!
Ауылда той басталды!

Хор. Наурыз әні
1  Жүргізуші:
Армысыздар құрметті қонақтар. 
Ұлыс күндеріңіз құтты болсын! 
Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз. 
Халқы сүйген мейрамды 
Қарсы алайық Наурызды!
Досқа құшақ ашайық.
Өлең-жырға басайық.
Қазақтың бір салты деп
Тойға шашу шашайық.

 

Жанна (Наурыз қыз)


(Әжесі мен Наурыз қыз ортаға келеді. Әжесі шашу шашады)

Наурыз қыз.
Наурыз тойы береке,
Наурыз тойы жыр аңыз.
Қызып дулы мереке ,
Қызық думан құрамыз.
2 жүргізуші:
Күн менен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді,
Қуанышта ел енді.
Наурыз келді салтымыз:
Көгерсін деп халқымыз
Көшеге тал егеді.
Наурыз тойы - береке,
Наурыз тойы – жыр – аңыз.
1 жүргізуші:

Тағы да бір топ қонақтар келе жатыр. Бұлар мен білсем табиғатты дүр сілкіндірген Наурыз ару және Наурыз күні теңелетін Күн мен Түн болса керек.

Күн( Динара), Түн (Айгерім)
Күн мен түн келеді.
Әже: Келіңдер шырақтарым, төрлетіңдер!.
Күн:   Сәулесі көп күнмін,
Түн  Жұлдызы көп түнмін.
Бірге: Бірдей болып біздер,
Теңелерміз бүгін.
Күн: Ұзарамын мен енді,
Түн: Қысқарамын мен енді.
Бірге: Гүлмен жерді жайнатып,
       Гүлден, Наурыз сен енді.!

 Музыка әуенін  қою
(Күн мен түн теңелгенін көрсетеді). Күн мен түн билейді.
Әже: Иә, балалар, дәл осы күні күн мен түн теңеледі екен.
Наурыз қыз:
Айналайын, балалар!
Жаса жаңа заманда,
Бақыт тілеп адамға.
Қудым жерден суықты,
Қырдан салқын бу шықты.
Жайнатамын гүл-гүлді,
Сайратамын бұлбұлды.
Гүл жайнаған көктемде,
Гүлден сыйлық көп менде.
2  Жүргізуші
Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы,адам баласымен табиғат ана қайта жаңғырып ,түлейтін –әз Наурызбен шын жүрегімнен құттықтаймын!
Күллі шығыс жұртына ортақ мереке Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр.Күн мен түн теңелетін ,ырысы мол мереке біздің жан –дүниемізді шуаққа бөлейді,ой ниетімізді таза арнаға бұрады.Бұл кешірім мен мейірімнің ,үміт пен сенімнің ,ізгілік пен түсіністіктің мерекесі.Тәуелсіз еліміздің өркендеп өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз.Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген де наным бар.
Жүгіріп бала кіреді( Әбілмансұр): Сүйінші, сүйінші! Қыдыр ата келеді.
Әже: Хош келдіңіз Қыдыр ата, төрлетіңіз. Дастарханға келіңіз.
( Қыдыр ата төрге шығады)
Қыдыр ата: Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Қазақы  дастархан   ән әуені
2 жүргізуші: 
Мың бұралған арулар аңдап басып,
Келеді міне ортаға толқып басып,
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Көңілді қошеметпен қарсы алайық!
Құрметті қонақтарымызға әдемі биімізді ұсынамыз.
Би :  «Шығыс  биі»  Айша ер тобынан
1  жүргізуші
Наурыз жырын жырлаймыз
Онымен де тұрмаймыз.
Шыңдалып жеткен бұл күнге,
Ел дәстүрін сыйлаймыз.
Наурыз мерекесі ұлттық мерекеміз болғандықтанда өз ұлтымыздың салт-дәстүрін айтпай кетпеске болмас. Салт-дәстүрлерінің ішіндегі бала тәрбиесіне байланысты тәрбие дәстүріне тоқталсақ.Салт-әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне,ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып,өмірдің өзі туғызған ғұрыптар тұғырының негізі.Қазақтың салттарын ата-аналарымыз қаншалықты білетінін тексеріп көрелік.
(Сандықтан  сұрақтар таңдалып алынады.Ата-аналар жауап береді.)

1.Шілдехана(салт).жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық, той.
2.Кіндік кесер(салт). Нәресте туған сәтте оның кіндігін әйелдер(кіндік шешесі) дайын тұрады.Кіндік кесу-мәртебелі, абыройлы іс.
3.Бесікке салу(салт). Жаңа туған баланы бесікке салу. Бесік қасиетті,киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі.
4 .Тұсау кесер(салт).Сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып.
5.Базарлық(дәстүр) -алыс сапарға шыққан адамдардың жақындарына (жерлес,көрші-көлем,жас балалар, сыйлас адамдарына) әкелген сыйлығы.
6.Байғазы(дәстүр)-балалардың, жастардың жаңа киім үшін берілетін ақшалай,заттай сый.
7. Асату (дәстүр).ет желініп болған соң төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалар мен жігіттерге асатады.
2 жүргізуші
-Мінекей көптеген салт-дәстүрлерімізді біліп біраз мағлұмат алдық. Енді ата-аналарымыз  бен  бірігіп ұлттық салт дәстүріміздің бірі тұсау кесу дәстүрін өткізейік. Барлығымыз тамашалайық. Әжелер  тұсау  кесер  дәстүріне  қатысады.

Қаз –қаз балам

Қаз  балам

Тақымыңды  жаз  балам

Тұсауыңды  кесейін

Күрмеуіңді шешейін

Тұсау кескен апайға каде сый беру.

 Ән : Шілдехана  бесік той  ( баяу  ойнап  тұрады)

Әже: Міне, Наурыз мерекесінің қасиетті тағамы Наурыз көже . Бұл көжеге жеті түрлі дәм салып әзірленеді.. Наурыз күні көже мол болса, сол жылы тоқшылық болады. Наурыз дәмін татқан адам олжалы болады..
 Ұлыстың ұлы күні ұлы адамнан бата алса, сол жылы олжалы болады дейді. Ата, батаңызды беріңіз. Бұрынғы ата -бабаларымыз бата жасап бет сипайды екен. 
Қыдыр ата: ( ата-ана)
 бата береді.
Наурыз құтты болсын!.
Ұлыс бақты болсын,
Дендерің сау болсың.
Ақ мол болсың,
Бәле жала жерге енсің.
Құт береке әкелсің,
Қайда барсаң ,жол болсың!
Амин!!!


2 Жүргізуші: 
Хош болыңыз, Наурызымыз ардақты,
Халқым саған бар үмітін арнапты.
Жылда осылай келе бергін жасарып,
Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты!
Қыдыр ата: Хош болыңдар, балалар! Мен енді басқа ауылға барып ақ дастархандарына бата берейін. Наурыз қыз, Күн, Түн жүріңдер бірге ел аралап, жақсы тілек айтайық. (Шығып кетеді)
1 жүргізуші :
Ерітіп қарын даланың,
Жинатып гүлін саланың. 
Жетелеп жұмсақ самалын
, Келді Наурыз – жыл басы. 
Күлімдеп қарап күміс күн, 
Аспаның бүркіп пүліш түн. 
Ұлы күні Ұлыстың,
Келді Наурыз – жыл басы!
Би: ( Қара  жорға) орындайтын Мадт балалары

2 жүргізуші:
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын,бақыт әкелсін!
Наурыз –көктемгі жаңарудың,махабаттың,ақ пейіл мен татулықтың мерекесі.Ол –өткенді саралап,болашағымызды болжайтын ерекше кезең. 
Отанымызға –береке,халқымызға –игілік,мемлекетімізге –молшылық,ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз деп өз  тілектерін  айтуға  сөз

 Бақшамыздың меңгерушісі :  Ескужаева Б.Ш   беріледі

Ата-аналарға беріледі
Армысың ,әз Наурыз ! атты мерекелік ән шашуымыз осымен аяқталды.
Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге мыңда бір алғыс!!!
Еліміз өркен жайып ,Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз