Өлең, жыр, ақындар

«Балалық - даналық» интеллектуалдық ойыны

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы
№23 «Айзере» балабақшасының
тәрбиешісі: Кызметова Балзия Конысбаевна

Мақсаты: Балалардың ойлау қабілетін, ой ұшқырлығын арттыра отырып, ұйымшылдыққа топпен бірлесе отырып жұмыс істей білуге және өз білімдерін көрсете білуге үйрету. Балалардың тілін дамыту, айналамен таныстыру, математика, көркем әдебиет, тіл дамыту сабақтарында өткен тақырыптардан сұрақтар беру арқылы білімдерін тиянақтау,логикалық ойлау қабілетін дамыту, шығармашылықпен еңбек ете білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, суреттер, қима қағаздар,топ аттары жазылған қағаздар.

Барысы: Бүгінгі бүлдіршіндер - халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Балалардың ой-өрісін кеңейтіп, білімдерін шыңдауға арналған «Балалық - даналық» атты танымдық ойынымызды бастаймыз.

Дайынсыз ба бұл сайысқа достарым,
Көрсетіңдер сендерде қанша күш барын.
Алға қойған мақсаттарың бір екен,
Сәтті болсын сапарларың әрдайым.

Бүгінгі МАД топтары арасында өткелі отырған танымдық ойынға әр топтан 1 команда қатысып отыр. Ойынды бастамас бұрын әр топ портфельдерді таңдай отырып, өз топтарының атын анықтап алады. Балалардың берген әр дұрыс жауабына көңілді смайликтер беріледі. Сол көңілді смайликтердің санына байланысты 3, 4, 5 балл беріледі.

1-топ: «Білгірлер»
2-топ: «Алғырлар»
3-топ: «Ойшылдар»
4-топ: «Тапқырлар»

І. «Сен жалғастыр»...

1. Күндіз жарық, ал түнде...(қараңғы)
2. Аспан көк, ал жапырақ...(жасыл)
3. Кішкентай сиыр - ол бұзау, ал кішкентай ит - ол...(күшік)
4. Таңертең ұйқыдан тұрамыз, ал түнде..(ұйықтаймыз).
5. Лимон қышқыл, ал қант...(тәтті)
6. Кішкентай түйе - ол бота, ал кішкентай ешкі – ол...(лақ)
7. Торғай – ол құс, ал жолбарыс ол...(жабайы аң)
8. Жылан жорғалайды, ал балық...(жүзеді)

ІІ. «Ханталапай» ойыны

Асықтар нөмірленеді және әр асықтың нөміріне сай тапсырмалар беріледі.

Сұрақтар:
1.  Қазақстан Республикасының рәміздерін ата?
2.  Біздің Отанымыздың елордасы қай қала?
3.  Бір жылда неше мезгіл бар?
4.  Қазір жылдың қай мезгілі?
5.  Көктем мезгілінде неше ай бар?
6.  Қазір көктем мезгілінің қай айы?
7.  Төрт түлік малды ата?
8.  Жылқының төлін не деп атайды?
9.  Табиғат нешеге бөлінеді?
10. Геометриялық пішіндерді ата?
11. 7 санының көршілерін ата?
12. Қандай спорттық ойындарды білесің?
13. Қандай жемістерді білесің?
14. Қандай көкөністерді білесің?
15. Ертегі қалай басталады?
16. Оқу-білім туралы қандай мақал-мәтел білесің?

ІІІ. «Ұшқыр ой»

1. «Не артық»?
2.«Ойыншықтар қайда  жасырынған»?
3. «Суретшінің қатесін тап».
4. «Құмыраның ішінде не жасырынған»?

ІҮ. «Тездет, бірақ қателеспе»

(балаларға қиылған суреттер беріледі, балалар жылдам құрастыруы керек)

Ү. «Тапқыр болсаң, талас жоқ» атты логикалық тапсырмалар.

1. Үстелдің үстінде 3 зат тұр: шелек, доп, қонжық. Допты қозғамай қалай шетіне қоюға болады? (шелекті не қонжықты алып келесі бетке қоямыз)

2. Үстел үстінде 3 алма тұр. Бір алманы ортасынан бөліп қайтадан қоямын. Үстел үстінде неше алма тұрды? (Үстел үстінде 3 алма тұрды)

3. Топтан 1 балаға геометриялық пішіндер беріледі (үшбұрыш, шаршы, дөңгелек, сопақша). Тапсырма: үшбұрышты тақтаның оң жағына, шаршыны сол жағына, дөңгелекті жоғарғы, ал сопақшаны төменгі жағына орналастыр.

4. Топтан 1 бала ортаға шығады және тпсырмалар орындайды. Тапсырма: алға қарай 2 адым, артқа қарай 1 адым  оңға қарай 2 адым, солға қарай 2 адым атта.

Балалардың жинаған ұпайлары есептей отырып, ең көп ұпай жинаған топтарға орындар беріледі.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз