Өлең, жыр, ақындар

Абай аудармалары

Ақтөбе қаласы №2 орта мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі
Абдигалиева Айнур Сандигалиевна

 

Сабақтың  мақсаты:

а)  білімділік: оқушыларға қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың аудармалары туралы мәлімет беру, ақынның өмірбаянына тоқталу,  ақынды әр қырынан аша  білу, бұрынғы Абай туралы білімдерін тереңдету

ә) дамытушылық: оқушылардың сөздік қорын, сөз байлығын дамыта отырып, сабаққа, ақынға деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын  арттыру

б) тәрбиелік: қазақ халқының мәдениетін қастерлеуге, туған жерді сүюге, отбасын  қадірлеуге тәрбиелеу, әнге сүйіспеншілікті ояту

Сабақтың түрі:  жаңа сабақ

Пәнаралық байланыс: әдебиет, ән-күй сабағы

Көрнекілік: интерактивті тақта, слайдтар, үлестірмелі карточкалар, Абайдың аудармалары кітаптары.

Сабақтың барысы

1. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу, оқушылардың назарын аудару

2. Үй тапсырмасын тексеру

3. “Сандар сөйлейді”  стратегиясы арқылы

         1845 ж- Абай туған жыл

1854 ж –Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі

1858 ж – әкімшілік билік жұмысына қатысады

1878 ж – 20 жыл торе би болады

1895 ж – өлең жаза бастады

1904 ж – қайтыс болды

Проблемалық полемика –Дұрыс-бұрыс

Абай Семей облысы, Шыңғыстау жерінде туған

Абайдың ата-бабалары атақты адамдар болған

Ұлжан –  қатыгез, зұлым, қара ниет адам

Абайды Ибрағим деп атасы қойды

Абайды екі қос ана тәрбиелеген

Қазақ тілінен басқа тілдерді білмеген

Алғашқы өленің 15 жаста жазған

Сурет стратегиясы:

– Туған жері, атасы, әжесі, анасы, Ахмет Риза медресесі, жас Абай, Абай кітапханада, Семейдегі ескерткіш.

Жаңа сабақ.

– Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы Абай аудармалары, дәптерлерінді ашыңдар, бүгінгі күнді жазыңдар. Абай кім екенің аңықтадық енді Инсерт әдісі бойынша

Білем

Білгім келеді

Білдім

 

 

 

– Енді Абай туралы білгендерінді кесте бойынша толықтырыңдар. Енді білгендерінді топтастырайық.

– Не туралы білгілерін келеді? Екінші бағанды толтырамыз.

Мұғалім сөзі: Абайдың аударма өлеңдерін түпнұсқаға барабар аударма және еркін, төл шығармаға айналған аударма деп екі топқа бөліп жіктеудің өз қисыны бар. Ал Абай болса, ол қазіргі аудармашылардай тек түпнұсқаны бар қалпында жеткізуді мақсат етпеген. Қай шығарманы болсын өз көңіл күйіне үйлестіре, қысылмай, қымтырылмай еркін тәржімалайды. Сонда да кейбір аударма өлеңдері түпнұсқамен өте жақын келіп, мейлінше үндес шығып жатса, ол – оның ақындық шеберлігінің бір қырынан көрінуі, қызықтап, қазақшалап отырған түпнұсқаның сарыны мен ой-сезімінің арасындағы үйлестіктің нәтижесі.

Абайдың ең бір ұмытылмас еңбегі орыстың ұлы жазушыларынан өзі үлгі-өнеге алумен бірге, оларды қазақ халқына таныстырып, олардың еңбегін аударып өз еліне үлгі етуінде.

Абай және Пушкин:

Орыс әдебиетіне зер салғанда, Абайдың назары алдымен Пушкинге ауғаны тегін емес. Пушкин орыс әдебиетіндегі жаңа дәуірдің, қоғамдық мазмұны, тақырып-идеялары мен көркемдік сапасы мүлде жаңа классикалық әдебиеттің басы болды. 1886 жылдан бастап Абай Пушкин шығармаларын қазақ тіліне аударады. Сол Пушкин арқылы Батыс Еуропаның басқа да классиктерін танып білді. Орысша аудармалар арқылы ол ежелгі әдебиетпен де танысты. Абай Пушкиннің ең таңдаулы туындысы «Евгений Онегинді» аса жоғары бағалады, оның жеке үзінділерін бұдан бір ғасырға таяу уақыт бұрын асқан көркемдік шеберлікпен қазақшалап берді. Абай қазақ тіліне аударып, арнайы ән шығарған «Татьяна хаты» халық арасында өткен ғасырдың аяқ кезінде өте кең тарап, ең сүйікті өлеңдердің біріне айналуы орыс ақынының ерте кезден-ақ қазақ халқына етене жақын болып кеткенінің айқын дәлелі. Татьянаның тағдырын қыр елі қазақ қызының, әйелінің тағдырына орайлас сезінді. Татьянаның еркіндік сүйгіштігі мен парасаттылығы, сабырлылығы қазақ жастарын да тебірентті. Пушкиннің ұлылығын сол заманда, сол ортада отырып тани, бағалай білгендігі – Абайдың ұлылығының бір жарқын көрінісі. А.С.Пушкиннің аса кесек көркем туындыларының бірі «Евгений Онегин» – шын мағынасында халықтық шығарма болды. Онегинге Татьянаның махаббат сезімін білдіріп хат жазатыны – романның сюжетіндегі ең бір түйінді жері. Абай «Татьянаның Онегинге жазған хаты» (Амал жоқ – қайттым білдірмей) деп сол «Я к вам пишу – чего же более» деп басталатын Татьяна хатын кейбір жерде сөз қалдырып кетіп еркін аударғанмен, Пушкин тексінің жалпы мағынасын дұрыс береді. Аудармада Татьяна бейнесі, орысша түпнсұқасының басты ерекшеліктері сақталып, шебер суреттелген.

Слаидпен жұмыс:

Абайдың Крыловтан алған үлгісі Абай поэзиясын мазмұн, идея, түр жағынан онан сайын тереңдетіп, байытып, сатиралық сарынды күшейтіп, қазақ әдебиетінің реалистік даму жолын кеңейте түседі. Крыловты қазақ жұршылығына өз заманында кеңірек танытқан Абай болды. Крыловтың ”Қарға мен түлкі”, ”Піл мен қанден”, ”Есек пен бұлбұл”, тағы басқа мысалдарын аударды. Абай Крылов мысалдарындағы реализмді өзіне үлгі етіп ала отырып, оның сатира жағы басым мысалдарын таңдап алды. Қазақ өміріндегі ескі салт-сананы, әдет-ғұрыпты, жалқаулық, надандық, қулық-сұмдық сияқты жаман әдеттерді шенеп, әшкерелеуге лайықты Крылов мысалдарын Абай қазақ тұрмысына бейімдеп аударды. Крылов мысалдарын аударғанда Абай оның өлеңдеріндегі орыс тілінің өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, мазмұны мен мағынасын терең түсініп аударды. Қазақ тіліне жатық етіп, қазақ тұрмысына бейімдеп, ұғымына жеңіл етіп аударды. Сөйтіп, мысалдың көздеген нысанасына дәл тиюін қатты ескерген. Бұл жөнінде Абай аудармалары ақынның мақсаты мен негізгі идеясын жеткізе білуге зер салғандықты көрсетеді. Мысалы, «Есек пен бұлбұл» мысалында Крылов әңгімені бірден есек пен бұлбұлдың кездесуінен бастаса, Абай түпнұсқада жоқ:

Тойған есек шөпті оттап маңайдағы,
Сонырқап шатқа кетті қай-қайдағы.
Қаңғырып өлкені өрлеп келе жатып,
Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы…» -деген жаңа шумақпен бастайды. Алдымен есектің тойып, көңілі тасып, өзіне-өзі риза болып, ерекше бір мамыржай күйде ерігіп келе жатқанын білдіру арқылы оның сұлу ән, ғажайып әсем үн тыңдау үшін емес, әшейін ермек үшін сөз бастағанына көз жеткізіп алады. «Қарға мен түлкі» – Абайдың 1898 жылы И.А. Крыловтан аударған мысал өлеңі. Мысал көлемі түпнұсқада 26, аудармада 47 жол. Ақын мысал мазмұнын толық сақтап, буын санын азайтып, жыр үлгісімен тәржімалаған. Мысалдың алғашқы жолдарындағы айтылар ойдың түп қазығын қазақ оқырмандарына ұғымды етіп, оп-оңай жеткізеді.

Абай және Лермонтов

ХІХ ғасырдағы Пушкин бастаған орыстың ұлы ақындарының ішінде Абайдың шексіз сүйген және өлеңдерін көп аударған ақынның бірі – М.Лермонтов болды. Абай Лермонтовты оқып, өлеңдерін аударумен ғана шектелген жоқ. Ол орыс ақынын жанындай жақсы көрді, сырлас, мұңдас болды. Абай ұлы ақынның жырларынан орыс қауымының тілек-талабын, мұңын, жырын ұқты. Абайдың Лермонтовтан дәлме-дәл, өте жақын аударған «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде түнде жалғыз», «Альбомға» т.б. өлеңдерінен орыс ақынының ой-пікірлері оған да бөтен еместігі айқын сезіледі. Абай қазақтың қанына сіңген малқұмарлықты әшкерелеуді мақсат еткен. Сөйтіп, Абайдың түпнұсқаға өзгеріс енгізіп мағынасын басқаша ашып келтіруі оны қазақ өмірінің шындығына жақындастыру, өз көңіл-күйіне үйлестіру мақсатынан туады. Абай Лермонтов шығармаларының жаңа жағдайда мейлінше әсерлі және түсінікті болуын, оның идеялық, көркемдік сапасының жоғары болуын көздейді. «Теректің сыйы» («Дары Терека») атты өлеңнің айрықша мәнділігі, кезінде Белинский айтқандай Кавказды мадақтау – Терек өзені мен Каспий теңізінің бейнелері арқылы Кавказды елестетеміз. Кавказдан бастау алып, Каспийге құятын Терек оған қажет сыйлықтар әкеледі. Кәрі Каспий басында қалғыған бойымен елең етпей, үн шығармай, тек «казак-орыс қатыны бір сұлуды әкеліп ем» дегенде көзін ашып, сылқ-сылқ күліп, жылы жүзбен амандасады.

«Қараңғы түнде тау қалғып…» – Абайдың М.Ю.Лермонтовтың «Из Гете» атты өлеңінен аударған өлеңі. Өлең – Абай аудармаларының ішінде шоқтығы биік озық үлгісі. «Тұншығарсың сен-дағы, сабыр қылсаң азырақ» деп өлеңде Гете де, Лермонтовта да, Абайда да дәлме-дәл, сөзбе-сөз өрілген. Абай аудармасы арқылы берілген «Қараңғы түнде тау қалғыпты» білмейтін, шырқамайтын қазақ жоқ.

Абай «Жолаушының түнгі жырын» – қазақ тіліне аударып қана қойған жоқ, оған әуен де берді және «Қараңғы түнде тау қалғытпай» данагөй, асқақ әуезді әнді білмейтін қазақ баласын табу мүмкін емес те шығар.
Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.

Гете жолаушысы бақытты болып шықты. Оның түнгі жырын ұлы ақындар Лермонтов пен Абай естіп, әрі қарай көтермелей жөнелді. Бұл ән бейбітшілік пен тыныштықты дәріптейді.

Абайдың Лермонтовтан аударғандары – негізінде әлеуметтік өмірдің көлеңкелі жақтарын, еріншек, белсенділігі жоқ адамды сынайтын шығармалар, азамат ақынның образын беретін өлең-жыр жайындағы шығармалар, жалғыздығын, бірақ оған мойымайтын беріктігін айтатын шығармалар.
Абай Лермонтов шығармасының ішкі әлемін, оның толқын-лебізін, жаңа сапасын қазақ тілінің суреттеу мүмкіншіліктерін пайдаланып мол жеткізді. Абай Лермонтов оригиналын барлық жарастық сәнімен, бар ерекшелігімен қазақ тілінде қайтадан туғызды.

4. Ақпаратпен жұмыс:  Жұптық жұмыс.

  • Ой толғау стратегиясы. Оқушылар мәтінді оқып кестені толтырады: автор, жанры, тақырыбы, идеясы,кейіпкерлері, тәрбиелік мәні.
  • Инсерт әдісі.
  • Салыстыру стратегиясы.
  • Топтастыру стратегиясы.

5. Сабақты бекіту.

  • Синквейн әдісі.
  • Ғұмырдария стратегиясы

6. Қорытынды:

Абай – ұлы ақын, ғалым, философ, көркем әдебиеттің темірқазығы.

Абай насихаты – ынтымақшыл, арлы, адал, еңбекқор, иманды, талапты, үлкен жүректі кісі болу. Абай аудармалары арқылы кез-келген нәрсені сол қалпында қабылдай бермей, сын көзбен қарауға, өзіңе керекті нәрсені танып, талғап ала білуге шақырады.

Абайдың өз сөзімен айтсақ:

Терең ойдың түбінде теңізі бар,

Тесіле көп қараса, көңіл ұғар.

7. Бағалау

8. Үйге тапсырма:

Абайдың аудармаларын оқу, бір ұнаған үзіндісін жаттау.

Эсе жазу  «Абай аудармаларын оқығаннан кейінгі түйген ойым»  немесе

Абай атаға хат.


Пікірлер (3)

Анара

рахмет, бірақ маған Р.Ғамзатовтан аудармалар керек

Айслу

рахмет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз