Өлең, жыр, ақындар

Жиренше шешен

Жиренше (ХІҮ-ХҮ) — аты аңызға айналған дала данышпаны, шешен. Түркі халықтарына ортақ ойшыл. Өмірде болған тарихи тұлға ретіндегі болмысы аз зерттелген. Бірқатар өмірбаяндық деректерінің нақтылығына, шығармашылық стилінің айқындығына және автор ретіндегі есімі ел есінде ғасырлар бойы еш өзгеріссіз сақталғандығына қарамастан, Жиреншеге әпсаналық кейіпкер, жиынтық образ ретінде қарау басым. Шығыс мәдениетінің көне дәуірлердегі өкілдерін персонификациялауға күмәнмен қарауға бейім «евроцнтризм» салқыны сезіледі. Тіпті, әдеби лақап (псевдоним) пен жиынтық образ негізінде де шындық жататынын естен шығаруға болмайды. Жиреншенің шешендік сөздері — далалық өркениет тәжірибесінің жарқын көріністерінің қатарына жатады. Терең тағылымды толғамдар өміршеңдікке шақырып, ақыл-ой салтанатын түйсінуге мүмкіндік береді.


Өлеңдері Нақыл сөздері

Әз Жәнібек қасында ортасында Жиренше шешені бар бір топ нөкерлерімен құс салып, тазы жүгіртіп, сайрандап келе жатса, алдарынан көл шығыпты. Көл жағасында бір топ қаз бір-бір аяқтарын көтеріп, жусап тұрады. Хан жігіттеріне: Томағаларын сыпырып, кұстарыңды қоя беріңдер! — дейді. Жігіттер дабыл қағып, кұстарын қоя береді. Аяқтарын көтеріп, жусап тұрған қаздар екі аяқтап жорғалап барып, аспанға көтеріліп кетеді. Осы бір сөтті пайдаланған хан, Жиреншені тағы бір сынамақ болады.

— Жиреншем, әлгіде бір аяғымен тұрған қаздар, екі аяқтап жорғалап кетті ғой, бұл қалай?

Сонда Жиренше саспапты:

— Е, е, хан ием, сіздің басыңызға әңгір таяқ ойнатып, дабыл қақса, екі аяқтап емес, төрт аяқтап қашарсыз! — депті.

Ілмектер: қаз, нақыл, афоризм, қанатты сөздер Жиренше шешен

Жәнібек хан жолға шығар кезде Жиреншемен әрдайым: "Ананы қайтеміз, мынау қалай болады" деп ақылдасып алады екен. Содан соң Жиренше қалай мәслихат жасаса, тіл қатпай, оның дегенін істеуге өмір қылады екен. Бір күні хан асығыстау жолға шығайын деп қызметшілеріне:

— Тез күймемді дайындаңдар, күймеге қып-қызыл күрең алты нар жегіңдер, — деп өмір беріпті. Қызметшілер жылдамдатып алты қызыл күрең нар жегіп, күймені тұп-тура хан шығатын есіктің алдына әкеп қойыпты. Содан соң хан:

— Жиреншені шақырыңдар, меніменен бірге жүрсін, — дейді. Хан қызметшілерінің бірі жүгіре басып Жиреншеге жетіп келеді:

— Ау, Жиренше, хан жолға дайындалып, сізге тез келсін, меніменен бірге жүрсін деп жатыр, — дейді. Сонда Жиренше:

— Ханның жеккені не? — депті.

— Жеккені қып-қызыл алты нар өзір түр.

Жиренше айтыпты:

— Қазір барамын, ханға сәлем айт, күн бұлт екен де, — деп. Содан шақырушы ханға:

— Тақсыр, Жиреншені шақырдым, ханға сәлем айт, қазір барамын, күн бұлт екен деп айт деді, — дейді.
Айтулы сөздің астарын түсіне қойған хан қызметшілеріне:

— Алты нарды доғарып, күймеге алты тұлпар жегіңдер! — деп бұйырады. Тұлпарлар жегіліп әзір болған кезде Жиренше де келіпті. Сөйтіп хан екеуі жолға шығыпты. Жолда құбыладан қара бұлт көтеріліп жаңбыр құйыпты. Жер батпаққа айналыпты, соған қарамастан жануарлар сыдырта желіп отырыпты. Сонда Жиренше ханға қарап: — Жылқы малдың патшасы, түйе малдың қасқасы: түйе малының мынадай ми батпақта жүруі қиын, мен соны ойлап айтқан едім, — депті.

Ілмектер: бұлт, жаңбыр, түйе, нақыл, афоризм, қанатты сөздер Жиренше шешен

Әз Жәнібек хан жігіт кезінде өзінің бір топ достарымен серуен құрып келе жатса, алдынан бір аққұбаша бала кездесе кетеді. Жеті-сегіздер шамасындағы әлгі бала жалаң аяқ, үсті-басы жұлым-жұлым екен.

— Бұл елсіз далада неғып жүрген баласың?

— Сүтін ішіп жүрген жалғыз інгенім бар еді, содан айрылып қалып, осы даладан іздеп жүрмін.

— Інгенді тұсап қойсаң етті?

— Тұсап жүруші едім, тұсауы үзіліп кетіпті.

Жәнібек те жастайынан естияр, ақылды екен. Жетім баланың өлген шешесін жұмбақтап айтқанына түсіне қойыпты.

— Е-е, сенің шешең өліп, ана сүтінен айрылған жетім бала екенсің ғой, кел атыма мінгес. Жәнібек жігіт әлгі баланы атына мінгестіріп, үйіне әкепті. Жуып-шайындырып киіндіріпті. Ауыл адамдары оны түсіне қарап "Жиренше бала" деп атап кетіпті.

Болашақ екі дана жас кезінен-ақ осылайша кездесіп, өле-өлгенше бір-біріне ақыл-серік боп кетіпті, — дейді ел аңызы.

Ілмектер: жетім, нақыл, афоризм, қанатты сөздер Жиренше шешен

Ел ішінде Жиренше айтыпты деген әңгіме көп. Соның бірінде дуалы ауызды шешеннің тапқырлығына тәнті болмай отыра алмайсыз.

Қай заман екені бір Аллага аян. Жиреншенің атына сырттай қанық хан оны бір көрмекке, жүзбе-жүз отырып көшелі сөзін естімекке құмартады. Шақырту алған шешен айтқан уақытында хан сарайына келіп, табалдырықтан аттаған бойда:

Бір жасыңыз мың болсын! — деген екен.

Хан кісі тыңдап, ой түюге пейіл тұрады. Әзгенің асылын ажырата алмаса да жасыгына мін тағуға бейім келеді. Сол мінезбен Жиреншенің әлгі бір ауыз сөзін ұнатпай:

— Киелі орынның мәртебесіне сай сөз тауып айттым деп отырсың ба? — дейді мұқатыңқырап.

Жиренше аспай-саспай: "ділмөрім, бетіңді бір қайырып тастадым ба?" дегендей, тары на шалқая түскен ханға тіктей қарап:

— Сөзіңізге кұлдық, хан ием, — деп назарын өзіне аудартады. Адам өзі мың жасамайды, артында аты қалса, атына сай сөзі қалса, аты атына сай сөзі мың жасайды. Екінші мына опасыз жалған дүниеде бір көрген қызық дәурені бір күнге бергісіз болса, сол бір күннің өзі мың жылға татыр қызық дәуренмен өтсін деп едім. Сөзге тоқтаған хан Жиреншеге сол жерде астына арымас ат мінгізіп, үстіне тозбас шапан жауыпты.

Ілмектер: нақыл, афоризм, қанатты сөздер, дүние Жиренше шешен

Қарашаш Жиренше орта жасқа келгенде қаза болады. Жиреншенің бұрынғы жас күні емес, қыз қарастыруға ыңгайы келмей, бірер жыл жүреді. Бір күні Әз Жәнібек хан Жиреншеге: "Шешенім, сенің үйленбей жүргенің жарамайды: пәленшенің қатыны ерінің тірісінде жақсы әйелдің бірі еді, соны сен ал!" дейді. Жиренше шешен: "Сіз үйғарған болсаңыз жарайды", — деп сол қатынды алады. Арада біраз уақыт өткенде хан: "Шешен, мына қатының бұрынғылардай болатын ба, қалай?" дейді. Сонда шешен: "Күндіз екеуміз, түнде төртеуміз", — дейді. Хан: "Түнде төртеуің қалай" дегенде, Жиренше шешен былай дейді:

Ері есіне түседі, Теріс қарап жатады. Оныменен ол екеу. Қарашашты ойлаймын, Мен де теріс қараймын. Оныменен мен екеу. Оймен тауып жолдасты, Боламыз түнде біз төртеу.

Таң атқан соң оянып. Тұра келген тағы екеу! Қыздай алмай қатын болмас, Есік көрген мақұл болмас. Қанша жақсы көрем десе де, Бұрынғыдан жақын болмас. Байы өлген қатынды алу, Ойлағанда ақыл болмас.

Хан мен жиылған көпшілік шешеннің сөзін тыңдап "рас-ау!" десіпті.

Ілмектер: әйел, нақыл, афоризм, қанатты сөздер Жиренше шешен

Хан өзінің нөкерлерімен серуендеп келе жатқанда алдынан сақалы ақ, шашы қара бір адам кездесіп, сәлем береді. Былай шыққан соң хан қасындағыларға қарап:

— Әлгі адамның сақалының ақ, шашының қарасы қалай? — деп сұрайды: Сонда Жиренше:

— Үйде кейінген, түзде тебінген, қатыны жаман, аты шабан бір бейбақ шығар, — депті.

Ілмектер: қатын, әйел, нақыл, афоризм, қанатты сөздер, бейбақ, жаман, үй Жиренше шешен

Жәнібек хан тағы бір әңгіме үстінде: — Бұл дүниеде кімнің төрт құбыласы тең болмақ? — деп сұрайды. Сонда Жиренше шешен:

— Бұл дүниеде жүйрік аты, қыран құсы бар, өзі сұлу, мінезді қатыны, бес атар мылтығы бар жігіттің төрт құбыласы тең болады, ханым, — депті.

Ілмектер: дүние, ат, қыран құс, мінез, әйел, сұлулық, нақыл, афоризм, қанатты сөздер Жиренше шешен

Әз Жәнібек хан ноғайлы жұртымен бірге, қалмақ елін де қоса билеп тұрады. Ол ел тағдырын он екі бимен ақылдасып шешіп отырады екен. Бидің үлкені баяғы Жиренше. Бұл ердің білгірлігін сынағыш хан бір күні:

- Әу, Жиренше! Адам қалай қадірлі болады? - дейді.
- Қадірлі болғысы келген адамға үш жолдас керек, - дейді Жиренше табан астында.
- Иә, қандай жолдас?
- Бақыт, дәулет, ырыс.
- Ал басқа пәле қайдан?
- Басқа пәле тілден.
- Кәріліктің белгісі не деп білесің? - дейді хан.
- Қаратауға қар жауар.
- Қарсы алдынан жел тұрар, - дейді Жиренше.
- Қыз алған қалай?
- Қыз: "өзің білесің" дер.
- Жеңге алған қалай?
- Жеңге: "өзім білем" дер.
- Жесір алған қалай?
- "Балам білер" дер.

Бас биінің білгірлігіне хан осылайша тәнті болады екен.

Ілмектер: пәле, кәрілік, нақыл, афоризм Жиренше шешен

Өтірік пен шынның арасы - төрт-ақ елі.

Ілмектер: өтірік, шындық, афоризм, нақыл Жиренше шешен

Көзбен көрген - шын, құлақпен естіген - өтірік.

Ілмектер: өтірік, нақыл, шындық, афоризм Жиренше шешен

Қайран менің өз үйім - кең сарайдай боз үйім.

Ілмектер: сарай, афоризм, үй, қанағат Жиренше шешен

Он бес жас — құйын қуған желмен тең, жиырма жас — дауыл ұрған көлмен тең, отыз бес — ағып жатқан селмен тең, қырық бес — аю аспас белмен тең, жетпіс бесте - өр көңілің жермен тең. Сексенде — селкілдеген шал боларсың, тоқсанда — сексенге де зар боларсың, жүзге келсең — дүние қызығынан күдеріңді үз: өлмей тірі жүргенге мәз боларсың.

Ілмектер: жас, жастық шақ, кәрілік, қарттық, өмір, қызық Жиренше шешен

Төрт нәрседе үміт бар: жас - өсемін деп үмітті, жалғыз — көбейемін деп үмітті, жарлы - байимын деп үмітті, ауру — жазыламын деп үмітті. Көктемі мен жазы кетіп, жапырағы қуарған ағаштай ұрты солып, жағы суалған кәрілікте ғана үміт жоқ.

Ілмектер: үміт, жас, жалғыздық, жарлы, кедей, ауру, кәрілік, өмір Жиренше шешен

- Дүниеде не жетім?
- Жаңбыр жаумаған жер жетім, ата қонысынан ауған ел жетім, жарынан айырылған ер жетім..

Ілмектер: жетім, жер, ер, жар, ел, қоныс Жиренше шешен

Қыз алған қандай? - «Өзің білесің» дер. Жеңге алған қаңдай? - «Өзім білемін» дер. Жесір алған қандай? — «Балам біледі» дер.

Ілмектер: қыз, жеңге, жесір, өмір Жиренше шешен

Әкесі өлген — асқар тауы құлағанмен бірдей, шешесі өлген — ағар бұлағы суалғанмен бірдей, ағасы өлген — оң қанаты қайырылғанмен бірдей, інісі өлген — сол қанаты қайырылғанмен бірдей, апа-қарындасы өлген - өрісі тарылғанмен бірдей.

Ілмектер: әке, өлім, ана, шеше, аға, іні, апа, қарындас Жиренше шешен

Қыздай алмай қатын болмас

Ілмектер: жиренше шешеннің айтқандары Жиренше шешен

Атты мен жаяудың сәлемі жараспас.

Ілмектер: сәлем, қарым-қатынас Жиренше шешен

Қарап көріңіз