Өлең, жыр, ақындар

Қазақстандық Совет Одағының батырлары

СССР-ді қорғау жолында жасаған ерлігі мен батырлығы үшін Совет Одағының Батыры атағына ие болған қазақстандық қаһармандар. Ең алғаш қазақстандықтардан Совет Одағының Батыры атағы 1937 ж. 22 қазанда ұшқыш П.Ф.Шевцовқа (Шымкент обл., Түлкібас ст.) 1936 жылы Испания жерінде фашизмге қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін берілді. Кейін Совет Одағының Батыры атағына 1938 жылы 25 қазанда Қиыр Шығыстағы Хасан көлі жанында жапон самурайларына қарсы шайқастардағы ерліктері үшін қызыл әскерлер С.В.Гуденко (Солтүстік Қазақстан обл., Мамлют ауд.) мен Е.С.Чуйков (Талдықорған обл., Гвардия ауд.) ие болды. 1939-1940 жылдар ақ финдерге қарсы соғыста ерлік көрсеткен 2 қазақстандық жауынгер — В.К.Булавский мен Г. С. Пулькин де батыр атанды.

 Қазақстандық совет одағының батырлары қатарының көбейіп, олардың есімдерінің жұртшылыққа кеңінен таралуы 1941-1945 жылы Ұлы Отан соғысымен тығыз байланысты. Фашист басқыншыларына қарсы қантөгіс күресте мыңдаған совет адамдарына соғыста көрсеткен теңдесі жоқ ерліктеріне лайық ең жоғары атақ - Совет Одағының Батыры атағы берілді. Олардың ішінде жүздеген қазақстандық жауынгерлер де бар. Соғыстың бас кезіндегі қиын-қыстау күндерде, Москва түбіндегі шайқаста Алматыда жасақталған 316-(8-гвардия) атқыштар дивизиясының 28 панфиловшы- батырларының өшпес ерлігі қаһармандық пен табандылықтың жарқын үлгісі болды. Дубосеково разъезі жанында политрук В.Г.Клочковтың басқаруымен жаудың 50 танкісіне қарсы жекпе-жек шайқасқа шыққан 28 батырдың 22-сі — қазақстандық. Олардың ішінде 4 қазақ жауынгері Н. Есболатов, Ә.Қожабергенов, Ә.Қосаев, М. Сеңгірбаев бар. М. Ғабдуллин мен Т. Тоқтаровтың Москва түбінде жасаған ерліктері де ел аузында аңызға айналды.

Соғыс жылдарында ұшқыш Н. Гастелло мен жауынгер А. Матросовтың ғажайып ерлігін қайталаған батырлар есімі құрметпен аталады. Н. Әбдіров, П. Надеждин, С. Морозов, А. Скнарев, П. Теряев, М. Янко сынды қазақстандық ұшқыштар Гастеллоның ерлігін қайталап, қаһармандықпен қаза тапты. Қазақ ұшқышы Н. Әбдіров Сталинград шайқасы кезіндегі әуе ұрыстарының бірінде өртенген самолетін төмендегі жау колоннасына бағыттап, фашистердің алдыңғы шепке бара жатқан соғыс техникасының жүлін көкке ұшырды. Сол сияқты әскер бөлімдерінің шабуылын қамтамасыз ету жолында, жолдастарын бораған оқтан аман сақтап қалу үшін жаудың атыс ұясын кеудесімен жауып, қаһармандықпен қаза тапқан батырлар ерлігін де күні бүгінге дейін жұрт ұмыта алмайды. Матросовтың бұл ерлігін қайталаған қазақстандық 7 жауынгерге Совет Одағының Батыры атағы берілді. Солардың бірі С. Баймағамбетов 1944 жылдың қысында Ленинград түбіндегі ұрыста өз бөлімшесімен шабуылға шықты. Жау дзотынан қардай бораған пулемет оғы біздің шабуылды тоқтатып тастады. Осы кезде ол еңбектеп барып, бірнеше гранатпен пулемет үнін өшірді. Алға ұмтылған біздің жауынгерлерді келесі дзоттан жаудырылған оқ тағы да тоқтатып тастады. Гранаты таусылған Султан автоматынан дзотқа қарсы оқ атып көргенімен ештеңе шықпады. Фашистер ашық жерде жатқан біздің жауынгерлерді оқтың астына алды. Ызасы қайнап, қайткен күнде жау дзотының үнін өшіруге шешім қабылдаған Сұлтан дзотқа еңбектеп барып ұшып тұрды да, жау дзотының амбразурасын денесімен жапты. Мұны көріп алға ұмтылған біздің жауынгерлер жау шебін бұзып өтті. Бұл ерлікті С.Есқалиев, А. Сухамбаев, И. Бабин, И. Скуридин т. б. қазақстандық жауынгерлер қайталады. Совет жауынгерлерінің өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімі сәулетті болашақ үшін фашист басқыншыларына қарсы күресте ерлік пен батырлықтың сан алуан түрлерін тудырды. Бетпе-бет келген жау танкісіне қарсы сұрапыл жекпе-жектің қиын сәтінде бір буда гранат алып, жау танкісінің астына өз денесін төсеп қаза тапқан қазақстандық 7 жауынгерге - 28 батыр қатарындағы Ә. Қосаев, Қ. Спатаев, А. Үсенов, С. Нечипуренко, Т. Қабылов, Н. Ахременко, К. Клиновицкий - Совет Одағының Батыры атағы берілді. Бүкіл совет шығыс халықтарының мақтанышына айналған қаһарман қазақ қыздары М. Маметова мен Ә. Молдағулованың ерлік өмірі - Октябрь революциясы күңдіктен азат еткен қазақ әйелдерінің рухани күштерінің өлшеусіз өскендігінің айқын дәлелі. Ұлы Отан соғысының майдандарында Совет Армиясының елімізді жаудан азат ету үшін жүргізген стратегиялық операцияларының бәрі - совет жауынгерлерінің ерлігі мен табандылығының жемісі. Қазақстандықтардан Москва түбіндегі шайқаста 24 адам (6 қазақ), Сталинград ұрысында 3 адам (2 қазақ), Курск шайқасында 7 адам (1 қазақ), Ленинград майданында 10 адам (2 қазақ), Днепрден өту үшін болған ұрыста 118 адам (28 қазақ), жалпы Украинаны азат етуде 145 адам (30 қазақ), Белоруссия жеріндегі ұрыстарда 49 адам (17 қазақ), Молдавияны азат етуде 5 адам (2 қазақ), Прибалтика республикалары үшін 17 адам (4 қазақ) Совет Одағының Батыры атағын алды. 1943 жылы 12 шілдеде Курск түбіндегі ұрыстардың шешуші бір сәтінде танк ротасының командирі аға лейтенант В.М. Мартехов «КВ» ауыр танкісімен таран жасап, жау танкісін қиратты.

1943 жылы 13 қыркүйекте жау қоршауында қалған кіші сержант Е. Сиқымов жалғыз езі 2 сағатан астам ұрыс жүргізіп, 60 фашисті жайратты. Ақтөбелік ұшқыш капитан В.Синчук 1944 жылы ақпанда Новгород түбіндегі әуе шайқасының бірінде оғві таусылғаннан кейін фашист бомбардировщигіне таран жасап, өзі қаза тапқанымен жау самолетін біздің тылға өткізбеді.

1944 жылы 25 маусымда Белоруссия жерінде старшина I. Айтықов 5 адамды бастап, шабуылмен Батыс Двина өзенінен бірінші болып өтіп, кішігірім плацдармды басып алды. Фашистер 2 рет қарсы атакаға шыққанымен 4 пулеметі, 38 офицері мен солдатынан айырылып, кейін шегінуге мәжбүр болды. Біздің әскерлердің судан өтуіне жол ашылды. Сол сияқты қарағандылық М. Мамраев, ақмолалық А. Қурманов, петропавлдық Е. Дәуітов т. б. жауынгерлер Днепрден өтерде осындай ерлік жасап, біздің әскерлердің жау бекінісін бұзып өтуін қамтамасыз етті.

Европа елдерін гитлерлік езгіден азат ету, фашистік Германияны талқандап, Берлинді алу үшін ұрыстардағы ерліктері үшін де қазақстандық көптеген жауынгерлерге Совет Одағының Батыры атағы берілді. Польшаны азат етуде 35 адам (5 қазақ), Дунайдан өтуде 9 адам (5 қазақ), Румыния жерінде 8 адам (1 қазақ), Чехословакияны азат етуде 4 адам (2 қазақ), Венгриядағы ұрыстарда 16 адам (7 қазақ), Югославия жерінде 2 адам, Австрияда 1 адам, жауды Германия жерінде талқандауда 61 адам (12 қазақ), оның ішінде Одерден өту үшін болған ұрыста 19 адам (6 қазақ), Берлинді алу үшін болған шайқаста 9 адам (2 қазақ) Совет Одағының Батыры атанды.

Фашистік Германияны жеңудегі ұрыстарда гурьевтік лейтенант М. Баймұқановтың, ақтөбелік И. Балтабановтың, петропавлдық Ы. Ыбраевтың, алматылық X. Көбіковтың т. б. жасаған ерліктері құрметпен аталады. Берлин штурмы кезінде қостанайлық капитан С. Темірбаевтың ротасы шабуылдың үнемі алдында жүріп, Берлиннің 11 кварталын алды. Негізгі бөлімдерден алға ұзап кеткен С. Темірбаевтың ротасы оны қоршап, жоймақшы болған фашистердің 7 атакасын тойтарып, қаланың ортасындағы үлкен каналдан бірінші болып өтіп, кейінгі бөлімдерге жол ашты. Осы ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағын алған капитан С. Темірбаев рейхстаг қабырғасына өз атын жазды. Сол сияқты Достанай облысында туған аға сержант И.Сьянов бір рота солдатты басқарып, басқа бөлімдермен бірге рейхстагқа жеңіс туын тігісті. Мұнан кейін империалистік Жапонияны тізе бүктіруде 2 адам батыр атағын алды. Партизан қозғалысына қатысқан 3 адам — Ф.Ф.Озмитель, Н.В.Зебницкий, А.С. Егоровта жау тылындағы ерлігі үшін батыр атанды.

Қазіргі деректер бойынша Қазақстандық совет одағының батырларының жалпы саны 500-ге жуық. Оның 98-і қазақ. Ал ұшқыштар Т. Бигелдинов, С. Луганский, И. Павлов, Л. Беда соғыс жылдары бұл құрметті атақты екі рет алды. Қазақстандық батырлардың ішінде орыс, украин, татар, башқұрт, өзбек, лезгин (1), корей (1) т. б. ұлттардың өкілдері бар. Қазақстандық совет одағының батырларының өшпес ерліктері Ұлы Отан соғысының шежіресіне алтын әріппен жазылды. Бұл ерліктер — Отанға шексіз беріліп, қызмет еткендіктің, коммунизм ісі үшін күрескендіктің жарқын үлгісі. 1971 жылы шілдеде СССР ұшқыш-космонавы ақтөбелік В. И. Пацаевқа Совет Одағының Батыры атағы берілді. Қазақстандық совет одағының батырларының көпшілігі қазіргі күнгі бейбіт өмірдің әр саласында жемісті еңбек етіп жүр.


Әдебиет тізімі:
1. Қазақстандық Совет Одағының Батырлары. 1-2 т. -А., 1968;
2. Покровский С. Н. Казахстан в Великой Отечественной войне. Очерки. –Т.1. -А.-А.,  1968;
3. Белан П. С. Казахстанцы в битве на Курской дуге. -А.-А., 1968;
4. Казахстанцы боях за Ленинград. -А.-А., 1968;
5. Едыгенов Н. Участие казахстанцев в партизанском движении в Белоруссии в годы Великой Отечественной войны. -А.-А., 1972.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз