Эссе және өлең-жыр байқауы

Ақыл жастан

Торайғыр мен Шоң — Арқадағы сүйіндік елінің азулы билері, айтулы шешені болған, ХХ ғасырда өмір кешкен ағайынды адамдар. Түйенің екі  өркешіндей ағайындылардың шешендік даңқы, шонжар, шынжырбалақ-шұбартөстік атақтары, билік-беделдері Орта жүзге жайылған екен.

Ағайынды екеуі бірін-бірі күндеп, бір атым насыбайдай нәрседен өкпелесіп, бірінің алдына бірі кішірейіп, бас ұруды намыс санағандықтан, өкпелері ұлғайып кетеді.

Еліне екі биден мысын асырар, сөзге алымды ешкім болмағандықтан, ағайын ара тұрып, екеуін татуластыруға әрекеттенгенмен беттері қайтып, таулары шағылады.

Барлықтан басы айналып, кеуделері байлықтың буына піскен, біріне-бірі кішірейсе, атақ-дәрежелеріне нұқсан келетіндей көрініп, бойларын  кеселге, ойларын астамшылыққа жеңгізген екі бидің көңілдеріне жібіместей тоң байланып, мүлде көрісіп, бітіспеуге айналады. Шоң бүйтіп  қырғиқабақ күн кешкенше, еліне біржола кетпекке бекініпті. Ол үйлерін жығып, жұртын тастап, көшін бастап Бағаналы-Наймандағы  нағашысы Бабырға жетпек боп жолға шығады. Жұртынан қозыкөш жер ұзап шыққанда Торайғырдың қойын жайып жүрген Тазша бала Шоңға  сәлем беріп, оған былай деп тақпақтата жөнелген екен:

— Бұл барғаннан барарсың
Бағаналы-Құлнияз Бабырға.
Өзіңде жейтін бар болса,
Сыбағаңа тартады
Бір сыдырғы қабырға.
Ат-айғырың көп болса,
Барымтасына жарарсың.
Қыз-қатының сұлу болса,
Бозбаласына жағарсың.
Ел көшкенде түңлігіңе бір қарарсың,
Мұндағы Торайғыр-Шоң деген,
Бұл аттан да айырылып қаларсың.

Баланың сөзі Шоң бидің көкейіне қона кетеді. Атының басын тартып, ойға қалған Шоң ағайын арасындағы өкпеге бола туып өскен ел-жұртын тастағанмен, жат елге барып опа таппайтынына көзі жетіп, көшін қайтарған дейді.

Сөйтіп, тапқыр баланың табынды да табанды сөзіне ешкімге илікпеген әйгілі би еріксіз илігіп, қатесін мойындап, райынан қайтыпты. «Дау сөзге тоқтайды» деген осы болса керек.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...