Эссе және өлең-жыр байқауы

Мұңсыз адам

Бір патшаның ханымы ауру болып, жұрттан неше-неше дәрігер жидырып, ем еткізсе де ешбір дауасы табылмады. Патша мұнан соң бақсы-балгерлерді жидырып жарлық айтты:

— Балдарыңызды ашып, осы ханымға не ем болатынын табыңыздар, егер таппасаңыздар бәріңізді де астырып өлтіремін, — деп.

Бақсы-балгерлер қорқып, сасып тұрғанда, ішінде біреуі айтты: «Мен бұл аурудың емін таптым». Сол сөзбен мұны ханға алып келісті. Бұл балгер ханға айтты:

— Дүниеде мұңсыз кісі тауып, соның көйлегімен қақтырсаңыз, бұл ауруға сол ем екен.

Патша жер жүзіне жасауылдарын таратып, қанша іздесе де мұңсыз адам табылмады. Біреу бай, не бақты болса баласы жоқ, екеуі де болса не қатыны, не баласының мейірімі жоқ, болмаса біреулерден көрген кемшілігі бар, болмаса не өзі, не қатын-балалары сырқау, ең болмаса сол айтылғанның бәрін құдай берген болса, қанағат жоқ болғаннан уайымы көп — тағы ілгерірек болмадым деп.

Күдер үзіп, мұңсыз адам жоқ екен деп қойған кезде, бір күн патшаның баласы келе жатса, бір кедей адам даладағы бұзылған тамның түбіне келіп айтады: «Бүгін жұмысымды бітірдім, қарнымды тойдырдым, енді не уайымым бар, кел жатып ұйықтайын» — деп, тамның қасындағы жиынды салам үстіне жығылды да жатты. Сәлден соң қорылдап ұйықтап та қалды.

Патшазада мұны көріп, мұңсыз кісі таптым деп патшаға хабар берді. Патша қуанып, жасауылдарын жіберді, ол мұңсызды алып келіңіз деп. Алып келген соң, бұл адамға алтын-күміс беріп, енді көйлегіңді бер деп қараса, мұңсыздың үстінде көйлегі де жоқ екен.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...