Өлең, жыр, ақындар

Қаратай

Ерте заманда үш ағайынды жігіт болыпты: үлкенінің аты — Сарытай, ортаншысы — Торытай, ең кішісі — Қаратай.

Жігіттер аң аулаумен кәсіп етіпті. Әр күнде кішісі аңға шығып аң аулады, үлкен Сарытай үйде қалып аңшыларға ас даярлаушы еді.

Бір уақытта Сарытай үйде отырып ет пісіріп отырса, даладан бір зор дауыс естілді. Сарытай қорыққанынан жалма-жан орнынан тұра келіп, далаға шықты, далада ол не көрді? Сақалы қырық тұтам, бойы бармақтай, түсі суық адамды көріп қорыққанынан өле жаздады.

Құдайдың кем жасаған байғұсы Сарытайға қатты ақырды, һәм оған бұйырды: «Мені аттан түсіріп ал!» — деп. Сарытай есі шығып кетіп, қорыққанынан шалға жетіп келіп атынан түсіп, һәм үйге әкелді. Үйде ет ошақ үстінде тұр еді.

Ергежейлі шал Сарытайға: «ет бер», — деп бұйырды. Байғұс Сарытай оның барша бұйырғанын орнына келтіре бастады. Қазаннан етті түсіріп алып, шақырмаған қонағының алдына қойды.

Қонақ кірпік қаққанша табақты тазалап, тағы да ет сұрай бастады. Сарытай қазаннан бәрін алып жалмауыз қартқа берді.

Бір жапырақ еттің артынан бір жапырақ ет біздің батырдың аузына қарай жұмарланған уақытта Сарытайдың көзі ілеспеді.

Астан соң қонақ атына мініп үйіне қайтты. Сарытай інілері аңнан келген шақта болған уақиғаны оларға айтты.

Екінші күн үйді қарауылдауға, һәм ас даярлауға ортаншысы Торытай қалды. Оған тағы да баяғы біздің алып келді һәм бұл келе қазанды тазалап үйіне қайтты. Міне, кезек ең кішісі — Қаратайға келді үйде қалып, үй күзетіп, ас даярлап тұруға.

Қаратай өлең айтып отыр еді, кенеттен шыңғырған дауыс естілді.

Қаратай батыр далаға шығып көрді қырық тұтам сақалды шалды. Баяғы әдетінше ергежейлі Қаратайға қышқырды. «Мені аттан түсіріп ал» — деп.

Қаратай қорықпай, жай тұрып айтты: «Бізге келген қонақ аттан өзі де түсетін. Оның үшін мұнда қызметкері жоқ», — деп.

Қаратайдан қарсылық көрген соң біздің батыр ергежей шал ақырын жұмсап, һәм даусын төмендетті. Қимылдамай, ешбір жайтақтамай, бос баланың тұрғанын көріп, ергежейлі аттан өзі түсіп, һәм ет асулы тұрған үйге өзі кірді. Ергежейлі Қаратайға қарап айтты: «Сен маған қазаннан ет алып бер!» — деп.

Жарықтық бос бала қазаннан етті түсірді, табаққа салды. Шақырмаған қонақтың алдына қойды. Қонақ еттің бәрін жеп тағы да зорлай бастады ет сұрап. Сонда Қаратай оған айтты: «Біздің қонақтарымыз бұрын бір табақтан көп жемейтін еді, һәм сұраудың да реті жоқ, себебі — мұнда ағаларымның да сыбағасы бар. Олар аңнан қайтса керек, һәм қазанда қалған етті жесе керек» — дейді.

Жігіттің бұл айтқанына ілтипат етпей ергежейлі өзі-ақ етті билей бастады. Жас адам ергежейлінің өз бетімен істеген ісіне намыстанып, жігері қайнап алысуға бар күшімен ұмтылып, ұзын сақалынан алды. Ілездің арасында зор төбелес болды. Ақырында Қаратай жеңіп, шалды сақалынан үлкен бәйтерекке байлап қойды.

Түнде ергежейлі сақалын үзіп алды да қашуға бет қойды. Ертеңінде балалар көрді шалдың бәйтеректе жоқ екенін. Бірақ орнында баяғы өзі байлаған сақалы бәйтеректе қалыпты. Балалар кегін алуға ойлап жүр еді, қууға артынан кетеді. Жігіттер көп іздеп енді еш жерден таппады. Міне, ақырында тесікке келді. Қаратай өзінің тілеуі бойынша арқаннан ұстап төмен қарай түсіп кетті. Ағалары арқанды ұстап қалды. Шұңқыр түбінде ол бір аппақ сүттей бір үйді көрді. Қаратай бұл үйге кірді, үйдегі сұлу үш қызды көрді. Үш сұлу жас адамды көрген соң тиісті әдеппен тұра келіп, орындарынан тағзымшылық көрсетісті. Сұлулар үндемей тұрды. Қаратай оларға қарап сұрады: «Қарындастарым, сақалсыз, бойы бір тұтам кісі көрдіңдер ме?» деп. «Көрдік — деді қыздар. — Жігіт, сақтанғайсың ол залымдардан, барсаң, сені өлтірер, біз сені аяймыз! Ол біздің көрші үйде жатады». «Жоқ! Мен барамын ол залымға!» — дейді Қаратай енді. «Егерде ол төбелес ете бастаса, сұлулар сіздер қайсымызға болысар едіңіздер?» — деп Қаратай сұрады. «Сізге болысар едік», — деді қыздар. Қызу жігіт Құдайға сыйынып, қашқын жатқан үйге қарай бет қойды. Қаратай онымен көп алысып, ақырында күші азая бастады шаршап. Қаратай су ішкісі келген соң, шөлін қандыруға ергежейліге қарап біздің Қаратай осындай сөз толғайды: «Қарт, жібер мені су ішуге!» — деп. Қарт көптен-ақ осындайды тілеп тұрған, біздің батырға рұқсат берді. Қаратай баяғы таныс сұлуларға келіп, олардан ішуге су сұрады. Сұлулар (көк мойындар) жас боз балаға жай су бермей, адамға күш беретін су берді. Қаратай суды ішіп, көп күштің пайда болғанын денесі сезді. Ергежейлінің су ішкісі келді. Ол да қыздарға келіп су сұрады олардан. Айлакер, мікір көк мойындар сүймейтін шалына адамның күшін азайтатын су берді. Көкмойын сұлулардың суыменен күшейген Қаратай бір қойып қыздардың суымен күші кеткен шалды өлтірді де, бір тілеген мұратына жетті.

Шалды өлтіріп Қаратай өзіне жақсылық еткен сұлуларына келді, һәм оларға айтты: «Сүйікті сұлуларым, неге сіздер жер астында тұрасыздар, шырақтарым, сіздерді Құдай ұрған залым алып қашқан жоқ па?» деп. Осы сөзді естіген шақта сұлулардың көздеріне жас толып, басын төмен салып, ең үлкені көзіндегі жасыменен өзінің қайғылы хикаятын бастады:

— «Зейініңді салып тыңдағайсың, мен өзімнің хикаямды айтайын. Біз үшеуміз бір туысқан. Жер үстінде тұрушы Сарманқұл деген тәуір байдың қыздары едік. Ол біздің атамыз бүтіл дүниеге мағлұм еді. Өзінің нағыз алтыннан салдырған әйбат сарайыменен һәм бақшасыменен, оның ішінде әртүрлі дүниенің кереметі бар еді.

Біздер осы әйбат сарайдың ішінде тәрбиеленіп едік. Әр күн шешеміздің күңінің қарауынша бақшаға барып, сайран етуші едік, бейне бір ұжмақтың құсына ұқсап сайрап мереке етуші едік. Ол бақшаның ішінде әр құстар сайрап, гүлдер жақсы иіс беріп, күмістей суларыменен бұлақтар ағып, жыл бойынша әртүрлі жемістер пісіп тұрушы еді.

Бақшаның қызығымен алданып кештің болғанын біз білмей қалыппыз. Кенеттен күн түнеріп, жай жел болып, сөйте-сөйте ұлғайып дауыл тұрды. Күн күркіреп, нажағай ойнап жер солқылдады. Білінбей біздерді бір нәрсе төмен тартты. Көз ашып-жұмғанша біз осы ақ үй ішінде пайда болдық.

Осы үйдің иесі ергежей қарт, оны сен жігіт, қазір өлтіріп тағдырмен осынша кемдікке кіріптар болған бізді құтқардың. Сенің сипатыңды, өзіміздің құтқарушыны көріп тұрмыз. Бүтіл өміріміз бойынша Құдайдан тілеріміз бізді кәбабтан құтқарғаныңыз үшін сізге зор рахмет етсін!» — деп. Жас адам байғұстың айтқан сөзіне рақымы келіп, бақытсыздықтарына көп қапаланды.

Ол өзіне өзі міндет етті, бақыттың құсын бұлардың басына қондыруға, жарық дүниені көрсетіп некелендіріп қосуға.

Қаратайды арқан ұшына байлап тесікке жібергендегі осы арқан ұшына үлкен қызды байлап тарт дегендей белгі еткенде, ағалары арқанды тартып көтеріп алып, Құдайдың жарығын көрсетті. Арқан ұшында інісінің орнында қызды көріп, шошып кеткендіктен, тіпті жеткізіп айтуға мүмкін емес! Жүректеріне қан толып бейне ақымақ әйелше ақыра бастады. Ақылды қыз оқиғаның баршасын айтып еді, жігіттер босылды. Арқанды тағы төмен жіберіп, қыздарды жарыққа шығарды. Ойбай, Қаратай, қандай-ақ жаман ағалары! Әлгі қыздардың сұлулығына қызығып, алуға талап етіп, осындай залымдық іске бел байлады. Қаратайды жер астында қалдырып, өздері бәрі де қымбат бағалы табыстарымен жөнелді. Екі жігіттің дінсіздігін көріп кіші қыз бәрінен сұлу, һәм ақылды еді, екі мырзаға қарап бір сөз айтқаны: «Ей, жақсы жігіттер, не себептен мәңгі азапқа өздеріңізді ініңізді тастайсыздар? Нендей жазасымен осындай азапқа лайық? Шындарыңызбен-ақ осындай таза жігітті өлімге қиғандарыңыз ба? Қаратай сіздерді де, біздерді де құтқарушымыз емес пе? Құдайдан қорқыңыздар, біреуді бақытсыз етіп бақытты боламын деп ойламаңыздар. Сіздер еш уақытта бақытты болмайсыздар, бүгін болмаса ертең оның кебі бастарыңа келеді. Құдай аққа береді, ол жаза етер».

Бұл айтқаны залымдарға еш нәрсе болмады, һәм тебіренбеді. Сонда кіші қыз жылап тұрып айтты. «Мен сіздермен жүрмеймін, оның жанында қаламын, осы жердегі өлім маған сүйкімдірек сендермен қайғы жұтып есірікпен жүргенімнен де» — деп байғұс зар жылап, ақырында өзін өлтіруге бел байлады. Жігіттер өзін өзі өлтіруіне жібермей, қол-аяғын байлап, арттарына қарамай қайта бастады.

Қайыр, жігіттер жүре тұрсын, біз Қаратайға қайталық. Қаратайдың іші көптен-ақ сезді. Залымдығы үшін ағаларын қарғамай, Құдайға жалбарынды, оларды ақылды ет деп Құдайға тапсырып. Жер астында бір үлкен тесік көрді. Тесікке кіріп еді — бір ақ сақалды шал отыр. Оның алдында сөнбейтін от жанып тұр. Ол барша зейінімен үлкен дұғалық кітап оқып отыр. Келушіні байқамай шал кітабын оқи берді. Қаратайдың сөзіменен оқуы бөлінді. «Әссалаумағалейкүм, Құдай рахмәті саған болсын», — деді. Қаратайды көргенде оның көзі оттай жайнап, мұрты күлімдеп жылы дыбыспен айтты: «Қош келдіңіз, сүйікті ұғылым, Қаратай», — деді. Қаратай ғажапқа қалды таныстығы жоқ қарт атын атағандығына. Шал мұрты күлімсіреп айтты: «Міне, енді келді көп күткен қонақ, отыр, адам ұланы, һәм тыңда менің қайғылы хикаямды. Қырық жыл — менің бұл шұңқырда тұрғаныма. Бүтіл өмірімді сарып еттім дұғалық кітап оқуға. Бізді тағдыр өзі қосты, сен маған ұғыл боларсың, мен саған ата болармын. Сенің маңдайың жарық, бақытың жарқырап тұр. Уақытша ағаларың қорлық еткен, һәм уақытша ғашығыңнан айрылыпсың, ол әлі сені ұмытқан жоқ. Күнімен сені ойлайды. Сенің ағаларың арам қолдарымен ұстамаққа гүл секілді тәніне талап етеді, бірақ көрінбес періште сен үшін денесін қорғайды, Құдай сақтап тұрған әулиенің қолын өзің білерсің. Ол сенікі. Екеуіңіз бақытты болып, некеменен қосылып қосақтық өмірді рахатта өткізерсіз. Осындай зор мәртебеге досың сүйініп, дұшпаның күйінер. Міне, тағы саған бір сөз: ағаларыңның айыбын кеш, зор кінә етті олар, сені жер астына тастап, сенің қалыңдығыңды алайын деп байғұс солар да зор азап тартып тұрады. Оның үшін Құдай сені жарылқар кең рахметіменен мәңгі дүниеге шығып. Енді ұйықта, бейшара жолдан шаршаған шығарсың қайғыменен», — деді. Шалдың сөзі Қаратайды қуантты. Шалдың аяғына көз жасымен жығылып, қолын сүйді. Ол барша азабын ұмытып, һәм шаршағанын ұмытып, ақырын жақсы тәтті ұйқыға кетті. Сол уақытта шал ұйықтамай өзінің тәуір көретін кітабын оқи берді. Кенеттен ол әйдік ақ құс болып ұйқыдағы Қаратайды арқасына мінгізіп, көз ашып-жұмғанша жігітпен Құдайдың жарығына шықты. Үш жұма, үш күн өтті. Қаратай әлі ұйқыда. Шал оны бір залым залал етер деп күзетіп отырды. Міне, батыр оянды, жан-жағына қарап көрді тауларды, ормандарды, тез аққан өзендерді, айналасына көз жетпейтін көк ауаны. Осының әммесіне сенбей Қаратай қуанып сақылдап күлді. «Ей, Құдайым, нендейін ғажайыппен мен дүниеге шықтым?! Сен Құдайым, құдіретті, күшті, һәм әділ шал сипатында етіп маған құтқарушы жібердің. Осы сөзбенен шалдың мойнынан құшақтап сүйіп, «ата-анам, құтқарушым!» дедім. Шал: «Сені Құдайға тапсырдым» — деп көзден ғайып болды. Қаратай шалдың ақ көңілді екеніне, жұмсақтығына, көбінесе көз ашып-жұмғанша ғайып болуына ғажапқа қалып, һәм бірнеше минуттай қимылдамастан қалды. Бұл шал Қызыр пайғамбар еді. Құдайым оны бейшара болған Қаратайға жіберіп еді, жер астында жатып көп жалбарынып еді. Бейне оқ тиген жолбарыстың баласындай сабырсыздығы қайнап не болса да тез өзінің ғашығын іздеуге орнынан ұшып түрегелді сонша дүниеге ашуланғандай жәбір көрген түсіменен. Қаны қазанша қайнап, көзінен қаны төгіліп, ашудан тұла бойы дірілдеп ғашықтықтан шөлдеді. Нақ осы уақытта ол естіді ғайыптан бір дауысты: «Қапаланба бәрі де болар, тез алдыңнан шығар!»

Шалдың айтқаны келді. Қаратай ашуменен қайда барарын білмей отырғанда оның бақытына шаршаған қашқын иттердің үстіне келді. Тілемеген ағалары інісін көріп қорыққанынан өле жаздап, оның аяғына жығылды.

Сұлудың қуанғанынан жүрегі жарылып кете жаздады. Қуанғанынан өзін ұмытып, бақытты менің кіші сұлуым, шыдамай, қуаныштан шыққан көз жасымен батырдың мойнын жуды. Батыр оның бетін шөпілдете сүйіп, сүйікті көкірекке сүңгіп кетті. Батырда қимыл жоқ. Көкірегіне басын тыға, сүюменен жауап берді. Ақ көңіл Қаратай ағаларының айыбын кешті, бірақ сұлулардың бәрін бермеді, өзі бізге белгілі сұлуды алды, отыз күн ойын етіп, қырық күн тойын етіп кенелді. Әммеге де шаттық болды, бірақ екі залымға жаман болды. Қаратайдың құдалығының артынан қалған екі сұлудың құда түсерінің ойыны болды, олар да ғашықтықпен шығысты белгілі адамдарға. Енді біздің ертегіміз бітті, мұрат хасыл болып, мұнан соң да Қаратай қосағымен көп өмір сүрді. Сүйікті қосақтардан балалар туып, әкесіндей батыр болды. Ей, менің ақкөңіл құрметті тыңдаушыларым, Қаратайша мақтаулы іс етіп дүниедегі жақсылықпен, қосақтықпен рахаттаныңыздар!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз