Өлең, жыр, ақындар

Асан қайғы би

Ол 1361-1469 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, қазақтың данышпан ақылгөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі, Үйсін Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған «дала философы», осындай ойшыл, ел қамын жеп, қайғы-қасірет кешкен Асан атына кейін «қайғы» сөзі қосылып аңыздалып кеткен. Шежіре — аңыздардың айтуынша Асанның әкесі Сәбит ұзақ жасаған, он сегіз мың ғаламның, құстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел әулие, атақты саяхатшы болса керек. Ол баласы Асанды ес білгеннен осындай қасиеттерге баулып өсіреді. Сондай өнегелі, ұлағатты тәрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған халқының қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болуы жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, оларға ақыл қосысады, ой-пікір жарыстырып, тайталасып ержетеді. Бозбала кезінен-ақ ол ақындық-жыраулық, шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгереді. Ел дауын, жер дауын, әдет-ғұрып мәселесін шешерде оның ақылдылығы, алғырлығы, кесімді, шешімді билік сөздері өзге би, шешендерден үстем боп шыға береді. Осындай ерен зор талантын байқаған Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхамед оны өзіне ақылгөй бас би етіп, сарайында ұстайды.

Ұлұғ Мұхамед (туған жылы белгісіз, 1445 ж.ө.) бүкіл ноғайлы елін билеген, Алтын Орда ханы, кейін қазақ хандығын құрушы, Қырымға дейін билік жүргізуші атақты Тоқтамыс ханның немересі еді. Асан жырау сол Ұлұғ Мұхамедпен бірге талай-талай мәселелерді басқаруға, шешуге араласады. Ұлұғ Мұхамед өлген соң Асан би Дешті Қыпшаққа қайта оралады. 1450 жылдан бастап Әбілқайыр хан қарауында билік құрады. Бұл кезде де Асан би көптеген хандық, билік тартыстардың қайнаған ортасында жүріп, өзінің шешендік, пәлсапалық жыр-толғауларымен ел құрметіне бөленеді. Сол тұстағы Жәнібек, Керей хандармен пікірлес; саясат ісіне араласып олардың ақылгөйі болады. 1456-60 жылдары Шу бойында қазақ ордасы құрылғанда Асан жырау жаңа орданың ұраншысы, абызы болады. Жәнібек, Керей хандарды оңтүстік жаққа емес, батысқа — Жайық, Жем бойына қоныстануға үгіттейді.

Алайда ордадан бөлінген ру Шу, Сарысу бойына орналасқан соң, ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуы жолында күреседі. Асан қайғы Сәбитұлы ең алдымен хандық үкіметті күшейту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажет деп санайды.

«Жәнібкек ханды уақытша табысқа мастанып кеттің, қазақ халқының болашағын жете ойламайсың деп сөгеді»

Бір жазда Әбілқайыр хан өзінің Маңғыт деген әйелінен туған тұңғыш ұлы қайтыс болып, ас береді. Бұл ұлан-асыр ас Ұлытау мен Ақкөл аралығындағы көк орай шалғынды кең далада өтеді. Асқа аяқ жетер атыраптан көп халық жиналады. Ханды құрмет тұтқан жер-жердегі бай, бектер, сұлтан, билер бірінен-бірі асыра тарту-таралғысымен артынып-тартынып жетеді. Ас бірнеше күнге созылады. Ат жарыс, бәйге, көкпар, күрес дейсің бе, әйтеуір қазақ дәстүрінде бар барлық салт-сана, ойын-сауықтың бәрі өтеді. Ақындар айтысады,күйшілер күй шертеді, әншілер ән салады. Хан сол бір асты өзінің ақылгөй абызы сарай жырауы Асан қайғыға басқартады. Бірнеше күнге созылған осы жиынды Асан жырау:

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады, — деп бастаған екен дейді ел.

Осы ас өтерден бірер жыл бұрын Асан қайғы жырау халқының болашақ қамы үшін қазақтың кең дала, қаласын шарлап, «Жерұйықты» іздеп оралған екен. Оны көптен бері көрмей, аталық ақыл, өсиетін тыңдай алмай, сағынып аңсап жүрген ел-жұрты сөз иіні келген кезде өздерінің сұрақ, өтініштерін тұс-тұсынан жаудырыпты. Біреулер: «Қалай еткенде елге әділдік орнайды?» дегенде ол:

Әділдіктің белгісі,

Біле тұра бұрмаса.

Ақылдының белгісі,

Өткен істі қумаса.

Жамандардың белгісі,

Жауға қарсы тұрмаса.

Залымдардың белгісі,

Бейбіттің малың ұрласа.

Надандардың белгісі,

Білгеннің тілін алмаса.

Шамаңша шалқып көре бер,

Қабірге әзір қоймаса.

Артыңда қалар атақ жоқ,

Тіріде даңқың болмаса,

- деп термелепті.

Асан қайғының ойынша «Жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін ұжмақ бар, оның аты — «Жерұйық». Бұл елді алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел аласы, ру таласы жоқ» Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген, Асан қайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады.

Ертісті көргенде: «Мына шіркінің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер», - екен депті.

Түндікті өзенін көргенде: «Он екі қазылық Ой түндік, маңырап жатқан қой түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен», - деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан «Үш қара» атанған екен таудың аты. Қызылтауға келгенде: «Тау-тасы кеш болғанда қой болып ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен» — депті.

Баянауыл тауын көренде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар, ол тұзы ауыр екен; бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен» — депті.

Шу, Сарысуды кешіп өтерде: «Мына шіркінің екі жағы борбас екен. Баланың іші қуырылмайтын, пышағы қыннан суырылмайтын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын жер екен», - депті.

Қаратауды көргенде: «Көкектен басқа құсы жоқ, көкпектен басқа шөбі жоқ, жер азғыны мұнда екен », - депті.

Ащы бойына келгенде, артына қарап: «А,Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен», - депті.

Шідерті өзенін көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп ардақтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Жылқы шідерлеп қойғандай тоқтайтын, жылқының қонысы екен», - депті.

Өлеңті өзенін көргендетоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. Аз тұрып: «Өлеңтінің суы — май, Шідертінің шөбі — май.», - деп жүре беріпті.

Сілентіден өтіп Жалаңаштың тұсына барғанда: «Аттың төбеліндей Жалаңащ, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, онан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің», - депті.

Есіл өзенін көргенде: «Алта күнде ат семіртіп мінетін жер екен», - депті.

Торғай өзенін көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен», - депті.

Терісаққан өзенін көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен», - депті.

Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қара тауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен», - депті.

Сулы Келес, Құрлы Келес өзендерін көргенде: «Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін қара! Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен.

Екі Келес, бір Талас,

Бал татыған жерің-ай,

Ағайының аралас,

Тату екен елің-ай.

Желмаяға өңгертіп,

Алып кетер едім-ай,

Сыймаған соң алдыма,

Әттең, дүние, дедім-ай!» —

депті.

Асан қайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: «Ай, Жиделібайсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тып-тыныш мамыражай ел екенсің», - депті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз