Эссе және өлең-жыр байқауы

Қазыбек би

Төле би тоқсан жасқа келгенінде Қаз дауысты Қазыбек би сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгімі-дүкен құрып отырғанында:

— Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, — дейді Төле би.

— Айтыңыз, Айтыңыз.

— Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.

Отырғандар таң-тамаша болады.

— Бұл не деген жұмбақ! Осындай да жұмбақ бола ма?

— Би-аға, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз? — дейді Қаз дауысты Қазыбек.

— Рұқсат, рұқсат.

— Бір дегеніміз — бірлігі кеткен ел жаман.

— Екі дегеніміз — егесіп өткен ер жаман.

— Үш дегеніміз — үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.

— Төрт дегеніміз — төсектен безген жас жаман.

— Бес дегеніміз — белсеніп шапқан жау жаман.

— Алты дегеніміз — асқынып кеткен дерт жаман.

— Жеті дегеніміз — жас келіншек жесір қалса, сол жаман.

— Сегіз дегеніміз — серпілмеген қайғы жаман.

— Тоғыз дегеніміз — торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпеген сол жаман.

— Он дегеніміз — оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, — дейді Қаз дауысты Қазыбек.

— Рақмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, — деп Төле би Қазыбекке разы болыпты.

***

Қазыбек беріде елге белгілі болған кезде бір бала үшін дауласып, екі әйел алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің бірі:

— Мынау баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалттым, соны мынау әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді, — дейді.

Екінші әйел тұрып:

— Бала өзімдікі, өзім таптым. Мынау босқа жармасын тұр, — дейді. Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін:

— Бірің балңды жоғалқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мынадай билік еткім келеді, - дейді де, баланың екі қолын екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны ұстап көтеріп тұрып: «Екеуіңе бұл баланы қақ бөліп берейін, осыған ризасыңдар ма?» дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:

— Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! — деп безерленіп тұрып алады. Ал баланы таныған әйел:

— Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де тірі болсын, шаба көрмеңіз! — деп безек қағады. Содан барып Қазыбек:

— Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірлігін тілеп тұр, баласын өзіне бер, — деп билік айтады.

***

Қазыбек бидің толғауы:

Өркенім өссін десең,

Кекшіл болма —

кесапаты тиер еліңе.

Елім өссін десең,

Өршіл болма —

өскеніңді өшірерсің.

Басына іс түсер пақырға

Қастық қылма —

қайғысы көшер басыңа.

Жанашыры жоқ жарлыға

Жәрдемші бол асыға,

Қиын-қыстау күндерде

Өзі келер қасыңа.

Бүгін сағы сынды деп,

Жақыныңды басынба!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...