Өлең, жыр, ақындар

Қара арал

(хикаят)

1929 жылдың қаңтары аяқталып қалған еді. Теңіз дауылы порттың аласа үйлерінің терезелерін суық тамшылармен соққылап жатты. Петровскінің көше-көшелерінде қара жаңбыр шулап жауып тұрды. Таулар мұнарланып жатыр. Петровскінің солтүстік бетінен Астраханьға дейін теңізді мұз құрсап тастаған еді.

Ақгвардияшылар басып алған ескі пароход "Николай" буын бұрқырата бастады. Ыбырсыған каюталарда өткен жылдың күнтізбесі мен шыбындар қоның, шұбарлап тастаған Колчактің портреттері ілулі тұр. Палубаға темекінің тұқылдары мен сарғайған газеттер жабысып қалыпты. Штурманның рубкасында суықтан көгеріп кеткен вахта күзетшісі үрпиіп капитанды күтіп отыр. Капитан қалаға барып, жоғалып кететінді шығарды.

Кеменің камбузының — асханасының кернейінен көтерілген сасық түтін көктің тышқанның қиы қосылған арпа ботқасын жасап жатқанынан хабар берді. Бірақ команданы зәрлі тат секілді ірітіп жатқан сары уайымды осынау оқиға да сейілте алмады. Матростар кубрикте сұлан-сұлап жатқан қалпында. Кают-кампаниядағы қызыл барқытпен тысталған диванда ызақор сары дәйекші ұйықтап жатыр.

Мұнар күнді пайдаланып қалғысы келген пароходтың арық қандалалары саңылау біткеннің бәрінен жорғалап шыға келді. Түрімнен күні кеше ғана ұрланып әкелінген әтештің қарлыққан даусы естілді.

"Қорымдағы гитардың үні шығар кез келді", — вахтадағы кезекші осыны ойлады да штурвалға көз тастады, одан пароход "Николай" 1877 жылы жасалды деген хабары бар жез тақтайшаны байқауға болатын еді.

Кезекшінің көзі сырғып отырып, тиісті жерінен талайды көріп мүжілген сары кернейді көрді. Одан сарғыш түтін будақтап шығып жатыр екен.

— Олар не, коқым-соқымды жағып жатыр ма? — деді кезекші, со мезетте тау басындағы дымқыл түтін арасынан зеңбірек гүрс ете түскенде, селк етіп шошып кетті.

Кубриктен жалаң аяғына галош киіп шыққан матрос көрінді. Ол ұйып қалған аяғымен қисалаңдап, палубадан әзер өтіп, көпіршеге барып көтерілді де, құлағын тоса қойды; гүрсілдеген көмескі дауыс жиілей түсті.

— Әсілінде, қызылдар кадеттерді соққылап жатқан тәрізді, — деді ол кезекшіге. — Қызылдар, — деді ол сыбырлап, көзі сүзіле түсіп, — Хасав-Юрттан шабуылға шыққан сияқты, түнде Петровскіде болады. Бұл жөнінен капитанмен сөйлесу керек. Команда эвакуациядан дереу зыту керек деп ойлады. Кешқұрым зәкірді көтеpiп, дегдар күйімізде жайымен жылыстап, кадеттерсіз, қару-жарақсыз теңізге сіңіп кетеміз.

Матрос шығысқа, сабынды кір көбіктері бұрқыраған қазан сияқты қайнап жатқан теңізге қарай қолын бір сермеп қойды.

Кезекші кеменің арт жағына қарады да, о жақта үш түсті ылғал жалау алақан соққандай сартылдап тұр екен, — бір күрсініп қойды. Ай-хай, дүние-ай, бәрі де ойлағанымыздай болса ғой! Деникиншілерден, эвакуациядан қашып кете алсақ!

— Капитан ғайып болды, соның кесірінен бәріміз бейшара халге түсетін шығармыз, — деп қапалана күбірлеп палубаға қайтып келді.

Ол шіріген кемежайын қиғаштай соққылап тұрған жаңбырға сығырая қарап, бір түкірді. Ағылшынның жасыл шинелін киген қомақты тобыр пароходқа қарай беттен келеді. Олар жіппен байланған пулеметті сүйретіп, дүрдік бутендарымен шалшық суды шалпылдата кешеді. Солардың бір бүйірінен, ол, жауын плащын киген капитанның таныс тұлғасын көрді. Жауын тамшылары оның мұртынан сорғалап ағып келеді, сырт көзге капитан үнсіз жылап келе жатқандай болып көрінеді екен.

Деникиншілердің отряды тайғанақ траппен палубаға шықты. Бадырайған сұрғылт көзді офицер кают-компанияға келіп кірді де сонда ұйықтап жатқан официантты аяғынан жұлқып:

— Өз орныңа жоғал, ұрлықшы! — деді қарлыққан дауыспен.

Официант қалтасынан салфетканы алып, бетін сүртті де шығып кетті.

Каютаның есігін жапқасын, оның оған ызаланып қарағаны сондай, егер ол жаны болса, қорыққаннан қалшылдап кетер еді.

Жеңдерінің тыстарында үш түсті жапсырмалары бар "ажал батальонының" солдаттары, кілттерді әкеліп үлгірмей жатып, есіктерді жұлқылай тартып, әлдекімдерге кіжініп, шүйлігіп тұр. Траптың қасына күзетші қойды.

Капитан штурманның рубкасына кіріп, малмандай плащының түймелерін қолы қалтырап, ұзақ уақыт ағытты. Вахтерші оған тұнжырай қарап, күтіп тұр.

Ақырында капитан майысқан мыс портсигарын алып, темекі тартты.

— Қап, тұтылғанымызды қарашы! Бізді эвакуация қажетіне жұмсайды. Мен штабтағылармен біраз шайқастым. Менің кемем портта зәкірде ошарулы тұр, соның өзінде көбелері сөгіліп, қирауға әзір. Дәл осындай қара дауылда мен оны теңізге қалай айдаймын? "Біз, дейді соққандар, түкке тұрғысыз жүкті береміз",  — сөйтіп жамырай күліседі. — "Ол қандай жүк?" — "Большевиктер абақтыдан аласталған, ал керек болса. Есітіп пе едіңіз?" — "Оларды қайда тығамын?" — "Пәле, оларға лайықты орын бар. Қайда бұйырсақ, со жаққа апарасыз. Ал егер теңізге шыққыңыз келмесе, үй астына барып сөйлесеміз. Сосын телмеңдеп мақұлдайсыз".

Капитан отыра қалып, кеме журналын тартып алдына қойды.

Тау ішінен тағы да гүрс еткен дыбыс шықты. Жауынның ар жағынан сарғыш от жалт ете түсті. Журналда: "Күші 10 баллдық норд-ост желі. Толқын тебіренісі — 9 балл Түрімдегі су — 30 сантиметр" — деген қисық жолдар тұр.

Түрімдегі су тереңдігі отыз сантиметр! — Капитан журналды лақтырып тастап, тыжырына мырс етті. — Адамдарды түрімдерге қамаймыз. — Оның бет-аузы сазарып сала берді. — Суға, түрімге тығамыз! Николай туының астында малтып жеткен жеріміз осы, қараң қалсын бәрі де. Тірі жүкті, бұқаларды қан қасапқа айдағандай, қайда апарамыз. Көр — көресіңді...

Ол тағы да бірдеңені қосақтағысы келіп еді, аузын жұма қойды: есік алдында бадырақ көз офицер тұр екен.

— Капитан, көгершінім, — ол рубканың биік табалдырығынан кербездене бір аттап өтті де — түрімді ашуға әмір етіңіз, қазір қамаудағыларды әкеледі, — деді.

Түрім дереу ашылды, бірақ қамаудағыларды тек түн жарымда, мұнай қоймалары жағынан атысқан дауыс бұршақтай шашылған кезде барып, айдап келді.

Қызылдар қалаға омыраулап ұмтылып жатыр. Қызылдар бөлімшелерін басқарған түрік офицері Қазым-бейдің деникиншілер жағыма шығып кетуі қаланы бәрібір құтқара алмады. Со кездері Дағыстанда атағы жер жарған Қазым-бей - мусаватшылардың тыңшысы болатын. Ол кезінде қызыл армия бөлімшелері орналасқан жерге астыртын енеді де, олардың сеніміне ие болады, соғыстарға қатысады, сөйтіп опасыздық жасау үшін қолайлы сәтті күтіп жүре береді. Қазым-бейдің сатқындығы қызылдардың қаһармандығын арттыра түседі. Олар бүкіл майдан көлемінде шабуылға шығады, сөйтіп олардың алдыңғы отрядтары Петровскінің іргесінде айқасқа кірісіп кетеді.

"Николай" буын басып пысылдап, айлақ маңында үйелмендей болып, қолапайсыз қарауытып, ырғалып тұрды — жарық жағылмасын деп бұйрық берілген-ді. Айналадағы теңіз, порт, қала, таудың бәрі де жел өтіндегі үргедек түнекке айналды. Тек дауыл бұзып, бүлдіріп кеткен портқа кірер жердегі ғимарат түбіндегі аласапыран көбік қана ағарып көрінеді.

Қамаудағыларды ың-шыңсыз жасырып әкелді. Вахта кезекшісі көпіршенің үстіне шығып, оларды санап тұрды.

— Жүзден аса адам, — деді ол капитанға ең соңғы қарауытқан біреуі мылтық дүмінің желкелеуімен жай ғана түрімге кіріп кеткеннен кейін. Түрім ішінен суық ызғар мен шіріген терінің иісі келеді.

Бұлар түнделетіп жылжи жөнелді.

"Николай" шеткі ғимаратты айналып өтісімен, кеменің өн бойы сықырлап, қатты қышқырып қалды да, тұмсығы қайқайып шыға келді. Таудай болып дөңбекшіген мұздай су лықсып, оның ескірген түбін аунақшытып өтіп жатыр. Кают-компаниядағы үстелдер үстіндегі стакандар жағалай шашылып қалды.

Деникиншілер кенередегі қоршау қасына шоғырлана қалыпты. Олар жарылған снарядтар оты жиі-жиі жалт етіп, күңгірттене сөніп жатқан жағалауға үн-түнсіз қарап тұр. Дәйекші де солармен бірге. Жел оның сирек шашын желпілдете жұлмалайды. Каспий толқыны кеме бортын шойын балғамен соққылап жатқандай.

Сапарға шығар алдында пароходқа ақ сақалын мұқият қырпыған қарт офицер келіп кірді. Ол жіңішке сирағын қара жібек матамен орапты, сирек шашын бипаздап тарап, бөліп қойыпты. Ол кают-компанияға шай әкелуін талап етіп, капитанды шақыруға әмір етті, сосын картаны үстел үстіне жайымен жайып жіберіп, оның үстіне кішкене қолын қойды.

Қатты желден бет-аузы қызарып кеткен капитан ішке кіріп, қабағын түйген күйінде есік алдына тұра қалды.

— Бері жақындаңыз. — Офицер көңілсіз жымиды.

Бұл жымиыстан капитан ішін тартты: әдетте, өлімге кесілген кісілерді көргенде тап осылай жымиятын көрінеді.

— Ләпбай — Капитан картаға жақындады.

Офицер қызыл қарындашты суырып алып, оны аспай-саспай қауіпсіз ұстараның жүзімен мұқият ұштады, сосын шылымын шегіп, көзін сығырайта қарап, картадан бірдеңені тауып алып, сол араға жалпитып айқыш белгісін салды. Сосын көзімен өлшеп-пішіп, күллі теңізді көктей өтіп, Петровскі қаласынан әлгіде белгілеген жерге дейін түзу сызық тартты.

— Осы бағыттан айырылмаңыз, — деді ол Капитан картаға көз тастады.

— Қарабұғаз бағытына ма? — деді ол шошынып.

— Шамамен осылай. Бірақ тек шамамен ғана. Бұдан сәл теріскейлеу жүріп, мына бір аралға беттеңіз. Өзін не деп атайды екен? Рақым етіңіз...Офицер картаға үңілді. — Қара Ада аралына қарай.

— Болмайды, — деді капитан бәсең үнмен.

— Пәле, неге болмайды?

— Аралдың маңында зәкір тастайтын тұрақ жоқ. Бұл бағытпен жүрсек, дауыл бортқа тікелей соғады, ал біз жүксіз жүзіп келеміз. Бұндай бағытты мен қауіпті деп есептеймін.

— Бірақ дауыл басылып келе жатқан тәрізді ғой, — деді офицер көлгірсіп.

— Жалпы алғанда қыс күнінде Қарабұғаз жағалауымен жүзу қауіпті. Онда жарық жоқ, су астыңда аран тастар көп. Адамдарды да, кемені де қауіп-қатерге ұшыратуға хақым жоқ. Ол арада теңіз құлазып жатады.

— Ах, солай деңіз! — деді офицер әндетіп. — Бұныңыз өте жақсы болды. Бізге керегі де құлазыған теңіз. Керек болғанда қандай! — деп кенеттен шаптыға шақылдап жіберді ол — Осынау жарлықты орындауға күш салыңыз, әйтпесе мен сіздің өзіңізді ана мақұлықтармен бірге түрімге апарып тығып тастаймын. Командаға біз Красноводскіге бара жатырмыз деп хабарлаңыз. Палуба үстінде бейсауат кісі жүрмесін. Бітті. Барыңыз!

Капитан шығып кетті. Штурвал рубкасынан ол күзетшіні көрді. Күзетші тағы бір теңізшімен қатар компастың картушкасына қарап, оны қағаздағы бірдеңемен салыстырып, тексеріп тұр екен.

"Қақпанға түстік, енді құтыла алмаймыз!" — деп ойлады капитан. Ол каютасына келіп, Каспий теңізінің лоциясын алып, Қара Ада аралының сипаттамасын тауып, оны ұқыптап оқып шықты.

Лоцияда былай делініпті: осынау құлазыған сусыз арал үлкен жартастың бір сынығы болып табылады, ол теңіздің шығыс жағалауынан бір милдей жерде, Бекдаш мүйісінің қарсысында, Қарабұғаз шығанағының солтүстігінде жатыр. Аралды жыландар жайлаған. Қайықтан түсетін орын біреу-ақ. Арал тастары көп болғандықтан да аралға жанаса, жақын бару қауіпті. Зәкір тастайтын тұрағы жоқ. Түбі — жалаңаш тақта тас — зәкір мүлде ұстай алмайды.

— Саудамыз бітіпті! — капитан лоцияны үстел үстіне лақтыра салды.

Теңіз таудай толқындарын дөңбекшітіп жатыр. Діңгектерде сығырайған оттар бір жағынан екінші жағына аунақшып, ырғалып тұрған кеменің тұмсығына жарығын түсіреді. Қонырау өзінен-өзі сылдырап тұр, демек, кеменің аунақшуы қырық градусқа жетеді деген сөз. Бадырақ көзді офицер спардек үстіне атып шығып, бортқа кеудесін төсеп, жата қалды — ол құсып жіберді. Ол қара суға лоқси түкіріп, ыңқылдап, әлдекімді балағаттап жатыр. Қаңтар түні аза-қазаларың жақын дегендей шығыс жақтан ысқыра, гуілдей көтеріліп, зулап барады.

Түрім іші қараңғы, түбіндегі суы бір борттан екінші бортына қарай аунақшып, шайқалып жатыр. Қамалғандар ылғал тақтаның үстінде отырғаны отырып, жатқандары жатыр. Оларды мүйістен мүйіске қарай аяусыз лақтырады. Байғұстар тот басқан шпангоуттардың қабырғаларынан ұстап жанталасады, бет-ауыздары қанап жараланады, өкірген толқындардың қатты соққысынан құлақтары бітіп, теңіз дертінің қатыгез шеңгеліне тұтылып, ыңыранып, зарлап келеді. Олардың бір азғантайы ғана, мұның өлім екенін, түкке тұрғысыз пароходтың қаңырап, бос келе жатқанын, оның қырық градусқа дейін ауытқып, кез келген минутта бортымен жантайып жата кетіп, қайта тұра алмай қалатынын сезетін, бірақ мұндағылар түгелдей алдарындағы өздерін түсіріп кететін, белгісіз құрғақта ажал күтіп тұрғанын жақсы білетін.

Қамалғандар қатарына кездейсоқ келіп қосылған геолог Шацкий де мұны ойдағыдай біледі. Ол большевик емес-тұғын. Ол Петровскіден Астраханьға бармақшы болған. Оған шпиондық жасады деп, күдіктене қарап, тұтқынға алады да, Петровскіге оны үш рет атуға айдап апарады, бірақ атпайды. Оларды түнде айдап кететін. Камералардан елу тұтқынды алып шығып, елілер етін жеп, семірген иттерге тұрақ болған күл-қоқыстар қорымына айдап апарады.

Ажалға кесілгендерді сапқа тұрғызып, қайта санайды. Бірінші ретте әрбір оныншыны атып тастады. Сол түні Шацкий сегізінші болып шықты. Екінші ретінде әрбір бесіншіні атты, Шацкий төртінші болып шықты. Үшінші ретте әрбір төртіншіні атты, бірақ Шацкийдің тағы жолы болды — ол бірінші еді. Үшінші реттен кейін оның шашы ағарып кетті. Бұны және басқа аман қалғандарды атылғандардың мәйіттерін ескі әк шұңқырларға апарып тастауға зорлап көндіретін.

Атуға әмірін жүргізген сұрқай, бадырақ көзді офицер болатын. Ол батылырақ болу үшін, әр кез араққа тойып алады да, тұтқындарды "өлімтіктер" деп балағаттап, оларды сапқа тұрғызып қойып, есептер алдында орындарын бірнеше реттен өзгертетін. Айдаушылардың — түр-түсі аурушаң кісілер сияқты, масаңдау көздері лайланып тұратын бозымдардың тілімен айтсақ, олар мұны "венаның кадрилі" деп атайтын.

Петровскіге Шацкий Маңғыстау түбегінен барған еді. Қаратау қыратынан таскөмір мен фосфориттер кенін іздеп шарқ ұрған ол, сосын Қарабұғазға барғысы келген, бірақ жол көрсетуші қазақтар оны апарудан үзілді-кесілді бас тартты. Жаздың шіліңгір шілдесі болатын, Қарабұғазға бара жатқан жолда, Қарын жарық құмына жеткенде бір тамшы су қалмады. Жан баспаған Үдік атты таулы үстірт арқылы Александровский бекінісіне қайта оралуға тура келді. Бекіністе Шацкий үш ай тұрды. Оған осы бір ешбір өкіметі жоқ сұрғылт қаланың мұңлы тірлігі ұнады. Бекіністе ол экспедиция туралы есеп, және құдайдың қарғысы сияқты, тандыры кепкен Маңғыстаудағы су қоры туралы қызықты бір жұмыс жазды.

Экспедиция кезінде ол Қаратаудағы өлмелі өзектердің бәрі әманда қорым тастардың астынан ағып шығып жататынын байқады. Шацкий көрген дүниесінің бәріне түсінік беріп дағдыланған адамдар қатарына жататын. Ол дәлме-дәл заңдар мен анық гипотезалар әлемінде тұратын жан еді.

Бірнеше күн бойы ол осынау өзектердің қалай пайда болғаны жайлы ойланып-толғанды, сосын екі баланы жалдады, олар мұның бос жатқан цемент бассейніне теңіз жағасында жатқан малта тастарды тасып әкеліп үйіп тастады. Балықшы қожайын Ресейді аңсап, сағынғандықтан және "ғылымнан" Шацкийдің ақыл-есі ауысып кеткен ғой деп ойлады.

Балалармен бірге Шацкий бүкіл бассейнді малта тастармен толтырды, ал үшінші күні ертеңгісін тастың бір бөлігін қайта алып қойды. Төмендегі тастар ылғал екен: бассейннің түбіне тап-таза шалшық су пайда болыпты.

Осымен мәселе шешілді: жаз күндері барлық жердегі сияқты шөлде де ми қайнатарлық ыстық болады. Жаз түндері, Мәскеудегі наурыз түндері тәрізді, суық болып келеді. Ал үйілген тастар, түнде тез суитын ауа буларының табиғи конденсаторы болып табылады. Осынау үйінді тастар ылғалды сорып алады да оны төмен өткізіп жіберіп, астыңғы қабаттарында сақтайды.

Шацкий ашқан жаңалыққа жұрттың бәрінен де көбірек қуанған оның қожайыны болды. Ол үлкен бассейн жасап, оны малта тастармен көміп тастап, құдықтың өлі суының орнына, күнде ертеңгілік он шелек мөп-мөлдір тұщы су алып тұруды армандады.

Бассейнді көруге Маңғыстаудың бұрынғы тежеусіз иесі көпес Захарий Дубский келді. Шацкий өңі бозарып, ерні кезеріп кеткен, үстіне түсі жылтыр кәстом киген пысықай шалдың беймаза сұрақтарына жақтырмаған кейіппен жауап беріп отырды.

Революцияға дейін Дубский миллионер болған. Ол патша үкіметінен бүкіл Маңғыстауды толайым сатып алған еді. "Балық байлығын қорғау туралы" заңды сақтамай-ақ, емін-еркін балық аулауға және сауда-саттық жасауға тек осы жалғыз шалға ғана рұқсат берілген болатын. Дұға-намазын қаза жібермейтін жылы жүзді, тақуа шал, қазақ жұмысшыларына күллі маусым үшін кісі басы екі сомнан ғана төлейтін, арақпен сауда жасайтын және өзінің "жарылқаушысы", Ташкентте тұратын ұлы кінәз Николай Михайловича тарту-таралғы жіберіп тұратын. Осынау ақсақалды сары тісті кінәз, күн қайнап кеткен кездері өзінің үйі мен бауында тыр жалаңаш серуендеп жүретін болғандықтан да, жалпы Каспий сыртыңдағы өлкеге атақ-даңқы жайылып кеткен еді. Дәл осы қалпынан айнымай, ол өтініш иелерін қабылдап, баяндамаларды да тыңдай беретін.

Дубский Шацкийдің бассейніне қайран қалып, қолын оның түбіне сұғып жіберіп, сары тырнағымен тырмалап көрді де ылғал саусағын сорып, дәмін татқасын, Шацкийді өзінің саяжайына шақырды. Саяжай теңіздің дәл қабағында, Түп Қараған шамшырағына жақын жерде тұрған еді және ел-жұртқа бірнеше түп қураған ағаштарымен әйгілі болған-ды. Шацкий, ескі діни сенімінен айнымай қалған көпес, шай ішіп, терлеп-тепшіп, зеріккеннен қуаң шөл үстіне шөккен буалдыр мұнарға көз тастаумен уақытын өткізетін осы бір нәумез үйді мүлде ұнатпайды.

Шөл дала өңмеңдеп келіп, бекіністі қоршап алған еді. Ол оны қала шекарасында күзетіп тұрады. Шөлдің құнарсыз топырағы мен бозғылт жусаны кісіні жалықтырып, сары уайымға салады. Бұл уайым жеңіл-желпі тәкаппарлықтан да құр алақан емес: түнерген шөлдің де маңғаз ұлылығы мен қатыгездігі қабаттас, осынау құнарсыз да зерттелмеген байтақ кеңістікті іштей түсіне-түйсініп, шексіз беріліп зерттеу бақытына ие болып, аман қалғандар санаулы-ақ шығар, - деп ойлады Шацкий.

Александровский бекінісінде, Дубскийден басқа тағы біреу, сарышұнақтар аулауға жаңа тұзақ ойлап тапқан ақымақ генерал да тұрып жатты. Бір кездері ол шет аймақтағы осынау гарнизонға басшылық етіпті. Балықшылар тап осы генералдың бекініске келген бетте парадқа ауыздықпен алысқан күрең айғырға мініп, қопаңдап келгенін сөз етеді. Ол қазақтарды туған тілінде құттықтау үшін, оларға тасырлатып шауып барады да:

— Сәлем сендерге, сақсауылдар — деп барқ ете қалады.

Қазақтар шошып кетеді. Содан кейін күллі қала бірнеше күнге күлкіге қарқ болып қалады.

Бекіністің ең қызық мекендеушілері аңсоғар-балықшылар, түлендерді ұрып алудың мамандары болатын. Түленді соғып алу аса қауіпті, қатыгез безбүйректің ісі еді. Аңсоғарлар қысты күні үлкен қош болып, мұз үстімен теңізге шығатын. Бұған дейін аттарды жемдеп, күйіне келтіріп, күтіп баптайтын. Түлен соққанда істің тағдыры аттың мойнында болатын: зеңбірек атылғандай күркіреп, көк сауыт мұз шатынай жарылып, теңізге қарай жылжи жөнелгеннен-ақ, аңсоғарлар со бір аттарды жағаға қарай қамшылап, құйындатып айдай жөнелетін, со кездері осы бір асау аттар құтырына шауып, мұз жарықтарынан шаналарымен қарғып өтіп, заулайтынын айтсайшы!

Аңшылар түлендердің төлін — әлі малти білмейтін ақ төлдерін соғатын. Мұз үстінде шомбал таяқтармен соғып алатын да бекініске олардың алтыңдай жылтыраған ұлпандарын әкелетін.

Қыс түскен сайын аңсоғарлардың бірнеше артелі — көштері қаза табатын. Оларды теңізде жарылған сең үстінде, Персия жаққа қарай айдап әкететін. Құтқару аса сирек кездесетін: бекіністе мұндай бақытсыз жайттарды Ресейге хабарлайтын телеграф жоқ-тұғын.

Шацкий Тарас Шевченконың "Зиянды идеяларды таратқаны" үшін, сақал-шашын қырып, каторгалық Маңғыстау қыстағына айдалып, Александрова бекінісінде санамен сарғайғанын білді.

Тек қараша айында ғана Шацкий балықшылардың шағын кемешігімен бекіністен Петровскіге барып жетті.

Енді қазір Шацкий түрімде большевик-матрос эстон Миллермен қатар жатыр. Ол сонымен бірге абақтыда да үш ай отырған. Екеуін қосарлап екі рет атуға апарған, егер Шацкий сонда ақылынан адаспай қалса, ол тек осы Миллердің арқасында ғана еді.

Басына теңіз каскетін киген осынау үндемес бозым бұған туған Эстониясы туралы, құм дөңестер мен кәрі Ревель туралы сараң сөйлеп, біраз әңгіме айтты, ал Шацкий болса, тап қазір Ревельде Балтықтың жасылдау мұзының иісі аңқып, жәудірей жанған тыныш оттарымен безенген қала әсемденіп-сәнденіп, құлазып қалған шығар деген бір әсерлі сезім-түйсіктен құтыла алмай-ақ қойды, өйткені мыңдаған Миллерлер үйлерінен кетіп, Самара мен Шепкүрек қалаларының түбінде қызыл әскер бөлімдерінде шайқасып жатты, сасық түрмелерде қамалып, аш-жалаңаш, мұз құрсаған аңғал-саңғал теплушкаларда тұрып жатты.

Миллер барлау кезінде қолға түсіп қалыпты. Өзінің айтуынша, деникиншілер оны қайткен күнде де — "жер жастандыру" керек екен, бірақ ол ұдайы ажалдан алыс жатқан бірдемені, мәселенки, қашып кету жолын ойлайды.

Әлгі өздерін ататын түндері Шацкий үрейленіп, дірілдеп қалшылдай бастағанда, Миллер оны арқасынан қағып:

— Бекініңіз! Туған екенбіз — бәрібір өлеміз! — деп қайдағыны еске салады.

Шацкийді он жетінші жыл шілдесінің аптапты күндерінде большевик болған, Балтық флотының штурвалшысы Миллердің ұстамдылығы таңғалдыратын. Миллер Шацкийден он жас кіші болатын және ол Шацкийге мәлім нәрселердің жүзден бірін де білмейтін, бірақ геолог оның алдында өзін баламын деп сезінетін.

Миллер ымыраға келуді білмейтін және ол геолог мүлде түсінбейтін жағдайды — күрес пен жеңістің заңын жете игеріп алған еді. Ол адамдарға салқын сабырмен қарап, түсінуге ұмтылатын, әманда жайымен ысқырып отыратын, тергеу кездерінде тым сыпайы, бірақ дүдәмал жауап беретін, және жүздері қуарып, іштей құтырынып отырған офицерлерге жымия күліп, өзіне көптен таныс түрімге қарағандай-ақ, зеріге қарап, күлімсіреп отыра беретін.

Ол контрразведканың бастығын (барлауға қарсы бөлім бастығын) жындандырып жібере жаздағаны және содан кейін оған бабымен стақанға су құйып ұсынғаны үшін, табанда атақ-даңққа бөленіп шыға келді. Бастық қолымен стақанды үстел үстінен қағып тастап, қағаздарды таяқшасымен бір тартып жіберіп, бүгін түнде сені дарға асамын деп, Миллерге серт береді, бірақ оны дарға аспайды.

Контрразведка Миллерді "қауіпті субъект", комиссар деп атады да оны әбден діңкелетіп, маңызды мәліметтер аламыз деп ойлады. Оны әлі бір рет те сүмбімен ұрған жоқ-тұғын. Айдаушылар Миллерге: "Тасметін ғой, бұ бәлекет, әсілінде, жаужүрек сойқан болар", — деп бір түрлі құрметпен қарайтын.

Дәл қазір одессалық Школьник — бұрынғы тері илеуші және партизан — қамалғандар арасындағы бірден-бір теңізші Миллерге келіп, темекі сұрап тұрып:

— Сен теңізшісің, пароходтың құрылымын білетін шығарсың? — деді.

— Иә, білемін, — деп жауап берді Миллер.

— Мен мынадай бір шешімге келдім (Школьник "такь" деген сөзді тым жұмсартып айтты). Пароходты әне бір жексұрынмен бірге батыру керек. Школьник тұтанып тұрған шылымымен төбені бір түртті. — Сен кранды ағыт, ол сендерде не деп аталушы еді — кингстон ба, әлде, басқа ма. Бәрібір бізді өлтіреді. Боса да құриды екенбіз, ендеше солармен бірге құриық. Солай ма.

— Кингстон бұл арада емес, — деп немқұрайлы жауап берді Миллер. — Есерлік неме қажет? Олардың пластинкасы таусылып келеді, ал бізден он шақты адам тірі қалса да жаман болмас. Жаппай өзімізді-өзіміз өлтіру ісін ұйымдастыра көрме, Школьник, жұрттың зәре-құтын қашырма.

— Солай ма! Солай дегін! — деп күйіне күбірлеген Школьник Миллерден шегініп кетті.

Капитан түнімен пальтосын шешпей өз каютасында отырды. Тан тым кешігіп, сағат сегізде атты. Суық бұған каюталарда сұрғылт тұман тербеліп тұр. Тершіген иллюминаторлар сыртыңда теңіз өкіріп жатыр. Шығыста, Азияның ұлан-ғайыр шөлдері үстінде мұздай таң сарғайып тұр.

Капитан палубаға шықты. Кают-компанияда еденде жасыл киімді солдаттар жатыр. Орасан зор және өте жайсыз теңіздің таңертеңгі уақыты олардың үш түсті жапсырмалары бар мыж-мыж шенелдеріне, құлап қалған винтовкалары мен күлдіреп ісінген беттеріне себездеп түсіп тұр. Қақырық пен спирт иісі мүңкиді. Кір-қожалақ айнаға қурап қалған фуксиялы вазон шағылысып түсіп тұр.

Даяшы неге екені белгісіз сарғайып кеткен табақшаларды сүртіп, үстелге сытырлатып крахмалданған дастарқан жапты. Сүйексіңді әдеті қалсын ба.

Ол капитанға сүзіле қарап, күрсінді де қойды. Иә, Астраханьнан Бакуге қарай жүзген таңғажайып күндер біткелі қашан, сонда ол адамдарды суқаны сүймейтін кәсіби дертке — мизантропияға шалдыққан мұңын өзі, жолаушылармен әзілдесіп, балаларды бастарынан сипап еді-ау.

Константин Петрович, қараң қалсыншы бәрі! — Даяшы бос шкаптың есігін ашты — Мүмкін, арақ ішерсіз? Жан-тәніңіз түгел сыз болып кеткен шығар. Семкин кеше кубрикте: біз пароход "Николай" емеспіз, "жүзбелі дар ағашымыз" — деп әбден дұрыс айтты.

Даяшы сыртын беріп, кір орамалмен көзін сүртті. Оның қылқиған мойны нарттай болып, қызарып кетті.

Капитан жөткірініп, көпіршеге қарай жүрді. Онда дүрбі-биноклі салбырап, кешегі ши борбай қарт офицер тұр екен. Ол шығысқа қарап, тыжырайып тұр.

Офицер капитанның қасына келіп, бұның көзіне мейірлене қарап, сақалын сипай берді де: — Әлгі Қара Ада дегені қашан көрінеді, капитан? — деді.

— Келген кезде көрінеді ғой.

— Хош, солай де, солай дегін, ұқтым. — Офицер алтын портсигарын алып, капитанға ұсынбастан, темекісін тартты. — Солай де, солай дегін. Ол капитанның иығына қолын артты. Қолы шойындай болып елестеді. — Аралға бес милдей жер қалған кезде, маған хабарларсыз. Реті келгесін айтайын, тұлай бергеннің ешбір мәні жоқ. — Ол капитанның иығын қысып жіберді. Рейс құпия. Адамдарға ескертіп қойыңыз, бөспелігі үшін басымен жауап береді.

Капитан басын изеп, абайлап иығын босатты. Офицер өрмекші аяғындай аяғымен теңселе басып, тепе-теңдігін сақтап, трапқа қарай беттеді.

Екі сағат өткеннен кейін вахтадағы матрос жағалау көріне бастады, — деп хабарлады. Дауыл бәсеңдей түсті. Мұздай су "Николайдың" бүйірін жайымен жалап келеді. Ашық қыс күні аясында жарқыраған аспан көгіне балтамен шапқылап салған аласа жарлауыт қабақтар қарауытып қалқып шыға берді. Тентек толқындардың ақ көбігімен қоршалған жалғыз аралға қарай "Николай" баяулатып, жай ғана жылжып келе жатты.

Сол кезге дейін түрімде іш сүзегімен ауырған он адам қаза тапты. Олардың мәйіттері суда шылпылдап қалқып жүрді. Грузин Гогоберидзе жанұшыра шыңғырып, өз қолымен өз құлағына мұздай суды лықылдатып құя берді. Оның құлағының шаншуы басталған еді. Ол сандырақтап отыр. Оған контрразведшіктер мұның басын ыстық темірмен шыжылдата күйдіріп жатқандай болып көрінді, сол себепті де ол жолдастарын дауыстап шақырып:

— Сандро, құтқар мені! Сандро, өлуіме жол берме! — деп айқайлай берді.

Түс әлетінде түрімді ашты.

О жақтан сасық ауамен бірге грузиннің:

— Сандро, оңбағандарды соқ! — деген жан даусы атылып шықты.

Шацкий басын көтерді. Жоғарыда темір құдықтың жиек-жиегінде жасыл шенелдер тербеліп тұр, олардың үстіңгі жағында жырым-жырым қара бұлттарды алып, суық аспан жөңкіп барады. Су ішкісі келеді. Жарық түрім ішін жарқыратып жіберді. Қамаудағыдар кірпіктерінен дайлы жасын ағызып, қастарын жыпылықтата қағады.

Шацкий со мезетте тұңғыш рет түрімнің тат басқан бүйірлері мен аяғының астынан кілкілдеген сары суды көрді. Өліктердің көкпеңбек жүдеу жүздері сол суда жайымен тербетіліп, қалқып жүр. Бастарына ыдғад буркаларын бүркеніп алған үш аварлық сығылысып, бірге жатыр. Олардың біреуі тірі екен. Басын көтеріп алып, беймәлім бір тілде, шағынған үнімен, ұзыннан-ұзақ бірдеңені айтты да суға құлап түсті.

Милдер темір трапқа барып, жайымен жоғары көтеріле берді. О жақтан әлде біреулер айқайлап жатыр, бірақ Шацкий ештеңені де есітпеді — ол кейін құлап түспеуге тырысып, Миллердің соңынан қалмай, қасарысып өрмелеп келеді.

Түрімнен сексен адам жоғарыға аман шықты. Өз бетімен шыға алмағандардың бәрін сонда қалдырып, оны қайтадан ауыр да жалпақ тақтайлармен бастырып тастады.

Қамаудағыларды — тербелуден, аштық пен шөлден сарғайып кеткен тобырды кеменің артқы жағына айдап апарып, үйіріп тастады. Аңыраған таза ауа олардың әлжуаз өкпелерін жырта бастады.

Пароход бүкір аралдың қасында, судан қылтиып шыққан қара тастай болып, ырғалып тұрды.

Ақшұнақ офицер көпірше үстіне шықты. Ол қамалғандар тобырын көзімен бір шолып, мырс етті.

— Аман-есен келуіңізбен құттықтаймын, жолдастар! — Ол театрлық ыммен қолын бір сермеп, арал жағын мегзеді. — Сіздердің баспаналарыңыз осы. Сіздер осы арада Совет өкіметі орнады деп жариялай беруіңізге болады...Поручик, бұларды жиырма-жиырмадан бол!

Қайықтарды суға түсіруге ұзақ уақыт кетті. Шацкий немқұрайды күйде күте берді. Матрос жасырып оның қолына бір құты темекіні сұға салды. Шацкий темекіге аңыра бір қарап, оны Миллерге берді. Ол темекі тартпайтын.

Қамалғандарды Қара Ада аралына түсіру бірнеше сағатқа созылды. Құйын үйіріліп тұрғандықтан қайықтар жағалауға жақындай алмады. Қамалғандарды белуардан келетін суға секіріп түсуге және жағаға дейін жаяу баруға зорлап көндірді. Школьник секіргенде тәлтіректеп кетті. Толқын оны ұрып жығып, айдынға ала жөнелді. Жағалауға шыкқасын Шацкий қойтасқа етпетінен жатып, пароходқа қарады. Қара және сары сырмен боялса да кір-кожалақ болып тұнжырап тұрған пароход сасық түтінін шұбалтып, әткеншек тепкендейін толқында жанталасып әзер тұр.

Шацкий тіпті не болып, не қойғанына түсінбеді де. Ол өздерін аралға құралақан тастап кеткенін, су да, тамақта та, тіпті қатып қалған нан да бермегенін байқамай қалды. Мұның не екенін жалғыз Миллер ғана білді. Арал мен теңіз жағалауы арасында жалпақ бұғаз буырқанып жатыр екен.

Ең соңғы қайықтың пароходқа қалай қайтып оралғанын, матростар бір-біріне бөгет жасап, оны арқалап қалай жоғары тартып алып жатқанын Шацкий анық көрді. Сосын түрімнен әліктерді тартып алып, суға лақтырып тастады, кеменің артынан су шалп етті. Сол-ақ екен, "Николай" гудогін боздатып, арал үстіне түтін шымылдығын құрып, түскейге, Баку жағына қарай жүріп кетті.

— Миллер, енді не істейміз? — деді күбірлеп Шацкий, сосын бір тас үстіне отыра кетті.

Миллер оны иығынан ұстап, жұлқып қалды:

— Қазір тұрайық та осынау қарғыс атқан жерден қолымызға ілінетін отын атаулыны жинайық, ерлік енді керек. Бұл арада бір тамшы да тұщы су жоқ. Сусыз біз, деніміз сау болса, тек үш күндей ғана өмір сүреміз. Бұғаздың ар жағындағы жағалауда, бәлкім, түрікмендер көшіп жүрген шығар. Соларға түтінмен белгі беру керек.

Шөліркемес үшін Шацкий кеш бойы уақ малта тастарды сорды. Ол құрғақ шөпшектер мен жағалауға су шығарып тастаған тақтай сынықтарын іздеп, сүрініп-жығылып жүріп, бүкіл аралды кезіп кетті. Теңіз құлазып жатыр. Жылдың осы мезгілінде бұл арадан бірде-бір кеменің, бірде-бір түрікмен қайығының кездеспейтінін Шацкий жақсы білетін. Шеге құм мен ащы тұздан өзге ештеңе болмайтын осы бір қап-қара, қуарған қу жағаға кім келуші еді!

Түн түскенше екі жерге от жағып,олардың қасына сүзекпен ауырғандарды жатқызды. Ертеңгілік санағанда алпыс адам тірі қалыпты.

Темірхан-Шорадан келген үш студент жағаға жүзіп жетпекші болды. Миллер оларды ұстамады. Ол оттарды қу жусан мен қиқым-сиқымдарды көсіп салып, қою түтінді будақтата түспекші болды. Студенттер тыр-жалаңаш шешінді. Олардың екеуі жүзіп кетті де, үшіншісі жата қалып, жерге бетін басып жылап жіберді; ол тіпті суға жете де алмады, оның жүрегі көтеріліп, лоқсып, тәлтіректеп әзер тұрды. Жүзгіштер жағаға жете бергенде суға батып кетті. Бұғазда тағы да қара дауыл бұрсанып тұрған еді. Ағыс қара су тасқынын тастарға апарып соғып жатты. Кешке салым қамалғандар алау басына еңбектеп келіп, қыбыр етпей жатып қалды. Миллер өзінің матрос белдігінің бір шетін шайнап, жағылған отқа өтпей жауап қатар деп, жағалаудан көз жазбады. Бірақ ондай оттар көрінбеді. Шөл-баябан жақтан түн түнегі тұман мен ыс болып қалқып өтіп жатты. Ол бетпақ ыспа құмның күллі ызғары мен зәрін аралға қарай қуып тыға берді.

— Миллер, — деп сыбырлады түн ортасында Шацкий, — Миллер, енді есіме түсті! Қазақтар қыста малын Қарабұғазға айдап барады. Оның жарлары мен орларында қар жатады.

— Егер қар жауса, біз бақытқа кенелер едік, — деп күбірледі Миллер.

Бұл түнде тағы он бес адам көз жұмды. Шацкий ертеңгілікте есінен танып жатты. Шығыстан бұ жаққа төмендей ұшқан қара бұлтты ма, әлде алапат бір өрттің суық түтінін бе, әйтеуір бірдеңені айдап келіп жатты. Шацкий қып-қызыл көшін ашып, қара бұлтқа аңырайып қарайды, солардан енді, міне, тым болмаса жаңбырдың бір тамшысы тамар деп емексиді.

Қара бұлттар аласапыран болып араласып, бірте-бірте төмендей берді. Теңіз тыным-тыныс тапты. Жел өзгере бастады, енді теңіз аралға теріскейден буырқанып бас салуға әзірлене бастады, мүмкін сол жақтан қазір бұларды құтқаратын карлы боран келе жатқан шығар.

Шацкий түрімде өздерімен бірге жүзден аса адам отырғанын есіне түсірді. Қалғандары қайда? Шынымен-ақ бәрін де атып тастады ма екен?

Тілі күп болып кетті. Шацкий басын әзер дегенде бұрады, әрбір сөзі қаңсыған таңдайын қақсатып, жанын көзіне көрсетеді. Қара бұлт төмендеген үстіне төмендей түсті. Қара жартастың қомақты бір сынығы үстінде өлім халінде жатқан адамдардың ыңырсығаны бұларға анық естіле бастады. Қара бұлттармен бірге аралға қаһарлы да қатыгез дымқыл кеш те түсе берді.

Миллер тізесімен жылжып, от басына келді, келді де ең соңғы шірік тақталарды аяғымен отқа ысыра салды. Жақын-жуықтағы тастар жақтан өліктің тәттілеу сасық иісі от басына мүңкіп келіп жатыр. Миллер етпетінен құлап түсіп, тырп етпей қалды.

Соңғы түн гуілдеп соққан терістік желін ала келді. Түн жарымда Шацкий бет-аузына ылғалды суық бірдеңенің тигенін сезді. Аспаннан сирек те болса көбелек-қар ұшқындап тұр екен. Шацкий дауыстап, Миллерді оятқысы келіп еді, бірақ оған әл-дәрмені жетпеді. Ол тек аузын ашып, желмен, теңіздің шашыранды тамшыларымен бірге жарылып кеткен ерніне келіп қонып жатқан қар ұшқындарын жалай берді.

Дегенмен, егер ол өліп қалмаса, ұйықтап жатқан Миллерді оятуы керек еді. Шацкий қолын үшкір тастарға тіреп, тұрып отырды. Аяғы күйіп-жанып барады: шамасы, түнде оның аяғын үсік шалғанға ұқсайды. Азынаған жел оны бақшадағы шүберек тұлып сияқты тербелтіп, арқасынан төмпештеп, суық қарыған бетін осқылап жатыр.

Шацкий өзін-өзі зорлап, көзін әрең дегенде ашты, өйткені оған көзін ашу өлім деген сөз еді, себебі енді қайтып осынау бөрідей ұлыған қаһарлы түн суретін көруге оның дәті шыдамас еді. Ол жабысып қалған кірпіктерін әзер ашып, айкезбе сияқты, алдыңғы жаққа меңірейіп қарап еді: қарлы құйынның ар жағында, көз түрткісіз қараңғыда үш жерде от алаулап жанып тұр екен. Бұл сандырақ па, әлде жағалауда шынымен-ақ оттар лаулап жатыр ма?

Шацкий қолымен сипалап, қасындағы Миллердің күрткесін тауып алды да, оны жағасынан ұстап, бар күшімен тартып қалды. Миллер ыңқылдап қоя берді.

— Миллер! — деп сыбырлады Шацкий, мұнысы оның айқай сияқтанып көрінген. — Миллер, көгершінім, тұрыңыз. Жағалауда оттар маздап тұр. Сансыз оттар!

Миллер қозғалып, әзер дегенде аунап шалқасынан жатты. Шацкийдің қолы мен иығынан тырмысып ұстап, ыстық демімен оның бетін булап, сүйретіліп барып, әрең отырды.

— Ағайындар... — деді ол бәсең үнмен, бірақ бірден үні өшіп қалды. — Ағайындарым сол, тезірек! Айналамызды ажал торып жүр, бауырларым!

Ол тәлтіректеп, орнынан тұрды.

Не дедің? — деп ол Шацкийге қарап айқайлап жіберді. — Жат, қозғалма! Таңертеңге дейін шыда! Бізді көргенге ұқсайды.

Қамалғандар қыбыр етпейді. Тек бір ғана қызыл гвардияшы басын көтеріп еді, заматыңда сылқ етіп құлап түсті.

Ертеңгі сәтте тек жиырма екі адам ғана тірі қалыпты. Талма түстің шағында Бекташ мүйісінің ар жағынан тым аумақты желкеннің батып-шығып келе жатқан бозғылт бүйірі көзге шалынды. Ол солтүстіктен соққан қатыгез желмен арпалысып, қара толқынның жалына бірде атып шыға келсе, енді бірде шым батып, көрінбей кетеді.

Желкенді тек Миллер ғана көрді. Шацкий сандырақтап жатыр. Оған қаратас өзін зілдей қолымен құшақтап алып, жерге сіңіріп жіберетіндей болып көрінді.

Миллер сөне бастаған отқа қасында жатқан шенелді лақтыра салды. Оттан кісіні тұншықтыратын сары түтін бұрқырап шыға берді.

Миллердің ең соңғы көргені — басына құлақшын киген жақ сүйегі шығыңқы біреудің бет-жүзі болатын; сосын оның аузын жанына жағымды бір сұйық зат күйдіріп жіберген еді, содан кейін әлдекімнің ысылдаған даусы орысшалап: "Мына бір он бесін ал, қалғандары бәрі өліп қалыпты" — деді жайбарақат. Миллер бұдан өзге ештеңені есіне түсіре алмады.

Қара Ададағы оттардың түтінін жағадан байқаған қазақтың атын ешкім де біле алмай қойды. Бәлкім, сол қазақ әлі тірі шығар. Мүмкін, ол Гурьевтің маңында, Адайлар даласында "Овцевод" отарын бағып жүрген болар, әлде Қарабұғаздың тұз кәсіп орнында жұмыс істеп жүр ме? — оны тірі жан білмейді, оның аты-жөнін шөл жалмап жіберіпті. Көшпелілердің паспорты болмаған, олар далаға маңын кетеді екен, ал оларды іздеп табу мүмкін емес еді.

Бекдаштың жағалауында жүріп, аралдағыларға жауап оттарын жаққан қазақтардың да аттарын ешкім білмейді. Олар оттарды жағып жатып, жұртқа әлгі жыландардан басқа тірі жан тұрмайтын, қарғыс атқан аралға адамдардың барып түскенін айтады. Ал, Қара Адаға тап болған адам тек күйзеліске ғана ұшырайды.

Оларға қайық апару керек еді, бірақ қазақтарда қайық атаулы болмайтын. Қайықтар алыста, Қарабұғаз шығанағында болатын, орыстар онда тақтайдан үй салып, оған қаба сақалды, кеңірдегі тілінген бір кісіні мекендеуші етіп кеткен болатын.

Сол адамның кеңірдегіне күміс түтік қойылыпты деген хабар күллі көшпелілер тұрақтарын аралап кеткен еді. Қариялар болса, басмашылар әлі күнге дейін қалайша қымбат бағалы түтікке қызығып, әлгі әпенді орысты өлтірмей келеді деп таңырқасады. Ел тағы да сол орыс қалың кітабына жел мен бұлттардың қозғалысын, судың түр-түсін және сол сияқты белгілерді жазады екен дегенді де айтып жатты. Орыстың шұғылданатын ісінен шайтанның иісі шыққандай болады. Осыларға қарағанда, оның өзі қанша қайырымды болғанымен, нағыз дуақан екені көрініп қалған еді. Ол көшпелілердің көз ауруын — басырып, іріңдеген жарасын емдеп жүреді және оларды әманда бұғаздан өз қайығымен өткізіп тастайтын.

Күміс кеңірдекті кісіні Николай Ремизов деп атайтын. Ол Қарабұғаздағы уақытша метеорологиялық станцияда күзетші шал Арьянецпен бірге қыстап шығуға келіскен бірінші метеоролог болатын.

Жолдастарының пікіріне жүгінсек, Ремизов Қарабұғазда тек өлу үшін ғана қалған. Бірақ содан бері жарты жылдай уақыт өтті, бірақ оған ешкім де тиіспеді. Ресейден ешбір хабар келмейді. Ремизов ол жақта азамат соғысының телегей теңіз болып, буырқанып жатқанын болжап біліп отырады.

Ол Арьянецпен бірге Робинзонға ұқсап тұрып жатты. Олар жабайы қаздарды атып, бұғаздан балық аулап күн көрді. Оларға бір жылға шақтап, ұн, қант, керосин мен шай тастап кеткен еді. Қараша айын олар түгелдей сексеуіл дайындауға жұмсады. Олардың аядай тар үйі жылы, жайлы болды, одан Арьянец пісірген нанның иісі шығып тұратын. .

"Бұл араны айналадағы жүздеген шақырымға дейін тірі жан мекендемейді", — деп жазды Ремизов өз күнделігінде, түрікменнің көлемді қайығынан тақтай үйге көшіп кірген бірінші күні.

Ремизов метеорологияны дәлме-дәл ғылым деп есептемейтін және оны өнер деп атайтын, ол метеорологиялық бақылаудан гөрі, Қарабұғаз шығанағы мен шөлді зерттеу ісімен шұғылданды.

Ол "бәрі де ағады, бәрі де өзгереді" деген мәтел әуел баста шөл тұрғынының миында туған деп ойлайтын.

"Шөлде тұрақты ештеңе болмайды, — деп жазды ол өз күнделігінде, — сіз, сырттай қарағанда, мызғымастың патшалығына сіңіп кеткендей болсаңыз да, бұл арада дүниенің бәрі мігірсіз қозғалып жатады.

Құм қозғалып, ескі жолдар өшіп қалады, қараша үйлер пайда болып, жоғалып кетеді, сағат сайын жел соғуы өзгеріп тұрады, адамдар көшіп жатады. Құмды шөлдер — құрлықтың бірден-бір қозғала беретін кеңістігі. Бұл дауылдар кезінде ауаға ұшып кетіп, шапақ (күннің батуы) деп аталатын төтенше жарық эффектісін жасайтын құрлықтар.

Қаңтардың біз сипаттайтын үшбу кешінде Ремизов күнделігін жайып тастап, глаубер тұзының Қарабұғаз шығанағында тұнып қалуының ерекшелігі жөніндегі қорытындысын асығыс жазып отырған. Со сәттері осынау қорытындысы оған данышпандық болып көрінген. Енді қазір сол пікір әліппелік ақиқат болып қалды.

Ол глаубер тұзының — мирабилит екенін — оның шығанақ түбіне кристалл түрінде тұнып қалатынын, судың температурасы бес градус жылылыққа дейін құлдырап түсетін қыс күндерінде ғана су ішінде ілініп-салынып жүзіп жүретінін дәлме-дәл анықтады. Қарабұғаз, мирабилиттің осынау зауыты, тек қыста ғана — шамамен қарашадан наурызға дейін жұмыс істейді. Қыстың қара дауылдары мирабилиттің жүздеген мың тоннасын асқаралы таудай етіп, жағалауға лақтырып тастайды.

Наурыз айында, су жылыған кезде, мирабилит толығынан еріп соған сіңіп кетеді. Жазда шығанақ суында қатты мирабилит атымен болмайды.

Жаздың аптапты ыстығы шығанаққа маздаған пеш сияқты әсер етеді. Оның суды қоюлатып жіберетіні сондай, су жылылығы бес градусқа түсісімен мирабилит кристалданып қатая бастайды. Мирабилит қорының үздіксіз, бірақ мезгіліне қарай бір қалпында өсіп отыруы үшін, шығанаққа жазының да, қысының да екеуі бірдей пайдалы. Бұл құбылыс Ремизовке табиғаттың өсімдік тіршілігінің айналымына ұқсас болып көрінді. Ағаштар әрбір көктем сайын гүлдейді, әрбір күз сайын жаңа жемістерін береді. Шығанақ, мирабилиттің сан мың тонналарын қанша қарбытып алып, тасып жатса-дағы, әрбір қыс сайын ол мирабилиттің жаңа миллиондаған тонналарын мыңдаған жылдар бойы беріп келген, әлі де мыңдаған жылдар бойы бере береді.

— Байлық, міне, қайда жатыр! — деді Ремизов қазір ғана жазғандарын оқып шығып.

Ол бір түрлі, металл әуезді дауыспен сөйлейді екен. Егер түтігіне түкірік түссе болғаны, даусы ысқырып шығады да шіңкілдеген үні тоңқылдаған жуан дауысқа айналып кетеді екен.

Ремизов күнделігін ысыра салып, қиялына жол берді. Ол енді бірнеше жылдан кейін, Қарабұғаздың құнарсыз жағасына шығанақтың тұңғыш зерттеушісі, Ремизовтың өкіл әкесі Жеребцовқа қола ескерткіш қоятынын айтып, Арьянцты сендірмек болды. Жеребцов басына умаждалған теңіз фуражкасын киіп тұрады. Оның аяғының қасына шығанақтың жез картасы жайылып қойылады. Ескерткіш тұғырына: "Қарабұғаздың ер жүрек зерттеушісіне — Советтік Ресей" — деген жазуды бәдіздейді.

Арьянец ошақ алдында жүресінен отырып, тұзды судан шай қайнатып жатыр. Кешкі сағат тоғыз жақындап келе жатқан.

Сырттан, шығанақтың ар жағынан атқан мылтық үні тұншығып шықты, сосын екінші, үшінші рет атылды.

Ремизов орнынан ұшып тұрды.

— Жалғыз өзің барма, бірге барайық, — деді Арьянц.

Олар желді түнде далаға шықты. Тар бұғаздың ар жағынан әлдекім көмейін жырта дауыстады, сосын тағы да ауаны кезеп мылтық атты.

Ремизов қайығын ағытып, жауап оқты атып жіберіп, ескекті қолға алды. Арьянц еңсесі түсіп, қайықтың арт жағында отыр. Солтүстік жағалаудан атылған мылтық қайықты сұраған өтініш болатын. Мұндай жайттар бұрын да бірнеше рет болған, бірақ қазақтар бұрын шығанаққа ешқашан да түнде жақындап келмеген еді, сол себепті де осы бір тосын жайт Арьянцты кәдімгідей алаң етті.

Асау аттарына мінген екі жас қазақ жағалауда шыр айналып жүр. Олар Ремизов пен Арьянцқа түрпідей жалпақ алақандарын беріп, екеуі бірдей жарысып сөйлей жөнелді. Ремизов тек бір нәрсені ғана түсінді: Қара Ада аралында адамдар қаза тапқалы жатыр. Бүгін, міне, екінші күн олар от жағып, көмек сұрайды. Соларға түрікменнің желкенді кемесін шұғыл жөнелту керек. Өздері қандай адамдар, олар аралға қалай барған, оны ешкім де білмейді. Ремизовтың тұла бойы мұздап сала берді. Біреудің жүрек жарды қуанышы секілді, оқыстан есуастық қылықты жасататын тап осындай жайтты ол бала күнінде, түнделетіп кітап оқып, соған өзі қосыла жылайтын кездері басынан өткерген еді.

Ремизов қазақтардың біреуін өзімен бірге алып, кейін қайтты. Метеорологиялық станцияның қасында желкенді қайық байлаулы тұратын. Олар бір сағаттай жаныға жұмыс істеп, желкенді бекітіп, қайықты әзірледі де екі кеспекше су, бір шыны арақ, біраз қуырылған балық алып, теңізбен жолға шықты.

Арьянц жағада тұрған. Ремизов ең соңынан оған:

— Егер бірдеңеге ұшырап қалсақ, Красноводскіге қарай беттерсің! — деп айқайлады.

Арьянц қолын бір сілтеді де қойды: есалаңмен сөйлескеннен не пайда!

Шығанақтан түнде кешеуілдетіп шықты. Теңіз қайықты шайқай бастады. Ремизов өздерінің айналасындағы жүздеген миль жерде бірде-бір кеме, не бірде-бір тірі жан жоқ екенін, мына ғаламда тек қорғасындай ауыр, ажал құшағындай суық теңіз бен қараңғы түн және сықырлаған түрікмен қайығында отырған екеуі ғана қалғанын есіне түсірді. Сол-ақ екен арқасы аяз қарығандай, еркінен тыс дірілдеп кетті.

Қураған сабақты шөптермен қоршалған, жылы тақтай үй, ұзын-сонар күндер, жабайы үйректерді, сирек те болса ататын мылтықтың гүрсілі, кітап толы бес жәшік (солардың тек біреуі ғана оқылды) — осының бәрі қара су тасасында артта қалды.

Қазақ, жағалаудан әрірек, теңіз тереңіне қарай жүрелік, өйткені жағалау маңында су астыңда тастар көп, сондай тастардың тұтас таулары кездеседі, олар, темір әйнекті қалай сындырса, қайықты да солай талқандай салады, — деп ескертті.

Осы бетімен олар тулаған теңізде түнімен жүрді. Ремизов тек бір рет қана темекі тартуға мүмкіндік алды.

Олар таң ағарып атқан кезде ғана Қара Аданың қарауытқан аран тісін көрді. Ремизов қазақтан Бекдаштың жанында қайықтан түсуге қолайлы орын бар ма деп сұрады. Қазақ күмәндана басын шайқады. Іс қиындап кетті. Ремизов ернін тістеп, қайқаңдап келе жатқан қайықты кенет улы сарғылт түтінін будақтата бастаған аралға қарай жүргізе берді.

— Тірі! Пәле, ана адамдар тірі екен! — деп басын шұлғып, күліп жіберді қазақ.

Оның шашыранды суға малшынған жүзі май жаққандай жылтырап тұрды.

Ремизов аралдан көп адамның мәйітін, ақыл-есінен айырылып жатқан он бес тірі адамды көрді. Ремизов тірілерінің аузына су қосқан арақ құйып, қазақ жігіті мен екеуі оларды тасымалдап қайыққа отырғызды. Тек Миллер ғана есін жиды. Қалғандары ыңыранып, сандырақтап жатты.

— Сіздер кімсіздер? — деді Ремизов Миллерге, қайық ернеуімен су ұрттап, желдің ығымен қазақтардың қыстауы қоныс тепкен Бекдашқа қарай беттеген кезде. — Сіздермен бірге болған әйел ше? Сіздер аралға қалай тап болдыңыздар?

— Бес күннен бері нәр татқан жоқпыз, — деп жауап берді де Миллер қайықтың түбіне жата кетті. — Бес күн. Сүзекпен ауырғандары түгел қырылды. Сұр жыландар-ай, не істемеді, атып тастағаннан да бетер болды-ау!

— Сіздер кімсіздер? — деп қайта сұрады Ремизов.

— Петровскіде қамалғандармыз. Партиялықтары, қызыл гвардияшылары, кездейсоқтары да бар. Деникиншілер Петровскіден кашып кетерде бізді пароходқа, түрімге тықпалап алып шықты да, әлгі аралға әкеліп, ассыз, сусыз лақтырып тастап, тайып тұрды.

Ремизов ләм деп жауап қатпады. Міне, бұның өзі іштей сыр етіп бүгіп, қатты қорқатын бәлекеті — азамат соғысы, сүзек және басқалары жылжи-жылжи қуаң шөлге де жетті, осының бәрі мұның өзі ашқан жаңалықтарын аяғына дейін жеткізуге кедергі жасады да, өз басы жылына жиырма шақты қараша үй ғана көшіп өтетін, бірде-бір орысы жоқ осы араға, шығанақ маңына келіп жасырынған болатын.

— Әйел беймәлім жан, — деді Миллер, кездейсоқ әйел. Тағы мына бір ғалым — ол да кездейсоқ адам. Ақ гвардияшылар оны үш рет атып тастамақ болды.

— Қандай ғалым? — деді Ремизов, сосын жағалау маңындағы жартастарды айналып өту үшін, рульді бура бастады.

Миллер жауап беріп үлгірмеді: қайық ақ көбігі бұрқырап жатқан тентек толқындарға тап болған еді.

Қазақтар оны жұмыла көтеріп, жағаға алып шықты.

Сандырақтап жатқан адамдарды үн-түнсіз көтеріп, киіз үй ішіне апарысты. Түнге таман бес адам жан тәсілім етті. Ертеңгісін алтыншысы — "туған жері Кубанды" аузынан тастамайтын шаруа шал үзілді.

— Күллі қамалғандардан тек тоғыз адам ғана тірі қалды.

Олардың алтауы темір жолға жетуден үміттеніп, қазақтарға еріп, Красноводскіге қарай кетті, ал үшеуін — Миллерді, Шацкий мен әйелді — Ремизов ез қарамағына алды.

Шацкий ұдайы қуақы кейіппен жымиып жүреді. Армян әйелі, Ростовтан шыққан мұғалима — тыным-тыныссыз жылай береді. Ремизов осы уақытқа дейін бірнеше күн бойы үзбей жылай беруге болады дегенді көз алдына елестетіп те көрмеген еді. Ол армян әйелін Арьянцтің қамқорлығына берді. Шал сансыз сағаттар бойы оны қарапайым сөзбен күбірлеп жұбатуды, мұғалиманың хикаясын тыңдай отырып:

— Иттер, құтырған иттер түге! Ондай сұмдардың көзін құрту керек! — деп түсін суытып, басын шайқайды.

Тек жалғыз Миллер ғана байсалды. Бірақ оның да түнемелікте көзі ілінбейді, темекіні сорады да отырады.

Үшінші түнде Шацкий Ремизовты оятып алып, жаны тебіреніп, бар сырын ашты:

— Дәл қазір сізге айтатын нәрсенің бәрін өте құпия күйінде сақтаңыз. Мен асқан кемеңгерлікпен таңғажайып жаңалық аштым, бірақ оны жариялауға болмайды, әйтпесе кіл адамзат аса ұлы әлемдік апатпен із-түзсіз жойылады. Мен геологпін. Жердің геологиялық қатпарларында материалдық сипаттағы алапат энергия ғана емес, сол қатпарлар құрылған кездегі жойқын дәуірлердің психикалық энергиясы да шоғырланып сақталып қалған — деген қорытындыға келдім. Түсіндіңіз бе?

Ремизов төсегінде түрегеп отырды.

— Істің мәні неде?

— Зейін қойып тыңдаңыз. Біз материалдық энергияны — мұнайды, көмірді, сланецті, кенді пайдалану әдістерін таптық. Бұның бәрі өте қарапайым әдіс. Бірақ бізде со бір қатпарларда қысылып жатқан психикалық энергияны босату әдістері жоқ болатын. Бұл әдісті американдар ашқан. Олар бізге өш, олар Совет мемлекетін жер бетінен құртып жібергісі келеді. Олар біздің астымызда жатқан психикалық энергияны босатуға әзірленіп жатыр. Ол бәрінен де әктер мен фосфориттерде көп кездеседі. Фосфориттер — ол әбден қатталған жауыздық ерік-жігер, ол алғашқы қауымдағы гүнеріңкі ми, ол айуанның ызақор өшпенділігі. Одан құтылу үшін дегазизация әдісін қолдану керек. Әкті топыраққа қарсы біз аллювиалды қатпарлардың өте жас аса күшті энергиясын босатып жібереміз. Ендеше дереу Мәскеуге жетіп, Халық комиссарлары Советін ескертіп қою керек. Әк топырақ пен фосфориттер шығатын жердің бәрін кордонмен бөліп тастаған дұрыс. Әйтпесе біз көрінген жердің бәрінде, тіпті Қарабұғаз тәрізді тасалау мүйістердің өзінде де қырылып қаламыз.

Ремизов шамды жағып, Шацкийге ынта-ықыласымен анықтап бір қарады. Оның алдында әлжуаз шал отыр. Шацкийдің беті арыстанның маскасына ұқсап кетіпті.

— Сіздің жасыңыз нешеде?

— Отыз екідемін, — деп жауап берді Шацкий.

Ремизов Шацкий көзінің қарашығына қарап еді, онысы күндіз ұстап алынған үкінің көзі секілді қимылдамайды.

"Тағы біреуінің ризығы таусылыпты" — деп ойлады Ремизов. Шығыстан соққан жел сандырақтап жатқан бейбақтардың ұйқысын бағып тұрған көзге қораш күрке үстінен гуілдей соғып тұр екен.

Ремизов үстел қасына отырып, дәптерін ашып мына төмендегіні жазды:

"1920 жылдың үшінші ақпаны. Бүгін кешкілік Миллермен сөйлестім. Ол Совет өкіметі баянды түрде орныққан Астраханға қарай жүруді ұсынады. Мен онша көп ойланбадым. Мұнда Шацкий мен мұғалиманы қосып, Арьянцті қалдырамын. Геолог ақылынан адасып қалды. Бұнда болған оқиғадан кейін, енді шығанақты зерттеу ісімен және метеорологиямен айналысуға ешбір құқығым да, адами күш-жігерім де жетпейтін болды. Ғылымның саясаттан тыс екендігі жөніндегі "даусыз шындықтар" құзға құлап жоқ болатын мерзім жеткен тәрізді. Ресей үстінен сызды көктем төніп, шулап тұр, одан менің құр қалуыма әсте болмайды".

Петровскінің түрмесінде қамауда қалған үш жүздей адамды деникиншілер теңіздің шығыс жағалауына, Қарабұғазға жақын жерге апарып түсірілді. Қамалғандардың бұл партиясы шөл-баябанды басып, Красноводскіге жетпекші болды. Красноводскіге дейін әлі де төрт жүз шақырымдай жер бар еді. Осыдан біраз бурый Ашхабад жағынан шабуылға шыққан қызыл әскер бөлімшелері ақтарды Красноводскіден қуып шыққан болатын. Гипс шатқалында болған қатал шайқастан кейін осынау қала басып алынған еді. Қамалғандар бірде-бір күн толас таппаған қара дауылда жүріп келе жатқан. Солтүстік желі аңырап соғып тұрды. Бірнеше шақырым жерге созылып жатқан осы бір қорқынышты шерудің ең соңынан әрбір сағат сайын әл-дәрменіңен айырылған адамдар құлап жатты. Олар жанталасып, алдындағы адамдардың атын атап, айқайлап шақырса да жолда ұзақ тоқтап қалу өлгенмен бірдей қорқынышты нәрсе болатын.

Бірінші болып балалы әйелдер мен таяғына сүйеніп, ақсаңдап келе жатқан матрос қаза тапты. Алдыңғылары шығандап озып кетсе, кейінгілері олардың ізінен айырылып қалып, шөлдің құм дауылына ұшырап, бұлдыр болжаммен бет алды құба түз жүре берді, содан кешке дейін жүрді, ақырында құлап түсіп, жәрдем берер тірі жан жоғын біліп, құлаған күйі жата беретін болды.

Тым сирек кездесетін түрікмен қыстауларына қуаң шөлден Красноводскіге қарай "құдай қарғаған" адамдар тобыры шеру тартып келе жатыр деген суық хабар жетеді. Түрікмендер дереу жолым үйлерін тез жинап, құла түзге қарай қаша бастайды.

Қамалғандар жолай тірі кесірткелер мен тасбақаларды шикілей жеп, қоректеніп келе жатты. Анда-санда олар сасық суы бар құдықтарға тап болып қалады. Оларды шөлді бес саусағындай білетін бір түрікмен бастап отырды, осы жайт "өлілер сапарындағы" адамдардың шағын бір бөлегін аман алып қалды.

Қамалғандардың арасында Персиядағы революциялық көтеріліске қатысқан бір мұғалім, грузин Халадзе бар еді. Деникиннің күзетшісі кемелерінің тұмсығы астыңдағы төңкерісшілерге Астраханнан қару-жарақ жеткізген атақты штурман Бархударов бар болатын. Деникиншілер сонымен Бархударовтың жүгін ұстай алмай-ақ қойды. Күзеттегі кеме Бархударовтың пароходын дереу қуа жөнеледі, бірақ Бархударов пароходты суға батырады. Петровскінің түрмесінде оған жүз рет шомполмен дүре соғып, атуға бұйырады, бірақ атудың орнына оны өзге қамалғандармен бірге Қарабұғаздың өлі жағалауына тастап кетеді. Тағы да қызылдар жағына шығып, Дағыстан тауларындағы партизандар отрядында деникиншілерге қарсы күрескен ағылшын-үнді әскерінің офицері Муртузалян да бар-тұғын. "Жер қойнауын әлеуметтендіру туралы" жобаның авторы, оқымысты шал Мухин де осында болған еді.

Қалаға сексен шақырымдай жер қалғанда, әлі тірі жүрген адамдардың да Красноводскіге жете алмайтыны айқындалады. Содан кейін "өлілер сапарына" бастық болу міндетін өз қолына алған Мухин, оларға қозғалмай жатыңдар да жәрдем күтіңдер деп әмір етеді. Ол бұлардың ішінен дініне берік қырық кісіні іріктеп алып, соларды ертіп қалаға қарай жүреді, кейін орнында қалдырған адамдарды тауып алу үшін, әрбір үш-төрт шақырымнан өтісімен, тірі "белес" етіп, бір кісіні қойып, ілгері жылжи береді.

Красноводскіге үшеуі ғана жетеді. Олар көшеде құлап қалады, бірақ өздеріне жолыққан қызыл гвардияшыларға шөл далада не болғанын айтып үлгіреді. Арада жарты сағат өтісімен Красноводскіден түйелерді жіберіп, сосын атты кісілер тірі "белестер" арқылы қалдырылған бейбақтарды іздеуге шығады. Олардың көпшілігін құтқарып үлгіреді әйтеуір.

Аударған Әбілмәжін Жұмабаев


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз