Өлең, жыр, ақындар

Баян мен «Бәйтерек»

Жазғытұрым қатты науқастанып, қайта жазылған кішкентай Баян кілт өзгерген. Бұрынғы орынсыз еркелік, жөнсіз шолжаңдығын ұмытып, біртоға боп алды. Кимелеп аса көп сөйлемейді. Тек көбіне қолына түскен ақ қағазға заулап ұшқан қарлығаштың шүйіле құлдилаған суретін салуға құмар. Тіпті таңертең ұйқыдан ерте ояна салып, төсегін тап-тұйнақтай жинап қоятын жақсы әдет те тапты. Күн сайын есіктің алдына су себеді де, ескі сыпырғышпен мұқияттап сыпырып, көлденең қылау қалдырмай тазалап тастайды. Ал бұған атасы мен әжесі: «Биыл қызымыз мектепке алғаш рет барады ғой. Құдайға тәубе, бойы да өсіп, таралып қалды. Ес кіріп, қолғанатқа жарап жүр өзі», — деп жүдә риза. Көбіне кешкісін кішкентай немерелерінің бірінші сыныпқа қалай баратынын, оған Астанадан Баянның көкесі мен апасы арнайы келіп, көп-көп кітап, сәлемдеме әкелерін сөз қылып, мәз-мейрам болады.

Шуағын мол төккен күн құрық бойы көтерілгенімен таңғы салқынның әлі серпіле қоймаған әдемі сәті. Атасы мен әжесі бүгін тіпті ерте ояныпты ұйқыдан. Бүйіріне қиялай түскен күн сәулесі көзді қарықтыра жарқылдап ойнаған жез самаурынды сәкі үстіне қойған әжесі:

— Баянжан, қолыңдағы сыпырғышты таста. Беті-қолыңды жуып, шайға кел, — деп дауыстады. — Атаң пішен оруға барамын деп жүр ғой, ертерек қамдансын. Шілденің қапырық ыстығы түспей оралғаны өзіне жақсы.

— Қазір, әже, — деді қоқысты бір орынға мұқияттап жинаған Баян сыңғырлаған дауыспен. Дөңгелек жүзі сопақшаланып, аққұба беті арайланып, бұрынғыдан да сүйкімді бола түскен. Сәл бұйралау қара шашы иығына түсе төгіліп, әдемі етіп көрсетеді әлпетін. — Міне, болдым. Қазір барамын...

Атасы мен әжесі, үшеуі ішкен шай тәтті әрі сіңімді. Әдетінше атасының тізесіне шынтағын қойып, әңгімесіне үнсіз құлақ түреді. Ал Жұманбек атасы әңгімені көп біледі дейсің бір. Жұрттың айтуынша: «Көкірегінде бұлақ бар. Шежіре мен тарихтың таусылмайтын бұлағы». Бір өзі емес, осы үйге келген қонақтардың көбі атасының әдемі әңгімелерін бөлмей, ұйып тыңдайтынын талай аңғарған.

Ал жайшылықта шайды мейірлене, аса баппен ішетін атасы бүгін тым асығыс көрінді. Бір-екі кесе ішкен соң-ақ кейін сырғып, «ішіп болдым» дегендей кесесін жозыға төңкеріп қойды.

— Тұйық көлге жеткенімше талай уақыт өтеді, — деді сосын тізесін қаққылаған күйі орнынан көтеріле беріп. — Оның үстіне жалғыз кісінің жұмысы өнуші ме еді?!

— Ата, сізбен бірге шөпке барайыншы, — Баян орнынан ұшып тұрды. — Сізге көмектесейін.

— Қой, үйбай, ол не дегенің? — деп екі қолын ербеңдетті әжесі ойда жоқта асып-сасып. — Алыс жерге жеткеніңше аңқаң кеуіп шөлдейсің. Әнеукүні суық тиіп ауырып қалғаныңды ұмытпа. Үрейімізді ұшырдың ғой.

— Әже-е-тай, барайыншы. Атама серік болам ғой. «Қолғанатым» деуші едіңдер, атама көмектесейін де.

— Жарайды, әжесі, бара қойсын енді. Зерігіп, үйге сыймай жүрген шығар. Тұйық көлді, кең даланы қызықтап, көңілі сергісін, — деді атасы ақ қалпағын милықтата киіп жатып. — Туып-өскен ауылының сұлу, көрікті жерлерін көрмеген бала туған жерін сүйе алмайтын көрмәдік боп ержетер түбі.

...Қос дөңгелекті арбаға қатар жайғасқан атасы мен немере қызы көңілді-ақ. Әсіресе бірден сергіп сала берген Баянның қуанышында шек жоқ. Айналаға сүйсіне қарап, әлсін-әлсін жымиып қояды. Керқұла ат қалың жалын сілкіп тастап, борт-борт желсе, жеңіл резина доңғалақтардың дыбысы шықпай, құмшауыт жолда үнсіз сырғиды. Ал биік аспанда күміс бұлттар әлдеқайда асығыс көшіп, тоқтаусыз қалықтайды. Ұшы-қиыры жоқ көгілдір матаға ақшаңқан шымылдық тұтқандай. Жуырда ғана шөбі орылған шабындықтың шетінде тұяқ іліктіргенде кішкентай қыз үнсіздіктен жалықты ма, сұрақты қарша жаудырған.

— Ата, сіз шөпті неге алыстан, Тұйық көлден әкелесіз? — деп таң қала сұрады. — Шөп осы жазықта да көп екен ғой. Өзін орып та тастаған.

— Ә-ә, қызым, бұл сүрегі әбден қатып, сүті кеуіп кеткен шөп. Ал көл жағасының майсасы малдың тілін үйіретін жұғымды шөп те.

— Сонда қалай, бұны жеген мал тоймай ма?

— Жоға-а, — деп жымиды атасы ақ сақалын салалай сипап қойып. — Қалай түсіндірсем екен, ә?! Қарашы өзің, алма екі түрлі болады емес пе? Бір — әбден уылжып піскен тәтті алма, екіншісі көк түйнек, ащы. Сен қайсысын сүйіп жейсің?

— Үй-и, ата, соны да білмейсіз бе? — деп еркелей сыңғырлап күлді Баян бұйра шашы желмен желбіреп. — Кісілердің бәрі тәттісін жейді ғой. Мен де тәтті алманы жақсы көремін.

— Әні, көрдің бе, ендеше көлдің шөбі де малдың тәтті алмасы. Олар да «ап-п» деп қаршылдатып асайды.

— Ә-ә...

Жол жиегінен табан асты «пыр» етіп ұшқан бозторғайлар сәл биіктеп барып, бітпейтін әнге басуда. Құйқылжыта, үзілдіре сайрайды кеп. Бұлар ұзай түскен сайын көгілдір аспанға қара ноқат болып ілініп қап, үздіксіз сайраған бозторғайлар көбейе түскен. Бәрі де бұларды көлге дейін әнмен шығарып салуға уәделескен сияқты.

Баян сайраған бозторғайларға қарап, үнсіз ойға берілді. Маңдайын тыржитып, қабағын түйіп апты. Кенеттен:

— Ата десе, ата, бұлттар да, құстар да аспанда ұшады. Бұтақтан жұлып алсаң, жапырақтар да, бақбақтың үлпегі де ауада қалықтайды, — деді терең ойлы қалпы. — Ал адамдар неге ұшпайды екен... Сіз ұшқыңыз келмей ме?

— Жоға-а, мен ұшсам... қартайғанда жерге құлап, жамбасымды ауыртып алармын. — Атасы қарқылдап күліп жіберді. — Әй, баламысың деген-ай. Құдай тіршілікті солай жаратқан ғой. Құсқа қанат берген, адамға — қол.

— Ал мен түсімде ылғи ұшып жүремін. Міне, былай. — Баян екі қолын жайып, атасына қалай ұшатынын көрсетті. — Бірақ ылғи түсім болады. Сосын өкінемін.

Немере қызының шашынан ақырын, аялай сипаған қария:

— Олай деме, қызым, — деп жеңіл күрсінді. — Адамның түсінде ұшқаны жақсы болады. Өмірің алда, өскенде ұшқыш боласың, кең аспанда зуылдайсың ұшақпен.

— Ата, мен қазір ұшқым келеді. Шіркін, қолдарымды кең жайып, ұша алсам ғой. Анау Астанаға ұшып кетер ем. Сұлу қаланы аралап, көкем мен апамды, әдемі «Бәйтеректі» көрер едім...

— Ә-ә, қызым-ай, әке-шешемді сағындым деші...

— Жо-жоқ, мен сағынған жоқпын, бірақ өздері ғой түсіме ылғи кіреді.

Кілт теріс айналған Жұманбек қария терең күрсінді.

...Баян кішкентай қызғылтым гүлден көз алмай, етпетінен қимылсыз жатқалы көп болған. Екі шынтағы тызылдатып ауырып кетсін. Таңдап-таңдап шалғымен шөп орған атасы да талай жерге ұзап үлгеріпті. Айналада бөгде үн естілмейді, құлаққа ұрғандай. Тек анда-санда шолп етіп көл бетіне сүңгіген күміс балықтың даусы мүлгіген тыныштықты бұзып тұр. Гүлдің қауашағына қонған жұқа инелік әдемі-ақ. Ештеңеден бейқам күйі қызғылт гүлдің шырынын шөлі қанбай соратын сияқты.

Кішкентай қыздың мойылдай мөлдіреген көздерінің түбінде гүлдің нәзік қауашағы, жібектей жұқа қанаттары дір-дір еткен көк инелік төңкеріліп, түпсіз айнадағыдай анық көрінеді.

Осы бір көк инелікке іштей қызығып кеткен Баян қолын ақырын созды да, шап беріп ұстап алған. Сосын орнынан абайлап тұрып, көлге қарай тізерлеп отырды. Инеліктің ақшыл шілтердей қанаттарымен алақанын жұмсақ жыбырлатқаны тіптен қызық. «Босатшы» дегендей тынымсыз жыбырлайды.

Аяп кетіп, алақанын ашты. Жарық дүниеден бір сәт сескенген инелік сәл қимылсыз отырып, кішкенеден соң қанатын қомдап, көлге қарай жылдам ұша жөнелсін. Қанаттары зырылдап, титімдей тікұшақ сияқты судың бетін бауырымен сыза қалықтайды. Соңынан көз алмай қараған Баян да қолын бұлғаған күйі:
 
Инелік-ау, инелік
Нәзік қанат инелік.
Гүл нәрінен қанып іш,
Астанаға алып ұш!
Су бетімен зырлашы,
Көк аспанда самғашы.
Бәйтерекке барып қон,
Құстарға жем болмашы, —

деп ақырын-ақырын күбірледі.


Пікірлер (2)

Үсен Асия

Маған қатты ұнады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз