Өлең, жыр, ақындар

«Айқап» басқармасына хат

Өткен октябрь жұлдызының 26-сында Троицкідегі «Русско - татарская школдың» бас учителі Латифолла мырза Ғабдулғазизов дүниеден қайтты. 29-шы октябрьде, бейсенбі күні жаназасы оқылып, аса қадір-құрметпен жамбасы жерге тиді. Марқұм ес біліп ержеткеннен бері қарай татар міллетіне көп еңбек сіңірген, сақалсыз балалар былай тұрсын, көп сақалды балалардың көзін ашқан, Троицк шәһәрінде не түрлі жақсылық істерге себепші болған бір кісі еді. Сонысына қарай өлімі де жұртқа қадірлі болды. Медреселерде дәрістер (сабақтар) тоқтатылып, қайғысына ортақтасты. Рухына құран хатым айттырылды. Жаназасына жер қайысқан кісі жиылды. Бас адамдарды қабірінің қасыңда марқұмның қылықтарын сөйлеп, көңіл көздерінен күйікті жастар моншақтатып ұмытпайтындықтарына уағда етті. Міне, көздері ашылып, көңілдеріне сәуле кіре бастаған жұрт балаларын оқытушының қадірін қалай біледі!

Мұнан бір жұма бұрын, 23 октябрьде Қостанай уезі, Обаған болысының қазағы Жамалиддин мырза Бейсенов Қазанға ауруын қарата барғаннан қайтып келе жатып, үйіне жете алмай, Троицк шәһәрінде опат болды. Марқұм «Русско - киргизская школаның» заведующийі еді. Қыршын жас (жұмысы) жақсы қазақ балаларының школға кіруге көп көмегі тиген, қазақшылық ісінде шын мұсылман бір адам бар еді. Мұның опатын Троицк қазақтарының көбі білмеді. Мұның өлімінің жай қазақтың өлімінен көп айырмасы болмады. Бұл біздің қазақта оқытушының құны не дәрежеде қымбат екенін көрсетеді. Байқаңыз, біздің оқытушымыз қалай көмілді, бізбен туысқан, қатарымыз деп жүрген татардың оқытушысы қалай?

Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен? Біздің еңбекшілерімізге де соңдай күн туар - дағы! Бірақ қашан, қашан? Қайда?

1913, Троицк қаласы


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз