Ақнайман Ойсынбай

Ақнайман Ойсынбай шешенді замандағы Қамбар деген төре шешендігі үшін сыйлап, қайран қылып сүйреп жүреді екен. Ойсынбайдың бірге туысқандары һәм баласы төренің сыйлағанын арқа тұтып, ұрлық қылады. Қуып келсе, тендік бермей зорлық қылады. Ойсынбай: «қой» деп оларға ақылын алдыра алмапты. Бауырларының қылған ісі асқынып кеткен соң Қамбар Ойсынбайды бір шақырып, екі шақыртса келмейді. Бармаса зорлап апаратынын біліп, үшінші шақыртқанда барады.

Барған соң төре ашуланып ақырыпты:

— Әй, сен шаңырақ көз! Аузыңнан келген дәмім кетпейді. Арқаңнан қамшымен салған табым кетпейді. Бой теңелдік қылайын дедің бе? Екі шақыртқанымда неге келмедің? Көбеңсиін деген екенсің тұра тұр! — деп төре қалш-қалш етеді.

Сонда Ойсынбай:

— Мен келмеймін дедім бе, тақсыр! Есік алды ұра болды, үйдің арты жыра болды; бай береке қонды, кедей шетке қонды; етек-жеңім боқ болды, кисем, киер тоным жоқ болды; боқ қалпыммен қалай сізге көріне аламын деп ұялып келмеп едім, - деп жауап беріпті.

Төре сонда ойланып отырып-отырып: «Рас айтады-ау құрғыр!». Ашуын тарқатып, тағы да қайран қылып жүрген екен деседі.

Осы Қамбар төренің еліне Уақтан шыққан Қарақат Жарқын деген шешен бір құн даулай келген екен. Кісісінің құны анық болған соң, үш күн жатып сөйлесіп, өзі тілді кісі сөз берген соң, төре бұған сөйлесуге Ойсынбайды шақырыпты. Ойсынбай келіп жұрт жиылып отырған соң:

— Ал, сөйлеңдер, — дегенде, Ойсынбай:

— Жарқын сөйлесе, орыстан жеген нанын айтады, Ойсынбай сөйлесе, Қамбардан жеген қанын айтады. Мұның билігін хан Қамбар айтсын депті (Жарқын тегінде орысқа тыңшы (шпион) болып, ақы алып, қазақты көп жеген кісі екен). Ойсынбай сонысын айтқан соң, амалсыз Қамбардың билігіне разы болады, билікті маған айтқыз дей алмайды.

1918


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...