Өлең, жыр, ақындар

Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан

Белгілі, мұнан бес-он жыл бұрын хат біледі-міс деген қазақтардың қолдан-қолға түсірмей, құлқынын құртып құмартып оқитын кітаптары: «Зарқұм», «Салсал», «Алпамыс» тағы солар секілді «қырды - жойды», «қиратты», «жеті бас», «айдаһар», «пері», «жалмауыз кемпір», «дәу» дегендей ұшы-қиыры жоқ түпсіз өтірік, қисынсыз хикаяттар еді. Міне, бұған қазақ отағасылары көздерін жұмып, нанып, мейірлері қанып, кеңкілдей түсіп, шұлғысып, мүлгісіп отырғаны еді. Сондай шөп - саламмен қандары ұйып, жандары ұйықтап қалғығаннан қалып қаннен-қаперсіз отырған бір заманда... «тұр - тұрдан хабар келіп, ұйқыдан маза кете бастады». Бырқырап ұйықтай беруден жиренбеген, бұрын мұндайға құлақтары үйренбеген халық «Аллаңнан ойбайым жақсы» дегендей қылып, әуелгі кезде ордаңдаңқыраса да көздері шалған соң, көкіректері сезініп, құшатын жайысып жабырласып түсісті. Бұрынғы «Зарқұмдарын» құмға көміп, «Салсалдарын» суға лақтырып, пері қыздарын аспанға ұшырып, ақырындап ескі достарына хош айтыса бастады. Сонан бері қарай беттері бермен етпеттеуде.

Жаңа бір жас иіс туды дегенді құлақтары шалса, қолдарын жайып, құшақтарын ашып, иіскеуге - мұрындарын, сүюге - ауыздарын даярлап тұрмақ та. Қазақ секілді қараңғы көшпелі халықтың ішінде шыққан газет, журналдардың малтықпай тез жүріп, жеңіл кетулері сол етпеттен тұруларының арқасы, өйтпесе Самарқан, Түркістан, Бұхара,. Ташкент жақтағы газеттер секілді адым жер шықпай, арбасы төңкеріліп қала берер еді. Олар мәдениетті болғаны қайда? Атам заман. Ата-бабаларымыз өнер - білімді сол жақтан іздеген.

Бет бері қарап, қол оң жайылғаннан бері қарай жыл сайын бестеп, ондап «жас иіс» жаңа талап рисалар*2 да туып тұрды. Бірақ бұларды туды деп құр туғанына ғана сүйсінбесе (екеу - үшеуін бұлай қойғанда), «осы қарағым ер жетіп ерінім аққа тиер - ау» деп үмітке кіріп түшіркенерлік біреуі жоқ, «Қой бұты, қозы саны» дегендей құраған, сұраған бірдеңелер. - «Бұрынғы қиссаларымыздың – ақ (әдебиет) ақ көңілге күйе жағып адастырудан басқа пайдасы жоқ, бас қатырғыш хикаят еді» дедік. Ал енді адастырмай қанға қуат, көңілге көрік беріп алды түзуге қарай бұра бастайтын ақ үстіңдегі қара қайсы? Ол жоғарғы айтқа кейіп жоқ, келісім жоқ, құр қатын ойбай. Екшеп - екшеп қарасақ «ойбай - ойбай, бетім - ау, қайтермін - ау! Пәлен - ау, түген – ау» деп құр зарланған ойбайдан басқа дым да шықпайды. Қайта бұрынғыларымыз «хикаят» болса да тілі қазақша, рухы қазақ рухына қарай бейім келгендіктен өзін сүйдіруші еді. Бұл жаңа ойбайда шата тілдер көп араласқан. Кейде шүлдіреп, кейде шолжыңдап жытылып - сүрініп жүрген жайы бар. Шүлдірге мысал:

«Қолыңа ал қаламыңды,
Қайғырып хал мұстақпал заманыңды.
Намунә әр нәрседен көшіргіш ал,
Яза бер, ойыңа алған кәләміңді.

(«Милли шығыр»)

Халықты бүкүн құяш шығып шеттен,
Ыслахлық енді керек ертеректен.
Ашық қыл бізнің үшін ғазым атам»...

(«Әдебиет өрнегі»)

Керексіз шолжыңдап алғанға мысал:

«Сайладым бір хикая шығаруға - ай,
Қалсын деп жақсылардың құлағында - ай,
Қазақтың өткен халін естітіп мен»...

Қараңыз осылардың ішінде қайда қазақ тілі, қайда қиысқан назым? Қайда көңілге, тілге ойнау, теп-тегіс, өрескелсіз өлшеулі өлең?..

Бәрі бір қатын ойбай екендігін әр қайсысынан мысал жазып көрсетуге орын тар. Сонда да біреу, екеуін көрсетсем әнеукүнгі «Оян» рисаласында жазылған харіптердің орындарын ғана ауыстырған шала-жансар (тәржіме) көшірме екендігін менен бұрын өздеріңіз - ақ айтарсыздар! Көшірме болғанда да жетіспей қалған жерін жинаған, бүркеулі жерін ашқан, кеткенін келтірген, кемтігін толтырған түзу көшірме дейсіздер ме? Жоқ, жоқ еліктей алмай солықтап, соқпақтан айырылып қалған көшірме. Мысалы:

«Көзіңді аш! Оян... көтер басты,
Өткізбе қорлықпенен бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал қарап боп жарамасты».

Бұл — түпкі нұсқа.

— Ал, қазақ, көтер басты, аш көзіңді,
Бір уақыт адам санап сен де өзіңді.
Тұрсаңдар қараңғыда қор боларсың
«Алашым теріс деме бұл сөзімді».

Міне, бұл ананың көшірмесі. Мұның аты солықтау былай тұрсын аңқылдау емес пе?

Бұзылған қанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға пайда, дертімізге шипа болады-мыс деген жарыпсал жаңа әдебиетімізді «нысаны нұсқаған қол, көрсеткен жолы жоқ құр «қатын ойбайға» айналып, әркім соны ән көріп бара жатқан соң, қазақ жазушылары - ау, алдарыңа салып айтып отырмын: құр ойбай дегенмен ойбайдың да ойбайы бар ғой, жылаудың да жылауы бар ғой. Туыстағы тұрмыс дерті, зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып ықтиярсыз ызалы ызғарын төгеді, сай-сүйегің сырқырарлық ащы зарлы бебеулерін қағып көңіл толғағын, жүрек түйінін тарқатады. Мен анық ақ сүйек, аты жоғалмайтын өлең деп, өнер деп соны айтамын. Сырт көрініс қатын ойбай тұрсын, шайтан ойбай болып көрінсе де дәмі бар, маңызы бар ойбай сол, қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығындысы сол. Соның үшін ондай «ойбай», ондай «бебеу» табыла қалса, салған жерден өзі де дертке шипа бола кетеді. Басқаларға қарағанда пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла анық тұрады. Марқұм Абай өлеңдері секілді.

Байтұрсынның «Қырық мысалдағы» мысал сондарынан айтқандары секілді. «Азаматтың», «Қайтер едің», «Шатым» деп өз басына түскендерін айтуы секілді.

Қарасақ бұл айтқандардың бәрінде де өздерін жұртқа ауыз айтып көрсетушілік бар. Мәселен, марқұм Абайдың:

«Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас...
Саудырсыз сары қамқаны
.........................................
Сезімде жаз бар шыбынсыз...»

А. Байтұрсынның:
«Бәленің түрін көрген мен сары маса...»

Дулатовтың:
«Бәйгі алмас болғанымен жүйрік шаппай»

деген өлеңдері секілді. Бірақ айтқандары артығыменен шын. Шын жылаған жастың тамшысы, рас қайнаған сорпаның сөлі болғандықтарынан сезілмейді, сезілсе де басқалардікіндей көзге қатты, көңілге суық тимейді. Қайта өзіңді сүйсіндіріп әкетеді. Осы айтылған ретпен болмай күндікке ізденіп, өзінше ойыңнан ұйқасыңқырап шыққан керекті - керексіз сөзді «өлең» деп қуаныш жаза беру - дерті жоқ кісінің ыңқылдағаны. Толғағы жоқ қатынның бебеулегені қандай жексұрын болса, бұ да сондай жексұрын болады. «Қисынсыз қышқырған неткен тантық» деп Абай айтқанның кебіне ұшырап жүргендер көп.

Нағыз шынын айтқан уақытта, қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың иісі де жоқ. Неге десең, дені бытпырақ, бытпырақ болмағандарының ағыны теріс. Рухын тексерсек, баяғы айтылған «қатын ойбай». Ал енді, қазақтықты сіріге жамаған былғарыдай қай жеріне апарып жапсырамыз! Мен тілімізге шата тілдердің шатысуынан тілдің ағыны теріске бейімдеп, өріс алып бара жатуынан қорқамын. Біз бұралқы тіл кірмей ұйысқан сөз болса, ойбай мынау қазақша екен дейміз. Ескі сөздің қаспағына жаңа сөздің қаймағын апарып қатарластырып қарасақ, ол ағын мен бұл ағынның арасы алты айшылық алыс кеткендігі көрінеді. Мәселен, мынау сөз:

«Әбілхайырдың Руссия қол астына кірудің мақсаты һәм де қазақ хандарының халық қасында күшсіз екендігі, саяси істерде қазақ һәм басқа шарық халқының хайлакер, ант бұзғыш, суз - касд екендігі Русь үкіметі қасында анық мағлұм болмағандықтан, Әбілхайыр ханның бұл өтініші жоғарғы даһираларда қуанышпенен қабыл етеді. Неге десеңіз қан төгусіз, тек тұрғанда бірнеше миллион халықтың өзі тілеп қосылуы Россия үшін бір шәриф еді».

Бұл мұсылманша оқу мен жазушы атына кірген жастарымыздың тұңғышының сөзі. Жоғарғы мынау сөздің ағынына салыстырып қараңыз:

«Қазақта бір мақал бар еді: «Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табады, би деген ақ шариғат, ілуде бір-ақ қатын табады» деген. Сол айтылған билер ұлы жүзден шықты: Үйсін Төле би, орта жүзден шықты; артын Әйтеке би, кіші жүзден шықты; Алшын Әйтеке би, ең ақыры кеше қазақ Россияға қараған заманда Шоң билер болды. Ол қазақтың ортасынан құдай жаратқан билері бар заманда халық қандай халде болды, қой үстіне торғай жұмыртқалаған заман болды. Кеше Шоң деген кісі тоқты ұрлаған ұрыны тарттырып өлтіргеннен, сол көл «Ұрының көлі» атанды». Бұл тым арманындағы кісінің сөзі емес, мұнан 50-60 жыл ғана бұрын жазылған сөз.

Мұның аты: тіліміздің орнын сипалап қалуға бейімдеп бара жату болады.

Осы күні қазақша сөз боп жазылады - қара бұқара жеңіл ұғынады. Егер орысша оқығандардың аузынан шықса, ноғай мектебінде оқыған шәкірттердің аузынан шықса, құдай өзің жөн бер!.. Шәкірттер өзді-өзі ғана ұғынады да қояды. Қара бұқара құлақты саңырау, дәнеңесін аңғаруға болмайды. Бұ... қалай? Мен түсіне алмаймын. Бұларды мен сыншы болып сынап жазып отырғаным жоқ; сыншы болуға өзім сыннан өткен кісі емеспін. «Сабасына қарай піспегі» деп көргенімше көзге шыққан көсеудей сүйелдерін ғана көрсетіп отырмын. Шын тездің қолына түсіп түзете бастаса, бір журналды бір кітаптың сыны толтырар әдебиетімізді бар деп атауға болады. Бірақ жетілген сыншы да балаң, бар моншағымызды бай қызының қолындағысына апарып салыстыра берсек, біздің бұлбұл дегеніміз қарға болып, дүлдүл дегеніміз есек болып шыға бермес пе екен?

1913


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз