Өлең, жыр, ақындар

Ыстық күлше

БІРІНШІ БӨЛІМ

Бозала таң еді.

Сол құлағы жылан шағып алғандай дыз ете қалған Қанат төсектен атып тұрды.

— Өмірем қапқан екен десем, шыбынын кеудеңде екен ғой?! — Көктаспаның ысылы дәл құлақ түбінен шығады.— Тұр, бар! Кереңді қайнат!

Қанат былшықтан ілмектескен кірпігім әзер жазып, көзін ашты. Үй іші тас қараңғы. Түңлік түрілмеген. Көптілеу оянбапты, ірге жақта бауыздалған қойдан қырылдай қорылдап дүниені көшіріп жатыр.

Құлағы дуылдап жанып барады. Ұстап, уқалап қойды.

Күнде құлқын сәріден тұрады. Бұған Көктаспа шешесінің тиген жерін шоқша ойып түсетін қысқаштай саусақтары үйреткен. Бейне бір таң намазындай-ақ екі жылдан бері бір қаза жіберіп көрген емес. Кеше күріш орағынан сілелеп қайтқан Қанат ұйқыдан өле жығылып бүгін ерте ояна қоймаған.

Ық етуге шамасы жоқ. Үндемей құтылуға көндіккен Қанат сиыр сауғалы сықырлауықты ашып, шелегін қаңғырлатып тысқа беттеген шешесіне ере шықты.

Қанаттың «кересі!» — шай. Түнде жатарда босағадағы жайпақ қара қазанды суға мәймілдетіп қояды. Көлбақа секілді тәлпиген көне сары самаурын ажырамас серігіндей. Бүйірі галефе шалбардың жан қалтасынша делдиген, мықыр болғанмен мешкей, ішіне бір жарым шелек су кетеді. Ошақ басына баялыш пен қарабарақты үйіп тастайды. Қоламтаға көмген шоғы да жатады. Әуелі соны салып, үстіне қарабарақтың үш-төрт шөпшегін тастап жіберген кезде безілдеп сала береді сары самаурын.

Самаурынға су құйып ала шықты. Қанаттың далаға - шыққанына қуанғандай үй жанында байлаулы тұрған көк есек еңк-еңк ақырды. «Су бер! Су бер!» дейтіндей қиқылдап, ішегі үзіліп кете жаздайды.

— Әй, Қанат! Су бер ана есекке! — деп айқайлады қотан жақтан Көктаспа.

Есекке су әкеп берді. Шөлдеген кек есек үлкен шелектің түбіне тұмсығы тигенше дем алмастан бір-ақ тартты. «Тамаша су екен!» дегендей-ақ ұзын құлағын қағып, басып қозғап-қозғап қойды.

Күз таңы ызғарлы. Боз қырау түскен қара жер мұп-мұздай. Қанат балағы жырым-жырым шалбарын тізеден асыра түрген. Үстінде жамау-жамау боз көйлек. Суық жел денесіне инедей қадалады. Шытынап жарылған балтыры дызылдайды. Самаурын өңешінен шыққан қызыл ала жалынға күс-күс алақанын қайта-қайта тосады.

Айнала ағаяң тартты. Ертелі ана жер, мына жерде қарауытып тұрған киіз үйлер жапанда қалған жалғыз , жолаушыны қамаған қасқырлар құсап шоқиып-шоқиып шыға келді. Ауыл «Қаратабанды» жайлап, «Балажарманы» қапталдай қонып отырған. Елдің біразы қауын-бақшасының басына көшіп кетіп, ауыл сиреп қалған. Он-он бестей киіз үй. Үйлер алдында ақ жаулықтар көлбеңдейді; кейі ешкі-танасын сауып, кейі самаурын қойып жүр. Қайсыбір үйлерден күрк-күрк жөтелген көксаудай қақалып-шашалып күбі даусы шығады. Әлде кімнен соққы жеген бір сұқ ит қинала қыңсылайды.

Арық көпіріне таяу алты қанат боз үй жанында бригадир шал тор айғырын ерттеп жатыр. Ол қазір үйді-үйді жағалайды. Шіңк-шіңк етіп, кемпір-шал, бала-шағаны ораққа қуады.

Таң атты. Шығыс көк жиектегі сұйқылтым ұзынша ақ сұр бұлт қынаға салған орамалдай қызғылтым тартты. Жарманы кесіп өтетін табан жол, көпір көзге айқын шалынды.

Қанат екі көзін көпірден айырмай, өзін-өзі ұмытқандай тұрды да қалды.

«Балажарма» көпірі көзіне әрқашан оттай басылады. Күнде таң алдында тысқа шай қоя шыққанда осы көпірге, иығынан асыра сілкіп тастаған қыз бұрымы секілді көпірден әрі асып, аудан орталығы — Қармақшыға қарай созылып жатқан қара жолға көзі талғанша қарайды. Қараған сайын майдандағы көкесін есіне алады. Көкесі соғысқа аттанарда ағайын-туыстармен осы көпір үстінде қоштасып еді.

Онда Қанаттың он бірдегі кезі.

Олар күріш орағында жүрген. Бір күні түс ауа почташы қара домалақ шал қара есегімен бүлк-бүлк желіп келді де атызға жақындап, отақшыларды шақырып, далбайын бұлғады. Мүидайда иттен бетер алдымен ұшатын бала ғой, бала біткен жамыраса жүгіріп, елден бұрын жетті.

Қара шал өртеңнен шыққандай түтіккен. Түс жоқ. Тілі байланып қалған тәрізді, көзі бақырайып әр балаға бір қарайды. Үлкендердің алды келген соң шал есегінен түсті. Буын-буыны дірілдеп үзеңгіден аяғын әзер шығарып, құлай жаздап барып тіктелді.

— Со-со-ғыс, - деді ерні дірілдеп. Жау тиіпті елге. Керман соғыс ашыпты.

Үлкендер төбесінен жай түскендей самсоз боп тұрып қалды. Балалар жағы аң-таң, шал хабарының бағдарына түсінбей дал. Бірақ әйтеуір бір сұмдықтың болғанын сезетіндей.

Қанаттың көкесі Ақтілеу күріш сушысы еді. Тұнжырап еңсесі түсе қалған топ ішінен суырылып тіл қатқан сол болды

— Япыр-ау рас па екен? Өз құлағыңыздан естідіңіз бе?

— Ауданнан хабаршы келді. Мына тас біткір құлағым есітті ғой, есітті, - Қара шал сақалы шошаңдап еңіреп қоя берді.

Арада ай өткен жоқ. Ақтілеу майданға аттанды. Онда да ауыл осы «Қаратабанда» еді. Әскерге шақырылғандар сәскеде көпір аузына жиналған. Кемпір-шал, қатын-қалаш тегіс у да шу. Жұрт теңселіп кетті: кім кіммен қоштасып жатыр, айырып болар емес, ызы-қиқы, жылау-сықтау. Ботасын іздеген інгендей аңырап дауыс салып жүргендер не сан.

Ақтілеу суарылған көк болаттай берік еді. Көзіне жас алған жоқ. Баласының тұлымынан сипап, жазық маңдайынан құшырлана сүйді де, өзіне еңкілдей ұмтылған ағасы Көптілеуді тоқтатып:

— Тый көз жасыңды! — деді,— Мына Қанатымды бауырыңа ал. Өзіңе тапсырам, ана Көктаспаң сүтке тиген күшіктей ғып жүрмесін, Онда екі дүниеде ырза емеспін.

Көкесінің сол сөзі есіне түссе ноқталы құлындай тыпыршиды. Кейде ана қара жолмен қалаға тартып жүре бергісі келеді. Жан көкесін қан майданнан іздеп кеткісі келеді.

«Қай жерлерде жүр екенсің, көкешім?! Қашан ғана келесің? Сағындым ғой мен сені, сағындым ғой»... Қанаттың жанары ысып барады. Самаурынға салған шоғы өз ішіне түсіп кеткендей кеудесі өртенеді...

— Әй, не сілейіп қалғансың жетпегір! — Көктаспа шаңқ етті.

Ол сасып қалды. Көзін жеңімен сүрте салды. Қамшыдай қатқан қарасұр кемпір жаналғыштай төніп келеді. — Немене, әкең келе жатыр ма, сонша қадалып... Бір самаурын қайнатқаныңа жыл өтеді-ау сен жалмауыздың!

Самаурын шоғы өшуге айналыпты. Қанат оттыққа үңілді. Шимен шілтерді пісіп-пісіп жіберді. Бықсып сөне бастаған самаурын гүрілдеп әндете жөнелді. Сәлден соң, екі иінінен бу атып, сарыатын заузаша ызыңдаған самаурынды көтеріп Қанат ішке беттеді.

Үйден Көптілеу шықты. Шұбатылған кең без дамбалына сүріне есіктен аттады.

— Байқа, айналайын, аяғыңа төгіп алма, — деді ол сыбырлай сөйлеп. Сөзімді Көктаспа есітіп қалған жоқ па дегендей артына жалтақтай қарайды.

Қаракөлеңке үй ішінің мылқау күйін ылп-ылп шай сораптаған үн ғана бұзады. Болмаса дастарқан басындағы үшеу ұрысып қалғандай үнсіз. Ортадағы тек дастарқан жылан жалағандай тап-тақыр. Соғыс кезіндегі таршылық қай үйдің, болмасын берекесін алған. Бірақ, осы үйдікі тым қурап тұрады. Көктаспа тамақты әркімнің алдына бөліп береді.

Ала дастарқан шетіне шөжеге шашқандай ғып сілкіп тастаған бір уыс қуырған бидайды Қанат заматында-ақ тауысқан, ішегі шұрылдап бойдақ шай ғана ішіп отыр. Көптілеу жапалақ көзі бір ашылып, бір жұмылып шайды үсті-үстіне тартады, алдындағы қол басындай нанның шетінен омырып тістеп қояды. Қанатқа сындырып бергісі кеп қипақтайды, алаң көзі апақтап, Көктаспаға жалтақтайды. Ысқаяқ қара кемпір шақпақ қантты тышқанша тықыр-тықыр кеміріп, шайды аспай-саспай сораптайды, бітік көзі жылтыңдап, әлде не баққандай қаздиып қозғалмайды,

Еркек басымен әйелінен өлердей қорқатыны несі екен? Онысын ауыл адамдары сан саққа жүгіртіп мазақтайды. Ертеректе бір ашуланғанында үй ішін қиратып, маңырап тұрған қойының тілін кесіп алыпты, асулы қара қазанды жармаға тастап жіберіпті, бірақ сонда да

Көктаспаға бата алмапты деген әңгіме бар.

Көптілеу бір мезетте қара сұр кемпірдің көзін ала беріп алдындағы наннан бір омырып, Қанатқа қарай лақтырып жіберді. Көктаспа да торғай аңдыған мысықтай бағып ақ отыр екен, жары жолда сап етіп қағып алды.

— Жайыңа отыр жәукеленбей. Бала аштан өлмес... Көктаспа нанды алдына тығып, дастархан шетін бүктеп қойды. — Жесін десе о несі-ай. Жемесең атауыңды же... Бауырының шіруін-ай шіркіннің. Көптілеу ләм деген жоқ Қабағы салбырап, ұзын сақалын әлсін әлсін тарамдап қойып, құрсаулы кесеге шөлдеген үлекше бас қойды да отырды.

— Болсай, көзіңді сатпай! Шай құмарын шіріктің. — Кемпір балаға тиісті. — Бүгін күріш әкемесең есіктен қараймын деп ойлама.

Ыссы шайға бойы жылып келе жатыр еді, ала көзге шыдамады. Кесесін төңкере салып орнынан тұрды.

Тыста бригадир шалдың «әй, не бадалып түге!» деген қарлыққан шұбар дауысы естілді.

Күн шекесі қызарды. Әлгіндегі қызғылтым бұлт реңі нарттай жанып, шығыс көк жиекке қызыл мақпал перде тұтылғандай боп, әдемі құлпырып тұр.

Қара жерге секпіл қырау түскен. Әлде кім селдіретіп ұн шашқандай. Қанат жалаңаяқ. Алажаздай беріштей қатып, көнтақа болған табаны қырауды елеген жоқ. Бірақ, қыркүйектен бері тынбай тұрған суық қара жел ұры иттей сумаңдап, тұла бойын кезіп, денесін мұздатады.

Ауылдың мал-танасы жұлдыздай шашырап, батыстағы құмды беттеп өріп барады. Көлікті, жаяу-жалпы орақшылар көпірден асып, күн шығысқа қарай шұбап жатыр.

Қанат кәпірге жеткенше ауылдың батыс шетіндегі оқшау қамыс шошалаға жалтақ-жалтақ қарай берді. Күннің шапағы қонған қамыс шошала мыс күректей жалтырайды. «Балапан неғып кешігіп жатыр екен?»

Шошала-Балапанның үйі. Балапан Қанаттан бірер жастай үлкен қыз. Күріш орағы басталғалы екеуі «Ақбасты көлге» бір қатынап жүрген. Қанат көпірге келіп кідірді. Олар бірін-бірі осы жерден тосып алатын.

Жайлауда бөлек қонғандары болмаса, олардың үйі қыстауда көрші. Көршілес болғандарымен бір кездері Қанат оған жуыса бермейтін. Қызбен қатар жүруді ұят көретін. Қатарларының мазағынан қорқатын. Бірақ, бір оқиға оның қызды жақсы көріп кетуіне себепші болған еді. Қанат төртіншіде, Балапан алтыншыда оқитын. Бір күні екеуі шекісіп қалды. Әуелі тиіскен Қанат. Баста тиісейін деген ойы жоқ еді. Алғы класта оқитын шегір көз Торсықбай деген сотқар бала қасына шақырып алып «Ана қыздың шашынан тарт та қаш» деді мектеп залында терезеден тысқа қарап тұрған Балапанды нұсқап. Оның қыз десе жыны бар. Алды-артын ойлап жатқан жоқ. Жүгіріп барды да ешкінің құйрығындай шолтиған бұрымынан тартып қалып, тысқа қарай зытты. Қыз бас салып қуды. Желаяқ екен, екі аттатпады. Есіктен енді шыға бергенінде жетіп, желкеден жұдырықпен түйіп қалды. Ол екпетінен жалп етті. «Өй, оңбаған, біреудің айтақтағанына еріп...» деді де қыз бұрылып жөніне кете барды. Сөйтсе, ол Торсықбайдың жұмсағанын байқап қалыпты. Қанат қарсы шыға алмаған. Қолы тастай. Сескенді. Кейінде ол өз бұзақылығын мұғалімге жеткізетіндей көріп қуыстанып жүріп еді. Жоқ, еш сыбыс болмай, жабулы қазан жабуымен қалды. Осыдан соң-ақ ол қызға жақын жүретін болған... Ал кәрі демей, жас демей қарашаның қара бұлтындай төнген соғыс зауалы осы қаршадай жандардың арасын бұрынғыдан да жақындата түскендей еді...

Жағаға отырған Қанат канал түбіндегі ақаба суға қайта-қайта кесек лақтырып, ой түбіне жете алмай дағдарады. «Ауылдан қалаға қашып кетсем бе екен?» Сабаққа қыры болмады ма, әлде Көктаспа күн көрсетпеген соң салақсыды ма, әйтеуір, оқуды тастап кетті. Енді қарайлар несі бар? Қаладағы нағашысының қолына барсам дейді... Тағы бір сәтте қиялы одан да әріге самғайды. Жан көкесін іздеп тауып алмақ...

Қарлығаш қанатындай қос алақан Қанат көзін жаба қойды. Торламаның қабығындай шытынаған сүйрік саусақтарды ол жәймен сипалады.

— Балапан...

Қыз көңілді. Бота көзі күлімдейді. Маңдайына түсіре тарқан орамалы ақсары дөңгелекше жүзіне жарасып ақша түскен. Күлімсіреген сәтінде оң ұртынан кішкентай әдемі шұқыршақ шығып, көңілді - жарқын күйді айтып өткендей боп, жанып-сөніп, сөніп-жанып жымың қаққан жарықтай эсер қалдырып кетеді. Үстінде бояуы оңған бөз көйлек, әкесінің жеңі қырылған ескі костюмін киіп алған. Қолтығында түйіншек.

— Қалай тани қойдың?

— Басбармағыңнан.

— Қалайша, ә?

— Тырнағыңнан.

— Ә, орақ кескен тыртығынан таныған екенсің ғой.

Олар көпір алдынан Ақбасты көлге» тіке шығатын жалғыз аяқ көлге түсті.

Балапан түс көргіш ақ, көз ілінсе әйтеуір түс көреді. Өз қиялын түс қып айта ма, болмаса, шын-ақ түн сайын түс көріп шыға ма күн құрғатпайды. Қанат оның оң ұртындағы әдемі шұңқырға көзі түскеннен-ақ бір түс жорытқалы келе жатқанын сезеді де:

— Бүгін қандай түс көрдің деді күліп.

— Ой, ғажап түс! – Балапан көзін жұмып, таңдайын «тақ» еткізіп қағып қойды. — Біз екеуіміз орақтап қайтып келе жатыр екенбіз. Тап осылай. Бір нәрсе гүрілдейді. Қарасақ, ауыл үстінде тауық ілетін қарақұс секілді самолет шыр айналып жүр. Бір кезде әлгі самолет (Біздің шошаланың жанындағы төбешікке келіп қонбасы бар ма?!

— Самолет төбеге қонбайды, тақырға қонады.

— Түс қой бұл... Түсінде өзін аспанға ұшып кетерсің тіпті. Тыңда. Содан қол ұстасып жүгіріп бардық екеуміз. Барсақ сенің көкең мен менің көкем. Үстерінде шенел Тола ордан омыраулары. Құшақтап сүйіп жатыр, сүйіп жатыр бізді. «Майданнан тура осында келдік. Немістің самолетін тартып алып, ұшып кеттік»,— дейді... Осы араға келгенде... бригадир шаңқылдап ояндым да кеттім...

Қанат еліте тыңдайды. Ол да көкесін түсінде көреді. Бірақ, мынадай ғажайып емес. Түсінде көкесі ылғи Көктаспамен ұрысып жүреді.

— Апама жорыттым. «Аман-есен келеді екен көкелерің» деді.

«Көкемді соғысқа самолетпен іздеп барсам, қызық болар еді-ау».

Ол арманын айтты.

— Өйдөйт деген-ай, тағы не айтасың? — Балапан ерсі көрді ме, сықылық атты.

Қанат жақтырмай қабағын түйді. Жазық маңдайына жіңішке сызат түсті.

— Мен бәрі бір майданға кетем.

— Майданға? Қайтіп?

— Әуелі қалаға барам... сосын әрі майданға.

Балапан Қанаттың қалаға кеткісі келіп жүргенін сезетін. Ал майданға барсам дегені жай қиялы ғой. Қайдан барсын?! Бала ғой әлі... Сөйтсе де оның қиялына іштей қызығады. Мүмкін баратын шығар деп те толқиды. Өзінін әкесін - іздеп бара алмайтынын ойлап қамығады.

Әлгінде гүл жайнаған жүзі бозаң тартты. Қанатқа «майданға бара алмайсың» деп қарсы шыққан жоқ. Үндемеді. Қалтасынан бір уыс бадынақ алып берді. Қанат қуырған жүгеріні қорен атша күтір-күтір шайнады.

Жол жиегіндегі ақбастың үпелегі желмен түлеген қырғауыл жүніндей додаланып ұшып жатыр. Балапан мен Қанат үпелекті ұстағысы кеп қызығып ұмтылысады, жолдан шығып-шығып қайтады.

Теріскейден соққан жел бәсеңдеп, айнала шағыл тартқан. Ауада көбелек қанатындай жұмсақ діріл байқалады. Қырыкүйектің соңын ала біраз уақытқа созылатын мизам шуақ. Бұлтсыз аспан иығына шыққан күн жылуы молайып келе жатқан.

Қанат титықтады. Көз алды қарауытып бұлдырайды. Көз жетер жер дөңгелене кешіп, шыр көбелек айналғандай. Әлгінде ап-анық көрінетін қырман сағымға жүзіп бара ма, қалай? Молотилка толқында қалтылдаған қайық секілді, шошайма далбай, ақ жаулықтар ағыспен ығып бара жатқандай. Оқ атыз шетінде арбаға бау тиеп жүрген Балапан мен арбакеш әйел алтау-жетеу боп қыбырлайды. Неғылған толып кеткен адам? Быжырқай бұлдыр дүние... Бұ не? Ол ауыр соққыдан есеңгірегендей теңселіп тұрды. Көз алдындағы кіреукені сүртіп көріп еді, бәрібір әлгі көрініс айықпады. Б а уды құшағы жеткенмен көтере алмады, қары үн боп салдырап қалған, басы айналды. Буын-буыны қалтылдап, бау үстіне отыра кетті.

Аш қарын діңкесін құртты. Қақпанға түскен қояндай бақжиып бірауық отырды. Тістенген қарасұр кемпірдің көкпеңбек жүзі елестейді. «Әкелмесең есіктен қарайым деп ойлама!» деген зәрлі үн құлағында ызыңдайды. Ол кенет өзін өзі ұмытқандай бауға бас салды. Бір уыс масақты қолы дірілдеп уқалап мыжғылады. «Бол! Бол!» деп Көктаспаның үні секілді бір өктем ащы дауыс асықтыратындай.

— Әй, неғып жатсың?!

Қанат дүниенің бәрін ұмытқандай еді. Ата жауы қолына түскендей мыжғылап, аласұрып жатқан. Дауыстан шошып кетіп, уысындағы масақты тастай салды, дән бытыраңдай шашылды. Қарсы алдында тұрған Балапанды көріп ұяттан жанып кете жаздады. Екі қолы бірдей қуши қалып, қайда қоярға жер таппағандай састы. Шытынап, қаны шығып тұрған балтырын шұқылай берді бас салып.

Балапан Қанат күйін жанымен сезеді, Көктаспаның қаһарынан қорқып күріш ұрлайын деп жатқанын біледі. Aяп кетті.

— Қанат менен қорықпа, ала бер. Мен ешкімге айтпаймын.

— Жоқ алмаймын. Қанат жыламсырап атып тұрды орнынан. Көзінен жас ытқып қоя берді.— Ұрламаймын өлсем де ұрламаймын,— Көз жасып көрсетуге намыстанған ол жүзін бұрып, бірден бауды құшақтады. «Әп!» деп арбаға тиейтін жерге апарып тастады. Ашу қайрат әкелді.

Жүр демалайық Жамал апай жайырақ келем деп кетті,- деді Балапан. Жүзінде шаршау бар. Тер жуған ақсары жүзі қызарып кеткен. Түріктеу ерні жол жиегіндегі шаң басқан гүлдей кезерген...

Олар мана Балапан түйіншегін қалдырған жап басына кеп отырды. Балапан түйіншекті шешіп, қол басындай таба нанды қақ бөліп, жартысын Қанатқа берді. Ол назарын жоғары көтермеді, нанды сілекейі шұбырып аузына салды. Балапан нанын жемей оның бұлтыңдаған ұртына қарап бір сәт отырды да, қолындағысынан тағы сындырып ұсынды.

— Өзің же.— Қанат басын шайқады, алмады.

— Шынымен қалаға кетесің бе? — деді Балапан. Оның қам көңілін бірнәрсе деп жұбатқысы келгенде аузына түскені осы сұрақ болды.

— Кет-ем.

— Көктаспаға шыдамасаң.., біздікіне келсей,

— Болмайды.

— Неге болмайды. Менің апам адам жатырқамайды, өзің білесің ғой.

— Бәрібір болмайды. Көктаспа шешем тұрғанда маған жер бастырады дейсің бе?

— Өзі неғылған албасты. Сенде несі бар осы?!

— Қайдам?!

— Осындай албастыларды-ақ жер жұтпайды екен.

Дүрсілдеген дыбыс шықты да олар артына жалт қарасты. Бригадир Қоржынбай тор айғырын салдыртып келіп қалыпты. Осыдан екі жыл бұрын хат тасып жүретін қара домалақ шал. Қаз орынына қарға дегендей жігіттердің бәрі майданда болған соң бригадирлік еншісіне тиген. «Неге бау тасымай отырсыңдар?» деп ұрысқалы келеме деп екеуі де үрпиісіп қалды. Біріне-бірі жалтақтады.

Төндіріп келіп ат басын тартты. Айғырдың шелектей қос танауынан атқан ыстық бу олардың бетін шарпыды. Балапан тыжырынды. Шал ұрысқан жоқ. Қайта сызат-сызат әжімді жүзі жылы көрінді. Шұбатылған қоңыр жадағайының ішкі өңіріне қолын бойлатып жіберді де, бір қағазды суырып алды. Үш бұрышты солдат хаты. Қанат жүрегі лүпілдеп орнынан ұшып тұрды.

— Менің көкемнен бе?

— Жоқ. — Шал еңкейіп хатты Балапанға ұстатты.— Торсықбайжанның саған жолдаған хаты екен.

Ентелеген айғыр демінің жын исі қолқасын алды ма, Балапан тәмпіш мұрнын басты.

— Қырмызы маған соқсыншы, бір нәрсе керек деп еді. — Шал қызға іштарта күлімсірей қарайды да, айғырын қамшымен сауырға бір тартып қырманға қарай жортып кетті.

Балапанның түсі бұзылды. Қолына хат емес, мұздай құрбақа ұстағандай өңінде түршігуге ұқсас бір нәрсе бар. Қанын ішіне тартып сұп-сұр боп бір сәт аңырды да, кенет дөңгелек көзі ыза шашып, хатты бүгуін жазбастан быт-шыт қып жыртып, лақтырып жіберді.

Хатты қосылып оқуға ыңғайлана берген Қанат аң-таң. Торсықбай Қоржынбайдың інісі. Ол көктемде әскерге алынып, майданға кеткен. Осыдан бұрында бір хат алған Балапан. Онда хатты оқып шығып еді. Ақсары жүзі бір қызарып, бір бозарып ол жолы да ашуланған, о хаттың да күлпаршасын шығарған.

Неге ашуланды? Хатты неге Жыртты? Қыз ол жайлы сыр ашпады. Бірақ, Қанат жүрегі бір құпия бар екенін саңлаудан түскен сәуледей болса да сезетін сияқты. Ол Балапанның әнтек ашуын артық санаған жоқ. Қайта хатты жыртқанын жақсы көріп қалды. Парша-паршасы шығып жатқан қағаз қиқымына қарағыштай берді. Енді бір мезетте құйын көтерген шөп-шалам ойнағы ішінде бұлыңдап ұшқан хат қиқымына көзі түскенде кішкентай көкірегінде қоза бастаған бейтаныс бір алақұйын сезім шым шым басылып саябыр тапты.

Балапан Қанат күйін аңғарған жоқ, өз-өзінен әбігер шегіп, салқын желден денесі түршіккендей бүкіл тұлабойы қалтырап бара жатты.

Қанат «Балажарма» көпіріне келгенде орақшылардан жырылып қалды. Ораққа қатынағалы бері көпірге таянғанда шідерлі аттай кібіртіктей беретін әдет шығарған. Алғашқы күні-ақ мұның себебін білмек болған Балапанға кешікпей ерте баратындай мені кім жүрегін қолыны алып күтіп отыр дейсің» деген.

Қанат үйіне ерте барудан қашады. Күріштен әбден діңкелеп қайтқанда маңдайынан сыйпар пенде жоқ. Ең болмаса өз жайына тыныш қойса екен-ау. Жоқ, Көктаспа қашан көзі ілінгенше миын шағып, құлағының құртын жейді. «Сен жер жастанғыр әдейі әкемей жүрсің. Қос уыс күрішті үгітіп ышқырыңа тыға салсаң ұсталып құрырмын деп жүрсің бе? Сен көкшешекке сот жоқ қой, сот... .әй, түнеме шығып, тас түйнектей жұлыңғыр арам, сені алмаған құдайдың тамағы тоқ қой». Күріш орағы басталған күні-ақ ол Қанаттың ышқырына күйектей ғып қалта тігіп берген. «Жан баласы аңғармайды, қос уыстап тасысаңда қоймайсың» деген. Оны Қанат со күні-ақ сөгіп тастап, «ұрламаймын!» деп шорт кескен. Көктаспа да аяған жоқ. Жыңғыл көсеумен арқасына қос сызық салды. Енді күнде тостаған түбіне мөлтілдетіп судай атала құйып береді де: «Мә, іш кереңе! Бір жеті аш қамаса көрер едім сен жүгермекті!» деп тісін қайрап-қайрап қояды. Араша түсетін Көптілеу ме, Көктаспа мың сөйлегенде Пір аузын ашпайды, от басындағы құмандай көзін жұмып мүлгиді де отырады.

Балапан Қанаттың азандағы сөзінен қауіптенді ме, артына жалтақ-жалтақ қарап көпірден асты. Қанат көмірдің шығыс жақ қапталында отырып қалды. Бұл араға отыруының сыры бар еді. Сыры болғанда да тірі жанға айтпаған, көңілдегісін бүкпейтін Балапанға да ашпаған бала жүрегінің құпиясы еді. Осы суық топырақ көкесінің майданға аттанып, қоштасар сәтінде қисық табан етігімен алшая басып тұрған жері еді ғой. Осы ара болар деп шамалап белгі қойып, бір тұтам қу жыңғыл шанышқан. Үйлеріне асыққан орақшылардан бөлінген бойда ол жыңғыл белгісін тауып алады. Сонан соң әкесінің аяғы тиген жерді, мұп-мұздай топырақты аймалап, кеудесін төсеп ұзақ жатады. Салқын топырақ пен қураған шөп исі көкесінің жұмыстан оралған сәттеріндегі тер иісін бала мұрнына әкелетіндей. Қара жерді аймалап жатып ол сол бір жаздың, пысынаған аптапты бесінін есіне алумен болады.

Күн қызылы семіп, қараңғылық қоюланып келеді. Шашылған тарыдай жұлдыздар жыпырлады. Ауыл жақ азан-қазан, мөңіреген сиыр, маңыраған қозы-лақ, үрген ит, шаңқылдаған дауыстар. Қанат ойын у-шу бөлер емес. Қимас күндер қиялына берілген. Ымырт қараңғысымен бірге қалғып кеткендей. Қайта-қайта есіне алғансын ба, сол бір сәт көз алдынан өтіп жатқандай боп ап-анық елестейді.

Тап осы жер еді. Көкесі маңдайынан құшырлана сүйіп қоштасты. Шығарып салғандар сияқты Қанат та жылады. Көптілеу әкесінің қойнына кіріп солқылдап егіл-тегіл болған. Бір мезетте барып жолға қарады. Арба соңында шұбалған көкелері Қасым талына жақындап қалыпты. Көпір үстіндегі әлі тарамаған. Әйелдер жағы дауыс сала жылайды. «Қайыр бірен қырық шілтен шылауында болсын! Қайтейін, уһ!» деп көкірегі қарс айрыла күрсінеді бүкшеңдеген бір кемпір. «Көрінде өкіргір кетлер, көріңде өкір!» деп ақ таяғын шошаңдатып бір сақалы белуарына түскен шал соғыс ашқан Гитлерді зарлана қарғайды. Қимас жандары ұзаған сайын батагөй халық құйып тиген қоғадай ұйпы-тұпысы шығып, қайысып барады. Әлде кім ішегін тарта шыңғырып жіберді.

Шұбалан топтағылар артына жалтақтайды, бас киімдерін бұлғайды. Жолдың он. жақ шетінде сырықтай тіп-тік боп бара жатқан Ақтілеу бір уақытта артына мойнын бұрын кідіргендей болды. Осы сәт Қанат шыдай алмады, Көптілеудің, құшағынан жұла шығып, шұбалған топты қуып берді. Екі өкпесін қолына алып, құсша ұшты. Енесіне асыққан құлындай құлдыраған баланы көріп, бүкіл топ аңтарылып тоқтап қалды. Қанат ұшып келген беті көкесінің мойнына асылды. Екі қолын мықтап айқастырып ыстық жас жуған бетін көкесінің алқымына тығып, аш күзендей жиырылып тас боп қатты. Ақтілеy көзіне жас алды, бармақтай-бармақтай ірі тамшылар күн қақты күрең жүзімен домалап кеп, Қанаттың мойнына ып-ыссы боп тамып жатты.

Көкесінің жылағанын баласының екінші көргені. Алғашқысы анасы дүние салғанда. Қайран ана, Қанат үшінші класқа өткен жылы күзде жүрек ауруынан табан астынан жөнеп берген. Сонда да кекесі ел көзінше босамай беріктік жасаған. Қанын ішіне тартып сұрланып үнсіз жүрген-ді. Тек түнде оңаша қалғанда сыр берген. Баласын қасына алып жатып, емірене құшақтаған. Маңдайынан ұзақ иіскеген. Біруақта демінен от шыққандай өксіген. Сол кез Қанат маңдайына шоқтай ыстық тамшы құлап еді...

Бұл жолы да Ақтілеу көз жасын сүртпеді. Баласын серіппедей әулетті құшағына қатты қысып: «Қалаға алып кетем, жаным. Мені шығарып салып қайтасың. Қандай-қандай заман болады. Асыл нағашыңа көздестіріп кетейін» деген. Құшақтары ұзақ жазылмай қалған әке мен баланы көрген топтың қабырғасы қайысып кеткен, босамаған жан қалмаған. Жігіттер Қанатты бірінен соң бірі көтеріп сүйіп, қақпақыл ғып кете берген.

Осының бәрін көз алдынан өткізген Қанат тағы да шыдамады. Алқымына өксік тығылды. Кеудесі жауын астындағы көл бетіндей қайнап шыға келді. Көзінен жас парлады. Көкесіне деген сағынышы, күнде керіп жүрген ақіреті, бәр-бәрі бала жанарынан ыстық тамшы боп төгілді. Дәл сондағыдай «Көке! Көкешім!» деп орнынан ұшып түрегелді. Өзін-өзі ұмытып, есі ауысқандай ышқынып қалаға баратын жолға түсіп жүгіре берді, жүгіре берді.

— Қанат! Қан-ат! — деген шаңқылдаған дауыстан ғана есін жиды. Тоқтады.

Қылаңдап Балапан жетті. Ентігіп, екі иінінен дем алады.

— Қа-й-да?

Қанат жалма-жан бетін жеңімен сүрткіледі. Жауап жоқ.

— Жасырынып қашып бара жатсың ба?

Қанат жүрегі орнына түсейін деді. «Е, Балапан мені қалаға қашып кетеді деп ертелі аңдып жүр екен-ау». Ол қашқан жоқ. Қалайша жүгіре жөнегенін өзі де білмейді.

Қанат басы салбырап кейін қайтты.

— Кетпесей, Қанат ауылдан.— Балапан үні жалынышты шықты. Шыда, көкең келіп қалар.

Қанат қорқа-қорқа келді. Демін ішіне тартып, тауық қораға түскен түлкіше сыбыссыз жақындады да жабықтан сығалады. Көктаспа көрінбейді. Көптілеу жалғыз. Нақұрыс адамдай жападан жалғыз сөйлеп отыр.

Матап-ақ тастаған сияқты ем. Қалай шешілген, ә? Әлгі қатын кеп төбемді тесетін болды-ау.—Малдасты құрған, ошақтағы пықсыған отқа ентелеп түсіп барады. Көк түтінге шашалып қиқылдап жөтеледі,— Қап мына бір түтінді-ай, әкесінің ақысы бардай қасақана маған шалқуын.

Қанат мырс етті. Әлдекім желкесінен түйіп қалды. Көктаспа.

— Өз үйіңе өзін сығалап... Өй, арам, кәззап!

Әбден әккі ашқан Қанат қоянша бұлт етіп қаша беріп еді, Көктаспа қарынан бір үзіп үлгірді. Шоқ басып алғандай қары дызылдады.

— Жүр бері үйге! Бүгінде құр келдің-ау жетпегір!

Ере кірді. Көптілеу де сипақтап қалды. Көсеумен ошақтағы пықсыған қарабарақты қайта-қайта түрткілеп, Қөктаспаға жапақ-жапақ қарайды. Тамағы тобарсығандай тамсанып, жұтқыншағы жоғары-төмен асықтай бұлтылдап бірауық отырды. Сосын барып бір жөткіріпіп алып тіл қатты.

— Қа-тын, есек шешіліп кетіпті.

— Өй, шірік... қолыңа бір нәрсе көрінген бе? Есекті де байлай алмағаның ғой енді.— Көктаспа ақиды.

— Күрмеп-ақ байлаған сияқты ем.

— Сені қара албасты басқан ғой шамасы. Қарамайсың ба енді, нағып бадалып отырсың?

— Енді қарайып деп...— Көптілеу шалғайына сүріне есікке қарай ұмтылды.

— Қаяқтан қарамақсың?

— Қарауыл төбе жаққа жайылатыны бар еді.

— Сен де бар.— Көктаспа Қанатқа дүрдиді. Сығырайған көзі жылан тіліндей жылтылдайды. Шыбықты сен қарап кел.

Жеті қараңғы түнде түлен түртті деген осы. Көптілеу мен Қанат екеуі екі жаққа жөнелді.

Көзге түртсе көргісіз қараңғы түн. Өліара. Ай қоралап туады. Быжынаған жұлдыз қарабарақ күлінің арасынан жылтыраған шоқтай жымың қағады. Құс жолы қарамақпал қамзолдың өңіріне төккен күміс зердей ап-анық шұбап жатыр. Әр жерде ошақта от алаулайды. Ыңырсыған мал, үрген ит даусы қалғи бастаған түнді дәлме-дәл оятып тұрғандай.

Қанат қотанда пыс-пыс күйіс қайырып, ұйлығысып жатқан сиыр, қой-ешкі ара-арасымен ауыл шетіне шықты. Ауылдан батысқа қарай әудем ұзасымен денесі түршігіп, сескене берді. Төңірек тас түнек. Айналаның бәрі үрей. Қорыққанда қос көрінеді, қарауытқан бұтаға дейін аңдып бас салғалы тұрған қарақшы секілденеді. Арт жағында үрген ит даусы ғана көңіліне демеу, бірақ бір мезет құлаққа ұрған танадай түн тыныштығы орнай қалса қайтадан тынысы тарылып, үрей билейді.

Шыбық - Қаратабанның батысындағы төбе. Қорым бар. Қорымда Қанаттың анасы жатыр. Түнемелік моладан жарық шығады. Сайтан болады. Сайтан неше түрлі боп ұшырасады. Кейде қыз, кейде кемпір, енді бірде ешкі, я болмаса есек бейнесінде көрінеді... Балалардан осындай қорқынышты әңгімені талай естіген.

Қорымнан үрейленген Қанаттың адымы мандымады. Ілгері басқан қадамы кейін кеткендей. Тоқтап, демін ішіне алып, тың-тыңдап көрді. Анда-санда иттің абалағанынан басқа дыбыс жоқ. Кердей қараңғылық, мылқау дүние. Шыбық үстінде оқшау бір жарық жұлдыз жымыңдайды. Жұлдыз ба? Әлде сайтан оты ма? Сайтан өзі іздеп жүрген көк есек болып шыға келсе, ойбай-ай...

Қанат ізімен тұра қашты. Бірақ, бірден үйіне бармады. «Балапандікіне барып аялдай тұрайын, түн ортасына таман таба алмадым деп барармын. Бәлкім, оған дейін Көптілеу әкем тауып қайтар, Көктаспаның ашуы басылар». Ол ауыл шетіндегі қамыс шошалаға бұрылды.

Қанат Балапанның үйіне еркін, қай мезгілде болсын соға беретін. Беймезгіл адасып қалып, жылы ұя тапқан құстай қысылып-қымтырылмай баратын. Бұл түні де кешсінген жоқ, қамыс шошаланың шыпта есігін жамбастата ашып кіріп келді.

Аядай күркедегі төрт жан үпір-шүпір кешкі асты енді алдарына алыпты, үйдегілер тегіс емен жарқын қуанып қалды. Босаға жақтағы кебеже үстінде түтіндеп, бұлындап жанған сықсима шам жарығы олардың ашық шырайын аша түскендей.

— Қанат келді! — деді күлімдеп Балапан.

— Қанатжан, келе ғой, жақсы келдің-ау, шырағым — деді дастарқан шетіндегі кетік, қызылкүрең ағаш табаққа қара шөмішпен жарма құйып отырған сарытора ақ шаршылы әйел.

Балапанның шешесі Қырмызы сол аяғы тізесінен шолақ, қырықтардағы әйел. Трактор ізіндегі соқада жүргенінде аяғы тайып құлап, майып болған. Оң аяғын сүйрете жылжып Қанатқа жол берді.

Буы бұрқыраған табаққа ағаш қасықтарын найзадай шошаңдатып, төне түскен шертік қарын, үйелмелі-сүйелмелі екі сары үрпек бала да:

— Аға келді!

— Аға келді!—деп ыржиысып қомпаңдасты.

Балапанның қасынан, терден орын алды. Бидай жарманың күйік исі мұрын жарып, ыстық бу бет шарпиды. Қысыңқы танауы жыбырлап, көкірегі кеңіп сала бергендей бір көтеріліп бір басылды.

— Ал, Қанат.— Қыз жиегін інілері кеміріп тастаған өрнекті cap қасықты ұстатты.

Қасық жетпейді, екі кішкентай қасықтарын ұстатпайды. Балапан мен Қанатқа екеу ара бір қасық тиді. Қанат ыссы жармадан бір ұрттады да оған қасық салды.

— Екі рет ұртта. Кезегінде бір ұрттасаң, екіншісін сайтан ішіп кетеді,— деді күліп Балапан.

Қанат көңілденіп тағы ішті. Кішкене қазанбас сары ә дегенде ыссы жарманы қомағайлана ұрттаймын деп аузын күйдіріп, бақырып жіберді.

— Саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің сазасы, өзіне де со керек, ашқарақ неме.— Қазан түбін қырып жатқан Қырмызы күліп қояды. Барын балаларына құйып беріп, солардың ішкенін өзі ішкендей көріп, өз-өзінен тойып отыр.

Ағарған, қыламықтаған жарма буын-буынын аралап шыққандай Қанаттың денесі бусанады. Жылы пейіл, ашық қабақ көңілін жадыратып, сөйлегісі келді. Ол өзінің есек қарай шыққанын әңгіме қылды.

— Осы жеті қараңғыда ма?! Ана Көктаспа ма, көгермейді ол. Пұшпағы қанамай жүргені де сол ғой кәпірдің.—Қырмызы бұрқан-талқан болды.— Сенен өшін алайын деп жүрген ғой ол ит неме. Баяғыда Дәужігіт масқарасын шығарып еді, соны дық қып жүрген шығар о бетпақ.

Қырмызы Қанаттың көкесін қайнысы болған соң, Дәужігіт дейді. Сорайған бойына қарап атаса керек. Ол келіп Қырмызыдан өз көкесі жайлы талай әңгіме естиді. Кілең жер-көкке тигізбей мақтайды. Анасын да еске алып, «бейшара, қыршын кетті-ау, мың болғыр жан еді» деп көз жасын сығымдап отыратыны да бар.

Көктаспапның азан шақырып қойған шын есімі Бәтегүл. Көктаспа деп кеткен ауыл адамдары құсайды. Келін боп түскелі Көптілеудің маңдайына сор бопты. Оның мырыңдығын білген соң төбесіне шығып алған. Еркек атым бар деп қодыраңдаса бас салып жағаласады екен. Бірде Ақтілеу Көктаспаның ағасының сақалынан алып, төбелесіп жатқан үстінен шығыпты. Ақтілеу ашуланып, Көктаспаны кешқұрым маса буып тұрған шақта ұрмай-соқпай үй белдеуіне екі қолынан таңып қойыпты.

Қырмызы өз көзімен көрдім деп айтады.

— Бұл бетпақ сонда да тілін тартпаған. Масаға талатып гүп боп ісіп кеткенде де райынан қайтпаған. Әй,нағыз ғой. Қанша созсаң да үзілмейтін таспа ғой.

Қырмызы әңгімесін шерте отырып, ошақтағы қоламта астына алақандай күлше тастады.

Аяқ-табақты жинап болған соң, Балапан шешесінің құлағына әлде не сыбырлады. Сол-ақ екен Қырмызы іргеде жатқан балдағына сүйеніп орнынан түрегелді.

— Қап, айналайын-ай, әнеугіден бері неге айтпай жүрсің. Қайныма тартпағансың-ау, абысыным тұйықтау еді бейшара, ішімдегіні тап деп отыратын. Босағада жабулы тұрған қара қазанның қақпағын ашып, Қырмызы қасықпен іліп қаймақ алды. Қанаттың жанына келді.

— Жарылғанға қаймақ мыңда бір дауа.

Қанат жаңа аңғарды. Жарылған балтыры шимай-шимай. Кей сызаттан суланып қан шығады. Ол ұялып, қызарақтады. Кішкентайлардың таңдайына татып отырған қаймағының аяғына қор боп жатқанына қысылды. Қырмызы әй-шәйға қаратар емес, шалбарының жалбыр балағын тізесінен асыра түріп, қаймақты баттастыра жағып, сылай түседі. Қаймақ тиген балтыры түз сепкендей ашиды. Тістеніп әзер шыдайды. Сөйтсе де көзінің қиығымен ғана қарап отырған Балапанға да, өз анасындай елпілдеп үстіне түсіп жатқан Қырмызыға да дән риза боп, көңілі босап, егіліп те барады. Жалаңаш қарындары шертиіп, аталаға тойған екі үрпекбас ойнағылары келіп, Қанатты шабақша түртіп қашып шықылықтайды. Жарым көңілі бүтінделгендей-ақ ол да үрпекбастармен ойнап кеткісі келгендей елеңдейді.

Бір кезде Көптілеудікі жақтан «Мен келдім!» дегендей ақырып көк есектің тарғыл даусы шықты. Қанат қуана орнынан көтерілді.

— Қайдан келдің тентіреп?

— Есек іздеп.

— Ой, бетсіз-ай, бетің былш етпейді-ау.— Төсек салып жатқан Көктаспа Қанат жастанатын жүні ұшып тұрған көк жастықты жұдырығымен түйгіштеп қойды.— Ақсақ қатынның қызының тойынан келдің бе?... Торсықбай келмей, болмаса керек еді ғой тойы.

Қанат қаны басына шапшыды. Ашумен бір нәрсе деп тастағысы кеп еді, бірақ, ызадан аузына сөз түспеді. Тек оқты көзбен атты.

— Ежіреймей су әкеп қой, ертеңгі шайға қасық су жоқ.

Қанат қарсыласқан. жоқ. Иінағашпен екі шелекті салдырлата көтеріп, үйден шыға берді.

Суды Балажармадан әкелетін. Ай әлі тумаған. Қарамақпал түн бүкіл төңіректі қымтап, жер бауырлап жатып алғандай. Ол түртінектеп жүріп, екі шелекті шімпілдетіп алды. Маймаңдап жүгіре басып келе жатты.

Тұңғиық аспаннан бір жұлдыз ағып түсті. Ошақтан ұшқан ұшқындай әлде қайда қараңғыға сіңіп жоқ болды. Бала жүрегі су ете қалды. Дүниедегі тірі пенденің бір-бір жұлдызы болады, демі таусылған күні оның жұлдызы ағып түседі дегенді естіген. Сонау батыста сорғалап ағып түскен жұлдыз қорқынышты ой салады. Салқын жел тоңазытқан денесі одан бетер түршікті... «Батыста майданда жүрген жан көкем аман болғай. Екі айдан бері хат-хабар жоқ»... Алқымына өксік тығылады.

Қанат ұшып түсті. Ойға берілем деп абайламапты. Аяғын іліп қалған ақбас па, әлде шырмауық па, тас қараңғы, еш біліп болмайды. Екпетінен жер сүзе құлағанда тынысы бітіп қалғандай бірауық қозғалыссыз жатты. Астына су тигенде барып есін жиып орнынан тұрды. Екі алақанын тоң сыпырып кеткен, дызылдап барады... Ол осы замат езінің сау қалғанын ойлаған жоқ, бірден иінағаш пен шелектерді іздеді. Екі тізесі жанып барады. Ақсаңдап жүріп, қараңғыны қармалап, екі шелекті де тауып алды. Масқара бопты. Бір кене шелек тон үстіне түскен бе, түбі сөгіліп, үңірейіп қалыпты. Екіншісі аш құрсақтай қабысып, жапырылған.

Қанат ақылынан алжасқандай не істерін білмей дал болып жол үстіне отыра кетті. «Құрыдың! Құрыдың!» Шеке тамыры осы сөзді қайталағандай зың-зың етеді. Қолында жыңғыл көсеу шолтаңдаған сұр кемпір қарағы ішінен шыға келердей.

Ойы быж-тыж. Жол үстінде қанша уақыт отырғанын да білмеді. Қаладағы нағашысынікіне қашудан басқа амал қалмаған сияқты. Балапандікіне барып тығылса ма? Жо-жоқ, жерге кірсең, де тауып алар. Қалайда қалаға зыту керек. Тап қазір қашпаса тағы болмайды.

Ойы осыған бекіді. Тұрып, қалаға баратын үлкен жолға түсті. Бойын билеген қорқыныш сезімінен айыққандай. Үрей орнына тәуекел, белгісіз бір күш кеп биледі. Батсайы қауынның кеспесіндей боп ай қиығы көрініп келеді.

Ай туғанын көріп Қанат қуанды. Ай — серік, көңілге - медеу. Бозамық сәуле кеудесіне сенім нұрын сепкендей. Табан астынан ұзақ сапарға бекінген бала көңілін түн пердесін ысырып, мына тылсым, мылқау дүниені жарық сәулесімен оятқалы келе жатқан ай өсіріп жіберді.

Көпірге келіп кідірді. Ойына Балапан түсті. Мана мұны кетіп қалады деп жаны шығып жүр еді-ау. Қоштаспай кетсе өкпелейді ғой. Осы ауылда одан жақын кімі бар?

Балапан үйінің шамы сөнген. Төңірек бірте-бірте бозғылт нұрға бөленіп, айқындала бастады. Түнек селдіреп,. көктегі жапырлаған жұлдыздардың да ажары қашып барады. Ауыл тегіс ұйқыда, қотан басы да, жым-жырт, бірең-сараң абай иттер ғана анда-санда бір шаңқылдап үріп қояды.

Қанат шошаланың шыпта есігінің шетін көтеріп:

— Балапан, — деп баяу дауыстады.

Ояу екен.

— Ау... Қанатпысың?

— Иә.

Көп күттірген жоқ. Қара шашы иығына төгіліп көйлекшең шыға келді.

— Не болды, Қанат?! — Шошынып үні қалтырайды. Жылы төсектен шыққасың ба, желден денесі түршігіп бүрісіңкіреп тұр.

Қанат болған оқиғаны айтты.

— Қалаға кетем. Қоштасқалы келдім.

— Осы қазір ме?

— Тап қазір.

— Қорқасың ғой түнде.

— Қорықпаймын, ай туды.

— Жол қашық қой.

— Төменгі ауылдан қатынаған керуенге ілесем.

Балапан оның ауылдан кетуіне ырза емес. Қимайды.

Туған бауыры алыс сапарға аттанғалы тұрғандай жүрегі шымырлайды. Кішкентайынан бірге өскен соң ыстық тарта ма, әлде бала бойынан қимас алабөтен қасиет тапты ма? Қанат кетсе, осы ауылда Балапан адасқан қаздай жалғыз қалатын сияқтанады. Оны өзгеден бөлекше жақсы көретінін енді ғана сезіп тұр... Осы кеткенінен қайтып оралмайтын шығар?! Осыдан соң Қанатты көре ме, жоқ па?! Балапан өз-өзінен шошынып:

— Кетпесей, — деп Қанаттың мұп-мұздай қолынан ұстай алды.

Балапан алақаны жып-жылы екен. Қанат тоңып, денесінің қалтырап тұрғанын енді ғана аңғарды.

— Болмайды ғой.

Қыздың үрейлі жанары кең ашылған. Қанат басына түскен қиындықты жанымен сезіп, жүрегі сыздайды. Бірақ, қолынан келер амалы жоқ. Ара түсе алмайды.

— Таң атқан соң кетсей... біздің үйге отыра тұр.

— Жоқ, болмайды. Енді сәл кешіксем Көктаспа іздейді.

Балапан «қазір» деп оның қолын қысты да, шошалаға жүгіріп кіріп кетті. Көп ұзамады, қолына бір нәрсе ұстап қайтып оралды.

— Мә, — деді ол қолындағысын Қанатқа беріп.

Қанат алды. Күлше. Ып-ыссы. Әлгінде Қырмызы апай көміп жатқан алақандай күлше. Ертең Балапанның орақ басына алып кететін азығы. Жұмыс үстінде жүрек жалғар талшығы.

— Алмайым, ертең өзін...— Қанат қипақтап күлшені оған қайта ұсынды.

— Ал.— Балапан оның қолын қақты.— Алмасаң өкпелеймін.

— Ертең қарның ашады ғой.

— Жоқ, жолда сенің қарнын ашады, ал.

Қанат күлшені қолтығына тықты. Ыстық күлше сол қолтық тұсын жылытып сала берді.

— Хош, Балапан!

— Сәл кідіре тұрсай... Ауылға қашан ораласың?

— Қайдам?! Енді келсем көкеммен бірге келемін ғой.

— Мен сені көпірге дейін шығарып салайын.

Олар көпір үстінде қол ұстасып, біраз тұрды. Не деп қоштасуды білмей ме, әлде ауыздарына сөз түспей ме, бастары салбырап үнсіз тұра береді. Бір мезетте Қанат қолын тартты.

— Кетем.

— Ауылды ұмытпа. Хат сал-л,— Балапанның үні бұзылды қос қолымен бетін басты. Қимастық сезімі көзінен мөлдір моншақтай сауылдады.

Қанат үлкен жолмен жүріп кетті. Оң қапталында дөңгелек ай көтеріліп келе жатыр. Сапарың оң болсын, Қанат! Нұрымды төгем жолыңа, серігің болам! — дегендей күлімдейді.

Артына ауық-ауық қарайды. Балапан көпір үстінде әлі тұр... Мына жаңа туған ай секілді дүниедегі жарық үміті, жан көкесінен соңғы жалғыз таянышы Балапан еді. Әне, ол да қылаңдап, бозғылт түн құшағында көзден тасаланып барады... Хош, Балапан, хош!

Қанат боз тұман ішінде адасып келе жатқандай. Алдында не бары, не болары беймәлім, бар тағдырын өзі жетектеген жанға тапсырған соқырдай ол да бар үмітін табаны астында қараңдаған жолға артып, тартып келеді.

Жол... Ұзақ жол. Көп ұзамай таң салқыны да біліне Бастады. Қырау түскен жол табаны суық тартты. Бала денесі мұздап тоңайын деді. Бірақ қойнында, құттақандай жүрегінің тұсында жатқан ыстық күлше бүкіл тұла бойына жылу таратқандай ол ешбір суықты да, ызғарды да елейтін емес, жүріп келеді, жүріп келеді.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Шілденің бір тымырсық кеші еді.

Жазық шетіне күн жамбасы тиді. Иірімденіп ағып жатқан бозамық атала секілді дария кешкі шапақтан өн бойына қан жүгіргендей қызыл шырайланып ажарланды. Көңілденіп жымың қаққандай. Арғы жағадағы жал ағаштың көлеңкесі майда толқын үстінде қызыл-күрең түске еніп, теңбілдене ойнайды. Өзеннің мына жағасынан ана жағасына тартылған білектей темір арқан да, сол - арқан бойымен әрлі-берлі, әлме-әл қатынап тұрған паром да, оның үстіндегі қара-құралар да қызғылт нұрға малынды.

Қанат Сырдарияның паромына күнде бір соғады. Ауылын сағынған бала елден келетін адамдарды күтеді. Көкесінен үш айдан бері хат-хабар жоқ. Ауылдан келетін жан көкешінің хабарын әкеле ме дейді. Бәлкім, көк«ч:| хатты ауылға салып жүрген шығар?! Бірақ, қас қылғандай соңғы күндері бір жан қатынамай-ақ қойған.

Ұясына жантайған күн батуға асықпайтын секілді,; Бейне бір кен дүниені қимай артына жалтақтап қаралайтындай. Бір сәт ол Қанат көзіне күлшеге ұқсап кетті. Қоламта астынан енді шыққан қып-қызыл күлше ғой, мынау... Анада ауылдан кетерде Балапан берген ыстық күлше есіне түсті. Шіркін-ай, қазір Балапанның өзі келе қояр ма еді?! Қайдан келсін?

Ол паромға таяу жарқабақта отырған. Майда толқын төсінде жылтылдап ойнаған қызғылт ұшқынды біраз қызықтады. Ыстық күлше сықылды қызыл күнге ұзақ қадалды. Балапанды қатты сағыныпты... Үйінен күлше әкеп берген сәті, көпір үстінде қоштасқаны, астында жалтылдаған үрейлі үлкен көзі елестейді. Қимастықпен үнсіз жылағанын да ойына алады Сонша үзіле жақсы көретіні несі екен? Туған бауыры болса бір сәрі...

«Ауылды ұмытпа» деп еді-ау Балапан. Қанаттың қалаға келгеніне он айдай боп қанты. Ауылды ойласа ең алдымен басқадан бұрын есіне түсетін жан Балапан.; Сөйте тұра бір хат салмапты-ау. Хат салсам ауылдың сайқымазақтары күледі деп несіне қауіптенді екен?!

Дария беті бірте-бірте күреңденіп, тұнжырап келеді. Ол - орнынан тұрып, арғы беттен бері жылжыған паромды тосты. «Осыдан соң қайтайын».

Темір арқан бойын қуалап паром шығыршығы зыр қағады. Паром толы қара-құра; ат, есек, қос өгіз жеккен ырдуан арба көрінеді. Бақшадан қайтқандардың кетпен, күректері күнге шағылысып жарк-жұрқ етеді. Топ ішінен бір екі қызыл орамал да кезге шалынады. Бір қыздың жүзі жалт етіп, бір сәт Балапан сияқтанып кетті. Әне бір кісінің арбиған денесі тасалап қалды-ау, қап!

Қанат жүрегі алып ұшып, «Балапан болсай кетті» деп күбірледі. Паром жағаға жеткенше ынтығып, тықыршып, бір орында тұра алмады. Екі көзі паромда. Бір кезде жарқабақтан құлап кете жаздады, опырылып бара жатқан топырақ суылын есітіп, әзер қалды. Ол асыққанмен паром жүрісі шабан, тырбаңдаған тасбақа секілді.

Уһ, жетті-ау, әйтеуір. Темір арқан зырылы бәсеңдей бере паром ез екпінімен кеп жарқабаққа соғып, қараңғыда есікке маңдайын ұрып алған адамша шайқалақтады. Паром үстіндегілер жер сілкінгендей абыр-сабыр дүрлікті. Ілгеріде тұрған бір күрең ат үркіп, алдыңғы екі аяғын аспанға көтере шапшып, кісінеді. «Ойбай!», «Көкесі келді», «Ау, қыра ма, мынау» деген дауыстар, қайықшы қабасақал орыс шалы аспан жерге түссе де ештеңе сезбегендей маң-маң басып шынжырды қазыққа ілді де жағамен екі араға тақтай тастады. Енді болмаса паром аударылып, су түбіне кететіндей жаныққан топ үйме-жүйме ұмтылысты, көліктілер мен жаяу жалпылар бірін-бірі итере-митере алдымен шықты. Артта қос өгіз жеккен ырдуан арба мен оның адамдары қалды. Қанат өгіздерді бірден таныды. «Мекман қасқа» атанып кеткен қызыл қасқа мен сүзеген, шадырлығынан екі мүйізінен бірдей айрылған ақ шабдал, қара өгіз өзі талай арбаға жегіп, бау тасыған жануарлар. Ақ жаулықты әйелдің біреуі сол қолтығындағы балдағына сүйене секіріп, арбаның алдына жайғасты. Ау, Қырмызы, ғой, мынау. Оны қолтығынан демеп жатқан ала көйлекті әйел былтыр күзде бірге бау тасыған Жамал жеңгейдің дәл өзі. Қанат жүрегі дүрсілдеп аузына тығылғандай ілгері ұмтылды. Арбаның артындағы қызыл орамалдының жүзін көргенше шыдар емес.

Жамал «Шу, әй!» деп шыбыртқысын үйіре сілтеді. Шыбыртқы тиген қос өгіз желкелері күжірейе алға ентелеп, бос май бөшкелерді қаңғырлата жағаға шыға берді. Отқа ұмтылған көбелектей паромға жүгірген Қанатты арба қағып кете жаздады.

— Әй, өлеме қайтеді мына біреу?!

— Былай, әй!.. Көзіне қара ұрынған ба, былай,— деп Қырмызы мен Жамал жарыса бажылдады.

Артқа шегіне ойысып, аман қалған Қанатты арбаға ере шыққан Балапан аналардан бұрын таныды:

— Қанат!

— Балапан! — Екеуі екі жақтан қарлығашша ұшып келіп, бірін-бірі құшақтай алды.

— Ау, Қанат па еді?!

— Қара басып танымай қалғанымыз ба? — Екі әйелдің қуанысқан дабыры олардың құшағын жазды. Сағынысып көріскен екі жастың шаттығына көңілі босап кетті ме, Қырмызы көзіне жас алды. Жамал да аңтарылып, елжіреп қарап қалған. Арқаларына шыбыртқы қайта тимегесін бе, әлде Қанатты олар да таныды ма, екі өгіз де тоқтап, бастарын төмен салып тұрып алды.

— Қанатжанбысың айналайын, аман-сау барсың ба? — Сәлем бере қолын созған баланы Қырмызы даусы дірілдеп айналып-толғанып, өзіне тартып маңдайынан қайта-қайта сүйді. Жамал ту сыртынан кеп құшақтап, желбіреген кекілінен сипап жатыр.

— Зіңгіттей жігіт боп кетіпсің ғой.

— Қайдан жүрсің? Біздің келетінімізді біліп пе ең?

— Шырайлымды көргенде арбаға түсіп кете жаздадың ғой.— Екі әйел жамырасып оны ортаға алған. Сұрақтарына жауап та алып жатқан жоқ. Қанат қуанғаннан не дерін білмей, жауап беру орнына арсалаңдап күле береді. Балапан да мәз-мейрам.

— Қой, жүре сөйлесейік, кеш батып қалды, — деді бір уақытта Қырмызы.

Жамал көңілденіп шыбыртқысын толғай сермеді.

— Әй, шу! Таныдыңдар ма мына Қанатты! — Ол енді болмаса қисая кеткелі кілгіріп тұрған зеңгібаба жұрағаттарына айқайлай сөйледі. Қос егіз «ал таныдық, танығанда қайтейік» дегендей бастарын көтерісіп алды да танаулары пышылдап, аяқтарын еріне қозғады. Тұяқтары сыртылдап, іш пысытар мезі күйіне басты.

Балапан мен Қанат арба соңынан ерді. Қанат қатарындағы Балапан жүзіне көзінің астымен қайта-қайта қарағыштайды. Бет-аузы түгел шан. Тек дөңгелек бота көзі мен ақ күріштей тізілген тісі жылтырайды.

— Біздің келетінімізді біліп күттің бе? — деді Балапан.

— Жоқ, білген жоқпын.

— Паромға жай келіп пе ең?

Паромға неге келгені енді ғана ойына түсті.

— Менің көкемнен ауылға хат келген жоқ па?

— Келген жоқ,— деді Балапан мұңайып.— Менің көкемнен де хабар жоқ.

Қанаттың еңсесі түсті, басы салбырады. Қоңыр кештей уайым әлгі қуаныш орнын баса берді.

— Қанат, Асыл атаң үйде ме?

— Үйде.

— Ендеше сонда түсеміз. Бізді жолшыбай тастап кет, — деді Қырмызы қала ішіне кірген соң.

Асыл — Қанаттың нағашысы. Өмір кісі жатырқамайтын адам. Қонақ дегенде жаны жоқ бұл үйдің, ақырғы үнемі болса өздері татпай, келетін кісіге сақтайды. Бірақ бұл үйдегі аталы-келінді екі жанның еш қашан қабағы шытылмайды. Атасы — аңқылдақ, жайдақ, ал келіні болса сол атасының ойын қас-қабағынан танып, ыммен қимылдасып, ұстарадай лыпып тұрады.

Үй іргесіндегі тапал ағаш сәкіде бақабас ескі бәтеңке жамап отырған дәу қара шал Қырмызыларды көріп кең жадағайының шалғайына сүріне түрегелді.

— Aу, Қырмызы келінбісің, амансың ба, шырақ? — Асыл қария құрақ ұшып қаупелектеді де қалды.— Мынау Балапаның ба, бойжетіп қалыпты ғой. Төрлетіңдер, жақсы келдіңдер.

Алашадан тіккен қарала қоржынды Қанат көтеріп дәлізге апарды. Балапан мен Қырмызы сәкі жанында аялдап қалды. Амандық-саулық сұрасқан соң шал:

— Ал кеш бар, таң бар әңгімеге қанармыз. Мен шай қояйын, келінім кешкі ісменде еді,— деді. Өзі қолында бәтеңке, үйге кіріп бара жатып Қанатты да жұмсады.— Құман әкеп су құй, жуынсын, жол шанына батқан шығар кісілер.

Қанат жүгіріп құман әкелді. Қырмызы беті-қолын жеңіл - желпі шайды да «көп жаса» деп алғысын айтып, үйге кетті.

Балапан асықпай жуынды. Көнетоз ескі көк барқыт камзол мен боялған қос етек бөз көйлек таралып өсіп, бой түзеген қыз тұлғасын бүркей алар емес. Еңкейген сәтте солқылдақ жас шыбықтай иілді. Бойы да, шашы да ұзарған секілді. Иілгенде төмен түсіп, ұшы жерге тиген қос бұрымын тіктеліп, артына лақтырып тастағанда томпайып білінген төсі дір ете қалды. Балапанның мұндай сымбатын Қанаттың түңғыш көруі еді. Көңілі бір түрлі алабұртып кетті. Толқып тұрып құманды лақылдатып, суды төге-шаша құйды. Өзінің бұл қимылын осы сәт ол сезіп те тұрған жоқ-ты. Екі алақанын қос жапырақтай түйістіріп жуынып жатқан қыз оны суды жорта ақтарып құйып тұрғандай көріп:

— Шамалап құйсайшы, судың тегін екенін білеміз, — деп жай ғана күліп қойды. Шаң басқан бетін, жұп-жұмыр мойнын, дөңгелек сырға таққан жұп-жұқа құлағын аспай-саспай жуынды. Оның әдейі ішін пыстырайын деді ме, жоқ әбден тазаланып алғысы келді ме, әйтеуір ұзақ сипақтады. Қанатта асықтырған жоқ. Қайта жуынғанын қызық көріп түр.

Балапан басын кетерді. Сумен тазарған ақсары жүзі қызыл іңір шапағымен қызара нұрланады. Су тамшысы ілініп қалған ұзын кірпік астында мөлдір тұнық ботакөз жалтылдайды. Қанат қолында құманы, тесіле қатып қалған Қыз жүзіне бала боп қатар жүргелі ішіп-жеп қарағаны .осы ғана шығар. Қысылмай еркін қадалады.

— Жаңа көрдің бе, сонша тесіліп,- деп, он, ұртындағы шұқыршағы дөңгелене жымиған Балапан әрі қарай бұрылып кетті.

Қанат Балапанның жалт еткен жанарынан әзі шыр етіп дүниеге келгелі көрмеген бір ұшқынды шалып қалды. Ғажайып ұшқын үзіліп түскен мөлдір тамшыдай жылт етті де сөне берді. Япыр-ау, бұл неткен ұшқын? Неткен нұр? Қыз жанарын ұялап қалған іңірдің соңғы шапағы ма екен? Әлде қыз сырғасының жалтылы ма, жылт етіп сөнген! Қанаттың құттақандай жүрегі сол нұрды ұққысы келгендей алғаш қанат жазған балапанша сілкінді. Сол жақ кеуде тұсын шым еткізіп өткен сезімнің не екенін түсінбеген күйде бір сәт аузы ашылып тұрып қалды

Балапан үйге кіріп кеткен. Қанат аңқиып тұрып қалғанын енді сезіп, өз-өзінен жымиды. Құманды сәкіге сүйей салып, ішке кірді.

Ол Балапаннан төмен көрпеше шетіне кеп отырды. Көмескі жанатын электр шам жарығы буалдыр, үй іші күңгірттеу. Төрге жайғасқан Қырмызы Асыл қариямен тағы да әңгіме дүкенін құрыпты. Қырмызы бетінен нұры тамған ақсары, жардай әйел еді, қазір сылынып-ақ қалған. Өңі жүдеу, жағы суалыңқы. Ашық маңдайы мен қиықшалау қара көзі алдында әжім жиілепті. «Апай жүдепті-ау» деді Қанат ішінен. Сонан кейін ол көз қиығын Балапанға аударды. Ақсары жүзі албырап төмен қарап отыр. Бетінің қызылы молайып, шырайланған ба? Жоқ, әлде неден қысылып отырған сияқты ма, қалай? Бейтаныс жер, бөтен отбасы болған соң тосырқай ма? Несіне қысылады екен?

Қанат бірауық Қырмызы мен Асыл атасының әңгімесіне құлақ түрді. Көктаспаның итермелеуімен Көптілеудің егіс кезінде бір дорба тұқым ұрлаймын деп, сотталып кете жаздағанын Қырмызы жыр ғып отыр. Асыл қалың қасты дөңес қабағы қыртыстанып, жауар күндей тұнжырайды.

— Қойшы, со мырықты, келін. Ұрлық қып масқара. болғанша өлсейші, шіркін. О, несі-ай, сақалды басымен, — деп күйіп-піседі,— Көктаспа Сырға кетіп өл десе, құдай біледі алды-артына қарамай жүре береді ол.

— Рас айтасыз. Баяғы қазанын жармаға тастайтынын білетін бе едіңіз?!

— Білем ғой онысын. Пай-пай, сүйегімізге мөр болмаған күні бар ма о шіріктің.

Енді бірде дауыстары бәсең шығады, әлгінде күлісіп отырған жарқын жүздер күн көзін бұлт басқан шақтағы дала секілді тұнжырай қалған.

— Ел іші ашыққан жоқ па әйтеуір?

— Ашықпағанмен тарығып отыр. Мал-тегі барлар ғана әлділеу, жарықтық ақ болса, аштық жоқ екен ғой. Ал кілт ұстаған іскләдшік, брегат дегендердің мұртын балта кесетін емес. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Соғыс тауқыметі оларға келмегендей.

— Иә, ит жоқта шошқа үреді деген сол, шырағым, бас көтерер ер-азамат болмаған соң жетім-жесір есебінен жанына торсық байлатпастай семіріп қалатындар бар ғой.

— Аш-жаланаш болып өлмеспіз-ау, адамымыз аман келсе болар еді, — Қырмызы күрсінгенде ішінен жалын шыққандай.— Осы кезде қара қағаз деген көбейді. Естідіңіз бе, жақында Байсұлу кемпір жалғызынан қарақағаз алып алып боздап қалды ғой.

— Алда мүсәпір-ай, естімеп едім, құдай аясын бишараны. Бірақ қара қағаз дегенге сене беруге болмайды. Осы біздің қалада біреуге қарақағаз келген екен, артынша төрт айдан соң кантожнай боп өзі келіпті.

— Япыр-ай, ә?! Біздің ауылда да басы амандар келіп жатыр. О бір қол, бір аяқ, бір көз дегендер бас салқасы болды ғой қазір. Біздің адамымызда сөйтіп оралса шүкір дер едік, әлгі...— деді де Қырмызы айтып отырған әңгімесін аяқтамай тоқтады. Қызына көз қиығын салып бөгеле берді. Шешесінің өзіне қарап үндемей қалғанын сезген Балапан жүзі өртше жанды.

Қырмызы сөзі Қанаттың ойына осыдан үш ай бұрын оң қолынан айрылып майданнан қайтқан Торсықбайды түсірді.

Вокзал басына соғып тұрмаса Қанаттың көңілі көншімейтін. Көкесін сағынған бала жүрегі еріксіз жетелеп баратын. Вокзалда ол өткен-кеткен поездарды көзімен көріп, ұзақ сенделеді. Кейде жаралылар эшелоны өтеді. Ондайда Қанатта жүрек жоқ. Эшелон кідірсе, вагон жағалап жүгіреді. Ащы ішектей шұбалған вагондардың бірінен көкесі шыға келетіндей жүрегі алып ұшады. Жаралылар да оны жүргізбейді, танымаса да құшақтап бетінен сүйеді. Қанат секілді баласы, бауырлары есіне түсе ме, көзіне жас алып жабырқайтындар да кездеседі. Қанатта қызық, көрінгеннен көкесін сұрайды. «Көрдіңдер ме?» дейді. Бала сағынышын сезгендер жауап бере алмай мұңая қиналады. Ал кейбір қулары: «Е, көрдім. Жауды Берлинге дейін індетпей қайтпаймын» деп, батысқа тар тып барады. Қанат деген балам бар деп еді, сол cен екенсің ғой» деп күлдіреді. Ол сенерін де, сенбесінде білмейді, ыстықтан пысынап отырғаныңда бір желпіп рахаттандырып кететін қоңыр самалды сезінгендей жар қылдап күле береді. Вагонда төсегінен тұра алма жатқан кем-кетіктерді көргенде бала жүрегі ине шаншылғандай шошынады. Жан көкем майданнан он екі мүшесі сау оралса екен деп тілейді.

Өстіп жүргенде бір күні түс ауғанда әлде кім желкесінен түртіп қалды. Арқасында қапшығы бар, сұр шинельді солдат. Он. қолын иығынан дәлдеп шауып тастағандай бос жеңін сөлбірейтіп апарып шинелінің қалтасына тыға салған. Пилоткасын шекесіне оқшырайта киген. «Торсықбай! Ау, қолы қайда?» Қанат төбесінен төніп ақсия күліп, шегір көзі тұздай жанған Торсықбайдың бетіне үрпие қарады.

— Әй, танымай қалдың ба? Торсықбаймын ғой.

— Таныдым.— Қанат «шақшиған көзін-ақ айтып тұр ғой Торсықбай екеніңді» дей жаздап қалды,

— Ал қайдан жүрсің?

— Осы қалада жүрмін.

— Не бітіріп жүрсің?

— Депода жұмыс істейім.

— Ой, пәлі рабош клас екенсің ғой. Қалаға қашан келіп ең өзің?

— Былтыр.

— Ә, солай ма.— Торсықбай асығыс түр білдірді. — Балапан ауылда ма?

— Ауылда.

— Былтырдан бері көрмегенсің ғой шамасы. Қап... — деді де ол басқа сезге келместен тұра жөнелді.

Әй жоқ, шәй жоқ Балапанды сұрайды. Неге сұрайтыны белгілі ғой. Бірақ, Балапан оны жек көреді. Өзі түгіл жолдаған хатынан жылан көргендей шошитын. Торсықбайға жана осыны неге айтпады? Қап... Қанат қатты өкінді.

Қанат көзі Балапан жүзіне түсе береді. Қыз алдына құлаған бұрымының ұшын тарқатып, саусағына орап тұнжырайды. Оның ойын сезіп қалғандай-ақ қабағын шытып, түріңкі ернін тістелейді.

Қанат дәл сондағыдай іші жанып, Торсықбайға қараптан қарап жыны келіп, бойын ашу буады.

— Ау балам, дастарқан жаймайсың ба? — деген атасының даусы ғана сабасына түсірді оны.

Шай жиналған соң Асыл әлгінде жамап отырған бәтеңкені иесіне апарғалы орнынан тұрды да, Балапан мен Қанат салқындағалы тысқа шықты. Ай ерте туыпты. Поселканың тоқал үйлерінен асып, дөңгелек күміс шар жарқырайды. Көше күндізгідей жарық.

Олар сәкіге кеп отырды. Балапан ауылда жүргенде жеңілтек сияқты еді, қазір бұрынғыдай ұшып қонбайды. Ұялшақ тартқан ба қалай? Баяу қозғалады. Қанат Балапан бойында әлде бір өзгеріс бар екенін іші сезгенімен оның не екенін тап басып біле алмады. Ал Балапан болса Қанаттың бойының сұңғақ тартқанын, даусының қалыңдап, қоңырлағанын, жанарында жалтыл, нұр молайғанын бірден аңғарған.

— Неге хат салмадың? — деді Балапан өкпесін айтып.

Қанат не дерін білмеді, үндемеді.

— Ауылдан қашып жүрсің бе, неге бармайсың?

— Көктаспа тұрғанда өлсемде бармаспын,

— Ауылды сағынған жоқсың ба?

— Сағындым.

— Кімді сағындың?

«Сені сағындым» деп тіл ұшына кеп қалған сөзді бөліп қалды. «Сағындым» деген әбес сияқты көрініп өз өзінен қысылды. Маңдайы тершиді. Тура жауаптан қашқандай-ақ Қанат:

— Мен ауылды сағынып өлең шығардым,— деді,

— Айтшы, кәне!

— Сағындым мен ауылдағы балдарды.

Сағындым мен майдандағы көкемді.

Ауылға құс боп ұшып барар ем,

Көктаспадай оқ жыланнан қорқамын.

Қанат «Балапанды» дегеннің орнына «балдарды» деп қосып жіберді. Балапан сықылықтап күлді, өлеңнің ұйқасы келмей тұрғанына ма қайдам, ішек-сілесі қатты.

— Не жаман ба? — деді ол көңіліне келгендей.

— Жоқ, жақсы,— деп заматында мұнайды Балапан. Оның бұл кейпін Қанат аңғармады.— Қалаға ертіп келмеймін деп апам. Жалынып зорға келдім.

— Неге ертпейді? Ертпейді...— Балапан көмейінде әлде не айтыл май қалғандай.

— Бұрын қалаға келіп пе ең?

— Кішкентайымда көкем бір әкелген.

Қаланы көптен көрмеген Балапанды вокзалға ертіп барғысы келген Қанат:

— Вокзалға барайық,— деді.

— Не бар онда?

— Поездарды көреміз.

— Қашан? Қазір ме?

— Иә. Жүр,— деп Қанат орнынан ұшып тұрды.

— Апама айтпасақ ұрысады — деді Балапан. Балапан бұрын апасынан ұлықсат сұрамай-ақ балалармен ойнап кете беруші еді ғой. Қырмызы апай ашуланшақ болып кеткен бе, қалай? Қанат жүгіріп үйге кіріп кетті де, ізінше айқайлап қайта шықты:

— Жүр, бара беріңдер,— деді.

Ай биіктеп қалған. Дірілдеген ақшыл ұлпа нұрдан ба, көшеде жұмсақ, жайлы бір леп бардай. Шеге құмды көше табаны боп-боз. Қанат көше ортасына түсісімен Балапанға бурылды да:

— Маған қуып жетесің бе? — деп алды артына қарамастан қаша жөнелді.

Балапан оны ауылда талай өкшелеп қуған әдетімен жүгіре түсті де тоқтады. Әу дем жер ұзап барып, артына қараған Қанат қыздың қумағанына таңырқап кідірді.

— Неге қумадың?

— Ұят қой.

— Несі ұят. Одан да жете алмайым десейші.

— Жетем бе, жетпейім бе, бірақ ұят. Көшеде біреу-міреу көріп қалса, бой жеткен қыз секеңдеп жүр демей ме?

— Иә, бойын өсіп кетіпті, — деді Қанат оның бой жеткенін бойынан аңғарғандай.— Тапалмын дейтін ең.

— Сенде сорайып кетіпсің ғой. Менен әлі бойлысың-ау дейім.

— Жоқ сен бойлысың.

— Әй, қайдам?!

— Нанбасаң кел, бой салыстырайық — Қанат қыздың қарсы алдына келіп тұра қалды.— Кәне! Кәне!

Маңдайларын түйістірді.

Miнe, менің маңдайыма сенің маңдайың тиіп тұp, деп қуанды Қанат.

Осы сәт қыздың жаңа ашылған гүлдей түрік ерні Қанаттың сүйірлеу ерніне тиіп кетті. Шоқтай ып-ыстық екен Қанат оттай ерін табына күйіп қалатындай-ақ шегіне берді. Шілденің аптабындай шарпыған ыстық демнен балғын денесі балқып жүре бергендей. Балалық базарында алысып-жұлысып ойнап жүргенде өмірі мұндай күйге түспеген еді. Бүкіл қаны басына тепкендей құлағы шыңылдап, екі беті дуылдап бара жатты. Байқамай қыз ернінен өзін сүйіп алғандай сезініп ұяттан да өртеніп кете жаздады. Әлде біреу қарап тұрғандай састы. Жалт бұрылып, алға түсе берді.

Балапан бойын алып қашпаған. Қайта бір сәт өзін өзі ұмытып, көз алды тұманданып кеткен. Қанатты құшырлана сүйіп алғысы келгендей ұмтыла берген. Сермеген жеріне тимеген қылыш құсап бала тайқып кеткенде ғана қыз есін жиып алды. Бірақ, қас қағымда өзін аласапыран еткен нендей күш екенін біле алмай манаурап бірауық тұрып қалды.

Жұлдызды қара мақпал аспанға ерлеген ай екі жастың қылығына таңырқағандай жымиып қояды.

Қала шағын болғанмен көшелері далиған кең, өзен жағасындағы иен жазыққа салынғасын ба, жер жетпес деп қысылып қымтырылмаған, қам кесектен тоқал үйлерді көше-көше ғып ұзын шұбақ сала берген. Әлі ел жатпаса да кешеде адам аяғы сирек.

Балапан әлгінде өзін жандырып-күйдірген сезімнен бірте-бірте айыға бастады. Қалалы жерде ұры-қары көп деген құлағына әбден сіңіп қалған ол екі қапталдағы анталаған теректер тасасынан әлде кім шыға келіп бас салатындай көреді. Көшеден сескенген соң әлгі сезімнен біржола сейілді.

Қанат ешнәрсе болмағандай қайтадан көңілденіп кетті. Сескенетін де емес, қалаға үйренген, самбырлай сөйлейді.

— Біздің әскер фашистерді ызғытып қуып барады. Көп ұзамай көкем де келеді. Сосын ауылға барамын.

— Соғыс ертерек бітсе екен.

— Балапан, қазір екеуміз вокзалға барғанда көкелеріміз поездан түсіп тұрса қайтер ең, ә?

— Онда менің жүрегім жарылып кетер еді. Оңдай қайда?

— Ал мен көкемнің мойнынан тас қып құшақтап жерге түспей қояр едім.

— Ой, менен бақытты адам болмас еді-ау, көкем мені еш қайда жібермес еді.— Балапан күрсінді.

Бірақ, Қанат оның сөзінің мәнін ұқпайды. Көкелері шынымен келіп қалғандай-ақ асықтыра лепілдейді:

— Жүр, тезірек, жүр. Әне поезд келіп тұр.

Олар темір шарбақтан секіріп өтіп, перроннан бір-ақ шықты. Қызыл қыштан салынған вокзал маңдайында электр шам жарқырайды. Зал ішінен ыстықтап шыққан ба, шал-шауқан, бала-шағасы аралас оншақты жолаушы есік алдында ұйлығысып отыр: біреу қағып кете ме деп қорқып, буыншақ-түйіншегін астына басып алған қара тақиялы шал, бір-екі балалы әйел, қабын жастанып қисайған томашадай кемпір, мыжырайған кепкаларын көзіме түсіре киген, шашы өскен сиықсыз екі-үш бала әрлі-берлі сенделіп жүр. Қолында балғасы мен шамы бар, сырмақтары май-май бір қартаң еркек пен әйел жол жағалап барады. Әрірек жолда шуда жіптей шұбатылған вагондар. Перонға таяу жолда құлақты жара шыңғырып паровоз ойқастайды. Балапан аузын ашып қалған. Оған бәрі таңсық.

Олай-бұлай ойқастап жүрген паровоз арсылдап-гүрсілдеп кеп ыссы буға көміп өте шықты: Әлде кім паровоз ішінен:

— Қанат, привет!—деп айқайлады.

— Сережа, привет! — деп Қанат та қолын көтерді.

Паровоз ұзай берді.

— О кім?

— Менің досым Сережа... кочегар.— Қанат үнінен мақтаныш сезіледі.

— Кочегар деген не, ол?

— Паровозға көмір жағып тұрады. Паровоздың бумен жүретінін білмеуші ме едің?

— Білем ғой. Онымен қалай дос болдың?

— Ол қызық. Депода таныстым. Олда майданға әкесін іздеп кеткісі кеп жүр екен мен сияқты. Екеуміз уәделесіп поезға міндік бір күні.

— Шынымен қызық екен. Сосын...

— Мен осы арадан ұзамай ұсталдым. Мына Қорқыттан. Ал Сережаны Аралдан түсіріп кеткен.

Балапан оған қызыға қарайды. Біраз нәрсені біліп алыпты, өсіпті. Жазық маңдайына.төгілген майда қоңыр кекілі қара торы жүзіне ұнасып-ақ тұр. Қысыңқы қара көзінен от ұшқындайды. Киімі де оп-оңды: көне тоздау ақ көйлек пен кенеп шалбар, беліне әскердің жалтырауық темір доғалы жалпақ белбеуін буынған, құнтиған, жинақы.

Қанат өзіне Балапанның бір түрлі елжірей қарап отырғанын байқап өз-өзінен қысылды.

— Айтпақшы, Торсықбайды көрдің бе? — деді табан астынан ол. Қысылғанда аузына Торсықбайдың аты іліккеніне іштей қайран.

Балапан қойын қалтасынан әлдене алмақ болып оқталып тұрған. Көтере берген қолы төмен сылқ түсті. Ол қалтасынан бірнәрсе алып бергісі келгендей еді. Жадырап тұрған ашық жүзін де бұлт айналған аспандай лезде кіреуке шалды.

Майданнан жараланып оралған осы жігітті Қырмызы ауызға көп алып жүрді. Әңгіменің иіні келсе мақтап та қояды. Сонда айтатындары:

«Әскер деген қисық ағашты түзейтін тезбен бірдей і кен ғой. Сырықтай жігіт боп кепті. Мінезін айтсайшы, баяғы дәлдуінің бірі жоқ. Сындырған нандай. Ұшырасқан сайын «апалап» ызылып тұрғаны. Кесе өтпейді-ау, алдыңнан кесе өтпейді-ау. Әңгімесі де түп-түзу. Жас басына қарамай соғыста көп бейнет шегіпті. Айтып отырса оның өзі бір хикая».

Балапан тыңдағанмен елей бермейді. Баяғыша ұнатпайды. Әдепкіде атын естігенде тыжырынып теріс қарап жүрді. Шешесінің көңілінде бір нәрсе бар дегенді ойламайтын. Бірақ, құлағын сарсыта берген соң, елемеске амалы қалмады. Аты жоқ, жөні жоқ неге мақтай береді? Соңғы кезде Қоржынбай ағасының орнына бригадир болғалы мүлдем жер-көкке тигізбей қойды.

Торсықбай қырындап келіп жүретін. Сыпайы. Бұрынғы қағып-соғып жүретін мінезі қалған. Сөйтсе де, жақсы көріп елжірейін дегеннің өзінде шегір көзі шақшиып кетеді. Оңаша қалса, ойы бір нәрсе демекші. Бірде отақтан қайтқанда ізіне түскені бар. Балапан қашып, бір топ қыз-қырқынның ішіне кіріп кеткен.

Қырмызының жігітті мақтауы тегін емес еді. Мерзімі жеткен гүлдей бір күні сырдың да қауызы жарылды. Бір кеште екі үрпек сары ұйқыға кеткен кезде қызын қасына шақырып алды да, шашынан сипап отырып сөз бастады.

— Балапаным, айналайын, жас емессің, енді бой жеттің, қыз деген қашаннан жат жұрттыққа жаралған. Бір кезде мен де біреудің маңдайындағы бары едім. Сенің әкеңе келдім, саған ана болдым.

Балапан үстіне там төбесі құлап келе жатқандай қатты шошынды. Жылан арбаған торғайдай көзі бақырайып мелшиді де қалды.

— Торсықбайға сұрап жүр сені. Жаман бала емес, өзің де білесің, мектепте бірге оқыдыңдар. Қайтейін, қимаймын... Мем сені жат-жұрттыққа қияды дейсің бе? — деп Қырмызы қызын құшақтап егіліп жылап қоя берді.

Балапан тұла бойындағы қаны тоқтап қалғандай сіресіп отыр еді, ол да кез жасына ерік беріп, шешесінің бауырына тығыла түсті. Шешесі де қызының солқылдаған төсін құшағына көміп, даусын шығара ұзақ жылады. Бір кезде барып ауыр күрсінді де еңсесін тіктеді.

— Қайтейін, уһ... қайтейін, жетім-жесірміз. Әкеңнен болса хабар жоқ. Мен болсам жарымжанмын... Қарны жалтырап інілеріңнің жатысы мынау. Үш жылдан бері бір киім ауыстырдық па, үстіміздегі сол баяғы лыпамыз... Қоржынбай қол ұшын бермегенде бұ күнге жетер ме едік?! Бізге сүйеніш керек, қарғам, онсыз өзегіміз талады, жете алмаймыз әкеңе... Әйтеуір ана тілін алсаң, мен Торсықбайды қолайлаймын.

Балапан ауға шырмалған балық, құсап кеп бұлқынды. Бірақ ойлап-ойлап келгенде анасын аяды. Айтып отырса бәрі рас. Қыз сөз беріп мақұл демегенмен үнсіз мойынұсынғандай Шешесінің төсіне маңдайын басқан күйі көз жасын жұтумен болды.

— Жаным, әлі-ақ үйреніп кетесің, жақсы көріп кетесің. Әкесіндей шалға барып жатыр кей бейбақ, ана Орақбайдың уызын жетпістегі бір сүйретпе алған жоқ па, оның беті әрман... Жайшылық заман болса өстер ме едім, мына қараң қалғыр соғыс... Қайтейін...— деп Қырмызы әрі қызын аяп, әрі шарасыз күнін ойлап аһ ұрған күрсініспен тынған.

Енді шешесі ұзатарда қызым ең болмаса бүтін көйлек кисін деп «майсалдан» жырымшылап тығып жинаған шолақ қолдай жарты бүйен майын, маңдайындағы жалғыз іліп алар көрпесін қақыратып, ішіндегі түйе жүнін түтіп алып, қалаға базарлап келіп отыр. Балапан ақырғы тілегім болсын, мен де барып қайтайын қалаға» деп жалынып-жалпайып еріп келген.

Келгендегі арманы— Қанатты бір көру еді. Ол— мынау қарсы алдыңда тұр. Торсықбайды сұрайды, Әлде бұл да бір нәрсе сезе ме? Балапан қызара ұялады. Әлгінде ғана бар сырын ақтарғысы келіп алабұртып тұр г и, енді тауы қайтып қалыпты.

Үйге қайтайық, — деді ол әлден уақытта мұңайып.

— Неге?

— Басым ауырып тұр.

Қанат онда өзін біл дегендей иығын көтеріп, дағдарған пішін көрсетті.

Қанат оянып, көзін ашқанда үй іші ақар-шақар еді. Терезеден құйылған күн сәулесі төгілген сүтті жалап жатқан сары мысық секілді еденге көлбей шаншылған. Одан басқалар тегіс тұрып кеткен. Төсектер жиналып әй-жай болған.

Ол тұрып төсегін кереует үстіне жиыстырды да, тысқа бет алды. Апырау, үйдегілер қайда кеткен?

Күн арқан бойы көтерілген. Балапан есік алдында бұрымын тарқатып, шашын тарап тұр. Майда самал қара торғын орамалдай жайыла күлтеленген шашын желбіретіп қояды. Таранып тұрған қыз емес, тоты секілді. Қанат көңілін бір тосын құмарлық биледі. Ол со бір жылдағыдай қыздың бұрымынан тартып қалғысы келіп ұмсына берді. Бірақ қолын созып барып бөгелді. Әлде кім шап беріп қолынан ұстап қалғандай. Ол жәймен жақындап,, қара мақпал шашты бейне бір асыл зат ұстағандай-ақ баяу ғана сипалады.

Қыз шошынған жоқ.

— Қанат! —деп күлімсірей бұрылды. Мөлдіреген бота көзі жасаурап жарқырайды,— Баяғы балалығың есіне түсіп кетті ме?

— Иә.

— Әй, балалық-ай, ә... Сонда біреудің сөзіне еріп...

— Ашуландың ба сонда?

— Ашуландым әрине. Ермелігіне ашуландым.

— Мен мұғалімге айта ма деп қорқып едім.

— Қойшы, соны еске алмай, — деп Балапан қабағын шытты, Торсықбайға қатысты оқиғаны ойына түсіруден қашатын сияқты.

Қанат бірден секем алды. Түнде ол Балапанмен кездескеніне қуанып толқыды ма, көпке дейін көз іле алмады. Асыл атасы, Қырмызы мен Балапан, Қанат бәрі бір бөлмеде жатқан. Асыл мен Қырмызы әңгімесі таусылмады сіркіреген сылбыр жауындай гүбір-гүбір созыла берді. Жолдан шаршап келген Балапан бірден ұйқыға кетті ме, жәймен пыс-пыс демалып тырп етпей жатыр.

Бір кезде Қырмызы Балапан мен Қанатты ұйқыға кетті деп ойлады да Асылға базарға келген шаруасын баяндай бастады.

— Балапаным бой жетті ғой. Енді құтты жеріне қондырсам ба деген ойым бар, аға. Әкесіне қаратар шама жоқ, заман түрі мынау. Үйден шығып тұрған еркегің болмаған соң бәрі бекер екен.

— Кімге бергің келеді?

— Торсықбайды білетін шығарсыз, Қоржынбай шалдың інісі.

— Ә, білем, бір қолын беріп келді деп естігем.

— Қол бас садақасы, шолақ болғанмен азамат қой, аға.

Қанат елеңдеді. Әлгінде маужырап қалғи бастаған сияқты еді, ұйқысы шайдай ашылды... Торсықбайды сұрағанда жауап бермегенінің сыры бар екен-ау... Ол демін жәй-жәй алып, тістене тыңдайды.

— Жөн, бағы ашылсын! — Асыл мақұлдап жатыр,— Балапанның өзі қалай ма?

— Қаламағанда басқа кім бар қазір, аға?!

— Иә, адамның басы алланың добы болды ғой. — Шал күрсініп қойды. — Екі кішкентайыңды кімге тастап кеттің?

— Көршіге. Балапаныма қала қой деп ем. болмады. Базарға барам дегеннен қалаға апар деп болмай отырып алды.

— Жас қой, қаланы көргісі келген да.

— Қаладан бұрын Қанатты көргісі келді-ау деймін. Қанат десе жаны бөлек, ішкен асын жерге қояды...

... Қанат түйеден түскендей'ғып бір сұрақты дүң еткізді.

— Балапан, сен Торсықбайды жақсы көресің бе?

Балапан төбесінен жай түскеннен кем болған жоқ.

Жасаурап тұрған жанары жасқа толып тұманданды. Әлде не дегісі кеп еріндері бозара дірілдеді. Бірақ, қылғынып қалғандай ештеңе дей алмады. Безгегі ұстаған жанша қалшылдап, көзінен бірнеше моншақ үзіліп түсті. Жүзін жуып бара жатқан ыстық жасты көрсетпейін деді ме, ол қос алақанымен бетін жапты.

Қанат састы. Не істерін білмей қапалақтаған ол қыздың селкілдеген иығынан ұстап:

— Жы-жыламашы, Балапан,— деп жалынды.— Торсықпайды мен де жек көрем.

Балапан оның қолын қағып жіберіп, үйге бұрылып кіріп кетті.

Дарбазаға дабырлап біреулер келді. Есіктен екі бүктеліп Асыл кірді. Оған ілесе Қырмызы мен қарияның келіні көрінді. Базардан көңілді қайтқан түрлері бар, қаңғыр-қаңғыр етіседі.

Кешкі салқын түсе арба келді. Жамал арбасын май бөшкемен сықап алыпты. Керосин емес, алтын тиеп алғандай елпелектейді. «Колхозға молотилка келсе, енді майы кенде болмас». «Бригадтың көзіне түсетін болдым» деп көзін қысып Балапанды әзілмен шымшиды.

Буынып-түйініп отырған Қырмызы мен Балапан арба келісімен тоқтаусыз шықты. Қырмызы:

— Біздің адамдар келсе, осы үйді аттап өтпейді ғой, Сүйіншісі сіздердікі. Ал амандықта-саулықта қауышалық! —дегенді қайта-қайта айтып, шалмен де, келінімен де төс қағысып, құшақтасып ұзақ қоштасты. Сонан соң арбаның алдына жайласып, «кірәсін тиеді» деп қоржынды оң тізесінің үстіне салып, тас қып ұстады.

Балапан тұнжыраңқы. Салқын қоштасты. Манадан қабағы бір түзелген жоқ. Базардан әкелген көгілдір гүлді сиса көйлекті шешесі кигізіп, жарасады екен деп мақтағанда да ауру адамдай құп-қу, сұлық қалпынан өзгерген жоқ. Жаңа көйлекке де, шашақты көк орамалға да қуанып селт етпеді. Күн ұзын шешесінен бір елі айрылмады. Жылағанын сезіп қалып «Жаным, неге ренжідің?» деген шешесіне «көзіме қиқым түсіп кетті» деп жалтара салған. Сонан кейін де әңгіме-сөзге көп араласпады, не жаумай, не ашылмай әрі-сәрі боп тұнжыраған аспандай түнеріп отырды да қойды. Қанат қасына әлденеше рет барса да тіл қатуға батылы жетпеді.

Енді ол шығарып салғалы ерді. Арба ізінде Балапанмен қатар үнсіз келе жатты. Ауа қапырық, аптап лебі әлі басылмаған.

Шомылып салқындағысы келгендей-ақ, күн дария үстіне құлап барады.

Бір кезде Балапан Қанатқа өте таяу жүрді. Жәймен ғана оның оң қолынан ұстады, сүйріктей саусағымен тас қып қысып алды. Қыздың нәзік саусағынан бір түрлі қызу тепкендей ме, Қаматтың тұла-бойы шымырлады. Ыссылап, ауа жетпегендей мазасы қашты. «Жақсы көрмесең Торсықбайға тиме» деп айтуға ертелі бекініп келе жатқан ол осы сәтте тіл қатты. Бірден тура айта алмай үні дірілдеп:

— Апаң ұрса ма? — деді.

— Неге?

— Әлгі... ым... Торсықбайға тимесең.

Балапан мойнын бұрып, оған қиыла қарады. Мұң тұнған жанары тұманданып сүзіледі. Ауыр бір күрсініп алды. Сонан соң өзін күштегендей езу тартты. Қанат та бір түрлі жасып қалған. Қыз жүзіне тіктеле алмай қара торы өңі күреңіте төмен қарайды.

Қыздың жан дүниесі ұйпақ-тұйпақ. Әй, Қанат-ай, әлі ештеңені толық бағдарламайсың-ау. Осы жарық дүниеде ең жақсы көретін жаны жалғыз ғана өзін екеніңді білсең-ау, сен. Білсең не істер едің? Қолыңнан не келер еді сенің? Әй, ақ көңіл сәбиім-ай...

Балапан дарияға жақындаған кезде қамзолының ішкі қалтасынан алақандай ғана кішкентай ақ орамал алып, Қанаттың өзі ұстап келе жатқан алақанының арасына қысты.

— Менен ескерткіш, ал.

— Бұ не?

— Ескерткіш, қалтаңа салып қой.

Ол орамалды шалбарының қалтасына тықты. Орамал арасында бір нәрсе бар ма? Орамалды қолына алып, жазып көргісі келіп қызықса да.Қанат қыз көзінше бата алмады.

Орамалды бергеннен кейін Балапан ептеп көңілденейін деді.

— Қанат, мен сені сағынып едім. Кердім... Енді көреміз бе, жоқ па?

— Неге?!

— ?!

— Мен енді хат салып тұрамын, Балапан.

— Салып тұр, ешкімнен қорықпай-ақ қой. — Нөсерден соң ашыла бастаған аспанның бір шетінде жарқ еткен найзағайдай жабырқау жүзінде суық жымиыс ойнап етті.

Паром бергі жағада екен. Келген бетте арба паромға түсті. Кешеден бері мойны босап тыңайған қос өгіз ақ жарғақ желкелері күжірейісіп, іркілмей ұмтылған беттен еңкілдеп шыға берді. Қырмызы көзіне жас алып, Қанатты қайта-қайта бетінен сүйіп қош айтысты. Жамал:

— Қаланы қой, ауылға кел. Қалада жүрем деп көп нәрседен құр қаласың,— деп әзілдеп арқасынан қақты.

— Хош боп тұр, — деді Балапан қолын ұсынып. Тостаған көзіне дөңгеленіп келіп қалған жасты байқатпайын деп жымиған болады. Қанат жүрегі қимастықпен езіледі. Балапан қолын босатуды ұмытып, толқып абыржиды.

Паром арғы жағаға лезде жеткен. Жолаушылар мен арба жиекке шықты. Басқалардан кейіндеп паромда қалған Балапан басындағы қызыл орамалын қолына алып, бұлғады. Жарқабақтағы Қанатта жалма-жан қалтасынан әлгі орамалды суырып, алып-ұша жоғары көтерді.

Бергі жағаға ететіндер паромға лап қойды. Қабасақал қайықшы арқанды босатты. Қанат паромнан әлі түспеген Балапанды өзі жаққа қайтып келетіндей көріп қуанып қалып еді. Жоқ, паром қозғалысымен жағаға кішкене ырғып шықты қыз. Жағадан ұзамай орамалын тағы да бұлғады. Сөйтті де арба соңынан жүгірді.

Арба ұзай берді. Қанат қолындағы жиегі қызыл жібекпен көмкерілген ақ орамалды жазып қарады. Қыз алақанындай ғана шағын ақ орамал. Бір шетінде жіппен тізілген «Қанатқа — Балапаннан» деген жазу. Қайта-қайта оқыды. Уысына қысып біраз тұрды. Орамалдан әтірге ұқсас бір әдемі иіс келетіндей мұрнына. Ғажайып піс кеуде сарайын, буын-буынын жайлап, тұла бойын шымырлатады.

Арба ұзап барады. Балапан серігінен айрылған аққудай мойнын артына қайта-қайта бұрады. Қанат одан көз жазбай сілейіп қалған. Басы шыңылдап, есіне түндегі Қырмызы сөзі төседі. «Қанатты көргісі келді...» Өзін сағынып, іздеп келген Балапанға бір ауыз жылы сөз де айта алмады-ау. Өкініштің ащы тырнағы жүрегін қан жылата осқылайды.

Арба ұзап барады. Балапан көз ұшында бұлдырайды. Қанаттың көз алды буланып, тұманданып барады. Алдында су емес, қан ағып жатқан секілді дария беті қызыл күрең иірімденеді. Алқымына өксік тығылады, бірақ көзінен жас шықпайды... Дүниедегі ең қимасы,- ең қымбаттысы Балапан екен ғой. Ол әне кетіп барады.

Алып қалар, арашалар дәрмен жоқ... Ыза буған бүкіл денесі қалшылдайды.

Арба да, Балапан да көзден ғайып болды, жазық шетіне қонақтаған күн алауына түсіп жанып кеткендей. Қанаттың да кеудесі жанып барады. Өмірі басынан кешпеген от сезімінің шарпуына түскендей.

Сонау боз қыраулы суық түнде Балапанның Қанатқа берген ыстық күлшесі сықылды қызыл күн батуға асықпай, жердің алып саусағы ұшында ұзақ алаулап тұрды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз