Махаббат туралы хикая

...Ләйліге ұқсап көп арулар бізді ұқпас,

Мәжнүн ғана қайғы-шерге қамалар.

Рудаки

* * *

— Қасым аға, осы кезге дейін неғып үйленбей жүрсіз?

— Оның сыры бар ғой, айналайын.

Оқуға түскелі ауылға соққаным осы еді. Әке - шешем де, бір төбенің басындағы алты -жеті үй ағайын туыс та келгеніме қуанып арқа - жарқа боп қалды.

Біздің ауыл Жиделі каналының бойында, мен оқып жүрген Қ. қаласынан он бес - жиырма шақырымдай жерде еді. Тұңғиық қараңғы түндері қаланың оты самаладай жарқырап көрініп тұрады. Колхоздың тарысын, қауын - қарбызын егетін алты - жеті үй орталыққа көшпей, жылда бақша басын қыстайтын. Каналға қол созымда, төбесіне қара үйдей қауқиған шоқ жыңғыл өскен шоқат құм етегіне қора - қопсысы жапсарласып бейберекет орналасқан тымпиған - тымпиған тоқал тамдар.

Үркердей шағын ауылдың үлкен - кішісі біздің үйге топылған. Біздің үй дегендегі үйіміз есігі алдында отын - су, аяқ - табақ қоятын ас үйі бар жалғыз бөлме. Бірақ жалғыз болғанымен кең, шағын колхоздың клубындай десе болар. Адам аузы - мұрнынан шығады. Ана есік жақтағы үлкен кесек пеш түбінде отырған менің әкем Сүгір — мұрны қос жұдырықтай, күректей үлкен сақалды қара сұр шал. Назары суық, шүңірек көз адам. Ал қазір қуаныштан ба, өңі жылып, күректей сақалын қайта - қайта тарамдайды. Сығылысқан көпшіліктің орын жетпей әбіржігенін мәнсүрге алмай төр алдында жәпірейген сары шал түте – түтесі шыққан көне құс жастықты шынтақтап көсіліп жатыр. Ол — әкемнің өкшесін басып жүрген аталас ағайыным. Неге екенін қайдам ол терезе тұстағы бақша арасына жайғасқан менен көзін жазбайды. Қолға су құйып, дастарқан жайып, самаурын әкеп, қолды - аяқта тұрмай лыпылдап шауып жүрген қатпыш қара торы келіншек — жесір жеңгеміз Мауыты. Ол да мен жаққа әлсін - әлсін қарағыштап, аты жоқ, жөні жоқ ыржияды. Маған деп сақтаған барын дастарқанға төгіп, қуанышы қойнына сыймай, екі езуі құлағына жетіп шешем жүр. Ашаң, арық, аурудан тұрғандай жүзі бозарыңқы болатын, қазір бетіне қан жүгіргендей. Қыста ауыл адамдарының қолы бос, жас - кәрісіне дейін қалмаған, үйде ине шаншар жер жоқ.

Түс әлетінде келгенмін. Қалайша лезде хабарланғанына таңым бар, сырт киімімді шешіп үлгермей - ақ жетіп - жетіп келіскен.

— Балаларың кеп, көзайым болдыңдар ма?!

— Бүгін шешейдің толғататын күні!

— Балаңның алғаш оқудан келгеніне той жаса, әй, десіп әуелі әкем мен шешемді ортаға алысты. Сосын маған бұрылып:

— Аман - есен келдің бе, шырағым?

— Оқуың жақсы ма, қалқам?

— Кәнекөлің шығар. Ә, бәсе оқуың бітетін уағы болған жоқ, десіп біраз жамырасты.

— Қайдан бітсін, бақандай төрт жыл оқиды ғой, — деп әкем мұртын талдап қойды.

— Үлкен оқу... Мұғалім болу оңай емес, — деп әкеме таяу отырған бір кемпір менің оқуымнан хабардар адамдай басын шайқап таңданды.

— Қасым өсіп қапты. Сымға тартқандай. Сүмбідей жігіт болған. Енді Сүкең келін түсірсе де болады ғой. — Таңырқаса ішіп - жей қарасады.

Қысылып отырмын. Бәрінің назары маған ауғандай. Манадан тым - тырыс елдің сөзін бағып жатқан Шайым бір кезде:

— Кәзетіңде не жаңалық бар? — деді кеудесін көтеріп.

Не дерімді білмедім. Газет оқып тұрамыз. Ие көп, жаңалық көп. Қайсысын айтайын.

— Айтсай, балам, — деп әкем менің тоқталып қалғаныма қиналғандай сақалын сипалады.

— Қайсысын айтайын?!

— Кәрісіңнің соғысы не болды әлгі? — деді Шайым жымиып. Мысқыл жымиыс. Сынап отырғанын аңғардым. Көпшілік те не дер екен дегендей аңтарыла қалған.

— Теріскейі жеңіп жатыр...

Шайым қысқа жауабыма қанағаттанбады. Тағы сұрақ берді.

— Біздің үкімет болысып жатыр ма?

— Біздің бе?.. Болысады ғой...

— Сонда қалай, біздің әскер де соғысып жатыр ма?

— О жағын білмедім...

«Әлі шикі екенсің ғой» дегендей мырс етіп езу тартқан ол дастарқан шетіндегі кесесіне қолын созды.

— Немене, соғысқа жіберсе барайын деп пе едің? — деп әкем Шайымның мені мүдірткенін жақтырмай қабағын шытты. — Кәзетте жоқ нәрсені бала қайдан білуші еді.

Шай ұзақ ішілді. Ауылда кесе жетіспейді. Жиегі кетік, түбі машина жіппен шандылған, темір құрсаулы сан сықпытты кеселер бір қолдан бір қолға көшті. Қайсы бірі ағаш тостағанмен, қалайы тобатаймен ішіп отыр. Дастарқандағы дойбының тасындай шашылып жатқан жапырақ - жапырақ жүгері нан мен қауын құрт лезде сап болды. Шешем шайға тістеме болсын деді ме, сөк әкеп төкті.

Үйдегі жалғыз қырлы стакан маған тиген, сонымен сыздықтатып шай ішемін. Ауылдастарымның елбіректеген көңіліне семіріп отырмын. Бәрі маған соғыстан оралған солдаттан бетер қоғадай жапырылады. Кеулеп ортаға алып, әкеме қорадағы екі ешкінің бірін сойғызам. Қызылсырап, әрі іші пысып жүрген көп тарқамады. Отырыс аяғын той -томалаққа айналдырып жіберді...

Ауыл құшағы ыстық қой шіркін! Ағайын - туыстарға, көршілерге қыдырып аунап - қунап жүргенімде демалысымның қалай өтіп кеткенін де аңғармаппын. Ертеңіне қалаға жүрем деп отырған кеште, шешем үшеуміз оңаша қалған бір сәтте әкем маған мынаны айтты:

— Шырағым, жас емессің енді... іністет - іністет деуші едің, оныңа түстің. Енді мына өлмелі кемпір - шалдың саған қояр тілегі бар. Біздің қолымызды ұзарт. Кәрі қойдың жасындай жасымыз қалды, бір аяғымыз жерде, бір аяғымыз көрде. Қызығын көрейік. Қала мына тұрған жер, келіп - кетіп тұрасың. Кімді табам деп дал болмай - ақ қой, құдай қосқан құдамыз бар, бұрыннан атастырып қойған қалыңдығың бар. Мына төменгі ауылда, белгілі жердің қызы. «Бой жетті, сары майдай сақтаған баламды алып кет», — деп хабар айтыпты Хасен деген атаң. Не дейсің, балам?

Қаным басыма шапты. Еркелеп тіземе кеп сүйкенген бала мысықтың басынан сипалап, төмен қарап отыра бердім. Әкем мен шешемнің Хасен, оның Мақпал деген қызы жайлы сыбыр - күбірін ептеп құлағым шалатын. Бірақ оған мен мән бермеуші едім.

— Құйрық - бауыр жесіп, құдай атынан берген антымыз бар. Мақұл десең, көктемге қам жей береміз, — деді әкем тағы да.

Әкемнің тым жеделдетіп жібергенінен шошып кетсем керек, жәрдем сұрағандай шешеме жалтақтаймын. Әңгіменің аужайын үнсіз баққан шешем маған жаны ашып шыр ете қалды:

— Баланы алқымға ала бермей ойлануға мұрсат берсей.

— Жайыңа отыр былай, — деп әкем ашу шақыра аларды, — іністетіне түсірмей - ақ алып беретін ем, бала жас - жас деп сен - ақ болмаған. Мен сені осы нешемде алдым, білесің бе, он алтыда емес пе едім?!

— Ой, шіркін - ай, оны қайтесің, о заманның баласы мен бұ күнгі тең болып па?

— Жә, тоқтат, басты қатырмай. Балам, сен не дейсің?

Аузыма су толтырып алғандай үндемедім.

Әкем жауап ала алмайтынын білді ме, «балтай - шалтайды білмейім, жазда алып берем» деп бір - ақ кесті де төсегіне жатып қалды.

Үйлену деген үш ұйықтасам түсіме кіріп пе еді?! Қатты абыржыдым. Табан астынан қырсыққа ұшыраған жандай дағдара орнымнан тұрып далаға шығып кеттім.

Ақпанның аяғы еді. Жер қара болғанмен, суық жел гулеп тұрған. Қойын - қонышымды тіміскілей жөнелді. Тоңсам да көпке дейін үйге кірмей, тыста ұзақ сенделдім. Шоқатқа шығып қала жаққа көз тіктім. Қала оттарын іздедім...

Қала оттарын іздедім...

2

Қ. қаласындағы педагогика институтының тіл - әдебиет факультетіне түсіп, оқып жүргеніме жарты жылдан асқан. Студенттік жат өмірге бірте - бірте үйреніп келемін. Сабақтан бас көтермеймін. Бір бөлмеде төрт жігіт жатамыз. Татумыз. Ауылдан келген талқан, сөк, қалта - құлтаны ортаға салып, бөліп жейміз... Қала рәсіміне де бейімделе бастағанмын. Ауылдағыдай емес, бас - аяғыма қарап, жинақы жүретін болдым. Алғы курстегі студенттердің жүріс - тұрысына еліктеймін. Шалбарды қырлай киюді де үйреніп алдым. Түнде жатарда су бүркіп, төсек астына салып жатсаң, азанда өтектегеннен бірде кем емес, қыры пышақтай боп шыға келеді. Кино, сауық кештерінен де қалмаймын. Сауық кештеріне барғанда бір қысылатыным — би білмеймін. Ауылдан келгендердің көбісі сондай. Басқалар биге түсіп жырғап жүргенде біздер қалтарыс бұрышқа тығылып, көзіміз жәудіреп тұрғанымыз... Осы кезде ойласам, ең алғаш көкірегімізге шоқ түсіріп, бойымызға жігіттік желік бітірген сол сауық кештері екен.

Бойжеткендер көп еді. Біздің курста да жеті қыз бартын. Бәрі де ажарсыз емес. Бірақ та солардың ішінде Ақтөбе жақтан келген Аңсаған деген қыз ауызға үріп салғандай өте әдемі. Жасаураған қарақат көзі мөлдіреп тұрады. Қос бұрым қара шашы тілерсегіне түседі. Ақ құба өңі жаңа ғана моншадан шыққандай әрдайым албырап жүреді. Ашық, ақ жарқын. Басқа қыздардай қылымсымайды да, ызылып - сызылмайды да.

Алғашқы кездескеннен - ақ ішім Аңсағанға елден ерекше ұйыды. Ол да бір түрлі іш тартып жылы ұшырайтындай. Ашықтан - ашық өзіне жақын тартады. Бірде ол менің конспектімді сұрап алып еді. Қайтарып берерінде: «Қасым, қолың жақсы екен, әрі еш қатесіз жазады екенсің», — деген. Ойымда ештеңе жоқ - тын. Соның артынша - ақ біздің комсоргымыз, сақал - мұртын күндіз қыратын сақа жігіт Танабек: «Қабырға газетін сен жазасың», — деп жатты да жабысты, Кейін білдім, қолы анық, маржандай тізілтіп сұлу жазады», — деп Аңсағанның мақтағанын есітіпті.

Оның мені жақсы көретінін мына бір оқиғадан соң көзім жеткен. Кешкі мезгіл еді, көк кастрюлімді көтеріп, тамақ пісіретін бөлмеге бардым. Электр жарығы жоқ. Сөк жібіткелі келгенмін. Көк кастрюлімді плитаға қойдым.

Үлкен пеш жанында екі - үш қыз тұр. Назарлағаным әлсіз, бөлме іші күңгірт. Сексеуіл оты гүрілдеп жанған.

— Қасымға күйеуге шыққан қыздың бақыты бар ғой, тамақ істетіп қойып шалжиып жататын, — деп сылқ - сылқ күлді маған таяу тұрған қыз.

Бізбен бірге оқитын типық қара қыз. Тілінің бізі бар. Кілең өстіп шымшып алады. Жауап қатпадым. Кастрюліме сөк салып, сыры түскен ағаш қасығыммен былғап тұра бердім.

— Арманың сол шалжиып жату болса, сені алған жігіттің маңдайы не болар екен, — деді мен үшін қыздардың бірі жауап беріп.

Аңсаған. Сыңғырлай шығатын даусы қатқыл. Мен үшін намыстанып қалғандай. Тұла бойым ду етіп жұлын - жүйкем тартылған сымдай жайсыз күйге түстім. Содан ба, кенет қолымдағы қасығым кастрюль жиегін абайсыз іліп кетті. Алда масқарай! Қисайған кастрюльден қызған плита үстіне төгілген көже шаж етіп шашырады да, қара қошқыл көк түтін көміп жүре берді, Не істерімді білмей сасып қалған мен кастрюльдің жиегінен ұстай алып едім, саусақтарым дыз етіп жабыса қалды. Дереу қолымды тартып алдым. Кастрюль одан бетер қисайып, көже қып - қызыл сексеуіл шоғына барып қор - қор құйылды. Бу аралас қара қошқыл қою түтін бөлме ішін тұмандатты. Саусақтарым заматында күлбіреп шыға келгені.

Қыздар күлкіге қарық болды.

— Аспазшы жігітіме болайын, Қап, асығыс мақтаған екенмін, — деп әлгі типық қыз ішек - сілесі қатады.

Аңсаған қасыма ұшып жетті.

— Қап... Қолың аман ба?

— Аман.

Ол қолындағы шүберегімен қорқырап жатқан кастрюльді жиегінен ептеп ұстап тартып алды да жерге қойды. Мен күйген саусағым шыдатпай бара жатқан соң үрлеп тұрғанмын.

— Күйіп қалған ба, кәне? — Ол оң қолымның саусақтарын алақанына салып көрді. — Ештеңе етпейді, қазір тұз себеміз.

Саусақтарымның күйгенін елемеуге тырысып қыңқ демедім. Елпелектеп кеп, жан ашыр мінез танытқан қызға риза болғаным сондай, тұз сепкен саусақтарым ашып, шыбын жаным көзіме көрінсе де шыдап бақтым. Сыр берсем оның ықыласы зая кетердей сезіндім.

— Рақмет, — дедім де кастрюліме қарамастан жөнеп бердім.

Күйген қолым қоярға жер тапқызбайды. Шыдамай сілкілей берем, бөлмеде жігіттер менің жанымның ауырғанын елеген жоқ, оларға күлкі керек.

— Қатынпашалықты қой деп талай қақсадым.

— Әй, сен де қызықсың, онда қыздар бар ғой.

— Қап, бәрінен де қайран сөкті айтсаңшы.

Оларға ашуландым да тысқа кетіп қалдым.

Қараңғы түн. Желкем. Айналада жапырағы тоналған қарағаштар өкси шулайды. Жатақхана ауласының орта тұсындағы тал арасына, ағаш орындыққа кеп отырдым. Ойламаған жерден мазаққа ұшырағаныма ызаландым ба, денем қалшылдайды, Аяқ астында қобырап жатқан қу жапырақтардың желмен тысырлағаны миымды шағып жайсыз тиеді. Жаныма қолымның ашығанынан гөрі аналардың әжуасы батады. Өз жаны ауырмаған соң біреудің жанына батқан азапты не қылсын.

Үңірейген қараңғы түн қойнында қанша отырғанымды білмеймін. Ашуым да, күйген саусақ ашуы да басылайын деді. Бір кезде арт жағымнан әлдене тысырлады. Жер төсек жапырақтарды кешіп келе жатқан адам аяғының тысыры.

— Қасымсың ба?

— Иә.

Аңсағанды іздеп келер деп ойлаған жоқ едім. Сасып қалдым ба, қипақтай орнымнан түрегелдім. Ол отырды. Мен де қайта жайластым.

— Қамығып отырсың ба? — деді ол.

— Жоқ.

— Сенің аналардың мазағынан қашып осында отырғаныңды біліп келдім.

Қыздың сезімталдығына таң қалсам да ештеңе дегенім жоқ. Аяқ астындағы қу жапырақтарды жел қозғады ма, тысыр үдеп кетті.

— Жапырақтар ұшып жүр, — деді қыз. — Күз тонаған жапырақтар...

Бір ауық үнсіз отырдық.

— Бүгін аспан көмескі екен, — деді ол әуеге қарап, — жұлдыздар көрінбейді.

— Күн желкем, сосын аспан бұлыңғыр.

Тағы да үнсіздік.

— Қасым, сенің апаң бар ма?

— Жоқ, мен жалғызбын.

— Мен де солай. Біз мамам екеуміз. Әкем болса майданнан оралған жоқ, мен мамамды қатты сағынып жүрмін. Сен де шешеңді сағынған шығарсың?

Үндемедім. Ауылым жақын болған соң, үйді онша – мұнша ойлай бермейтінмін. Сағындым деп өтірік айта алмадым.

— Қолыңның ашығаны басылды ма?

— Басылды.

— Жақсы онда, мен кеттім, жаурап барам, — деп ол орнынан көтерілді. — Ертең қолың жарамаса конспекті жазбай - ақ қой, менен аларсың. Соны айтайын деп келіп едім.

Мен оған ере қайтқым келсе де, орнымнан тапжылмай қалып қойдым. Белгісіз бір күш екі иығымнан басып тұрғызбады.

Суық жел өтінде тұрғанымда осы оқиға есіме түсті.

3

Отбасында болған қалыңдық жайлы әңгіме қалаға келген соң есімнен ұшты - күйді шығып кеткен. Оған себеп – келісімен күтпеген бір дүрбелеңге іліктім. Сырдарияның өріндегі Бөрібай тоғаны жығылып кетіп, тасқын су қалаға лап қойған. Тасқынға қарсы тайлы -таяғы қалмай аттанды. Мекемелер мен кәсіпорындарында жұмыс тоқтап, институттар оқуын қойған.

Бөгетке біз де аттандық. Күн демейміз, түн демейміз. Ара арасында екі - үш сағат қана көз шырымын алсақ аламыз, алмасақ алмаймыз. Қақаған қара суық. Ерегіссе атан жығатын қара дауыл жер дүниенің түте – түтесін шығарып кәрі теректердің қураған бұтақтары сынып, күрт – күрт ұшып түседі, көне тамдардың көбесі сөгілген ескі қаңылтыр шатыры қараша үйдің туырлығындай желпілдейді, хабарнамадағы жапсырма қағаздар, плакаттар жыртық шапанның бөктерілген етегі секілді жалп - жалп ұшып жатыр. Қарақұрым шаң үйіріліп көзге ұрады, көшедегі шөп - шалам, қиқым - сиқым құйынша дөңгеленіп, шашы дудыраған жынша ойнақ салады. Бағаналар әрең шыдап тұрғандай сықырлайды. Қара қарғалар көтеріліп ұша алмайды, ұшса бастан түскен телпектей жалп құлайды. Адамдарда өң қалмаған, жылтыраған көзі мен тісі болмаса, бет - жүзін шаң - тозаңнан ажырату қиын. Соғыс тауқыметін бастан кешкен көнбіс халық дүлей суыққа да, тосын алапатқа да майрылар емес. Тоған басы құмырсқаның илеуіне ұқсайды. Қыбырлаған адам, арылдаған трактор, ерсілі - қарсылы сеңдей соғылысқан машина. Жер тоңы жібімеген, тоғанға топырақ тауып салудың өзі қиямет. Қара жерді динамитпен жарып лаждайды. Бомба түскендей ойран-ботқа, ойдым - ойдым шұқанақтан зембілмен топырақ тасып, тоғанға үйіседі. Желден бүрсең қаққан адамдар шұңқырды үңгіп, бос топырақты қасқырша қазады. Киімі жұқа студенттер жағы апан - апанды паналап алған. Сүңгімен жер ойып, күрекпен тоң кесек ұнтайды. Зембіл көтеруден қашады. Топырақ үйілген зілдей зембілді гулеген жел одан бетер ауырлатып, мықшың қақтырады.

Қыздар жағы ықтасыннан шықпай қойған. Мен де солардың жағын айналшықтап жүрмін. Үстімдегі тері жағасы жарғақтанған мақталы көне пальтомнан жел азынап барады. Басымдағы жымырайған жаздық кепканың лыпаға септігі жоқ, құлағым шыдатар емес. Әкем мен шешем ауылдан шығарда «киіп кет» деп құдайдың зарын қылған түлкі құлақшынды әбессініп кимегенмін. Енді соған зар боп жете алмай жүрмін.

Құлағымның ұшы шымырлап бара жатқан соң амалсыз шұңқырға түскенмін. Ықтасынға келіп жылынған соң құлағымның ұшы қышып қоя берді. Уқалап едім, уқалаған сайын тызылдап ашылды. Қолым құлағымнан кетпей тұрғанын көрген қыздар жырқ – жырқ күледі.

— Құлақты бергенсің бе?

— Сыпайы тоңбайды, қалтырайды деген.

— Қасымның құлағын кім уқалар екен?

Қыздардың ішінде Аңсаған да бар еді, ол аналарға жақтырмай алара қарады. Жаныма таяп келді де, бөкебайының ішінен тартып жүрген бір шаршы орамалын шешіп ұсынды.

— Мә, құлағыңды қымтап ал.

Не аларымды, не алмасымды білмей сипақтадым. Қыздардың әзіліне ұшыраймын - ау деп тайсақтай беріп ем, Аңсаған басымнан кепкамды жұлып алды да:

— Әкел, тартып берейін, — деп желкемнен басып, төмен бұқтырды.

Типық қара қыз қасындағыларға қулана көз қысып жатыр. Оны елеген жоқ, екі құлағымды бастырып орай тартып тастады.

Кепкамды киген уақытта құлағым әжептәуір жылынғандай сезіндім.

— Рақмет. — Күрегімді алып жұмысыма кірістім.

— Қасым қайда? — деп айғайлап комсорг мені іздеді. Басында қаракөл құлақшын, үстінде қара қалың пальто. Қолында тері қолғап. — Сен де қыздардың санатына қосылғансың ба?

— Немене, қыздар адам емес пе? — деп типық қыз тық ете қалды.

— Жүр зембіл көтер, ықтағаның жетер, — деді комсорг қабақ шытып.

— Әй, орамал тартып алыпсың ғой, кімдікі, әй? — деп күлді.

— Ішің күйсе тұз жала, Аңсағанның орамалы, — деді типық қыз.

Комсорг «Жетіскен екен» деп кекете жымиып, одыраңдап кетіп қалды. Жұқа жібек орамал онша қамзау болған жоқ. Құлағымның ұшы қайта тызылдады. Бірақ еш сыр берген жоқпын. Құлақ жаққа қолымды жолатпадым. Комсорг жігіт менің кепкамның астындағы қызыл орамалдан көзін айырмайды.

Сол қызыл шаршы Танабектің ішіне қызыл шоқ боп түсетінін қайдан білейін, күн сайын ол мені елден бұрын оятып, бөгетке қуып жүрді.

4

Дария жағасына тоған соғылды. Тасқанның беті қайтты. Тірлік сабасына түсті. Институтта сабақ жүрді. Студенттік өмірдің думанды қызық күндері көп ұзамай тасқын меһнатын да ұмыттырып жіберді. Бірақ тасқынды мен ұмыта алмадым. Алаңсыз тыныш көңілімді тасқын секілді бір бейтаныс сезім кеп, астаң - кестең қылды да, өзге түгіл өзіме жат мазасыз күй кештім. Сабақтан соң кілең жападан - жалғыз дария басына баратын әдет шығардым. Сең жүріп аласұрған өзен арнасына ұзақ қадалып тұрамын да қоямын. Қияли адам секілдімін. Аласапыран өзен кейпінен өз жаныма ұқсастың таптым ба қайдам? Менің де құйтақандай кеудемде сезім сеңі жүріп өтсе керек!

5

Дүниедегі ең қиын нәрсе — ғашығыңа ынтызар тілегіңді жеткізу екен. Қанша ынтықсам да, мен Аңсағанға барып, жүрек зарын айта алмадым. Сыртынан асық боп жүре бердім. Әлгі Танабек жылмыңдап қыз қасынан шықпайды. Оның жақын барып әңгімелескенін көрсем ішім өртенеді.

Көңілімді қалай білдірем? Тәуекел деп өзіммен бірге тұратын Нәби деген жолдасыммен сырластым. «Еш жанға тісіңнен шығара көрме», — деп жалынып отырып бар сырымды ақтардым. Ол менен екі - үш көйлек бұрын тоздырған естияр жігіт еді.

— Менің байқауымша, Танабек те сен сияқты нанталап, — деді ол, — базарға барып бағыңды сына деген, сен де Аңсағанға сөз сал.

— Соған батылым жетпей жүрген жоқ па?

— Бата алмасаң, хат жаз.

Нәбидің ақылы көңіліме қонды да хат жаздым. Хат жазу деген де оңай емес екен. Қанша рет жазып, қанша рет жыртқаным есімде жоқ. Хат дайын болған соң, оны бере алмай тағы қиналдым.

...Хатымды алмай, қолымды қағып жіберсе қайтем? Болмаса құрбыларына оқып беріп, мазақ қып, күлкіге ұшыратса ше? Қой, Аңсаған ондай жеңілтек емес.

Өстіп әрі-сәрі боп жүргенімде бір күні әкем жетіп келді. Жексенбі күнгі ертеңгі уақыт еді. Оқу залында кітап оқып отырғанмын. «Көкең шақырып жатыр», — деген соң аулаға жүгіріп шықтым.

Сұр есек үстінде әкем арғымаққа мінгендей шіреніп отыр.

— Көке, есегіңді сыртқа байлап келмедің бе? — дедім мен олай - бұлай өтіп жатқан студенттерден қысылып.

— О несі екен, біреу - міреу мініп кетсін дегенің бе?

— Есекті кім мінуші еді?!

Намыстанғаным сонша, қашып ішке кіріп кеткім кеп бір тұрдым. Дегенмен алды қатты әкемнен имендім. Менің сипақтап ұялғанымды сезді ме:

— Немене, олардың әкесі есек мінбей мәшине мініп жүр ме екен? — деп әкем жанынан өткендерге шытына қарады. Сосын кіділеніп біздің әңгімемізге құлақ тосқандай бей-жай мүлгіп тұрған есектің қақ басына қолындағы жыңғыл таяғымен бір салды. Сұр есек басын кекшең еткізді де, ұзын құлағын бір қағып қойып, әкем ыңғайлаған жаққа бұрыла берді. Біз ауладан шығып Сарқырама бойындағы бір қисық терек түбіне келіп тұрдық.

Әкем есегінен түспей тұрып сабағымның жайын сұрады.

— Жақсы. Апам қуатты ма? — дедім мен.

— Қуатты болмағанда, шешеңді жарылқайын деп пе ең?

Әкем анада үндемей кеткеніме ашулы - ау деп ойладым.

Есегінен түсті. Ер қасына ілген дорбасынан түйенің табанындай бір қоңыр қалтаны алып маған ұстатты:

— Мә, шешең берген. Құдағи саған деп беріп жіберген екен.

Қалта қолымнан түсіп кете жаздады. Абайсыз у іше жаздаған адамдай жүрегім суылдады. Әкемнің шатынаған жанарынан қаймығып қолтығыма қыстырдым.

— Қалай, қабырғаңмен кеңестің бе? Құда тағы сәлем айтыпты. Жақ ашпадым. Ұртына жамау түскен бәтеңкемнің ұшымен жер сызғаладым.

— Ой, жасық неме, сен осы қатыннан қорқасың - ау деймін. Жеп қоймайды ол сені. О несі - ай? — Әкем мырс - мырс күлді.

Күлгеніне жыным келді. Әкеме қатты бір нәрсе айтып қалам ба деп қорқып, тілімді тістеп алдым. Әкем жаны күйзелгендей қылғына сөйледі.

— Ағын таңдайға татып отырған жалғыз сиырды бүгін базарға әкелдім. Айдалаға шашып жүрген малым жоқ. Көнсең көндің, көнбесең өзім барып әкеп берем.

Шошып қалдым. Әкемнің мінезі қыңыр. Үйге әкеп отырғызып қойса, масқара - ау. Жоқ, ол қыз да жүр дегенге елпеңдеп ере беретін байлаулы баспақ емес шығар. Әдейі қорқытып тұр. Жо - жоқ, мен әлі үндемеймін. Үндемей құтылайын.

Екеуміз де сазарып тұрмыз. Сұр есек осылай тұра береміз бе дегендей әкемнің бүйіріне тұмсығын сүйкейді. Әкем «әуһ» деп есегіне қарғып мінді.

— Кешке нағашыңдікіне кел, мен сонда болам, — деді де маған деген ашуын есегінен алғысы келді ме, жыңғыл үсті - үстіне сермеп, есегің өңк - өңк желдіріп кете барды.

6

Қалалық нағашымыздың үйі Першин мен Қазақ көшесінің қиылысында еді. Электр шамы жағыла сонда келдім. «Айттырған қызыңызды алмаймын», — деп жауап беруге бекініп, тас түйіліп келгенмін.

Ауызғы үй көк ала түтін. Нағашымның жалпақ қара келіншегі: «Жау алғырдың желсіз күні тартпайтын әдеті ғой», — деп бықсып жанбаған пеш аузына үңіліп, күйбеңдеп жатыр. Еденді дүрсілдетіп кірген маған самарқау мойнын бұрды да: «Жиенбісің, үлкен жігіт болдың ба, өте бер, жездемдер төргі үйде», — деді.

Шамы көмескі төргі үйде әкем мен Шайым отыр. Екеуі де намаз сәтіндегідей шарта жүгініп алған. Алдарында туырлықтай орамал. Орамалда картаға салған ақша сияқты бейберекет шашылып жатқан көк ала, сары ала қағаздар. Екеуі де саусақтарының басына әлме - әл «тіп - тіп» деп түкіріп қойып құнжыңдап ақша санайды. Маған назар салған жоқ. Әкем ғана «мына жағыма отыр» дегендей оң жағына басын сәл қисайтып, көз қиығын бұрып қойды. Отырдым.

«Қырық... Қырық үш... қырық жеті...» деп іштерінен құран оқығандай күбірлеп бір сомдықтарды бір бөлек, қызыл ала, көк ала ірілерін бір бөлек қаттап жатыр. Бір кезде ақшаны санап болған әкем Шайымның қолындағы он сомдықтардың қанша екенін сұрап алды да, әр қатты өз алдына бөлек - бөлек орамал шетіне түйіп, жамбасындағы жастығының астына басып маған бұрылды.

— Балам, келдің бе? Бәрі тойдың қамы. Маңдайдағы жалғыз сиырды саттың. Сенен аяйтын нем бар менің, — деді күлімсіреп.

Менің қабағым түсіп кетсе керек.

— Балам, бір жерің ауырып жүр ме? Қабағың қату ғой, — деді әкем.

— Жоқ, көке, мен... мен...

Ертелі айтам деп қайта - қайта жаттап келген сөздерім алқымыма кептеліп қалғандай. Астымдағы сары ала көрпешенің шетін қайыра берем төмен қарап.

— Не, бір нәрсе айтайын деп пе ең?

— Сізге айтайын деп... айтайын деп...

— Нені?

— Айтайын деп... Мен бұрын - соңды көрмеген қызға қалай үйленем? Баяғының заманы емес Қой қазір.

— Не дейді - ай мынау?! — Әкем ыршып түсті. — Есітіп отырсың ба, Шайым. Көрмегені несі? Сен көрдің ғой, айтшы мынаған.

— Иә, көрдім. — деді Шайым жымыңдап, — сындырған нандай биязы бала. Ажары да ешкімнен кем емес. Майысып шай құйып қызмет қылғанын айтсай шіркіннің?

— Естідің бе? — деді әкем маған тіктеліп. Оның жүзінен үрей мен ашу табын байқадым. — Орынсыз жерге пышақ ұрмаймын мен, балам. Әкесі елінің ауызға ілер азаматы. Орынды жер. Қазақта «қатын алма, қайын ал» деген бар. Баяғы - саяғыңды қой балам!

Тырс үндемей сазарып отырмын.

— Балаңыздың бәлкім ғашық болған басқа бір дымы бар шығар, — деп Шайым ұры көзін сығырайта жымияды.

— Қайдағы ғашық? Былжырамай сен де жайыңа отыр! — деді әкем оны оқты көзімен атып.

— Көке, мен... әзір үйленбеймін. Оқуым бар, — деп мойнына оқталған құрықты сезген асаудай тайқыдым.

— Немене, сені оқытпай тұсап қояр деп пе ең ол?

— Көке, жоқ мен... Сізге айтайын деп... Мен үйленбеймін, — дедім әзер дегенде турасына көшіп.

— Не дедің, әй! — Әкемнің шүңірек көзі шатынап, қолдары дірілдеп, жамбасының астындағы түйіншекті суырып алды да: — Мынаны сонда мен басыма, қоям ба?—деп менің бетіме лақтырып жіберді. — Ой, нағылет жауғыр... Сені оқуға бермей бәлеге берген екенмін. Тумай туа шөккір!.. Құдай - ай, ел алдында масқара болдым - ау. Құдама не бетімді айтам? Жоғал көзіме көрінбей! Жоғал! Менің балам емессің қазірден бастап. Бездім сенен... Теріс батамды берем, теріс батамды... — Әкем алақанын теріс жайып, қалш - қалш етті. Ашудан ба, ызадан ба көзінен ытқып шыққан жас бетін жуып бара жатқанын көріп қалдым. Орнымнан атып тұрып, шыға жөнелдім.

Әкемнен қашып шыққанмен, өзімді қоярға жер таппадым. Туғалы ишщай деспеген, бетіне қарамақ түгіл, дауыс көтермеген әкемді жерге қаратып кеткенімді өзіме кешіре алмай, жан дүнием өрт тиген ормандай күңіренді. Түні бойы көз ілмей төңбекшіп шықтым. Әкемнің теріс жайылған алақаны мен қарасұр жүзін жуған көз жасы елестегенде, кеудемнің сол жақ тұсынан әлдене үзіліп түскендей қатты күйзелдім.

Таң саз беріп бөлмеге терезеден ақшыл сәуле құйылған шақта Аңсағанға арналған хатымды оны мен костюмімнің ішкі қалтасына тығып жүргенмін алып оқып шықтым. Хатты кеудеме басып біраз жаттым.

Өксіп жыладым. Жылап жатып хатты жырттым. «Қой, кетіп қалмай, орнынан басайын,» деп күн шығар - шықпаста барып, нағашымның есігін қақтым.

Әкем таңғы намазға жығылып отыр екен. Кіріп келген мені көріп, шапанының ұзын шалғайына сүріне ұшып тұрды. Құшағын жая ұмтылып кеп, бауырына басып: «Құлыным... құлыным... келетініңді біліп ем», — деп кемсеңдеп қоя берді.

Мен сөйтіп өзім көріп - білмеген қалыңдыққа үйленетін болдым.

7

Кешелі бері біздің үй үлкен әбігер, әжем де, шешем де апы кіріп, күні шығып жатыр. Жолынан жаңылмауын ойлаған әкем қазақша бар кәдесін жасап, құдаға апаратын қоржынның екі басын сықап толтырып қойды. Соғыстан кейінгі жылдары ауылда мата, шай - қант қат еді ғой, соларды мол салды. Бозғылт өңі нарттанып шешем де түнімен көз ілмеді. Көйлек - көншегімді жуып, көнелеу сукно костюм - шалбарымды шөткелеп, сандығының түбінде жатқан үш - төрт жүзігін бір жапырақ бір жапырақ орамал шетіне түйіп, әр қалтама бөлек - бөлек тықты. «Барғанда жолыңнан қалма, қыздың жеңгелері қалтаңды қарайды», — деді.

Көршілер де мәз, гуілдесіп жүр. Таң атқалы бірі кіріп, бірі шығады. «Қасымның қадамы құтты болсын», — десіп ақ тілек айтысады. Мауыты жеңгем: «Төрежанның да жігіт болғаны - ау», — деп көз жасын бір сығып алды. Қайтсын бишара, шерлі ғой. Күйеуі ойына түсті ме, әлде өзінің алғаш тұрмысқа шыққан сәтін есіне алды ма?

Шешем есік алдында ошақтағы қара қазан астына алауытып жантақ жағып, жеті нан құдайы деп күлше пісірді. Төңірегі тола ауылдың қара сирақтары. Қашан құлақ тигенше сабырсызданып, бірін бірі итерісіп алаулаған отқа түсіп кетердей ентелеседі. Олардың сыртында қазан басынан сүйек - саяқ дәметкен екі - үші сұғанақ ит көзін сатын шоқиып -шоқиып отыр.

Әкем көрші шалдың күрең қасқа дөненін мен мінсін сұрап алған. Денеңді жетектеп кеп, үйдің жапсырмасындағы ақ сиыр сатылғалы қаңырап бос қалған қамыс қораға байлады.

Терезе алдында тысқа көз тігіп отырғанмын. Жуасыған кейпім бар. Әркім бір мінетін жуас тайдай тізгінімді біржола бергенмін. Терезе алдынан көлбеңдеп өтіп, үйге Шайым кеп кірді. Құдалыққа баратын болған - ды.

— Қалай, Қасым, дайынсың ба?

Бас изедім.

— Қазір жүріп кетпесек бір күншілік жер, қараңғыға қалсаң ұят болар, — деп бұрылып шығып кетті.

Әкем дөненнің қос тартпасын да қайта тартты. Ердің арына екі басы тыңқиған қызыл қоржынды бөктерді. Сосын тізгінін маған ұстатып, қолтығымнан демеді.

— Ал, балам, құдай жар болсын!

Ерге қондым. Шешем дөненнің шылбырына оралып: «Жолың болсын, құлдығым», — деп қалбалақтай ұмтылып, көзіне жас алды.

— Жасыңды сүрт, қуанудың орнына қайдағыны шығарып, — деп әкем жекіп тастады.

Шешем кейін серпілді.

Сұр есекке құнтиып мініп алған Шайым алға түсіп, қыдыңдай жол тартты. Мен де дөненнің басын бұрдым.

Артыма қарағаным жоқ. Бізді қолдарына бір - бір күлше ұстаған шуылдақтар мен құлағы ербеңдеген ауыл иттері қара керім жерге дейін ұзатып салды.

Шақырайған жаз күні арқан бойы көтерілмей жатып төңірек ысып кеткен. Біз бет алған батыс жақ аспан шалғайында алақат қар секілді іртік - іртік ақша бұлт қалқиды.

Шаңы бұрқыраған табан жолға түстік. Шайымнан озбай жай аяңмен келе жатырмын. Бұрқылдаған шаң, леп болмаған соң, ұшпай ізімізде аң тұман боп кілкіп қалып жатыр.

Шайым ауылдан шыға әңгіме бастаған, аузына бір тыным жоқ.

— Ұрын бару дегенді білмейсің ғой сен. Баяғыда күйеулер ұрын барушы еді. Ол бір дәурен ғой. Қыз оң жақта отырғанда ойнап - күлесің...

Оның сөзінің бірін тыңдасам, бірін тыңдамаймын.

— ...Шошиып екеуміз ғана барамыз. Күйеу жолдас деген болады. Оған ауылда адам жоқ. Сосын, шырағым, қазір шұбырып салтанат құратын кез емес. Елді соғыс жүдетіп кетті. Сенің атаң да той жасар деймісің. Отбасы боп қана шүңкілдесіп аттандыратын шығар. Ой, дүние - ай, ел есін жиса бәрі бір күнгідей болмайды ғой...

Астымдағы дөненнің тізгінін тартып келем. Сонда да ол озып - озып кетеді. Шайым сұр есектің иығынан шұқып типың - типың желдіріп кеп қатарласады.

— Сен көсегең көтеретін баласың ғой, — деп мақтай сөйледі. Ата - ананың айтқанын қылдың. Үлкенді сыйлағаннан кем болмайсың. Ана Жұмабай бригадтың баласын білесің ғой... Аты кім еді сол иттің... Ә - ә, Марат. Сол бір шөп желкенің етегінен ұстап: «Ойбай ғашықпын», — деп айырылмай, әке - шешесін жерге қаратты да кетті.

Далбайын төбесіне қарай ысырып қойды да өз - өзінен шек - сілесі қата күлді. «Не болды мынаған» десем, өзі айтқалы отырған әңгімесіне елітіп күлген екен.

— Былтыр інстет бітіріп келген Әлінің баласын білесің ғой. Сол да ана екі балалы, байдан шыққан Әлиманы алайын деп жүрген құсайды. Кемпір - шал маңдайын төбелеп отыр. «Ау, шырағым - ау, қыз алмайсың ба? Он екіде бір гүлің ашылмаған қалпыңмен байдан шыққан әйелде нең бар»,— десе.—«Ғашықпын, оны алмасам, асылып өлем»,— деп арқанға жүгіретін құсайды. Кых... кых... кых...

Кеудем жанып барады. Ауа қапырық. Тынысым тарылады.

— Осы сен де біреуге ғашық бола жаздадың - ау деймін, ә? Анада әуелі көнбей... — Шайым менің әлі аузы бітпеген жарамды ұшықтырады. Жүрегім шаншып кеткендей болды да дөненді тебініп қап шаба жөнелдім.

— Әй, әй, жын қақты ма? — деген оның айқайына бұрылғаным жоқ.

8

Аламесекке қас қарайып, көз байлана жеттік. Бір үлкен қыстаудың үстімен жүрдік. Жау шапқан ел секілді тірі жан жоқ, қаңырап тұр. Есіктері мен терезелеріне қу шеңгел сүйеп бастырып тастаған. Бұл жайлауға көшкен елдің мал сүйкеніп, есік - терезені сындырмасын деген айласы.

— Бұлар «Аламесек» келін жайлайды, — деді Шайым. Қыстаудан түстікке қарай шығатын арба жолға түстік. Сол бізді жиегінде көк құрақ суылдаған көл жағасынан бір -ақ шығарып, шалбардың балағындай екі айырылды. Көлдің екі жағында да киіз үйлер қарауытады. Қаракөк айдын жақта үйрек қырқылдайды, жағадан бақылдаған бақа үні естіледі. Көл бетінен қоңыр самал еседі. Аптаптан әбден қалжыраған денеме самал жағып барады. Жағада тұра берсем деймін. Астымдағы дөнен де шөлдеген, басын шұлғып, айдынға ұмтылады.

— Уһ, жеттік - ау! — деді Шайым. Кек құраққа кеп бас қойған есегін қақпайлап, қай жолға түсерін білмей аңтарылды.

— Тәуекел деп мына оң жағадағы ауылға барайын, — деді сосын.

Ауыл шетіне келе бергенімізде, алдымыздан әупілдеген екі - үш төбет шығып, көліктен аударып алардай тап-тап берісті. Дөнен үркіп, шиыршық атып, басын алып қашады. Иттер маған өресі жетпесін білді ме, бір ауық Шайымды ортаға алды. Ол қолындағы жыңғыл таяғын олай бір, бұлай бір сермейді. Қан майданда оңды - солды қылыш сермеген батыр секілді. Дөненнің тізгінін шірене тартып тұрып шек - сілем қатып күлемін.

Шеткі үйдің алдында ешкі сауып отырған әйелден Шайым құдасының үйін сұрады. Әйел абалаған иттерді: «Кет! Кет!» — деп қуып тастады да:

— Құба Хасен бе? Ол бұл ауылда емес, ана ауылда, — деп көлдің арғы бетіне қолын шошайтты. — Алжаспасам, бергі шеттен санағанда бесінші үй.

Біз ізімізбен кері қайттық. Әлгі өшіккен тәбеттер арпылдап біраз жерге дейін ізімізден қалмады. Таяқ сілтегесін бе, Шайымға көбірек ұмтылысып, жаныға үрісті.

— Менің құда екенімді танығандай бәрі маған жабылғаны несі - ай! — деп иттерден құтылған соң Шайым кәдімгідей өкпеледі.

Екінші жағадағы ауылдың да иттері аз ердес екен, олар да арсылдап ізімізге түсіп, «осы -ay» деп тұсына кеп ат басын іріккен киіз үйге дейін шабаланып еріп келді.

Дөненнен түсерде жүрегім зырқ ете қалды. Қорқыныш па, қымсыну ма, әйтеуір бір жайсыз сезім денеме діріл ендірді. Ауылдан шыққалы еш сыр бермей, сабыр сақтап едім, мына арада қобалжып жеттім. Ішінде күтіп тұрғаны жұмбақ үрейлі қараңғы үңгірге тәуекел ғып кіргелі оқталған жандай сезіндім өзімді.

— Мә, есекті ұстай тұр. Мен хабар алайын, — деді ол сұр есектің бас жібін маған ұстатып.

Ол жөткірініп дыбыс беріп үйге кіріп кетті. Іле есік сықыр етіп ашылып, жабылды да, әлдекім қараңдап оң бүйірдегі қараша үйге қарай жүгіре жөнелді. Кім болды екен?

Тағы да есік ашылып жабылды да, үйден екі қара шықты. Шайым, сосын бір он екі - он үштер шамасындағы жейдешең бала. Көз байланған шақта бет пішінін көре алмадым.

— Әссалаумәлейкім! — деп қолын созды.

— Күреңді балаға бер, жайлайды, — деген Шайым атқа бөктерген қоржынды шешіп алып, иығына салды да. — Жүр! — деді.

Жүрегім дүрсілдеп ердім. Ол мені отқа итергелі жетектеп келе жатқандай - ақ аяғымды әзер қозғаймын. Екі бетім от боп дуылдайды. Кібіртіктеңкіреп қалғанымды байқаған ол: «Өй, қорықпа, әке-шешесінен басқа ешкім жоқ. Қыз жеңгесінікіне кетті», — деп сыбырлады.

Әлгі үйден әдепкі шыққан сол екен ғой. Неге екенін қайдам, «қыз жоқ» дегенге қуандым. Жүрек тоқтатып үйге кірдім.

Жетінші шамның бұлыңғыр көгіс жарығы үйдің ішін көмескі көрсетіп тұр. Оң жақта қыздың әке-шешесі отыр. Ақ дамбал, ақ көйлекті, басына шошақ қара тақия киген, сұлуша шоқша сақалды, қызыл шырайлы шал: «Әссалаумалейкум», — деген дауысым әзер шығып қос қолымды ұсынғанымда, мейірлі қоңыр көзі күлімдей сәлемімді алып: «Сапарың оң болсын, қалқам!» — деді де қос қолымен бетін сипады. Қыз шешесі — дөңгелек жүзіне әжім енген қара сұр кемпір де шалының сөзін қайталағандай боп естілер -естілмес күбірледі.

Қоржынды босағаға қалдырған Шайым төрге барып малдас құрыпты. Мен төменірек есік жақтағы көрпеше шетіне отыра кеттім. «Күйеу төрге шықпайды» деген дәстүрді бұрыннан да естуім бар. Оның үстіне Шайым да жол бойы: «Масқара ғып төрге шығып кетіп жүрме», — деп қақсап келген.

— Келіп қалдық, құда. Сүгір құдаңыз дұғай - дұғай сәлем айтты, — деді Шайым жайласып отырған соң қолға ілінер - ілінбес селдір мұртының ұшын тартқыштап қойып, — жоқшысы етіп мені жіберді. Қасым деген балаңыз мына отырған.

— Қадамдарыңыз құтты болсын! Жоғың алдыңнан шықсын, — деді қызыл шал. — Қалай, Сүкең қуатты ма? Құдағи аман ба?

— Қуатты... Аман... аман...

Шал да кемпір де орындарынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Сыртта біреулердің келген аяқ тысыры білінді. «Келіп қалды ма? Келді ме?» — деген сыбыр - күбір шықты. Шайым маған қарай жантайып:

— Күтініп отыр екен, құда қаласа таң алдында жүріп кетеміз, — деді сыбырлап. — Сыр берме, жантаймай, қисаймай тік отыр.

«Қашан құтылар екемін осы зар жақтан. Оқытумен болды-ау!» — деп ішімнен жақтырмай отырмын.

Ішке ат жайлаған бала келіп кірді. Аузы жаялықтай, тәмпіш қара бала маған қысық көзі жылтыңдап жымың - жымың етеді. Менің жездесі екенімді естіп келген қу - ау шамасы. Оған ілесе басына шаршы орамалды тарта салған қызыл көйлекті былқ - сылқ басып келіншек келді.

— Шайым құда келіп қалыпты ғой, — деп жарқылдап қолдасты. Менімен де амандасты. Қолымды ұстап тұрып, жүзіме қадала қарап:

— Танып қой, мен Шырайлымның бас жеңгесімін, — деді. Тым ашық екен. Ұялып төмен қарадым. Ол одан сайын үдеп:

— Ынжық күйеу болмасаң етті?—деп сылқ-сылқ күлді.

Көп ұзамай үйдің ішінде ине шаншар орын қалмады. Әйел - еркек, қыз - қырқын, ұйқылы - ояу шертік қарын немерелерін жетектеген кемпір - шал басып қалды. «Жездеміздің жанына отырайықшы», — деп қайқаңдаған екі - үш қыз менің етегімді баса кеп отырды. Әлгілер тағы қарап отырмай маған есіттіре дабырласып сыр - сынымды өздерінше кесіп -пішіп жатыр.

— Бәтір - ау, жап-жас қой өзі.

— Сары ауыз балапан десеңші.

— Институтта оқиды дей ме?

— Бәлесін қара.

Қасымда тіземе тізесі тиіп отырған оқ жыландай қайқаңдаған қиғаш көз құдаша қыз:

— Жезде, аузыңызға сөк салып алғансыз ба, үндемейсіз ғой, — деп ыржақтады.

Жауап ала алмаған соң ол:

— Қарап отырғанша жездеміздің қалтасын қарай отырайықшы, — деп қалтама қолын салды. Костюмімнің сол қалтасында апамның бір түйіншегі жатқан. Соны қолына іліктіріп, қармағы қапқан балықшыдан бетер мәз боп қалды. — Таптым бірдеңе! Жездемнің қалтасы құр емес екен.

— Әй, тентек қыз, тек отыр сумаңдамай. Әр кәденің өз орны бар, — деп дастарқан жайып жатқан, әлгінде өзін «бас жеңге» деп таныстырған ақ келіншек менің қасымдағы қызға жақтырмай ренжіді.

Құман көтеріп, қолға су құйып жүрген тәмпіш қара «қап, мен құр қалдым - ау» дегендей боп еміне көз салады. Менен аралары қашық отырған қыз - келіншектер тегін олжадан айырылғандай шыжбалақтап: «О не екен - ай?», «Бізге де қалсын!», «Сарқыт - сарқыт, — деп шуылдасты. Құбаша қыз түйіншекті жып еткізіп қалтасына жытырды.

Назарымды төмен салып бұғыңқы отырсам да көз қиығыммен бәрін байқаймын. Қыз әкесі шоқша сақалын тарағыштап мен жақтан көз айырмайды. Қуанышты. Қыз шешесі мен бас жеңгесі біз әкелген қоржынның аузын ағытып, қант - шайды үлкен боз қалтаға аударып жатыр. Көптің назары мені тастап, бір ауық сол жаққа ауды. Не бар екен, не әкелді екен дей ме?! Бәрінің жанары жайнап шыға келген. Майдалап шағып төккен түйір қант дастарқанға жамбас тигізіп үлгермеді, кемпір - шалдар сиқыршыдан бетер қас қағымда саусақ арасы, бармақ астына қысып әкетті, аралас шашылған баданақ жүгері мен әр жерде андыздап бауырсақ қана қалды.

Шай жиылысымен елеуреген дауыстар шықты.

— Мына құда шалжиып жата бере ме? Тартпаймыз ба мұны?

— Тартсақ тартайық.

— Бұның асығыс қой, шешей - ау, құданы ең болмаса етке тойғызып тартайық та.

— Мұның да жөн екен.

Шайым қарап қалған жоқ.

— Тартысуға жарайтын құдағи болса көріп алдық, — деп қомпаңдап қойды.

Құда тарту кейінге қалдырылды. Енді көпшілік: «Ойын ойналсын, ән салынсын,» — деген тілек білдірді.

— Әй, тентек қыз, күйеудің қалтасына қол салғанда бәледейсің. Кәне, ән сал! — деді ақ келіншек есік жақтан тепсініп.

— Жеңеше, Мақпал келмей ән салмаймын. Мақпал келсін, — деп, қасымдағы қыз оның өзіне жабысты.

— Ой қағынғыр, тыныш отыр. Жаның шығып бара ма? Үлкендер отырғанда о несі - ай, — деп ақ келіншек бетін шымшыды.

Құбаша қыз шырылдаған жіңішке дауыспен ән бастады. Тайсалар, қысылар түрі жоқ.

Жас ағаш қу ағашқа сүйеу болған,

Қасымбек біздің елге күйеу болған.

Жездеке әрі ығыспай бермен отыр,

Қасыңа отырғанда жолым болған.

Жанындағы қыздар да қосылды. Ән салып отырған құбаша балдызымның екі құрбысы мені итере ілгері ығыстырып, ірге жағыма шығып алды.

Думанды жақсы көретін сауыққой ауыл екен. Бірінен соң бірі ән айтады. «Дүре соқпай» деген ойын ойнады. Сүлгіні білектей ғып есіп алған, аяу жоқ, дүрс еткізіп арқаңа салып қалады да, «ән сал» дейді. Мені осынысы қинады. Өзім онсыз да қысылып отырғанмын. Қайдан ән салайын. Қара терге түстім.

— Қой, қинамаңдар, бірінші келген соң ұялып отырған шығар, — деді бір үлкен кісі.

— Ақысын төлесеңіз, мен құтқарайын сізді, — деді құбаша қыз қиғаш көзін ойнақшыта құлшынып. Сөйтті де:

— Аяғыма кигенім орыс етік, сәулем - ай,

Жабығыңнан түсейін торс етіп сәулем - ай,—

деп әндетіп қоя берді. Мен дүрені сыртымда отырған қыздың біріне ұстата салдым.

— Ойбай, бұнысы несі, ең болмаса тұрып бермейсіз бе? — деді ол ернін түртитіп.

Тұрайын деп қозғалсам, костюмімнің шалғайын біреу тартып жібермейді. Қыздар сылқ -сылқ күледі. Кім тартып отыр деп мойнымды бұрсам, масқара, костюмімнің етегін көрпешеге тігіп қойыпты.

— Төлеуін беріңіз, — дейді сыртымдағы қыз күліп, — сосын сөгеміз.

Мұны көпшілік көріп қалып, қыран - топан күлкіге кенелді. Оған оң қалтамдағы түйіншекті беріп әзер құтылдым.

Ет желініп, төрдегі ескі құндыз бөрікті сары шал бата жасаған соң үйдің іші ойран - топыр болды. Төрт - бес әйел Шайымға тап берсін. Қолын қол, бұтын бұт қып тартып әкетердей үйме - жүйме бас салысты.

— Мә, құдағи. Тоқта. Тоқта! — деп ерте қамданып қойған Шайым қалтасынан бір буда ақша алып, екі иінінен дем алып ырсылдаған бір семіз әйелге ұстатты.

Түрілген білектер төмен түсіп, әйелдер кейін шегінді. Опыр - топыр есік жаққа ойысты. Ақшаны өзара бөлісіп, ажылдасып - гүжілдесіп біраз сілкісті. Ертелі осыны ғана күтіп отырғандай - ақ үлесін алған кемпір - шалдар алдарында ұйықтап қалған немерелерін арқалап қайта бастады. «Ертең жұмыс бар», — деп екі - үш әскери гимнастеркалы жігіттер де орындарынан тұрды.

Үлкендер түгел тарады. Қыздың әкесі мен шешесі, Шайым — үшеуі де тысқа шықты. Мен де тысқа шығуға оңтайланып орнымнан қозғала беріп ем, қасымдағы құбаша қыз етегімнен басып: «Қазір Мақпал келеді», — деп сыбырлады. Манадан бері у - думен ештеңе елемей отыр екенмін. Қайтадан қобалжып, мазам қашты.

Мақпалды жеңгесі ертіп келді. Басымды тұқыртып алғанмын. Қанша қарамаймын десем де, көзімнің қиығы түсіп кеткені. Орта бойлы, шешесі сияқты дөңгелек жүзді ме деймін. Қызыл орамалын маңдайына түсіре тартқан.

— Мақпал келді! Мақпал! — деп жатыр.

Қызды әкеп көрсеткенде берерсің деп орамалға түйіп, ішкі қалтама бөлек салған түйіншекті үнсіз алып, ақ келіншектің қолына тастай бердім. Мақпалды менің қасымдағы қыздар жанына шақырып отырғызды. Ол да басын тұқыртып алған. Мен жаққа көз салмайтын сияқты. Қыздар екеуміз тіл қатысса екен дегендей бізге аңтарылады. Мен бұрынғыдан бетер терлеп кеттім. Қапасқа түскен жандаймын. Демім біткендей тұншығып бара жатқан соң орнымнан тұрып тысқа беттедім.

Күлгін аспанда жұлдыз сиреген. Дөңгелек ай көл жақ шалғайда ілулі алтын танадай жарқырайды. Шығыс жақ бозарып жүдеу тартқан. Таң атуға таяп қалғандай. Ауыл тәтті ұйқы құшағында. Көл жағасында құрылдаған бақа үні әлі тынбаған.

Ошақ басында самаурынға шоқ салып жатқан манағы тәмпіш қараны: «Бері келші», — деп қасыма шақырып алдым.

— Көлге барып қайтайық.

— Жүріңіз.

Қара мақпал көл де ұйқыда. Көк құрақтар да қалғып тұрғандай селт етпейді. Арғы жағадан бері түскен де ай сәулесі көл бетінде сағаттың алтын шынжырындай сүйретіліп жатыр. Құбылып ойнаған алтын сәуле қол созым жерде.

— Аға, неге күрсіндіңіз сонша?—деді бала.

Бала даусынан түс көріп жатып оянғандай селк еттім.

Бөлмеде Мауыты жеңешем, Мақпал — үшеуміз ғана қалдық. Кешеден бері болған той түн ортасында әзер тарқады. Мақпалдың беті ашылды. Екеуміз бір тостағаннан жүзік, моншақ салған неке суын іштік. Әкем мен шешем бүгін Мауыты жеңешемнің үйіне түнеуге кетті.

Мауыты жеңешем маған жымыңдап бұрылып:

— Төрежан, далаға шығып желпініп келсей! — деді.

Өзім де жіпсіз байланып отыр ем, тысқа атып шықтым. Аспан теңбіл-теңбіл ала бұлт. Канал беттен қоңыр жел есіп тұр. Ауылдың сыртындағы шоқатқа қарай аяңдадым. Сол бүйірде биікте көрінген дөңгелек ай бұлтқа бір батып, бір шығып менімен қапталдаса жүзіп келе жатқандай боп көрінді.

Шоқатқа шықтым. Қоңыр жел аңқылдап қоя берді. Қала жаққа көз тіктім. Сонау алыста көмескі оттар жымыңдайды. Кеш туған жұлдыз ба? Әлде машина жарығы ма? Қала оттары шығар...

— Қала оттары... — дедім мен. Аңсаған ойыма түсті... Әкеме уәде берген соң да оған деген көңілім суымаған - ды. Бірақ қаншама суымай, аһ ұрғанмен уәдеден аса алмағансын жүрек байғұс торға түскен торғайдай тыпырлап - тыпырлап саябыр тапқан. Бұрын оның алдында сымға тартқандай сызылып, қайтсем ұнаймын деп тәңірге жазып жүруші едім. Шешіліп сөйлесуге де дәтім шыдамайтын. Тіпті бір тәуелді жан секілденетінмін. Енді сол тәуелділіктен құтылып, оның алдында өзімді еркін ұстай бастадым. Бұрынғыдай тымыраймай ашылып, ашық - жарқын қатынасқа көшкеніме ол қуанып қалды. Лекцияларда қатар отыратын болдық, кітапханаға да бірге барып жүрдік. Оқыған кітабымыздан алған әсерімізді бір - бірімізге айтып, бөлісетін болдық. Бірде достық жайлы сыр шертістік. «Ұлдар мен қыздар арасында достық бола ма?» — деген сұрақ қойдым мен. «Неге болмасын, болады, — деді ол. — Мектепте мен бір баламен дос болғанмын. Ол мені жақсы көрді, мен де оны жақсы көретінмін. Ол менен сырын жасырмайтын, мен де сырымды жасырмайтынмын.... Басқа жұрттан қызғыштай қорғап жүретін. Бірақ біз оныншы класта өкпелесіп қалдық, достықтан айрылысып кеттік». «Неге?» «Негесі саған қызық емес», — деді ол әзілге айналдырып. Осы кез: «Мен де дос бола алам ба сенімен?!» — дегенім. (Бұлай деп неге айтқаныма сол сәтте өзім де мән бермеген едім, сірә, суға кеткен тал қармайдының кері болса керек). «Дос боламыз, неге болмаймыз! — деді ол күлімдеп, бірақ айтып дос болмайды дейді ғой. Белинскийдің кітабынан оқымап па едік анада... достар белгісіз, ойламаған жерден кездеседі дегені бар емес пе?» «Иә, солай», — деп бас изей бергенмін...

Әнеугүні ауылға қайтарда да ұшырасқанбыз. «Бүгін қайтам, сексен жетінші поезға шығамын», — деген. Сонда неге шығарып салмадым?! Мінетін поезын айтқаны шығарып салсын дегені емес пе екен? Қызықпын - ау мен де.

Шоқат басында біраз тұрдым. Бір кезде жеңешемнің: — Төрежан!»—деген дауысын естіп төмен түстім.

— Қайда жүрсің, Төрем - ау, келіншегің күтіп қалды ғой! – деді де жеңешем үйіне бұрылды.

Жүрегім кеудемді тесіп шығардай дүрс - дүрс ұрып бөлмеге кірдім. Пеш үстінде жетінші шам бозғылт сәуле төгеді. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Ақ шымылдық ішінде Мақпал жатыр. Пеш түбіндегі көрпеше үстіне кеп отыра кеттім. Жолсыз тұйыққа тірелген жолаушы секілдімін. Шымылдыққа кіргім келмейді.

Мақпал да ажарсыз емес. Қызыл шырайлы, дөңгелек жүзді, көзі сәл қысыңқылау болғанмен, нұрлы. Біз әлі бір ауыз тіл қатысқамыз жоқ... Әкесінің дегеніне неге көнді екен? Көнбесе ғой, мен басым бос жүрер едім. Енді Аңсағанды не бетіммен сүйемін. Бітті бәрі... Пеш қуысынан шығып жаныма келген бала мысық: «Әй, неғып жатпай отырсың?» — дегендей тіземе басын сүйкеп өтті. «Сен не түсінемін дейсің», — деп арқасынан сипап қойдым.

Мысық шымылдық жаққа жылжыды. Кірді. Сәлден соң: «Ойбай!» — деп шошынған Мақпал дауысы шықты. Ұшып тұрып шымылдыққа кірдім. Мақпал көзі алақандай боп, жұқа қоңыр жамылғымен тізесін бүркеп бүрісіп отыр.

— О не?

— Мысық, — деді үні дірілдеп.

Маған деген жастық үстінде бүк түсіп, қаннен - қаперсіз жатқан мысықты желкеден алып, шымылдықтың сыртына лақтырып жібердім.

— Қорықпа, жата бер.

Мақпал маған көзінің қиығымен қарады да, теріс қарап жатып қалды. Үстімдегі киіміммен мен де жастыққа қисайдым.

Тым-тырыс жатырмыз. Екі-үш күннен бері көз ілмеген ол сәлден соң баяу ғана пысылдап дем алып ұйқы құшағына енді. Ұйқыда жатып күрсінді. Неге күрсінді екен? Шаршаған шығар...

«Аңсағанды неге шығарып салмадым», — деп тағы да ойлай бастадым. Қалжыраған денем тыныштық тілейді, кірпігім ілмектесе береді... Күрең қасқамен поезды қуып келемін. Алғы бір вагонның есігінен Аңсаған қол бұлғайды. Міне, поезбен қапталдастым.

Қолымды созамын. Аңсаған деп айқайлаймын. Өз дауысымнан өзім шошып оянып кетсем, Мақпалдың сәмбі талдай солқылдаған ақ білегі төсімде жатыр. Ұйқысырап бері аунап түскенде құлаған болса керек. Оянып кетпесін деп жаймен ғана итердім...

Мақпалдың демі де, денесі де, қолы да ыстық. Жақындасам жандырып жіберердей. Арамызды сәл алшақтатып, жастығымды айырдым да тырп етпей мызғыдым.

Жастығымды осылай күнде айырып ұйықтап жүргенмін. Үш күн өтіп, төртінші күні Мауыты жеңешем оңашада:

— Төрежан, түсің келмей жүр ғой. Жай ма? — деді. — Құсты қолыңа қондыруын қондырдың. Ал, қызығын көрмейсің бе?

Ол біздің төсегімізге күнде ақ мата жауып, аңдып жүреді екен. Мен де кімге жарыларымды білмей жүргенмін.

— Жеңешетай неғыламын мен. Мен Мақпалды сүймеймін. Менің сүйетін басқа адамым бар. Тірі өлік сияқтымын, жуи алар емеспін, — деп мұңымды шақтым.

— Қой, Төрежан, мұның ұят, — деді ол. — Бұның болмайды. Енді бәрі кеш. Баста келмеуің керек еді, енді не де болса көнесің.

Өкініштің улы тырнағы көкірегімді осқылайды. Қанша осқылағанымен амал қанша, сол күні кешке шымылдыққа қайта кірдім.

Ертеңінде кездескенде, жеңешем жымыңдап маған қарайды. Мен ұялып теріс айналдым.

10

Сабақтың басталуына бір күн қалған иек артпада келгенмін.

Бірге жатқан жолдастарым маған да орын алып қойыпты. Шұрқырасып табыстық. Сағынып қалыппыз. Ұзын Нәби мені құшақтап, шыр көбелек айналдырып, бет-аузыма үңіле қарап:

— Әй, жүдеп кетіпсің. Колхозға болыстың ба? — деді.

— Иә, — дей салдым.

— Мен де сол. Шөп шаптым ба - ау, отақ отадым ба - ау...

Ауылдан әкелген барымызды ортаға салдық. Оны жұмсайтын қожайын сайладық. Ол — Нәби болды. Қожайын боп алған Нәби ересек мінез көрсетіп:

— Ендеше жігіттер, қазір моншаға барамыз. Кешке киноға, — деді, — қарсылықтарың жоқ па?

— Жоқ.

— Қыздарың болса киноға ертіп баруларыңа болады. Ұялмаңдар, — деді де менің құлағыма, — Аңсағанды шақырсай. Көрістіңдер ме? — деді.

— Жоқ.

Аңсағанның көзіне түсуге ұяламын. Сезімтал қыз сырымды айтпай - ақ біліп қоя ма деймін.

— Шақыр! — деді ол.

— Көрерміз.

Осылайша студенттік өмір қайта өрбіді. Ертеңіне лекцияға бардық. Аңсағанға қалай ұшырасарымды білмей жүзім жанып, қорғаншақтап келе жатыр едім, ол аудитория босағасында жолығып қалды.

— Сәлем, Қасым.

— Амансың ба, Аңсаған.

— Қашан келдің?

— Кеше.

— Жүр бірге отырайық.

Аңсаған екеуміз қатар отырмыз. Қазақ әдебиетінен лекция оқитын қасқабас Әлібек ағай бас изеп сәлемдесті де сабақ бастады.

Аңсаған алдыма бір жапырақ қағаз тастады. «Бізге неге келмедің. Мен келер деп күтіп едім», — депті.

Жауап қайтара алмадым.

Әлібек ерні - ерніне жұқпай шапшаң сөйлейтін шешен кісі еді. Аудитория бірден ұйыды. Тек қана менің көңілім бөлініп отыр. Көңілім тыншымай бөтен қарап едім, терезе алдындағы столда бізге көз тігіп отырған Танабекпен жанарым тоғысып қалды. Сәлемдесіп басымды изедім. Ол көрмеді ме, әлде көрсе де әдейі істеп отыр ма, бақырайған қалпы мелшиіп отыра берді.

Лекция құлағыма кірмеді. Қоңырау соғылып, студенттер жапырлап залға шығып жатса да мен тапжылмадым. Аңсаған да қозғалған жоқ.

— Қасым, менің көзіме солай ма, сен бір түрлі өзгеріп кеткендейсің. — деді ол.

— Жүдеген шығармын, — дедім Нәбидің сөзін есіме алып.

— Иә... иә, жаңа байқадым, жүдепсің.

Колхозға көмектестік қой, — деп өтірікті соғып жібердім.

— Meн ақ саусақпын, — деп күлді ол,— аудан орталығында жұмыс жоқ. Үй тірлігіне мамам шыр - пыры шығып жуытпайды. Мен тек кітап оқумен болдым.

Аңсағаннан алыс отырып, алыс жүрсем де көңілім сол жаққа ауа береді. Қанша қарамай -ақ қояйыншы десем де бір кезде өзімді өзім ұмытып, сол жаққа қарап отырғанымды байқаймын. Танабекпен екеуінің араларын аңдимын. Бұл қылығымның әбес екенін өзім түсінем. Сөйте тұра еркімді билей алмай қаламын. Жайыма неге жүрмеймін, боларым болып бояуым сіңді емес пе деп өзіме - өзім қанша тежеу салсам да, жүрек түкпірінен қызғаныш сезім бас көтеріп қайта алаңдатады.

11

Мен өзімді - өзім алдап жүр екенмін. Көкірегімдегі ғашықтық отын сөндіре алмаған екенмін. Институтқа келіп, оған ұшыраса бастаған сәттен бастап қайтадан айықпас азапқа түстім. Әке парызы алдында аяулы махаббатымды асығыс құрбандыққа шалыппын. Енді қайтып орны толар ма? Өкініш өзегімді өртейді. Тіршілігімде мән қалмағандай.

Бұл күйден қалай құтылсам екен деп көп толғандым. Аңсағанға сыр ашпай көңілім тыншымастай көрінеді де тұрады. Мен оған арнап тағы да хат жаздым. Сан мәрте жыртып, сан мәрте қайта жазсам да, кеудемдегі сырымды қағазға түсіре алмадым. Анадағы хатты жыртқаным бекер болған екен. Алғашқы махаббатымның асқақ жыры да, пәк жүрегімнің ыстық лүпілі де бар еді ғой ол хатта.

Күздің бір кешінде Аңсағанмен ұшырасып қалдым. Баяғы қолым күйгендегі орындықта жападан - жалғыз отырғанмын. Қарағаштың қураған жапырақтары желмен сырт - сырт ұшып түсіп жатыр. Сидиған ағашқа қарасам көңілім құлазиды.

Жүректегі сырды да, мұңды да ақтаратын сәт туды.

— Аңсаған мен қателестім. — Үнім зорға шықты. — Мен әкемнің айтқанын істеп сүймеген адамыма үйлендім.

— Танабектен естігенмін. Құсың құтты болсын! — Оның да үні бұзылып естілді.

Осыдан екі-үш күн ілгері әкем кеп кеткен - ді. Сонда Танабек әкемнен менің үйленгенімді біліп алыпты. Білдік сенің де жайыңды. Ескіліктің сарқыншағынан қылмаған неме екенсің. Келесі комсомол жиналысын да мәселеңді қаратпасам ба, тұра тұр!»—деп қорқытты мені кездескенде. Мен оған айылымды жимадым. Қарашы енді Аңсағанға жеткізгенін.

— Құсың... Құсың... — Жанарымнан жас ыршыды. Мен оны сүймеймін, мен басқаны... — Қыз алдында егілгенімді әбессініп, жүзімді тайдырып айдалаға көз тіктім.

— Мен... мен бәрін білем, — деді ол да.

— Мен сен... Мен... мен... сені сүйемін.

— Білем.

Meн тұңғыш рет бұрылып, оның бетіне тура қарадым. Оның да тостаған көзі жасқа толып тұр екен.

— Аңсаған... сен... — дей берем. — Аузыма басқа еш сөз түспейді.

— Енді бәрі бітті! — деп ол басы кеудесіне құлап екі иіні дірілдеп жылап қоя берді.

Қыздың өзімді сүйетінін осы сәт санама жетті. Әдепкіде сасып, неғыларымды білмей қапалақтадым да іле жүрегім қуаныштан атша тулады.

— Біткен жоқ, — дедім батылданып оның иығына қолымды салып, мен... мен ешкімнің дегеніне көнбеймін. Сен.. Сен бір нәрсе деші. Саған ерем де жүре берем.

Ол басын көтеріп жеңіне тыққан қол орамалын алды да көз жасын сүртті. Мен оның мойнынан құшақтадым. Ол сол қолымен шашымнан сипады.

— Мен ештеңе дей алмаймын, — деді бойын жиып. — Біреуді бақытсыз ете алмаймын мен. Енді біз дос боп қаламыз... Не деп отырмын мен осы, біз онсыз да дос екенбіз ғой, — деп күлді.

Үмітімді пышақ кескендей үзіп отыр. Суға кеткен тал қармайдының керімен:

— Мен оны жіберемін, — дедім ышқынып.

— Атама, атама! О не дегенің. Онда мен сені жек көріп кетемін. Жо-жоқ!

— Мен сені сүйем ғой... Мен сені сүйем ғой, — дей бердім.

— Бәрібір, бәрібір! — деді ол.

12

Мен келгенде бір желпініп қалатын әдетімен шағын ауыл тағы бір дүрілдеп басылды. Үркер жамбасқа келгенде барып тарасты. Әкем мен шешем Мақпал екеумізді оңаша қалдырып, жеңешемдікіне қонғалы кеткен.

Кеш бойы Мақпалдың аяқ-басынан көз алмадым. Келіншегімнің түр-тұлғасына зер салып сынай қарағаным осы шығар. Ол қолды-аяққа тұрмай ұшып жүр. Аяқ – басы түзу. Қара торы жүзі алабұртып маған көзінің қиығымен елден ұрлана қарап қояды. Шатырдай ашып жуған қос етек ақ көйлегі мен қара камзолы шыбықтай солқылдаған талдырмаш денесіне құйып қойғандай. Төсекті де өзі салды. Пеш үстіндегі шамның білтесін бұқтырып, жарығын бәсеңдетті де шымылдыққа кірді. Кіріп бара жатып қара көзін төңкеріп күлімсіреп қойды. Оның бұл қылығынан өзімсінген бір жақындықты сезіндім. Шешініп жатқан Мақпалдың қолы тиді ме, шымылдық дірілдеді. Шолпысы сылдырлады. Ол жатып қалды. Көптен бері оған айтар сөзімді дайындап, жаттап алғанмын. Қазір қасына барамын. Шешінбеймін. «Мақпал, — деймін, — мен сені сүймеймін. Ата-ана деп қателестім. Сен де сүйттің ғой. Кешір, тағдырымды қоса алар емеспін». Менен басқа сүйгенің бар ма деп сұраса ше?.. Аңсағанды айтамын.

Шешінбей шымылдыққа кірдім. Мақпал шалқасынан түсіп, күлтеленген қолаң шашына көміліп жатыр. Көрпе аяқ жағында, кеудесі ашық.

Жастыққа қисая кеттім. Құшақтағаным жоқ. Көрпеге де кірмедім. Біршама үнсіз жаттым. Әңгімені неден бастарымды білмей қиналамын.

Бір кезде ол күрсінді.

— Неге күрсіндің?—дедім сөз бастайын деп. Неге күрсінбейін, — деді ол маған қарай аунап түсіп. Амалсыздау қимылмен қолын төсіме салды. — Сіз неге суықсыз.

— Мен... мен бе? Жай...

— Сіз мені ұнатпайсыз ба?

— Өзің ұнатасың ба? — дедім жауап беру орнына.

— Meн... сізді ұнатамын.

Иланбадым ба, жай ғана езу тарттым.

— Сіз нанбайсыз ғой. Рас осы босағаны аттағанша сізді жек көріп жүрдім. Сіздің жақсы екеніңізге... теңім боп шыққаныңызға көзім жеткен соң... — деп ол көз жасына булығып үндемей қалды. Аяныш сезімі биледі ме, мен жібіп оған қарай аунап түстім... Маңдайынан сипадым.

— Жылама, жыламашы. — Шарасыз күй биледі. Ыстық демі бетімді шарпиды. Жұп -жұмсаң білегіне, түртиген қап - қатты төсіне қолым тиді. Бүкіл қанымда от ойнап, тәнім ләззат тілеп, тұла бойым күйіп - жанды да, оны құшақтап бауырыма тарта бердім. Мақпал білегін мойныма орап:

— Талай түндер сізді аңсап таң күзеттім ғой, — деп үздіге сыбырлады.

«Аңсап» деген сөз менің санама Аңсаған боп шақ етті. Босап, еріп бара жатқан бойымды жиып алдым. Ток ұрғандай денем дір етіп тітіркенді де, мен орнымнан ұшып тұрдым. Мақпалдың жүзіне қарағаным жоқ. Жастығымды ала сап шымылдықтан шығып кеттім.

Пеш түбіндегі бөстекке пальтомды жамылып бүк түсіп жатып қалдым. Пеш жанында жүрген бала мысық «Әй, жылы орныңнан неге қаштың? Мен - ақ жатайын орныңа», — дегендей құйрығымен бетімді бір сипады да шымылдық жаққа аяңдады.

Мақпал бұл жолы мысықтан шошыған жоқ. Шымылдықтан да шықпады. Түнімен көзі ілінбей үһлеп шықты. Мен де таң бозарғанша кірпік қақпадым. Жазықсыз Мақпал жанын азапқа салғаныма қиналып төңбекшимін.

Бөлек жатып жүргенмін. Гүл - гүл жайнаған Мақпалдың жүзі солып, еңсесі түсіп барады. Қабағы ашылмайды. Екеуміздің арамызда бір кірбіңнің болғанын анам мен әкем сезеді. Бірақ батып сұрауға әбес көре ме, үндемейді.

Бір кеште Мауыты жеңешем Мақпал екеумізді үйіне шақырды. Шай - судан соң маған бұрылып әңгіме бастады:

— Төрем, мына Мақпалдың айтып жүргені рас па? Ақ төсегіңнен шошитындай не болды саған?

— Жеңеше, анада шет - жағасын айтып едім ғой, — дедім мен, — басқа адамды сүйем деп.

— Қалада ма?

— Иә.

Мақпалдың жүзі сұрланып кеткен. Астыңғы ернін тістен жылап жіберуге шақ қалып әзер отыр.

— Ал мына келіншегіңді қайтесің?

— Қайтейін... өзім де білмеймін не қыларымды?! Аяғына бас ұрып кешірім сұрағаннан басқа қолымнан не келеді менің.

— Рұқсат бересің бе сонда Мақпалға?

— Кәйт дейсіз енді, жеңешетай?

— Әкең мен шешеңе не дейсің? Елге не бетіңді айтасың?

— Баста бәрін бүлдірген әкем. Мен енді оның айтқанына көнбеймін. Үйден біржола қуып жіберсе де көнбеймін.

Мақпалдың томпақ бетін жуып жас ақты.

— Жылама, қалқам!—деді жеңешем. — Уақытша;желік қой Төрежандікі. — ол да келіншегінің барын білмейтін шығар, білсе жолатпас.

Әкем маған таяқ ала жүгірді.

— Мен саған көрсетейін ғашық - машықты! Біреудің сары уыздай баласын алып... О несі - әй! Өз қолыммен жайратайын бүйтіп, көзіме күйік болғанша.

Шешем шырылдап араға түсті. Маған сілтеген әке таяғы апамның иығына тиіп сарт етті.

Мен қаша жөнелдім. Сол қашқаннан үйге қайтып оралғаным жоқ. Қалаға баратын жолға түстім.

13

Қалаға жетісімен жатақханадан Аңсағанды іздедім. Жатақхана іші у - шу, тумбочка көтерген, төсек арқалаған жігіттер мен қыздар. Абыр-сабыр, жаңа көшіп - қонып жатқан ауыл секілді.

Қыздар жататын бөлмелер жаққа жүгірдім. Аңсаған жылда он екінші бөлмеде тұрушы еді. Есігі жабық. Іштен тарс - тұрс дыбыс шығады. Есік қақтым.

— Келе бер! — деді жіңішке дауыс.

Екі қыз кереует құрып жатыр.

— Ой, Қасымбысың, Сәлем! Жақсы келдің - ау! — деп типыша қыз қуанып қалды. — Кел көмектес.

Қол алысып амандасқан соң кереует серілпесін көтеріп орнына салдым.

Қиюласпаған шетін өкшеммен тепкілеп түсірдім. Екі көзім есікте. Аңсаған далада жүрген шығар деймін. Қазір жайнаңдап кіріп келетіндей.

— Еркектің аты еркек - ау, — деді типыша қыз күліп. — Біздің әліміз келмей жатыр еді.

Оның әзіліне мән бергенім жоқ. Менің есік жаққа алаңдап тұрғанымды сезген типыша:

— Аңсаған келген жоқ, — деді тағы сықылықтап. — Аңсағаннан біржола айрылдың. Ол енді саған да жоқ, Танабекке де жоқ. Байға тиіп кетіпті.

Ойнап айтып тұр ғой дедім де қойдым. Аңсағанмен ауылдас құрық мойын қызға жалтақтадым. Ол ана қызға жақтырмай алара қарады да, маған ер дегендей басын сәл қисайтып есікке беттеді. Коридорға оған ере шықтым. Ол жан қалтасынан төрт бүктелген бір қағазды маған ұстатты да:

— Аңсағанның хаты, көп - көп сәлем айтты, — деп қайтадан ішке кіріп кетті.

Қалшиып тұрып қалыппын. Ішім мұздап барады. Қағаз ұстап тұрған қолым дірілдейді. Аяғымды ілби басып сыртқа шықтым.

Сақырлаған сары аяз. Күртік қар аяқ басқан сайын қаршылдап төбе құйқамды шымырлатады. Қыстың суық кеші қарауытып келеді. Есік алдындағы қары сыпырылмаған орындыққа отыра кеттім де хатты аштым.

«Қасымым, кешір мені, кешіре гөр, аяулым!

Мен күйеуге шықтым. Оқуға бара алмайтын болдым. Енді оқысам сырттан оқимын.

Оқуыңды жарты жолдан үзгенің не деп сен кіналама. Өзімді өзім ғана кіналайын. Бірге оқып, бірге жүріп сені де, өзімді де азапқа салғым келмеді. Сүйіп едім, қайтейін. Тағдыр қоспады.

Тиген күйеуім жаман жігіт емес. Өзіммен он жыл мектепте бірге оқыған. Өлердей ғашық еді. Мен өзім едім илікпей жүрген. (Есіңде ме баяғыда бір дос болған бала туралы айтқаным). Мамам кілең: «Шырағым, күйеуге шықсаң өзіміздің елге шық, ана жақтан тәйт деп бір шығанға қашып кетіп жүрме, саудыраған сүйегімді сүйретіп сенің ізіңнен бара алмаспын», — деуші еді. Апамның да тілегі болып қуанып қалды.

Қайыр қош! Хат жазба. Өмір болса көрісерміз. Бақытты бол. Қасымым! Сәлеммен Аңсаған».

Хат қолымнан түсіп кетті. Маңдайын тасқа соғып быт - шыт болған кемедей қирап қалдым.

Сабаққа салақсып барамын. Ештеңеге зауқым соқпайды. Ылғи көпшіліктен жырылып саяқ жүремін. Аңсағанда көңілімнің бар екенін білетіндер: «Қасым серігінен айрылған аққудай болып мұңнан көз жұмбаса нетсін», — деп келеке қылысады. Жаны ашитын жалғыз Нәби ғана.

— Олардың мазағына пысқырма. Сені мен түсінемін, — дейді ол арқамнан қағып. — Ғашық адам сен құсап ғашық болсын, түске дейін күйіп - жанып, түстен кейін: «Әй, соны қойшы», — дейтіндер бізде толып жатыр. Сонда да сен көп қамыға берме, қайғыдан адам ауруға ұшырайды.

Киноға, биге шақырады. Ойы — көңілімді сергітпек. Ал, мен бәріне де бармаймын. Кереуетке етпеттеп жата бергенді тәуір көремін. Ішіме біреу кіріп алып от жағып жатқандай кеудем өртенеді де тұрады.

Танабек күйзелген жанымды одан бетер күйдіріп жиналысқа салды. «Сүгіров ескілік сарқыншағынан арылмаған, қалың мал беріп үйленіп отыр. Бұл комсомолға жат қылық, комсомол қатарынан шығару керек», — деп соқты. Ит ашуын тырнадан алады дегендей, Аңсағаннан айырылған ашуын менен алмақшы ма екен? Басқалар оның сөзін тыңдамай қойды. «Қазір қалың мал беретін шама жоқ, тамаққа әзер жарып отырғанда. Бұл сөзде логика жоқ», — десіп даң - дұң қылды. «Әкесінің өзі айтты, — деді Танабек беріспей. «Онда әкесін шақыр. Әкесін талқылаймыз. Мал берген Қасым емес қой», — десті. Қыран -топан күлкі. Жиналыс аяқсыз қалды.

Өстіп жүргенде бір күні жеңешем келді. Қалта - құлта беріп шешем жіберген екен. Ашулы әкем шешемді қалаға аттатпай қойған.

— Мақпал үйде ме?

— Үйде. Ол байғұстың көз жасынан етегі көл. Саған деген ықыласын қой оның. Жазға дейін күтем. Келмесе тағдырдың салғанын көрем де... кетпей қайтемін, — дейді.

— Мені күтпесін. Мақпалға рұқсат. Жеңеше, Мақпалдан мен үшін тағы да кешірім сұраңызшы!

— Өзің білесің ғой, Төрем, бірақ, Мақпал адам қиятын жан емес, — деп күрсінді жеңешем. — Амал қанша... Апама сәлем айт. Апам жыламасын.

Жеңешем қинала қош айтты.

Сабаққа қайтадан ден қоюыма профессор Қоңырбаев себепші болған - ды. Ол институт оқу корпусы мен біздің жатақханамыздың ортасындағы қора - қопсысы жоқ қаңылтыр шатырлы қаңқиған ескілеу кірпіш үйде тұратын. Біз сабаққа әрлі-берлі қатынағанда оның үйіне үңіле қарай өтетінбіз. Құмарлық па, сол үйден бір нәрсе көретін сияқтанып тұратынбыз. Терезе беттегі бөлменің бір қабырғасы толы жиналған том кітаптарды көріп: «Түу, неткен көп. Бәрін оқиды ма екен» деп таңданатынбыз. Біріміз: «бәрін оқиды, бәрін оқымаса профессор болушы ма еді», — енді біріміз, «бәрін қайдан оқысын, оған өмірі жетпейді ғой», осының өзін қызыл кеңірдек таласқа айналдыратын едік.

Бір күні профессор үйі жаққа алақтап келе жатып, қасқа басы жалтырап сексеуіл омырып жүргенін көріп қалдым да сәлем бере бұрылдым.

— Халің қалай, Сүгіров? — деді ол қолымды қысып. — Сабағың жақсы ма?

— Жақсы ғой, — дедім күмілжіңкіреп.

— Осы бастан мұқият оқы. Сен талағыңда битің бар жігітсің, — деді ол қоңыр көзі мейір төге, — ғылым жолын қусаң сенен бір нәрсе шығады. — Қолымдағы кітаптарымды жерге қойдым да сексеуіл жаруға болыспақ болып, бір томарды қолыма ала беріп ем, ол:

— Рақмет, айналайын, — деп қарымнан ұстап тоқтатты, — өзім былай қан таратайын деп сындырып жатырмын.

Ұстазымның мақтауы қамшы болды ма, осыдан соң еңсемді көтердім. Сессия тұсында кітапқа шұқшиғаным сонша, тіпті Аңсағанды да ұмыта жаздағандай едім. Күнде дария жағасына барамын. Жағада биік - биік ақ теректер. Жапырағы мол, саялы. Көк шалғын. Тыныш. Мен секілді сабаққа әзірленетіндер болмаса, бейсеубет адам жүрмейді. Ағаш саясына одеялды жайып тастап, торғай шырылдағаннан қас қарайғанға шейін кітап оқимын. Июнь айы күн ыссы. Әлсін-әлі өзенге күмп-күмп сүңгіп аламын.

Суға шомылып, салқындап кеп, конспектімді қолға ала бергенім сол еді, әлдекім үнсіз келіп көзімді басты. Алақаны жібектей. Қыз алақаны. Жүрегім дүрсілдеп атша тулады.

— Кіммін? Тапшы.

— Аңсаған! — Дауысын жазбай таныдым. — Сен...

Қарсы алдымда күлімдеп Аңсаған тұр. Қасында жымың - жымың еткен Нәби. Өз көзіме өзім сенбей жанарымды уқаладым.

— Сенбей тұр, сенбей, — деп Нәби қарқ - қарқ күледі. Сонда барып есімді жиғандай қолымды ұсындым. Аңсаған өзгермепті, сол күйі. Тостаған көзі мөлдіреп, ақ құба өңі албыртады.

Мен оның бізді оңаша қалдырғысы кеп тұрғанын білсем де: «Сонша асығып қайда барасың?»—деп сыпайылық білдірдім. Ол көнбеді.

— Қой, ұстама. Үшеуден екеу жақсы деп тұрған да, — деді Аңсаған әзілдеп. — Рақмет, Нәби.

— Бұл кет дегенің шығар, Аңсаған. Кет дегенде ит те кетеді, — деп Нәби жорта ашуланғансып ұзай берді.

Аңсаған да, мен де оның қылығына күлісіп, артынан біразға дейін қарап тұрдық.

— Мына мекенің керемет екен, — деді ол маған бұрылып.

— Керемет. Отырсайшы.

Екеуміз қол ұстасып қатар жайластық.

— Қашан келдің?

 

— Поездан түскенім жаңа ғана. Вокзалға чемоданымды тастадым да сені іздеп жатақханаға бардым. Жоқсың, мені келеді деп күтпеген шығарсың.

— Жоқ, күткенмін. Мен сені бір минутта есімнен шығарған емеспін.

— Мен де сені көргенше асықтым. Жазғы сессияға шейін әрең шыдадым.

— Жолдастарымыздың алдында күнә жасаған жоқпыз ба? — деді де, ол басын көтеріп тіктеліп отырды. Сосын маған еркелей жымиып: — Тұрмыс құрған соң сені жүрегімнен қумақ боп қанша азаптансам да түк шықпады. Күйеуім жақсы жігіт, мен десе жаны жоқ. Сонда да оның қойнында жатып сенің атыңды талай атап қала жаздадым, — деді. Шашымды тарақтады. — Қоңыр қозыдай кейпің, мына ойлы томпақ көзің, мына дөңгеленген оң ұртыңдағы шұңқырың көз алдымнан кетпей қойды. Мен сені неге елден ерек жақсы көрем деп сан ойландым, бірақ жауап таппадым. Адамдардың біріне бірінің жұлдызын ыстық қылып қоятыны несі екен? Сенің жүрегіңнен менің жүрегіме жалғаулы көзге ілінбейтін бір алтын сәуле бар - ау деймін осы...

Оның сөзі көңілімді тасытты. «Аламесек» көліндегі алтын сәуле есіме келді.

— Аңсаған, — дедім толқып, — мен саған алғаш осы дария басында ғашық болғам. Осы дария жағасында бүкіл әлемге сені сүйетінімді айқайлап жар салғам. Сені көрмеген жарты жыл ішінде мен жынданып кете жаздадым. Сенсіз өмір сүре алмайтынымды анық білдім. Мен Мақпалға рұқсат бердім.

— Шын ба? — деп ол маған шошына қарады. — Обал емес пе? Сен өзімшіл екенсің ғой.

— Жоқ, мен өзімшіл емеспін. Мен өзімді де, оны да бақытсыз еткім келмеді.

— Батырлық жасаған екенсің! — Кекеткені ме, әлде менің әрекетімді құптағаны ма, қай мағынада айтқанын түсіне алмадым.

— Батырлық па, басқа ма, солай шештім.

— Сенікі дұрыс шығар. Бірақ адамдардың табиғатынан өзімшіл екендігіне көзім жеткен. Қай адам болмасын өз бақыты үшін бәріне барады. Сен де өз бақытыңды ойлап, Мақпалға рұқсат беріп отырсың. Сен оның бақытсыз халін ойладың ба? Үндемейсің, ә? Ойлаған жоқсың.

— Сонда сен маған өмір бойы өзіңді де, оны да алдап өт демексің бе?!

Бір - бірімізге салқын тартып қалдық. Ол алақанымнан қолын босатып алды. Сосын әлгінде менің төсіме қисайған сәт түріліп кеткен етегін төмен қымқап түсірді.

— Қой, келмей жатып керіспелік, — деп орнынан тұрды, — жүр, одан да тоғанды жағалап, баяғы тасқынды еске түсіріп қайталық.

Мен де орнымнан тұрдым.

Біз ақ теректер арасындағы соқпақпен дария жағасына қарай жүрдік. Көк шалғын, жоңышқа, шырмауық аяққа оралады. Аңсағанның жұқа ақ көйлегінің етегін, иығынан төмен жарыса құлап жатқан қос өрім қолаң шашының ұшын жел сипап ойнайды.

Жерді кеулеңкіреп кеткен бір үлкен апан тұсына келгенде ол қолын шошайтып:

— Анау сондағы біз желден паналайтын үңгір емес пе? — деді де тоғаннан жүгіріп төмен түсті.

Мен де ере жүгірдім.

— Құдай біледі сол үңгір! — Балаша қуанып қолын шапаттады. — Есіңде ме, сенің құлағыңның үсігені.

— Есімде.

Ол мұңайды. Жанарында жас дөңгелеп:

— Мен жүрген жерлерімді сағынып қаппын, — деді.

Біз кейін оралдық. Әңгімеміз оқу жайында.

Бір ай бір күндей де болған жоқ. Аңсаған «ертең қайтам» деген күні кешкілік мен оны баяғы қарағаштар арасындағы орындыққа ертіп келдім. Айлы түн еді. Өткен күндерді еске алып ұзақ сырластық.

— Баяғыда сенің қолың күйгенде де осы арада отырып едік - ау.

— Иә.

— Сонда неге ашпадың сырыңды?

— Онда жақсы көргенмен ойым жоқ еді. Ал, сен сонда сүюші ме едің?

— Ол кезде мен сені бірге туған бауырымдай көруші едім. Сені сүйетінімді кеш сездім. Сен үйленді дегенде бір - ақ сездім.

— Кетпеші, Аңсаған, кетпе! — деп жалына құшақтап, бетінен сүйдім. — Осында қал. Сенсіз өмір маған бос. Аспан асты кең ғой, қол ұстасып бір жағына кетейік. Тағдырдың дегеніне көніп, қалайша біз бақытсыз боламыз. Айтшы өзің?

— Тоқташы, Қасым, асықпашы! — деді ол да жалынышты үнмен. — Мен ауылға барып келейін. Мамамның алдынан өтейін. Айтып ем ғой күйеуімді тәуір адам деп. Одан да кешірім сұрайын. Қалайда келем. Қысқы сессияның сылтауымен келем ғой. Сенсіз маған да өмір жоқ.

Біз бip - бірімізді қиыса алмай таң атқанша отырдық.

15

Алыс жолдан болдырып, шаршап келе жатқаныңда қарсы алдыңнан қоңыр самал ессе, жаның рақаттанып, сергіп қалмайсың ба? Мен де сондай бір жайлы сезімге бөленіп, болашақ бақытымды күткендей масайрап жүрмін. Аңсағаным келеді. Бірге өмір сүреміз. Осыдан артық маған ешқандай бақыт керек емес еді. Жазғы каникулда ауылға қайтпадым. Вагон депосында жұмыс істеп, өз күнімді өзім көруге бел будым. Аяулы арманы, алдан күткен үміті бар адамның ештеңеге мұқалмайтынына осы тұста көзім жетті. Құлындай ойнап жүрем. Сабақ басталар алдында жылап - еңіреп шешем келіп кетті. Көзі бұлаудай анамды аяғанмен, Мақпалдың үйден кеткеніне қуандым. Үстімнен ауыр жүк түскендей сезіндім.

Күз келді. Сабақ басталды. Оқуға беріле кірістім. Комсоргтың да айтқанын екі етпедім. Газет шығарысамын. Комсомол комитеті белгілеп берген көшедегі үйлерге барып газет оқып беремін, саяси үгіт айтамын.

Менде бұрыннан өші бар Танабек Мақпалдан айрылғанымды естігенде үлкен айқай шығарды. «Мынау барып тұрған моральдық азғындау. Комсомолға жат қылық. Сүгіров біздің қатарымызда бола алмайды, — деді. Бұл жолы комсомолецтердің біразы оны қолдады. Біразы мені қорғаштады. «Бір кезде ескілікке ұрынды деп айыптап ек, енді одан құтылса, оған сен қуанбайсың ба, қайта», — деп Танабекті тоспайлады. Ол тосылды. Мен қатаң сөгіс алып, комсомол қатарында қалдым.

Шағылған жоқпын. Аңсағанға деген сағынышым мені өмірге құлшынтып жіберген... Қыс өтті. Аңсағаннан хабар болмады. Хат та келмеді. Қысқы каникулда тағы да вагон депосына барып уақытша жұмысқа кірдім. Қысқы сессияға келер деп үміттеніп едім, оған да келмеді. Ойпыр - ай, бір нәрсеге ұшырап қалды ма деп жанымды бір уыс шүберекке түйіп жүрмін.

Екі апта екі жылдан кем болмаған шығар. Студенттер каникулдан қайта бастаған. Мен Аңсағанның жерлесі құрық мойын қыздың жолын тостым. Поездарды аңдып жүріп, вокзалда алдынан шықтым.

— Неғып жүрсің, Қасым?

— Сені күтіп жүрмін...

— Қойшы, әй...

— Аңсаған қайда? Не хабар?

— Солай десей одан да, Аман. Сәлем айтты.

— Хат бермеді ме?

— Жоқ.

— Неге келмеді екен?

— Бір себебі бар, — деп езу тартты ол.

— Қандай себеп?

— Білгің келсе айтайын, аяғы ауырлап қалыпты.

Төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалсам керек, ол:

— Кездескен бетте сені сұрады. «Алдап кеткендей болдым - ау» деп жылады, — деп көңілімді жұбата сөйледі.

Көңіл қайдан жұбансын. Тағы да маңдайымды тасқа соққандай күйреп қалдым. Сонда да ол сөзінен шыққан адам. Онан да кешірім сұрайын. Қалайда келем.Ғашық жүрек өте кешірімшіл бола ма деймін.

Арада бір жарым жыл өтті де кетті. Бірақ мен Аңсағанымды ұмыта алмадым. Ең болмаса бір көрсем екен деп армандаймын.

Арманыма жеттім - ау, институтты бітіріп, диплом алатын жазда кездестік. Оқу залында сабаққа әзірленіп отырғанмын. Арсалаңдап күліп Нәби қасыма жетіп келді де еңкейіп:

— Аңсаған келіпті, — деді.

— Қайда?

Дауысым қатты шығып кеткен, залдағылар үрпиісе қарасты.

— Жатақханаға орналасыпты. Сырттай оқу бөлімінде отыр, — деді ол сыбырлай түсіп.

Аяғымның ұшымен басып оқу залынан асыға шықтым. Құсша ұшып сырттай оқу бөліміне жеттім. Қабылдау бөлмесінде сары шашты орыс қызынан басқа ешкім көрінбеді.

— Бұ кісіде кім бар? Бір қыз кірген жоқ па? — дедім директор орынбасарының есігін нұсқап.

— Ешкім жоқ, бір қыз болған, кетіп қалды, — деді секретарь қыз күліп.

Жүгіріп жатақханаға бардым.

— Магазин аралап кеткен, — деді қасындағы бөлмелестері.

Қай магазиннен іздейін. Жатақхана есігінің алдындағы орындыққа сылқ отыра кеттім. Әйтеуір бір келер.

Кеш таянды. Бір кезде ол көрінді. Майда жүрісінен таныдым. Оң қолында зат толы торқалта. Үстінде көкшіл гүлді ақ көйлек. Ұшып тұрып алдынан шықтым.

— Аңсаған! — деп құшағымды жая ұмтылдым.

— Қасым... Ұят қой, — деп қолымды жаймен серпіді.

Аңсағаннан басқа дүние есімнен шығып кеткенін сонда барып ұқтым. Ыңғайсызданып айналаға алақтадым... Анадай жерде бір - екі адам келе жатыр екен. Қысылғанымнан оның қолындағы тор қалтасына жармастым. Ол да түсініп бере қойды.

— Қашан келдің?

— Ертеңгісін. Саламат жүрсің бе өзің?

Мен амандасуды да ұмытыппын.

— Жүрміз ғой, өзіңнің денсаулығың қалай? — Оның бас - аяғына көз салдым. Бұрынғыдан толысқан.

Ол менің бетіме тура қарамай қырындай береді. Әлденеден қысылатын тәрізді. Сөзінен шыға алмағанына ұяла ма, жүзін төменшік ұстайды.

— Жақсы, — деді аяғының ұшына қарап, — ол - пұл керек боп магазинге шығып ем, көп күттің бе?

— Жоқ, жаңа естідім, — дедім мен сарыла тосқанымды жасырып.

— Торымды тастап шығайын, — деді ол жатақхана есігінің алдына келген соң.

Ішке кірді де шықты. Кеш салқын болар деді ме, үстіне боз костюм киіпті. Біз Сарқырама көшесіне түсіп, бет ауған жаққа жүріп келе жаттық.

— Неше сабағың қалды? — деді ол баяу тіл қатып.

— Екі сабағым.

— Бітірген соң қайда баратын болдың?

— Аспирантураға.

— Жолың болсын! Білгенмін аспирантураға түсетініңді. Кеш түссе де ыстық басылмаған - ау, қапырық қой.

— Бұл жердің ауасын жатсынып кеткен шығарсың?! Үйренесің ғой.

— Осы жерде тұрмаған соң үйрену қайда. Бір ай боламыз ба, болмаймыз ба тағы кетеміз.

— Неге олай дейсің?!

— Бұрынғыдай емессің... Мен сағыныштан өлердей болдым ғой.

Мен де сағындым. Жүрегімнің бір түкпірінде сақтаулысың сен. Ұмытқан емеспін.

— Сен болсаң жүрегімнің бір түкпірінде емес, бүкіл жүрегімдесің, бүкіл кеудеме толған алтын сәулесің. Анада алтын сәуле туралы айтып ем ғой, есіңде ме?

— Қай жерде? — деп ол есіне түсіре алмай абыржыды.

— Дария жағасында.

— Иә... иә... — деп мақұлдады. Сонан соң мұңайып:—Білем, сен мені кінәлап жүрсің. Уәдемнен шыға алмай қалдым... Айтпақшы, мен саған қызымды көрсетейінші, — деді де кенет жадырап, костюмінің ішкі қалтасынан қағазға ораған фото алып маған ұсынды. Ләззатым менің.

Шашы жалбыраған сәби. Ештеңеден қамсыз жан. Екі езуі екі құлағында, күліп отыр.

— Өзіңнен аумай қалыпты. Құтты болсын!

— Мына бұйра шашы ғана папасына тартқан. Ол өзіне тартқанына риза.

— Қасым, сен мені кешір. Мен сенің алдында айыптымын. Сені сүйе тұрып, саған жете алмадым. Араға мына сәби түсті. Күйеуімнен кетсем, баламның алдында қарабет болатындай сезіндім. Кішкентай сәби мені тағдыр қазығына жіпсіз байлады. Кешір, кешір! — деп өксіп жылап мойныма асылды.

Маңдайынан сүйіп, шашынан сипадым.

— Әлдеқашан кешіргенмін. Мен сені не деп айыптаймын, — дедім мен оны жұбатып. — Оралмасыңды да білгенмін. Өмірде сен тірі жүрсең, бақытты болсаң, сол маған жетеді.

— Солай ма, Қасымым. Біліп ем сенің мейірбан жан екеніңді, — деп ол жас жуған бетін бетіме басып, жауыннан соң ашылған аспандай жадырады...

Бір айдан соң сессиясын бітірген Аңсағанды поезға мінгізіп салдым.

Ол менің маңдайымнан сүйді.

Қош, Аңсаған!

Қош, алғашқы махаббатым менің!

Сенің де маңдайың ашылсын! Мен сені өмір бойы ұмытпаспын!

ЭПИЛОГ ОРНЫНА

Уақыттың құмға сіңген су секілді лезде қалай өтіп кеткенін сезбей де қалады екенсің. Қарап отырсам, із - тұзын аңдатпай талай жылдар сусыпты. Мен институттан соң аспирантураны тауыстым. Әдебиет саласынан кандидаттық атақ алып, өзім оқыған институтқа оқытушы болып қайта оралдым. Мақпал біздің үйден кеткен соң қайта тұрмыс құрып, Арал теңізінің бір қолтығындағы балықшы ауылына кеткен-ді. Кейін естідім, жүрек талмасынан қыршын көз жұмыпты. Ерте үсік шалып, ерте қызыл гүлдің жас ғұмырын ойласам, осылай аяқталуына өзімді кінәлі санап, өзегім өртене қапа - мұңға тоғытыламын. Тулаған теңіздей қым - қуыт өмірдің кездейсоқ толқынын уақытша табыстырған бейкүнә жанның алдында басымды иіп: «Кеше гөр, Мақпал, топырағың торқа болсын», — деп мінәжат етем... Аңсаған бақытты. Менің оған деген тілегім де осы еді ғой. Сол өз ауылында Ләззатынан басқа екі ұлды болған. Оны мен талай іздегім келген, көргім келген. Соған бірақ батылым жетпей - ақ қойды. Айнадай жарқын от басының өміріне көлеңке түсер деймін бе, әлде өзімнің әлі жазылмаған жарамның аузын қасып ушықтырып алармын деп қорқамын ба, әйтеуір жүрегім дауаламайды. Қанша қыңыр болғанмен әкенің аты әке емес пе, бірер жыл тоң - торыс боп жүрді де ақыры «қайтейін, іштен шыққан шұбар жылансың ғой сен, бетіңнен жарылқасын... Заманыңа қарай амалың шығар, балам» деп кешіріп, табысып кеткенбіз. Бірақ та қанша шақырғаныммен менің қолыма көшіп келмей қойған. «Қалаға үйрене алмаспыз, шырағым. Жылы орнымызды суытпай, ата-мекенімізде отыра берейік» деген.

Апам байғұс желіде ботасы қалған інгендей аңырып жиі қатынайды. Өзі де шөгіп, қартайып барады. Келген сайын «Қасым - ау, үйленсей. Сенің тұрмыс құрғаныңды көріп өлсем, армансыз кетер едім», — дел кемсеңдейді. Менің алғашқы қуанышымның да, алғашқы мұңымның да куәсі болған Мауыты жеңешем ағайын рұқсатын алып, күйеуге шығып кеткен.

Жалғыздықтан өзім де қажып біттім. Оның үстіне әкем мен шешемнің де төрінен көрі жуық боп қалды. «Қой, елге ермек боп жүргенше көңіліме жаққан біреуге үйленейін, — дедім. Институтта бірге істейін, ағылшын тілінен сабақ беретін, басы - аяғы түзу, өзі момын бір қызбен сыйласып, сөз салғалы жүр едім. Мына бір жағдай келіп килікпегенде, осы күні үйленіп те қояр ма едім, қайтер ем...

Абитуриенттер келіп жатқан кез еді. Түс әлеті. Тіл - әдебиет кафедрасының бөлмесінде профессорды күтіп отырғанмын. Бір кезде есік қағылды.

— Келіңіз.

Уыздай жас қыз кірді. Абитуриент болар деп шамаладым. Үстінде қазіргі үлгімен тігілген шолақ көк көйлек.

— Сәламатсыз ба?

Қыздың көзіне көзім түскен сәт жүрегім шымырлап, орнымнан ұшып тұрдым. Екі қолымды бірден созып:

— Сен... Сен... Аңсағанның қызы емессің бе! — дедім.

— Иә, — деді таңданған қыз көзі алақандай боп.

— Ләззатсың ба?

— Сіз Қасым ағайсыз ба?

Құшақтап маңдайынан сүйдім.

— Мамам да, папам да сізге сәлем айтты.

— Рақмет, саламат болсын.

— Иә, өзің институтке түсуге келдің бе?

— Иә.

— Талабың оңғарылсын. Қайда орналастың?

— Жатақханаға.

— Мұнда жай келіп пе ең?

— Сізді іздеп. Мамам хат беріп еді.

Жүрегім өрекпіп соғып, ол ұсынған хатты аштым. Аман - саулық айтыпты. Ләззатыма көз - қырыңды сал депті. «Барып қайтуға күнделікті тірліктен шыға алмадым. Сосын со жақта өзің бар ғой деп сендім», — депті.

— Айналайын, дайындала бер, — дедім мен оның дөңгеленте қиған келте қара шашынан сипап, — жатақханадан өзім тауып алам.

Ләззат кеткен соң хатты қайтадан тағы бір оқып шықтым... «Өзің бар ғой деп сендім» Осы бір сөйлем тыныш жатқан көңілімнің айдынын оқыс соққан дауылдай астаң-кестең ғып, сапырып өтті. Ауыр соққыдан есеңгіреген жандай сүйретіліп орнымнан тұрдым. Профессорға кездесуді де ұмыттым. Тысқа шықтым. Шілде күні жанып тұрған. Сарқыраманы бойлап жүріп кеттім. Содан дария жағасынан бір - ақ шықтым. Бір кезде Аңсағанмен қатар тұрып топырақ үйген тоған мүлдем беріде қалыпты. Баяғы шұқанақ, апан - үңгірлер атымен жоқ. Аспанмен тілдескен ақ теректер де көрінбейді. Тоғанның қала бетін тақтайдай ғып тегістеп, ақ теректерді қырқып, оның орына жас тал егіп, баққа айналдырған. Қылқандай біртегіс өскен жас нуды бүгін ғана көргендей таңданамын. Аңсағанмен, аяулы махаббатыммен бірге өткізген күндерден, жастық шағымның қызықты күндерінен еш із қалмағаны ма деп бас шайқаймын.... Жоқ, ол із менде, менде дегендей боп жүрегім дүрсілдейді. Тұла бойым бір ысып, бір жанып, май басып қалыңдап, бұйығы тарта бастаған денеме ыстық қан ойнайды. Кеуде сарайым қуанышқа толғандай боп тебіренемін.

...Аңсағанды ұмытпаппын.. Мен осы кезге дейін дүниедегі бар әйелден Аңсағанды ғана іздеп жүр екенмін.

Қалаға маса шыға қайттым. Сылқиып шарапқа тойған адамдай мас едім. Әлгі сөз айтқалы жүрген қызымнан тағы да айнып қалдым.

Менің сырым осындай, айналайын. Ағаңды жиырмасыншы ғасырдың Мәжнүні екен деп күле көрме!


Пікірлер (1)

Гүлдана

Тамаша

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...