Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Аққу

Драмалық поэма

Қатынасушылар

Хан 50-дің ішінде.
Қанікей Ханның сүйікті бәйбішесі, 40-та.
Аққу Ханның жаңа алғаны, сұлу, 18-дерде.
Бөгде сарай ақыны, 50-лерде.
Талап Асқан сұлу, архитектор (шебер) 25-те.
Құлқұмыр.
Жасауыл.
Гүлгүл, күтуші әйелдер, еріксіздер, жасауылдар.

БІРІНШІ АКТ
БІРІНШІ КАРТИНА

Сарай іші, хан. Оңында Қанікей, солында Аққу. Бөгде де бар. Жасауылдар, нөкерлер, жорыққа аттану мерекесінің, үстінде.

Бөгде
Ей,
Жортып - жортып алмаса,
Жонды жосып шалмаса,
Жолбарыс тыныс алар ма?
Жаратып жүйрік мінбесе,
Жасанған жауға кірмесе,
Батыр тыныс алар ма?
Желбіретіп ту алмай,
Жапаннан атын суармай,
Жат жердің шөбін бастырмай,
Жат қақпасын аштырмай,
Садақтың оғын тартқызбай,
Сайысқанды жатқызбай,
Алысқанды құлатпай,
Сауғаға басын сұратпай,
Хан да тыныс алар ма?
Жырлағанда жорықты,
Жөнелткенде өлеңмен
Дауылдай соққан көп топты,
Төгіп - төгіп өтпесе,
Жыр қанарын сөкпесе
Ақын тыныс алар ма?

Хан сүйсініп ез кесесімен Бөгдеге шарап ұсынады.

Хор
Аттанса қол, көл шайқалып тасқандай,
Өңшең батыр өктем-өктем басқандай.
Тұлпарлардың екпінінен жел есіп,
Адам тұрсын, тау мен тас та басқандай.
Жеңбес батыр - ер тоқымын жастанбай,
Жеңбес батыр - ұмтылмаса жасқанбай.
Мадақтаймыз жүректілер жорығын
Қамалдарды талқандап жол ашқандай.
Жүйріктердің тұяғына шаң жұқпай,
Жүректілер қасірет тартпай, қан жұтпай.
Табысайық есен-аман шаттықпен
Күй күңіренбей, әннің дауысы қарлықпай.
Жасауыл (қол қусырып)
Алдияр, тақсыр, алдияр,
Ат тұмсығын тақады.
Алыстан келген бір шебер,
Алдында тұр сарайдың
Әмір болса кіреді.

Хан
Кіргізіңдер, тоқтатпаңдар (Қуанып),
Сен баста әуел жырыңмен. (Бөгдеге).
(Шебер кіріп, хан алдында бас иеді.)

Бөгде
Келбеті келген шеберім,
Аса түссін өнерің.
Алдында тұрған ханымның
Орындайсың дегенін.
Әлемнен асқан бір сарай
Салдырам деп ойлайды,
Салдырмай соны қоймайды,
Табасың, іздеп керегін.
Талай шебер келген-ді.
Талайын хан көрген-ді
Серттесуге сай келмей
Ізімен бәрін қайтарды.

Шебер ханның өз лебізін естігісі келгендей тіл қатпайды.

Xан
Жарасар өзім десем жер тәңірісі,
Таласар құдіретіме қандай кісі.
Төрт бұрышын дүниенің кернегендей
Тасқындай әскерімнің алып күші.
Ойымнан кетпей жүрген бар арманым
Тетігі сол арманның сенде, жаным.
Болғанша ақыр заман құламайтын
Соғып бер алтын күмбез, - дейді ханың.
Әмірім сол - орындайсың хан арманын,
Аяма шашылар деп дүние, малым.
Сал сарай атағымды асырғандай
Ай, күндей болсын ырза екі жарым.
(Талап ойда)

Хор
Алтын сарай соғылады,
Ай мен күндей сұлуларға.
Асқан шебер, көтер басты,
Ауыр көрме, көп ойланба.
Алтын сарай соғылады,
Ай мен күндей сұлуларға.
Асқан шебер, сөзіңді бер,
Алдыңдағы ұлы ханға.
Жүрексінбе, ойлы жігіт
Шебер соқпас мүлік бар ма.
Сертті сөзді айт бекініп
Хан сүйетін сұлуларға.
Хан, өмірің қиын сауда
Таңмын білмей, не боларын,
Айып көрме, салма дауға
Мендей жанның ойланғанын.
Сұлу сарай салған жақсы,
Сұлулыққа жеткізе алса,
Сұм тағдырым не болмақшы,
Соған күшім жетпей қалса...
Сарғайсам да, қан жұтсам да,
Сыр бермеске будым белді.
Сертім біреу айтар мұнда
Жолымды хан бөгемейді.
Алдымда тұр нар тәуекел,
Сүйендім мен соған енді.
Я бақытым, я болар шер,
Аямайсың жәрдеміңді.

Xан
Аспан күйреп, жер ауса да,
Бітсе сарай болғаны,

Аққу
Гүлгүл, бері кел,
Құрметі үшін ұлы хан,
Уәде үшін айтылған
Қонаққа шарап алып бер.
Гүл шарап ұсынады, құйған Аққу, Талап тартып жіберіп құрметпен тәжім етеді.

Жасауыл
Алдияр, тақсыр, алдияр
Атқа қонды қалың қол.
Жорық күйі басталды,
Жортуылға жұрт әзір,
Күткеніміз сіз ғана.

Xан
Әкеліңдер қаруды,
Айлап сапар шегемін
Қарсыласар ел болса,
Қанын судай төгемін.
Ұлы найза ұшымен
Алдымнан жол саламын.
Ақ алмастың жүзімен
Айқасқанды шаламын.
Бағындырып, көндіріп
Қайта оралып келемін,
Шеберімнің өнерін
Жеңіп келіп көремін.
(Қару-жарағын асына бастайды).

Қанікей
Жолы болсын ханымның,
Болсын жолы аттанған.
Тәңірі сүйген жарымды
Тапсырамын тек саған.
Асқан сарай күмбезін
Көрсін көзім жыламай,
Табысайық шаттықпен
Тажың бастан құламай.

Құрмет көрсетушілер ханмен қосыла шығады. Әлден кейін жүрегіне махаббат жалыны түскен Аққу кіреді.

Аққу
Адам ба, періште ме көзім көрген,
Пері ме махаббаттың маған келген.
Жарқ етіп нажағайдай көз жанары
Күйдірді өзегімді кірген жерден,
Өңім бе, түсім бе әлде, бұл неткен жан,
Көрсем деп көзім тағы құмарланған.
Бақытымның жаңа туған жұлдызы ма
Сөнбестей жүрегімнен орын алған.
(Жаңа кірген Бөгдеге).
Атанған ойшыл жүйрік ақын
Бөгде Адам жоқ сыр айтарлық сенен өзге.
Арнаулы махаббаттың бұлбұлысың,
Тартынбас топ жарғансың, сөйлер сөзге.
Айтайын ақын Бөгде жасырмайын;
Дерт болып келген шебер салды уайым.
Күтемін сұрағыма жалғыз жауап
Соға ма Хан сарайын, жан сарайын?

Бөгде
Ұғамын, сәулем, Аққуым (ойланып).
Шағайын деген зарыңды,
Бұрған екен жүрегің
Көріп жанған жалынды.
Сен аққусың, ол сұңқар,
Сен ақ бөкен, ол тұлпар,
Айтсам ойда барымды.
Ойладың ба, шырағым,
Қаһары қыстай ханыңды.
Артың тұйық, алдың жар,
Айта алмаймын, шүбәм бар
Ашылар деп бағынды.

Аққу
Ақын Бөгде айтты адал,
Артым бұлдыр, алдым жар.
Қуатым жоқ құтқарар,
Жолым нәзік, ақылым дал.
Ақ жүрегім талпынар,
Алдымда үміт бар шығар.
Аузымды ашпай тұншықсам,
Күйдірмей ме ішкі зар...
Қабыл етсе қарғамай
Қайта серпу болмаса - ау.
Бір күн ләззат татқандай,
Болмас мың күн құр жасау.

Бөгде
Гүлге бұлбұл ынтығар,
Махаббатты үн шығар.
Сүйем гүлді, бұлбұлды,
Бар жазығым сол шығар.
Айдынға қу ынтығар,
Ынтығудан мұң шығар.
Сүйем көлді, Аққуды,
Бар жазығым сол шығар.
Аңсаған жас ынтығар,
Ащы зардан тіл шығар.
Сүйем жастық жүректі,
Бар жазығым сол шығар.

Екінші акт

Түн. Сарайдың басқа бір бөлмесінде Талап қиялда.

Талап
Жатырмын жалғыз ойланып,
Жат жерде, жат хан қолында,
Жетем бе елге айналып,
Жамандық бар ма жолымда...
Жайдары жүз бір жан жоқ
Я солымда, оңымда.
Жәрдем болар медеу боп
Жақыным жоқ соңымда.
Жаға қойса сарайым,
Жатпаспын хан торында.
Жайсыз шықса талайым,
Жастай көрер сорым да...
Жоқ. Налудан пайда не,
Жайымды ұғар кім мұнда.
Жігер мен ой екеуле
Жабырқатпай жар бол да.

Ауызғы үйге Гүлгүлді ертіп, перде жамылған Аққу келген, батып кіре алмай қиналады.

Аққу
О, жасаған бұл не ғажап,
Қарсы алар ма, қор етер ме.
Ұшқарақ ой болып мазақ,
Қан жұтқызып күңірентер ме.
Әйел үшін қандай қиын
Аяғынан іздеп келу...
Ұнатпаса алар сыйым –
Қайту, қара жердей болу.
Бұл түн шешер тағдырымды,
Алдым жұмбақ, әл жоқ менде.
Жа түсінер, жа дер жынды
Көндім - көндім не көрсем де (Кіреді).

Талап
Адам ба әлде пері ме
Бетіне перде жамылған.
Идім басты әміріңе
Бұйырасыз не маған? (Басын иеді).

Аққу
Сөкпе, құрбым (қалтырап)
Түн жамылып келді деп.
Сөкпе, құрбым,
Қиялымды бөлді деп..,

Талап
Ойламаңыз ондай ойды,
Жаным таза жат пікірден,
Көтеріңіз пердеңізді
Күн сипатты жүзіңізден.

Аққу
Сызға шыққан гүл едім (бетін ашып)
Сарғаюға жетіп ем.
Үмітсіздің бірі едім,
Талпынбасқа бекіп ем.
Күтпес жерден күн шығып,
Кірді қуат жаңадан.
Өлме десең тұншығып,
Жаз жанымды жарадан.
Құяры жоқ көл едім,
Жақын едім кебуге,
Бекінейін деп едім
Бәріне де көнуге.
Ағын өзен құйғандай
Құшағыма жаңадан,
Күрсіндірмей, қинамай
Жаз жанымды жарадан.

Талап
Сенейін бе, сенбейін бе,
Бұлдырлаған, көзім, саған,
Әлде көрген түс дейін бе,
Тәтті қиял айнымаған..,
Көзі нәркес, көзі кеусер,
Нәзік даусы қалтыраған,
Махаббаттың тәңірісі дер
Кім де болса көрген адам.
Әлде жарық Зура жұлдыз
Түсті ме екен арнап маған.
Әлде түнгі елеспісіз,
Енді не бар айтылмаған...
Көрдім түнде жанған жарық,
Көбелектей ұшты жаным.
Жалыныңды шыр айналып
Күйсін - күйсін қанаттарым.

Аққу басын иеді. Осы кезде ғайыптан махаббат сұлуларының сықсың салған әндері естіледі.

Аққу
Махаббаттың сұлулары
Айналып жүр төбемізде.
Салған әні - тартулары,
Шашқан шашу екеуімізге.
(Бетіне қуанып ойнап, тағы тыңдайды).

Талап
Махаббаттың сұлулары
Әндетеді елеп мені,
Жақсылыққа ұйғарғаны,
Тәтті жырдың төгілгені.

Тағы да тыңдасады, жақындаса түседі, хор сыңсып алыстай береді. Екі жас біріне-бірі құшақ жайып жақындаса береді, Терезеден тілін жалақтатып Құлқұмыр қарайды.

Құлқұмыр
Ой!
Кұшақ жайды екеуі де,
Көз қадасты бір-біріне.
Асықпасын зар қылармын
Еркін жүрген күндеріне.
Мен білгенді - жел біледі,
Жел білгенді - ел біледі.
Ханға және жеткіземін,
Қадірімді өткіземін.
Бұлар жылар, мен күлермін,
Жетер қолым баққа тегін.

Құлқұмыр жоқ болып кетеді. Екі жастың қолдары айқасып ұзақ сүйіседі.
(Бөгде кіреді).

Гүлгүл
Ақын Бөгде, жалынамын тоқтаңыз!

Бөгде
Неғып жүрсің сен мұнда?

Гүлгүл
Шебер әмір етіп еді
Кіргізбе деп бөтен жан.

Бөгде
Аққу сұлу осында ма?

Гүлгүл
Жо... жоқ айта көрмеңіз.

Бөгде
Білем, Гүлгүл, жасырма
Тілеулеспін өзім де.

Гүлгүл
Айналайын, әке жан,
Шығара көрме аузыңнан.
(Екі жас ұзақ сүйісіп болған.)

Аққу
Сүйгенім, сүйгізгенім, берілгенім,
Отыңа ғашықтықтың көмілгенім.
Толқыған жүрек байғұс тыншу тауып,
Арманым әлсіреген алды демін.
Аспан, ай, ант етемін сендерді атап,
Күнәсіз жүрегім пәк, тілегім пәк,
Айнымас ақ ниетім - махаббатым
Тұрса да қан сорғалар семсер тақап.

Талап
Іштім мен өмірімнің бал шәрбатын,
Таптым мен күйлі көңіл салтанатын.
Махаббат маңдайымнан өтті сипап
Жайып кеп жарылқайтын оң қанатын.
Ант етем, куәм өзің жігіт жасым,
Арман жоқ сүю үшін кетсе басым.
Белгіге кейінгіге құламастай
Соғамын ғашықтардың мұнарасын.

Гүлгүл
Қорқамын, қалтыраймын неге сасып,
Жетер ме мұратына екі ғашық
Білсе Хан, қатуланып қаһар етсе,
Қарғар кім сорлыларды қарсыласып...
Әлдекім алса хабар мынау түннен,
Тоқтар да өсекшілер жеткізуден...
Жарасқан сұлуларға не болмақшы
Жасаған, сақта - сақта ондай күннен.

Бөгде
Десем де көп жырлайын жазғы сәнді,
Жазғы өмір кеп жасамай күл боп жақты.
Исрафыл сүрін үріп борандатып,
Сарғайтып солдырады жапырақтарды.
Десем де көп жырлайын шат жандарды,
Көремін жасай алмай жасқанғанды,
Шаттықты шарықтаған қайғы жуып,
Айтамын амалсыздан жылағанды.

Екінші акт.
ҮШІНШІ КАРТИНА

Сарай алды, әріде салынып жатқан жаңа сарайдың фоны. Тас тасыған еріксіздер отырып демалысады.

1 еріксіз
Соғар емес айналып,
Судай ағып өткен күн,
Солғанша, тіл байланып
Сорлы жанда жоқ тыным...

2 – еріксіз
Түнде ғана түсіңе
Өзге дүние енеді.
Оянған со алыстап
Тұмандана береді.

Еріксіздер хоры
Мылқау, меңіреу қара тастай айнала,
Зар түсінер, ұғатын жан болар ма.
Өмір шіркін өтіп мәңгі айдауда
Қайғы үстіне тағы қайғы толар ма.
Бел бүгілген, тер ағады тамшылап,
Арқа жауыр, дел-сал дене қажыған.
Шаршағанда айдап малдай қамшылап
Татырмайды талған кезде түйір дән,
Тер мен жасқа әрбір тасы иленген
Тоқтар қашан алтын сарай жұмысы.
Еркіндікті арман етіп күтемін
Бітер ме екен сорлылардың тынысы...

Екі күтуші мен Қанікей шығады. Ашумен жоғарыдан қарайды.

Қанікей
Бұл не қылған отырыс,
Бұл не қылған еркіндік.
Қабылдаңдар, жалқаулар.

(Қолын көтереді. Еріксіздер кетеді.)

Қарай-қарай жолыңа көзім талды,
Қайтар кезі болды ғой арыстанның,
Жетпей жатыр қалайша хабар алды
Баяндайтын жеңісін ханзаданың,
Жеңіспен армай, ашпай ойнап-күліп,
Жайраңдап жортуылдан қайтса
Ханым, Жолына садақаға шашу қылып,
Ауызын аштырамын қазынаның.
Әлі түс көрген емен шошынарлық,
Демерім, сүйенерім осы ғана,
Кетпеп пе Хан көңілін жат аударып
Қолымнан бесенемді байқап қара.
(Қыздарға алақанын жаяды.)

1 - күтуші
Жүзіңіз жарқын,
Көңіліңіз тасқын,
Ойлары Ханның сіз ғана.
(Қанікей күлім қағады.)

2 - күтуші (қуланып қарап.)
Көрсем, - дейді,
Сүйсем, - дейді
Аққуды да аз ғана.
Қанікей қолын қағып жіберді. Бөгде кіреді.

Бөгде
Мұнша неге кешікті екен
Ханның қайтқан хабары...
Күтушілерді ишаратпен шығарып жібереді.

Қанікей
Ақын Бөгде тілге шешен,
Бар сұрайтын сауалдарым.
Сауалымды көрмей бөтен,
Шыныменен бер жауабын.

Бөгде (иіліп)
Ақылым жетсе, алдияр.

Қанікей
Ит құтырса,
Жанталасса,
Өз иесін
Өзі қапса,
Не болады жазасы?

Бөгде
Жүгірте бермей
Кезбені,
Қаптыра көрмей
Өзгені,
Құрту болар жазасы.

Қанікей
Дос көргенің
Дұшпан болса,
Аяғыңа қақпан құрса,
Не болады жазасы?

Бөгде
Асырмай тұрып Айласын.
Дарытпай тұрып Найзасын,
Өлтіру болар жазасы.

Қанікей
Ханның сүйген
Жары болса,
Жат адамға
Көңіл бұрса,
Не болады жазасы?

Бөгде
(Бөгде ойланып қалады.)

Ханның сүйген сұлу жары,
О да сүйген болса Ханды.
Мүмкін емес өзгеруге,
Жар етуге жат адамды.

Қанікей
Ақын Бөгде, жалтақтама, (ашулы түспен.)
Жар кезіне шөп салған бар.
Жетпей көзің құр ақтама,
Ханда билік қалған шығар!

Бір топ нөкерлер сарай алдына жүгіріп келеді.

Топ
Сүйінші, Ханым, сүйінші
Оралды Хан жорықтан.
Сүйінші, Ханым, сүйінші
Серпілсін ой қорқытқан.

Қанікей қалтасынан уыстап күміс шашады.

Қанікей
Алайын қарсы күтіп сүйген жарды,
Құшайын сағындырған арыстанды,
Жайыңдар жібек кілем, жер баспасын,
Шашыңдар құрметіне алтындарды.

Қанікей, Бөгде күтуге шығады.
Кілемдер жайылып қалған.
Екі жағы күтушілер,
Хан бәйбішесімен жоғары шығады.
Халық жорықтан қайтқан құралды батырлар.

Xан (көтеріңкі)
Тасимын деген өзенді
Сағасынан байладым.
Тосамын деген кезеңді
Тосқан жерде жайладым.
Қайсармын деген еменді
Дауылдай соғып құлаттым.
Қайыспаймын дегенді
Қалтыраттым, жылаттым.
Жайлауын жаудың шаңдаттым,
Шаңдатпадым қандаттым.
Ұл мен қызын зарлаттым
Шұбыртып малын айдаттым!
Сарайымды салушы
(Салынған сарайға күлімдеп қарай.)
Шеберім қайда, дос-жаран?
Көрісейін құрметтеп
Шақыр, Бөгде, тез маған!
Көрініс. Бөгде Талапты ертіп келген.

Талап (көңілді, тәжім етеді)
Алдияр, түзден қайтқан, жау жорықтан,
Алдыңда тәжім етіп идім мойын.
Асырып атағыңды барлық жұрттан
Ерлерің сансыз жауға салған ойын.
Даңқыңа дәл келгендей алтын сарай,
Соғуға сертін берген мен шеберің.
Қалың ел кіріскелі етті талай,
Ағызып ап маңдайдан ыстық терін.
Мәрмәрдан әрбір тасын тіздім теріп,
Аямай ойда барды, қолда барды.
Айтарсыз бағаңызды көзбен көріп
Жалғыз-ақ айлы күмбез бітпей қалды.

(Хан рақымды түспен келіп Талаптың арқасынан қағады.)

Хан
Рахмет, саған шеберім,
Рахмет ұлы ханыңнан.
Сені ұлыма теңедім,
Бердім орын жанымнан.
(Қасына отырғызады.)

Хор
Жайратып, жайпап сырттан жауды,
Тәңірдей хат ашты: майдан.
Жолбарыс сынды батырларды,
Жусатып хан ашты майдан.
Жалындай жанған өр Темірдің,
Темірдей берік қалың қолы.
Тартып шеру, бастаған ердің
Жапаннан салған жатыр жолы.
Майданнан қайтса нақышты сарай,
Тілдеседі көктегі күнге.
Асырған шебер мақтауға сай,
Көрсеткен өнер хан Темірге.
Алғыс, атақ шеберге төгіп
Береміз, сүйіп шын жүректен.
Өмірлі болсын өнерлі жігіт
Өлмейтін мәңгі іс көрсеткен.

Қанікей (күлімдеген боп).
Тынықсын хан, дем алсын
Тараңдар, халқым, әзірге.

Жұрт тарап кетеді. Қанікей мен Хан ғана қалған. Қанікей қуанышты ханына еркелей жақындап.
Егескенді жеңгенде,
Ат арытып келгенде,
Сағынысып көргенде
Суық хабар сөйлесем,
Ашу етпе, сүйгенім

XАН (шошына)
He дейсің, айтшы шының бa?

Қанікей
Шыным, шыным, жұбайым.

XАН
Әлде күнім сөнді ме,
Сұлу Аққу өлді ме?

Қанікей
Атағыңды былғайтын,
Былғамаса тынбайтын,
Бетіңе шіркеу болатын,
Етіңе дақ салатын
Ордаңда бір қайғы бар.
(Хан үрейленеді.)
Сүйдім деген сұлуын,
Артық көрген Аққуын
Өлгенменен бара - бар.
Жарасыпты шебермен
Жүрегін соған беріпті,
Күнің туды айрылар.
(Темір аң-таң, күйінеді.)

Хан (шошып)
Тыңда мені, Қанікей,
Сүйгенімнің бірі сен.
Ақ болмаса айтқаның.
Суық семсер сермесем,
Сұрамайсың кешірім.

Қанікей (қайтпай)
Ойламасам қамыңды,
Қорғамасам арыңды.
Байла ажалдың оғына.
Таста тамұқ шоғына,
Сұрамаймын кешірім.

Xан
(Сылқ етіп отыра кеткен)
Жібер мұнда сұм сұлуды...

Қанікей кеткен, жанында жалын ойнаған Темір жалғыз, тұншығулы.

Рас па, мен шақырттым неге сұмды,
Күндестік пе, қызғаныш айнытпалы.
Жоқ, Қанікей шын, - дейді, мойынсұнды
Қанды суық қанжардай қаймықпады.
Шын ба, шын ба, шын болат шарт сынар ма?
Қан мен жас араласып төгілер ме?
Ыстық күнім сөнер ме, суынар ма?
Жер тәңірісі Темір де жеңілер ме?„
Жоқ, жоқ, жалған - өтірік есіткенім,
Жанға балар Аққуым періштемдей.
Құдіретіме қорқыныш салмай менің,
Жетші, сәулем. Кешіктің неге келмей.

Күндей көрікті Аққу шығады. Кішілікпен келіп Ханың алдына бас иеді. Хан бәрін ұмытқандай Аққудың екеуінен кезек-кезек сүйеді. Қайтадан есін жинаған.

Түзде жүрген ханыңды,
Қарғағаның рас па?
Кip шалмаған арымды
Былғағаның рас па?
(Жалынғандай.)
Жүректегі жалынның
Сөнетіні рас па?
Іштен шыққан жауымның
Жеңетіні рас па?

Аққу
Кемітпеймін басыңызды,
Сіз айбарлы - атайман хан.
Тайып құлар кездессе құз
Өзін қорға, болып панам.
Сену, сенбеу сізде қалды,
Болар менде қандай шара,
Әміріңіздің жетер әлі
Салам десе жанға жара.

Осы кезде түн сұлуларының сыңсу әндері естіледі. Хан тұнжырайды. Аққу еліге тыңдайды.
Дауыс сыңғырлап ұзай береді. Аққу құмарлықпен дауыс жаққа ұмтылғандай, ал хан үстінен жай түскендей шөгіп қалады.

Шымылдық;

Үшінші акт
ТӨРТІНШІ КАРТИНА

Сарай іші бірінші картинадағыдай. Он жақта ішкі есік Үй сыпырған Құлқұмыр жұмысын аяқтаған, көтеріңкі.

Құлқұмыр
Ха, ха, ха, ха, ха, ха,
Кеше рахат, мархабат,
Күлу сүю, махаббат.
Ха, ха, ха....
Бүгін жылау, қайғыру,
Қанатынан қайрылу.
Ха, ха, ха....
Көзді берген көруге,
Көріп хабар беруге
Күнәм қанша.
Ха, ха, ха.
Қуаныштан - қайғыру,
Сүю және айрылу
Қанша қызық.
Ха, ха, ха.

Сыпырғышымен шығып кетеді. Түпкі есіктен, қараңғы бөлмеден Аққу шығады. Қасында қос күзетші әйел.

Аққу
Аяңдаршы, құрбылар,
Аз ғана дем алайын,
Терезеден қарайын,
Көрейін жан сарайын.
(Аяңдап кеп терезеден жарық дүниеге қарайды.)
Күн, жарық күн сәулең қандай,
Жарқырайсың кең әлемде,
Жарығыңа мейрім қанбай
Жылай-жылай етемін бе...
Күн, жарық күн сәулең қандай,
Жер нұрыңа бөленуде,
Жылуыңнан сеп ала алмай
Жылай-жылай өлемін бе.
Махаббаттың анасы сен,
Мейіріміңнен шетке қақпа,
Ұрпағыңды ескер, шешем,
Құрғат жасын, көп зарлатпа.

Сырттан дыбыс естіледі, күзетшілер Аққуды ішке әкете бастайды.

Қараңғыға кеттім жаңа,
Қош жарық күн көргеніміз,
Мұң шағармын саған ғана
Қара жерге кіргенімше.

(Олар кіріп кетеді.)

Көрініс

Хан (қаһармен)
Қолынан қалай келмепті,
Күмбезі ме екен қиыны.
Алтын сарай салдырып,
Әлемге түгел жар қылып,
Болам ба екен масқара,
Бітіре алмай аяқтап.
Бітірмесең сарайды,
Қан басыңды алады,
Жүрегіңді жарады.
Дедіңдер ме шеберге?
Айтқаның бар ма осылай!

Жасауыл
Алдияр тақсыр, алдияр,
Айтқанда қандай, алдияр...
Сескенуді білмейді.
«Қолымнан енді келмейді
Айта бар», - дейді ханыңа.

Хан
Сен сөйлеші, Бөгде ақын,
Бұл қорлықтың емі не?
Бітпей сарай қала ма,
Арманым қараң бола ма?
Табармысың ақылын.

Бөгде
Әлемге даңқы жайылған
Сарайың сәнің, сұлтаным,
Істелмей қалса күмбезі
Кесірінен ұстаның,
Аяқсыз сөзі қалды деп
Күлкі қылар дұшпаның.
Осының бәрін ойланып,
Болар ма денмін орынсыз
Шеберге салған қыспағың.
Шақыртып кәзір ал деймін,
Арызына құлақ сал деймін,
Айтқанына көн деймін,
Қондыртам десең күмбезді
Кеңесіме сен деймін.

Xан
Келтіріңдер осында. (Ойланып.)

(Адам кетеді. Хан өзіне-өзі.)

Көрмейін деп ем дидарын
Амалым бар ма, не шара...
Жаяумен жалғыз арбасып
Болғаным ба бишара..,

(Талапты келтірген. Бетпе-бет тұр.)
Соғам деп сарайымды келдің, шебер,
Алдымда уәдеңді бердің, шебер.
Бас тартып алтын күмбез қондырудан
Қасарып қандай күшке сендің, шебер...
(Зәрлене).
Сездің бе бұған оңай көнбесімді,
Сөзіңе бекер айтқан сенбесімді.
Келгендей Ханға қарсы, тірескендей
Егесер таптың қандай теңдесіңді!

Талап
Өнерімнің өрнегі
Сүйем мен де сарайды.
Қор болуын еңбегі
Қандай шебер қалайды.
Қара тұман көзімді
Көлеңкелеп жабады.
Қайғылы дерт өзімді
Қалжыратып барады.
Алжасыппын, ақылым дал,
Қиналамын, бойым зіл,
Жөн табарлық жоқ амал,
Не қылсаң да өзің біл.

Xан
Олай болса, алтын күмбез орнына
Қояйын кесіп басыңды.

Хан семсерімен шап бергенде, Бөгде ара түседі.

Бөгде
Сабыр тақсыр, сабыр - ды.

Талап
Тапса семсер емімді
Тапжылмайын, көнейін.
Жаза алмаса шерімді,
Жасырам ба, не дейін.

Бөгде
Алдияр хан, алдияр
Ашуыңды сұрайын,
Ақылға мойын бұрайын,
Шебердің бойын меңдеген
Шебердің ойын кернеген
Қандай ауыр дерт екен.
Қандай жалын ерт екен?
Айтсын, тыңдап қарайық.
Табылса емін табайық.

Хан
Ойланған, өзгелерге шығуға ишарат етеді.
Айтсын кәне арызын,
Тағы да тыңдап көрейік. (Қиналады)

Талап
Ауруымның емі сізде
Айтпауымның жөні қанша.
Бәрі мәлім өзіңізге
Тек, тілегім қабылданса...
Періштедей Аққу сұлу (хан үрейленеді)
Күн жарығын жатыр көрмей.
Бір мен үшін солды сұлу
Қинап азап соққан сеңдей.
Босағанша Аққу тордан,
Көз алдымда жүрмейінше,
Басқа жұмыс келмес қолдан
Жер қойнына кіргенімше... (Бас иеді).

Хан есін жинап ақыл тапқандай, рақым көрсеткендей.

Xан
Бар тілерің сол болса
Қабыл алдым оныңды.
Бітіресің сарайды
Байламайсың жолымды,
Жұмса, шебер, қолыңды.
(Бөгдеге бұрылып.)
Келтір, Бөгде, Аққуды.

Аққуды алып шығады,
Сұлу қорқа басып келеді.
Қата болған екен, Аққу,
Қайттым - қайттым ашуымнан.
Тоқтамасын күлкі мен шу
Арылыңдар ауыр мұңнан.

Аққу
(Ханның аяғын құшып)

Айналайын ізіңнен
Қайырымы кең ұлы жан.
Жәрдем күтсем өзіңнен
Қорғанарлық бол панам.
Хан маңдайынан сипайын, - дейді.
Қолы күйгендей тартып алады.
Әкем дейін бауырлас
Қызыңдай көр ұлы Хан.
Қиын күнде төксем жас
Жұбатарлық бол панам.
Талап, Аққу
Жас тілекті жарылқап,
Аяғанға біз ырза.
Табысқанға махаббат
Барлық ұл мен қыз ырза (бас иеді).

Аққу
Махаббаттың сұлулары
Қайдасыңдар, келсеңдерші?
Жадырасқан жас жандарды
Күле қарап көрсеңдерші.
Махаббаттың сұлулары
Қағып канат келер қашан?
Жадырасқан жас жарлардың
Байғазысын берер қашан?

Нұрланған қуанышты жастар шыға береді. Хан сыртымен сүйсінгендей еді. Барлығы шығып кеткен соң, жалғыз құтырғандай аласұрады. Барлық ызасы қайнайды.

Xан
Шыққыр көзім не көрдің?
Шыныңмен - ақ көрдің бе?
Жүрегімді қолымнан
Жауға жұлып бердім бе?
Жұтып жалын, тұншығып,
Жер болуға көндім бе?
(Есін жинағандай.)
Көк иесі мен езім,
Жер иесі мен өзім,
Тастан қатты Темір мен.
Қаһарым қыстың қарындай
Заһарым жанған жалындай,
Жасуым тең өліммен.
Жоқ! Болмайды көнбеймін,
Орындалар дегенім
Біткен күні сарайым,
Ұрығын ажал себемін.
Дарға тартып, қосақтап,
Қалың елдің алдында
(Бөгдеге қарап.)
Қандарын судай төгемін
Куәм сенсің, ақыным!
Куәм сенсің, тәңірім.
(Көкке қарайды.)

БЕСІНШІ КАРТИНА

Айлы түн, тіпті ғажайып Айнакөлдің жағасы. Екі жағы жасыл орман. Көл бетінде аққулар. Талап қандай шамдардың, жарығымен әлдеқандай тамаша үйдің үлгісін (макетін) істеп жатыр. Ол дем алып көл бетіндегі аққуларға қызыға, күлімсірей қарайды.

Талап
Аққулар мөлдір көлде еркін жүзіп,
Қалқып жүр суға түскен ай нұрындай.
Қаласа қанат жайып қатар түзеп,
Кетеді еркін ұшып мұнда тұрмай.
Сұңқылдап сыбызғыдай дауыстары
Қайғысыз айдын келде күй шертеді.
Сағынған еркіндікті сорлыларды
Көтеріп қашан құстар әкетеді...
Ей, құстар, көтеруді көрсең ауыр
Жай беріп көк пен жердің арасынан.
Жалынам жеткіз сәлем, тастама құр
Сарғайған сорлы анаға баласынан,
Талап ойланып тұрғанда
Гүлгүлді ертіп Аққу келген.

Талап
Келдің бе, сәулем, Аққуым. (Құшақтайды.)

Аққу
Сенсіз жерде көз нұрым
Сусыз қалған балықпын.
Бергей - ақ та тілегін
Мен сияқты ғарыптың. (Сүйіседі.)

Талап
Мен үшін жүдеп тарығып,
Мен үшін жалғыз зарығып,
Сарғайма жаным, жұлдызым.

Аққу
Сен үшін өмірімнің бар қызығы
Сен ғана жүрегімнің сүйеніші.
Тұрса да көк алмастың төніп жүзі
Жүректің сенен алған қайтпас күші.
Жүгінбес ер махаббат құлшылыққа
Жөн іздер аспан, жердің арасынан.
Жарық күн жүз жасырып кірсе бұлтқа
Көзіңнің нәр алармын қарасынан.
Екеуі
(Құшақтасқан, үмітпен)
Жарқырап атса таң
Жер көрсек жайнаған.
Жадырап жасасақ
Жазықсыз екі жан.
Көкорай шалғыннан
Күмбезді үй салдырған
Сарғаймай жасасақ
Жазықсыз екі жан.
Жан болмай қайғырған,
Жар болмай айрылған.
Жүз жылдар жасасақ
Жарасқан екі жан.

Бөгде
Қос перзентім, кеш жарық. (Жайдары.)

Аққу
(Жүгіріп кеп оның мойнына асылады).

Досымыз Бөгде сіз ғана,

Бөгде (құшақтап)
Ұл мен қызым екеуің
Тұра алмаймын келмесем,
Жата алмаймын көрмесем.

Талап
Хан ызғары қатты ма?
Айтатын қандай ақылың бар?

Бөгде
Күн бар деме түн келер
Түннен де бар қорқыныш.
Жаз бар деме қыс келер,
Қыстан да бар қорқыныш,
Хан бар деме қайрымды
Ханнан да бар қорқыныш.
Жадыраңдар, күліңдер,
Қатерді де біліңдер,
Сақтық ете жүріңдер.

Талап
Әкежан, сенен бір тілек
Мына көлдің басында,
Жалындаған жырыңмен
Некемізді өзің қи.

Аққу
Тойымыз болсын сұлу түн
Мен де соны тілеймін.

Бөгде
(Екеуін қарсы алдына отырғызып, ағыза жөнеледі.)

Болсын, болсын шырақтар, (отырады)
Жырла десең жырлайын,
Жырымды неге бұлдайын.
Алдымда тұрған екі жас
Ұлым менен қыздайын,
Екеуіне тілеулес
Жыр төгетін тіл дайын.
Ай мен күндей егіздің
Ажарын қайғы шалмасын,
Басына сауда салмасын,
Жерде жүрсе егізім,
Аяқтан бәле алмасын.
Көкте жүрсе егізім
Қанаттары талмасын
Қастық етем дегендер
Қатарына бармасын.
Ішкендері бал болсын,
Жегендері жал болсын,
Бақыты оттай парласын.
Ұрпағы жерді кернесін.
Бақыттан басқа көрмесін.
Қартаймасын, өлмесін,
Жанған оты сөнбесін,
Арманға жетпей қалмасын.

Үшеуі
Секілді дүние теңіз толқындатқан,
Үміт ер толқындарға қарсы шапқан.
Алыстан батыр бақыт шақырады
Кім екен сол бақытты іздеп тапқан.
Күйзелмей көңіл қайтып қиянаттан,
Өр кеуде іздеген жол шартараптан.
Ішінде от пен судың ойнап күлсек
Есіткен достар үшін болар мақтан.
Әдемі айлы түннің шатырында
Жасап той имедік бас қайғы, мұңға,
Аққулар кел сұлуы жиналыңдар,
Шырқаңдар махаббатты қосып жырға.

Бөгде жастармен жылы қоштасып кетеді, тәтті сүйісі кен жас жандар. Олардың арман еткен, шақырған аққулары, су сұлулары қоршап алып ізет көрсетеді. Би көркем табиғатты, жастықты, махаббатты, достықты дәріптейді. Қанат қағуға, еркіндіктің рахат дүниесіне, қиялдан кетпейтін, қысылғанда жан көксейтін кең әлемге шақырғандай. Қанатты сұлулар қанаттарымен сипап өтіп, шын мүсіркеп мәртебелейді. Әлдеқандай ғажап гүлдер тартады. Махаббаттың рахатына бөленген жастар құмарлықтың ыстық бұлауына шомылғандай. Су сұлулары екі жасты қоршауларына алып сахнадан шыға береді.

Құлұмыр (екінші жақтан ортаға келген)
Ха, ха, ха, ха, ха, ха, ха, ха,
Бүгін рахат, мархабат.
Күлу, сүю, махаббат.
Ха, ха, ха,
Ертең жылау, қайғыру,
Қанатынан қайрылу,
Ха, ха, ха,
Көзді берген көруге
Көріп хабар беруге.
Күнәм қанша.
Ха, ха, ха
Қуаныштан қайғыру,
Сүю және айрылу.
Қанша қызық ха, ха, ха,
Ха-ха, ха-ха-ха-ха-ха-ха-ха

Шымылдық

ТӨРТІНШІ АКТ

Біткен жаңа сарай. Биік, жарқыраған күмбез. Ханның келу құрметіне жиналған жұрт күтуде, ішінде Бөгде де бар. Талап күмбезге алтын айшық орнатып жатыр.

Хор
Ер жүректі асқан шебер,
Соғып болды алтын сарай.
Қалды кейін ауыр күндер
Азап, бейнет керген талай.
Қайсар жігіт жеңілмеді,
Өнерімен озды дара.
Езген салмақ жеңілденді.
Шебер бізге болды пана.
Алтын сарай құрметіне
Босатар Хан енді бізді.
Рахмет шебер өнеріне,
Алып берер еркімізді.

Жасауыл
Ей жұрт, шегін - шегін кейін,
Хан келеді бас иіндер.

Жұрт шегініскен. Қасында Қанікей, ажары суық Хан Сарай алдындағы таққа отырады.

Бөгде
(Хан алдында тізе бүгіп)

Алдияр, тақсыр, алдияр,
Шеберің анау алдырған,
Сарайың мынау салдырған.
Тілдесіп көкке күмбезі
Көз мерейін қандырған
Әрбір тасын алтындап
Нақыштаған ойдырған,
Түнде жарық болсын деп
Жауһардан шам қойдырған
Құтты болсын айтамын
Қуанған жұрттың атынан.
Сарайды қабыл етіңіз,
Мейірімі кең ұлы хан.

Хор
Құтты болсын айтамыз
Қуанған елдің атынан.
Сарайды қабыл етіңіз
Мейірімі кең ұлы хан.

(Жұрт көзі ызғары тарамаған Ханда, қорқынышта.)

Талап
(Хан алдына келіп.)

Алдияр, орындалды күткен арман,
Жұмыс жоқ мен тараптан бітпей қалған.
Алдында алтын күмбез тұрмын күтіп,
Болар деп қандай әмір тағы Ханнан.
Алдияр, орындалды күткен арман,
Жазала жалғыз сөзім болса жалған.
Алдында алтын күмбез тұрмын күтіп
Болар деп Ханнан тағы қандай пәрмен.

Осы кезде ханның жасауылдары Аққуды қоршап қолын бұғаулап әкелген. Жұрт таңырқасады. Талап та Аққуға қарап.

Болар ма Ханның сөзі екі айтылған,
Қалайша Аққу торға шырматылған,
Кесіп айт билігіңді екеумізге
Білсін жұрт күнәмізді қоршап тұрған.

Xан
Басымнан сөз асырып көрген емен,
Жабығып жауға намыс берген емен.
Тірескен тас болса да талқандамай,
Айтса да тәңірі билік көнген емен.
Ей, халық, әмірімді тыңда бәрің,
Кім де кім бұзар болса хан пәрманын.
Қайтпайтын қаһарыммен беріп жаза
Ағызам аямастан ыстық қанын.
(Жұрт ығысады.)
Рахым жоқ, кешірім жоқ азғандарға
Арымды аяғына басқандарға.
Аққу мен әйел бұзғыш жады шебер,
Тартылсын көз алдымда енді дарға.

Аққу (Алдына тізе бүгіп),
Қашан саған, алдияр,
Сені жақын көріп ем.
Қашан саған, алдияр,
Жар деп жүрек беріп ем.
Торға түскен торғайдай,
Қарауыңа келіп ем.
Ішім жанған өлік ем
Талпына алмай көніп ем.
Шеберде не күнә бар,
Ғашық болған өзім, хан..,
Қаһарыңды менен ал
Құтқар оны жазадан.
(Халық аяйды, қиналады).

Xан
Тоқтат, өшір үніңді.

Талап
Не дегенің, перизат,
Қос көзімнің жанары.
Сенсіз дүние маған жат,
Мен әлемнің мазағы.
Жан боп тірі жүргеннен
Қалып Аққу жарымнан.
Қанша рахат бір көрде,
Қара топырақ жамылған.
(Халық аяйды, қиналады Ханға)

Жалынамын хан тыңда
Жалғыз сұрар тілек бар,
Өлерімнің алдында
Сол тілекке құлақ сал.

Xан
Тұра алмаймын саудаласып,
Тездетіп дарға тартыңдар.

Жасауылдар тап бергенде, тұрған халық Бөгденің ишаратымен алдарын бөгеп қалады.

Бөгде
Алдияр! Бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ,
Сабыр ет, жас тілекке зорлық қылма.
Шебердің мойыныңда ақысы көп
Сорлының жалғыз ауыз сезін тыңда...

Хор
Біз де соны тілейміз,
Айтсын шебер арызын.

Хан
Айтсын кәне, тыңдалық.

Талап
Алтын күмбез басында
Көздің жасын төгейін,
Сүйген жардың қасынан
Құлап жерге өлейін.

Хан (ойланып)
Бердім тілектеріңді.
Аққу мен Талап жоғары шығып кетеді.

Талап, Аққу
(Құшақтасып тұрып.)

Алтын сарай, салысқан ел,
Қош қайран жұрт, қош аман бол.
Айрылмастай табысқан ел,
Қош қайран жұрт, қош аман бол,

Хор
Қош, қыршындар,
Жас боздақтар..

Талап, Акқу
Қайғы дертті бірдей тартқан,
Қош қайран жұрт, қош аман бол.
Арқасына азап батқан,
Қош қайран жұрт, қош аман бол.
Қош, қыршындар, Жас боздақтар.

Талап, Аққу
Махаббаттың тілеулесі,
Қош қайран жұрт, қош аман бол.
Ғашықтардың қамқоршысы
Қош қайран жұрт, қош аман бол.

Хор
Қош қыршындар,
Жас боздақтар...

Xан
Тоқтатыңдар,

Орындалсын әмірім.

Жұрт тына қалады. Мұнараның басында екі жас ұзақ сүйіседі. Хан садақшыларына - ат деп әмір етеді: Құшақтасып тұрған екі жасты садақшылар атып құлатады. Халық, солай қарай лап бергенде.

Xан
Жібермеңдер тобырларды.

Хан адамдарымен құлағандарға кетеді. Халықты әскер жібермейді.

Бөгде
Шыққыр көзім не көрмедің,
Өткенің бе жылай-жылай.
Бұл әлемге неге келдім
Күйреуге ме, шыдай - шыдай...
Сыртым бүтін, ішім жалын,
Қайда бақыт мен аңсаған.
Қайда сүйген қыршындарым,
Халқым қалап ардақтаған.
Күндей ыстық махаббатты,
Кер көкіректер құрбан етті.
Қанатына садақ тартты,
Қара беттер қанын төкті.

Екі құрбанды хан адамдары көтеріп әкете береді. Басқа халықты әскер жолатпайды.

Хор
Күндей ыстық махаббатты,
Көк көкіректер құрбан етті.
Қанатына садақ тартты
Қара беттер қанын төкті.
Ханның сөзі болды жалған,
Әділдікті қорлады хан,
Көзді жаспен басты тұман
Қыршын кетті екі құрбан.
Қанат жайған сұңқарларды,
Қара заман жықты дарға.
Аянышпен айтар мәңгі
Ғашықтарды еске алғандар.
Айлы күмбез алтын сарай,
Арнап салған сұлуларға.
Ескерткіш бол естен қалмай
Жетпей кеткен жас арманға.

Шымылдық


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...