Өлең, жыр, ақындар

Жапан түзде

I

Күн батып, қас қарайса-ақ борасын тұрады...

Ертең наурыз, ұлы-жіңгір думан, бірақ мынау иіннен басқан ымырт, таусылмайтын шұбырынды жалғыз жол, қиырсыз далада ирелеңдеп аққан иірім сырма көңілді құлазытып-ақ тастайды. Аспан да аласара түскендей; байыған күннің бозамық тартқан ақ жолақ сызаты ғана қалады көкжиекте, қыстың көзі қырауда жапан түзде жол шеккен жалғыз жолаушының талмауыр көзіне үміт елесіндей болып алыстан әлдебір сам жамырайды.

Осы бір жұмбақ та алданыш сағымнан басқа жапанда жарты шақырым жерде көз сүрінер дым жоқ. Түннің ызғарлы болғаны да жақсы, күртік қарды жел суырып, жол үстін аршып кетеді. Бірақ бет қаратпайтын қызыл жол жиегіндегі қарақшы етіп шаншыған емен қадаларды жым-жылас қып бүркеп, басындағы сыбыртқы жапырақтарын қуалап алып кетеді де, енді мынау мұнартқан қарақұрық дүниеде қаңғырып қалғандай сезінесің...

Жол атаулыдан жырақта, қаладан да, темір жолдан да бұрыс жапан түзде жетім хутор түр. Бір кезде іргесінде отыратын шағын деревня бүгінде қашықтап, бес шақырым жерге барып қоныпты. Осыдан талай жыл бұрын Баскаковтар әулеті бұл хуторды Лучезаровка деп атаушы еді де, қоңсы деревня Лучезаровканың жалшы шаруалары болатын.

Лучезаровка!.. Төңірек дауылды күнгі теңіздей өрекпиді, қора қопсыға өңкие шөккен жал-жал қасат қар, осы моладай томпиған төмпешіктерді орағытып сырма ұшқындайды. Үйілген жалдардың әр тұсынан адам мекені қарауытады: ақсүйектер үйі, "күйме сарайы", сосын "құл-құтандар" жатағы. Бәрі де көне дәстүрге лайық тұрқы ұзын, төбесін аласа етіп салған. Үй қабырғасы тақтаймен қапталған; кірер ауыз аулаға шығыпты, сығырайған үш терезе жылтырайды; баспалдақ төбесінде төрт діңгекке орнатқан баспа; қамыстан жасалған үлкен шатыр заманы өткен соң шөгіп қапты. Бір кезде қарсыдағы жатақтың да дәл осы сияқты сәнді шатыры болушы еді, қазір мұржасы сорайып, қаңқасы ғана жатыр.

Бір қарағанда қу медиен тәрізді; сарай қасындағы бір шеті мүжілген сабан шөмелесі болмаса бүл мекенге тірі пенде бас сұқпағандай, не кірген-шыққан із, небір сыбдыр жоқ. Бәрі қар астында қалыпты, қар басқан қу далада ұлыған желмен қалғып мәңгілік ұйқыға батқан меңіреу дүние. Түн баласында ел торыған қасқырлар ғана бақшаны тіміскілеп, балконды айналсоқтап кетеді.

Баяғыда ... Жә мейлі, баяғыдағы баршаға мәлім емес пе. Бүгінде Лучезаровкада бар болғаны торт десятина бау-бақша, жиырма сегіз десятина егінжай ғана қалды. Яков Петрович Баскаковтың отбасы да әлдеқашан қалаға көшіп кеткен: Глафира Яковлевна жер өлшеушіге тұрмысқа шығыпты да, София Павловна қысы-жазы соның қолында тұрады. Қарысып отырған Яков Петровичтің өзі ғана. Заманында қаладағы талай иелігін ішіп-жеп құртты да, ендігі қалған өмірді қаңғырып өткізгенше, алатын құдай болса деп осы жерде ал сын деп шалқайып жатып алды. Әлі қайраты қайта қоймаған бұрынғы басыбайлы күң Дарья деген заржақ кемпір де осында; Яков Петровичтің бар баласын бағып-қаққан өзі еді, бүл да енді қалған ғұмырын осы үйдің босағасында тауыспақ. Лучезаровкаға аспаз құтаймады; әйелдер екі-үш жұмадан соң зытып кете бергесін Яков Петрович отын-суға жұмсайтын бір жұмыскер ұстап отыр.

Байласаң ит тұрмайтын қу молада зерігіп өлгенше жерігіп өлген артық, дейді әйелдер.

Амалсыз көрші деревнядан Судак деген мұжықты жалдауға тура келді. Әрі жалқау, әрі жұртқа жұғымы жоқ адам екен, әйтеуір құдай оңдап әзірге қашып кетпей жүріп жатыр. Пеш жағып тамақ пісіру, өзеннен су әкеліп, мес торыға шешке шауып жем салу, сосын күнде кешкісін қожайынмен отырып махорка сораптау тәйірі, дені сау адамға осы да бөліп-жаратын тірлік пе.

Яков Петрович бүкіл жерін мұжықтарға жалға береді, ал үй шаруасына онша қиналып жатпайды. Бұрын үй маңында қора-қопсы, астық қоймасы, жұмыскерлер жататын жапсырма там сияқты көр-жер барда шаруажай қопақардай боп тұрушы еді. Банкінің есеп-қисабына, несиесіне сан рет түсіп тамтығы ғана қалған жиырма сегіз десятина жерге қора-қопсы, қойманың қажеті қанша. Тоғыз жыл атан болғанша отыз күн бура дегендей, шетінен сатып жіберіп бір рет жасап қалғанды артық көрді. Сонымен Яков Петрович әуелі жапсырма тамды сатты, сосын қоймаларға ауыз салды, ақыры шатырын отқа жағып қойған сиыр қораның ербиген тас қабырғасына дейін саудаға салып жіберді. Лучезаровканың сиқы осылай кеткен-ді. Бірде аш, бірде орта құрсақ жарау тірліктен запы болған Дарья қыс күндері той-томалақты сылтауратып ауылда етікші боп істейтін жиеніне жиі-жиі кетіп қалатынды шығарған; қаңыраған йен қыстауда күңіреніп жападан-жалғыз қалу да тозақ, Яков Петровичті мұндай сәттерде көбінесе өзінің ескі досы құтқаратын. Осындай бір бұлыңғыр күндерде:

Ассалаумағалейкүм! деген шалдың жарықшақ дауысы Лучезаровканың ескінің көзіндей қаусаған жыртық үйін жаңғырықтыра кіріп келетіні бар.

Сонау Қырым компаниясынан құлағына сіңген татардың таныс сәлемін естігенде Яков Петровичтің төбесі көк тірегендей болады. Азып-тозса да әманда қушыкештігі қалмайтын тыртиған кішкентай ғана ақ бас шал күлімсірей тағзым етіп босағада тұратын. Бүл Яков Петровичтің бір кездегі атқосшысы Ковалев... Қырым компаниясынан бері де қырық жыл өтті, бірақ ежелгі досы жыл сайын Яков Петровичке дәп осылай сәлем бере келіп, алыста қалған Қырымды, қырғауыл аулаған қызықты күндерді, татарлардың сәкісінде өткізген талай күндерді қайта жаңғыртып кетуші еді.

Уағалейкүмәссәләм! деп Яков Петрович те көңілдене сәлем қайыратын. Тірімісің?

Севастопольдің жүрек жұтқан батырын жау алушы ма еді, деп жауап қатады Ковалев.

Яков Петровичтің көзі ең әуелі арзан шұғамен қапталған ішігіне түседі, көнетоз бешпет ішінде Ковалев мезгілсіз қартайған жас баладай, сосын досының мақтана беретін қой жүнінен басылған ескі пимасын да назардан тыс қалдырмайды.

Иә, құдайыңыз жарылқап тұр ма? дейтұғын Ковалев.

Яков Петрович оз сиқына сынай қарайтын. Боз баяғы қалпын көреді: денесі төртбақ, ұстарамен сыпырып тастаған ақшулан бас, мейірімді де уайымсыз бет-жүзіне түймедей жылтыраған қос жанар, ақселеу мұрт, бұғағын басқан шәушиген шоқша сақал..

Баяғы сол әумесер қалпымыз, деп қоятын Яков Петрович. Ал неғып тұрсың, шешін. Қайда жүрсің жоғалып? Балық ауладың ба, бақша суардың ба?

Балық аулағаным рас, Яков Петрович. Қайығы құрғырды биылғы топан су алып кеткен жоқ па, құдды бір қас қылғандай.

Бәсе, тағы да қол қусырып жертөледе отырып шықтым десеңші.

Дөп солай, отырғаным да рас.

Ал енді темекің бар ма?

Табылып қалар.

Онда отыр, шылым шегіп жіберелік.

Софья Павлованың денсаулығы қалай?

Қалада ғой. Жуырда барып едім, құрысын, қашып зорға құтылдым. Қадірін білмейміз, әйтпесе бұл жер қаланың қасында жұмақ қой. Оның үстіне әлгі біздің күйеусымақтың өзі де... Білесің ғой оның қандай адам екенін! Екі аяқтының хайуаны...

Қарадан хан шығушы ма еді.

Дұрыс айтасың, бауырым... Жә, қойшы соны!

Аңға шығып тұрасыз ба?

Бытыра болмаған соң құр дәрімен атқанға өле ме. Қазір оқ-дәрі бар, жуырда ғана бір қоян аттым.

Биыл қоян деген жыртылып айырылады.

Соны айтам да. Ертең құлқын сәріден тұрып із кеселік.

Құба-құп.

Құдай айдап келгенің мұндай жақсы болар ма!

Ковалев жымыңдап қояды.

Қылыштарың жоғалған жоқ па? деді Ковалев, тәптіштеп ораған махорканы Яков Петровичке ұсынып жатып.

Неге жоғалсын. Әуелі түстеніп алалықшы, сосын сайысып көрелік!

II

Көз байланып барады. Мерекелі кештің басталар сәті. Өршелене түскен бұрқасын терезе көзін бітеп тастаған, "девичье" барған сайын күңгірт тартып азынап кетті. Бүл өзі байырғыша бітеу бөренеден қиып салынған, дүние-жиһаздан жұрдай аласа ғана шағын бөлме: терезе түбінде ұп-ұзын сәкі, оның қасында тақтайдан жасалған қарапайым үстел түр, қабырғаға жапсыра шегелеген сөреде азын-аулақ ыдыс-аяқ. Мұның "девичье" аталғанына да қырық-елу жылдай уақыт өтті, баяғыда Лучезаровканың есігінде жүрген қыз-қырқындар осы бөлмеге жиналып, жіп иіріп, кесте тігуші еді. Қазір Яков Петровичтің өзі көшіп алған. Терезесі қораға шығатын үйдің бүл жартысында тағы да екі бөлме -жалшылар жатағы мен кабинет бар, ал қонақ бөлмесі мен зал шиелі бақ беткейде. Қыс мезгілінде жалшы, қонақ бөлмелері мен залға от жағылмайды да, қазір аяздан шытынап кеткен үлкен үстел мен мұз құрсаған Николай І-нің портретінен басқа жан жоқ онда.

Бүгін бас паналар жалғыз бөлменің өзі де көңілсіз. Яков Петрович сәкі үстінде темекі тартып отыр. Ковалев пешке сүйеніп мүлгіп тұр. Екеуі де бастарына бөрік, аяқтарына пима киіп, тон жамылып алған; Яков Петрович күпісін тура іш киімнің сыртынан іле сап, белін орамалмен шорт буып тастапты. Алагеуімде махорканың көгілдір түтіні қалқиды. Қонақ бөлмесінің жел тербеген сынық терезесінің сыңғыры естіліп тұр. Тыстағы ұйтқыған боран шүйіркелескен екі адамның әңгімесін қайта-қайта үзе берді; әлдене сыбдыр етсе есік алдына біреу келіп түсіп жатқандай елең етісе қалады.

Тыңдашы!   деп Яков Петрович Ковалевті аузынан қаққандай кілт тоқтатты. Келді-ау деймін.

Ковалев те тым-тырыс. Ол да шана сықырын, баспалдақты дүңкілдеткен аяқ тықыры мен әлдекімнің күбірін естігендей.

Барып келші, сірә келген сияқты.

Ковалевтің қозғалатын түрі жоқ, көрші ауылға базарлап кеткен Судакты бұл да шыдамсыздана күтуде, бірақ жылы орнын қимай аяздан бұйығып отырған жайы бар.

Тәйірі, жел ғой әншейін.

Тысқа шығып қарай салсаң тоныңды біреу шешіп алар деймісің.

Тыста тірі тышқан болмаса несіне қараймын.

Яков Петровичтің жауырыны құржыңдап ашулана бастады...

Тәңір жарылқайын десе аяқ-астынан емес пе. Калиновканың ауқатты бір мұжығы земство бастығына арыз жаздырып ала қояйын деп құдай айдап келе қалған екен (қиыстырып арыз жазуға келгенде бүл төңіректе Яков Петрович алдына жан салмайды), қалам майы деп қойнына тыққан бір шиша арағы, бір тауығы, бір сом ақшасы және бар. Әрине, арыз жазылып бітпей-ақ арақ құлқыннан өтіп кетті де, тауық та сол күні бұтарланып табаға түскен, ал бір сом ақшаны осы кешке арнап Яков Петрович әдейі іркіп қалып еді... Осының тоғы басылмай жатып, ертеңіне кешқұрым қалтасында алпыс тиын күмісі бар, он бес жұмыртқа, қатқан-құтқан тоқашын аралап ойда-жоқта Ковалев жетіп келді. Мәз болған екі шал қаражаттарын қайда жұмсарын білмей ұзақ кеңескен.

Ақыры, мұржаның ысын кесеге езді де сіріңкенің шиін ұштап, бір жапырақ қағазға баттитып отырып ауыл дүкеншісіне мынадай деп сәлем жолдады: "Николай Ивановичтің харчевнаясына. Бізге мына төмендегіні босатсаңыз: 1 ф. арзан махорка, 1000 сіріңке шиі, 5 шала тұздалған шабақ, 2 ф. кендір майы, 2 әсмөшке жеміс шайы, 1 ф. шекер және 11/2 ф. қышқыл жымық".

Азанда кеткен Судак әлі жоқ. Мұның ақыры неге соғары белгілі, әуелі мынау мерекелі кештің сәні бұзылатын болды, одан соңғы уайымның ең үлкені есік алдындағы қарға адым жердегі сабанға қолдары жетпей отыр, кешегі кіргізген шөп сағдарынан бір-ақ шөкім қалған. Яков Петровичтің жон арқасының құрысып отырғаны да осыдан, бұған бүкіл дүние барған сайын күңгірт тартқандай.

Ойға да бір қайдағы-жайдағы күңгірт дүниелер оралады. Кемпірі мен қызының жүзін көрмегелі де жарты жылдан асыпты... Хутордағы кешкен күні де хайуан болмаса адам қызығатын тірлік емес екен...

Жә, қойшы сол, сайтан алғырды! деп үйреншікті әдеті бойынша өзін-өзі жұбатқан болды. Бірақ бұдан да жұбаныш тапқан жоқ.

Япыр-ай, мына аяздың түрі жаман екен! деді Ковалев.

Иә, түрі жаман! деп қостады Яков Петрович. Біз түгіл қасқыр қоясымен қататын аяз бүл! Көрдің бе... Аһ деген демің аузыңнан қырау боп шығады.

Иә, деп міңгірледі Ковалев. Есіңізде ме, сіз екеуміз баяғыда, жаңа жылдың қарсаңында жейдешең жүріп гүл теріп едік- ау. Балакалаваның түбінде.

Мен білсем, сол бүгін келмейтін шығар, деді серігінің сөзіне құлақ қоймаған Яков Петрович. Екеумізді де ақымақ етіп, жер соқтырып кетті.

Келмегенде сол Харчевняда қонар дейсіз бе.

Қонса қона салады. Шымылдығы желпілдеп тұрған жоқ.

Мүмкін бораннан қорыққан шығар.

Қайдағы боран. Қыс ызғарсыз болатын ба еді.

Қорадан шықпайтын қорқақ қой! Жаны тәтті де..

Жаным-ау, қорқатын не тұр? Тал түс, жол тақтақ.

Тыңдаңызшы! деп Ковалев оның сөзін бөліп жіберді. Тәрізі келіп қалды-ау деймін...

Мен саған тысқа шығып қара деп айттым ғой! Күрік болған тауықтай шыр айналып не жеткен саған. Шай қойып, даладан сағдар суырып әкелмеймісің былай!

Айтпақшы ол шаруа да бар екен-ау. Қараңғы түссе қайдан не іздеп табамыз.

Сағдар әкелу міндеті екенін біле тұра Ковалев баяғы сол орнында күмілжіп отырып алды: пештің қасына орындық әкеліп қойды, сосын асықпай сол орындыққа шығып, мұржа алқымындағы қақпақты ашты да түндікті суырды. Сол-ақ екен, төбеден жел ұлып, сарнап қоя берді.

Анау итті кіргізсеңші енді, деді Яков Петрович.

Қайдағы итті? деп Ковалев орындықтан түсіп жатып оған таңдана қарады.

Түк сезбегендей болуын қарашы! Флембо емес пе. Естимісің, қыңсылап түр ғой!

Шынында, Флембо деген кәрі қаншық босағаны тырналап, сенекте қыңсылап тұрған еді.

Құдайдан қорықсаңшы! деп ренжіген болды Яков Петрович. Үсіп кетеді ғой сорлы!.. Аңшы дейді-ау мұны да. Байқаймын, жалқау болып барасың, бауырым. Айтты айтпады ынжықсың!..

Солайын солай-ау, дегенмен екеуміздің де бір-бірімізден озып кеткеніміз шамалы, -деп күле жауап беріп Ковалев есікті ашты да қаншықты бөлмеге кіргізіп жіберді.

Жап, ойбай, жап есікті! деп Яков Петрович айғай салды. Бір қап суық кіргіздің!.. Жат былай! Ол Флембоға жекіп саусағымен сәкінің астын нұсқады.

Есікті қымтап жатқан Ковалев әлі күңкілдеп жүр:

Көзге түртсе көрмейтін ақ түтек!.. Асылы бүйте берсе кешікпей екеуміз де Богословскоеден бірақ шығатын шығармыз. Әлгі Василий жарықтық жаназамызды шығарып берсе жақсы-ау. Ішім сезеді. Алжығанда ұрысқақ болсаң, ажалыңа көрінгені деуші еді.

Өзгеден аулақ, тек өзіңнің қарабасыңа көрінсін! деп Яков Петрович ойланып қалды. Сосын тағы да қара басының мұңын әңгімелеп кетті:

Жетті, енді мен бүл қу молаға күзетші боп отыра алмайтын шығармын. Адыра қалғыр Лучезаровка не күйремеді, не өртенбеді...

Шал кисетін ашып махорка орай бастады.

Екі көзді тарс жұмып, өлімтігіңді көрсетпей безіп кеткеннен басқа түк қалған жоқ. Бәріне кінәлі өзім, дос-жаран деп көрінген итке лақылдаған қайран ақымақ басым. Болмысымнан болаттай таза едім, ғұмыры бір пенденің көңілін қалдырған да емеспін... Ал ендігі күн мынау. Не қыл дейсің? Көрдің бе, анау жаман жиеншар, Арсентий Михайлычты, мың десятина жері бар, көмектеспек түгіл қусаң құмалақ түспейді. Қартайғанда тышқан аулап, көрінгеннің есігін сүзер жайым жоқ! Оларға көз сатқанша жарылып өлген артық!

Қарап отырып ызаға булыққан Яков Петрович серігіне түйілді:

Құр мылжыңнан түк шықпас, барып сағдар әкелу керек!

Мұны естіген Ковалевтің белі аспанға шығып, екі қолын

күпісінің қалтасына тыға түсті. Тоңғандығы сонша, танауының ұшынан жан кетіп қалған тәрізді, бірақ сонда да әлдекімге сенгендей өлі қипақтап отыр... Мүмкін, Судак келіп қалар... Яков Петровичтің мұны сабанға жалғыз өзін жұмсап отырғанын да жақсы біледі.

Япыр-ай, қиын болды-ау, деп тағы қипақтады. Мына боранда қарға адым жердің өзі мұң...

Немене, ұлықтығың ұстап отыр ма!

Бел жаза алмай отырып бедел сұраған қай теңім. Қылшылдаған жас емеспін. Құдайға шүкір, екеуміздің жасымызды қоссақ жүз қырықтан асып жығылар.

Жаңбырлы күнгі ешкідей бүріспей бар енді!

Қар басып қалған шөмеледен сабан суырып әкелу жалғыз Ковалевтің шамасынан тыс шаруа екенін Яков Петрович те жақсы біліп отыр. Бірақ басқа сенері болмаған соң ит итті, ит құйрығын жұмсайдының керін жасайды.

Әрі тарт, бері тартпен отырғанда көз байланды, Ковалев амалсыз орнынан тұрып Судактың келген-келмегенін біліп қайтуға тысқа беттеді. Аяғын дүрп-дүрп сүйретіп есікке кетіп барады.

Яков Петровичтің шай ішкісі келді, темекі түтінін мұртының астынан сыздықтата жіберіп, әлденені ойланып отыр.

Мм! деп бір қойды. Жетіскен екенбіз. Мерекеңе болайын! Іш болса итше ұлиды. Ac ішпейтін бітеу пенде бар ма екен... Құдайдың құтты күні сабылып жататын венгерлердің де сарқыла қалғанын!.. Тұра тұр, Судак, сені ме!

Сенектің есігі сарт етіп жабылды да, бүрсеңдеп Ковалев жүгіріп кірді.

Тірі жан жоқ!.. деді. Жер жұтып қойғандай! Енді қайттік? Сенектегі сабан да бір-ақ уыс! Үсті-басы қар көлдей тұлып сүйреткен томардай бейшараның казіргі халі кісі аярлық, мүшкіл еді.

Яков Петрович орнынан қарғып тұрды.

Не істеу керек екенін көрсетейін, қара да түр! деді әлдене есіне түскендей. Сосын еңкейіп сәкінің астынан балтаны суырып алды.

Осыған да бас қатырып жатамыз ба? Ол орындықты жұлып aп төңкеріп тастады да құлаштап балтамен қақ айырды. Сабан әкел! Шыбын жаннан дүние садаға, денсаулық керек!

Ковалев те көңілденіп сала берді, жүзі жайнап, қақырап қалтан орындыққа телміре қарап түр.

Орындық деген шатыр ішінде де толып жатыр ғой, деді.

Ендеше бар да алып кел, самауырдың күлін қақ!

Қайта-қайта ашылып жабылған есіктен аяз үріп, кар қылауы ұшқындайды... Ковалев сүрініп-қабынып жүріп бөлмеге сабан кіргізді, шатырта шығып ескі креслоның қалдытын сүйреп келді.

Отты маздатып қойып бір жан шақыралықшы! деп қояды. Құдайға шүкір, тоқашымыз әлі таусыла қойған жоқ... Әттең, жұмыртқа қуырып жіберсе ғой!

Оны да алып кел! Бетіне қарап бедірейіп отырамыз ба енді!

III

Қыстың талмауыр кеші қашанда ұзаққа созылатын әдеті. Құтырынған боран әлі толастар емес. Бірақ екі шал қазір тыстағы шудан құлақкесті. Шок салып самауырды сенекке шығарды, кабинеттегі пешке от жағып маздатып қойып, енді соған итініп рақатқа батуда.

От қызуы жандарына жаққан сияқты. Анда-санда Ковалев суық сабанды көсіп алып пеш көмейіне тығып жібергенде лап еткен жалыннан аяққа оралған Флембоның жылтыраған екі көзі қараңғыда тас моншақтай жалт-жұлт ете қалады. Пеш гүр-гүр етеді; қоздаған жалын шатырлап жанған сабанның жықпыл-жықпылынан тесіп шығып, төбеге ойнақшыған алагеуім сағым шашады да құйындай ұйтқып, мұржаның өңешіне сумаңдап барып сүңгіп кетіп жатыр, сағдарда қалған бидай дәні пырс-пырс атқылайды... Бөлме іші бірте-бірте жарық тартып келеді. Лапылдаған жалын басылып, жұмарлап таққан сабан орнында сары алтындай үлпілдеген қызыл қоламта қалады, шалқыған сары таптың өлеусіреп беті қайта бастағанда Яков Петрович күпісін шешіп жіберіп, көйлегін түреді де пешке арқасын қақтап отыра қалады.

Аһ-аһ!.. Жан рақатын көргің келсе ешкі қотыр бол деген осы-ay!..

Арқасы шиқандай қызарып, қышуы қанған кезде атып тұрып күпісін кие қояды.

Түу, рақат болды-ау! Моншасыз тірлік күн емес!.. Биыл жазда монша тұрғызып алмасам ба!

Ковалев бұл сөзді жылда естиді, шал да жыл сайын "тұрғызып алам" деген тәтті қиялына ғана тоқ.

Рақат дүние ғой. Моншасыз тірлік күн бе, деп қостап қояды ырсиған қабырғасын пешке төсеп жатып.

Жаңқа да, сабан да біткен, Ковалев от табынан бетін көлегейлей, тоқаштарды қоламтаға аунатып отыр. Алагеуімде пеш аузынан шарпыған қызыл күңгірт сағымнан оның бет-жүзі қақтаған мыстай боп көрінеді. Яков Петрович самауырды айналдырып жүр; темір кружкеге шай құйып, оны өзі жататын жантаймаға апарып қойды, темекі тұтатты да, біраз үнсіз отырды, сосын серігіне бұрылып:

Жапалақ жарықтықтың күні не болмақ? деді.

Қайдағы жапалақ? Ковалев бұл сөздің төркінін де жақсы біледі. Осыдан жиырма бес жыл бұрын Яков Петровичтің жапалақ атып алғаны бар-ды, сонан қоналқада от басында ерігіп отырып осы бір сөзді айтып еді, содан бері аузында рәсім боп қала беріпті. Былайынша пәлендей мәні де жоқ, әйтеуір, қайта-қайта айта берген сөздің қажауы кетіп күлкі шақыратын әдеті емес пе, оның үстіне өтті-кетті бір сәттерді еске салатыны тағы бар.

Яков Петровичтің көңілденгенде көсемсіп кететінін білетін Ковалев миығынан күлді де оны әңгімеге сүйреп салғысы кеп:

Яков Петрович, есіңізде ме? деп түртіп қойды.

Жып-жылы ошақ басында шүйіркелесіп отырып уақыттың қалай

өткенін де сезбей қаласың. Жұпыны ғана құбақан бөлме қазір көңілді: сарғыш қағазбен қапталған қабырғаларда бояуы қашқан фотолар, жүннен тоқылған бірнеше суреттер (ит, Швейцария көріністері) ілулі түр, аласа төбеге "Сын отечестваның" парақтарын жапсырып тастаған: терезе алдында сыры кеткен үстел, өңі түскен шұғыл кресло; іргеде қызыл ағаштан жасалған кереует және қобдиша, онан жоғарырақ мылтық, оқшантай іліп қойыпты; бұрышта бейнелі күңгірт икон... Осының бәрі баяғыдан таныс, көңіл жылытар сүйкімді көрініс.

Бой жылыған соң екі шалдың құрсағына ел қонып қалды. Аяғында пима, Яков Петрович жейдешең отыр, Ковалев те пима киген, үстінде бешпет. Екеуі біраз уақыт дойбы ойнады, сосын қашанғы әдет бойынша қолға түскен киім-кешекті ақтара бастады, ойлары - ескі-құсқыдан үстілеріне жапсыратын бір нәрсе тігу. Ақыры сырмалы күртені үстелге жайып қойып, ары өлшеп, бері өлшеп, бір бөрікті зорға шығарды...

Қабағы жадыраса Яков Петровичтен жомарт адам жоқ. Тек көңіл түкпірінде аздап мұң бар. Ертең жаңа жыл, бүл болса жападан-жалғыз... Ковалевтің ұмытпағанына да құдайға шүкір.

Осы бөрікті сен-ақ кие ғой, деді.

Өзіңіз не киесіз?

Менде бар ғой.

Оныңыз әншейін лыпасы жоқ тоқыма емес пе?!

Тоқыма болса ше? Жыртық үйдің құдайы бар.

Мың да бір рахмет!

Қолында болса Яков Петрович сыйлағанды жақсы көреді. Оның үстіне пішілмеген бөріктің ауы мен бауынан қашып түр.

Қай мезгіл болды екен?

Қазір ме? Тұп-тура сағат он, деді Ковалев. Артық та емес, кем де емес. Баяғыда, Петерборда жүргенде өзіміз күміс сағатты қос-қостан тағатын едік.

Бауырым, өтірікті соққанда бетің бүлк етпейтін болыпты-ау, деп Яков Петрович көңілі қалмасын дегендей жаймашуақтап қана ескерткен болды.

Қойыңызшы, ай-шай демей бірден ауыздан қағып тастайтыныңыз не осы!..

Яков Петрович еріксіз күлді.

Қала ғой қазір абыр-сабыр болып жатқан шығар. Ол жантаймаға келіп отырды да қолына гитараны алды. Безектеп жүгірген жұрт, салтанат! Қайда кірсең жиын, маскарад!

Ұмытыла бастаған бағы бір заманның өтті-кетті әңгімесі қайтадан қоздайды; қай клубта Яков Петровичтің қанша ұтып, қанша ұтылғаны, сан рет Ковалевтің оны дер кезінде алып кеткені де соз болады. Шиырлап кеп, бүгінде жұрынтығы қалмаған Яков Петровичтің байлығынан бірақ шығарды да, сілекейлерін тамсана жұтып отырып қалады.

Иә, бүл фәниде адам не кешпейді, бірақ соның бәрі де дарақылық екен ғой, деп Яков Петрович күрсініп алды. Кінәмді ешкімге жүктемеймін. Зауалымды құдайдан тартсам, оған да разымын, тек Глафира Яковлевна мен әлгі күйеусымақтың менде алты аласы, бес бересі жоқ шығар. Әттең аузымдағыны жырып берер едім. Қайтейін өзім аш өзек боп отырмын... Өзің білесің, мен кекшіл адам емеспін, қаскөйлік менің қолымнан келмейді... Иә, бәрі де әншейін, баяғының жыры ғой... Аларманға келгенде ағайын да, тамыр-таныс та, дос-жаран да коп, тек қара жер естімесін бәрі де әлдеқашан о дүниеге аттанып кеткен!..

Яков Петровичтің көзіне мұң үйірілген. Мұңданып отырып, гитараның құлағын бұрады да, бағзы бір мұңды романсты ыңылдай бастады.

Софья Павловна да ұмытты, деп гитараны жантаймаға тастай салды. Қасындағы Ковалевтің жүзіне де тіктеп қарай алмады.

Кімді айтасыз? деді Ковалев. Келіп қалуы да мүмкін ғой.

Айта көрме, мына боранда ажал айдамаса... Тысқа шығып керней тартқанда да болатын еді... Кім біледі, мүмкін Судак та адасып жүрген шығар. Үсіп өлмесе не қылсын. Бейшара, ол да адам баласы ғой...

Кешікпей екі шал тысқа шыққан. Құтырынған жел жылы тоннан да лыпа таптырар емес. Көне мүйіз кернейдің барылдаған дарақы үнін аласұрған ақ түтек қарақұрық басқан айдалаға қаңғытып алып кетті.

Гоп-гоп! деп айқайлады Яков Петрович.

Гоп-гоп! деп Ковалев те жарыса шіңкілдеді. Сосын көңілдері көк тіреген екі шал түннің бір әлетіне шейін қайдағы-жайдағыны айтып бөскен:

Саған өтірік маған шын, сол жылғы құс дегенің ересен еді ғой. Батпақтан ұшып, сұлының аңызына қара құрым боп келіп қонғанда басындағы бөркіңді қағып түсіретін. Және шетінен бүйрегі бітеу көкала. Бір уыс бытырамен бір үйірін түсіріп алып жүрдік өзіміз...

Иә болмаса:

Ай сүттей еді. Ине жоғалса табылады. Сыбдырды естіп самырсынның тасасына жасырына қалдым. Сол-ақ екен қарсы алдымнан баса-көктеп шыға келгені... Маңдай дегенің жарты құлаш... Басып салдым!..

Бұдан соң боранда қалған жолаушы, оны өлімнен құтқарған әлдекімдерге жайлы әңгіме басталады... Лучезаровканы мақтасады.

Өлсем көрім осында болсын! дейді Яков Петрович. Шіркін, шіріп жатқан қазына ғой бүл. Әттең, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Әйтпесе жиырма сегіз десятинаға түгелдей картоп егіп жіберші, банкінің қарызынан да құтыласың, сосын ханға сәлем бермеуге болады!

IV

Ұзақ түнге ұйтқыған боран бір сәт ішін тартқан жоқ. Екі шал тым кеш жатқан сияқты еді, бірақ көпке дейін көздері ілінбеді. Ішігін басына бүркеніп алған Ковалев күрк-күрк жөтеледі; Яков Петрович ары аунақшыды, бері аунақшыды, бөлме де ысып кеткен тәрізді. Іргені тепкілеп, терезені сабалаған дүлей боран елегізітіп үрей салды. Қонақ үйдің дамылсыз дырылдаған сынық терезесі де маза берген жоқ. Қаңырап қалған қонақ үй қазір азынаған көрдей еді. Төбесі милықтан басқан аласа йен бөлменің жыртиған әйнегі ін көзіндей тереңнен жылтырайды. Айсыз қараңғыда шыныдан қашқан болар-болмас бозамық сағым бар. Етпеттеп келіп үңілсең ғана жал-жал күртік қар басқан бақтың нобайын зорға танисың... Ал ар жағы қара түнек, ұлыған боран дүниені жым-жылас жұтып қойғандай...

Көз ұйқыда болғанмен көңіл ояу, ұшқан құс, жүгірген аң баспайтын жапан түздегі жетім хутордың қазіргі халінің мүшкіл екенін екеуі де сезіп жатыр.

Уа, құдай, жар бола көр! деп анда-санда Ковалев күбірлеп қояды.

Бірақ кешікпей тыстағы боранның гулеген бірқалыпты ырқымен қалғып кетеді. Жөтелі де бірте-бірте бәсеңсіп, қалғып бара жатып әлдебір түпсіз тұңғиыққа құлағандай сезінеді... Қарадан қарап жатып денесі түршігеді... Тықыр еетілгендей болады... Иә, кәдімгі адам тықыры. Дүңк-дүңк басып төбеде біреу жүрген сияқты... Ұйқысы шайдай ашылған Ковалев тым-тырыс жатып тың тыңдайды. Шынында төбеде біреу жүрген тәрізді... Тақтай сықырлайды.

Яков Петрович! деп дауыстайды сасқанынан. Яков Петрович!

Иә, не болды? деді Яков Петрович үйқылы көзбен.

Төбеде біреу жүр-ау деймін.

Жә, ойы, жеті түнде кім жүруші еді.

Сенбесеңіз тыңдап көріңіз.

Яков Петрович те құлақ түреді, тықыр басылар емес.

Жел емес пе. Қорыққанға қос көрінеді де. Яков Петровичтің көзіне ұйқы тығылып есіней бастайды.

Өзің дүниеде жоқ қорқақ екенсің ғой. Жә, ұйықталық енді. Далада жел тұрса қиюы қашқан ескі үйдің сықырлап қоя беретін қашанда әдеті. Ковалев сонда да ұйқыға бас қояр алдында тәубесіне жалбарынды:

Живый в помощи выщняго, в крови бога небесного... не убоишься от страха нощного, от стрели, летящия в дни... На аспида и василиска наступиши и поперши льва и змия.

Яков Петрович те ұйықтап қарық болған жоқ. Көз алдынан он мен түстің арасындағы әлдебір елестер бірі келіп, бірі кетеді. Ұлыған боранға қосыла ну орман да сарнап қоя бергендей, күңгірлеген қоңырау даусы естілді; шабаланып ит үріп, әлдеқайдан Судактың жан ұшырған ойбайы талып жеткендей... Есік алдынан сықырлап шана сырғып өтті де шарқайын сүйретіп сенекке біреу кірді... Әлденеге елегізіген Яков Петровичтің жүрегі лүпіп аузына тығылды да: иә, мынау Судактың шанасы, анау отырған Софья Павловна мен Глаша емес пе... Жүрістері де өнбейтін тәрізді, бұлыңғыр сырманың ішінде қар басқан шана мимырттап жақындап келді де ақырын-ақырын жылыстап, үй маңынан ұзап кетті... Енді бірде ат құлағы көрінбейтін бұрқасынға сіңіп жоқ болғанда, Яков Петрович жан дәрмен дыбыс бермек болып мүйіз кернейге жүгірген екен:

Албасты басқандай қайдағы-жайдағы түске ене береді екен осы! деп орнынан деміге ұшып тұрды.

Не болды, Яков Петрович?

Ұйқың қашса, не болды дерің бар ма, бауырым. Қай мезгіл?

Түн ортасынан ауып барады.

Тұрып шырақ жақ та шылым тұтатшы.

Бөлме тағы да алагеуім тартты. Өлеусіреген шырақтың шалқыған қызыл тілі ұйқылы көзге қызыл-жалқын мұнардағы құйрықты жұлдыздай көрінеді. Екі шал көздерін жіпситіп, әлгіндегі бір үрейлі, сандырақ түстен құтылғандарына қуанғандай тыр-тыр қасынып рақаттанып отыр... Қыстың жамбас сыздатар ұзақ түндерінде жып-жылы баспанада түрегеп отырып, темекі тартып, жабырқаған көңілді әңгіме-дүкенмен сергіткен де бір ғанибет қой.

Түс көрген екенмін, дейді Яков Петрович керіле бір есінеп алып. Не көргенімді айтайын ба?.. Тіпті үш ұйықтасам ойда жоқ нәрсе... Түрік сұлтаны қонаққа шақырған екен деймін...

Еденде шөке түсіп отырған Ковалев ойланып барып тіл қатты (киімсіз, ұйқылы-ояу қалғыған бүл байғұс бұрынғыдан да шөгіп бір уыс боп кеткен).

Тәйірі, түрік сұлтаны да соз болып па! Егер көрген түсімді айтсам, тебе шашыңыз тік тұрады... Бірінен соң бірі, бірінен соң бірі... Үстерінде бешпет, мүйіздері қарағайдай... Мені ортаға алып, жер тепкілеп биледі-ақ дейсің кеп!

Екеуі де өтірікті судай сапырысып отыр. Баяғыда бір көрген түстері, бір емес, талай рет айта-айта жауыр болған атамзаманғы ескі жыр, оған сеніп те жатқан жоқ, бірақ сонда да қоймайды. Әбден іштері кепкенше мылжыңдасып, шер тарқаған сәтте шырақты өшіріп, екеуі де оранып-қымтанып алады да, бөріктерін милықтата киіп қорылға басады...

Бозарып таң да атады. Бұлыңғыр аспан, күңгірт дүние, боран әлі басылмаған. Қасат қар терезені бітеп, шатырға таяп қалыпты. Сұп-сұр кабинетті құлазыған сұрқай сағым басым...

Кенет, төбеден күтір-күтір кірпіш құлап түсті. Азынаған жел пеш мұржасын жұлып әкетсе керек...

Жақсы ырым емес; жуырда мынау жапан түздегі жетім хутордың із-тозы да қалмайтын шығар!..


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз