Әлемдегі ғажап та жұмбақ адамдар тұратын 7 жер

Бақытты жандар тұратын мекен, қуыршақтар қаласы және байқұс интроверттер тұратын үй — бұның бәрі сценаристердің немесе жазушылардың ойынан шыққан жоқ, бұлар тым ерекше тұрғындардың өз тұрағы болып кеткен шынымен-ақ бар жерлер.

1. Кодинхи, Үндістан

Бұл ауылдың атын көптеп дүниеге келетін егіздер шығарды. Жалпы дүние жүзінің басқа жерлерімен салыстырғанда бұл жерде егіздер 6 есе жиірек туылады екен. Бұл жерде тіпті дүние жүзіндегі алғашқы егіздер мен олардың ата-аналарының ассоциациясы ұйымдастырылды. 

Кохиндидегі көне көз қариялардың айтуынша ауылда егіздердің жиі-жиі туа бастағанына соншалықты ұзақ уақыт өткен жоқ — шамамен 15 немесе 20 жыл болған. Әзірше бұл феноменді ешкім ғылыми тұрғыда түсіндіріп бере алмай отыр.  

Үндістандық егіздер ауылы әлемдегі егіздері көп жалғыз жер емес. Нигериялық Игбо-Ора қаласында да осыған ұқсас ахуал қалыптасқан. Бұл жағдайда ғалымдар феноменнің себептерін айтып берудің сәл алдында тұр. Олардың пікірінше көптұқымды жүктілікке жергілікті тұрғындар күнделікті дерлік азық ететін кассава өсімдігі сеп болады.    

2. Бразилиялық пираха үндістері

Бразилиялық Амазонас штатында, Маиси өзенінің жағалауында, ит тұмсығы өтпейтін қалың джунгли ішінде әлемдегі ең бақытты адамдар болып саналып жүрген пираха тайпасы тұрып жатыр.  

Бұл тайпада әлеуметтік иерархия деген жоқ. Ол жерде басқаларға не істеу керек екенін айтуға тыйым салынған. Пираха тілінде дәл қазір дәл осы жерде болып жатқан нәрселерден басқа жайында әңгімелесу мүмкін емес, оның есесіне дуылдап шулауға және ысқыруға болады. Сандарды білдіретін сөздер жоқ, бары-жоғы 2 түсінік қана бар: «бір» және «бірнеше». Бұл халықтың өкілдері адамның жасы турасында ойланып бас қатырмайды, аты-жөндерін өзгертуі мүмкін және тәулігіне 2 сағат қана — әр алты сағат сайын 30 минуттан ұйықтап алады.  

Тайпада толассыз бақыт атмосферасы үстемдік құрады. Бұның себебі тек қазіргі сәтті ғана ойлайтындықтан, пирахалықтардың азық-түлік қорын жинамайтындығымен, сатып алуға болатын заттарды жасап алу үшін еш еңбек етпейтіндігімен, табиғатпен үйлесімде өмір сүріп, жай ғана өмірдің рахатына бөленуге тырысатындығымен байланысты болуы мүмкін.    

3. Сентрейлия, АҚШ

Ал Сентрейлияны 2016 жылдан бері 10 адам ғана мекен етіп келеді және олардың үйлері отқа оранған түпсіз тұңғиық үстінде тұр. Олар, үйреніп кеткен жерден кеткісі келмегендіктен ғана жылжымалы жер қыртысы мен тұншықтырғыш газдың әлегіне көніп отыр.   

Бар бәле 1962 жылы, жергілікті атқамінерлер қараусыз қалған шахтаның ойпатына қордаланған қалалық күл-қоқыстан құтылу үшін өрт сөндірушілер командасын жалдаған кезде, басталды. Әйтеуір бір нәрсе дұрыс болмай қалып, от іргелес туннельдерді де шарпыды. Оттың қатты жанғаны сондай, оны сөндірудің еш ыңғайы келмеді. Жер астындағы көмір әлі бықсып жанып жатыр.  

Пенсильванияның билігі бұл қалаға көшіп баруға тыйым салды, ал әлі тұрып жатқан әулеттер Сентрейлиядан көшіп кеткен кезде ол елсіз мекенге айналады.   

4. Нагоро, Жапония

Бір қарағанда Жапонияның бұл ауылында 380-ге жуық адам тұратындай болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде тұрғындар әлдеқайда аз. Мысалы, 2016 жылы олардың саны небәрі 30 болған еді. Қалғандары кімдер? Қалған «тұрғындар» — суретші Тсукими Аяно арнайы жасап шыққан адам бойлас қуыршақтар.  

Бұл кісі Нагорода дүниеге келген, бірақ кішкентай кезінде ата-анасымен бірге көшіп кеткен. Қайтып келген суретші жерлестерінің саны 300 адамнан 40 адамға кеміп кеткеніне қатты қынжылды.  

Сол кезде жапондық әйел адам бойлас қуыршақтарды жасай бастады. Кейбірі бұрын сол жерде тұрған кісілерге ұқсас болды, кей бейнелер суретшінің қиялынан туды. Қазір Нагородан 350 қуыршақты көруге болады. Бұл жер көңілге қорқыныш ұялататындығына қарамастан, ол туристер баратын көрнекі орынға айналып, бейресми түрде «Тұлыптар ауылы» деген атауға ие болды.   

5. Лили Дейл, АҚШ

Бұл елді мекен Нью-Йорк штатының солтүстік-батысында орналасқан. Бұл жерде өздерін сыйқыршылар, медиумдар және экстрасенстер деп атайтындар тұрады — барлығы 270 адамға жуықтайды. Бұған қоса бұл жерге кенттің тұрғындарының ғажайып қасиеттеріне сенетін 22 мың адам жыл сайын келіп тұрады.   

Айтпақшы, Лили Дейлге танымал «Тылсым күш» («Supernatural») сериалының эпизодтарының бірі арналған. Бұл серияда әр түрлі жын-шайтанды іздеп жүрген ағайынды Винчестерлер түсініксіз кісілер өлімі болған кезде осы кентке барады. Ақыр соңында жын-періні аулаушылар өздерін медиумбыз дейтін Лили Дейлдің тұрғындары — көз бояушы дүмшелер екенін анықтайды.  

6. Ведикалық шаһар, АҚШ

Бұл ерекше елді мекенде 250-ден астам адам тұрады және олардың бәрі Ведаларға — индуизмнің ежелгі киелі мәтіндеріне сәйкес өмір сүруге тырысады.   

Қалашық америкалық Айова штатында орналасқан, ал оның толық атауы Махариши Ведик Сити. Бұлай аталу себебі — қаланы салған кезде Махаришидің сәулеттік жүйесі пайдаланылған. Әрбір ғимараттың терезелері шығысқа қарайды және ортасы бос қалдырылады. Жергілікті тұрғындардың осы қағидалар бойынша салынған үйлер бейбітшіліктің болуына, сонымен қатар адамдардың ұзақ өмір сүруіне сеп болатынына сенімі зор.     

Ведик Ситиде аюрведа ілімі қолданылатын «Раджа» спа-орталығы және шеңбер бойымен қойылған 10 ақ бетон және мәрмәр ғимараттан құралған ашық обсерватория бар. Олар ғарышты бақылап отыру үшін қажет.   

Мұнда ойдағыдай қатынас құралы болып санскрит тілі саналады. Дегенмен, ешкімге ағылшынша сөйлеуге тыйым жоқ.  

7. Бір бөлме ғана сиятын арал, АҚШ

Бұл аралда, шамасы, дүние жүзіндегі ең сорлы интроверттер тұратын болуы керек. 1950 жылдары адамдар мен қалалық өмірден жырақта демалуды қалаған Сайзеланд әулеті кіп-кішкентай Just Room Enogh Island (ағыл. «бір бөлмеге ғана жетеді») аралын сатып алған. Жаңа иелері аралда үй тұрғызды және су қоршауындағы жалғыздық рахатына бөленетіндеріне үмітті болды.  

Алайда, өзен ортасында қалқып жүргендей көрінетін үй тез арада халық арасында танымал болып кетті де, қазіргі таңда әртүрлі ерігіп жүрген адамдардың назарына үнемі ілініп қалып жүр. Ол ресми түрде туристік орын болып саналмаса да, көптеген демалыста жүргендер шағын үйді бір көргісі келіп, айдынға барады, және коттедж айналасында фотокамералардың жарқылдары жиі-жиі байқалып қалып жатады. Бұндай жағдайда арқаны кеңге салу және жұрттан демалу оңай бола қоймайды-ау.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...