Өлең, жыр, ақындар

Біржан, Шыңғожа, Шолақ Балуан туралы

Бекахмет Байғожаұлы деген әнші болған. Ол Біржанның шәкірті, жерлесі болатын. Кейін Біржан әндерін көп айтып елге таратушылардың бірі болған. Сол кісі айтып отырушы еді деген мына әңгімені Бекахметтің құдасы Қасен Қожахметұлы баяндап берді.

Менің жігіт кезім. Шағала көлінің бойына Сухотин қаласы (қазіргі Тайша станциясы) түсіп, сол жерден июль айында жәрмеңке ашылды. Сол жәрмеңкеге үлкендерге еріп мен де бардым. Күндіз базар аралаған ел кешке орындарына келіп орналасқан соң, олар өз іштеріндегі неше түрлі ақындарды, сөз білгіш шешендерді, әнші өнерпаздарын айтыстырып, нағыз қызық осында болады екен. Бір кезде бір үйден өлең айтқан дауыс шықты, соны тыңдай бергенімізде, екінші үйден бір үн аспанға көтерілді. Жиылған жұрт сол үйге ағылды, солардың арасында мен де барып үлгердім. Қарасам, төрде тоты құстай түрленіп, қос шекті домбыраны безілдетіп, ақ көйлектің жағасын ағытып жіберген, үстінде жамылып отырған көк торғын қаптал шапаны бар, ақ пайы орамалмен терін сүртіп біреу отыр. — «Бұл — Біржан, Біржан сал!» — деседі. Біржанның оң жағында өзіміздің Шыңғожа (Шікең) отыр. Ол біздің бұрын елде көріп жүрген Шікең сықылды емес. Біржан ән салып тоқтаған кезінде қолындағы домбырасын баптап шертіп, қоңыр күйге, зарлы сарынға басып, кең дарияда қалқып жүзген аққудай шалқып отыр.

Одан төменірек, денесі кесек жұп-жұмыр, тұғырда отырған алғыр бүркіттей қомданып жас біреу отыр. Ол Шолақ балуан екен. Бір кезде ол да жуан қоңыр дауысқа салып әнді қоя берді. Сол кезде тыстағылар үйді жығатын болған соң, әншілер тысқа шығып, кезек-кезек ән салды, күй тартты. Сөйтіп, таң атқанша далада отырды. Жұрт алқа қотан отырып алған, басқа ойын-күлкі жоқ, тұс-тұстан: «Ай пәле, көп жаса!» лап көтеріп жатыр. Сол өлең айту, ән салумен отырғанда, таң да атты.

Келер күні жан-жағымыздағы көрші ауылдардан ән-өлең, күй тыңдаушылар жиналып келіп қаптап отырып алысты. Тағы думан. Іңірде Шолақ балуан ат ойынын көрсетті, артынан тағы өлең, ән, күй тартылды, тары таң атты. Бір кезде көптің арасынан біреу орнынан тұрып:

— Уа сабаздар, міне бірнеше күн болды. Тайшаның жәрмеңкесін думан қылдыңдар, көп жасаңдар! Шіркін-ай, Біржаны, Шыңғожасы, Шолақ балуаны бар ел қандай көрікті, — деп дуылдасты. Бүгін жәрмеңке тарайды, сіздер топтарыңмен біздің ауылға жүріңдер! — деді. «Бұл кім?» — деп сұрап едім, «Бұл — Махамбет», — деді жұрт. Келесі күні жәрмеңке тарарда, елдің аузында Махамбеттің айтқан жалынды сөзі болды. Осы сөзді айтып жұрт ауыздан-ауызға тарата жөнелді. Содан кейін елге бұл сөз мақал болып кетті.

Бұл жәрмеңкеден мен де олжасыз қайтқам жоқ: бұрын көрмеген Біржан мен Шолақ балуанды көріп, әндерін естідім. «Ағайынның қадірі жоқ» дегендей, Шікең елдес болған соң, қадірін білмейді екенбіз. Біржан мен Шолақтың қасында отырып зарлатып күй тартқанда Шікеңнің жекеше қасиетін сонда көрдім. Бұл жәрменкедегі екі-үш күн көрген қызығым маған бір жыл оқып үйренгенмен тең болды. Мені жұрт әнші дейді, міне мен сол әншілерден үйрендім, бұл әнді сондай өнерпаздарды керген мен айтпағанда, кім айтады!— деп әрдайым осы әңгімені Бекахмет әнші айтып отырушы еді.

Біржан өзінің әдеті бойынша ел аралап, сауық-сайран құрып келе жатып Байғожа дегеннің үйіне іңірде қонуға рұқсат сұрап түсе қалады. Күн жауын екен. Үй иесі Байғожа ықыласты болмай, үйде қонақтар бар еді, қонсаң қон дей салады. Аты-жөнін сұрамайды. Біржан үйге кірсе, шынында үйінде қонақтары бар екен. Қонақтардың үлкендері домбыра тарттырып, өнерлі өлең білетіндеріне өлең айтқызып гулесіп жатады. Бір өлеңшінің домбыра тартқанда бір-екі пернесі орнында болмай бөгет жасайды, дыбысы түзу шықпайды, оған қараған әнші болмайды, қызыл кеңірдек болып өлең мен әнді төпей бастайды. Отырғандар «Уай, пәле!» деп көтеріп, мақтауларын беріп жатады. Сонда біреуі:

— Жігітім, домбыраңның үні келіспей отыр, мынау айтып отырғаның Біржан салдың өлеңі мен әні ғой, оған келтіре алмай отырсың дейді. Өлең айтушы оған намыстанып:

— Ой, Біржаның кім еді, былтыр Атбасардың базарында мен оны әннен отырғызып кеткем,— деп мақтанып көпіреді. Біржанда үн-түн жоқ. Бір сәтін күтіп отыра береді. Бір кезде отырғандар желпінуге далаға шығады. Сол кезде Біржан домбыраны ала сала:

— Біржанды әннен тоқтатқан әншінің домбырасы! — деп пернені түзеп, домбыраны тартып-тартып жіберіп, орнына қоя қояды. Оны сол үйдің әйелі байқап қалады.

— Қонақтар үйге кіріп домбыраны қайта тартса, манағыдай емес, үні басқа шығады. Отырғандар:

— Е-е, жаңа түзелді ғой, қалай түзедің? — деп гулеседі. Біреулер:

— Міне, Біржан осылай тартатын, — деп сүйінеді. Әңгіменің бәрін естіп бағып отырған әйел, күйеуіне, отырғандарға:

— Мына қонаққа да бір кезек келген болар, домбыраны беріңіз,— дейді. Біржанға домбыра тиген соң, әнді шырқап жібергенде отырған үйге жұрт лық толып кеткенін ешкім аңғармай қалады. Басқа әңгіме, ішілетін ас бәрі ұмытылып қалады. Ызаланып алған Біржан ән мен өлеңнен тоқтамайды. Адамға, шырқалған дауыс та үйге симай тарылып дем алу қиынға айналған кезде, Біржан шаршап домбырасын қоя салады. Жөн сұрасақ, Біржан екен, үй иесі жаман масқара болып ұялып, бұрынғы қонақтардың көбін басқа үйге шығарып, Біржанды құрметке бөлейді. Манағы өлең айтып мақтанып отырған әнші ұялып түнде аттанып та кетеді.

Отырғандар Біржанға «Қалай шыдап отырдың?» деп сұрапты.

Біржан:

— Қайдан шыдап отырайын. Үйде пана болмады, далаға бірнеше шығып кірдім. Олар өлең айтқанда, делебем қозып шығып кетем, өлеңдері қойылған кезде үйге кірем. Тұншыққан адамша булығып әрең шыдадым, — депті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз