Эссе және өлең-жыр байқауы

Біржанның жұбайы Әпіш туралы

Біржанның Нұржан деген туған ағасының Сыздық деген баласына қосылған Рахия деген келіні (қазірде Павлодар да тұрады) мына әңгімені есіне алып маған жазып жіберді.

«Мен 1914 жылы Сыздыққа қосылдым. Сонда біздің үйлердің үлкені Әпіш шешеміз бен өз шешем (Нұржанның әйелі) болатын. Әпіш шешеміз ұзын бойлы, сұңғақты, ат жақты, қыр қабақты қара торы адам еді. Теміртастың бойы, өңі, қас-қабағы шешесіне тартқан болатын. Шешеміз ақыл иесі, терең ойлы адам еді, оның ондай қасиетін бертін келгенде үлкен адамдар қадірлеп айтып отыратын: «Осы Әпіштің ақыл-ойы адамнан артық, шыққан тегі жаман адам емес, осы төркінінің жоғына қарағанда, перінің заты болар», дейтін. Осы шешеміздің айтқаны бойынша мына бір оқиғалар есімде қалыпты.

Атамыз Біржан серілік — салдықпен ел кезіп, «Қыр» еліне барыпты. Бір жерде өлең айтып, ән салып, тыңдаған халықтың құлақ құршын, мерейін қандырып, ойын тарқар кезінде, шешемізді көріп қалады. Ол бой жетіп отырған қыз екен. Екеуі ымменен сырласыпты. Ауызба-ауыз сөйлесуге көптен қаймығып тарасыпты. Сол кезде бір ауылда ойын болып, бұлар сонда барыпты. Сол жерде сөйлесіп бірін-бірі сүйетінін айтыпты. Солай бола тұрса да, қалың елдің ішінен жалғыз жүрген әнші қалай қыз әкетеді, соның ебін таба алмай дағдарысып қалған кезде Әпіш шешеміз ойлап ақыл тауыпты:

— Сері, мына ел кешеді. Бұл жерден ұзайды. Сен де бұл елден кет те, бір жұмада мені мына моладан тап, мен сонда келем, тірі болсам сенімен кетем, сенімен кетпесем, өлсем осы молада өлем. Менің орным осы мола болып қалсын,— депті.

Атамыз елден аттанып кетіп қалған болады да, ана ел көшіп екі-үш күндік жерге кеткенде, төрт күннен кейін оралып келсе, анамыз Әпіш сол молада отыр екен. Бұл жерге келгеніме екі күн болды депті. Сол бойда екеуі түнделетіп жол жүріп, күндіз жапан түзді паналап ел шетіне жетіпті. Шешеміз содан кейін ел-жұртын көрмепті, оны іздеп ешкім келмепті. Ол: «Менің елі-жұртым, туған-туысқаным осы сері ғой. Бір деп білегінен, екі деп етегінен ұстап келдім ғой, мені жұрт не десе о десін!»— деп отыратын. Шешеміздің көңіліне қарап, елі-жұртын біз сұрамайтынбыз, осыдан басқаны ол кісі айтпайтын.

Біржан атамыз бертін келе Сараны екінші рет тағы іздеп бармақшы болыпты. «Мына әйеліңді, көрінген балаларды қайтесің, бір жерде қаңғырып жүріп өліп қаласың»,— деп Нұржан атамыз разылық бермепті. Сонда Әпіш шешеміз ақылға жеңдіріп, рұқсат әперіпті. Атамызға: «Мен Салдың атағын күтіп, жас бөбектерді бағып отырам. Сал өлең-әнге бола жаралған адам ғой, жолы болсын»— депті. Бірақ, жолдың ұзақтығынан, қолының қысқалығынан Біржан атамыз елден ұзап шыға алмапты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...