Өлең, жыр, ақындар

Ақын аманаты

«...Сіздер елдің алдында тұрған міндеттерді шенеуніктік емес, қарапайым, түсінікті тілмен әрбір қазақстандықтарға жеткізуге тиіссіздер...»

Н. Назарбаев.

(«Нұр Отан» ХДП 13 съезінде сөйлеген сөзінен)

Кешкісін жергілікті теле арнадан жаңалықтар тыңдауға түймені басып қалып едім, Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев өткен жыл қорытындысымен облыс тұрғындарының өкілдері алдында есепті баяндама жасап тұр екен. Отбасымызбен бас алмай тыңдадық, өлкемізде көңілге қуаныш ұялататын еңселі-еңселі біраз бағдарламалар жүзеге асырылыпты. Сонымен бірге алғы кезеңдерге арналған жоспарлардың да ауқымы үлкендігі сүйсінтті.

Жарыссөзге қатысқандардың ішінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайын Назарбек ағамыз еліміздің өміріндегі жарқын істерге, оған ұйытқы болып отырған Елбасымызға арнаған өлеңін оқыды. Ресми жиында өлең тілімен сөйлеу сирек кездесетін жағдай. Әсерлі шыққаны залда отырғандардың шапалақ ұрған ерекше көңіл күйлерінен байқалды.

Осы көріністің әсері ме, кенет Қырымбек Елеуұлы Маңғыстау облысына алғаш әкімдікке тағайындалғаннан кейін, жаңа қызметіне оң болсын айтып, өлеңмен тілек жолдағаным есіме түсе кеткені. Кейін ол өлеңім ұмытылып кеткен. Соны іздеп тауып алайын. Сондағы ойым менің өлең тілімен берген аманаттарым орындалды ма, жоқ па, білгім келгені ғой. Былай деппін:

«...360 әулиелі Маңғыстау өлкесін сеніп басқартуда Елбасымыздың таңдауы өзіңізге түскеніне шын жүректен қуаныш, құтты болсын айтамын. Еліміз әлемдегі әлеуетті 50 елдің қатарынан көрінуіне маңғыстаулықтар да өздерінің қомақты үлесін қосары сөзсіз ғой. Сізге зор табыстар тілей отырып, тіл ұшына келіп қалған төмендегі өлең—аманат жолдарын арнаймын:

Маңғыстаудың ақ тасын,
Ақ мәрмәр деп ұғыңыз.
Ақтауды — теңіз қақпасын,
Қазақыландырыңыз.
Пушкиннің ізі қалған жер,
Текені қазақыландырғандай.
Маңғыстау — маңғаз арман жер,
Үзілгені көп жалғанбай.
Сорабын сүрлеу басып қал,
Күңіреніп шығар бір ән бар.
Қорымдар тасын ашып қал,
Атойлар баба ұрандар.
Достарға ашқан есігін,
Лауласын ошақ отымыз.
Әулиелі өлке есімін,
Аспандатыңыз.
Тобанияз хан әкеміз,
Аспандатқандай!
Өлкемнің түні әдемі,
Шашылып жұлдыз жатқандай.
Түк емес, мұнда түк емес,
Жаңбырдың сирек жауғаны.
Қиялыңды ұштар бір елес,
Шер қаласы — Сфинкс,
Пирамидалар — Таулары.
Тартылып теңіз сор болып,
Ғасырлар қанша күтті екен.
Жеті жұрт кетіп ең соңы,
Қазаққа болған құт мекен.
«Болмаймын деп — қатын мен»,
Досаны басын имеген.
Тоздырмай елін ақылмен,
Исасы қайта билеген.
Мұнда бір тылсым барын ұқ,
Аптапқа шыңы қақталған.
Ақ түйе қарыны жарылып,
Қазына теңін ақтарған.
Достарға ашып есігін,
Лауласын ошақ отымыз.
Атамыз Бекет есімін,
Аспандатыңыз!
Ұясынан күн әдемі,
Аппақ нұр шашып атқандай.
Мәскеуде қазақ өнерін,
Өзіңіз аспандатқандай!!!

25.01.2006 жыл

Содан бері де білінбей бес жыл өте шығыпты. Осы бес жыл аймағымыз үшін өрлеу мен өркендеу жылдары болыпты. Таразыласам о, керемет, солардың арасында менің әкімге базыналық қылған елдік мақсаттағы аманаттарымның бәрі айна-қатесіз орындалыпты. Егер атап айтар болсам:

«...Ақтауды... қазақыландырыңыз...» — қазір облыс түгел мемлекеттік тілге көшкен. Жоғарыға, төменге барлық ақпарат көздері қазақ тілінде жіберіліп, қазақ тілінде алынады. Сессия, мәжілістер қазақ тілінде өтеді. Соның нақты дәлелінің бірі — шетелдік өндірістік кәсіпорындар өкілдерінің көптеп қатысуына қарамастан осы жиынның бастан-аяқ мемлекеттік тілде өткені. Ақтау қаласындағы көрнекі жарнама — билборттар өз тілімізде сайрап тұр.

«...Әулиелі өлке есімін аспандатыңыз, Тобанияз хан әкеміз аспандатқандай...» — облыс халқы бес жылда 1,5 есеге өскен, яғни, 2006 жылы 375 мың адам тұрса, ол бүгінде 521 мың адамға жетіпті. Бұл елімізде өсу қарқыны бойынша Астанадан кейінгі екінші көрсеткіш. Маңғыстау республикада өнеркәсіп өндірісі үлесінің 16,5 пайызын құрайды. Бес жылда бірнеше зауыттар іске қосылған. Олардың ішінде — Кеме жөндеу зауыты, Темір балқыту зауыты, Металл құрылғыларын жасау зауыты, Шыны пластикалық құбырлар зауыты, Жоғары қысымды сыйымдылықтар зауыты, т.б. бар.

Қазақстандық мазмұнның үлес салмағы анағұрлым артқан. Мәселен, мұнай-газ секторының тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін сатып алуда «қазақстандық мазмұнның» үлесі бүгінге 63,4 пайыз екен. Бізде салынған бұрғылау ерітінділерін шығаруға арналған зауыт, теңіздегі кенорындарының отандық өнімдерімізді пайдалануына қол жеткізеді. Ал кеме жасайтын зауыт жылына 60 кемені жөндеп шығарады, Бейнеу ұн тарту кешені мен құрама жем зауыты жергілікті тұтынушылар үшін айына 3,5 мың тонна ұн мен 1,5 мың тонна жем өндіре алады.

Бес жылда 1,6 трл. теңгенің инвестициясы тартылған. Иран, Әзірбайжан мемлекеттерінің консульдықтары ашылған. Мұнайлы ауданының құрылуы, оның орталығы Батыр кентінің құрылысының басталуы, Ақтау әуежайы, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы, Құрық теңіз порты мен оның жұмысшылар поселкесінің пайдалануға берілуі, «Ақтау сити» заманауи қаласы жобасының жүзеге асырылып жатқанын өлкеміздің ерекше өркендеуінің ғажайып көріністері деп түсінген жөн. Осылай бұдан бес жыл бұрын қабылданған «Жер—Теңіз—Аспан» инвестициялық мега-жобасы өзінің жасампаздығын көрсетіп берді.

«...Атамыз Бекет есімін аспандатыңыз...» — Қырымбек Елеуұлының өз сөзімен айтар болсақ: «...Біз бабаларымыздың даңқты ерлігі мен ұлағатты өмірін әрқашанда еске ұстауға және осынау мұраны келешек өскелең ұрпаққа аманаттауға тиіспіз...». Өткен жылы Бекет Атаның 260 жылдығы, Иса-Досан бастаған азаттық қозғалысының 140 жылдығы мерекеленді. Бекет Атаға аларатын «Ата жолы» автомагистралі төселсе, Форт-Шевченко қаласында Иса-Досан батырларға арналып еңселі ескерткіш бұрынғы патшаға орнатылған ескерткіштің орнына қойылды. Бұған Жалау Мыңбаевқа, Қашаған ақынға орнатылған ескерткіштерді, Н. Жантөринге, Т. Әшімбаевқа, Ш. Есеновке, С. Мұқашевқа арналған бюстілерді қосыңыз. Баспадан Адай көтерілісі жайлы екі томдық кітап шығарылды. Жинаққа кезінде құпия болған көптеген мұрағаттық құжаттар енгізілген.

Бес жылда атажұрты — Маңғыстауға жақын және алыс шетелдерден 40 мың адам көшіп келген. Демек, Маңғыстау адамдардың өмір сүруіне еліміздегі қолайлы аймақтардың бірі болып отыр.

Астанада жыл сайын «Маңғыстау күндері», «Маңғыстау жұлдыздары» фестивальдары өткізіліп, онда өлкеміздің таланттары өз өнерлерін астаналықтарға паш етіп қайтады. Қазақстанда соңғы кезде анықталған жеті кереметтің екеуі — Шерқала тауы мен Оғыландыдағы Бекет-Ата жерасты мешіті бізде, Маңғыстау жерінде. Олардың кереметтер қатарынан орын алуын да маңғыстаулықтар облыс әкімінің еңбегі деп бағалайды. Жақсы істерді жасқанбай айтуымыз керек қой.

Бір жиында Қырымбек Елеуұлының: «Ақтау әлемдегі ең көрікті қалалардың бірі болады» дегені есімізде. Шынында да дәл солай Ақтау сәулеті дәулетіне сай, Каспий теңізінің жағалауындағы сымбатты шаһардың біріне айналып келеді. Алматыдан қыдырысқа келген, әуелде осында тұрған ағайдың: «Қалаға таңданып келемін, бұрынғы Ақтау емес, көшелері тап-таза, гүлзарлармен көмкерілген, әрі биік еңселі ғимараттар көп салынған» дегені бар таңданысын жасыра алмай.

Қаламыздың нағыз толысып, бой жетіп, өзгелерді өзіне ғашық ететін шағы «Ақтау сити» дүниеге келгенде болмақ. Осы жерде бір айта кетер жай — қала тұрғындарының ауызсуға тұшытылған теңіз суын пайдаланып отырғаны белгілі. Ал алдағы мезгілде табиғи тұщы судың өзін пайдаланатын боламыз. Ол «Қиғаш — Ақтау» су құбырының құрылыс жобасының іске асырылуы арқылы жүзеге аспақ. Құрылыс пайдалануға берілген кезде бүкіл Маңғыстау өңірі Еділдің сапалы суын ішетін болады. Облыс әкімі өзінің есепті баяндамасында бұл жоба жөнінде: «Ерекше айтар жәйт — бұл жобаның іске асуына Елбасы Н.Ә.Назарбаев тікелей қолдау көрсетіп отыр. Ата-бабаларымыздың арман-үмітін іске асырудағы қамқорлығы үшін маңғыстаулықтар Елбасына дән риза!» — деген еді.

Сонымен өз өлкесінің басшысына жүктеген ақынның аманаты мүлтіксіз орындалыпты. «Әулиелі өлке есімін аспандатыңыз...» деген қарапайым ел азаматының тілегін жерге тастамай, оны өрелі бағдарламалардың ішіне басты мәселе етіп кіріктіріп жібергеніңіз үшін рахмет, Қырымбек Елеуұлы!

10.02.2011 жыл.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз