Өлең, жыр, ақындар

Жібек жолы сорабымен шөп басқан

ЖОЛ МҰҢЫ

"Жібек жолы" ауданы тұрғындары өздерінің "Дала" атты төл газеті ашылғалы мәз-мәйрам. Газет деген көреген көз, естігіш құлақ, айшықты сөз, шешен шежіре, осал тұсты дәл басатын ұшқыр жебе екен ғой. Шілденің аптабында тас астаудағы шыңыраудың мұздайлығы зәрдей бал суын бас алмай сораптаған түйедей-ақ оқырмандар шөлдеп қалыпты. Ел — жер тарихы, есте жоқ ескі заманның бағылан батырлары, сырғалы сұлулары, байлары мен билері көне қорымдардан қайта тұрып мүлдем өзге заманда өмір сүріп жатқан ұрпақтарының тұрмыс-тірлігін аралап кеткендей ме?!

Өзі бір кезде саясаттағы қадамын аудандағы алақандай газет тілшілігінен бастаған Бірінші жаңа газеттің жаңа редакторын ел ішін аралау кезінде жанынан тастамайтын. Редактордың ескі жәдігерліктердің құпиясына құмарлығына қызығатын.

Бірде редакторға беделді мекемеде бастық құрдасы былай деді:

— Бірінші мен редактор далаға шықса молаларды қоймай аралайды дейді осы рас па?

Редактор ілкіде абыржып қалған. Сосын: — "Бейіттер мен қорымдар біздің бабаларымыз. Шежіре... Жұмбақ... білсек, зерттесек деген ой ғой" — деген.

— Оданда еріксеңдер Үстірттің ернеуінен арқар атыңдар, қасқыр қуыңдар... міне қызық!

"Жібек жолы" десе дегендей. Бойындағы өр тастың, өр жусанның асты тұнған тарих. Бірде Алматыдан жазушы келді. Шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылған, дарынды. Мақсаты — Жібек жолының бұрынғы сорабымен жүріп өту, осы өңір жайлы шығарма жазу.

Жібек жолы,
Жібек жолы, —
Жібектей боп есілген жүрек жолы.
Күре тамыр іспетті толып аққан,
Сан елдерді шарлатар тірек жолы.
Скиф жолы,
Мақта жол,
Ноғай жолы,
Қыраттардың тесілген талай жоны.
Бума теңдер өңгерген түйелі көш,
Межесіне жеткізбек қалайда оны.
Осы жолда әр елдің ырымы да,
Осы жолда Мысырың, Қырымың да.
Жібек құртын жеткізген орап алып,
Қыпшақтың бір аруы бұрымына.
Түн қауіпті, күн шықса арай шыққан,
Жар астында қалды ұры талай бұққан.
Алдырғанын алдырып қалғанын ап,
Шын-Машыннан жетеді Сарайшыққа.
Тұлпар мықты тұяғын тағаласа,
Жігіт мықты ерлігін бағаласа.
Нар жолында ешқашан жүк қалмаған,
Қара жүрек қарақшы тонамаса...
Делдалы — бітістірмек шатасқанды,
Малғұны-айыратын отасқанды.
Керуеннен үзіліп қалған нарлар,
Есенқазақ түлейінде адасқан-ды.
"Қос арыстан күзеткен Білеулі" — деп,
"Қабырғасы сыйқырмен тіреулі" — деп.
Батыс-шығыс таңданған Білеуліде,
Керуеннің бақытын тілеулі көп.

Алматылық қонақты жолға Біріншінің өзі алып шықты. Қасына редакторды ерітті. Бұлар бұзылғанымен құрылысының қаңқасы бұрынғы сымбаттылығынан сыр шертіп тұрған Білеулі Керуен сарайына тартты. Жазушының көкірегі — қазына. Бірінші — сыр сандық. Редактор болса кезіккеннің бәрін қоржынына тығуда.

— Адастық, — деді Бірінші — адастық жолдастар. Байқамай жібек жолы сорабынан шығып кетіппіз. Мана Құсшыдан шыққан соң байқап отыру керек еді. Әңгімемен... Арал теңізі беті-ау деймін. Неде болса алға ұмтылып көрелік.

Кенет бұлардың "УАЗ-игін" жарқыраған бірнеше прожектор жарығы қоршап алды. Аппақ ақ сәуле түн қараңғылығын тілгілеуде.

— Қолға түстіңдер ме, шпиондар!

Иығында капитан жұлдызшасы бар офицердің қысқа өмірі естілді:

— Штабқа алып жүріңдер!

Автомат асынған оншақты солдат әй-шәйға қарамады...

Алдарындағы тұтқындардың біреуі бір ауданның Біріншісі және Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, екіншісі жазушы — мемлекеттік сыйлықтың лауреаты екенінде ешкімнің жұмысы болған жоқ.

Айдаладағы вагон үйде бұларды майор шеніндегі орыс қарсы алды.

— Әскери Зонаға не мақсатпен кірдіңдер? Кімсіңдер? —

— Сіздерге көрші "Жібек жолы" ауданының Біріншісімін, жанымдағылар жазушылар, тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап жүргенбіз, адасып кеттік...

— Арал қаласына барасыңдар. Кім екендерің сол жерде анықталады. Үлкен бастықтың — генералдың алдында... Давай жүруге дайындалыңдар!...

Бұл жерден Арал қаласы қайда, біреу қайда. Оның үстіне Біріншіні тұтқындаған масқара ғой. Не істеу керек? Осы кезде Бірінші де түсін суытты. Көкжалдай күжірейді. Бұлай істемесе болмайтынын мана сезген.

— Жолдас майор байқаңыз. Осы өңірдің қожасы менмін. Аралыңа бара алмаймын. Қажет болса бастығыңызды осы жерге шақырыңыз. Әйтпесе әкел рацияны өзім сөйлесем...

Екі мықтының жанарлары түйісіп қалды. Өңмеңнен өтер көзқарас. Офицер көгілдір көзін бұрын тайдырды да:

— Жарайды. Зонадан шығарып жіберіңіздер. Анау фотоаппараттарындағы пленканы алып қалыңдар. Бұл жер Отанымызды қорғау мақсатында әскери қару жарақты сынақтан өткізіп жатқан жер. Екіншілей қолға түспеулеріңізді сұраймын. Біріншісің бе, Жоғарғы кеңес депутатысың ба, жазушысың ба бізге бәрі бір... Әншейінде аспанды тіреп, жердің тұтқасын ұстап жүретін бұлардың көкірегін әлгі оқиға су сепкендей басты. Күштінің аты... Әйтеуір жеме-жемде бұлардың пысы жеңді-ау.

Осы көріністен кейін көп оқып керегін де, керек емесін де қоржынына тыға беретін, болашақта мына қасындағы ағасындай танымал жазушы болғысы келіп жүрген аудандық газет редакторының есіне әлде қашан ұмыт болған бағзы заманның... бұдан мың жыл бұрынғы... кейінгіге Ахмад Ибн Фадланның жазбалары арқылы ғана жеткен осы Сам құмында болған оқиға түсіп серіктеріне айтып берген...

Иә, әлгі жалғыз жаяу — дәруіш осы өңірде бір өзі бүкіл керуенді тоқтатып, сый-сияпат алған соң оларды ілгері жылжуға жіберіп еді-ау. Ал бұлар осы өңірдің иесі. Біріншісі бола тұра өз әскерлеріне(әрине ол кезде орыс әскерін өзге елдікі деуге болмайтын) тұтқын бола жаздағаны.

Бәрі қарқылдап келіп күлді... Сосын Жібек жолы бойындағы өздері білетін қызықты оқиғаларды жарыса әңгімеледі...

* * *

Кейін (әрине бірнеше жылдар өткен соң) редактор қоржынын ақтарып отырса әлгі өрімдер өз-өзінен өріле-өріле қамшыға айналыпты.

Кәдімгі сегіз өрім жылан бауыр, шашағы тұлпардың кекіліндей күлтеленген қамшы. Кенет қамшыға жан бітіп жылан тәрізді аунап түсіп бауырымен жорғалағысы келгендей болып кетті.

Астапыралла!

БІРІНШІ ӨРІМ ЖАЛҒЫЗ ДӘРУІШТІҢ YHI

...922 жылдың көктемі еді. Араб халифатынан, яғни Бағдат қаласынан шыққан сауда керуені Үстірт дөңіне көтеріліп, Сам құмының бұйрат-бұйрат жалдарына ілікті. Бес мың адамнан тұратын кішігірім қала көшіп келе жатқандай болып көрінетін керуеннің негізгі бағыты — Еділ өзені бойындағы Бұлғар мемлекетіне көмек көрсету. Керуеннің хатшысы Ахмад Ибн-Фадлан болатын. Төрт мың шақырымға созылған осы сапардағы жазбалар кейін Ибн Фадланның атын өшпестей етіп тарихқа қалдырды. Керуен Бағдат — Теһран — Серахс — Ашхабад — Бұхара — Үргеніш — Нөкіс — Қоңырат қалаларын басып өтіп, Сам құмының бұйрат-бұйрат жондарына іліккенде бұларға алдарынан иығына қоржын асынған жаяу жалғыз дәруіштің кезіккені. Жалғыз жаяу таптап өтерлік бес мың адамнан айылын жиған жоқ. Бар даусымен: "Тоқтаңдар", — деп айқай салды.

— Бұл өңірдің шөбін таптауға кім рұқсат берді, — деп ақырды жүдеу өңді жалғыз. — Ел-жер иесіз дедіңдер ме, менің рұқсатымсыз енді алға аттап баспайсыңдар!

Тентектеу сарбазының көтеріле берген қылышын керуен басы қынына қайта салғызды. Сосын өзі атынан түсіп "жүгенсіздіктері" үшін әлгі дәруіштен кешірім өтінді. Хан алдында тұрғандай сый-сияпат тартты. Керуеннің алған бағытқа жылжуына рұқсат сұрады. Дәруіштен мұсылмандыққа кіруін өтінді.

Сақтардың дай тайпасынан шыққан жалғыз дәруіш керуен басының бұл бекзадалығына, жат елдің заңын қатал сақтайтын әдептілігіне аса риза болды да, өз иелігіндегі құмды басып өтуге келісімін білдірді.

***

— Атақты Әмір-Ақсақ Темір көрегеніңіз де осы Жібек жолының бойындағы керуенді тонайтын қарақшы болыпты ғой.

— Апырай-ә-ә?!

ЕКІНШІ ӨРІМ — ҚЫРЫҚ ҚАРАҚШЫНЫҢ БІРІ

Керуенді Ұлы Ханға сәлем ап
Келе жатқан,
Мақсаты оның тонамақ.
Онда сыйлық — қаған үшін көп болар,
Алтында көп,
күмісте көп, көп тауар.
Қауіпті топ — қырық қарақшы атанған,
Бастығы оның — Ақсақ Темір қатал жан.
Шыңғысханның ұрпағында өші бар,
Ер әкесі Тарағайдан бата алған.
Басың кетер қанды ұрыстан қорықтың,
Басың кетер алғы үміттен торықтың.
Қырық қарақшы шапса егер... үрейлі іс,
Алға қойған мақсаты бар жорықтың.
Ашуланса ол қысқа айналар көктемің,
Ашуланса ол кетпес ешкім теп-тегін.
Өйткені ол ажал әкеп анаға,
Іштен туған, іштен туған кектеніп.
Анасы оның Сақыпжамал түс көрген,
Ал түсінде... Әлде ғажап іс көрген.
"Ұлы оның ханды өлтіріп хан болар" ,
Міне осыған Тоқылық хан тістенген.
Түсті айтқанға құрбысына опынып,
Қалды ана, көзінен жас төгіліп.
Бұл дүние опасыз ғой, опасыз,
Ішін жарды өз қолымен Тоқылық.
Алла әмірі болмаса егер болама,
Тірі қапты құрсақтағы шарана.
Дауыс шыққан тұсқа келіп бір ару,
Аршып алды шарананы моладан.
Содан бері кешкен күні жасырын,
Амандығы үшін алтын басының.
Таудағы үңгір... мекені оның кім білсін,
Домаларын қашан өрге тасының.
Тәрізді ме қарақшылық серуен,
Не дертке де табылады дәру — ем.
Шықпақшы еді(үш күн болды күткелі),
Самарқаннан Сарайшыққа керуен.
Шөл далада қиын-ақ қой жол аса,
Шабу керек атқан таңмен таласа.
Қолайлы жер... Есенқазақ түлейі,
Көп олжаға батар еді-ау тонаса.
Керуенде қанша түйе, қанша атты,
Арадағы дәл өлшеді алшақты.
Бөліп-бөліп қуып жатты түлейге,
Қарсыласса қылша мойнын ал, шапты...
Бәрін-бәрін бір қорқыныш билеген,
Ауған теңді талай нарлар сүйреген.
Осы кезде тайсалмастан бір ару,
Қарсы жүрді түсті даты күймеден:
Әйел бастар көшті батыр тонамас,
Қаншықты да арлан төбет таламас.
Керуеннің иесі едім мен бейбақ,
Көркем жігіт, мынауыңыз жарамас...

Сұлу әйел қылықты сөзімен негізгі ойын нысанаға дәл тигізді. Бұған дейін тек: "Тона, ат, шап, айда" — тәрізді қысқа-қысқа бұйрықтар ғана беретін жігіт бір сәт әлгі арудан көзін ала алмай тұрып қалды. Әркім өз жанымен әлек болып, таса-тасаға жасырынып жатқан шақта қаныпезерге тайсалмай тура жүрген жаужүрек қыз кім болды екен? Өзі аспаннан түсті ме, жерден шықты ма?!

Қанды қарайтатын қарақшылықтан да ләззат таба бастаған Темірдің бағылан жүрегін мүлде бөтен әлдене бүлк еткізді. Жанар мен жанар түйіскендегі жарқыл шашырандыларының бір ұшқыны жігіттің жүрегіне дәл тигендей. Ой дүниесінің астан кестенің шығарды. Бұндайда тез шешім қажет. Қарауындағыларға әмір етті:

— Бөрілер, бір бұрауына да тимей керуенді өз жолына салыңдар!

Қыз да қарымды жауабын тез қайтарды:

— Атыңызды айтып кетіңіз, көркем жігіт. Кезі келер... Мен сені бүткіл Мауреннахарды басқаратын хан жасаймын...

— Атым астымда!

Ауыздығымен алысып тұрған ақбоз айғырды оқыс тебініп қалып айдалаға шаба жөнелді...

Ел арасына "қырық қарақшы әйелі бар керуенді тонамайды екен, қайта өзге тонаушылардан қорғайды екен" — деген лақап кең тарады.

ҮШІНШІ ӨРІМ — "ТЕСІК ТАС" ЖЫРЫ

Мынау Құсшы. Айналасы аспан сор,
Құсбегі екен, аспан сырын ашқан сол.
Ғашық болып Білеулінің қызына,
Сол қызды алып Сам құмына қашқан сол.
— Келін келді, уа, ана, есікті аш!
— Дей бергенде мойнын жұлған тесік тас.
... Лақтырған Білеулі еді... ашумен...
"Сыбағаң сол... батасыз ал алып қаш,
Ақ бата алған ешуақытта тарықпас!...
" Сол тесік тас, Тесік тас,
Жатыр әне, ей жолаушы көзіңді аш!
Көрместен сен басып кеттің Өзің біл,
Қанша уақыт болар дейсің сезім мас.
Тағдырларды ету үшін ұқсатпас,
Бұл жалғанда аяғыңды мықтап бас.
Мавзолейге тас күйдірді ел,
Қазірде ол
Бейнеудегі музейде тұр "қыпшақ тас"
Тесік тастың көзіне уақыт құм құйды,
Не замандар өтті-кетті сұм қилы.
Өр заманның өз заңымен керуен,
Тесік тастың жырын айтып жылжиды.
Жылжып келе жатыр...
Неткен аңғал ек,
Қойдық кейде қарауды да таңға көп.
Ит үрді әне шабалақтап,
Керуен
Бұйрат құмды кірді міне Самға кеп.

* * *

Сартап жолдың сайрайды тыныс тілі,
Деп түсінген далалық ырыс мұны.
"Сүйінғара сыбаға" тастап кет — деп,
Бұрқырайды Самыңның күміс құмы...

ТӨРТІНШІ ӨРІМ — ҚОҢЫРАУ СЫРЫ

Керуен дер қоңырауы сыңғырлаған,
Қыста күнді, ал жазда түнді ұрлаған.
Керуеннің өңі де, сәні де мол,
Күміс көмей жырау бар жыр жырлаған.
Қоңыраулар сыңғырлы қоңыраулар,
Қоңыраудың үніне көңіл аудар
Шырт ұйқыдан оятар сиқырлы саз,
Керуен сәні — қоңыраулы омыраулар.
Қоңыраулар сыңғырлы қоңыраулар,
Ашылады құлағы саңыраулар.
Сыңғыр үнге — бал суын әйкелге ұрып,
Өңкіп күмпіп жатады шымыраулар.
Жазда күйіп, ал қыста үсік шалған,
Талайлардың кеудесін ысытты арман,
"Сыңғырлау" дер бұл жерді... себебі бар.
Жез қоңырау бұл сайда түсіп қалған.
Сөнбек емес көңілдің нұр шуағы,
Жол дегенің бір түсіп, бір шығады.
Естілетін сол сайда талай қыздың,
Сырғаларын жоғалтып сыңсығаны.
Махаббатқа қажетсіз қайық деген,
Жүрек тулар болсын тек лайықты өлең.
Осы сайда ақсүйек ойнап жүріп,
Ақбөбек қыз сүйіскен Қайыппенен.

БЕСІНШІ ӨРІМ — ҚАРАНЫҢ ҚҰМЫ

Керуеншілер
Қарақұмның көргеннен қарасын бір,
Билей түсер еркін дем санасын бір.
Түйелерін оттатып, белін жазып,
Тынығуға қолайлы Қарашүңгіл.
Діңгіл-діңгіл Сырлы әуен діңгілменен,
Ауызбен күй тартуды кім білмеген.
Тарихын жатқа білген керуеншілер,
Қара-жігіт,Ару-ды Шүңгіл-деген.
Қыз-жігіттің көкірегін таза сезім —
Махаббат қой жаулаған қарашы өзін.
Шүңгіл болса дай қызы — жауынгер қыз,
Ал Қараңыз араптың қожасы еді.
Жібек жолы бойында төкпе базар,
Адалдықтың ақ отын жаққан озар.
Қызға бола керуеннен қалып қойды,
Сол қожаңыз салмайтын таққа назар...
Сүртті сырды нөсерлер төгіп кеткен,
Қамал тұрған жер содан шөгіп кеткен.
Қара менен Шүңгілдің құпиясын,
Уақыт шіркін құмға орап көміп кеткен.

***

Құлпытасқа үңіліп қарағым кеп,
Сол өңірге әйтеуір барамын көп.
Бар білерім қорымың — Қарашүңгіл,
Ақшағыл құм аталар Қара құм — деп.

АЛТЫНШЫ ӨРІМ — АНАМНЫҢ ТІЛІ

Сарайшығым —
Алтын Ордам-Астанам,
Сенде сыр көп уақыт көміп тастаған.
Жабылғалы қақпаң сенің не заман,
Табылғаны қазғанда алтын тостаған.
О, тостаған,
О, тостаған.
Тостаған.
Әнім сенсің — тұңғыш тойды бастаған.
Тостағанмен шырқайтын бар әлі әнші,
Есіме алсам, Жанарымнан жас тамар.
Аяғы бар дүниенің басы бар,
Досы болса бұл пенденің қасы бар.
Тостағанда жан жылытар жазу тұр:
"Бұл көзеде менің көзім жасы бар".
Сайрап тұр ғой уыз тілі ененің,
Әсем әуен балқытады денені.
Жас шығады қуаныштан, қайғыдан,
Жаралғансың көз жасынан өлеңім.
"Бұл көзеде менің көзім жасы бар"
Ұғынуға емес ешкім асығар.
Міне, ғажап,
Алтын адам тағы бір,
Табылғаны Жем бойынан тасыған.
Бағзы адамдар неге алтынға құмар тым,
Десем егер,
Шірімепті шын алтын.
Тәжі — алтын,
Сауыты — алтын,
Қылышының сабы алтын.
"Табытымыз ашылатын болар күн.
Табысармыз сонда ұрпақпен ділі бар,
Бабасының кім болғанын ұғынар"
— Дегенсің ғой алтын киген аямай,
О, бабам-ай, жатқан жерін аядай.
Керуендер өтетін-ді
Жемнен қаздай ырғалып,
Кеткенін не саф алтынды
Көр — үңгірге бірге алып.
"Қарап жатам жылқыларды қой, — дедің бе, — төбеге" ,
Қорамсағың толып-ақ тұр, толып-ақ тұр жебеге.
Алтын сапты қылышын да суырылмаған қынынан,
Қын сыртында сурет бар — бөрілер-ау ұлыған.
Тостағанды ұстап жатсын, асылық қой осылар,
Депсің және "бұл көзеде менің көзім жасы бар" .
Хор қызының қолынан сен шарап ішкің келді ме.
Бұларыңды — дүние қоңыз деуден басқа енді не?!
Хансың ба сен, Батырсың ба, Байдың ұлы — Бағылан,
Шынымды айтып уа, баба жарылайын ағынан.
Ұрпағыңа мұра қылмай кеткеннен соң
Көрге алып, Қатал Заман жұлды бізді өміршінің тағынан,
Содан бері саф алтынды түсімізде көреміз,
Керуеннен түсіп қалған көр-жерлерді тереміз.
Ыңылдаған әнге басып терісінен тананың
Қамшы ғана өреміз.

СОҢҒЫ ҰҒЫМ

Автор сегіз өрім жылан — қамшының алты өрімінің сыр-сипатын жырлап болып, енді жетінші мен сегізінші тіндерді толықсытып толғамақ болған кезде... әлгі жерде жатқан қамшы — жылан оқыс басын көтеріп... айыр тілін сумаң еткізгендей болды. Өң мен түстің арасында отырған ақын тіксініп қалды.

"Бар пәле — тілден. Өткенге тіл тигізе бастадың. Олар — алтынмен апталып, күміспен күптелсе бастарына қонған бақ. Қалтаңда көк тиының жоқ, жалаң аяқ жүрген сорыңды кімнен көресің. Дініңді, діліңді, тіліңді жоғалта бастаған өз ұрпағың кінәлі... кінәлі... кінәлі..." — дегендей ме, әлгі...

Қазір қазақтар да қос тілді болып кетті ғой.

Ақын қалған екі өрімнің сыр-құпиясын қоржынына асығыс-үсігіс қайта тықты. Кезі тағы бірде келер... Келмесе өзге біреу жырлар...

Ұлыстың ұраны — Пір Бекет-Атаның аруағы — сарыүйек жылан деуші еді-ау!

Басын көтергені ұйқыдағы Рухымның оянғаны ғой.

Бисмилла-рахман-рахим!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз