Өлең, жыр, ақындар

Ұйқыдағы адам эффекті

Барлығымыздың қандай да бір наным-сенімдеріміз бар және біз оларға жабысып қалғанымыз сондай, ештеңеге қарамастан өзіміздікі дұрыс екенін дәлелдеуге дайын тұрамыз. Бірақ сіз осы наным-сенімдеріңіздің түп-төркіні жайында ойланып көрдіңіз бе? Олар шынымен-ақ сіздің наным-сенімдеріңіз бе және олар шынайы дереккөздерден алынған ба? Немесе сіз, өзіңіз білмей қалып, басқа біреудің пікірінің ығына жығылып, оның шынайылығына қалай сеніп қалғаныңызды білмей қалдыңыз ба? Психологияда бұндай феномен «ұйқыдағы адам эффекті» деп аталады. Бұл мақалада біз оның ерекшеліктерін қарастырып, өз наным-сенімдеріміздің кәмілдігін және күмәнді ақпараттың әсеріне бой ұрып жүргенімізді қалай тексеруді біліп аламыз. 

Сонымен, ұйқыдағы адам эффекті — бұл ақпараттың (айта кететіні рас болу ықтималдығы төмен немесе күмәнді дереккөзден алынған ақпарат) адамдардың пікіріне келтіретін ықпалын көрсету үшін пайдаланылатын ұғымсөз (термин). Бұл феномен адам белгілі бір хабарламаны, оны шынайы деп қабылдамағандықтан, бас кезінде еш елемей қояды да, белгілі бір уақыт (әдетте бұл бірнеше ай) өткен соң, біртіндеп ол хабарламаның шынайылығына сене бастайтын кезде пайда болады.   

Бұл феноменді алғаш рет АҚШ-да Ховланд, Ламсдейн және Шеффилд атты ғалымдар Екінші дүниежүзілік соғыс болып жатқан өткен ғасырдың 40-жылдары үгіт-насихат жүргізу үшін көрсетілетін фильмдердің сарбаздардың соғысқа деген ықыласына қалай әсер ететінін тексеру кезінде ашты. Тәжірибелер сериясының нәтижесінде «Британия үшін ұрыс» фильмі көрсетілген соң 5 күн өткенде сарбаздардардың соғыс туралы пікірі олардың бастапқы ойынан айнымағанын, ал 9 апта өткен кезде жағдай анағұрлым өзгергені анықталды: үгіт-насихат өз нәтижесін беріп, сарбаздардың соғысқа қатысты ойы жақсара бастады.   

Йель уриверситетінің профессоры Карл Ховланд ақпарат адамға кейіндеп әсер ететін бұл феноменді «ұйқыдағы адам эффекті» (sleeper effect) деп атады. Феноменнің ақиқаттылығы ғылыми психологияның басқа өкілдері тарапынан әлденеше рет сын тезіне алынды, өйткені тек киноленталарды көріп, ұзағырақ уақыт өту ғана сарбаздардың көңілінің өзгеріп кетуіне әсер еткенін дәл басып айтуға болмайды. 

Бұл қалай әрекет етеді?  

Мынандай жағдайды елестетіңіз: сізге таныс мейрамхана туралы репортаж көріп отырсыз делік, онда ол мейрамхананы қатты сынап жатыр, оның кемшіліктерін көзге шұқып тұрып көрсетіп жатыр, былайша айтқанда оны жерден алып жерге салып жатыр. Осыдан кейін сіз материалдың мейрамхананың бәсекелестерінің тапсырысы бойынша жасалғанын білдіңіз, яғни, репортажда айтылған ақпаратқа сенуге болмайды, осы себепті репортаждан кейін сіздің мейрамхана жайындағы пікіріңіз өзгере қоймайды. Алайда, сіз ақпарат көзіне сенбей тұрсаңыз да, болашақта сіздің аталған мейрамханаға барғыңыз келмей қалатыныңыздың және ол туралы айтылған жаман сөздерге иланып қалуыңыздың ықтималдығы жоғары.  

Қанша жерден қисынға келмейді десек те, белгілі бір уақыт өткен кезде біз бас кезінде еш нанбаған нәрсеге сене бастаймыз: бастапқыда көңілге күдік ұялатқан ақпарат иланымды сияқты көрініп, ақыр аяғында ақиқат ретінде қабылданады.  

Ұйқыдағы адам эффектін түсіндіріп беруге тырысатын үш гипотеза бар.

Ұмытып қалу

Нану үдерісін зерделеген Карл Ховланд әріптестерімен бірге ұйқыдағы адам эффектінің пайда болуы дереккөзінің күмәнділігі туралы негативті ойдың ұмытылып кетіп, жадымызда хабарламаның өзі жайлы ақпарат қана қалатындығынан деп жорамалдады.  

Диссоциация

Кейінірек ғалымдар өздерінің позициясын нақтылады да, «ақпарат көзінің хабарламаның өзімен байланысы (ассоциация) уақыт өте келе адамның зердесінде көмескіленіп кетеді» деген жаңа теорияны ұсынды. Басқаша айтсақ, адамның білетіні мен қалыптасқан күйі бір бірімен байланысы жоқ, олар бір бірінен дербес болады. Диссоциация теориясын тексеру үшін зерттеушілер адамдарға беделді ғалымдардың айтқаны мен атағы жайылмаған газеттерде жазылған дәрі-дәрмек туралы ақпаратты ұсынып, олардың дәрі-дәрмекке қалай қарайтынын зерделеді. Ақпарат берілген бойда беделді ақпарат көздеріне білдірілген сенім көбірек болды, бірақ 4 апта өткеннен кейін жағдай түбегейлі өзгеріп шыға келді: газеттердегі мағлұматқа білдірілген сенім артып, «беделді» ақпараттың шынайылығына күмән арта бастады. Бұл ретте сынақтан өтушілерге бастапқы жағдайды естеріне салғанда олар зерделеніп жатқан проблема бойынша бастапқы пікіріне оралғанын айту керек.    

Дифференциалды бөлініс

Ховланд пен оның әріптестері неге хабарламаның өзі ұмытылмай, бірінші кезекте дереккөзінің шынайылығы туралы ақпарат, екі компонент те бірдей маңызды болғанына қарамастан, ұмытылып кететінін түсіндірмеді. Бұл мәселені Гринвальд пен Пратканис және олардың командасы ұйқыдағы адам эффектінің пайда болуына қажетті нақты параметрлерді айқындауға арналған тәжірибелер сериясында зерттеді. Зерттеу нәтижесі ақпараттың әсерінің бәсеңдеу жылдамдығы мен оны құнсыздандыратын фактор (дереккөзінің күмәнділігі) оларды адамға айту ретіне байланысты екенін көрсеткен. Басқаша айтқанда, ақпарат берілген мәліметтердің шығу тегінің күмән тудыратыны туралы хабарламаның алдында жүретін жағдайда ұйқыдағы адам эффектісі пайда болады. Осылайша дереккөз туралы мағлұмат жадтан жойылып, алынған ақпараттың әсері ғана қалады.

Ұйқыдағы адам эффекті ықпал ететін жағдайлар

Зерттеушілер ұйқыдағы адам эффекті мына шарттар бір уақытта орындалған жағдайда ғана байқалады деп шамалайды:  

1. Хабарлама анық, эмоциялық тұрғыда және нанымды тұжырымдалған;  

2. Құнсыздандырушы стимул (дереккөзінің күмәнділігі) адамның ақпаратқа деген көзқарасының сол мезетте-ақ өзгеріп кетуін болдырмауға қауқарлы;  

3. Нақты сол сәттегі көзқарасқа берілген баға мен уақытынан кейіндеп берілген баға аралағында жеткілікті уақыт өтті;   

4. Хабарлама, уақытынан кейіндеп берілген баға кезінде көзқарасты өзгертуге ықпал ете алатындай, күшті.  

Дейтұрғанмен, жоғарыда тізіліп шыққан факторлардың нақты өмірде бір уақытта болуы сирек кездесетін жағдай болса да, ұйқыдағы адам эффектінің пайда болу мүмкіндігі туралы білімді ескерусіз тастамаған жөн. Біз бір қарағанда білінер-білінбес детальдың қалыптасып қойған пікірімізге әсер ететін жағдайлармен күнделікті ұшырасып жүрміз. Мысалы: саяхаттау туралы әдемі буклетті оқып тұрып, аяқ жағына жеткенде сапар құнына тамақтандыру кірмейтінін білеміз, немесе қандай да бір азық түрінің пайдасы туралы мақаланың аяқ жағында өндіруші туралы жағымсыз айғақтарды тауып аламыз.    

Құнсыздандырушы стимулы бар иланымды ақпаратты алған сайын біз өзіміз ұйқыдағы адам эффектісіне душар болып қалуымыз мүмкін. Мұқият болыңыз, қосымша мәліметтерді, ақыл-кеңестерді және айғақтарды зерделеңіз, сыни көзбен қарап, дұрыс қызығушылық танытыңыз. Бұл сізге өзіңіздің нық позицияңызды сақтауға және басқалардың айла-шарғыларынан қорғана алуыңызға көмектеседі.

Оқуға кеңес береміз:

БАҚ арқылы жұртқа айла-шарғы жасаудың 10 тәсілі

Масс медиа ықпалы

Теледидар және балалар

Теледидар және отбасы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Ерболат

Пайдалы керек мағлүмат

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер