Өлең, жыр, ақындар

Ақиқат

Әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайды.

Испан мақалы

1

Роберт сіңірі тартылғандай құрысып қабағын кіржитті. Бұршақтап аққан тер құс еттеніп кеткен бөртпе қызыл мойнына құйылды. Қарт профессор ащы тер иісінен тіксініп, басын шалқайтты да, оның неге үндемей қалғанына түсінбей, таңданып, сүқтана қарады. «Япыр-ау, бұған не болған?! Әлде науқастанып қалды ма? — деп ойлады. — Әлде сеансты тым . ұзаққа созып жібердік пе?..» Профессор сағатына қарады да: «Жоқ,— деді ойын жалғастырып, — әлгіде ғана бастадық. Мүмкін емес...»

— Неге үндемейді? — деді жуан генерал профессорға бұрылып.

Профессор жауап қатқан жоқ, Роберттің дымқыл білегін ұстап, тамыр соғысын тексерді.

Роберт сөйлейтін адамдай жұтынып қалды. Содан соң тісінің арасынан ысылдап:

— Не үшін керек? — деді естілер-естімес. — Не үшін керек осы сұмдық...

Профессор анығырақ есту үшін құлағын тақай бергені сол еді, Роберт өзінде жоқ мінезбен шаңқ ете қалды:

— Құрып кетсін! Керегі жоқ, көргім келмейді! Көргім келмейді...

Жынданып кетпеді ме деп зәресі ұшқан профессор:

— Тек, тек...— дей берді даусы қалтырап.

Роберт шынында да жынданған адамдай көзі аларып қыр-қыр етті...

— Жоқ! Жоқ! Бұл сұмдық! Жоқ! Жоқ!

Магнитофонның жанында тұрған профессордың көмекшісі де, телепаттың әр сөзін қалт жібермей қағазға түсіріп отырған стенографист әйел де әрі қарай не деп жазарын білмей дағдарып қалған.

— Тоқтат! — деген генералдың жарықшақ даусы Роберттің айғайын үзіп кетті. — Бұл мемлекеттік іс. Сеансты жалғастырыңыз. Тез!

Телепат тағы да бажалақтап, «жоқ, құрысын» дей беріп еді:

— Роберт мырза! — деді генерал долдана айғайлап. — Сіз мемлекеттік қылмыскерді көрсетуден бас тартып тұрсыз. Сіз сот алдында жауап бересіз, сот алдында.

Роберт есі кіріп, жуасып, қалтасынан тор көз орамалын алып, мойнын сүртті. Содан кейін басының сақинасы ұстағандай маңдайын тыржитып, сеансқа қайта дайындалды.

— Көріп тұрмын...

Генерал да, профессор да жымың ете қалды.

— Көріп тұрмын...

Профессордың көмекшісі магнитофон тетігін басып қалды да, микрофонның бауын шұбалтып, ілгері аттап, телепаттың қасына тақалды. Стенографист әйел жазуға дайындалды.

— Гангстерлер машинаға отырды... — Роберт денесінің құрысы тарқағандай қозғалақтап жөткірініп алды да, көз алдында өтіп жатқан оқиғаны баяндауға кірісті.

Бұл оқиға да бұдан бұрын полицейлер қанша іздеп, ізіне түсе алмай, телепаттың көмегімен ғана таппақ болған қыруар қылмысты әрекеттердің бірі еді.

Оның осынау кісі ақылы жетпейтін құпия қабілетіне, тіпті телепаттың аза бойын қаза қылып жатқан жан түршігерлік оқиғаларға мұндағылардың еттері үйренгені соншалық, осыған пәлендей таңырқап, болмаса сыры неде деп бастарын қатырып қиялдап жатпайтын. Ең маңызды мәселе тек баяндалып жатқан қылмысты оқиғаның өзінде ғана деп ұққандықтан, телепат суреттеген көшелердің, үйлердің белгілеріне, люстра, еден терезе жақтауларының, машиналардың бояуына, есіктердің оюына адамдардың киімдері мен түр-сипаттарына ғана көңіл бөлетін.

— Біреуінің желкесінде тыртығы бар. Басында... мыжырайған қалпақ... Екіншісінің үстінде... жағасын көтерген сүр плащ, қолы қалтасында... мұрты бар... орта жаста... көзі қысыңқы...

Генерал өзінің танитын адамына дәл келгендей, көзі ақшиып, одырая қалды.

Тек профессор аяғын айқастыра салып, көзілдірігінің үстінен сүзіле қарап, сабырлы отыр. Ол басқа бір затқа – он жыл бойына жүргізілген тәжірибеден бері телепаттың ақылға сыймайтын дәрежеде өскендігіне таң қалды. «Бәлкім, парапсихологияның адамдары да өз арасында данышпан немесе жай телепат болып бөлінетін шығар, — деп ойлады ол. — Болмаса мынау Роберттің әрі елесті көру, әрі ой қабылдау секілді екі қабілетті қатар меңгеруін немен дәлелдеуге болады?» Ол Роберттің алғаш суға кеткен баланы, ұрланған құпия документтерді қалай тапқанын, одан кейін арнаулы комиссияның көзінше жабық пакеттің ішіндегі хатты оқығанын есіне алды. Профессордың он жыл бойына жинаған материалдары аз емес еді. Оның таңғажайып фактілерді көп жиғандығы сонша, осыдан бір жүйелі заңдылық тауып, игере алмай қалармын-ау деп те қорқатын. Сол қорқыныш пайда болған сәттерде өзі мен телепаттың арасында тұрған көзге көрінбейтін бір берік қамалды сезеді. Сол қамалға тірелген кезде ар жағы бір құпия беймәлім, бас сұғуға болмайтын мүлде жат дүние екенін аңғарады. Ол тек бір затқа – санадан тыс құдіретпен адамдар дүниесін байланыстыра алатын көріпкелдердің бар екеніне ғана қуанатын. Сол байланыстың біреуі қазір өз уысында отырғанына одан де бетер қуанды. Ол анда-санда Робертті аяйтын да еді. Адам баласының табиғатында өте сирек кездесетін көріпкелдік қасиеттің бірөңкей қылмысты істердің ізін бағуға қызмет етуі шынында да, кісі аярлық жәйт еді. Алайда, профессор Робертті дүние жүзіндегі ең бақытты адам деп есептейді. Тіпті ол жайындағы ғылыми еңбегінің бір тарауы тек осыны дәлелдеуге арналған. Амал қанша, бұл күнде қоғамнан, мемлекеттен тыс мүдде жоқ. Бәрі де – адамгершілік, ар-ұждан да, мақсат, мұрат та, еңбек те мемлекет мүддесіне қызмет етуге тиісті. Тіпті сол мемлекеттік мүдде дегеннің өзін байыбына жетіп түсінбей-ақ қой, өйткені оның өзі тым салыстырмалы түрдегі әрқилы ұғым. Бірақ қалай болғанда да мемлекеттен, қоғамнан тыс өмір жоқ. Адам өзімен өзі немесе таза табиғатпен бетпе-бет қала алмайды. Осылардың бәрін профессор жақсы білетін. Сондықтан анда-санда Роберттің жағдайына іштей аяушылық білдіргенмен, иесінің қанша аяса да, көлігіне жүк артуын қоймайтыны секілді, ғылыми зерттеу жұмыстарын полицейлік криминалистік істермен біріктіріп жүргізуін қойған жоқ.

Сеанс біткеннен кейін тағы да анализ алу жұмысы басталды: медиумның қызуы, тамыр соғысы өлшенді, кардиограммалар тексерілді, тіпті күлімсі сасыған тер тамшылары да кішкене шөлмекке құйылып, лабораторияға жіберілді. Содан кейін барып профессор Робертті қолтықтап өз кабинетіне әкелді.

— Осымен бүгінгі шаруамыз тәмәмдалсын, — деді Робертті диван креслоға отырғызып жатып. — Мен тек... — соны айтып есіне әлдене жаңа түскендей кнопканы басып қалды да, есіктен басы ғана көрінген секретарь әйелге: — Бізге бір ішімдік жағын қарастырсаңыз, — деді көңілді үнмен.

Секретарь әйел таңырқағаны, әлде жақтырмағаны белгісіз қабағын сәл керіп, үнсіз жоқ болып кетті де, іле бір бөтелке шарап пен екі рюмка әкелді. Содан кейін әбден бейімделген қызметшілік машықпен бөтелкені оп-оңай ашып, рюмкаларға еппен құйды да, беймәлім жымиған күйі шығып кетті.

Профессор тырнаның сирағындай рюмка-бокалдан қылқ еткізіп бір жұтты да, столға қойды.

— Тамаша! — деді ол әлдеқалай, сосын ұзақ отыратын адамның сыңайымен креслоға нығыздалып шалқая түсті. — Тамаша! Тіпті ғылым үшін бұдан артық тәжірибенің қажеті де шамалы. Қарғыс атқыр мына бір қосалқы міндет болмаса, мен сіздің демалғаныңызды, тіпті ұзақ уақыт демалғаныңызды қалар едім.

Роберт үндеген жоқ.

— Данышпан туындылар... құстың ұя тұрғызғаны секілді соқыр түйсікпен жасалады деп Вольтер айтқандай, мына сеанстардың бәрі сіз үшін бірер сағаттық бос қиналыс болғанмен, ғылым үшін, тарих үшін аса мәнді оқиға екенін түсінуге тиістісіз, Роберт мырза.

Роберт тағы да үндеген жоқ.

Профессор орта рюмканы шүпілдете толтырды да, сыздықтатып отырып түбіне дейін ішті.

— Мен секілді профессор көп, — деді кенет ашыла сөйлеп. — Ал сіз жалғызсыз. Сіз тарихта мәңгі қаласыз, егер тарихтың өзі мәңгілік бола алса...

— Түк емес! — деді Роберт күтпеген жерден.

Профессор бөлме ішінде өзінен басқа тағы бір адамның барын жаңа сезгендей селк ете түсті. Бірақ бұрылып қараған жоқ, тағы не айтар екен деп төмен тұқырған күйі үнсіз қалды.

— Қалайша? — деді әлден соң баяу ғана. — Тарих адамзат өмірінің ізін өшірмей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Уақыттың әр тұсында кеткен қателік пен кемшілікті, әділдік пен зорлықты, қылмыс пен жазаны таразыға салады. Тіршіліктің мәні ашылады...

Роберттен тағы бір қарсылық күткендей профессор кідіріп қалды да, ештеңе демесіне көзі жеткен соң:

— Тіршіліктің мәні ашылады, — деді өз сөзін өзі қайталап. — Дегенмен, тарихқа кейіпкер болу әркімнің маңдайына жазылмаған...

— Түк емес, — деді Роберт тағы да.

Профессор оған таңырқай қарады. Бірақ пәлен деп сөз жарыстырып жатуды жөн көрген жоқ. Өз рюмкасына толтыра құйды да, бөтелкені Робертке қарай ысырып қойды.

— Тарихта қалуда ешқандай мән жоқ, — деді Роберт бөтелкеге әлдеқалай үрейлене қарап. — Өйткені тарихта ең қажетсіз заттар дәріптеледі... — Кенет, — Құндыз... — деді ол бас-аяғы белгісіз.

Профессор Робертке шошына қарады.

— Құндыздың даңқын шығарған оның түгі болғанмен, — деді Роберт әлі де бөтелкеден көзін алмай. — Сол түктер құндыздың өзі үшін қымбат зат емес. Ол тіпті өзіне аса мәнді болып есептелмейтін заттың қалайша даңқын шығарып жүргеніне таң қалған болар еді. Тарих та сол. Оған адамдардың ізгі арманы, мәнді мақсаты, махаббаттары қажет емес. Ол адамдардың бойынан өзіне керегін ғана алады. Егер сан мыңдаған адамдардың әруақтарын тірілтіп алса, олар да өздері үшін соншалық маңызды емес заттардың тарихқа дәріптелгеніне қарап, әлгі құндыз секілді қатты таң қалған болар еді.

Профессор келтірген дәлелдерге әлі де қанағаттанбағандай қабағын тыржитты. Роберт тап бір бөтелкемен сөйлесіп отырғандай, профессорға көңіл аудармастан:

— Тіпті қайдағы бір, — деді сөзін жалғап, — мағынасыз жаңсақ мақсаттармен салынған әуре пирамидалар тарихта қалады, ал ең маңызды зат – осыны салған адамдардың ауыр азабы, қайғы-қасіреті, көз жасы қалмайды... Тарих үшін тарихи оқиғаларда кім жеңсе, солардікі жөн, солардікі қажеттілік, солардікі әділ... Яғни Македонскийдің қанды жорықтары қажеттілік, Цезарьдың, Шыңғысханның, Наполеонның қанды жорықтары тарихи қажеттілік... Бірақ сол тұста төгілген қан мен көз жасының жан азабының не екенін бұлар түсіне ме? Егер сол тұста құрбан болған бір адамның рухын қайта тірілтіп әкеліп, лабораторияда тексерер болса (егер сондай бір мүмкіндік болып) сол — жалғыз адамның жүректі қалжыратар ащы үнінен осынау тоғышар тарихшылар қанша затты түсінер еді. Ал сол ащы қарғысты мың миллион есе, миллиард есе көбейтсеңіз, сонда осы сұмдықты бес секунд естіп төзуге кімнің жүрегі шыдар еді. Жоқ, біздер өз туысқанын өлген бетте бір жола ұмытып, оның өмірін «бәленінші жылы туып, түгенінші жылы өлді» деген хабар күйінде ғана есінде қалдыратын жат жүрек, тасбауыр жандар секілдіміз. Өлгендердің, жеңілгендердің мүддесін ұмытамыз. Оларды өлдіге санаймыз. Яғни тарихтағы бүкіл рухани өмірді жоққа шығарамыз. Сосын келіп жер бетінде тірі қалғандар мен жеңгендердің ғана мүддесін, мейлі ол зұлымдық болсын, әділетсіздік болсын, — ақылға сыйымды, ақиқат, әлемдік дамудың қозғаушы күші деп танимыз. (Профессор түйілген қабағын жазып жіберді). Айтыңызшы, құдіреттен жаралған мына өзіміздей адам баласына Наполеонның, иә Македонскийдің пәленбай. мың шаршы шақырым жерді жаулап алғанынан келіп-кетер не бар? Бірақ сол қателік болса да, мағынасыз болса да тарихта қалды ғой... Тарих солардың даңқын дәріптейді...

— Бірақ тарих мұнымен бітпейді, — деді профессор мойындаған тәрізді бір үнмен. — Алда да тарих бар ғой... Неге түзетпеске?

— Алдағы тарих?.. Ол бұдан да сорақы. Цивилизация атаулы табиғаттан бастап адам бойындағы табиғи қасиеттердің бәрін жояды. Генетика мен адам психикасы әбден меңгерілгеннен кейін данышпанды колбада қолдан жасайды, санаға берілетін сенім-бұйрық арқылы бір адамды қорқақ та, батыр да, адал да, арамза да етуге болады. Адамның басын қолдан орнатамыз, жүректі қолдан жасаймыз. Дуалау арқылы махаббатты да қолдан жасауға болады. Тіпті таяуда ғана банкке түскен ұрының ұры емес «банкіге түсесің» деген бұйрықпен гипноздалған жәй бір адам екенін өзіңіз де көрдіңіз ғой. Тіпті тұтас бір ұрпақты да гипноздауға болады. Болашақ тұнып тұрған фальсификация. Шындық пен жалғанның шекарасын таба алмаймыз. Өйткені бәрін қолдан жасаймыз.

— Бұл сұмдық қой, — деді профессор сыбырлап. — Адамзаттың санасымен жасалған осыншама заттың бәрін жоққа шығаруға бола ма?..

— Мынау өмірдегі мән-мағына, қасиет, әділет деп жүргендеріміздің бәрі адамдардың өздері ойлап тауып жүрген дүниелері. Әйтпесе олардың жаратылыс заңының негізін құрауға еш қатынастары жоқ... Тіпті ақиқатқа қатысы жоқ.

Профессор әлдебір жақын адамының қазасын естігендей тұнжырап үндемей қалды.

— Солай-ақ делік, — деді әлден соң даусы қарлығып. — Бәрі де ойдан шығарылсын, ақиқатқа қатысы болмасын, бірақ.ақыры ойлап тапқан соң дені дұрыс бірдеңені ойлап табуға болмай ма?..

Роберт орнынан тұрып, терезе алдына барды. Теріс қараған күйі жұқа пердені саусағымен түртіп тұрып:

— Ойлап табуға болар еді, — деді. — Бірақ сол тапқаның қанша әдемі болса да, күндердің күнінде әйтеуір ойдан шыққан дүние екені ашылып қалады да, бәрі де бір-ақ сәттің ішінде тас-талқан болады. Және одан кейін ештеңені де ойлап шығара алмайсыз...

— Тіпті қалай болғанның өзінде де адам өмір сүруге тиісті. Өмір сүру үшін рухани дәлел керек... Ал сіз, Роберт мырза, тағдыры қарапайым біздей емес, айрықша жаралған мына, сіз қандай кеңес бересіз? — Профессордың даусы барлық зұлымдық атаулыны Роберттен көріп тұрғандай бір түрлі зілді шықты. — Не істеу керек? Мен сізден осыны сұраймын!

Роберт ұзақ үнсіз қалды. Кенет профессор оның әлдеқалай селкілдеп тұрғанын көріп таң қалды. Ол оның мұнысын мінездегі парықтың аздығына немесе сыпайгершіліктің төмендігіне, тіпті солай болмаған күннің өзінде де, осыған ұқсас бірдеңелерге балап, ренжіп үндемей қалды. Әлден соң барып басын көтергенде Роберттің әлі селкілдеп тұрғанын көріп, одан бетер таң қалды. Әйтсе де сабыр сақтауға тырысып:

— Мен сізден жауап күтіп отырмын, — деді ереже оқығандай бөліп-бөліп.

Роберт сол селкілдеген күйі бұрыла түсіп, басын изегендей болды. Профессор қалай түсінерін білмей ойланыңқырап қалды да:

— Сіз Күлкіні айтып тұрсыз ба? — деді әлденеден секем алып тұрса да, белгілі бір шешімге келе алмай. — Бәрін күлкімен жеңу деген...

Осы кезде Роберт бар денесімен бұрылып профессор ешқашан естіп көрмеген бір жат үнмен лекілдетіп, бар даусымен қарқылдай күлді. Профессор абдырап Роберттің жүзіне қарағанда оның қисайып кеткен аузын, бүкіл ақыл-ой нышанын жоғалтып, есірік бұған көздерін көріп, кнопканы қалай басып қалғанын өзі де білмей қалды. Есіктен басын қылтитқан қызметші әйелге:

— Тез, телефон соқ, — деді жан даусы шыға. — Роберт жынданып кетті... Тез...

Осының бәріне, тіпті бүкіл тіршілік атаулыға шегі қатып күлгендей қарқ-қарқ еткен Роберттің тарғыл даусы қашан ақ халат киген дәрігерлер келгенге дейін бөлме ішін тоқтаусыз жаңғырықтырып тұрды.

II

Роберт ұйқы терапиясынан кейін кәдімгідей қалыпқа келіп, коридорға шығып, қабырға ілінген суреттерге, түпкі фойедегі қолдан егілген пальма ағашына, өзіне көз тастап өтіп жатқан сестраларға қарап, бұрыштағы креслода бүктетіле отырып, күндізгі уақытын тып-тыныш өткізетін болды. Сестраларға терезедегі гүлге су құю керек екенін ескертті. Тамақ әкелген қызға жылы шыраймен рахмет айтып, тіпті бір рет кезекші дәрігерден аурухананың бас дәрігерінің аты-жөнін сұрап, одан кейін палатаға күнделікті газет-журналдарды уақытымен әкеп тұруды талап етті.

Таңертеңгі астан кейін Роберт бас дәрігердің қабылдауында болды. Дәрігердің бақылау сұрақтарына Роберттің байсалды жауап бергені соншалық, кабинет ішінде отырған әлдеқандай практикант студент қыздың: «Мына кісі сап-сау ғой»,- деген сыбырын жұрттың бәрі естіп қалды.

Роберттің дәрігерден шығып коридордағы орындыққа отыра бергені сол еді, дәл қасынан кішкене баланың күлкісі естілді. Бірақ Роберт жалт қараған кезде алдында тұрған бала емес, екі шекесінің шашы еп-ерсі тікірейген қасқа бас аласа кісіні көрді.

— Хе-хе-хе... — Қасқабас Роберттің бетіне беті тигенше үңілді. Содан кейін:

— Мен автомат адаммын, — деді сыбырлап. — Мен автомат адаммын: Мен автоматпын. — Қолымен кеудесін түртті. — Ішінде ток жүретін катушка бар, жіп-жіңішке сары сыммен қапталған. — Қолын көрсетіп бірнеше рет ашып-жұмды. — Бәрі механизм. Рычагпен ашылып жабылады. Тұрған бойы механизм, — деп қолының механизм екеніне қуанғандай, тағы да бірнеше рет ашып жұмды. — Ана жақта, — деді әлдеқайда қолын сермеп, — басқаратын пульт бар. Сол жерден тетікті басады, сонда мен жүремін... Aha, жүремін. Мінеки, — Қасқабас қаздаң-қаздаң басып, басын Робертке ыңғайсыз бұрған күйі коридор бойымен кетіп бара жатты.

Ұзын бойлы бұйра шашты есіктің жақтауына тығылып, өткен-кеткен сестраларды қорқытпақ болып әуреге түсуде.

Кенет қарсы бөлмеден дәрігермен жағаласа ап-арық шал шықты.

— Свифттен қалған он мың стерлингті қайда жібердіңдер, — дейді жөтелге булығып.

Дәрігер тыңдамастан кете берді.

— Қайда? — деді шал орнынан қозғалмай. — Свифттен қалған он мың стерлингті қайда жібердіңдер, қайда?

Түскі тамақтан кейін ұйқы сағаты басталды. Кешке бәрі де далаға шықты. Роберт аулада өзін күтіп тұрған профессор мен әйелін керді. Жақын адамды көрген бетте адам бойында әлдебір сезімнің болуы керек екенін Роберт еміс-еміс есіне түсірді, бірақ мынау тұрған профессор мен өзінің әйеліне бұрын-соңды қандай ықыласы болғанын, өзінің оларға қаншалықты қатысы бар екенін мүлде түйсіне алмады. Сондықтан оларға қандай көңіл білдіру керек екеніне мүлде миы жетпеді.

— Жағдайыңыз жақсы ма, Роберт мырза? — деді профессор қолын ұсынып.

Роберт қолын берген жоқ. Әйелі қарсы алдына келіп, қадалып ұзақ қарады. Әйелінің үрейге толы көзқарасы Роберттің санасын оятқандай болды. Ол өзінің әйеліне июнь айында туған күніне арнап үнемі раушан гүлін сыйлайтынын есіне түсірді. Содан кейін барып жымиып әйеліне көз тоқтатты.

— Таныды, — деді әйелі ентіге сыбырлап. Роберттің кеудесіне басын қойып өксіп қоя берді. Роберт өзін тас қып құшақтап жылаған әйелінің әлдебір беймәлім жаманаттың ызғарын сездіргендей өксікке тұншығып қалш-қалш еткен денесінен өн бойына қорқыныш тарап аздап ес тоқтатқандай болды. Есі кірген сайын қорқыныш ұлғая берді. Әлдебір. санаға сыймайтын бір сұмдық өзінің алып денесімен дәл қасынан сүйкене жанап өткендей болды. Роберттің түрінен қатты қиналған нышан байқалды. Бір түрлі жат дыбыспен қыңсылап, кемсендегендей болды.

— Ханым, сіз сабыр етіңіз. Робертке тыныштық керек, демалыс керек. Сіз егер оны аясаңыз сабыр етуге тиістісіз, — деді профессор әйелдің қолынан ұстап.

Роберт денесі дір-дір еткен әйелінің құшағынан босанған кезде әлгі алып денелі сұмдықтан қашықтап, бірте-бірте ойсыз, түйсіксіз, сезімсіз бір боп-бос кеңістікке сіңіп бара жатқандай эсер алды. Содан кейін Роберт әйелі мен профессорға өзінің қаншалықты қатысы бар екенін тағы да есіне түсіре алмай әуре болды. Есіне түсіре алмағаннан кейін дуалға арқасымен сүйеніп, аулада жүрген науқастарға қарады. Үстіне кең халат киген әйел бұларға тақап келіп, саусағын безеп сес білдірді. Әйел жақындай түскенде Роберт әлденеге қайран қалды. Әйелдің сақалы бар еді. Роберт бұрын болмашы сирек мұрты бар әйелдерді бірнеше рет көрген болатын. Бірақ сақалы бар әйелді көруі бірінші рет. Әйел мүлде жақын келді. Содан кейін Роберттің әйеліне төне түсіп, бейбіт баяу дауыспен әңгіме айта бастады.

— Көрсет, — деді ол иығын қиқаң еткізіп, — көрсет... мен-ақ жеп берейін. Құймақ пісірген жөн еді... білмеймін... мұны мен де тоқи аламын...

Әйелге ешкім қараған жоқ, бірақ ол әңгімесін жалғастыра берді.

— Құймақ, — деді тағы да. — Ешкімнің де, жо-жоқ... Көрсет... жасаймын... пластмасса... қолға тыныштық беріңіз.

Әйел өзіне қарап тұрған Робертті көрді де, бұрылып келіп әңгімесін тағы да жалғастырды:

— Мінеки, кнопканы бас.. Heгe, неге?.. Балық көп... Жо-жоқ... Сіз қорқыныштысыз... Не, жынданғанбысыз? — деді селкілдей күліп. — Ой, қажеті жоқ... — Алып кетіңіз, — деді профессор сестраға Робертті көрсетіп.

Әйелі Роберттің қолынан қайта-қайта сүйіп, тұншыға жылады. Тек өксіген үнді естігенде ғана санадан туатын сезіну құдіреті жанын қинап, бағанағы алып үрейдің лебін таға да аңғаратын секілді. Роберт сестраның ымдауымен бұрылып ішке кірді. Ол әйелін де, профессорды да сол сәтте-ақ, есінен шығарып жіберді. Бөлмесіне келіп, төсегінің үстінде үн-түнсіз ұзақ отырды. «Мен не көрдім», — деді сыбырлап. «Мен не көрдім» деді тағы да коридорға шағып. «Бұл не қылған жандар? Автомат адам... Сақалды әйел... Сөзі неге түсініксіз?... Бұл не?»

Осы кезде Робертке: «Мынау жындыхана ғой, мен жындыханаға түсіппін ғой», — деген ой найзағай соққандай әсер етті. Көздері ұясынан шыға алақтап орнынан қалай атып тұрғанын сезген жоқ. Өне бойын үрей биледі. Қазір барып өзінің жынды емес екенін, өзін мұндай жерде ұстауға болмайтынын айтқысы келді.

— Мені бас дәрігерге апарыңыз, қазір апарыңыз, — деп жалынды бірінші кездескен сестраға.

— Бас дәрігер қажет болса өзі шақыртып алады, — деді сестра мұның сөзіне пәлендей мән бермей.

— Мені неге мұнда ұстап отырсыздар, — деді Роберт жыламсырап, шарасыз күймен. — Менің мұнда отыратын жөнім жоқ қой. Мен саумын ғой... Мен саумын.

Сестра үн-түнсіз Робертті айналып өтіп кетті. Роберт креслоға отырды. «Бұл білместік, не қастандық», — деп күбірледі өзіне-өзі. «Бұл білместік... білместік...» Кенет тағы да бір ой Робертің ішкі дүниесін дүр сілкіндірді. «Қашу керек — деді алқына сыбырлап. Асыққаннан жүрегі алқымына тірелді. — Қашу керек... Бүгін... осы қазір... Тез қашу керек:..»

Роберт маңайға күдік туғызбау үшін үн-түнсіз кереуетіне келіп жатты. «Қазір болмайды, —деді денесіндегі дірілді басуға тырысып. — Кешке... Түнге қарай...»

Сестралардың да көзіне түскісі келмеді. Санасында «қашу керек, қашу керек» деген бір ғана мақсат тұрды. Осы бір мақсаттың бүкіл табиғатын билеп алғаны соншалық, ауруханадан аман-сау қашып шыға алса, одан әрі өліп кетсе де арманы жоқ секілді. Әлден уақытта ол өзінің бұл жатысын уақытты босқа өткізу деп тапты.

«Ең алдымен, қалай қашу керек? — деп сұрақ қойды ол өзіне. — Қай уақытта қашу керек? Қай есіктен шықпақ?.. Жоқ, жоқ, маңайға барлау жасау қажет. Және өте сақ болу керек».

Роберт осы оймен коридорға шықты. Әрі-бері қыдырып жүріп, төменгі қабатқа түсетін баспалдаққа көз жіберді. Және мұнымды ешкім байқап қалған жоқ па деп маңайына далақтап қараумен болды. Ақыры ешкімнің тұрмағанына көзі жеткеннен кейін, баспалдақ бойымен төмен қарай түсе бастады. Есік алдында тұрған вахтер әйелді көрді. «Үстімдегі аурухананың киімімен мені өлсе жібермейді, — деп ойлады. — Басқа бір амалын табу керек... табу керек»... Асыға басып, жоғары көтерілді. Ең жоғары төртінші қабатқа көтерілгенде:

— Сіз мұнда не ғып жүрсіз? — деді ақ халат киген еңгезердей жас жігіт. – Роберт дір қалды.

— Мен... бас дәрігерді іздеп жүр едім.

— Бас дәрігерді?.. — Жігіт бұған күдіктене қарады.

— Иә, бас дәрігерді, — деді Роберт дегбірсізденген күйін сездірмеуге тырысып. — Сыртта алыстан келген бір адам тұр еді. Сонымен жүздесуге рұқсат сұрайын деп едім. Таба алмай жүргенім.

Жас жігіт бұған тағы да күдіктене бір қарады да:

— Жоқ, мұнда келген жоқ. Келетін жөні де жоқ, — деп төмен түсіп кетті.

Роберт пижамасының жеңімен маңдайының терін сүртті. Маңайына аз-кем қарап тұрды да, үйдің төбесіне көтерілетін баспалдақпен өрлей жөнелді. Қойма, иә лаборатория екені белгісіз, қарама-қарсы есік бекітулі тұр. Роберт дағдарып тұрып қалды. Жүрегі дүрсілдеп, үрейлене бастады. Кенет көзі темір сатыға одан әрі дәл төбедегі төрт бұрышты тақтай қақпаққа түсті. Темір сатымен қалай өрмелегені есінде жоқ, қақпақтың дәл түбіне тұмсығымен тіреліп тұрғанын бір-ақ білді. Көтеріп көріп еді бос тұр екен. Үміт сәулесі көңіл түбінен жылт ете қалды. Бірақ одан әрі барлауға мүмкіндік болмады төменнен дабырлаған дауыстар естілді де, Роберт сатыдан шапшаң жерге түсті.

— Сіз неғып жүрсіз? — деді көзілдірікті әйел.

Роберт жауап бермеді.

— Тоқтаңыз! Сіз қайдан келесіз? Қай палатадансыз?

Роберт тағы да жауап бермеді.

— Мен сізге айтып тұрмын. Тоқтаңыз!

Роберт екі ұшты күйде ақырын жылжи берді. Төзімі жетпей артына жалт қарады... Ешкім жоқ. Әйел кетіп қалыпты. Мұны иә саңырау, иә есту галлюцинациясына ұшыраған біреу деп ойлаған болар. Роберт екінші рет жеңімен, маңдайының терін сүртті.

«Енді түнге дейін шыдау керек, — деді өзіне өзі, төсегіне қисайып жатты. — Түнге дейін... содан әрі тысқа бір шықса...» Жүрегі тарсылдап, кеудесіне сыймай кетті. «Түнге дейін... Түнге дейін... Шыда! Шыда!..»

Кешкі тамақ Робертке батпады. Қанша сыр бермеуге тырысса да, өңешінен өтпей қойды. «Ауырып отырмын» деп сылтауратты даяшы қызға. Палатасына келіп, жатқанда жүрегі онан жаман дүрсілдеп, дегбірін қашырды. Қобалжығанын басу үшін біреумен әңгімелескісі келді. Сол ниетпен қарсы керуетте кітап оқып отырған адамға көз тоқтатты. Ер тұлғалы, ірі, сымбатты кісі екен. Маңдай шашы сирей бастапты.

— Сіз мұнда көптен жатырсыз ба? — деді Роберт жұмсақ үнмен.

Көрші басын изеді.

Көрші бұған кең өткір жанарымен маңдайынан сүзіле қарап біраз отырды. Содан кейін соншалық сенімді, сабырлы үнмен:

— Мен жынды емеспін, — деді. — Менің денім сау. Мен священникпін. Мені мұның ішіне әдейі салып қойып отыр. Кім жасап жүргенін де білемін. Френц! Сол маған қастандық жасап жүрген. Өмір бойы соңыма түсіп келеді. Мені өлтірмек те болған. Енді дәрігерлердің бәрін сатып алып, мына жындыхананың ішіне жатқызып қойды. Бірақ (ол біреу естіп қоймасын дегендей аузын қалқалап, даусын ақырындатты) оның бүкіл әрекеті осы таяуда әшкере болады, білдіңіз бе. Мен хат жазып, осында келген біреулердің қалтасына салып жібердім. Ол хат, сөз жоқ, үкімет басшыларының қолына тиюге тиісті. Содан кейін... (Ол Френцтің қалай әшкере болатынын көз алдына елестеткен болуы керек, қарқылдап күліп жіберді.) Бітті... — Ол екі алақанын құшырлана уқалады.

Роберт тіксініп қалды. «Мұның да cay болғаны ма? Әлде мұндағылардың бәрі сау ма?.. Бәлкім, — деді ол ішінен тағы бір ойдың ұштығын тауып. — Серік болып бірге қашар. Бірігіп әрекет жасармыз». Бірақ ол бұл ойынан тез қайтты. Екі адам қолға тез түсуі мүмкін. Басына сор болып құтыла алмай жүрсе ше? Мейлі, өз күнін өзі көрер. Тірі жанға тіс жаруға болмайды.

Сағат 10-ды соқты. Аурулардың алды ұйқыға кетті., Роберттің көршісі де басын көрпесімен тұмшалап, тұншыға қорылдайды. Сағат 11 болғанда Роберт орнынан тұрды. Аяғын еппен басып, коридорға шықты. Ешкім көрінбейді. Сестра отыратын орындық бос тұр. Ырғып үшінші қабаттан бір-ақ шықты. Төртіншіге көтерілуге мүмкіндік болмады, дәл қарсыда кезекші сестра тапжылмай отырып алды. Әлден уақытта телефон шырылдап әйел әрі бұрылғанда Роберт те жылжи беріп еді, бірақ ол мұны байқап қалды. Енді тура жүргеннен басқа амал жоқ. Роберт тақап барып:

— Сізде ұйықтататын дәрі жоқ па? — дей салды не айтып тұрғанын өзі де толық аңғармай.

Кезекші сестра бұған таңырқай қарады.

— Оны қайтесіз? Өзіңіз қайдан жүрсіз? Палатаңыз қандай?

Роберт қолымен жоғарыны көрсетті. Сестра күлімсіреп, балаға түсіндіргендей әр сөзін ежелеп:

— Ұйықтатын дәріні рецептпен ғана береді. Оның үстіне сіздің өзіңіздің сестраңыз бар. Содан сұраңыз. Түсінікті ме, — деді.

— Түсінікті.

Сестра сөзінің түсінікті болғанына қатты риза болып, Робертті төртінші қабатқа дейін жылы көзқараспен шығарып салды.

Төртінші қабат қаракөлеңке екен. Ешқандай сестра көрінбейді. Есіктері ашық. Роберт аяғының ұшымен басып, темір сатыға жетті. Қатар тұрған екі есік бұрынғысынша жабық тұр. Сатымен көтеріліп, тақтайды көтерді, содан кейін түрпідей, қап-қатты бір нәрсенің үстіне қарғып шықты. Маңай көрінбей кететін болғандықтан, қақпақты ашық күйінде қалдырды. Роберт басын әлде бірдеңеге ұрып алам да деп қорыққандай бұға жүріп, шатырдың есігін тапты. Есікті ашып қалды да, қаракөк аспанды, қала шамдарын, төменде ағылып жатқан машиналар мен қаптаған халықты көріп, тіршілік атаулының, әсіресе, анау митың жүріспен кіп-кішкентай болып бара жатқан адамдардың бейшара хәліне құмырсқаның илеуіне қарағандай бір сезіммен қарап тұрып қалды. Одан әрі ойлауға уақыт жоқ деп тапты да, жақтау темірлерге сүйене төбені айналып жүріп, төмен түсетін дәл манағы сатыдан айнымайтын темір сатыны тапты.Аздап басы айналған секілді. Барынша ұқыптылықпен саусақтары қарысқанша нық ұстап, аяған сатыға тіреп төмен түсе бастады. Құлап қалмай аман-сау жерге түсем деген қорқыныш бұған дейінгі қорқыныштың бәрін басып кетті. Сатының ең соңғы ұшынан ұстап, жерге секіріп түскенде бір мұратына жеткендей бойы жеңілдеп, терең күрсіне демалды.

Енді ауруханадан аулақ кетуді жөн көрді де, қарсы алдындағы көшеге түсіп алып жүріп кетті. «Қайда барамын» деп ойлады жүріп келе жатып. Кенет ол осы уақытқа шейін негізгі мақсатын ашып алмағанына қатты қайран қалды.

«Шынында да қайда барамын? Үйге ме? Жоқ, үйден оп-оңай ұстап алып, қайта әкеліп жатқызады. Қонақ үйге ме?... Мына күйіммен қай жерге қабылдайды? Жындыхананың киімін көрген бетте-ақ бүкіл жұрт үркіп шыға келер...»

Роберт көшедегі халықтың өзіне көңіл аудара бастағанын сезіп, қараңғы бұрышқа қарай ығысты. Бұрыштан-бұрышқа тығылумен уақыттың да қалай өткенін білмей қалды. Анда-санда бір өткен некен-саяқ машинадан басқа көшеде тірі жанның қалмағанын сезгенде барып, үй іргесіндегі басқышқа сылқ етіп отыра кетті. Шаршағаннан аяғы дір-дір етеді. Сүйектеріне шейін шаншатын секілді. «Қайда? Қайда бару керек? Паналайтын жер бар ма?» Роберт терезелері араның ұясындай быжынаған зәулім үйлерге көз жіберді: «Үй көп, — деді ішінен күбірлеп.

— Бірақ осынша кең дүниеден бас сұғатын пананың табылмауы мүмкін бе?..

— Ей! — деген қатқыл дауыс Робертті селк еткізді.

Неғып отырсың? Кәнеки бері кел!

Өзіне бұрылып келе жатқан полицейді көріп, Роберт орнынан тұрды.

— Бері кел! — деді полицей. — Тез!

Роберт бір сәт сигнал күткен спортшыдай қатып қалды да, кілт бұрылып, асфальт көшені тарсылдатып қаша жөнелді. Тарс етіп мылтық атылды. Айғай-ұйғай, шырылдаған ысқырық...

Үрей буып, қатты ышқынған Роберт өзін қалқып ұшып келе жатқандай сезінді. Ескі шіркеуді айналып өтіп, із тастап, кері қашпаққа бекінді. Аяғының тарсылы түнгі тыныштыққа жаңғырып, алысқа естілетін болған соң бәтеңкесін шешіп алды. Аяғының ауырғанына, өкпесінің шаншышқанына да қарамады. «Құтылу керек... Өлсем де құтылу керек...» Қатты жүгіргеннен Роберттің көзі қарауытты.

Ол ұзақ жүгірді. Алдынан қарауытқан қалың ағашты көргенде барып қаланың батыс жиегіндегі қолдан өсірген тоғайға тірелгенін бір-ақ білді. Екі өкпесі кеудесіне сыймай, ағаш арасына ене бере етпетінен құлады. Жан тәсілім қылып жүргендей көк шалғынның үстіне домаланып аунай берді. Әлден уақытта барып, сәл саябырсығандай болды да, екі қолымен жер тіреп, шегі үзілердей қиналып, құса бастады. Сосын өне бойын әлсіздік билеп, сүртуге шамасы жетпей қисая кетті. Бір сәт ұйқысы келді. Мынау жанын қинаған тіршіліктен ұйқы арқылы болса да бір сәтке құтылғысы келді. Бірақ өзін полицейлердің іздеп жүргені есіне түскен кезде ұйқысы шайдай ашылды. Құлағын тосып, тың тыңдады. Жым-жырт.

Роберт көк шалғынға шалқасынан түсіп, табиғат-құбыжықтың жалғыз көзіндей болып жарқырап тұрған дөңгелек айға қарады. Шетсіз-шексіз кеңістікте еніп жүрген өлі-тірі денелер. Ажалдай қатал, мейірімсіз әлем. Мәңгілік деп аталатын уақыт кеңістігінде тіршілік атаулы қараңғы түнекте анда-санда бір жалт еткен нәзік сәуле секілді. Ал жеке адамның ғұмыры ше?.. .Мәңгілікпен салыстырғанда осынша қып-қысқа ғұмырының ішінде осынша үлкен азапты арқалап кететіндей адам сорлының не жазығы бар?..

Роберт өзінің азғантай өмірін есіне алды.

Балалық шағы деревняда өткен еді. Әкесі жүзім егетін, іскерлігі аз, бостау болды. Мінезіндегі ең басты ерекшелік — өлердей балажандығы. Шешесі әлдебір діни ұйымдарға қатысатын. Жеті сайын шіркеуден қалмайды. Аурушаң, уайым-қайғыдан бір арылмайтын, қамкөңіл діндар кісі.

Кешкілік ұйықтарда Роберттің шашынан сипап жатып, ертек айтатын. Әсіресе, шығыстың не бір ғажайып ертектерін көп білуші еді. Ертектің оқиғалары Роберттің көз алдында тура болған оқиғадай елестейді.

— ...Содан әлгі адам, — деді шешесі баяу үнмен ертегін жалғастырып, — жолаушыны жер астындағы алтын күмбезді патша сарайына әкеліп кіргізеді: «Қалаған шарабың мен тамағыңды іш, сұлу кәнизактармен ойна, серуен құр, барлық есікке кіріп, алтын сарайды тамашала. Тек мынау тұрған бір есікті ғана ашуға болмайды. Оны ашсаң бақытсыз боласың», — дейді...

— Неге? — дейді Роберт шыдай алмай.

— Үйткені ол есікті ашуға болмайды, оны ашсаң бақытсыз боласың дейді, — деп қайталайды шешесі.

Шешесі ертекті бірқалыпты мұңды дауыспен өзінің басынан кешкен оқиғадай етіп өте әсерлі айтатын. Және ертек айтудан бір де бір жалықпайтын.

Роберттің өміріндегі ең бір ойсыз, қамсыз өткен, сондықтан соншалықты өзіне бақытты болып елестейтін кезеңі осы балалық шағы. Осы үшін ғана өмір сүруге келісуге болар еді. Роберттің бала кезінде науқастанып, ауруханаға түскені есінде. Дәрігерлер әлденеден үрейленген, қатты тітіркенген, содан жүйке саласына зақым келген деп тапты. Одан мектеп өмірі басталды. Өмірдегі қиыншылықтарға, бақытсыз жәйттерге түсініп, уайым жеуге, іштей азап шегуге қалыптаса бастады.

Тағы да науқастанды. Роберт ауруханада үш ай жатты. Телепаттық қасиеті маңайға сезіле бастады. Достар арасындағы алғашқы сеанстар... арнаулы комиссияның көзінше жасалған тұңғыш атақты сеанс... Роберт полицейлердің жоғалған документтерін тапты. Цирк бастығы Робертке гастрольмен бірге шығуға өтініш жасады. Жігіттік дәурен... Жоғарғы оқу орны. Роберт күні-түні кітап оқудан жалықпайтын. Оған бүкіл табиғат сырына, өмір сырына үңілу соншалық қызық болып көрінетін. Бірақ ақыл-ойы толыққан сайын, өмір сырына үңілген табиғатында жұмсақ, көңілшек жанын әлдебір қаттылық пен мейірімсіздік түрпідей батып қинайтынын сезетін.

Роберт арнаулы есепке алды. Бірнеше жыл бойына медицина ғылымының профессоры Бейкер мырзаның бақылауымен полицейлік криминалистік жұмыстарға арналған сеанстар жүргізді.

«Ақылдан азап!» Не деген сәтті табылған тіркес! Адам баласы өмір бойы ақылды болғысы келіп, ақыл тапқысы келіп, ал өзі өмір бойы сол ақылдан азап шегіп өтетінін түсінбейді. Санадан туатын азапты санап тауысу мүмкін емес... Тіршіліктің өзінде қанша зұлымдық, қанша апат, қанша өлім бар, қанша әділетсіздік, қанша опасыздық, екіжүзділік бар? Санаң марқайған кезде алдымен соларды түсінесің. Адамдардың өз бойындағы, өз табиғатындағы зұлымдығын, өзімшілдігің өзі қанша ғұмырды қысқартатын бақытсыздық. Сол бір торлаған түнектің ішінде болмашы жылтыраған сирек сәулелер сенің түңілген көңіліңді, құлаған үмітіңді тұрғыза ала ма?

Роберт өмірден ешқандай бақыт айықтыра алмас азап көрді. Ол азап тіршіліктегі мағынасыздықты көруден басталды. Адамдардың мән-мағынасы бар деп тауып жүрген ұғымдарының бәрі абсолюттік тұрғыдан, мәңгілік тұрғысынан қарағанда — Ноль! Адамдар әділ болғысы келеді. Өздері «мынау әділдік, мынау әділетсіздік» деп ат қойып, айдар тағып, әрекет қылады. Ал шынтуайтқа келгенде, адам баласының өзінің тіршілікке жаратылуының өзі әділдік болып шыға ма? Адам жыртқыш. Ең қатерлі жыртқыш. Жер бетіндегі парасат санасы төменгі дәрежедегі хайуандарды өзіне кіріптар етіп торда ұстайды, бұғаулайды, көлік етіп жегеді, өлтіріп жейді. (Адамдардың бір-біріне жасайтын қиянаты өз алдына.) Жылқының, сиырдың, қойдың еттерін жеу сол хайуандардың тұрғысынан қарағанда әділдік пе? «Сендер бізді неге жейсіңдер? — дер еді олар. — Біздің сана дәрежеміздің төмендігінен бе? Кімнің сана дәрежесі биік болса төмендегілерін талап жей беруге болатынын қандай әділетке сыйғызуға болады. Неге адамға бәріне рұқсат берілген. Біз бұған қарсымыз», — дер еді олар құдай алдында. Ал егер осылай болуы тіршіліктің негізгі заңын құраса, онда жер бетіндегі бұлжымайтын жалғыз құдірет – «Күштілер заңы» екені ақиқат болғаны. Яғни бүкіл дүниені күштілер басқарады. Оларға не істеймін десе де рұқсат. Ендеше, бүкіл әділетсіздік атаулының қайнар бұлағы дәл осы күштінің зорлығы емес пе?

Адамның өз болмысынан туатын қайғы қаншама? Бірінші қайғы – өмірде бақыт атаулының болмайтынын сезу. Бақыт сағым секілді. Алыстан көзді арбайды. Жан-тәніңді өшпес мұратқа бөлейтін бақыттың тіршілікте бар екеніне қаяусыз сеніп, үміт қыласың... Адамдар тіршілік деп аталатын аллас-күлес мұхитта бір батып, бір шығып жанталасып жүрген сорлы жәндік тәрізді. Ал үміт болса, сол арпалыс кезінде алдыңнан қарауытқан арал. Құтылдым деп ойлайсың. Жаныңды да, тәніңді де азапқа салған қатерден, кеудеңе бір түйір шыбын жан беріп, сол үшін бүкіл күнә мен қылмысқа, арамдық пен арсыздық атаулыға қор қылып қойған жаратушының мазағынан құтқаратын жарылқаушым табылды деп ойлайсың. Бірақ арал уақытша ғана тыныстау болып шығады. Теңіз суы көтерілген кезде арал суға бөгіп, тағы да бір батып, бір шығып, басқа арал іздеуге тура келеді. Мінеки, бақыт дегеніңіз дәл сондай... Көп аялдауға болмайды. Өйткені ол қолың жетісімен-ақ өзінің бүкіл мәнін жоғалтады. Осыған жетсем бақыттымын деп ойлайсың, ол орындалған кезде сенің мәңгі мазмұн болар қасиетінен айырылып, енді басқа арман табылады. Осылай кете береді... Олай болса тіршілікте бақыт жоқ. Бәрі де сағым. Бәріне де адамның өз бойындағы қанағатсыздық кінәлі. Ал қанағатсыздықты сана тудырады... Сана тудырады... Сана...

Осылардың бәрін біліп азапқа түсу ауру емей немене. Жаратушы. адамға ақыл-есті басқа тіршілік иелері бақытсыз болып жатқанда, одан бәлен есе бақытсыз болсын деп, азапты бәлен есе көп шексін деп, өлім алдында есінен танғанша зәресі ұшып, қиналсын деп берген секілді. Бейшара пенделер өздерінің тіршілікке келгенін олжа деп санайды. Өлгілері келмейді. Ал мұнысы – бір жерге көшіп келіп, ұзақ тұрған адамның әлгі жер ит байласа тұрмайтын қу тақыр болса да әбден бауыр басқаннан кейін, енді сол жерден кеткісі келмейтіні секілді, әшейін қимастық екенін өздері сезбейді...

Ақыл-парасат – ауру. Адамдар туады да сол аурумен ауырады. 60-70 жылдай азаппен ауырады. Содан кейін бүкіл азап, каторгінің кесімді жылы таусылғандай, аяқталып, адам мәңгі тыныштыққа кетеді. Тіршілік – үлкен аурухана!... Сұмдық!

Роберт басын ұстады. Қайтіп? Қайда? Қайда қашып құтылу керек?

Роберт жүрегінің тарсылдап соққанын сезе бастады. Қайтіп? Орнынан тұрып беті ауған жаққа қарай жүрді. Қайда? Ақыл-ес ауруынан қалай құтылу керек? Құтылу керек... Жындану керек... Сонда ғана бақытты бола аласың... Қалай жындануға болады?.. Қалай?.. Роберттің есіне жындыхана түсті.

Сібірлеп таң атты. Роберт қайда келе жатқанын өзі сезбей ұзақ сенделді. Кенет ол түнде ғана өзі қашқан жындыхананың дәл қасында тұрғанын сезді. Түндегі өзі түскен темір саты көрініп тұр. Роберт ойланбастан темір сатыға аяғын салып көтеріле бастады. Келген ізімен қайтадан ішке түсті. Содан кейін бүкіл ұйқы құшағындағы бөлімшелерді аралап өтіп өзінің бөлмесіне келді. Шешінді. Жатты. Тірі жан сезген жоқ.

«Құтылдым... Өңкей аурулар қаптаған тіршілік әлемінен бір сәтке болса да... Ақыл-естен құтылсам... Есімнен тансам... Біржола... Мәңгіге...»

III

Роберт енді ауруханадан жазылдың деп шығарып жібермес пе екен деп қорықты. Сондықтан ол барынша науқас адам болып көрінуге тырысты. Дәрігерлердің көп сөздеріне түсінбейтіндей сыңай танытты. Не естіп тұрып жауап бермейді. Әйеліне де, анда-санда келген профессорға да ашылып ештеңе айтпайды. Бірақ бас дәрігер ауруханада көп жұмыс істеген, тәжірибесі мол, аурулармен әңгімені өте шебер өткізетін және соның аурулар үшін қаншалықты мәні барын жақсы түсінетін адам еді. Робертті өз кабинетіне алдырып бүкіл өмірбаянын, семья жағдайын, әке-шешесінің қандай адам болғанын сұрады.

— Біз сізді жазып шығарамыз, — деді сөздің ортасында. — Сіз тек шаршағансыз. Сізді науқас деп айтуға да болмайды.

Дәрігер бірдеңені біліп қойды ма дегендей Роберт сескеніп қалды.

— Неге? — деді шошынып.

Дәрігер бұған әлдеқалай таңырқай қарады.

— Сіздің науқасыңыз жоқ, — деді күлімсіреп. — Сізге тыныққан жөн. Көріпкелдік қасиетіңізді көп сынай беруге болмайды. Өйткені адамға денсаулық қажет.

— Сіздіңше дені сау адамдар кімдер? — деді Роберт шыдай алмай.

Дәрігер аңтарылып қалды.

— Қалайша кімдер? — деді алақанын жайып. — Осы төңіректе жүргендердің бәрі... яғни қоғамға қызмет етушілердің бәрі сау адамдар.

— Жоқ, — деді Роберт сәл ойланып. — Ол тек – мынаны ауру деп айтайық, ал мыналарды сау деп айтайық деп келісілген қағида ғана.

Роберт өзінің ішкі сырының ақтарылып бара жатқанын сезіп, осы жерден доғаруым керек деп ойлады. Бірақ сол сәтте-ақ өзінің тоқтай алмайтынын білді.

— Тіршіліктің негізгі алғы шарты – тілек пен әрекетті тынымсыз қуалайтын күш – қанағатсыздық. Ал қанағатсыздық өзінен өзі беймазалықты, жан азабын тудырады. Бұл ешқашан да тоқталмайтын құбылыс. Себебі адам тілегі орындалған бетте-ақ өзінің қажеттілігін жоғалтады, әрекетсіздікке тіреледі. Сондықтан тағы да басқа тілек, басқа мұрат пайда болмақ. Әлгі процесс басынан қайта басталады. Осылайша тілек – әрекет, тілек – әрекет болып мәңгі қанағатсыздық тұңғиығына сүңги бермек, сүңги бермек. Олай болса, жан азабын тудырушы не? Ол – тіршілікке тырмысу, бақытқа ұмтылу. Біз қанағатсыздық аурумен ауырамыз. Және ол ауру ешқашанда ешқашанда жазылмайтын туа біткен ауру.

Дәрігер Робертке білдірмей, магнитофонның тетігін басып қалып, әңгімені жазуға кірісті.

— Бір сәт қана тарихқа қараңызшы, — деді Роберт қызына сөйлеп. — Алғашқы күні бүгінгі аралық қылмыс пен қырғынға, қиянат пен бәсекеге толы. Адам баласы бір-біріне сәт тыныш ғұмыр берген емес. Сұлулар өздерінің келбетімен, таланттар өздерінің қабілеттерімен өзгелерді қорлайды. Тіпті ең бейбіт спорт ойындарын-ақ алыңыз: ат жарыс, жаяу жарыс, күрес, бокс, футбол тағы сол сияқтылар – мұның бәрі тек бірін-бірі мұқату ғана. Ойын дейді, о жаратқан, қайдағы ойын? Ұтылған спротшылардың түрлеріне қараңызшы. Дүниедегі ең бақытсыз жандар солар. Ересек адамдар балаша жылайды. Адам ойынға жылай ма? Ойын дейді?.. Ол ойын емес. Адам табиғатынан арылмай қойған – бірін-бірі қорлау, мұқату. Эгоизм! — Роберт осы тұста әлдебір құпия айтқалы отырғандай сыбырлай қалды. — Яғни бұлардың бәрі «тіршілік күштілер үшің жаралған» деген жантүршігерлік қағиданы құрайды. Адамдық ықтиярға үстемдік, қиянат, зорлық қысқасы, бүкіл-бүкіл бақытсыздық атаулы жаңағы күштілер заңының жемісі. Әлгі айтқан спортымыз да, бұл да – бәрі бір-ақ құбылыс. Өмірге сәби санамен келіп, төңіректе шат-шадыман тіршілік барына, адами бақыттың, шынайы махаббаттың барына, ғаріпке көмек, қиянатқа тыйым секілді әділдік барына, бірі үшін бірі от пен суға түсетін, бір-бірінің көңіліне қаяу түсірмейтін адамгершілік барына сеніп келген мына бейшара пенделер үшін жаңағы бір сорақы, жабайы «күштілер заңының»үстемдігін түсіну қаншалықты ауыр екенін білесіз бе? Тек осы бір ащы ақиқат үшін атылып өлуге болар еді. Осыларды біліп бақытты болу мүмкін бе? Бақыт деген жарықтықты өмірдің түпкі мәнінен табуымыз керек. Ондай мән жоқ. Ендеше біз де мәңгі бақытсызбыз...

— Ал енді мәңгі бақытсыздықтан адамдарды құтқару үшін не істеу керек? — деді дәрігер Робертті әңгімеге тарта түсіп.

— Құтқару мүмкін емес. Бірақ жеңілдету үшін мынадай ұсыныстар айтар едім. Бірінші: ет жеуді доғару керек. Ет жеу яғни тіршілік иесін жеу – адамдардың бірін-бірі жеуінің басы. Ет жеуді доғару табиғат заңына енгізілген үлкен ету еді. Екінші: бүкіл спорт ойындары мен құмар ойындарын доғару керек. Үшінші: адамға рухани бостандық керек. Ертедегі құлдар заманында адамдардың аяқ-қолы кісенделсе, қазір ақыл-ойы кісендеулі... Төртінші: үлкен аурухана ашып оған өзімшілдерді, мансап құмарларды, атаққұмарды, ұятсыздарды, қаскүнемдерді, қатыгездерді, опасыздарды, өсекшілдерді, зинақорларды, жағымпаздарды, күншілдерді. жатқызу керек... Өмірдегі ең қатерлі дерттер осылар. Бесінші: дүниенің сұмдық құпиясын ашуға тақап қалған бүкіл ғылым атаулыны доғару керек. Адамға өз көрін қазуға болмайды...

Бас дәрігер осы жетер дегендей шырт еткізіп магнитофонды сөндіріп тастады.

— Осымен айтысымыз бітсін, Роберт мырза, — деді орнынан тұрып. — Кез-келген құбылысты әрқалай талдауға бола береді. Ол тек көрушіге байланысты. Өмір сіз көргендей мәңгі трагедия сахнасы болмауы мүмкін... — Дәрігер сәл ойланып қалды. — Мына тұрған кітап біздің көзімізге қызыл түсті болып көрінеді, ал мысықтың көзіне әшейін қоңыр түсті болып көрінеді екен. Бәрі де өмірді қалай көруге байланысты...

— О-о! — деп Роберт дәрігердің сөзін бөліп кетті.. — Тамаша! Яғни кітаптың түсі қандай екені бір құдайға ғана аян. Тіпті ешқандай түсі болмауы да мүмкін. Қызыл, қоңыр деген түсті көрушілердің, яғни мысық пен мына біздердің ойлап тауып жүргеніміз ғой. Солай емес пе? Ендеше, бүкіл өмірдің мәні, өмірдің дәмі, өмірдің түсі деп жүргендеріміз өзіміздің ойлап тапқан нәрселеріміз ғой. Бәрі де ойдан жасалған. — Роберт балаша қуанды. — Дұрыс па екен?!

— Демалыңыз, — деді дәрігер Робертке қолын ұсынып.

Роберт сәл дағдарып, дәрігердің қолын алды.

— Сау болыңыз, — деді күбір етіп.

Бөлмесіне келген соң Роберт көрпесін бүркеніп ұзақ жатты. Сестра әйел әкеліп берген дәрісін жорта ішкен болып, жастағының астына тыға салды. Кешкі тамақтан келісімен сыртқа да шықпастан қайтып кеп төсегіне қисайды.

Ол шынында да тыныққысы келді. Бірақ әр түрлі ойлар – әлем, тіршілік, адам туралы ойлар жан-жақтан анталап тыныштық бермеді. Егер олар дәл осылай қаумалай берсе, бұдан кейінгі жағдайының жақсы болмасын іштей сезе бастады. Ойлар... Адам баласының жерден алтын іздегендей ғұмырларын сарп етіп іздейтін ойлары... Қандай қатерлі! Бойға жайылған удай бүкіл санаңды, жүрегіңді толық жайлап, бірін-бірі шақырып, меңдей береді. Организмге осынша қатерлі затты адамдардың неге арам тер болып іздейтініне Роберт қатты таң қалды.

Роберт шыдай алмай көрпесін тастап атып тұрды да, дәл қарсы алдында қатып ескерткіштей болып, қыбыр етпей кітап оқып отырған священникті көрді.

— Сіз өз өміріңізге разымысыз? — деді Роберт төбеден ұрғандай.

Священник естімеген адамдай кітабын оқып отыра берді.

Әлден уақытта кітабын бүктеп, жастығының астына қойды да, жаңа көргендей Робертке маңдайынан сүзе қарап біраз отырды.

— Жаратушы өзінің пендесінен ризашылықты талап етеді, — деді бір кезде аят оқығандай әндете сөйлеп. — Тіршілік жаратқанның пенде баласына тартқан сыйы. Құдай қаламаса сіз тіршілікке келмеген де болар едіңіз. Алдымен, — Священник сұқ қолымен көкті нұсқады, — жаратушының құдіретіне борыштысыз.

— Тұра тұрыңыз, — деді Роберт священник әлгі сөзді айта салып, кетіп қала ма деп қорыққандай. — Мен сіздің...

— Құдайды сүйіңіз, — деді священник сөзін жалғап. — Соның көрсеткен жолымен іс қылыңыз, сонда тозақ отына күймейсіз.

— Құдайдың құдіреті адамға тек қорқыныш тудырады. Ал қорқыныш бар жерде шын махаббат болуы мүмкін емес.

— Олай деу күнә. Күнәға батқан адам тозақ отына күймек.

Роберт мырс етті:

— Адам сорлыны бір тозақтан алып, екінші тозаққа салғанда тәңірі шіркінге бірдеңе түсе ме?..

— Олай демеңіз! — деді священник шошынып. — Тәңірі жаратқан тіршілікті тозақ деуге жоқ. Егер жаныңызды күнәдан аулақ ұстай білсеңіз, тіршілік адамға тек бақыт әкелмек.

Роберт священикті менсінбей тағы мырс етті.

— «Мен осы үшін өмір сүріп жүрмін» деп айтарлықтай қасиетті ештеңе бар ма өмірде? Жоқ. Қасиеттілік қасиетсіздікпен, жақсылық жамандықпен қосарлаған. Мейірбандықты зұлымдықтан, арамдықты адамдықтан бөліп алуға бола ма?.. Бразилияның бір провинциясында крокодилдер адамдарға, малдарға шабуыл жасап көп зиян әкелген соң, адамдар оларды жаппай аулап құртып жіберген. Бірақ содан кейін сол жерге індет ауруы тараған. Сөйтсе крокодил әрі адамдарға қысастық қылып, әрі суды ауру тарататын бақа-шаяндардан тазартып отырады екен. Ақыры қыруар ақшаға көрші провинциядан крокодил сатып алынған. Бұл өз ақшаңа зұлымдық сатып алу деген сөз емес пе. Дүниенің бәрін торлаған — зұлымдық. Тек біз соның сәл жеңілдеу біреуін таңдап алуымыз керек. Біржола құртуға болмайды, қалайда біреуін таңдайсың. Ал біз тіршіліктің өзіміз үшін бір мәні бар екеніне сеніп, жақсылықты жамандықтан, ақиқатты жалғаннан бөліп алғымыз келіп ақтық деміміз біткенше тырбанамыз. Сөйтсек, бұлар бірінсіз бірі күні жоқ, әуелде бір анадан егіз туған ағайын екен. Біз алданыппыз. Бізді алдапты... Мінеки, мен құдайды қай жерден қолға түсірдім? Мен құдайды қолыма түсірдім! — Роберт құдайды шын ұстап тұрғандай, қолын тас қып жұмып алды. — Мен қарсымын, —деді айғайлап. — Қарсымын! Өмірді өстіп аяусыз қатыгездікпен ойлап тапқан құдайға қарсымын...

Священниктің көзі алақтап кетті.

Есік ашылып, етженді сестра әйел кіріп келді.

— Ұйықтау керек, — деді ол шамды сөндіріп жатып. — Әңгімені доғарыңдар! Айғайлауға болмайды. Кәне, жатыңдар.

Бөлме ішін қараңғылық басты. Бірақ терезеден құлаған жарықтан керуетте шоқиып отырған священник, ақшыл сырмен боялған есік айқындалып көріне бастады.

— Өмір дейді, — деді Роберт ысылдай сыбырлап, — өмір ме екен? Адамның өлу процессі ғой бұл! Неге Исус Христос Агасфарді «тіршілік қамыты мойныңнан түспесін, басыңа өлім келмесін!» деп қарғаған? Мәңгі тіршілік дәрісін бергенде Соломон неге ішуден бас тартты?.. Буддаға астындағы алтын, күмбезді сарайынан, сұлу жардан, бауыр еті баладан, жан қиысқан достардан безіп, бүкіл Үнді жерін жалаң аяқ, жалаң бас қайыршы боп безіп кетуіне себеп болған не? Өмірдің азабы ғой... Қай ел екені есімде жоқ, бір елде бала туғанда «бейшара, енді қашан өлгенше азап көретін болды» деп өлікті жерлегендей қайғылы жоралғы жасалады екен. Ал адам өлсе, «азаптан құтылды, мәңгі тыныштыққа кетті деп қуанып, той жасайды екен. Той жасау керек өлгенде. Мен өлгенде той жасаңдар, той!

Священник әлі қозғалмай отыр.

— Аясаңыз бүкіл адамзатты аяңыз, — деді Роберт трибунадан сөйлегендей қолын сермеп. — Құдайдың бұйрығымен іс қылып, тауқыметін жеке өзі көтеретін адам тәрізді бақытсыз ойыншықты аяңыз.

— Сенім керек, сенім, — деді священник осы кезде әндете сөйлеп. — Ізгілік жеңсін десеңіз соның бар екеніне сену керек, әйтпесе қиянат жеңуі мүмкін.

— Ізгілік ешқашан да жеңе алмайды! — Роберт тағы да айғайлап тұра келді. — Кісіге қиянат қылудың мың түрі бар, — Роберт саусақтарын бүгіп қиянаттың қанша екенін санай бастады. — Алдау, арбау, зорлау, сату, ату, тонау, тағы сондай-сондайлар... Ал қиянат қылмаудың бір-ақ түрі бар. — Роберт бір-ақ саусағын бүкті. — Ол – тек қиянат қылмау. Ендеше ізгілік жолы жіңішке, ізгілік әлсіз...

Кенет тағы да есік ашылып, сестраның толық денесі көрінді.

— Мен сендерге не айттым? — деп зіркілдеді сестра. — Кәне, доғарыңдар! Енді дыбыстарыңды естісем менен жақсылық күтпеңдер.

Роберт те, священник те қорқып қалды. Үн-түнсіз керуеттеріне жатып, көрпелерін жамылды.

— Қарай гөр бұларды, — деді сестра әлде де өз айқайына қыжылы қанбай. — Ақырын айтқанға түсінетін түрлері жоқ. Кәне!

Роберттің қорыққаны сонша, сестра кетіп қалғаннан кейін, көрпесін бүркеніп жатып жүрегінің осынша қатты тарсылдап соққанын сезді. Ұйықтай алмай аунақшып ұзақ жатты. Басын көтеріп священникке қарады. Ұйықтап кеткенге ұқсайды. Пысылдап, бірқалыпты демалады.

Роберт өзінің осынша бейшара халіне күлкісі келді. Тағдыр мазағына ұшыраған адамның халін тор ішінде босқа аласұрған тышқанның әрекетіне теңеуге болады. Тышқанды кергенде еріксіз күлкің келеді. Ендеше адамға неге күлмеске. Роберт дыбысын шығармауға тырысын, үнсіз селкілдей күлді. Кенет аузына кермек дәм келді. Селк ете түсті. Көз жасы екен.

IV

Роберттің сестра әйелден қорыққаны соншалық, бірнеше күн қатарынан священникке әнгіме айтуға батылы бармай жүрді. Кеш болса болды, көрпесін тас бүркеніп, анда-санда священниктің өзінің мүлде жынды емес екенін, бәрін бүлдіріп жүрген Френц екенің, енді оның да санаулы-ақ күні қалғанын айтып, күңкілдеген даусын естіп үнсіз жатады. Бірі келіп, бірі кеткен, бірі үзік, бірі шексіз шым-шытырық ой әлемінде салмақсыздыққа ұшыраған адамдай бағыт-бағдарсыз зеңіп жүргенін сезеді. Оның ішкі дүниесі мүлкі көп, бірақ жиналмай ыбырсып жатқан үй секілді еді. Сондықтан оның ойында белгілі бір жүйе, рет болмайтын.

Тек күндіз әйелі, қайсы бірде профессор келгенде сүлікше жабысқан ойлардан бір сәт айрылғандай болады. Анда-санда ғана бас дәрігермен әңгімелеседі. Соңғы кезде бас дәрігер мен сестра әйелдің арасында өзара келіскен құпия әрекеттер жоқ па екен деген күдік пайда болып, оған да ашылып әңгіме айтпайтын болды.

Бүгін бас дәрігер ауруларды жинап алып, қазіргі медицинаның құдіреті туралы, ғылым мен техниканың табыстары туралы әңгіме өткізді. Цивилизацияның қарқыны туралы айта бастағанда-ақ Роберт орнынан ұшып тұрып, өз пікірін айтқысы келді. Бірақ әлгі тажал сестра әйел кіріп келе ме деп қорықты. Амалсыз бармағын тістеп отырып қалды.

Кешкілік көрпесін бүркеніп жатып бас дәрігердің манағы сөздерін есіне түсірді де, көрпесін серпіп тастады.

— Ғылым, цивилизация... — деді Роберт священникке кекеткен үнмен. Цивилизацияның дамуы адам айтқысыз шапшаңдап бара жатқаны рас. Оны адамдардың өздері онан сайын жындандыра түсуде. Өз жылдамдығын өзі. қызықтап баса түскен шоферлар секілді. Машинаға апат қаупі төнуде. Бірақ оның алдынан шығып тоқта дейтін бір пенде жоқ. Жылдамдықты асырып жіберу – тәртіпті бұзу. Ол үшін штраф салынады. Штраф? Кім төлейді кәне?..

Священник радио тыңдағандай үнсіз отыр.

— Қарғыс атқыр заттық мүдде біздің тіршілігімізді әбден билеп алған. Сол себепті біз адамдарды, қауымдарды, әрекет-құбылыстарды ең алдымен Күшті және Әлсіз деп бөлеміз. Ең алдымен қасиетті және қасиетсіз немесе Адал және Арам деп батты арам қылған, арды аяққа таптатқан, сан миллион халықтың қанын судай шашқызған, опасызды, қаныпезерді, тирандарды жаратып, солардың зорлығына баршамызды қор қып қойған кім? Соның өзі. Біз жаманшылықты бір-бірімізден, жауларымыздан көріп дағдыланғанбыз. Сізге айтар өсиетім – жауыңызды құрметтеңіз. Өйткені ол да өзіңіз секілді жаратушының заңымен іс қылады. Сіздердің жауластықтарыңыздың түпкі мәні екеуіңізде емес, басқада. Сіздер өз рольдеріңізді орындап жүрген актер секілдісіздер. Оны орындамасқа мүмкіндіктерің жоқ. Сіздің жауыңыз да өзіңіз секілді еріктен тыс, өзге бір ықпалмен әрекет ететінін ұғыңыз. Ұқсаңыз болды, оған деген тіпті аяушылық сезіміңіз тууы мүмкін.

— Жоқ, сіз жынданғансыз, — деді священник үрейлене сыбырлап. — Мен сізді бұдан әрі тыңдай алмаймын. Сіз бүгін-ертең құдайдың зәріне ұшырайсыз. — Священник құдайдың кәріне қоса ұшырап кетпеу үшін, екі қолымен құлағын бітеп, көрпесін тас бүркеніп жатып қалды.

Роберт оған ренжіген жоқ. Әлде бір мол қазынаның үстінен шыққандай қуана күлімдеп, темір кереуетті сықырлатып ұзақ керілді.

— Ақыры таптым! — деді рахаттана сыбырлап. — Таптым, таптым!

Келесі күні Роберт әйеліне қағаз, қарындаш алдырып, күні бойы жазудан бас көтермеді. Түс кезінде ғана орнынан тұрып священникке танымай тұрғандай ұзақ қарады.

— Шындықты тек осы жерде ғана айтуға болады, — деді содан кейін. — Шындықты басқа жерде айта алмайсыз. Шындықты бала мен жындылар ғана айтуға тиісті. Біз жындылармыз. — Роберт өзінің жынды екеніне риза адамдай басын қуана шұлғыды.

Священник «жынды» деген сөзге мүлде төзбеуші еді, теріс қарап көрпесін бүркеніп алды.

Түн ортасы шамасында Роберт қағаз-қаламын шкафтың үстіне қойып, әлдебір іске бел бұған тәуекел шыраймен орнынан тұрды. Содан кейін священникті ырғап оята бастады.

— Немене? — деді священник көзін сығырайта ашып.

— Тұрыңыз, әңгіме бар.

Священник көзін кеңірек ашты.

— Не әңгіме?

— Дүние төңкерілгелі тұр.

Священниктің көзі бақырайып кетті. Робертке сескене қарап, кереуетінен басын көтерді.

— Бір ұсыныс айтам, — деді Роберт сыбырлай сөйлеп. Көзі священникті тесіп барады. — Қосыл деп зорламаймын... Өзіңіз білесіз.

Священник өң мен түсін айыра алмай тұрғандай жалтақтап маңайына қарай берді.

— Мен құдайға қарсы ұйым аштым деді Роберт сұп-сұр болып. — Адамзат тарихында құдайға қарсы ұйым құрған жалғыз мен-ақ болайын... Біз бұл ұйымға мүшелікке өзгелерді тартуымыз керек. Қосыласыз ба? Қосылатын болсаңыз, мен фамилияңызды жазып қоямын. Аяғына қол қоясыз.

Священник бір жерін шоққа басып алғандай баж ете түсті.

— Сіз сұмдық қорқыныштысыз, — деді дір-дір етіп. — Қарамаңыз... маған... Кірмеймін... Өлтірсе де кірмеймін... Қарамаңыз...

Есік сарт ашылып, бөлмеге тажалдай қорқынышты, қатыгез сестра әйел кіріп келді.

Свяшенник қолдары қалт-қалт етіп, көрпесін бүркеп алды. Роберт сестра әйелдің айғайын күтіп, көзін жұмды. Көзін ашып алғанда сестраның орнында тұрған кезекші дәрігерді көрді. Түрі ажарлы, бірақ айрықша сұсты жас жігіт екеуінің тамырларын ұстап, күнде қойып мезі қылған сұрақтарын қайталап, біршама отырды да, кетіп қалды. Артынан сестра әйел екеуіне ұйықтататын дәрі әкеліп ішкізді.

Роберт сәскеде бір-ақ оянды. Священиктің төсегі мұнтаздай болып жинаулы тұр. Терезеден түскен күн сәулесі бөлме ішін айырықша нұрға толтырып жадыратып жіберген секілді. Терезеге тақап келіп, сыртта серуендеп жүрген ауруларды көрді. Қайсыбірі отырғыштың үстінде кітап оқып, қайсыбірі аула ішінде қыдырып, бір-бірімен, келген туысқандарымен әңгімелесіп, кейбіреулері тіпті көлеңкедегі столда теннис ойнап жатыр. Көптен бері жанын жегідей жеген ауыр ойлардан кейін мынадай бейбіт, тыныш көрініс, жер асты үңгіріндей қап-қараңғы көңіліне сәуле түсіргендей болды. Тіршілікпен табыссам ба деген болмашы үміт қайтадан елес беретін тәрізді. Осынау жүрген бейшара пенделердің бойларынан өмір сүруге тұрарлық бір иненің жасуындай жақсы бірдеңе тапсам, қалған ғұмырыма бәлкім сол жетіп қалар деп ойлады.

Беті-қолын жуып, тамаққа барды. Даяшы қыздың «тәтті тағам болсын деген тілегі де жүрегіне жылы тиді. Тамақ ішіп болып сыртқа шықты. Есік алдындағы орындықта әңгімелесіп отырған сестра әйелдермен сәлемдесті. Осынау әзімен өзі жүрген момақан жандардың бірқалыпты тіршілік әрекеттері сырттан қарағанда шынында да аяушылық сезімін тудырады. Роберт осы көріністі әлі қызықтай түскісі келіп, ауланың түкпіріндегі оңаша орындыққа келіп отырды. Кенет ол қатардағы орындықта інжіл оқып отырған священникті көрді. Қырынан қарағанда священник өте сұлу еді. Кең шаралы көздері, түзу мұрны, келтелеу қалың сақалы оны грек құдайларына ұқсатып. Әр қимылынан жұмсақтық мейірбандылық діндарлық сезіледі.

Роберттің бойын әлдебір тәуекел желік биледі. Ол священниктің ішкі дүниесіне енгісі келді. Мынау келбеті көз тойдырған әйелінің не ойлайтынын білгісі келді. Содан кейін көп ойланбастан, баяғы сеанс өткізіп жүрген кезіндегідей көзін сығырайта тесіліп, бүкіл ынта-ықыласын священниктің жүзіне аударды. Алғашында мұнысы ешбір нәтиже бермеді. Роберт мұны священниктің басқа бір оймен шұғылданып отырғанынан деп білді. Бірақ кенеттен Роберт осынша сірескен жүйке тамырларының босап, әлдебір еркіндік, сенімділік билеген санасында адамның ұмытып қалған затының есіне түскені секілді бір құбылыспен бірте-бірте айқындала бастаған священниктің рухын сезді.

Роберт дәл осы күйінде бір сағат тапжылмай отырды. Сол бір сағаттың ішінде священниктің бүкіл өмірін көз алдынан өткізіп үлгерді.

Ол священниктің бала кезінде өгей шеше қолында өскенін, өгей шешесі хал үстінде жатқанда оның өлімін тілегенін, діни оқуда жүргенде монах қыздың абыройын төккенін, өкпесіне салқын тиіп, ауруханаға түскенде, медсестра қыздардың бұған қалай қызыққанын, ақырында солардың бірімен ашына болғанын, одан шіркеуге келіп орналасқанын, шіркеудегі лауазым таластарын ондағылардың бір-біріне өшпенділігін, священниктің де, екінші священник Френцтің де, шіркеу иесі Қасиетті әкенің өлгенін осы күнге шейін тілейтінін білді.

Роберт сүп-сүйкімді әдемі жануардың байқаусызда ішін жарып, ішек-қарнын, қан-жынын, нәжісін ақтарып алғандай жиіркеніп бетін басты. Көзін ашқысы келмей ұзақ отырды.

— Сәлематсыз ба, Роберт мырза, — деген дауыстан көзін ашып алғанда қарсы алдында тұрған қарт профессорды көрді.

Профессор күлімсіреп келіп, қол беріп амандасты:

— Мен кеше келмек болып едім, жұмыстан бас көтеруге мұршам келмеді, — деді профессор ыңырана сөйлеп, орындыққа отырып жатып.

Роберт оның көзінен кеше күні бойы бос болғанын, мұнда келсем деген ойдың мүлде қаперіне кірмегенін білді. Ол өзінің бұрынғы сеанстағыдай қатты қиналмай, адамдарың ішкі ойларын оп-оңай ұстап алып отырғанына қайран қалды.

— Енді осыдан шыққаннан кейін қосалқы полицейлік тапсырма телепат шығысымен іске қайта кіріспек ойын мәлімдегенін білді.

— Осынша жыл бойына сарыла зерттеп, сізбен бірге көп қиыншылықты бастан кешірдім. Бірақ қара басымның қамы емес... — деді профессор көзілдірігін тор көз орамалымен сүртіп жатып.

Роберт «осының бәрі бір қара басымның қамы» деген ойды ұстады.

— Шынымды айтсам, негізгі мақсатым – табиғаттың тартқан сыйы – мына сізді қалдыру тарихта.

Роберт оның «өзімді, тек өзімді қалдыру» деген ойын ұқты.

— Сіз туралы мынау ғылыми еңбегімді тәмамдап барып өлсем, содан басқа тілегім жоқ, — деді профессор күш-қуатының соңын білдіргісі келгендей уһілей сөйлеп.

Роберт «соңғы тілегім – саған басқа профессорлардың идеяларын, ойларын ұрлатсам» деген тілекті ұқты.

Роберт меңзең. Ештеңе ұқпайды. Сол тіпті профессордың орнынаң тұрғанын, бірдеме айтып күлімсіреп қолын ұсынғанын, сосын таяғына сүйеніп, жасанды қарттықпен шайқала басып бара жатқанын түсінде көріп отырғандай аңғарды.

Маңайына көз салды. Таңертеңгі тамылжыған ауа райы мысқал өзгермепті. Өзді-өзі әр түрлі әрекет қылып жүрген аурулардың да сырт көрінісінде ешқандай өзгеріс жоқ. Роберт тұрғысы келді. Шаршағанын сезді. Кенет қолына шағын сөмке ұстап келе жатқан әйелін көрді. Әйелі үн-түнсіз қасына келіп отырды.

— Неге жабырқаусың? — деді қолынан ұстап.

Роберттің еңіреп жылағысы келді. Тістеніп қабағын түйді.

— Әшейін.

Әйелі елжірей қарап, күйеуінің шашынан сипады. Денесіне тиген нәзік саусақтан Роберттің мұздап бара жатқан жүрегі қайта жылынып, денесіне қан жүргендей болды. Өне бойын осалдық биледі.

Әйелі әкелген жемістерін бөлмесіне беріп жібергенін айтты. Роберт риза болып басын изеді.

— Сақалыңды алсайшы, — деді әйелі күйеуінің жағына қолын тигізіп.

Жұп-жұмсақ, нәзік алақаннан бойына тараған жылы толқын көзіне жас әкелді. Әйелінің бетіне қарады. Оның сүйкімді жүзінен құтқарушысын тапқандай болды. Әлдеқалай ең соңғы қаражатын ұтысқа тіккелі отырған ойыншыдай көңілінің түбінен соңғы үміт, соңғы тәуекел бас көтерді. Роберт қазіргі сәтте ақырғы сүйінші болып отырған әйелінің тұңғыш рет ішкі сырына үңілгісі келді. Санасының түпкірінен елес берген қорқынышты да елеместен әлдебір еріктен тыс әуесқой сезімнің жетегіне ілесіп әйелінің көзіне тесіле қарады. Ең соңғы қайратын жинап бүкіл ықылас назарын соған аударды.

Ол әйелінің санасындағы естеліктерді қайта ақтарып, бір киноны екінші рет көріп отырғандай өзіне таныс көріністерді қызықтап езу тартты. Әйелінің өзіне деген шынайы көңілін сезді. Кенет ол күдікті бір адамның бейнесін көрді. Ұзын бойлы, шашы желкесіне түскен, сұлу жігіт... Бір жерден көрген секілді. Қайдан көрді? Иә, иә... әйелі екеуі курортқа барғанда бұларға келіп карта ойнайтын жас жігіт. Бір рет әйелі екеуі қалаға барып қайтқан.

Сол – дәл өзі... Роберттің көз алды тұмандана бастады. Ол әйелінің әлгі жігітпен қалай құшақтасқанын... сүйіскенін көрді. Аң терісіне ұқсаған алабажақ төсеніштің (диван әлде кереует Роберт айыра алмады) үстіне қалай... жатқанын... көрді...

Әйелі үрейленіп Роберттің қолынан ұстады.

— Жібер! — деді Роберт қырылдап. Тер басқан маңдайын жеңімен сүрте беріп есінен танды.

Роберт бөлмесінде есін жиды. Священник кітабын тастап, бұған жылы шыраймен күлімсірей қарады.

— Жаңа дәрігер укол жасады, енді бәрі де жақсы болады, — деді уколды өзі жасағандай сенімді үнмен.

Роберт орнынан тұрып алдымен сақалын алды. Содан кейін душқа барып түсті. Кешкі астан соң төсегіне келіп қисайды да, қабырғаға қараған күйі тым-тырыс жатып қалды. Жып-жылы тамшы сорғалап самайына құйылды. «Бұл не? Жылап жатқаным ба?» — деді ол іштей таңырқап. Әлдеқалай балалық шағын есіне алды. Көз алдына шешесі келді. Баяғыдай жанына қисайып, ертек айтып жатқанға ұқсайды. Шығыстың таңғажайып бір ертегісі. Дауысы да ап-айқын:

«...Содан әлгі адам жолаушыны жер астындағы алтын күмбезді патша сарайына әкеліп кіргізді де: «Қалаған шарабың мен тамағыңды іш, сұлу кәнизактармен ойна, серуен құр, барлық есікке кіріп, алтын сарайды тамашала. Тек мынау тұрған бір есікті ғана ашуға болмайды. Оны ашсаң бақытсыз боласың, — дейді»...

Роберт дәл жанында шешесі жатқандай, қолын созды.

«Мен ол есікті аштым ба» — дейді өзіне өзі күбірлеп.

Ол тағы да қолын созды, бірақ шешесі көз алдынан алыстай берді.

«Егер мен осынау жат құпиялардың ешқайсысын білмесем, ел қатарлы тып-тыныш бақытты ғұмыр кешер ем ғой... Мен ашуға болмайтын есікке басымды сұқтым... Енді мен білмейтін құпия, мен білмейтін шындық жоқ. Енді мен бәрін де білемін. Ағайын, мен бәрін де білемін... бәрін де... бәрін де...»

* * *

...Таңғы сағат 6 шамасында сестра әйел мен кезекші дәрігер священниктің шыңғырған даусын естіп, бөлмеге жүгіріп кіргенде кереуетке асылып өліп жатқан Робертті көрді.

Мойнындағы жіпті көрпеқаптан жыртып алып, базарға сататындай біркелкі етіп, әдемілеп ескен екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер