Өлең, жыр, ақындар

«Сиқыр» айнасы

Шетелдік қосалқы бөлшекпен жабдықтаушы Дәуіт Соювардың үйінде бір күні түскі қонақасы берілді. Шақырылғандар арасында: «Лабада банк» басқарушысы, оның мөлдіреген жап-жас әйелі мен сұп-сұлу балдызы; біздің «тоңмойындардың» бірі — саяси қайраткер Хамза Ятмаз бен оның бедеу бәйбішесі; ұшы-қиырсыз жеке-меншік жері бар тоғышар Медени-бей мен оның жәудір көз хатшысы Ипек бикеш, біздің адандық атышулы саудагер Осман Баюр Қажы мен оның ашынасы Фыстыка бикеш болды.

Сайрап-сұңқылдап тұрған радиоқабылдағыштың дикторы бір кезде:

«Қадірлі тыңдаушылар! Түріктің классикалық музыкасынан берілген концертімізді осымен аяқтаймыз. Енді «Соңғы жаңалықтар» атымен берілетін хабарды тыңдаңыздар. Лекцияны әйгілі маман инженер Мекки Макинеджи оқиды»,— деді.

«Лабада банк» басқарушысының жап-жас келіншегі:

— Дауысы дарылдаған бір жексұрын неме! — деп тыжырынды.

Адандық Осман Қажы:

— О не дегеніңіз! Тыңдайықшы! Өткен аптада ол қағаздан мақта жасаудың жолын айтып берген,— деп бәйек болды.

Инженер Мекки Макинеджи лекциясын бастап та кетті:

«Құрметті тыңдаушылар! Дәл қазір, біз апта сайынғы «Соңғы жаңалықтар» хабарымызды бастаған сәтте, Американың Атом-Йорк қаласында жаңа атом станциясы қатарға қосылып жатыр. Ол «Атом адамға қызмет етеді» деген принципке сай салынған болатын. Жаңа станция дүние жүзінің түкпір-түкпіріне атом сәулесін түгел таратпақшы. Атом қуатын пайдаланудағы бұл жаңалық барша адамзатты аяғынан тік тұрғызатын ғажап оқиға болмақ. Жер үстіндегі айна атаулының бәрі сол атом сәулесі барып жетісімен жан біткендей құбылып, әрбір айна өзіне адамның қолы тиген сәттен бастап бетіне түскен бейненің бәрін рет-ретімен қайталап көрсетіп шығады. Айталық, мысалы, сіздің үйдегі айнаның ілулі тұрғанына жиырма жыл болды дейік. Атом сәулесі барып жетісімен айнаңыз сол жиырма жыл ішінде үйіңізде не болғанын түгелдей қайталап көрсетіп береді. Жасалған тәжірибелер мұны толық дәлелдеді. Демек, осы бір жаңалықтың арқасында сіздер балалық, жастық шақтарыңыздың қызықтарын, сүйіспеншілік сезімдеріңіздің қымбат сәттерін қайталап сезініп, тіл жетпес ләззатқа бөленесіздер.

Ертең таңертеңгі сағат тоғыздан бастап айналарыңыздың алдында болғайсыздар!»;

«Лабада банк» басқарушысының келіншегі алақанын шапаттап жіберді.

— Алақай, алақай! Менің бала кезден бері қаранып жүрген айнам бар! Өткен өмірімді қайта бір көріп тамашалайтын болдым-ау!

Қонақтар стол басынан тұрысып, екеу-үшеуден оңашалана шүйіркелесіп, атомның әйгіленген кереметін әңгіме етуге кірісті.

Біздің «тоңмойындардың» ішіндегі саңлақ саясатшы Хамза Ятмаз мәртебелі тоғышар Медени-бейге күбірлеп сөйлеп тұр.

— Мон шер,1 бұл жаңалық — нағыз сиқырдың өзі. Ол ұмыт қалған талай жәйттердің сырын ашатын болды. Сонау бір жылы қауіпсіздік басқармасында мені жазықсыздан-жазықсыз күстәналап, дөрекілеу айтсам ғафу етіңіз, сілейтіп сойып салды емес пе. Мен жанталасып жүріп қашып құтылдым да, көкала қойдай болғаныма сот экспертизасынан анықтама алып, айдап отырып сотқа бардым. Мені кім сабағанын сұрап басын қатырған сот жоқ, шешімін жазып бере салды, ол шешімнің айтуынша, мен өзімді өзім итше тепкілеп сабаппын.

— Хамза-бей, сіздің сабалғаныңыздың айнаға қандай қатысы бар?

— Пәлі! Сол күні қауіпсіздік басқармасының қабырғасында айна ілулі тұрғаны әлі есімде. Енді содан бәрі көрінбей ме?

— Рас-ау,— деді Медени-бей.— Ал енді мен осы сиқырлы айнаның арқасында ең кем дегенде қырық елу мыңды қалтаға басатын боламын!

— Қайтіп?

— Көр де тұр! Менің буфетім хрусталь айнамен апталған ғой. Ал Калляви-заденің қызы Алтынгүл екеуіміздің жырымыз талай жылға созылғанын өзіңіз білесіз.

— Білем, білем. Оны жұрттың бәрі біледі.

— Калляви-заде қызын маған бермей қойды. Қызы да тым тез ұмытты мені. Оқасы жоқ, Калляви-заде, енді тырп ете алмайсың, мен сенің қызыңды аламын да, миллионер боп шыға келемін!

— Қайтіп, қалайша?

— Алтынгүл екеуіміз біздің үйде буфеттің қарсы алдында талай таңды атырып, талай күнді батырғанбыз. Соның бәрі ертең таңертең айнаның бетінен айдай болады. Оған дейін айнаны мен Калляви-задеге алып барамын... Ұқтың ба?.. Ол маған не қызын береді, немесе айнаны сатып алады.

— Ешқайсысына келіспесе ше?

— Келіспей көрсін! Онда мен айнаны театрға айналдырамын да, жұрттың бәріне көрсетіп, ақшаны күреп аламын. Уа, сиқырлы айна жасасын!

Қосалқы бөлшектермен жабдықтаушы Дәуіт Соювардың әйелі Осман Баюр Қажының ашынасы Фыстыка бикешпен сыбырласып тұр:

— Сол жігітті күндіз есімнен, түнде түсімнен шығара алмай жүрмін!

— Капланды ма!

— Иә, Капланды! Ол мені қалайша тез ұмытты екен! Ертең айнаға қарап тұрып сол бір қимас сәттерімнен тағы да ләззат алармын-ау!

— Мен де күйеуімнен есемді бір қайтарайын: онымен алғаш танысқанда қандай сүйкімді болғанымды айнадан көрсетейін оған! Әйтпесе, қазір мені менсінбеуге айналды. Бұ еркектер дегенің бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай!

Қонақтар жаңалық жайын қызу әңгімелеп кеткен. Фыстыка бикеш сабырсызданып:

— Тезірек таң атса екен! — дей береді. Банк басқарушысының тығыршықтай балдызы да дегбірсізденіп:

— Тез болса екен! Төзімім таусылды ғой! Шіркін, өткен күндер-ай! Қайран жастық шақ-ай! — деп қояды.

Сиқырлы айнадан біреу марқұм шешемді көрсем дейді, енді біреу базарлы балалың шағымды көрсем дейді. Кенеттен есіктің қоңырауы шыр етті. Тағы да бір қонақ — белгілі гинеколог-хирург доктор Шахаб Женабеддин келді. Өңі оңып кеткен шүберектей боп-боз.

— Не боп қалды, доктор? Сырқаттанғаннан саумысың?— деп қалбалақтады үй иесі.

— Сендер ештеңе естіген жоқсыңдар ма? Ештеңе білмейсіңдер ме?— деді доктор ықылық атып.

— О не, Шахаб? Не сұмдық боп қалды?

— Осы жаңа ғана радиодан хабарлады: айналардың бетіне түскен сонау баяғыдағы бейнелердің бәрі қайтадан көрінетін болыпты! Атомның күшімен көрсетіледі дейді! Ал сендердің кәперлеріңде дәнеңе жоқ!

Қонақтар таңдана күлісті.

— Е, доктор, ол дегеніңіз өте жақсы ғой! Доктор Шахаб Женабеддин жаны шығып бара жатқандай ышқына сөйледі:

— Сендер, сірә, су ми болған шығарсыңдар! Ол ерлерді ымдап оқшаулап алды:

— Бұл жаңалық менің түбіме жететін болды. Менің операция столымның қарсысында үлкен айна ілулі тұр.

— Тұрса ше?

— Шынымен ештеңе түсінбей тұрсыңдар ма? Мен құрыдым ғой! Аборты, анасы-мынасы бар... Соның бәрі ертең таңертеңнен бастап айпарадай болмақшы.

Ерлер біріне бірі қарасты.

— Мәссаған!

— Біз бұл жағын ойламаппыз-ау!

— Масқарамыз шықты деші...

— Ол ол ма, қылмысымыз да... кешіріңіздер, мен қайдағы жоқты оттап...

Күйеулерінің күбірлесіп тұрғанын байқаған әйелдер де сыбырласа бастады. Дәуіт Соювардың әйелі булыға сөйлеп:

— Семьямның шырқы бұзылатын болды, жиырма жыл отасқан өміріміз босқа кететін болды. Күйеуім ертең бәрін де көреді!.. Байғұс басым-ай... оның алғашқы шоферімен де, кейінгілерімен де... айнаның алдында...— деп мүлде тұтығып қалды.

Фыстыка бикеш те бетін шымшыды:

— Бұ айнасы құрғырдың бүйтіп тажал боларын кім ойлаған!..

— Ал мен күнде таңертең оның қалтасынан да, әмиянынан да нетіп... ол ұйықтап жатқанда... Сезбей-ақ жүр еді. Енді ертең бәрін көріп қоятын болды-ау!...

Осман Баюр Қажы да өкініп тұр.

— Үйдегі аспаз қатынмен шатаспауым керек-ақ еді, шайтан азғырып... ақырында енді қор болдым!

Аһлау мен уһлеу үдей түсті. Бір кезде бәрі жым-жырт бола қалды.

Өлі тыныштықты Шахаб Женабеддиннің гүж еткен үні бұзды.

— Құрметті бикештер, мырзалар! Сіздер мына жаңалық, анау сиқырлы айна бәріміздің бақытымызды басқа тебетініне әлі де күмәнданып тұрсыздар ма?

— Күмәнданған қайда, құртты ғой бәрімізді!

Доктор әр сөзін нығыздай сөйлеп:

— Түсінікті: атом сәулесі түскен айналар біздің әлеуметтік жағдайымызды астаң-кестең етеді,— деді.

Басқалар жамырай қостап жөнелді.

— Рас... Рас айтасыз... Енді не істеуіміз керек!?

— Не шара бар?

— Аман қалудың жолы бар ма?

Доктор Шахаб Женабеддин жол тапты:

— Аман қалудың бір ғана жолы бар, ол үшін айналардың бәрін сындырып тастау керек!

Медени мырза үстей түсті:

— Сындырып қана қою аз... Айна атаулыны түгелдей күл-талқан етіп үгітіп тастау керек!

Жәудір көз хатшы Ипек бикештің нәзік үні сыңғыр етті:

— Иә, келіге салып түйіп, мүлде ұнтақтап тастау керек!

Қонақтар дереу үйді-үйлеріне тарасты.

Сол түні бүкіл қала таң атқанша шалдыр-шұлдыр етіп шықты. Ырымға айна қалған жоқ.

Азанда қоңыршылар айна сынықтарынан аяқ алып жүре алмай таң қалысты, айна үгіндісінің шаңынан дем ала алмай азап көрді.

Таңертеңгі сағат тура тоғызда музыка ойналып, диктордың дауысы да естілді: «Уа, халайық!—деді ол.— Бұл жарың дүниеде «Сиқыр» маркалы айнадан артық ешқандай айна жоқ! Бетіне мұрныңыз тура тірелгенге дейін одан сіз өз кейпіңізді көре алмайсыз. Айна сатып алмастан бұрын маркасына қараңыздар! «Сиқыр» айнасы ғажап... «Сиқыр» айнасын ғана сатып алыңыздар!..»

«Сиқыр» айна фабрикасының иесі бір-ақ күнде миллионер болып шыға келді.

Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз