Өлең, жыр, ақындар

Қонақүйдің 23-ші бөлмесі

Бұл не?.. Оу, бұл сұрақтың жауабын білсе сіздің басыңызды ауыртпай, болған оқиғаның ауа - жайын Ақбергеннің өзі-ақ бастан - аяқ баяндап бермес пе еді. Түгіне түсінсе бұйырмасын. Үсті астына, асты үстіне шығып, өңшең баттасқан бірдемелер. Көзін жұмса әлдекімдердің қараңдаған бейнелері қаздай тізіліп, қарсы алдында состиып - состиып тұра қалады. Бір жақсысы олар Ақбергенге тиіспейді, ұрыспайды, «Сен оңбаған мұндай опасыздыққа қалай бардың?!» деп те кінәламайды. Бірақ бір түрлі... Қан — сөлсіз кіреукі жанарларымен Ақбергеннің тұла бойын армансыз тінткілейді; көмейлері бүлкілдеп бірнәрселерді былдырлап айтқысы келеді, қолдарын ербеңдетіп, бірнәрселерді ымдап сұрағысы келеді. Не сұрамақ, не айтпақ?..

Ал көзін ашса бірден ана дүниеден мына дүниенің адамына айналып шыға келеді. Екі кісілік кереует үстінде емін-еркін керіледі, жұтқыншағы жыбырлап шөлдеп жатқандығын да анық сезеді, тамағы кебірсіп құрғақ жұтынады. Ауыз үйдегі кранның салқын суын сарылдатып, бір кесесін әкеп беретін тірі жан табылса ол жақсылығын өмір бойы ұмытпас ! Эх, дүние-ай! Терезенің жақтауына жаңбыр тамшылары сырт-сырт тамады. Түнімен төпелеген ақ жауынды мана үйге кірерде неғып аңғармаған. Аңғарғанда не істейді? Тұйық көшенің бергі тұсынан оқыс бұрылып, биік үйдің алдына дік етіп тоқтаған сарғыш таксидің артқы есігінен атып шыққан Ақбергеннің «өлдім» дейтін адамға қарайлайтындай мүмкіндігі болды ма! Ұрлық жасаған кісіше біреу-міреудің көзіне түспейінші деп, цемент басқышпен алтыншы қабатқа көтерілгенше оқтай зулаған. Бірдемеден құр қалатындай, таң азаннан оянып, одан талтаңдап төмен түсіп, өзінше тыртың-тыртың жаттығулар жасайтын төртінші қабаттағы қартаң кісіні де жолай қағып кете жаздады. Өлмесе бүгін - ертең жүздесер. «Аға, сіз де жас болған шығарсыз, ар жағы белгілі ғой» деп ыржың-ыржың күлгені жөн бе; әлде түк болмағандай сазарып, үлкендігін сыйласа бас изеп қана амандасып, жанынан ыздиып өте шыққаны жөн бе. Бұл не сандырақ?! Өзгесін түгендеп алып, тек сол кісімен қалай түсінісуі қалған екен ғой, ә?!

Тістері қышырлап, жағы жыбырлады. Айтқандай, жүрегі аузына тығылып, алқынып келгенде есікті қалай ашты десеңші?! Әккі ұрыдай кілттің сылдырын білдірсе не дейсіз! Әлде сәттіліктің бәрі демдерін ішінен жұтып, Ақбергеннің жолын тосып тұрды ма. Түні бойы кірпік ілместен жауын төпелеген терезеге бір қарап, есікке телміріп екі қарап әбден сілесі құрып, тура Ақберген келерде ғана көз ілген Күмісжанның ішкі әлемімен есептескен кім бар. Ұлын ұйықтатып болысымен Ақбергенді біледі - ау деген еркек кіндіктілерге түгел телефон соққан. Бір жағынан ұят қысқандығын да жасыра алмайды. Мұндайда әйелдік қызығушылықтың орайын тауып, өре түрегелетін әдеті ғой қашаннан. Солардың ішінде бәлкім өзі де бар шығар. «Жеті қараңғы түнде адамның зәресін алған бұл қай жүрек жұтқан ұрғашы?!»

«Ақбергеннің әйелі ғой» десе, не көрініпті біраз суретшінің зайыбы сабасынан түсіп, жаншырлық танытар. Ал кейбіреуі кері кетер: «Е, анау ма, анау ғой... Мәскеудің Суриков академиясын бітіргенмін деп күйеуі тұмсығымен аспан тіреуші еді. Еркекке сенім бар ма бүгінде. Және өзі елді аузына қаратқан суретші болса... Бір ыстық ұшақ табылған да...» Әрине, олардың одан әрі не деп өсек гулететіндігін Күмісжан қайдан білсін. «Өмірі бүйтіп кешікпеуші еді» деп шын ниетімен шырылдаған. Ақыры «аман болса жарар» деп, кереуеттің аяқ жағына кеп тізе бүккені сол еді.

Ақбергеннің үйге аман келгендігіне шүкіршілік айтты ма, әлде жеке меншік фирманың түгесілмейтін топан қағаздарын ретке келтірейінші деп ойлады ма, басы қақырап сынып бара жатса да амалсыз сүйретіліп орнынан тұрған. Ұлын киіндірді. Балабақшаға апаратын күйеудің жатысы мынау. Бала неме: «бүгін мені папам апарса қайтеді» дегендей, болар -болмас немеурін татытып еді, шешесі жылы қабақ танытпаған соң жым болды. Артынша емен есік солқ етіп қатты жабылды.

Шіркін, бостандық - ай! Ақбергеннің жалғыздықтан жалығатындарға таңы бар. Әсілі, ондайлардан аулақ жүргені дұрыс. Түбінде ондайлардан жақсылық, не рақым күтуге болмайды. Негізінде олар мына өлшеулі ғұмырдың мән-мағынасын түсінбейтіндер, не құдайдың бар екендігіне күмән келтіріп және ертең өлетіндігін қаперге алмастан, қамсыз -мұңсыз өстіп томпаңдап жүре беремін деп ойлайтындар. Одан әрі тереңдесе бұл тақырыптың түбін түсірер еді-ау! Оған шама қайда. Паркет еденді жалаң аяғымен сықырлатып барды да, краның тастай суынан ұртын толтырып бір жұтты, екі жұтты. Шекесі шыңылдады. Міне, қараңызшы, жалғыздықтың көл-көсір шапағатына күмп беріп түсті де кетті! Адам - ау, Күмісжанның ақы-пұлсыз ақтарылатын да жататын мың-миллион сұрағына жауап беруден құтылғандығының өзі неге тұрады?!

Терезенің алдына келіп талтайып тұрды да алтыншы қабаттан төменге көз тікті. Ұлын жетектеген Күмісжанның мына қылығына қайран қалмасқа шараң қайсы?! Жұмыстан кешігетін болған соң Сермағамбеттің тартқыншақтағандығына қарамай, ішкі ренішін және жасыра алмай жұлқынып, аяғы - аяғына жұқпай дедектеп барады - ау деп пайымдаған. Мә, безгелдек! Дереу терезенің кіршеңдеу пердесімен бетін көлегейледі. Күмісжанның әдейі артына бұрылып, Ақбергеннің көкжелкеден тесіле қарап тұрғандығын бір ғажайып түйсікпен сезінгендей, оның да алтыншы қабатқа дереу назар жыққаны. «Бұрылма, бағытың дұрыс, тарта бер алға! Сірә, бір нәрседен уәйім жейсіз - ау! Әлде... менің түнгі жорығымның құпия - сырын білемісіз? Біреулер сымсыз телефон арқылы зың еткізбесе нетті. Жо-жоқ, ол ұрлығымды тірі жан сезген жоқ, өзім ғана білемін. Және күндердің күнінде өзім ғана жерлеймін. Бітті… Ал сіздікі де құр далбаса. Ақбергенді ақымақ көресіз, ә?! Суретшілердің, жалпы өнер адамдарының жүйкелері жұқа келеді дегенді оқығансыз ғой бір жерден, бәлкім естідіңіз... Со секілді Ақберген де алтыншы қабаттан секіріп кетпей ме дейсіз ғой. Өлмеймін, алтыншы қабаттан да секірмеймін. Дұрыс, бәрі дұрыс. Алаңдама! Сізді жақсы көремін! Сіздей әйел қайда?!..»

* * *

Қайбір жетіскен тірлік. Күні кешеге дейінгі тартқан азабын ойласа, төбе шашы тік тұрады. Суретші, кәсіби суретші және бірнеше сылдырмақты өңіріне қадаған осы заманға бейімделген суретші. Сальвадор Далиге еліктейді, ұлы суретшінің сюрреализм әдісі дегенде ішкен асын жерге қояды. Жетер... өмірбаянға қатысты деректерді осымен доғарғаны абзал. Мәскеудің Суриков академиясын бітірген. Жә, айтты ғой оны. Мақтау сөзге бір бүйірінің бұрылып тұратындығын қараңыз.

Күнкөрістің ауыр қамыты мойынды қажағанда қаңғалақтап қайда бармады. Қайда барсын! «Алматының Арбаты» бір сиқырлы күшімен өзіне қарай қол бұлғап, шақыратын да тұратын. Жасыратыны жоқ, Ақбергеннің өзге әріптестері де бұл маңайды талай шиырлаған. Несі бар, адал еңбектері, маңдай терлері. Сатылса бәрекелді, бұйырған бес-он тиынды қаттап қалтаға басады да үйлеріне қайтады. Өтпесе де өкінбейді. Ескі «Москвичтің» төбесіне орнатылған темір сеткіге рамаларды атып ұрып, түк болмағандай әндетіп кері бұрылады. Өзгелерде шаруасы не, бұйырған несібелерін теріп жесін де, тымпиып жүре берсін. Әркез алдарынан жарылқасын! Ал Ақберген үшін «Арбатқа» бару азап. Азап болғанда да түрмеге бара жатқандай тұла бойы тітіркеніп, ілгері басқан аяғы кейін кетіп, әбден жүнжіп бітеді. Ендігі көрмегенім «Арбат» болсын деп ішінен мың мәрте қайталаса да, жеме-жемге келгенде ол уәдесін ұмытып, «Москвичтің» тор сеткісіне төрт-бес картинасын салып жатқандығын аңғармайды. Неткен әлсіздік! Сөзге тұрмағандығы үшін атып тастау аздық етер Ақбергенді! Айдың - күннің аманында әлденеге жіпсіз байланып, шырмалады да қалады. Сірә, әйел залым дегені рас болар. Күмісжан күйеуінің кеудесіне сұқ саусағын қадап, не аузына келгенді көкіп, еркектің басын төрден көрге сүйрейтін ақылсыз әйел емес. Сыпайы. Текті. Көргені көп. Ақбергенді сыйлайды, алдынан кесе өтпейтін еді деп асылық айтудың керегі не. Ыңғайы келгенде өз пікірін де қысылып -қымтырылмай ашық айтады. Және оған бола Ақбергеннің көңілін қалдырдым - ау деп кішірейіп, елпең қақпайды. Бір қалыпты, ұстамды.

Түбің түскір осы ұстамды мінезі құртты ғой Ақбергенді! Ұзақты күн ит пен мысықтай ырылдасып жатса, бұған да әйелдің кезекті сандырағы ғой деп сүлесоқтау ғана қолы бір сілтер еді, турасына көшкенде оны бит шаққан құрлы көрмес еді. Одан құлағының тыныштығын ойлап, қала орталығындағы «Суретшілер үйіне» тартып кетпес пе. Қанша дегенмен ол жер көңілді. Шығармашылық орта. Көптеген ақпараттар ағыл-тегіл ортаға құйылады. Әркім қолына ілінгенін әкеп ағаш үстөлдің үстіне үйеді. Шерің тарқайды. Аздап кайф ұстайсың. Қуықтай шеберхана шала байытып жібереді ақыр соңында.

Үйдегі жағдай белгілі. Мұндайда өзге суретшілердің әйелдері жалдамалы пәтерге, балабақшаға төлейтін ақша жоқтығын айтып зар илер; қара аспанды төндіріп, тып -тыныш дүниенің қапелімде астаң - кестеңін шығарар. Ал Күмісжан үлкен көздеріне жасандылау болса да күлкі жүгіртіп, күйеуіне деген иненің жасуындай ренішін сездірмей, есікті өзі ашып, Ақбергенді ылғи ыстық ишарамен қабылдайды. Шайы қайнаулы, төсегі салулы. Оу, әйелге бұдан артық не істе дейсің. Өле ме?! Әрі «ішкен - жегені бір өзінен ауыспайтын» қуаяқ суретшінің әйелі болса. Айтып-айтпай не керек, өнер адамдары өкіметтің әкелік қамқорлығынан жұрдай айырылды ғой әлдеқашан. Соған орай абырой-беделі де төмендеген. Әрине, бұл жайдан Күмісжан да хабардар.

Дегенмен... осы «дегенмен» шаршатады кісіні! Өзгелердің түсінігінше қылқалам шеберлерінің ішкендері — алдында, ішпегендері — артында. Шіріген бай. Шетелдік мәшине мінеді көпшілігі. Өздерінің мінгенін қойшы, әйелдерінің астарындағысы да көздің жауын алады, жұтынып тұр. Ал бұған не дейсіз? Күмісжан әдеттегіше тілін тістейді. «Біздің жағдайымызды білгіңіз келсе, қонақ болыңыз!» Мұны да кекесінді түрде ішіне жұтады. Тысқа шығармайды. Ал шығаратыны, күні бұрын кірдің тасына салып өлшенген. Жүрекке тимейді. Даланың қоңыр салқын самалындай әнтек қана бет сыйпайды. Майда, ақ мақтадай үлбірейді: «Келер апта, келер апта Сермағамбетжанның туған күні ғой. Біреулер қаңғалақтап келіп қала ма? Осыны қаперіңізге салайын дегенім...» Бұдан артық сөз айтылмайды. Арғысы жазулы хаттай көкірегінде сайрап тұр. Ескі «Москвичтің» тор сеткісі дүңк-дүңк. Таныс алаңқайдың төр жағына сұғына кіріп, бір-ақ тоқтайды. «Ассалаумаәлейкүм, «Алматының арбаты»! «Әликүмсәлем» қайда?.. Алдымен аптығыңызды басыңыз, жан-жағыңа қараңыз, «Арбаттың» күңгірттеу тіршілігіне бейімделіңіз. Сіркелері су көтермейтін және тірі жанмен тілдесуге құлықсыз, күздің қара суығына қалқан бола ма деп иықтарына іле шыққан көнетоз пальтоның жағасына мойындарын тығып, арзан шылымды үсті-үстіне сорғыштағаннан басқа қолдарынан келер қайраны жоқ, қабақтары қатыңқы, көздері кіртиіп тұрған мына жайсаңдардан сәлем дәметкеніңіз қай сасқаныңыз, а?! Бұлардан сіздің қай жеріңіз артық?.. Әлде Суриковты бітіргеніңізді араға тағы тықпалайсыз ба?.. Жә-жә, адамның жанды жеріне ине сұққылағанды қашан доғарасыздар, а?!.. Өмірбаянды ит жыртқан қара терідей тартқыламайық дегеніміз қайда?! Келіскен секілді едіңіз ғой…

Күн тас төбеге тырмысқанша «Арбаттың» шаруасы шынымен шатқаяқтайды. Қала халқы жалқау. Демалысты сылтау етіп, түске дейін ұйықтайды. Алмаса да, бермесе де адамдардың төңіректе топырлап жүргені жақсы ғой. Тегін көрмеден несіне шегіншектейді сорлылар! Тегін, бәрі тегін. Картинаны қолыңа алып, олай-былай аударып-төңкеруге, күнге қарауыңызға, ал түпнұсқалығына күмәндансаңыз әлдекімнен ақыл сұрауға да еркіңіз бар. Қасқалдақтың қаны емес, бағасына неге келіспеске?! Бірақ тым жер жастандыруға Ақбергеннің де ары жібермейді. Тарс етіп жарылмаса да суретті қолынан жұлып алуға жүзі жанбайды. Алмасаңыз, атамнан әрмен!

Түске тақау ыбыр - жыбыр молая түседі. Бағы жанып, бір - екі суретшінің картинасы өтіп кетеді. Сол, сол-ақ еккен, әлгілердің жүздеріне жылы шырай жүгіреді. Күлмейтінге күліп, кәдімгідей желкелерін күжірейтеді: «Оу, Суриковтың түлегі, сіздің халыңыз нешік?!» дегендей бір жағынан табалап, екінші жағынан қыр көрсеткендей көзін қысып, иегін көтереді. Ақберген кейін шегіншектейді. Тамағына тас тұрып қалғандай құрғақ жұтынады. Назары асфальтқа құлайды. Басы зіл, көтерілуі мұң. Көптен ұстара көрмеген түк - түк самайы шып - шып терлейді. Суреттерінің маңына жақындамайды. Анау шеткері темір сәкілердің үстінде ермек үшін анау - мынау, кәкір - шүкірлер сатып отыратын кемпір-сампырлардың әжік - күжік әңгімелеріне құлағын тосады. Сонда барып, болар -болмас бойы сергиді. Пендешілігіңді түсінесің. Біреуге көлеңкеңді түсірмей, тып - тыныш өзіңмен - өзің жер басып аман жүргеніңнің өзі әжептәуір олжа екен бүгінде. Картиналары қазір өтпесе ертең өтер. Әлдекімдердің менменситіндей олардыкінің бәрі шедевр, Ақбергендікінің бәрі халтура емес. Әрине, тақырыбы ауырлау. Бірден жарық етіп, барын лезде алдыңа жайып салмайды. Үңіліп, о жағына бір, бұ жағына екі шығып, мұқият қарауды талап етеді. Сонда барып болмашы саңалау пайда болса, кәні?! Алушысы табылмаса кімге өкпелейді. Ақбергеннің суреттері тобыр түсінікке арналмаған. Одан биік, одан гөрі жоғары. Кеудесінде көзі барлар кездесер түптің түбінде. Күн қызуымен шіріп кететін май шабақ емес қой, азар болса Ақбергеннің мың-сан азабының бірі болар. Несіне өкпелейді…

Ескі «Москвич» орнынан оқыс қозғалады.

* * *

Қалта телефоны сөндірулі. Турасына көшкенде ешкімді көргісі жоқ. Сылқ түсіп жата беру таңғы ыңғайсыз. «Суретшілер үйінің» күзетшісімен аракідік шахмат ойнайтыны бар-ды. Оң аяғын сылтып басатын жарымжан жігіт шахмат тақтасына келгенде менен мықты кімдерің бар дегендей, төңірегіне тәкәппарлана қарайтын. Себебі, «Суретшілер үйінің» жасы мен жасамысы оның алдында кәдімгідей кішірейеді. Өтірік — расын кім білсін, бала кезімде Смысловпен де күш сынасқаным бар деп, мақтау сөзді көбірек естісе өстіп бөсіңкіреп кететіні бар-ды. Ақбергенмен әмпәй-жәмпәй. Екі-үш партияны жұмыстан қалып, жұрт аяғы саябырсыған соң асықпай ойнағанды жақсы көреді.

Ал Ақбергенге ұнамайтын бір мінезі, кішкене көзің тайса - ақ болды: — Қайдасың, тірімісің?! Сірә, бір жылы-жұмсаққа тап болдың білем. «Арбаттан» да төбе көрсетпейсің. Тапқан - таянғаныңды жасырып жесең, күпті боласың. Ара - тұра бізбен де бөлісіп тұр, — деп құлақтың құрт етін жейді…

Түндегі мән-жайды соған түсіндіріп, аздап іш босатып алса ма екен, а?! Оу, әділдік қайда? Таң алдында сүлеленіп үйіне әзер жеткен Ақбергеннің мылтық атса оянбай, тас бүркеніп шырт ұйқыға кететін қайран уақытының ит жемі шығып, қор болған түрі мынау.

Телефон шылдырады. Күмісжаннан басқа кім болушы еді.

— Тексеріп жатырмысыз, тексер, тексер! Әзірге тірімін. Өлетін түрім байқалмайды!

— Өлік жөнелтуге де қыруар қаржы керек. Оңай деймісің?! — Ол да өз ұпайын түгендеп жатты: — Тыңда, қасарыспа! Адам өлтіргендей бет-аузың сұп-сұр боп кетіпті ғой. Сонша не көрінді? Сен келеді деп түнімен сорпа дайындағам. Тоңазытқышта. Газ жағуға шамаң келетін шығар. Ысытып іш. Секіріп кетіп жүрерсің, балконның есігін мықтап бекіт!..

* * *

Кімнен естіген қайдам, ұзын бойлы сылыңғырдай сары жігіт Ақбергенді «Суретшілер үйіндегі» қуықтай шеберханасына әдейілеп іздеп келді. Сылыңғырдай жігітіңіз басқасын айтпағанда, ақсүйектер үшін құрылған осы қаладағы «Гольф» клубының белді мүшесі еді.

— Теміржан.

— Ақберген. Отырыңыз құлағым сізде.

— Отыратын уақыт жоқ, сыртыңыздан тыныспын.

— Бәли.

Неге екендігін қайдам, біздің суретшілердің дені теңіз тақырыбына

қалам сілтемейді. Дұрыс айттым ба, жазбайды дегенім орынды болар ма еді.

— Айвозовскийден аса алмаған соң арамтер болудың қажеті не?

— Ұқсап бағудың өзі неге тұрады.

— Егер ұқсата алса...

— Шаруаға көшейін, теңіздің сырын түсінетін сізден басқа дені дұрыс суретші таба алмадым.

— Іздеуіңіз шала болған ғой.

— Мүмкін. Сіздің жанашырларыңыз да жыртылып айырылады екен. Алдымен солар себепші болды.

— «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап...»

— Менен заказ қабылдайсыз.

— Тапсырыс деңіз. Бұл не, бұйрық па?!

— Қалай түсінсеңіз, олай түсініңіз.

— Күйіп бара жатқан ол қандай тығыз шаруа? Алдын - ала мән-мағынасын, түр - сипатын білуге бола ма? Мені адам өлтіруге жұмсамайтын шығарсыз.

— Құдай сақтасын! Келісесіз ғой...

— Келістім деп кім айтты сізге. Шамамызға қарайық. Егер қолдан келсе...

— Келеді, тек ниет болсын деңіз. Картиналарыңызды көргем талайлардың қолынан.

— Ту...у, бір түрлі құлаққа түрпідей естіледі екен.

— Неге?

— Сіздің ойыңызша мен тек тапсырыспен ғана жұмыс істейтін суретші болдым ғой.

— Оның несі жаман. Және кез - келгенге сенім артыла бере ме. Сонымен қазір біздің үйге барамыз. Қалғаны сол жерде шешіледі. Көңіліңізге келмесін, ескі көлігіңізді біздің аулаға сүйрелемей-ақ қойыңызшы. Қарсы болмасаңыз, ертең дүкенге соғып, жаңасына айырбастайық. Алғашқы аванс десеңіз де өзіңіз біліңіз.

Теміржан үлкен қаланың әкімшілік орталығындағы еңселі үйге келгенше жақ ашпады. «Қай облыстансыз?», «Бұл қалада көптен тұрасыз ба!», «Әйеліңіз, бала-шағаңыз?..», «Пәтеріңіз қанша бөлмелі?» деген секілді екі жаққа да көк тиын пайдасы жоқ, тек іш пыстырғаннан басқа берері шамалы және айтыла - айтыла әбден ақ жемі шыққан шолақ сұрақтар да шоршымады. Ақбергеннің де күткені осы еді. Байыбына бармай «жаңа қазақтар» деп әлдекімдердің осындай азаматтарды мысқылдап, сырттарынан күңкілдейтіндеріне суретшінің де қарадай - қарап жыны келді. Сірә, бар кілтипан мынада: күнделікті шай-пұлы табылса төрт құбыласы түгелденгендей сол тіршілігіне шүкіршілік жасап, шырт-шырт түкіріп, аяғын ауырлау басатын ауыл қазағы дүниені аударып -төңкеріп, сәт сайын мың - миллиондармен есеп айырысып, аузын ашса бір миллионды ішке кіргізіп, бір миллионды сыртқа шығарып тастайтындардың алас - қапас тіршілігін ұнатпайды. Дұрысы, көре алмайды. Сонан келеді де жартыкеш пікір туындайды.

Ал Ақберген Теміржанның ірі турайтын ауқымы кең, тынысы мол жігіт екендігін алғаш көргенде - ақ аңғарған. Құдайдан тілегені де сол еді. Арқаланып «Арбатқа» барғанда да мүйіз шыққаны белгілі. Бес бөлмелі үйдің жасау-жабдығы көз қариды. Шетелдік жиһаздан инедей кінәрат табуың екіталай. Жалт-жұлт. Паркет еденге түскен күн сәулесінің өзі тайғанақтап, бір орында тұра алмайды. Шашы иығын жапқан сұлу келіншек Ақбергенді жаңа көріп тұрғандығына қарамай еркін қимылдап, қысылып-қымтырылмастан өзін Элеонора деп таныстырды. Суретші оң жақ бетінің ұшында болар-болмас көздің қарашығындай меңі барын байқап қалды. «Дәл соған сұқтанудың қажеті не. Біреуге кіріптар боп келіп тұрып...»

— Келіншегім, — деді Теміржан, — шай, әлде кофе ішесіз ба?

— Рақмет. Іске кірісейік, — Ақберген де істің адамы екендігін аңғартып үлгерді.

— Екі балам бар. Мынау солардың бөлмесі. Үлкені - үшінші, кішісі - бірінші сыныпта. — Теміржан шеткері бөлменің есігін ашты. — Осы бөлмені безендіресіз.

— Қалай, қайтіп?

— Міне, әңгіме осында. Біз жыл сайын жазда семьямызбен Испания шипажайында демаламыз. Дәлірек айтқанда, атақты Майоркада. Майорка жағалауында болып па едіңіз?

— Қайдағы, Майорка түгілі, мына тұрған Аралға да сирек барамыз.

— Майоркада кімдердің демалғандығын газеттен болса да оқыған шығарсыз. Испания каролі Хуан Карлос, Майкл Дуглас, Клаудиа Шиффер, Диана бұрынғы күйеуі Чарльзбен...

— Жетер, кімдердің демалғандығының қажеті не?

— Қажет. Жауапкершіліктің жеңіл еместігін сезінген шығарсыз. Және сіздің Аралдан болғандығыңыз қандай керемет!

— Арал сіз ойлағандай деңгейге жеткен жоқ әзірге.

— Дегенмен балалық шағыңыз теңіз жағалауында өтті ғой.

— Оған сөз бар ма?!

— Мінекей, ә дегеннен мәселе біздің пайдамызға шешіліп келе жатыр. Тоқетері — осы бөлме ішінде балаларым теңіз жағалауында жатқандай жағдайды сезінуі керек. Қалғаны сіздің шеберлігіңізге, ойлау қабілетіңіздің жүйріктігіне, қиялыңыздың ұшқырлығына байланысты. Штрихтарды олай салыңыз, былай салыңыз деп, бизнесмен басымызбен сізге ақыл үйретіп жатқандығымыз ұят болар. Шағала, теңіз, толқындар... алыстан көрінген ақ кеме. Ара-тұра өзім келіп, көріп-кетіп тұрамын. Ұнамайтын ұстары болса қайта саласыз, қайта жұмыс істейсіз... Тапсырыс беруші - патша. О жағын сіз де түсінетін шығарсыз. Ал авансты Элеонорадан алып тұрасыз. Ертең мәшинеңізді жаңалайсыз... Ал іске сәт!

— Мерзімі?

— Асығыс жоқ. Шамаңызға қараңыз...

Теміржан Ақбергенді үйіне дейін шығарып салды.

* * *

Ыстық сорпа жан шақыруға жарады. Күмісжанға айтар алғысы шексіз. Осындай әйелге опасыздық жасауға бола ма, оңбаған?!.. Анау қонақүйдің 23-ші бөлмесіндегі түнгі оқиғаны мұнан басқа неге теңеуге деуге болады?!.. Сіз не айтып тұрсыз, қайдағы опасыздық?!.. Күмісжанның көзіне шөп салып өле алмай жүр ме?!.. Ондай әйелге түсіңізде жолығарсыз! Күмісжандай әйел қайда?!.. Құдай-ай, миы солқылдағанда айтпаңыз!.. Біреу ұрлап әкеткен бе ұйқысын?! Тыныш... Ақберген де адам ғой, кішкене демалсын... Тыныш...

* * *

Жұмысқа ынта — шынтасымен кіріскен. Испаниядағы атышулы Майоркаға қатысты материалдарды интернеттен тауып, түгел сүзіп шықты. Адам жанына не қажеттінің бәрін айтары жоқ, тек Майорка шипажайынан ғана табасыз. Жағажайы қандай, суының тазалығы қандай! Айналаң алақандай - алақандай аралдар. Дауыл, шаң-тозаң, қапырық... атамаңыз! Майоркада мәңгі көктем. Төңірегің жап-жасыл. Міне, табиғаттың осы бір мамыражай құдіретін аядай бөлмеге сыйғызуға тиістісің. Және ел таңғаларлық сән-салтанатымен. Ақбергеннің де шыбын жаны тырнақ ұшында. Арал жағалауы болса әлдеқашан бітіріп, «Суретшілер үйінің» ақсақ күзетшісімен салқын сыраны сыздықтатып отырып, бірнеше партияны шиырып тастамас па?! Майорка дегені пәле боп жабыспаса нетсін! Және өмірі көрмеген, көз алдынан өткізбеген бейтаныс өңір. Аянып жатқан жоқ. Жападан жалғыз төрт қабырғамен алысқанына міне, төрт ай. Жүдеді, жуан мойын жеңішкерді, қозы қарынды ырсиған қабырға жұтып қойды. Ертелетіп келеді де шеткері бөлме ішіне шым батады. Әр қабырғаға түскен бейнелерге әр тұстан үңіледі. Еңкейіп қарайды, төбеге шығып, қиғаш қарайды, сығалап бұрыштан қарайды. Дұрыс… Дұрыс емес. Ылғи итжығыс. Жазған құл да шаршау бар ма, осы қалай - ау деген тұсты өшіріп, қайта салады. Қайтадан шұқшияды. Беті бері қараған секілді. Испанияның курортты аймағын бір бөлмеге сыйғызу... Өзін де өлтіретін адам жоқ. Жігіт басымен келісімін беріп алып, енді несіне көткеншектейді. Өл - тіріл, тапсырманы орында!

Ара-тұра Теміржан төбе көрсетеді. Бірер апта жоғалып кетеді де, жердің жігінен шыққандай ойда жоқ та сап ете қалады. Теміржан — тажал. Ұрмай-соқпай қаныңды сорады, жон арқаңның бір қабат терісін сыдырады, арамтеріңді сығып алады.

—...Сіздің шағалаңыз немене... Міне, қазір-ақ ит-құсқа жем болғалы тұр ғой.

—...Майоркадан мынадай толқынды көрсек көзіміз шықсын.

—...Алыстан ақ кеменің ақ желкені көрінсін дегенім қайда?!

—... Сіз өзі, былай аздап шекпейсіз бе? Апиын ішпейсіз бе дегенім ғой. Ел-жұрт теңіз тақырыбын жазатын мұнан асқан суретші жоқ дегенге... — Жүйкеге ши жүгіртеді, — Мына түріңізбен биыл бітіре алмассыз.

— Бітіремін! — дейді Ақберген, — Бітіремін, сен үшін емес, өзім үшін! Бүйтіп қаржы төлегеніңіз де құрып кетсін! Аштан өліп, көштен қалсам да бұдан былай тапсырыс қабылдамаймын! Мұның бәрі менің бір күндік бостандығыма татымайды!

Келесі жолы да Теміржандікі сол баяғы кекесін. Кісінің сағын сындыруға келгенде мұнан өткен сұмпайы табылмас. Ақбергеннің де көңілі суыған, бет-жүзін көргісі келмейді. Салған суреттерінің тым іске алғысыз еместігін іші сезеді. Және бұл тақырып жанына жақын. Әркім шамасына қарай Айвозовский! Ақбас толқынның құм жағаны тепкілеп жататыны табиғи түрде Ақбергеннің кескіндемесіне ауысқан. Ал құдайшылығына баққанда, теңіз толқыны мен құм жаға көрінісін бітістіруге келгенде бұл қалада Ақбергеннің алдына түсетіндер сирек. Мейлі, мың жерден Майорка болсын, Аралға жетпейді бәрібір. Әлде біржақты кеткеннен сау ма? Арал суреттері андағайлап, алдыңғы планға шығып кетпесе! Сырт көз - сыншыл. Жетіқат жер астындағыны сезетін Теміржан сұмпайы осы тұсты тап басып...

— Мынау не? — дейді аш бүйірін таянып.

— Бұл ма, бұл — бұлт.

— Сіздің бұлттарыңыз қалай-қалай жөңкіледі?! Қасқыр көрген қойдан жаман ғой, тәйірі! Біз барып жүрген Майоркада жел соқпайтын секілді еді.

— Байқамағансыз ғой, Майорканың төңірегі қаптаған желдиірмен. Олар қуат көзіне желдиірменді пайдаланады. Ауаға түтін тарамайды, улы газ атымен мақұрым. Майоркада жел тұрмайды дейсіз.

— Сіз Майорканы Порт - Алькаудия жағынан қараған болдыңыз ғой. Жә, бұған да келісейік... Сағыздай созылып барады. Жаңа оқу жылы басталғанша бітіресіз бе? Сіз суретшісіз, ашығын айтыңызшы, балаларым мынадан жағажайда жатқандай күй кеше ала ма, солай сезіне ала ма? Маған ең басты керегі сол! Шағалаңыздың қанаты шолақ болар, бұлттарыңыз қорқынышты, толқындарыңыз кісі өлтіретіндей түйеөркештеніп айбат шегер... Мұның бәріне кешіріммен қарайық. Әлгі сұрағыма жауап беріңізші?

— Сезінеді, сезінгенде қандай! Оған күмәніңіз болмасын! Сенбесеңіз балаларды шақыртайық. Ақырғы байламды солар айтсын. — Ақбергеннің шыдамы да осыған әзер жетті.

— Күмәнім бар. Қаражатты балалар емес, менің төлейтінім қаперіңізде болсын. Әйтеуір, бір нәрсе жетпейді, рас айтамын, бір нәрсе жетпейді. Балаларды емес, алдымен сіздің суретші әріптестеріңізді шақыртсақ. Бағасын берсін, тиісті гонорары төленеді. Құр аяққа бата жүре ме. Сөйтіп комиссиямен қабылдайық жұмысыңызды. Сөзім сөз, бір нәрсе жетіспейді. Әлі де ойланыңыз!

— Ойланбаймын! Ойланып болғам. Жетпейтін жерін өзіңіз жөндеп алыңыз!

Бәли, табан астынан Ақбергеннің бүйтіп тарс жарылғаны мүлдем түсініксіз еді. Бітіп тұрған шаруаның соңғы нүктесіне келгенде... Алжапқышын шешіп, атшаптырым бөлменің адымдап ана басына бір, мына басына екі шықты. Жамандыққа да, жауыздыққа да барғысы келді. Мына полотноны қара бояумен айғұш - ұйғыш сызғылап, іске алғысыз ғып тастаса… Арыдан көтерілген дүлей ашуды сабырға жеңдірді. Тістері қышырлап, жон арқасы жіпсіді.

Теміржанның үйінен сүлеленіп көңілсіз шықты.

* * *

Бір ай шамасында, тіпті ойламаған жерден Теміржанның әйелі Элеонора хабарласты.

— Сіздің мінезіңіз де бұлтсыз күні найзағай секілді екен. Барыңызды салып, тиянақты жұмыс істегеніңізді басқа түсінбесе де, өз басым жақсы түсінемін. Ал түсінбейтінім — Теміржан екеуіңіздің титтей нәрсеге керілдесіп, бала құсап ұрысып қала беретіндеріңіз! Тағы да қайталап айтайын, суреттеріңіз маған керемет ұнайды! Кейбір тұстарына әлі де қалам тигізесіз бе, әлде осы күйінде қалдырамын дейсіз бе, қалауыңыз білсін!.. Сізбен жекеше сөйлесетін әңгіме бар. Теміржан іссапарда. Бүгін кешкілік «Данияр» қонақүйінің 23-ші бөлмесінде күтемін...

Құлын мүсінді, тығыншықтай денелі жас келіншекпен 23-ші бөлмеде таңға дейін бірге болды... Ағыл-тегіл сырласты... Шарап ішті, Элеонора аздап ән салды. Сүйісті. Құшақтасты... Ақыры аяқ - жолын әзер алып, сүріне-қабына үйіне жетті. Бұл не? Махаббат па? Жо-жоқ, оған ұқсамайды. Есеп айырысу ма? Жо-жоқ, оған да... Қалған қаражатты басы бүтін Ақбергеннің қалтасына салып берген. Сонда бұл не, оу, сонда мұның не болғаны?! Түгіне түсінсе бұйырмасын.

Қонаүйдің 23-ші бөлмесіндегі тосын оқиғаны көпке дейін ұмыта алмады. Бұл не?.. Бұл сұраққа жауап таба алмай шерменде…


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз