Эссе және өлең-жыр байқауы

Бүгінгінің ертегісі (қаз-қалпындағы хикаят)

Несіне жортақтататыны бар, мәселеге бірден көшсек немене, біреу біздің шапанымызды шешіп ала ма?! Ой-хой, осы бір түкке тұрмайтын шектен шыққан «сыпайыгершілігіміз-ай»! Қайталап айтайын, табан астынан мүләйімси қалатын тым «ұялшақ» мінезден талай мәрте таяқ жесек те, әлі күнге дейін осы сорақылыққа нүкте қоя алмай-ақ келеміз. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ!..» Дейміз-ай келіп, дейміз! Сөйтеміз де жеме-жемге келгенде, әлгі «батырлығымызды» ұмытып, жаңа түскен келіндей сызыламыз да қаламыз; бет моншағымыз үзілердей аспанға емес, аяғымыздың басына қарап міңгірлейміз. Міңгір-міңгір, күңгір-күнгір... Тайға таңба басқандай көкірегімізде сайрап тұрған ойды да бүкпесіз, ашық әрі қарапайым тілмен жеріне жеткізе айта алмаймыз. Осының кімге керегі бар және кімге пайда?! Міне, ойламаған жерден сол «кесел» алдымнан тағы да андағайлап шыға келді.

Тоқ-таң-ыз, мен қара сөздің майын ішкен жазушы, не журналист емеспін. Бірақ бала күнімнен теледидарда диктор болсам деп армандағаным рас-ты. Қолымнан келгенінше соған талпыныс жасап бақтым. Белгілі бір уақытта көгілдір экраннан жарық етіп шыға келетін қазақтың қаракөз қыздары неткен бақытты дейтінмін. Бұл менің ішкі қызғанышым, көре алмаушылық дегеннен ада, таза пейілден туған қызғаныш. Бір жағынан адамды жігерлендіре түсетін қозғаушы күш десем де қателесе қоймаспын. Себебі, жүректің арғы түкпірінен бұрқ-сарқ қайнап шығатын сезім толқыны бір тылсым құпиялығымен: «экраннан көрініп жүргендер сенен артық па?! Сенің де түр-түсің келісіп тұр, қараторының әдемісісің» деп үздіксіз сыбырлаған секілді болады. Кейде «көңілдің көк дөненін» ерттеп мініп, қызды-қыздымен ертең-ақ сол мұнтаздай жинақылықпен киінген, беттеріне аздап опа-далап жаққан, жасандылау болса да оларын білдірмеуге тырысып, миығынан күліп сөйлейтін бейтаныс құрбыларымның орнын мен алмастыратындай сезінетінмін. (Мәңгілік не бар, дөңгеленген дүние. Бірде болмаса бірде, ең болмағанда біреуінің декреттік демалысқа кетуі де мүмкін ғой). Жә, көгілдір экран жайын сәл кейінірек қаузармын. Айтайын дегенім, жұтынып тұрған сөз маржандарын қағаз бетіне төгіп тастайтындай шеберлігім болмаса да, жазуға ептеген ебім барлығын сездіру еді. Сондықтан мына шатпағымның өн бойына әлдекімнің «қолы тиген шығар» деген дүдәмал ойдан аулақ болыңыз. «Өз сөзім—өзімдікі...»

Жастар газетінде қызмет істейтін ағайым (ол кісімен бірнеше айдан бері таныс-біліс боп қалғам) жасыратыны жоқ, редакция табалдырығынан аттағанда көңілсіздеу қабылдады. Және бүйе шағып алғандай, «...отыз бет, отыз бетті қай жерге сиғызамыз. Роман жазып әкелгеннен саумысың, ондай болса әдеби журналдарға барғаның жөн ғой» деп менен оп-оңай құтылғысы келді. (Адамның пейіл-ниетін бірден аңғаратын жасқа келдік қой). Ішімнен бір ересен қайсарлық тайфун тәрізді барған сайын қарсылық көрсетіп келе жатты: «Отыз бетте тұрған не бар. Оқырман хаттарымен жұмыс істеу үшін айлық алып отырған жоқсыз ба?! Алдымен оқып көріңіз, жарамайды десеңіз қайтып әкетермін. Сізге «басасыз, міндетті түрде басасыз!» деп міндетсіп тұрған кім бар. Бұл менің басымнан өткен шындық, иненің жасуындай қоспасы жоқ, көзіммен көргенді, қолмен ұстап тұшынғанды, жүрек сүзгісінен өткізген жағдаяттарды ғана баяндадым...»

«Әркімнің бастан кешкен «хикаясын» жариялауға мүмкіндігіміз бола берсе... Жастар саясатын насихаттау дейтін басты нысанамыз бар. Егер сол ыңғайдан, яғни жастарға тәрбие берерліктей мән-мағына тұрғысынан табылып жатса... Ішінде іліп аларлық «тұздығы» табылса дегенім ғой. Оның өзінде де отыз бет алақандай біздің газет үшін тым ауыр. Оқып көрейін, бәлкім біраз жерін қысқаруға тура келер. Бір жетіден кейін соғарсыз, не телефонмен хабарлас...»

Бір жетіңіз бітіп болсайшы. Уәделі күні таныс есікті сыртынан тықылдаттым. Ағамның жүзі баяғыдай емес, сынық: «Оқыдым, жұрт үйлеріне қайтқанда кеңседе жалғыз қалып, асықпай оқыдым. Қы-з-ық, тіпті айтары жоқ тамаша! Басшылармен де ақылдасармын, шамамның келгенінше түгелдей жариялатуға тырысармын. Бұл секілді батылдықпен әрі шыншыл жазылған хаттар қолға түсе бермейді көп...» Ағам қолжазбаның кейбір тұстарынан шағын-шағын үзінділер оқып, өзі де рақат күйдің құшағында отырды: «Секс. Махаббат машақаты. Біз білмейтін осы күнгі жастар арасындағы алмағайып тіршілік. Тіпті адамның айтуға жүзі шыдамайтын жағдайларға дейін... Қалай-қалай сілтегенсіз, қарағым-ау?! Несіне қайталайтыны бар, біз үшін таптырмайтын тақырып. Бірақ, этика-эстетика, адамдық құндылық, өз-өзіңді қадірлеу деген бар ғой, оның үстіне әлі бесіктен белі шықпаған қыз баласыз. Осы тұрғыдан келгенде аты-жөніңізді сәл өзгертіп жарияласақ... дұрыс болар еді деп ойлаймын. Мұндай тәжірибені бізге дейінгілер де қолданған. Бұл қалада сіздің де таныс-білістеріңіз бар шығар, солардың көзінше адамға айтылмайтын құпияларды жайып салғаныңыз қалай, қалай болмақ? Бұл сіздің жеке басыңыздың... Иә, арғы мақсатыңызды да түсінемін. Менің басынан өткен жайлардан өзгелер сабақ алса, мына жазғандарым азды-көпті біреу үшін тәрбие құралына айналса дейсіз ғой. Жөн, жөн-ақ. Аты-жөніңізді өзгертеміз деген уәжімізбен келіссіз ғой».

«Жоқ, келіспеймін! Олай істесем, мұным әлгі оңтүстік өңірлерден қаптап шығып, бірінің жазғанынан бірі айнымайтын, оқыған бойда-ақ ұмытылып, артынша ат көпір боп аяқ астында шашылып қалатын сарғыш газеттердегі қан-сөлсіз мақалаларға ұқсап кетпей ме? Ұзақ жыл баспасөз саласында қызмет істеп келесіз, өзіңіз ойлаңызшы, тап қазір мені де ыңғайсыз, тіпті ыңғайсыз жағдайға итермелеп отырсыз. Саудаға салғыңыз келеді. Аты-жөнімді өзгертсем қалай ойлайсыз, мен кәдімгі маска киген әртіс секілді болмаймын ба, шындықты шырылдап айттым-ау деген ерік-жігерім сонда қай бұрышта тұншығып қалмақ? Бұл түптеп келгенде көзбояшылық, арыдан сілтегенде сатқындық! Бар оқиғаның басты куәгері — мен, бірақ соңына қояр фамилиям бөлек... Мейлі, маған жанашырлық танытып, жазғандарымды аты-жөнімді өзгертіп жариялайды екенсіз, сонда оны өзгелер түгілі алдымен өзім қалай қабылдаймын. Кейін мынау менікі еді деп қалай меншіктеймін, меншіктеуге құқым бар ма? Түгіне түсінсем бұйырмасын. Сіздің осыған бола несіне қиналатындығыңызға қайранмын... Осындай жалғандықтан қашан құтыламыз, әбден стреотивке үйреніп, еттеріңіз өліп кеткен. Дәуде болса «аты-жөнімді өзгертіп жариялаңыздаршы» дегенді қашан айтар екен деп, ол өтінішті менің тарапымнан күттіңіз-ау. Оқиғаның басты куәгері ретінде басымды бәйгеге тігіп келгенде... Мәселенің бұлай шиеленісетіндігін білгенде, жанымды қинап мұны жазбаған да болар ма ем... Білесіз бе, титімдей жалғандығы жоқ, бәрі шындық және бәрін өз басымнан өткізгем. Міне, сөйте тұра жүрегімнен шыққан шындықты көзімді бақырайтып қойып түлкі бұланға саласыз...»

«Ертең біреулер хат жазып, адресін тауып беріңіз деп, бізді де мазалап жүрсе?»

«Оған несіне қиналасыз, қайта бәрекелді-ай деп, қос қолыңызды көкке көтеріп, қуанбайсыз ба?! Газетке шыққан дүние резенанс тудырып жатса, еңбектің ақталғаны сол емес пе?»

Ақыры ұзақ-сонар «айтыс-тартыстан» кейін ғана бір-бірімізді түсінгендей болдық-ау. Қолжазбамның соңына Балқоңыр Әбдірәсілова деп қол қойдым. Жас жағынан үлкендігі болса қайтейін, «Егер ғайыптан тайып, аты-жөнімді өзгертетін болсаңыз сотқа шағымданудан да тайынбаймын» дегенді шегелеп тапсырдым.

«Өзің бір қадалған жерден қан алатын шақар екенсің» деп әзіл-қалжың араластырып суықтау жымиды. Редакцияның хат бөліміне тіркетіп, көшірмесін жастығымның астына тығып, аракідік өзім оқып жүрген қолжазбаның ұзын-ырғасы мынау...

Р.S. «Гиннестің рекордтар кітабына» енетіндей ерлік күтіп отырсыз ба, әлде шытырман оқиғалы шығармадан дәмелісіз бе? Екеуі де жоқ. Көріп отырсыз ғой, жарылмаған «бомба» секілді алдын ала қоңыраулатып, жарнамалатып та жібердім.

Е...е, кіріспеде мына мәселені түйіндей кетуді де естен шығарып алыппын. У. «Мен ішпеген у бар ма?» Бұл менің сөзім емес. Авторы бар. Неге екендігін қайдам, ұлы данышпанның есімін бұл араға қыстырғым келмеді. Отызға жетер-жетпестегі трагедиялық ахуалды удан басқа неге теңестірерсің?! У. Денедегі улы жылан шағып алған жараны емдеуге болады. Бұған келгенде біздің медицина қауқарлы. Алғашқы жәрдем көрсету туралы «біссіміләні» мектепте жүргенде оқығанбыз. Жылан уынан құтылудың жолдары жеткілікті. Ал білгіш болсаңыз айтыңызшы, шемен боп қатқан жүректегі удан қалай құтылуға болады? Қандауырмен жүректің бір пұшпағын кесіп тастай алмайсыз. Ақыл қосатындар да табылар. Олардың мені қалай мүсіркеп, қалай жұбататындықтарын жақсы білемін: «Бүйтіп томаға-тұйық жүре берме, көңіл жақын адамдармен сырлас. Ішіңдегіні армансыз ақтар. Сендер қай-да, жассыңдар ғой, түнгі клубқа барып бой сергіт, шарап іш, қыдыр. Өзіңді-өзің тәрбиелеуге тырыс, күлмейтін жерде өзіңді қинап күл, ешкімнен қысылма, еркін жүр...»

Мұндай «жарапазанды» ести-ести құлақ әбден жауыр болған. Жаттанды, ішінде іліп алары жоқ, сылдыр сөз. Міне, сеніңіз, сенбеңіз мен ол удан құтылудың төте жолын тапқан секілдімін...

1. ЕЛДЕ

Облыс орталығындағы пединституттың мектепке дейінгі тәрбие жұмыстарымен айналысатын факультетіне қиналмастан оқуға түсіп кеттім. Ертеңгі күні кім боларым көз алдымда сайрап тұр. Алыс ауылдағы бастауыш мектеп, не сол ауылдағы балабақша. Осы тұсқа келгенде қабағым еріксіз кірбің ете түсетін-ді. Сірә, таңдап алған мамандықты сүймегендіктің әсері ме, әлде ауылдың қара батпағына қайта малтығамын-ау дейтін қауіп пе, бүйірімді түсініксіз бір нәрселер түрткіледі. Институт қабырғасында жүргенде гитарамен ептеп ән айтатынмын. Бірақ мен секілді «әншілерден» ол көз сүрінетін уақыт қой. Курстастарым ән айтқанда мені ақы-пұлсыз аспан әлеміне бір-ақ шығарып тастайды, «ақша бұлттармен араластырып, ақ қанат періште» кейпіне айналдырып кеп жібереді. Десе де өз жағдайым өзіме белгілі. Жастық максимализмді қойсаңшы, кейде шынымен «аққуға үн қосқан» әншіге айналып кеткеннен саумын ба деп, айна алдына барып, кеудені асқақ ұстап, тамағыңды кенеп, «шеберлігіңді» одан әрі шыңдай түсесің. Жаман емес, артық кеткен де түгің жоқ, әзірге «осыған шүкіршілік жаса». Әні бар болсын, жан-дүниеңді қоярға жер таптырмай үзіп-жұлып бара жатқан қай бір ән? Сірә, жұрттың маған құрмет көрсететіні тек өз сөзіме жазылған әндерді ғана орындайтындығымнан болар. Жатақханадағы той-томалақтың төрі менікі, «репертуарым» көптің көз алдында. Қол шапалақтаудан құлақ тұнады. Ұят, шек-шекара қайда?! Кейде жан-жақтан дуылдаған дауыстарға шыдамай тұра қашқың келеді. Асыра сілтегенді де ішің сезеді. «Мыналар тегін әншіні тапты ғой». Ендігі жолы бармайыншы, мен сахнаға шығып жүрген кәнігі әнші емеспін, ауылдағы әке-шешем «ән салып жүргенімді» естісе шашымды талдап жұлар, бәріне тормыз берейін деп өзімді қайраған боламын. Бірақ ауызға салған қант қиығындай салғаннан еріп жүре беретін иілгіш, көнбіс, жұмсақ мінезді адам ғып жаратқан соң, ол «өкінішіңді» кімге айтарсың. Бұртиғаным ұзаққа бармайды, сылқ түскендігімді өзім де сезбей қаламын.

«Әншілігім» диканатқа, ректоратқа да әйгілі боп қалса қайтерсің. Факультетаралық көркемөнерпаздар бәсекесінде де менің жұлдызым жоғары. Соның арқасында кейбір пәндерден сынақты «автоматты» түрде алып жүрдім. Ұстаздар сөзге келместен «сынақ кітапшаңызды әкеле ғой» дейді де, «бестік» бағаны шиырып кеп жібереді. Өмір өстіп жалғаса берсе... Ішімнен тағы бір түйткіл еріксіз бас көтереді: «Уақытша, бәрі уақытша, одан гөрі біліміңе мұқият бол, ертең елдің ортасына түскенде сыр беріп алсаң, «әншіліктің» көкесі сонда болар».

Тіс жармасам да табақтай дипломмен алыс ауылға жолағым жоқ. Жолың болайын десе осы ғой, мынадай сәттіліктің төбеден топ ете қалғандығын қараңыз. О кезде «Біз таланттыларды іздейміз» деген хабар теледидарды ашып қалсаң бұрқ ете қалатын. Облыстық теледидар «жұтынып тұрған» мен секілді «талантты» көрмей, жанымнан қалайша үн-түнсіз өте шықсын. Алғашында ауылдағы әке-шешемнен ыңғайсыз болар деп қысылып та жүрдім, олар мені әншілік оқуға емес, ұстаздық оқуға жіберген. Десе де облыстық теледидардың мені хабарға шақырған тілдей қағазы ректордың алдына барады да, көп аялдамастан «шұғыл тапсырма» «оптимистік нотасын» жапсырып қайта шығады. Мені шабармандар жер-көктен іздейді. «Сен қыз бізге пәле болдың ғой» деп жеңіл әзілдейді кейбірі, менің де бергі жағымнан тілеп тұрғаным сол: «пәле болсам қатыспай-ақ қояйын, менің орныма басқа біреуді қолайлы көретін шығарсыздар, аш құлақтан — тыныш құлақ». Сонан соң әлгілердің қалай әбірге түскенін көрсеңіз, жата кеп жалынады, өлердегі сөздерін айтады. Ректордан «таяқ» жеу кімге оңай.

Кез-келген адам рұқсатсыз бас сұға алмайтын облыстық теледидардың мен үшін қашан да есігі ашық. Қызмет істейтіндердің көпшілігі таниды. Әсіресе, өзім құралпы хабар жүргізетін қыздармен де таныс-біліс боп қалғам. Түн ұйқымды төрт бөліп жүрген мендегі арман белгілі: «облыстық теледидарда қызмет істейтін мына қыздар қандай бақытты!» Байқатпай сыр тартып көремін. «Сенің де диктор болуға барлық имиджің келіп тұр, тек осы мүмкіндікті қолдан шығарып алма». «Не істеуім керек?» «Не істейтіндігіңді өзің білесің, біздікі саған болысу, аздап ақыл қосу». «Ақылдарыңды аяма, мен де қарыз боп қалмаспын». «Осында бастықтарға сөзі өтетін екі-үш кісі бар, солардың тілін тап. Қор болмайсың». «Олар кімдер?» «Жан-жағыңа тіктеліп қара, қандай адамдар екендігін өздері-ақ көрсетеді».

Ол жұмбақтың түйінін табу аса қиынға соға қоймады. Қадырғалидың түпкі ойымды қалай сезіп қойғандығына қайранмын. Қадырғалиды айтам, Қадырғалидың аты Қадырғали. Теледидардың табалдырығынан атасымен-ақ маған деген жылы қабағын аңғартып үлгереді. Терезеден қарап тұра ма, әлде институт жақта сыбырлап жіберетін жансызы бар ма, әйтеуір осылай қарай бұрылсам-ақ бітті, арсалаңдап алдымнан шыға келеді. Кезекші-қарауылға иек қақса бітті, құжат сұрамастан жібере салады. Үшінші қабатта жеке бөлмесі бар. Бөлменің төрт қабырғасы ылғи «сен тұр, мен атайын» өнер жұлдыздарының суреттеріне толы. Және Қадырғали көпшілігімен таныс, біразынан сұхбат алған. Менің көзімше қалта телефонымен анау Алматыдағы, анау Мәскеудегі өңшең дөкейлермен әмпәй-жәмпәй, тап бірге туғандай бауырмалдық сезіммен барын ақтарып, емен-жарқын сөйлесіп жатады. «Ол әлгі пәленше ғой» дейді маған есеп бергендей. Пәленшеңізге береке берсін. Танымасам да танығандай бас изеймін.

Қолы қолына жұқпайды, шағын үстелдің үстін әп-сәтте жайнатып кеп жібереді. Құстың сүтінен басқасының бәрі осында. Өзі де өткір, қуақы, әзілдің де түбін түсіреді. Куәгер тартудың қажеті шамалы. Соқыр емеспіз, бәрін көріп, көңіл сүзгісінен өткізіп жүреміз. Оның үстіне теледидарда қызмет істегің келеді екен, алдымен аңғарымпаз болуға, адамның ішіндегісін білуге, қысқасы психологтың рөліне көшуге тиістісің. Алыстан орағытқанда Қадырғали да анау-мынаудың қолына су құятын адамға ұқсамайды. Жүріс-тұрысы нық, пысық, іші-бауырыңа кіріп, ақындардың өлең-жырларын араластырып сөйлегенде тұла бойыңды шымырлатады, жан-дүниеңді балқытады. Мекемеде беделді. Аса қиын, бірақ абыройлы нүктелерге ылғи асай-мүсейлерін арқалап Қадырғали кетіп бара жатады, алыс сапардан олжалы оралған жолаушыдай артынып-тартынып, талтаңдап Қадырғали келе жатады. Қадырғали жүргізген репортаждардың қолдаушылары да, қолпаштаушылары да жетіп артылады. Құрмет тақтасынан Қадырғалидың суреті түспейді. Ыңғайы келсе күліп жүретін көркем жігіт. Көзінде де кісі жатырқамайтын жылылық бар. Ал бәрінен бұрын менің асты-үстіме түсетін қамқорлығын айтсаңшы. Саусағымды сығымдайды, байқамаған боп құшағына қысады. Бетімнен сүйеді. Жарасымды, анау айтқандай ешбір оғаштығы білінбейді. «Осы жігіттің ойында не бар, а? Мені ұнатып қалғаннан сау ма? Егер ғайыптан тайып, ертеңгі күні сөз салса қайтемін, не айтамын? Еркек көрмегендей тұра қашайын ба, әлде қайдағы-жайдағыны көкіп, өтірік қылымсығаным жөн бе?»

Көмекке келетін кім бар?! Қадырғалидың маған қырындап жүргендігін сезіп, әлдекімнің тас-талқан болмасына кім кепіл. Сылыңғырдай жігітті қармағына түсіргісі келіп, ындыны құрып жүрген арулар осы тұстан да табылмай қалмас. Бәли, мынау не сұмдық, айдың-күннің аманында ақыл-есім алжасқаннан сау ма?! Маған не көрінген? Ана жолы ол орбитаға жедел ұшырылатын халықаралық ғарыш кемесінің «кереметін» айғақтайтын оперативті репортаж түсіру үшін апай-топай жиналып, Байқоңырға атанып кеткен-ді. Бір күн, немесе толық бір апта болуы мүмкін ол жақта, ол бірақ Қадырғали шешетін мәселе емес. Масқара болғанда мына қызықты қараңыз, бір түрлі облыс орталығында арқа тірейтін жанашыры жоқ жалғыз қалған адамдай сезінейін, көңілді ортамның қызығын біреу дөрекілеу мінезімен отап кеткендей, тіпті талай түнді дөңбекшумен өткізіп, әзер-әзер көз ілейін. Өліп-өшіп Қадырғалиды іздейтіндей арамызда анау айтқан махаббат иірімі де салтанат құра қоймаған еді ғой. Онікі де, менікі де немеурін. Ым, кірпікке ілінген жылы көзқарас. Мұның соңы жақсылықпен тынғай!

Қой, қойыңыз, махаббат, әлі сырын білмеген жігітке құлап түсетіндей ол қаңғырып жүрген қайдағы махаббат?! Елес, елес болар. «Таңғы елес», бұл лирикалық әуенді мен де ішімнен ыңылдап айтып жүремін. Жеңіл, жылы, тұла бойың тазарып-ақ қалады. Бірақ... не «бірағы» бар, бір түрлі, жүрегімнің бір бұрышынан Қадырғалиға деген ыстық-ықылас өздігінен, менің еркімнен тыс «бүршік» жарып келе жатқаннан сау ма?! Бәрінен бұрын түске енетіндігін айтам-ау! «Жақсы көру»... Ондай сезімнен қалай қашып құтыларсың, болады ғой ондай сезімдер. Ан-ау ауылдағы мектеп бітіру кешінде директордың сегізінші сыныпта оқитын еңгезердей топ-толық баласы ерінімнен еріксіз сүйіп алған. Өй, оңбаған жүгірмек десе!.. Қыздың ернінен сүймек түгілі шалбарының ышқырын дұрыс байлап алсын. Анаң қара, сөзі де төбеден түскендей: «Мен сізді өмір бойы сүйіп өтем!» Сүйіп өтті ғой, алдымен мектепті дұрыстап бітіріп алмай ма, қызға сосын-ақ қырындамай ма?! Немене, өліп бара ма, үлгереді ғой әлі де. Мектеп бітіруші, жасы үлкен апасындай қызға жабысады. «Жабысатындар» институтта да сыңсып жүр. Беттеріне күле қарасаңыз бітті, бірден қала сыртындағы жалдамалы пәтеріне сүйрелейді. Бар мәселені бірден, бір түнде «шешіп» тастағылары келеді. Біздің баяғы аға-апаларымыздың бір-біріне деген ыстық көңілдерін қалай жеткізерін білмей, сырттарынан бір көргендеріне мәз болып, мазасыз күй кешетін «мөлдір махаббаттары» қайда қалған бүгінде?! Бір-біріне хат жазысып және оны қалай жеткізерін білмей, кішкентайларға жалынып-жалпайып, олардан да «жәрдем» таба алмай, ақыры «адам аяғандай» күй кешетін қайран кешегі заман-ай! «Кешегі заман» мен біз бастан кешкен бүгінгі заманның арасында адам өте алмайтын «тозақ өткелі» жатса жақса-ау! Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан жиырмашақты жыл. Ал қазіргі сылқым жігіттеріңіздің тірлігі әлгі, сөзге келмейді, бірден — төсекке!. Төсекке сүйрелегенде «төсек қатынасының» құпия-сырына қанықса, кәне. Олардыкі «быды-быды» бірдеме, басы бар да аяғы жоқ, аяғы болса басы жоқ. Тіпті «жұтып» алғандар мен «шегіп» алғандар біреудің алақанға салып аялап өсірген бүлдіршініне күш көрсетеді екен, жұдырық көрсетеді екен дегенді де ауық-ауық құлағымыз шалып қалады. Оның беті арман, өзімен кетсін.

Қадырғали бір іссапардан келгенде алдынан жүгіре шығып, жүгіре шыққаныммен түк бітіре алмай, екі бетім дуылдап, қалт тұрып қалғандығымды өзім де кеш аңғармадым. Менікі аңғырттық, әрине. Сол аңғырттығымнан ол біраз жайды ұғынса керек, теледидарда қызмет істейтін қу ғой. Онысын сыртқа шығармайды. Келесі күні киноға шақырды. Шетел киносының не жайында екені есімде қалмапты. Соңғы орынға жайғастық, ол алдымен саусақтарымды қысты, құлағымның түбіне танауын тақап иіскеді, тіземнің арасына қол жүгіртті. Өрікпіп өре түрегелетіндей оғаштық байқамадым, керісінше бұрын-соңды болмаған бір ыстық ағыс тұла бойымды осып өтті. Артынша ол қалыпты жағдайға айналды. Екеуміздің ашық, жасырын кездесулеріміз жиілей түсті. Диплом алуыма екі-үш ай қалды ғой, ол менің басы бүтін ауылға баратын сапарына «шлагбаум» қойып тастады, бітірген бойда облыстық теледидарға қабылдатады. Қабылдатуға құдіреті жетеді Қадырғалидың, немесе «менің Қадырғалиымның». Арман-мақсаттар ақтарылды көл-дария болып, артық айтылған да, кем түсіп жатқан да «Барбарос жоспарларының» есебін кім түгендеді дейсіз. Ал менің көңіл күйім ақша бұлттардың арасына барып әлдеқашан «жайғасқан», аяғым жерге тимей ұшып жүремін. Төңірегім өңшең жасыл бояулар. Жасыл түсті бала күнімнен жақсы көремін. Жасыл түс жігерлендіреді, әлденеге асықтырады. Қос өкпемді қолыма алып, алға қарай жүгіре бергім келеді. Шіркін, теңіз жағалауындағы ақ қайранның үстімен жүгірсе ғой. Шаршамас едім, ентікпес едім. Со күйі бір жерге жетіп құласам, құлаған бойда аспанға қарап, шалқамнан жатсам... Аспан әлемі тұнық және тұңғиық. Сонысымен қызық әм қымбат. Жақсылықты, тек тазалықтан күтіңіз қолдан келсе!..

Бірде Қадырғали маған үлкен «өтінішпен» шықты. Мәскеуге шақырып тұр. Мәскеуге баратын жүрдек пойыздар біздің ауылдың үстімен өтетін. Мәскеудің Орталық ТВ-сы Қадырғалидың Байқоңырдан түсірген 5-6 минуттік хабарын сөзге келместен қабылдапты. Соған келіп кет дейтін сыңайлы. Гонорары да қомақты. Ол жағын түсініп жатқан кім бар. «Сен керексің Мәскеуге. Мені биіктерге талпындырған Байқоңыр, сенің атың — Балқоңыр. Қандай ұқсас, Байқоңыр мен Балқоңыр. Не ойланатыны бар, кеттік!» Келісім бердім бе, бермедім бе, есте жоқ. Ертеңінде екеуміз жүрдек пойыздың екі адамдық жұмсақ орындығына жайғастық. Рақат. Екеуден-екеуміз, тірі адамнан қысылып-қымтырылмайсың. Жол бойындағы шағын бекеттің тұрғындары бізге қол бұлғап, сәт сапар тілейді. Рақмет оларына. Жолдың ұзақтығы себеп болды ма, Қадырғали ішім-жемді де молынан қарпыпты. «Бой жылытатындары» да жетіп-артылады. Құшақтасамыз, сүйісеміз. Біріміздің кеудемізге біріміз басымызды қойып, болашағымызға барлау жасаймыз. Шолақ кісідей біріміздің аузымызға біріміз қасықпен тамақ саламыз. Мен гитарамен ән айтамын, тапсырыс беретін Қадырғали. Ал жүрдек пойыз жүрісінен танбайды, ұлы даланың апшысын қуырып, жүйрік аттай алға жүйткиді. Кейде үлкен қалалардың вокзалына түсіп, аз-кем таза ауамен тыныстаймыз. Соның өзі біраз уақытымызды жеп қойғандай, немесе ұзақ жолдан үздігіп жаңа келіп табысқандай, сүйісті қайта бастаймыз. Мәскеуге түскен бетте қайда баратындығымыз жазулы хаттай белгілі. Мәскеуіңізді бұрын-соңды кім көріпті, жол бастаушым Қадырғали. Мен мұрыны тесілген тайлақтай соның соңынан ере беремін. Менің тарапымнан «түзету» енгізілмейді.

Ұйқының да кестесі келіскен. Екі тәулік қолдары бос, істейтін шаруалары жоқ, екі пендеңізге уақыт молынан жеткілікті-тін. Терезеге қарап телміру де кісіні жалықтырады білем, сосын есінеп ұйқың келеді. Келесі түні ғой «аспаннан қара бұлт төніп, найзағай шатырлағаны». Қадырғалиды не түлен түрткенін қайдам, «ащы судан» да біраз сілтеңкіреп жіберді. Бұған дейін тырмысып, «ұятымды» анау-мынау «коммунизм» орнатып тастайтын құрғақ уәделерге айырбастамай, айырбастамақ түгілі «суық қол» қай жағымнан кіріп кетеді деп, өзіме-өзім күш беріп, мықты «қарауыл» қойып жатқам. «Қарулы күзет» емес, әрине. Менікі қыз «ұятына» деген шексіз адалдық. Бұл «жеті жарғыны» жеті жасымыздан бастап жаттап өскенбіз. Асығатын не бар, үлгіреді ғой бәріне. Қадырғалидың құтты табалдырығынан да кіршіксіз пәк күйіммен аттағым келеді. Сәтін салса оған да көп уақыт қалған жоқ, осы Мәскеу сапарынан аман-есен елге жетсек, тұрмысқа шығу мәселесіне де түпкілікті нүкте қоямыз. Қадырғалидың ой-мақсаты соған қарай ауып барады. Мейлі. Бұйырық солай болса, тәубе деймін-дағы бәріне. Қыз баланың маңдайына о бастан басқа шаңырақтың түтінін түтету тағдыры жазылған. Менікі де орынды, диплом қалтада, енді бір басым екеу болса ата-анамның да қуаныштарында шек болмас. Тәуекел.

Қадырғали байқаймын біразға дейін тағы да «ат шалдырды», осы тойғанымен демалса кәні. Вагонның тербеліс ыңғайымен көзім ілініп кеткен екен, үстіме тау құлап кеткендей тұншығып қала жаздадым. «Мынау қайтеді-ей!» Қарулы қолдар алдымен төстартқышты жұлып алды, ақжаймамен қымтанған боламын, тілім жеткенше Қадырғалидың көзін де бір нәрсеге жеткізуге тырысамын: «Мені ыңғайсыз жағдайға қалдырма Қадырғали, шыда, бойымдағы тазалықтың бәрі сенікі. Бұған дейін шыдап келдің ғой, екі-үш айға мұрсат берсеңші». «Сенің тазалығыңды қалай білемін, қазіргі заманда оның қажеті шамалы. Егер мендік болсаң, бүгіннен бастап жұбайлық өмірге көшеміз». «Шаңырақты қадірлеу деген ше?..» «Архайкалық ұғым-түсініктен қашан арыласыңдар?! Сендер де осы...» Ішімдік адамды аздырады деген рас-ау, күні кешеге дейін менімен мәдениетті, ызылып сөйлесетін Қадырғалиды осы тұста мүлдем жоғалтып алдым, танымай қалдым. Басқа, бөтен адаммен арпалысып жатқандай күй кештім. Абайсызда көзіңнен жас шығып кетсе, бірден ұтыласың. Сондықтан «күзетті» күшейттім. Бұл күресте мен жеңіске жетуге тиістімін, себебі тазалықты қорғау үшін қарсылық көрсеттім. Иә, бір данышпан айтатындай, өмірдің өзі күрес. Жығылсаң мойыма, жігерлен, қабырғаңды қайта тікте. Дұрыс-ақ, бірақ бұл күрес ол күрестен әлдеқайда маңызды, әлдеқайда құнды.

Жүрдек пойыз жүрісінен жаңылмайды. Тершіген терезеден анда-санда ай сығалайды: «Ұлы жолдың бойында ұятсыздыққа бармаңдар, бармаңдар!» Қанша іштіге санағанмен, ер адамның күші басым. Менің жалынған, жалбарынған, шын ниетіммен армансыз ақтарылған ақтық сөздерім айдалада қалды. Ол түпкі мақсатына жетіп тынбай қоймайтын тәрізді. Ауыр салмақ қабырғамды күтірлетіп әкетіп барады. Ұзаққа созылған текетірестен сілем қатты, кімнен көмек сұрарыңды және білмейсің. Адамның бітім-болмысы қалай өзгереді-ай, а?! Дәл осы араға дейін тазалығы мен ақтығын сақтаған арман «айнасы» быт-шыт сынды, дәлірек айтқанда дүние қараң қалды. Келешек көмескі тартты. Күш-жігерім таусылды. Берілдік. Бірақ бұл опасыздықты ешқашан кешіре алмайтындығым анық, ертең ғайыптан тайып «бай болып, бақша мұратымызға жеткенде» де...

Шаруасын тындырып алған соң, ол ақыры мені кінәлауға көшті: «Торға түскен торғайдай шырылдап, өлердегі сөзіңді айтуың жаман еді, пәктігіңді байқай алмадық». Не дейін, бір нәрсе айтсам ақталған болып шығады екем. Қызыл қанға былғанған ақ жайманы әкеп алдына тастаймын ба. Одан қандай нәтижеге қол жеткізбекпін. «Мастықпен аңғармаған шығарсың». Неткен жиіркенішті еді. Бұл -- «мені қорлады, айуандыққа барды, арымды таптады» деп сотқа арыз бергеннен де сорақы еді. Одан үндемегенім мың артық. Ертеңгі шай үстінде де ол кешегі «әләулайын» қайталады. Айтып отырмын ғой, дүние шынымен қараң қалғандай. Келесі аялдамадан түсіп қалып, артқа қайтсам ба екен, а? Оны-мұнымды жинастыра бастадым. Ол шынымен мастықпен жасады ма, әлде мені қорлағысы келді ме, о жағын бағамдауға шама қайда. Менің бір шешімге тірелгенімді білген соң, ал келіп жалынсын: «Сенің ақылың бар еді ғой, Балқоңыр, ішімдік алжастырды тура жолдан. Ақымақтықпен арғы жағына тереңдеп бара алмадым. Сен мені мазақ етіп, үнемі миығыңнан күлетін секілді елестедің. «Осындай мүмкіндікті текке жібере ме екен жігіт деген...» Осы пәлеге тұтқындалдым да қалдым. Бүкіл болмысымды осы арам ой билеп алды. Ал, жөн-жосығына көшкенде бұған тулайтын не бар, маған тиесілі «несібе» екен, оны бүгін жеймін бе, ертең жеймін бе, бәрібір емес пе?! Оның... иесі — мен. Бәрі жөнделеді. Біз ойлағандай бәрі дұрыс болады».

Ол жол бойы өстіп ақталумен, жалынып-жалбарынумен болды. Мен райымнан қайттым. Қайтпағанда не істемекпін. Мәскеуде де, қайтар жолда да «жұбайлық өмір» жалғасын тапты. Елге келген соң бір-екі айдың о жақ-бұ жағында үйленеміз деп уәде байластық. Екі-үш ай деген көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Оған дейін мен дипломымды қорғап үлгеремін. Сөйтіп бәрінің ыңғайы келер. Мен білетін Қадырғали жаман жігіт емес-ті. Сол-ай, айтқаным айтқан, маған жасаған со жолғы «иттігін» өмір бойы ұмытпаймын. Ара-тұра есіне түсіріп, тәубесіне келтіріп отыратын боламын. Бойға бала біткенде әйел организмі түбірлі өзгеріске ұшырайды. «Өміршең бала шартақтың сыртында пайда болады» деген орыстың мақалы бар. Апыр-ай, ә?! Тамақ батырмайды, құсқым келеді, басым айналады. Көп жүргенді көтере алмаймын. Шаршай беремін. Жасырынып барып дәрігерлерге көрінгем, дүдәмалым расқа шықты. Жүктімін.

Екі-үш айды қалай өткіземін. Уақыт өтер ғой, уақытты ұстап тұруға ешкімнің құдіреті жетпейді. Тек сол уақыты түскірдің оқшантайын маған қаратып, оқ ататындығы жаман да. Ай түгіл, күн түгіл, сағаттарды санауға тура келер. Нәрестенің жетілу процесі сенің диплом қорғағаныңа қарап тұрмайды. Былайғыда өтпейтін уақыт енді жалына қол тигізбейді. Диплом алған күні ол мені жатақханадан «алып қашатын» болды. «Алып қашу»— біздің елдің үйреншікті дәстүрі. Бұл мен үшін қажет-ақ, күнәмді жеңілдетуге таптырмайтын тәсіл. Рұқсатсыз ұзатылған қыздай «жылап-сықтаймын, ата-анамның алдынан өтіңдер, кешірім сұраңдар» деп «міндетсимін».

Жатақханадан «сән-салтанатымен» аттанатын болдым, «құтты орныма қондыру үшін» қасыма бір құрбым ілесті. Жастық дәуренім өткен жатақхананы қимайтындай ықылас аңғарттым, бірақ арғы жағым бос, даңғыр-дүңгір, кеуек, не қайғырмаймын, не жыламаймын. Жүрегім де дүрсілдемейді. Осының бәрі менің еркімнен тыс өтіп жатқан тірліктер тәрізді. Кеш бата Қадырғали келді бір досын ерітіп. Құшағында гүл. Аузынан арақ иісі шыға ма қалай, «мұндай қуанышты сәттерде... иә, жора-жолдастарына «жуып» та жіберген болар. Менің есіл-дертім киелі шаңырақтан оң аяғыммен аттау. Қазір басыма ақ орамал салғысы келетін жеңгелері мені көрісімен тұра ұмтылар. Отқа май тамызар. Жан-жақтағы ағайын-туыстары жиналар. Қалай дегенде де келін түсіру үлкен оқиға, өмірде сирек кездесетін елеулі оқиға. Ақ түйенің қарны жарылатын осы тұс.

Жеңіл мәшине арық жиегіндегі тақтай шартағы бар жұпынылау үйдің жанына келіп тоқтады. Етектеріне шалынысып, шашу ала жүгіргендердің қарасы көріне қоймады. Қадырғали маған көп ағайындымыз деп айтқан-ды. Әлде жұмысбастылықпен жүгіріп жүргенде келін келетіндігін алдын-ала ескертпеген де шығар. Оған өкпелейтін түгі жоқ, тек артының қайырын бергей. Біздің жақта «келін түсірудің» жазылмаған заңдары көп. Қыздың әке-шешесінің рұқсаты келгенше, абыр-сабыр басылғанша бір танысының үйіне уақытша кіргізе салады. Бірер күн сонда аялдап, кейін барса да түгі кетпейді.

Түс қайта «той жыры» дүрілдеп басталды дейсіз келіп. Кең бөлмеге дастарқан да жайылды, жасау-жабдығын да үйіп тастады, түрлі-түсті қылмойындардан көз сүрінеді. Жас жігіттер мен жас келіншектер зыр жүгіріп жүр. Жүздерінен шаттық нұры шалқиды. Алғашқы отырыс ұзаққа созылды. Бәрінің айтатыны жауыр болған бір тілек: «Жас жұбайлар бақытты болсын, той тойға ұлассын, ал кәне, алып жіберейік!» «Алып жіберейіктің» аяғы түн жарымына жалғасты. Отырысқа жиналғандардың алды қылжия бастаған, бір-екеуі барылдап ән айтқандай ыңғай танытып еді, өзгелер оларды құптамады Ән әуелемеді. Мені қайран қалдырғаны, мыналар көпті көрген, мәдени орындарда ысылған, сөздің жүйесін түсінетін зиялы қауым өкілдеріне ұқсамайды. Облыстық теледидардың қызметкерлері сірә, бұл «тойды» бүйтіп бастамаса керек еді. Ал мыналар жуынбай-қырынбай, бір нәрседен құр қалатын кісіше осы жерге асығып-аптығып жеткен малды ауылдың ішкіш бозымдарына көбірек келіңкірейді. Бұларды кемсітейін деген кім бар, тек көңілі құрығыр бөгде ойларға басын алып қаша береді. Күдік көкіректе табан тіреп жатып алды. Қадырғали бірер мәрте көрінді де, содан соң зым-ғайым жоғалды.

Төсек салынды. Суық қабырғаға тақалып жаттым. Жас жұбайларға бөлек бөлме дайындалған екен. «Ләззат түнін» есте қалатындай құмарлықпен өткізсін дегендері ғой. Түннің бір уағында бөлменің топсасы сынған тақтай есігі сықырлап ашылды. Қадырғали емес, жүрегім тас төбемнен шықты. Әлде мастықпен адасып жүрген біреу ме. Жоқ, жаныма келіп ысылдап-пысылдап шешінді, аласа үстөлге құйрығын қойып шылым шекті. Қақырынды-түкірінді. Қозы қарыны қозғалған сайын бүлк-бүлк. «Сіз кімсіз, үстімізге неге кіресіз?» «Мен, мен. Сенің байыңмын, шырағым, тулама, айқай шығарма, дем алып жатқан ел-жұртты дүрліктірме! Елдің мазасын алмайық. Бұл арақ кімге опа берген, мастықтың әсерімен Қадырғали мән-жайды түсіндірмеген болды-ау саған. Оқасы жоқ, мен де осы өңірде тірі жанға жалтақтамай, жалынбай өз несібесін теріп-жеп жүрген ағаңмын. Жағдайым, тұрмыс-тіршілігім ешкімнен кем емес. Мал да бар, жан да бар. Әйелім өткен жылы қылтамақтан қайтыс болды. Жатқан жері жұмақ болғыр, көди-сөди сөзі жоқ, жақсы адам еді. Ішімнен дұға бағыштап, осы шаруаға кірісерде ризашылығын сұрадым. Өлмектің артынан өлмек қайда, екеуміздің жақсы тұрмыс құрып кететіндігімізге сен, айналайын, сеніммен қара! Ал Қадырғали — менің туған нағашым, «жиен, тірі тұрсам сені өз қолыммен үйлендіремін» деп жүр еді. Берген сертінде тұрды. Бұдан артық енді не істейді маған. Өркені өссін, мен де оның бір қызметіне жарармын...»

Көрпенің бір шетін көтеріп, жып-жылы қойынға жыландай жылжып келе жатты. Сондағы құдіретті күштің неден пайда болғандығына әлі күнге қайранмын. Бейне бір жер дүмпуі лақтырып жібергендей әсер етті. Ұшып түрегелдім. Ол ұстап қалмаққа ұмтылды. Бар күшімммен кеудеден итеріп қалғанымды білемін. Ап-ауыр денесімен жарға соғылды. Содан қолыма ілінген киімді қолтығыма қысып, тысқа атылдым. Жеті қараңғы түнде қайда барамын? Қаладан шыға бере лайсаң жол басталды. Дарияның сол жағалауында жамаағайын бір апайым тұратындығын білемін. Бағытым дұрыс. Бірақ ми батпақ өкшеңді кері тартып, ілгері жүргізбейді. Жар жағалап жүгірген сондағы тартқан ақырет азабымды тірі пенденің басына бермесін! Кеудемде шықпаған жаным бар, бәлкім алдағы көрер жарығымның түгесілмегендігі шығар, өліп барып, әупіріммен тірі қалдым.

Апайым «қайдан жүрсің, құлдығым-ау» деп жеті қараңғы түнде құшақ жая қарсы алды. Ағыл-тегіл жыладым. Әрі басымды сүйейтін бір адамның кезіккеніне қуандым. Тыңдайтын құлақ табылған соң ішкі шерімді армансыз ақтардым. Күзге қарай, ешкімге көрінбей сол алыс ауылдағы бәкене тамда босандым. Тұңғыш ұлым дүниеге келді.

2. ҚАЛАДА

Мәселенің қайда, қалай бұрылып бара жатқандығын сезген боларсыз. «Балаңды бағамын, алаңдама, артыңа қарайлама. Өмір сен үшін осы бейнетпен тұйықталып қалмас. Бағың ашылса мұның бәрі бір-ақ күнде ұмытылады». Апамның бүйтіп шешім шығаруы маған көрсетілген үлкен көмек еді. Қалаға барғанда мені құрақ ұшып күтіп алатын кім бар? Беталды лағу, қаңғыру, біреулерге кіріптар болу... сөйтіп бүгінгі күннің драмасына айналған жезөкшелік дейтін «кәсіптің» жалынан жармасу. Білуімше мұның төңірегінде де дау-дамай көп. Біреулер құптайды, біреулер қарсы. Екі жағына да төрелік айтуың қиын. Олардыкі де дұрыс, бұлардыкі де дұрыс. Құптайтындар «күнкөрісіміз» деп талай аргументтерді араға тықпалайды: «Біздің де жақсы өмір сүргіміз келеді жұрт құсап..»

Қарсыларының үндері өктем, түйеден түскендей. (Олар өңшең «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманның кейіпкерлері», «моральдық қағидалардан қарыс сүйем аттамаған, таңдайларына бұлбұл ұя салған шешендер»). Жекелей жүздессең жүндей түтеді, ит қосып айтақтайды. «Ләппай, тақсыр, келісеміз, сіздермен келіспегенде... Тегіннен-тегін үлестіретін ақылдарыңыздан айналайын! Өстіп өркениет көшін өрге қарай сүйрей беріңіздер! Алдарыңыздан жарылқасын!».

Екінші топтағылар, яғни менің «әріптестерім. (Бұл топқа қалай қосылғандығымды әңгімелесем, сіз де шаршайсыз. Қысқаша түйіндегенде былай: о-хо, оның «жауабын» өзіңіз де бес саусақтай біліп тұрсыз. Және оған анау айтқандай көп білімнің де қажеті шамалы. Санада сайрап тұр барлығы ). Ауылдан қалаға қаңғып келген қыз... Барар жер, басар тауы жоқ... Біреулердің еміс-еміс адресін біледі. Барса, есікте ылғи қара құлып. Іштен дәу төбеттің абалаған дауысы естіледі. Вокзалға түнейді. Вокзал төңірегіндегі жеңіл-желпі жұмыстарға жалданады. Еден тазалайды, буфеттің ыдыс-аяғын жуады. Сөйтіп жүргенде біреулер бұған жанашырлық танытады, қамқор болғысы келеді. Қол ұшын береді. Вокзал төңірегіндегі жылы пәтеріне әкеп қондырады. Тағы да толып жүрген өрімдей қыздармен таныстырады. Бұл орта көңілді. Ішім-жемнен де таршылық көрмейсің. Жұтынып тұрған жігіттермен танысасың. Олар сені кейде ресторанға, кейде саунаға, кейде жасау-жабдығы келіскен жеке пәтерге шақырады... Арғы жағын несіне ежіктейсіз. Біліп тұрсыз. Дап-дайын сценарий. Бүгінгі күннің ертегісі. Және сан мәрте жазылған, сан мәрте телехабар да түсірілген, полицейлер сан мәрте рейд те ұйымдастырған. «Жеңіл жүрісті құрбылар» деген статьямен талайы түрмеге де тоғытылған. Екі-үш күн түнетеді де шығарып жібереді. Себебі, табан тірейтін заң толықтай қарастырылмаған. Баяғы мұраға қалған коммунистік идеяның сарқыншағы. Ұят, ұяламыз, ұлттық менталитетімізге сай келмейді. Бірақ... олар «оңбағандар, арсыздар». Дүңк, дүңк. Барған сайын дауыс үдей түседі. Дүңк, дүңк... Әне, біраздан соң елерген, жаушаптылаған екпін сәл бәсеңсиді. Тіпті жезөкшелерді желтоқсанға қатысқан қаракөз қарындастарымызды жүк мәшинесінің қорабына тиеп, қала сыртына апарып, үскірік қара суыққа қарамай «төгіп» тастағаны секілді сәл де болса «тыныштық» орнайды. Ал әлгі қарғыс таңбасын арқалап жүргендер (яки біздер) ондай-ондай дүңкілдеген, шіңкілдеген дауыстарға пысқырып та қарамайды. «Жұмыстарын» жалғастыра береді. Күлеміз-ау, өңшең парадокстерге толы ғой біздің қоғам. Бір жақты, бір түсінік, бір ұғым. Кім жаман «түнгі көбелектер» жаман. Мәселенің екінші жағына аттап баспайды. «Т.К»-терді қажетсінетін кімдер? Сұраныс азайса, тіпті ғайыптан болмай қалса «жезөкшелер» қайда барады. Кімді іздейді, асылып өле ме? Шіркін, сол сылқым жігіттерді ұстап алып, отының басында, бала-шағасының көзінше ар сотымен соттаса, жазаласа... Сол сотқа сіз де қатыссаңыз. Әрине, о жағын бақайшағына дейін бұтарлап айта алмаспын. Менікі бергі жағындағы тілеуқор көңіл. «Егер былай болса қайтер еді» дейтіндей сырттай тон пішу. Шындығында күлкіңіз келеді. Біз келешегі керемет, көптеген мемлекеттерді қай жағынан болмасын басып озған, экономикасы қарыштап дамыған, «жұмыссыздықты» баяғыда-ақ ауыздықтаған және халқының әл-ауқаты, тұрмыс-дәрежесі биіктерден-биіктерге көтеріліп келе жатқан, сан-салалы ел емеспіз бе?! Кешіріңіз, бұл мен бас ауыртатын «проблемаға» жатпайды, тіпті маңайламайды. Енді елдік мәселелермен «түнгі көбелектер» айналысатын болған ба деп теріс айналсаңыз да, өзіңіз біліңіз. Десек те біз де он жылдық, білдей жоғары оқу орнын тәмәмдаған осы қоғамның «белсенді» мүшесіміз ғой. Әлде бұған келіспейсіз бе?! Өзіңіз біліңіз, жә, қойдық, сіздер секілді зиялы қауым өкілдерімен өңеш жыртысып айтысқалы жатқан кім бар?! Бәрібір жеңіс сіздердің жағында. Керек десеңіз, «ТК»ні адам қатарына қосқысы келмейтіндер де жыртылып айырылады. Бұл «кәсіпке» мәжбүрліктен барғанымызды, ертең қолымызға бірнәрсе іліккен соң бұл маңайға жоламайтындығымызды, біздің де жұрт қатарды «бақытты» өмір сүргіміз келетіндігін, тіпті жүректері романтикалық сезімдерге толы пенделер екендігімізді сіздерге қалай дәлелдейік?! Бәрібір тыңдамайсыздар. Себебі, «Т.К»—маңдайға жазылған қарғыс таңбасы.

Міне, көрдіңіз ғой (мейлі, мың жерден «Т.К»-мін) кеудем бос кеуек болса, осындай ойларды ақ қағазға тізе алар ма ем. Яғни, түбі біздің қолдан да бірдеме келетіндігіне сеніңіз! Бәрі уақытша... біздің тілмен айтқанда «күнкөріс қамы». Сіздің көкейіңізді де қандай пікір түртіп тұрғандығын жақсы білемін: «Бұдан басқа күнкөріс түгесілген бе?» Қайдан түгесілсін. «Есектің артын жусаң да, мал тап». Бұл жолдардың да авторы бар. Оу, мен вокзал ішіндегі буфеттің ыдыс-аяқ жуушысы болып, бір жылдай жұмыс істеген жоқпын ба. Барымды салдым. Ертеден қара кешке дейін бел жазбадым. Қайда жұмсаса соған жегілдім. Қай қылығымның жақпай қалғандығын қайдам, (буфет жекеменшік иесінікі еді) күнде кешкілік бір күндік табысты қолма-қол санап алу үшін келетін жуан апайымыздың бір қабағы ашылмайды. Ұрысып кіріп, ұрысып шығады. Сын менің әдресіме көбірек айтылады. Үнім шықпайды. Кейде 180 градусқа бұрылып, бас ауған жаққа қаңғып кеткім келеді. Шыны ыдыстарды тас еденге бір ұрып, кетіп қалсам. Қайдан табады? (Күдеге түскен ине оңайлықпен табыла ма?) Аздап арыма тиеді. «Бұл жұмыс жақпаса табаныңды жалтырат! Күн сайын екі мың теңге, жатар орын, тегін тамақ. Бұдан артық не істейміз саған?!» Бір жағынан оныкі де дұрыс. Екі мың сомды қиналыссыз ұсынады. Буфеттің қара матамен бүркелген арғы қалтарысында, азық-түлік тауарлары қойылған аласа сәкінің жанында ұйықтаймын. Жиналмалы темір кереуетті кейін бір бұрышқа қоя саламын. Тамақтан таршылық жоқ.

Жөн-ақ. Адам-ау, мен кезінде жақсы-жаманды көрген, диктор бола жаздап бола алмай қалған, анау-мынау емес Мәскеуді аралаған, «аспанға әуелетіп ән салған», бір сөзбен айтқанда, аузы «аққа» ерте тиген «марқасқаның» нағыз өзі емеспін бе?! Намысты таптатып тірі жүргеннің несі жақсы?! Буфеттегі аспаздар мен сатушылар «қожайынның» туыстары. «Жарылқаушыларының» суық қабағынан соң олар маған қайтіп іш тарта қойсын. Тырнақ астына кір іздейді. Кемшілік атаулыны менің мойныма жүктейді. Бұл қалай және неткен әділетсіздік?! (Әрі мен дипломды маманмын. Ал мына «боқмұрындардың» дені диплом дегеннің не екендігін де түсінбейтін болар). Мені күң секілді жұмсаудан жүздері жанбайды. Екі білегімді түрініп алып, сылп-сылп ыдыс жуып жатамын. Әрине, «ереже» бойынша ыдыстарды салдыратуға болмайды. Ал мен әдейі салдыратамын (олардың жүйкелері де темірден жаратылмаған). Кісіні қорлау қалай екен, «келімді-кетімді кісілерден ұялсаңшы» деп ұртын толтырып, көзін алартып бірі кетеді. Екіншісі де соны қайталайды. Мен де қаражаяу емесін, ішкі есебім түгел. Қуып жіберсе де көшеде қалмаймын. Бір-екі айға жететін қаражат қалтада. Қитығатын себебім, ыдыс жуатын мәшине сатып алуға «қожайын» тіпті ниет танытпайды. Жер сипап отырған жоқ. Тек ойы: «байыған үстіне байысам». Көрші буфеттегі орыс кемпірінің тірлігі маған қарағанда әжептәуір. Ыдыс жуатын мәшинесі сарт та сұрт жұмыс істейді. Жазатайым бір-екі күн бұзылып қалса да, үстеме ақысын төлейді. Артық пұл қалта тесе ме. Мен сорлының екі қолым бір босамайды. Ойпыр-ай, әдейі табалағандай ма, әлде біздің қоғамның өмір сүру әлеуеті солай ма, бүйірдегі кішкене теледидардан құдай салмасын, қарадай-қарап жүрек айнытатын өңшең «гүмпілдеген» хабарлар беріліп жатады: «Біздің өмір сүру шкаламыз еуропалық стандартқа жетіп қалды». «Табиғи байлықты игеру жөнінен әлемдегі озық озық елдердің санатындамыз.» «Ең төменгі жалақының мөлшері...»

Ой-ой, сіз қайда?! Сізбен сөз таластырып өле алмай жүрміз бе. Және «Т.К» басымызбен. Десе де, құдайшылығын айтыңызшы, біздегі жан-жақтан құлақ тұндыра гүмпілдеген ылғи өтірік, ылғи мадақ сөздер кісіні мезі қылмай ма? Шындықтың бетіне неге тура қарамаймыз?! Міне, сенсеңіз, дипломды маман ысылдап-пысылдап тағы кімнен ғайбат сөз естір екем деп, жан-жағына жалтақтай қарап, кір-қоқыс жуып жатыр. Не үшін институт қабырғасында төрт-бес жыл салпақтадым? Дүңк, дүңк. «Біз, біз деген космос дәуірінің ұрпағымыз?!..» Айтыңыз ғой, тағы айтқыңыз келе ме? Бәрі есімде. «Өз бақытыңды өзің тап! Елдің белсенді патриоты бол, артыңнан келе жатқан ұрпақ саған қарап бой түзесін!».

Сонымен солай, сіз жақтырмасаңыз қайтейін, қас пен көздің арасында сол «ортаның» белсенді әрі табыскер, өте өнімді «тауарына» айналып шыға келдім. Бұл — сылп-сылп ыдыс жуудың «өтпелі дәуірін» мүлдем ұмыттырды. Көңілді, жан-жағың қызылды-жасылды киінген өңшең жүзіктің көзінен өтетін «әріптес» құрбыларың. Олардың да мен секілді «дұрыс өмір сүргілері келетіндігін» жақсы түсінемін. Бұл топқа анау-мынаудың оңай «шөбі» түсе бермейтіндігін де естен шығармаңыз. Алдымен жоғарғы «әкімшілікке» «емтихан» тапсырасыз. «Емтиханды» екі-үш апай қабылдайды. Олардың бірі — «диспетчер», екіншісі -- «есеп комитет»», «үшіншісі» — «қаржы полициясы». Тәртіп түрмедегідей қатал әм жауапты. Сенің ішкі әлемің, ой-мақсатың, қоғам жайлы түсінігің... Олар «қосымша сұрақтарға» жатады. Негізгі сапалық көрсеткіш — сыртқы пішінің, яки сұлулығың. Адаммен тіл табысуың. Біреуді жақсы көресіз бе, жаман көресіз бе, эмоцияға берілмейсіз. Күліп жүру, барынша мәдениетті, ізетті болу...т.б.

Басты міндеттер: «диспетчер» — командир. «Жұмыс кестесін» сол кісі әзірлейді. Оған қарсы келуге, немесе «кестенің маршрутын өзгертейін» деп «өтініш» айтуға болмайды. Жұмсаған бағыттан бас тартпауға, «тапсырманы» мінсіз орындауға және «төтенше жағдай» туындап қалса, дереу «диспетчерге» хабарлауға міндеттісің. Әрбір қимыл «протоколға» тіркеледі. «Диспетчердің» толық сенімінен шыққанша бақылауда болуың, жасырын «жансыздардың» нысанасына айналуың да бек мүмкін. «Сынақтардан» қалай өткендігің жөніндегі «анықтаманы» тірі адамға сездірмейсің. Оны өзің және «жоғарыдағы» үш адам ғана біледі. Киім, опа-далап, байланыс, дәрігерлік көмек, күнделікті жүріс-тұрысқа арналған қосымша шығын «диспетчердің» рұхсатымен ғана шешіледі. «Есеп комитеті», «қаржы полициясы» секілді «ұйымдардың» қандай шаруалармен айналысатындығы, саған пайдасы тие ме, тимей ме... Бұл сұрақтар жауапсыз күйінде қала береді.

«Маршруттар» мына көрсеткіштерге қарап белгіленеді, бір жағынан мұны «клиенттерді қабылдау ережесі» десе де жарасады. «Бюджет» осы ыңғайда бөлінеді және қатаң талап етіледі. «Табысты» жасырсаң, не өтірік айтсаң — жазаға кесілесіз, егер «жоғарғы жақ» ымырасыз «шешім» шығарса қаңғып көшеде қалуың да ғажап емес... Неге күлесіз, күлетін түгі жоқ, керісінше жинақы әрі таза жүруге итермелейтін «стимуль». Егер «тапсырманы» тап-тұйнақтай орындап, біреуден сөз естімей, тіпті «тапсырыс берушілерің» көбейе түссе ерекше құрметке бөленесіз. Жалақыңа «үстеме» қосылады. Немесе кезексіз «еңбек демалысына» шығасыз. Қаланың мәдени орындарын аралауға, көңілдері түссе, өзге өңірлерде тұратын жақын-жуықтарыңа барып келуге де «жолдама» беріледі. Бірақ мұның бәрі «диспетчердің» «настраениесіне» байланысты.

«Клиенттерге» қатысты «шкала» мынадай:

«Шай-пұл» — бұлар отқа түскен көбелек тәрізді. Көздері алақтап, кез келген тысырдан тұра қашатындай үрейленеді. Сенімен де жөндеп таныспайды. Аты-жөнін жасырып, әлдебір есімдерді атай салады. Өкінішке орай, ол қулықтары да ұзаққа бармайды. «Соткасы» қапыда қоңырау шалса тамағына тас тұрып қалғандай тұтығып, әлек-шәлегі шығады. (Әйелі екендігі бірден белгілі). Сосын дереу «шаруаға» көшеді... Оның да шырайын шығармайды, шала-пұла. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң». Ышқырын көтеріп жатып, «мені танымайсың, мен жайында тірі жанға тіс жармайсың» деп өлгенше жалынады. (Оның енді бізге қажеті қанша, атамнан арман). Тиын-тебені де ауыз жарымайды. «Диспетчер» айтқан соң амал не, көнесің бәріне. Аяқ киімін шала киіп, біреу ұстап алатындай, басқышпен төмен жүгіріп бара жатады. Сол тиын-тебенін бала-шағасының керегіне жаратып, артын қысып тыныш жүрсе қайтер еді...

«Қазы-қарта». Бұлар қалаға алыс аймақтардан келгендер. Түрлі жиналыстарға, форумдарға қатысады. Көпшілігі шектен тыс етжеңді. Жүріс-тұрыстарынан жер ойылады. Қазы-қарта, арақ-шарап арқалап әкеледі. Қызметтері — үлкен дөкейлерді қонақ ету. Сөйтіп, негізгі мәселелерін қонақ үйде шешіп алуға тырысады. (Бұйырған несібе дегенді қойсаңшы). Біз туралы: аздап көңіл көтеру, «жыл бойы қара шаңға көміліп жұмыс істейміз, ептеп дем алайық» дейтін тосын ойлар аяқ астынан «күн тәртібіне» ене кетеді. Және жылдам шешіледі. Себебі, өлердегі сөзін айтып, қонақ үйге шақырған дөкейлерінің қолдары босамай қалады. Оларды да одан жоғары тұрған шенеуніктер басқа мақсаттарға жұмсайды. Ондайда біздің «диспетчердің» екі-үш қалта телефоны қолды-аяққа тұрмай безек қағады. Сәті түскенде ол кісі де өзін көрсетіп қалуды естен шығармайды. «Қызметшілерін» «конкурстық» негізде таңдап алады. (Сондай «конкурстардан» менің де үш-төрт мәрте кезексіз өтіп кеткенім бар. Мұндай пысықтықты әрине, өзге «әріптестерің» ұнатпайды. Сәлемдесулері салқындайды. «Қара торының әдемісі-ау, үстімізді баса-көктеп қайда барасың?!..»)

Бір ғажабы, әлгі жайсаңдар бір-екі рөмкіден соң «жаным, күнім, құлдығым» деп асты-үстіңе түседі. Тамағыңнан иіскейді. Шашыңнан сипайды. Қорбаңдап адресін жазып береді. «Жолың түссе хабарлас! Қатысып тұрайық, келесі келгенде бірден сізді тауып алатын болайын. Менен жамандық көрмейсіз!» Қызды-қыздымен үлкен бір мекемеде бастық боп істейтіндігін де айтып кеп жібереді. Мұндайлармен уақыт өткізу зиянсыз, көңілден шықсаңыз «ставкасын» да үстемелейді. «Шай-пұлдар» секілді тиын санамайды. Таксимен пәтеріңе дейін жеткізіп салады. Шаршамайсың...

«Тың игерушілер» — «көңіл көтеру» ойнына енді-енді тұяқ іліктіргендер. Көпшілігі студенттер, не колледждің оқушылары. Жалғыз-жарым жүрмейді. Шеттерінен қу. Өздеріне ыңғайлы сәтте ғана «ін қазады». Жалпы дүрмекке қосылуға қалталары көтермейді. Отыз күн оразада, наурыз мерекесінде біздің «қызметтің» ыстық температурасы сәл-пәл төмендейді. Міне, осындай «абыржыда» әлгілер арлы-берлі мойындарын созады. Арқа қысы белгілі, кейбіреуі алыстағы ауылдарына жете алмайды. (Оның бізге қажеті қанша?) «Тың игерушілермен» «жұмыс» істеу қызық әрі оңай... Сан түрлі кинолардан көргендерін істейді ғой сорлылар. Жеке бөлмеге қарай итермелейді. Мақұл. Құшақтайды, төсімізді аймалайды... Енді шешіне бергенде... қояншығы ұстағандай, қабағы кіржіңдеп теріс айналады. Түсінесің, амал қайсы...

«Тірәпкі» (тряпка). Бұлармен бірер сағат бірге болу азап. Бір стақан вино ішсе ішіндегісінің бәрін ақтарып, ақырында жылайды. Жылағанда да етектері жасқа толады. Әйелінің, бала-шағасының тастап кеткендігін айтып, зар еңірейді. Жалығасың, енді бір қарасаң кереуеттің бас жағына иегін артып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатады. Сен де далаға атыласың...

«Шпиондар». Ең қиыны осылар. Не ойлап отырғандығын сездірмейді. Сызданып, ішін алдырмайды. Сенің алдыңда да елпектемейді. Маңғаз. «Сені сатып алғанмын» дегендей өктем сөйлейді. Анау-мынауына көнбей қойсаң, жақтан тартып жіберуден де тартынбайды. Нағыз жауыздар! Дөрекі. Жүрек жылытарлық жылы сөздерін де бұлдайды. Сақ. «Ертең менен қызмет сұрап жүре ме, жұмысқа орналасуыма жәрдемдес дей ме» деп оқтау жұтқандай сазарады. Жақсы жағы: таза, үстерінен қымбат иіссу аңқиды. Қымбат пәтерлерден де ақша аямайды. Не саунаға шақырады. Ішімдікке қинамайды. Ішсең де, ішпесең де өзің біл. Сенің аты-жөнің, қайдан келгендігің, жасың, балаң бар ма-жоқ па, бұрын тұрмысқа шықтың ба, шықпадың ба?! — Олар туралы ауыз ауыртпайды. Бұларды мақтай беру де орынсыз. «Иттеріне» тап келсең, темір торға түскендей аянышты хал кешесің. Уақытпен санаспайды. Мас күйінде қорлықтың көкесін көрсетеді. (Оның бәрін жіктеп айтуға біздің де жүзіміз шыдамайды. Ондай да өзіміздің «жедел жәрдем» көмегіне жүгінесің. «Диспетчерге» шұғыл хабар жеткізесің. «Жекпе-жектің» айла-тәсілдерін жетік білетін бойжеткендер бізде де бар, мынау деген жігіттеріңе әл бермейді. Оң келгенін -- оң, сол келгенін -- сол, ұрып жығады).

...Бұдан екі жыл бұрын қара суық күз айында сол «шпиондардың» қолдарына түсіп қалғаным бар. «Азап лагерінен» бір мысқал кемдігі жоқ-ты. Шақыру үш құрбыма қатар түсті. Бір көшенің қиылысынан жеңіл мәшинемен алып кетті. «Қайда барамыз?» «Қазір көресіңдер» дейді жүргізуші жанындағы жылмаңдаған жұқалтаң жігіт. Қызыл кірпіштен салынған қала орталығындағы екі қабатты коттедждің электр қуатымен ашылып-жабылатын қақпасы бізді бірден «жұтып» қойды. Аула шағын. Дастархан сыртта жаюлы. Белдеріне алжапқыш байлаған екі жігіт кәуап пісіріп, зыр қағады. Қарсы алу жаман емес әзірге. Біз ауызғы бөлмедегі диванға жайғастық. Жақын маңнан жеңіл әуеннің ырғағы естіледі. «Таңғы елесті» құлағым шалып қалды. Осы әнді бала күнімнен ұнатамын.

«Тұрыңдар! Алға-үш, артқа-төрт қадам аттаңдар!» Ойбай-ау, мұның несі құпия, талай көрген құқай. «Күйеулеріміз» бір тесіктен сығалап, «қалыңдық таңдау» акциясын өткізіп жатқан болар. Мейлі, таңдау солардың жағында, бізге бәрібір. Екі құрбымды жастары бізбен шамалас екі жігіт келді де қолтықтап, сыртқа шығарып әкетті. Билеп жүрген секілді. Менің «жігітім» сылқым біреу ме кім білсін, жуық арада көріне қоймады. Қорқыныш, танымайтын орта, бір пәлеге кезігіп қалмаймын ба дейтін сезімдер бізді «айналдыра» бермейді көп. Жоқ, олай емес! Тәубе! Бой-сойы келіскен, қысқа шашын бір жағына жыға тараған, әдемілеп қырынған, иығына су жаңа мөлдірдей қара костюм ілген «жас мырза» жасандылау жымиып келді де қолымнан алды. Не айтары бар, менің жарым болсын-ақ дейтін жігіттің сұлтаны. (Жаман ойдың алдымен алқымдайтындығына не берерсің. Әйелі, баласы бар ғой, бұл жолға не итермеледі? Әлде біздің «диспетчердің» құрығына байқамай түсіп қалды ма. Соған қарағанда біздің де анау-мынау «арзан тауар» болмағанымыз ғой!)

Қатарласып сыртқа шыққанда аула ішіндегілер «бравосын» әлденеше қайталап, дәп бір принцті жұбайымен күтіп алғандай, қол шапалақтап тұрып қарсы алды. Ненің құрметі? Өтірік жымиған болдым. Байқаймын, екі құрбым менің «бақытымды» «көре алмағандықтарын» бәрібір жасыра алмады. Бірінің-бірі бүйірін түртті. (Ертең үйге барған соң, мұның соңы жақсылықпен бітпейді. Мені атарға оқ таба алмай жүргендер жетерлік. Жолым болғыш, «әдемілігім» үнемі алға сүйрейді. Кедергілердің бәрінен қиналмай өтіп кетемін. Өтіп кетемін де, ең сұлу жігіт алдымен маған бұйырады. Мұндай «әділетсіздік» кешіріле ме?! Сыртымнан біреулердің аңдып жүрмесіне кім кепіл. Өзгелердің алдын орап кетуім бұл бір емес, екі емес. Жетер!)

Сүйтсек, бүгін «сұлтанымның» «туған күні» екен. Отыз беске шығыпты. Сыйлықтар үстөл үстінде үйіліп жатыр. Ауқатты орта, айтқызбай-ақ белгілі болып қалды. Мұндайда не істеу керек?! «Диспетчер» әлсін-әлі құлағыңа сыбырлағандай: «Аянба, барыңды сал, қолға түсе бермейтін клиенттер!» Барымды салғанда, жұрттың көзінше мойнына асыла кетіп, бетінен сүйіп алсам, «жеңілтек, ұшқалақ» тізіміне жазыламын. Ұстамды болған мың артық. Өзі ишара жасаса, біздің «құрмет» дайын ғой.

Төңірегіндегілердің оған сыйлаған басты сыйлығы — мен. Тірі, жаны бар. Ыңғайға көнеді. Ойын мәшинесін жүргізетіндей «батареяны» қажет етпейді. Бәрінен бұрын ләззатқа бөлейді, кайф аласың. Кайф! Осы сөздің мән-мағынасын түсінетіндер де, түсінбейтіндер де далаға лаға береді. «Бұдан басқа кайф алатын дүние құрып қалды ма?» Іштік, биледік. Жігіттер өнерлерін көрсетті. Біреуі үстөл үстіндегі арақ толы стақанды қолын тіреместен, тізесін бүкпестен тісімен тістеп, кеңірдегіне бір-ақ қылғытты. Екіншісі аузына сұқ саусағын тығып ысқырды. Мен гитарамен ән шырқадым. Кейін осы «өнерімді» бекер көрсеттім-ау деп өкіндім. Өйткені, маған қолқа салушылардың қатары тым көбейіп кетті. Оның бер жағында «күйеуім» де жайлап келіп, құлағыма сыбырлады. (Оның атын сұрағаным жоқ-ты, сұрағанмен айта ма?) Айтпайды, себебі, мына ауланың ішін шылғи өтірік елесі кезіп жүр. Біреу-біреумен өтірік «сырласады», өтірік «мұңдасады» тіпті өтірік сүйіседі. Өтірік, бәрі өтірік!.. «Мына шуылдақтарға сездірмей, екеуміз оңаша қалғанда ән салғаныңда ғой!.. Дауысыңыз керемет! Өкініштісі, ділгәр дүниенің құнын түсіріп алдыңыз». Ділгәр дүние... Есіме Қадырғалидың Мәскеуге бара жатқан жолдағы опасыз қылығы түседі: «Пәктігіңнен айырылып қалыпсың ғой». Оның жанында бұл не тәйірі!

Шетелдік шампан буын-буынды балбыратып барады. Қолқалаусыз өзім ішемін. Ішкім келді. Оның да бір сиқыры бар білем, ішкен сайын жалғасын тілейді. Бірінен соң бірін. Дене қыздыратын бидің де түбін түсірдік. Дүркіреген тоста не айтылмады дейсіз, біз дәп бір жастық шағын бірге өткізген «ежелгі достарға» айналдық та шықтық.

Коттедждің жоғарғы қабаты бәрімізге жеткілікті еді. Жеке-жеке бөлме. Өзімізге тиесілі бөлмеге де екі-үш мәрте «кіріп-шықтық». «Туған күн иесінің» интимдік қатынасқа деген құлшынысы мықты. Терлетеді. Тәжірибесі мол. «Тың игерушілердің» тірлігі мұның қасында әдіре қалсын! Кеш батқанын білемін, қараңғы түскені де еміс-еміс есімде.

...Бірде екі-үш жігітпен үлкен қаланы қақ бөліп өтетін өзен жағасында жүргендігімді аңғардым. Таза ауада серуендеу үшін, не бас жазу үшін келдік пе? Жә, солай-ақ болсын, ал жанымдағы «әріптестерім» қайда жүр? Екі кештің арасында қайда жоғалып кеткен? Мына бозымдар күш көрсетіп, мазаларын алған соң «жедел жәрдем» шақыртты ма?! Ендеше мені неге тастап кеткен? Апыр-ай, ә?! Қызғаныштың қызыл иті сумаңдап, араға килікпесе не қылсын. Үш жігіттің көңілін қалай «табар» екен деп, мені жау қолына әдейі тастап кеткеннен сау ма? Білем ғой, олардың менен ала алмай жүрген «өштері» бар. «Жолы болғыш бикешті үлкен «сынаққа» салып, мықтылығын байқайық!»

Өзеннің оң жағалауына кірпіш тастар төселген. Бас сұққылап әкетіп барады. Өзім іштің бе, әлде мыналар қинап ішкізді ме? Ешнәрсе есімде жоқ. Олар бір орындықта, мен екінші орындықта бүк түсіп, бүрісіп жатырмын. Жүрегім айныды. Ішімдегінің біразын «тастаған» соң, еңкейіп өзен суымен беті-қолымды жудым. Болар-болмас әл жидым білем. Қисайып жатқанды жақсы көремін. «Жедел жәрдем» шақыртсам оңды болар ма еді. Бірақ қай маңға тап болғанымды дәп басып айта алмаймын.

—Арақ таусылды, — деді біреуі. — Енді не істейміз? Ақша да түгесілді.

Соның артынша олар әлденеге дауласып, келісе алмай қалды. «Мынаны сатайық» — Екіншісі мені нұсқады. Беталды тұра қашқым келді. Өзенге батып өлсем де. Бірақ буын-буыным босап, аяғымды ілгері басқызбайды. Маған не көрінген? Бұрын-соңды мұндай күйге кезікпегем-ді. Сатып жіберетін мен базардағы мал ма екем?!...

Жанымыздан ұзын бойлы, спорттық формада киінген үлкен кісі дағдылы жүрісімен өтіп бара жатқан-ды. «Ақсақал, — деді біздің топтың белсендісі, — сіз де жас болдыңыз ғой. Басымыз сынып барады, жәрдемдесіңіз!» «Қалай, қайтіп?» «Бір жартылыққа жететін ақша берсеңіз, артық сұрамаймыз!» «Артығы түгіл, ақшам болса да бермес ем. Жұрт дем алатын орынды ат қорға айналдырып жіберіпсіңдер! Мына қоқыстарыңды кім жинайды? Әлде полицияға хабарлап, қаматып жіберейін бе?!» «Оныңыздан түк шықпайды. Қаматсаңыз, қаматыңыз. Ал қазір құдай үшін бір жартылыққа жететін бірнәрсе тауып беріңіз! Тегін емес. Бір жартылыққа мына қызды басы бүтін айырбастаймыз. Байқаймыз, сіз де әлі тұғырдан таймаған секілдісіз. Секстің түбін түсіріңіз таң атқанша...»

Бір қарасам, сатыр-сұтыр төбелес қызып беріпті. Спорт формасындағы ағай ішпеген ғой, оның үстіне қарулы. Жан-жағынан жағасына жармаспақ болғандарды бір-бір жұдырықпен ұшырып түсірді. «Аюандар!» дегенін анық естідім. Әлгілер тұс-тұсқа тырқырай қашты бас сауғалап.

Жаныма келді. «Бұл не қылғаның, құлдығым-ау!» деді жайлап. Сай-сүйегім үгітілді. Мұндай жанашырлық сөзді естімегелі қай заман. Дүние шыр көбелек айналды...

3. ҮЙДЕ

Уақытқа біз, әлде уақыт бізге тәуелді ме. О жағын ажыратуға өрем жетпеді. Міне, сонан бері екі жыл арадан зулап өте шығыпты. Менің өмірімде де күрделі өзгерістер болды, түбірлі өзгерістер. Не құдіретінің барын айдам, тағдырдың маған күле қараған осы бір елеулі сәттерін өзгелерге де бастан-аяқ баяндасам, борыштан құтылғандай болмаймын ба дейтін сенім үнемі алға жетелейді. «Мен бастан кешкен хикаяттан сабақ алыңыздар!» Неткен жиіркенішті! Бұл әдіс түптеп келгенде өткен дәуір сарқыншағы. Алады, алмайды, оны әркімнің жүрек қалауы біледі. Менікі іштегі түйткілді сыртқа шығару, бойға дарыған удан құтылу. Удан құтылудың жолын таптым. Осы жолдарды оқыған пенденің бейтарап қалмасын ішім сезеді, қарғыс айтса да, алғыс айтса да ерік өздерінде. Ай, қайдам, алғыстың ауылы алыс болар. «Жеңіл жүрістің» көрігін қыздырғаным үшін алғыс дәметкенім — тура ақымақтық! Қарғыс айтқандарға да ризамын. Әйтеуір, оң десін, теріс десін, бәрібір менің аты-жөнім біразға дейін естерінде жүреді. Ұмыта алмайды. Биотоктары денеме инедей қадалар. Бәрін де ауырсынбай көтеремін. Соның арқасында күнәм жеңілдейді. Күнәнің жеңілдегені — бойдағы удың тарағаны. Мен туралы біреу-біреуге сыбырлап, жер-жебіріме жетсін. Тым алақай! Аты-жөнім еш жерде аталмай, іштегі удың беті жабулы қазан —жабулы күйінде қалса масқараның көкесі сонда!

Міне, көрдіңіз бе, менің аты-жөнім сізге да біршама таныс болып қалды. Телефонмен хабарласқыңыз келе ме, қалауыңыз білсін. Қандай сұрағыңызға да толыққанды жауап беремін. Сөйтіп менімен «сырласатын» адамдардың қатары көбейе түседі. Олар менің банктегі «дипозитым». Ал менің қолым бос, зеріккендіктен емес, үнемі сырласатын адам іздеп жүремін. У сонда барып ыдырайды, оған титтей күмәніңіз болмасын. Бұл шешімнен мені ешкім бас тартқыза алмайды...

Сол түні әлгі жанашырлық танытқан үлкен кісі қолқаны қабатын арақ иісінен қаншалықты жиіркенсе де онысын сездірмей, асқан сыпайылық танытып үйіне сүйрелеп әкеліпті. Аяғынан тұра алмайтын «ғаріпті» сүйрелемегенде қайтеді. Жатқан орнымнан қозғамай айдалаға тастап неге жүре бермеген? Адамның адамға деген аяушылық сезімі әлі де тірі екен-ау! Біреулер оны баяғыда «өліп» қалған дейді. Қателесесіз. Үйге келген соң тыр жалаңаш шешіндіріп, ыстық ваннаға салып, жуындырса керек. (Әне, албастылықты қараңыз, тыр жалаңаш шешіндіруге әбден етіміз үйреніп кеткен. Қарсылық көрсеттім бе, әлде бойымды жинай алмай былқ-сылқ етіп тұра бердім бе, түгі есімде жоқ). Суық тиіп қалмасын деп, денемді спиртпен әбден ысқылаған сыңайлы. Хош, сол жатқаннан ертеңгі түс әлетінде бір-ақ ояндым. Борша-борша терлегенімді, ана дүниеге кетіп барып, қайтып келгенімді онсыз да біліп отырсыз ғой, несіне қайталай беремін. Көзімді ашсам бөтен үйде жатырмын. Тып-тыныш. Тұла бойымды мамықтай ақ сүлгімен таңып тастаған. Аяқ жағымда үйге киетін жеңіл-желпі киімдер, су жаңа әйел халаты целлофан қалтадан шығарылмаған. Оу, бұл қайдан тап болған батпанқұйрық?! Әлде ағамыз мені біреумен шатастырып алғаннан сау ма? Танымайтын, бұрын-соңды көрмеген, білмеген «Т.К»-ні бірден үйіне кіргізгені қалай? Үй болғанда қандай үй, жәй пәтерге ұқсамайды. Жиһаздарына көз сүрінеді. Не істеймін? «Жедел жәрдемнің» көмегімен табанымды жалтыратсам ба? Осы уақытқа дейін неге бір хабар бермедің деп «диспетчер» де сыртымнан шаңымды қағып жатқан болар. Көзіне түссем оңдырмайды. Себебі, мен «жарғы» талаптарына қарсы, өз бетімше әрекет жасадым. Бұл кешірілмейді, «жұмыстан» қуыласың, не «ортақ қазанға» жоспардан тыс «табыс» түсіресің.

Дәу де болса маған арналған болар деп ақ мамық халатты иығыма іліп, ас бөлмесінің есігін аштым. Сол бұрыштан әдемі тамақ иісі шығады. Үлкен кісі мені көргенде қалбалақтап, қолынан әлдебір ыдысты түсіріп ала жаздады: «Тұрдыңыз ба, ұйқыңыз қанды ма, ендеше шай дайын...» Құдай-ау, мұндай жылы сөз естимін деген үміт кімнің ойында бар. Түс, түс көріп тұрғаннан саумын ба?! Қайда тап болғам? Ескі киімдерімді қолға бір түсірсем, қарамды батырармын бұл жерден. Солай, сөз жоқ мына кісі мені біреумен шатастырып тұр. Жұмбақтың шешімі табылмай тұрғанда табанымды жалтыратуға тиістімін. (Бас әлі толық іске қосылмаған, ыстық шай ішкен артықтық етпес еді).

Киімдерімді сұрап ем, қоқысқа кетті деп иығын қомдады. «Осы үйден де сіз киетін бірдемелер табылар». Бал қосылған ыстық шай сай-сүйегіңді жібітеді. Ара-тұра үлкен кісінің бет-жүзіне ұрлана көз жүгіртемін. Салмақты, ұстамды. Мансабы мол қызмет істегендігі де беп-белгілі. Сөздері де мап-майда. Өткен түннің қызық-шыжығын еске түсіріп, «айналайын-ау, бұларың нені» қыстырып жіберетін шығар деп ем, о жаққа аттап баспады. «Әзір сізге көп тамақ ішуге болмайды, — дейді қамқор ниетпен, — ептеп-ептеп. Қазір дәрігер шақыртамын. Көрсін, тексерсін. Егер ауруханаға жатып емделетін болсаңыз...» «Қайдағы аурухана?! Сіз-сіз, мені...» «Иә, сізді дәрігерлерге тексерту керек. Түгелдей...» «Сосын?» «Сосын көрерміз».

Шай үстіндегі «сырласу» осымен тәмәм. Үй-ішін аралатты. Қала орталығындағы кең сарайдай төрт бөлмелі пәтер. Әр бөлме әртүрлі жиһазға толы. Бөгде адам қарасы да байқалмайды. Сонда мына кісінің жалғыз тұратын болғаны ма? Жалғыз басты еркек. Қызық адам! Ұрласа да тәуірін ұрласын дей ме. Аң-таң күйдемін. «Мына заманда осындай да ақ жүрек адамдар болады, ә?! Есік қоңырауы қағылғанда өзімді қайда қоярымды білмедім. Әйелі, не бала-шағасы кіріп келсе. Менің нем кетер дейсің. Әкелерінің ит терісін басына қаптайды ғой. Жаным ашиды. Жақсы адамды қиянатқа қалай қиярсыз. Бізде де жүрек бар. Мені шешіндіріп ыстық ваннаға түсірген адамның жанын қинайды-ау, бекерге азаптайды-ау! Елге белгілі жағдай... «Жас қызбен бірге болған». «Жоқ, олай емес, ол ондай адам емес!» деп шырылдағаныма құлақ асатындар табылса!

Кіріп келгендер өңшең дәрігерлер еді. Бір бригаданы түгел шақыртқан және әртүрлі саланың мамандары. Басымнан башпайыма дейін тексеруден өткізді. (Гинеколог, стоматолог, уролог, кардиолог...) «Алаңдайтындай ешнәрсе жоқ!» — деді олар бір ауыздан. Бізбен де жеңіл қоштасты. «Керек болсақ шақыртарсыз». Мені мына кісінің кімі болды екен дегендерін қайдам. Қатал режимнің құрсауында қалдым. Түс мезгілінде тас бүркеніп ұйықтаймын. Төрт мезгіл тамағым таразыға тартылады, бір грамм артық, не кемдігі жоқ. Нақпа-нақ. О-хо, қалта телефоннан «диспетчер» қылғынып өліп қала жаздайды. Сыбағанда да әкемді көзіме көрсетті. Қолына түссем шашымды жұлатын түрі бар. Не істейін? «Кешіріңіз, қиналғанда қол ұшын берген «жақсылығыңызды» ұмытпаспын». Сөйттім де телефонды сегізінші қабаттан лақтырдым да жібердім. Бұл шешімге қалай бекінгенім де түсініксіз. Яғни, үйреншікті «шаңырақтан» аулақ жүргім келді.

Кешкі тамақты тізе қосып бірге ішеміз. Ол кісінің азан шақырып қойған есімі — Бахрадин еді. Көзін бақырайтып қойып, үлкен кісінің атын қалай атарсың. Көке десем қалай болар. Біздің жақта жақсы көрген адамын көке дейді. «Жақсы көрген адамын». Бұл түсінік әзірге артықтау. «Жақсы көруге» неге бір жақты қараймыз, а?! Бәрін анайылық ауласына апарып жұмарлап тыға саламыз. Обал-сауабымен де шаруамыз жоқ. Мәселен, мына кісіні қалай жақсы көрмейсіз? Мені туған қызындай, не туған қарындасындай мәпелейді. Қазан-ошаққа қолымды тигізбейді. Несін жасырайын, ыдыс жуу менің ежелгі кәсібім. Әлденеше мәрте бұл үйден қашып кетудің де жоспарын сызғылағам. Осы тойғаным да жетер. Өмірбаянын түгін қалдырмай баяндап берді. Ал менің аузымды аштырмайды. Мен-«Т.К»-мін. Оған басты куәгер де өзі. Сонан келе... Өмір бойы дипломатиялық қызметте болыпты. Министрліктің жауапты департаментін басқарған. Әйелі мұнан бес-алты жыл бұрын қайтыс болыпты. Бір ұл, бір қызы бар. Олар шетелде, үйлі-баранды. Әкелерімен апта сайын хабарласып тұрады. Көкеміз немерелерін сағынады-мыс, үлкен қаланы қақ бөліп өтетін өзен бойындағы кемелермен қыдыртуды армандайды-мыс, ана тілін ұмытып қала ма деп алаңдайды-мыс.

Өз-өзіме келдім, бұдан соңғы өмірім не болмақ? Өмірімнің соңғы жылдары «от ішінде» өтті. Баяғыдан берге «баяндағандарымды» «от ішіндегі өмір» демеске шараң қайсы? Ылғи арпалыс. Жеңіске жеттім бе, жеңіліске ұшырадым ба? О жағын көкем қалай бағалар екен десем, аузымды аштырмайды. Өзі, тек өзі жайында. Мені бұрыннан білетін адамдай еркелетіп арқамнан қағады да, әңгіме арнасын басқа бағытқа бұрып жібереді. Бірнеше айдың жүзі болды, пейіштегі хор қызынан бір мысқал кемдігім жоқ. Кешкілік өзен бойын жағалап, серуенге шығамыз. Жанымыздан өтіп жатқан кісілер бізге сұраулы кейіпте назар аударатындай сезіледі. «Шал мен сұлу». Одан басқа не десін! Қайдағы-жайдағыларды айтады, мен тыңдаушымын. Осы жүрісімізді «әріптестерімнің» бірі көріп қалмай ма? Көрсе дереу «диспетчердің» құлағына жеткізеді. Қашқынға қолданар жаза белгілі. Жалаң денемнен таспа тілетін шығар. Өзгелердің құдайларын ұмытып кетпес үшін. Ал сонда «күндестерім» қандай рақатқа батар еді десеңші! Сықылықтап, миықтарынан күлер еді. «Шалмен жатқан қалай, ұнады ма? Таң атқанша өзіңнің де сілікпең шыққан шығар». Әншейін долбар менікі. Олардың өзен жағалап не бастарының іскені. Бұл маңға ат ізін салмайды. Солай болған күнде де қорғаушым олардың қақпақылына көнбейді. Бір түрлі арқамды асқар тауға тірегендеймін. Қиялданып, түс көріп жүргеннен саумын ба? Серуеннен қайтар жол мен үшін тым ауыр. Биік үйдің ауласындағы құм үстінде немерелерін ойнатып отырған кемпір-сампыр бізді көрісімен құбыжыққа тап болғандай тесіле қарайды. Кірпік қақпайды. Не деп сарнайтындары көкіректе сайрап тұр: «Мына сұмпайының шалдың басын айналдырып алғанын қараңыз! Ертең бәріне ие болып қалмақ қой. Бірақ ол ойың орындала қоймас, жарқыным! Бахрадиннің ұлы мен қызы сені төбелеріне шығара қоймас». Екінші варианты одан өткен: «Еркек десе бәріне тиеді. Әукесі салбыраған Бахрадин аяғын қалай-қалай сілтейді-ей, а?! Ыстық құшақ шынымен қутыңдатып жібергеннен сау ма? Артын қысқаны жөн ғой, байғұс шалдың!»

Дәл осы тұсқа келгенде «олар оттай берсін» дейді де, қолтығымнан демеп кеп жібереді. Бойымды тіктеп үлгеремін. Қазан-ошаққа араласа бастадым. «Ертең бала-шағаңыз келеді. Мені көреді, не ойлайды?» «Не ойлағылары келсе, соны ойласын. Аллатағала менің жалғыздығымды байқап, сізді әдейі жіберген ғой. Сізден айырылу... атамаңыз, атамаңыз!»

Ертеңгі асты төсегіме әкеп береді. Орнымнан қозғалмаймын. Қозғалтпайды. «Ауырып қалған жоқсыз ба? Бәлкім түстікті мейрамханадан ішерміз». «Қалауыңыз білсін.» Екеуара сұхбат осы диалогтармен басталады. Көкем «сізден» «сенге» көшетіндей ишара танытпайды. Және сыңғырлаған дауысы қандай құлаққа жағымды. Бір қалып, өзгермейді. Біртіндеп «бұл үйден қашан кетемін» дейтін күдік ұмытылып бара ма қалай. Тұрақтап қалу үшін де мен тараптан бір әрекет жасалуға тиіс қой. Ол қандай әрекет? Және оны мен неге жасаймын? Басым қатты. Үй. Адамзат баласының аңсап күтетін жылы ұясы—үй. Бұл үйге де бойым үйрене бастапты. Түрлі себептермен сыртқа шығып кетсем де үйге жеткенше асығып тұрамын. Себебі, оның себебін айта алсам, кәні?!.. Сені біреудің күтіп жүргені қандай бақыт! Және «аман-есен келдің бе?» деп көкемнің алдымнан шығып, оны-мұнымды қағып алып, бас балаша бәйек болатындығын немен түсіндіруге болады? Мәселен, оған менің тілім жетпейді. Ол аздай-ақ «сіз төбе көрсеткенше терезеден қарап тұрдым» дейді. Сенем. Титімдей жалғандығы жоқ. Көкемізге де тосын жылдамдық, жігерлілік пайда болған. Лифті жүрмей қалса сегізінші қабатқа жас жігітше жүгіріп шығады. Ентікпейді.

Бір күні менің құжаттарымды сұрамасы бар ма? «Оны не істейсіз?» «Керек». Мә, безгелдек, біздің құжаттарымыз «диспетчердің» сейфінде. Ол да содан үміттенеді, «ең болмағанда құжаттарын іздеп келер». Өтірік айтуға тура келді. Мұнан былай көкемнің көзінше өтірік айтпаймын деп уәде беріп едім. Жақсы кісіні жазықсыздан-жазықсыз жамандыққа итермелеймін-ау, ә?! Менің өтірігіме шексіз иланады, бәрін де шын жүрегімен қабылдайды. Ал оның арты шикі. Әне, таза ниетті былғадым. «Жоғалтып алдымнан» басқа не айтарсың? «Қалай, қайда жоғалттың?» Бұл сұрақтарды іштей буындырып өлтіреді. Бет-жүзінен ешбір өзгеріс байқатпайды. Бір жұмадан соң су жаңа құжатымды әкеліп, алақаныма салды. «Бәрінің ыңғайы келді, осы үйге тіркелдің. Енді сіздің де үйіңіз бар!»

«Сіздің де үйіңіз бар!» Көкемді құшақтай алғым келіп тұрды да, сәл іркілдім. Әп-әдемі ықылас иірімді ірітіп алармын деп іркілдім. Бір ыңғайы келер. Ол қандай ыңғай? Әкемдей кісімен... Түсім бұзылып кетті бір түрлі. «Сіз немене сырқаттанып қалғаннан саумысыз?» Төсегіме әкеп жатқызады. Танауыма дәрі иіскетеді. Менің түгімде жоқ, тек әлгі қуанышты оқиғаны бойға сіңіре алмай жатырмын. «Үлкен қалада менің де үйім бар!» А...а, не, не дедім, шынымен сондай... «сондай бір адам айтса нанғысыз» керемет күн туса ше?! Бірақ мына кісінің ойынан шығарлық жар болу қайда? Не, не деп сандырақтадым-ей?! Адамның адамға деген ыстық ықыласы титтей нәрседен анық көрініп тұрады дейтіні қайда?! Құдайдан жалбарынып, менің бойымнан бүр жарып келе жатқан кәусар сезім енді «екінші» жақтан да бас көтерсе екен деп тілеймін. Мұны «махаббат» деп былш еткізіп қалай айтарсың?! «Махаббат» дейтін қадірлі ұғымның да құнын сәл түсіріп алдық қой бүгінде. Төңірегіміз толған «махаббат». Және бәрі де ашық-шашық. Тұрпайы. Анайы. Денең түршігеді. Қырсыққанда соның бәрі «махаббат» деп айтыла береді. «Сіздер айтып жүрген махаббат ондай биіктікке әлі жеткен жоқ қой» деп біреуі басу айтпайды. Әлде айта алмай ма? Неге, неге олай? Шіркін! Кейде түннің бір уағында ұйқымнан шошып оянамын. Көрші бөлмедегі көкемнің көкірегіндегі ойды маған айна-қатесіз жеткізіп тұратын бір құдіретті айна болса ғой. Сол айнадан бәрін көріп жатсам. Арамызды кірпіш қабырға ғана бөліп тұр. Ол кісінің қалай тыныс алғандығын өз құлағыммен естісем. Ал ол ше?.. Іргемде аршыған жұмыртқадай ару жатыр деп әлденеге елегзи ме? (Жастық, қайдағы жастық? Жердің астындағыны білетін қу болып алғанбыз бүгінде). Білем, маған деген көңілі кіршіксіз. Ақтарылғысы-ақ келер, бірақ айта алмайды. Тұнық айдынның бетін бүлдіріп алармын деп қорқасоқтайды. Арнаны бұзып-жаратын күш қайда? Қолымнан қысуға да, бетімнен сүюге де қарсы емес. Құрып кеткір, жастың айырмашылығы аяққа оралғы. Ғалымдар адамның физикалық жасы дегенді шығарып жүр ғой. Соған сайғанда, көкем соншалықты қартайып тұрған жоқ. «Әлі де бір қызды қартайтады».

Бар болсын бәрі де. Әлдебір түсініксіз жайларды домбаздап, сізді де шаршатып жібердім білем. «Ә...ә, шалға тигіңіз келіп, өліп-өшіп тұрғандығыңды байқадық!» деп осы тұсын шорт кесіп тастасаңыз да өзіңіз біліңіз! Араға қандай сезімнің «жеңгетай» болғандығын қайда білейін. Оны аңғаратындай ес болды ма біз пақырда?!.. Бүгін біз ерлі-зайыптымыз. Тыстағы жел сөздің қажеті қанша?! Некемізді жариялы түрде мешітке барып қидырдық. Жақында қызды болдық... Баяғы баяғы ма, көкем мені одан бетер өбектейді. Ақмоншақтың үстіне түсіп, өліп-өшеді... Сыпайылап ауылда ұлымның қалғандығын айтқам... Қызымыз қатайған соң ауылға әдейілеп барып, тойын, жол-жоларғысын жасап, алып келеміз деп мені де шексіз қуанышқа бөледі.

Сіз қалай ойлайсыз мен шынымен бақыттымын ба?! Иә, адастым, отыз жыл өмірдің соңғы жылдарын «от ішінде» өткіздім. Оны мұнан басқа немен теңестіруге болады? Олар еске түскен сайын тұла бойым түршігеді. Оны безірейіп ішіме бүккеннен не ұтпақпын? Жасырмай айтайын, осы күнгінің елге белгілі ертегісі ғой. Білем, бұл ертегіні тыңдайтындардың қатарлары қомақты. Сірә, шабыттана оқитын да болар. Көкем де бұл «бастамама» қарсы болмады. Білем, менің аты-жөнім қазір көп адамдардың есінде. Келістік қой, қарғыс айта ма, алғыс айта ма, өздері біледі. Мен басымнан өткен бар шындықты баяндадым. Жұрт құмарта тыңдағысы келетін бүгінгі күннің ертегісін жайып салдым алдарыңызға. Бойым жеңілденді, қайта туғандай күй кештім...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...