Өлең, жыр, ақындар

Қырықтағы қыз

«Қырыққа келдім. Қу тіземді құшақтап әлі жүрмін. Сырықтай болған бойыма, алға ұмсынған кеудеме, дөп-дөңгелек бөксеме, қысқасы, өзіме-өзім риза боп өмір сүріп, төртінші ондықтың есігін қағып, өмірдің көбі кетіп, азы қалғанын білмей де қаппын ғой. Енді тағы қырық жасайды дейсің бе? Мен өзі қазір қызбын ба, әйелмін бе? Мен қызбын, тәніме еркек қолы тимеген ұрғашымын». Әлсін-әлсін есінеп қойып, елегізіп жатқан ол — қырықтағы қырқылжың қыз Орынкүл оңашада өзіне-өзі есеп бере бастады. Көкшыбық кезінде біреуді жақсы көрді, бірақ ол бас бұрмай кетті. Өзі де наздана қарап, күлімсіреп сөйлегенде бері бұрылар ма еді, бірақ бәрін сезіп-біліп тұрып, еркек көрсе қара тастай қатады да қалады. Алматыдағы дарынды балалар мектебінде оқып жүргенде оныншы сыныпта бір оқушы бала ернінен шөп еткізіп сүйіп алды. Ернінің сол жері шоқ басқандай қыж-қыж қайнап, көпке дейін өзіне-өзі келе алмай жүрді. Сонан кейін сол баланы жек көріп кетті, ол қазір атақты математик, атағы жер жарған академик. Қазір соның сурет-бейнесін баспасөзден көріп, тірі бейнесі теледидар мен интернеттен қылаң еткенде ернін шүйіріп, өшпенділікпен қарайды, жанының бір бөлшегі солқылдап, тәнін арамдап кеткендей көрінеді. «Менің қатарларым шетінен үйлі-баранды, ұл-қыздарын аяқтандырып, атойлап той жасап жатыр, аттестат ала сап атқа қонып, «үшке» бітіре сап үй болғандар немере сүйіп отыр. Мен сол «Алгебраның» соңына түсіп, жай бөлшек пен ах2-ты айналсоқтап жүріп, не есептің түбіне жете алмадым, не өмірден теңімді таба алмадым». Аурухананың жеке бөлмесінде жатқан Орынкүл күйініп кетті. Мұңын шертіп ақтарылайын десе, айналасында ешкім жоқ, бір бөлмеде бір өзі, жалғыз адамдық бөлмеге жат жұртта қалғандай жатқызып қойғанын қарашы. Бас жағында томпиған төртбұрыш тумбочка, үстінде сорайған «Сарыағаш» бөтелкесі, қасында бөтелкені күзеткен жалғыз жылтыр стакан. «Жалғыздықтың бәрін бір басыма жазып қойған екен де» деп, өмірден өтіп кеткен анасын кінәлады. — Шешесі қандай болса қызы да сондай, «шешесін көріп қызын ал» дейді». Топырақ жамылғанына он жылдан асқан анасы өмірі отбасы туралы сөз қозғап, «бір басыңды екеу қыл» деп айтпапты. Өзі он бала туған Батыр Ана. «Он баланы асырау да оңай деймісің...». Тек сырқат жеңіп, көз жұмардан бір апта бұрын басында күзетіп отырғанда: «Сенің де арығың тартылуға таяу...» — деді күбірлеп. Ол кезде сыбай-салтаң жүрісі өзіне ұнайтын, тіпті баласының боғына тайып-жығылып жүрген құрбы-құрдастарын көрсе жирене қарап, өзін солардан екі елі болса да артық санайтын. «Сөйтсем мен ақпай қалған арық секілді суға сусаған сорлы екенмін ғой» деп, жаны ауырып, пышаққа түскенде ғана өзінің осы жүрісіне есеп бергендей боп елегізіп жатыр. «Бала-шағам болса, күн құрғатпай артымнан ағылып келіп жатар еді. Кезекпе-кезек басымда отырар еді». Пышаққа түскенше он күн дайындады. Ең жақын деген екі жеңгесі, олардың бала-шағасы келді. Пышаққа түсіп, ота жасағасын үлкен жеңгесі бір рет бой көрсетті, сонан кейін бір партада отырған сыныптасы келді, онымен де шер тарқатып сырласқысы кеп еді, «Кішкенемді балабақшадан, үлкенімді мектептен алуым керек» деп, үпелектей ұшып-қонып тез кетті. Ол айналасындағылардың бәрін кінәлай бастады. «Әркім өзі үшін өмір сүреді екен ғой. Кешегі «ха-ха-ха-ха» күлкі, оңашадағы құйқылжыған әңгіме, тыртыңдап билеген көңілді кештердің бәрі қол бостағы қимыл-құбылыс екен. Отау тігіп от жаққасын әркім өзінше, шығарда жаны бөлек достарың да бөлектеніп кете береді екен, сенің ең жақының неке суын бөліп ұрттаған серігің мен тұлабойыңнан жаралған перзентің екен» деп, Орынкүл шекесіне сұқ саусағының ұшын қадап, қиял кемесі орнынан жылжи бергенде анасының мүләйім даусы құлақ түбінен сызылып естілгендей болды. Ол да сонда өзі секілді төсек тартып, ыңырсып жатқан, сонда анасы айтқан жалғыз ауыз сөздің жауабын іздеп, өз жанын өзі тергеуге салды. «Арығың да тартылуға таяу...». Отыздан асса да соған мән бермепті, енді ойласа бұл сөз қыз құзырың бітіп, перзент әкелер жолың жабылып, енді қайтып етегіңді көтермейтін сақа әйел болдың дегені сияқты. Ол көшедегі суы тартылып, қаңсып тұрған арықты көз алдына әкелді, шөп-шалам өсіп, күл-қоқыстан көрінбей қалған лас арна жүрегін айнытты. Оның қасындағы сылдырлап су ағып, жыбыр-жыбыр майда толқындар лекіген арық қандай көрікті. Онан аққан су қауындықтағы көк пәлекті көмкеріп, жеміс-жидекті құлпыртып, әсіресе, есік алдындағы қос түп өрік гүл ашып, жұпар шашқанда дүние өзгеше түрге еніп кететін. «Осы көріністің бәрін көз алдымнан таса ғып Алматыға кетіп, дарынды балалар мектебінде оқып, оны тауысқанда неге жеттім?». Оның көз алдына тағы да тақтаға бормен жазылған ах2 елестеді. «Икс» математикадағы белгісіз мөлшер болса, мен өмірдегі шешуі жоқ жұмбақпын; ах жұмбағы көп өмір болса, шекесіндегі 2 саны сияқты екеу боп, біреумен қол ұстасқанымда ғой, сол 2 саны мен үшін тек тақтадағы жұмбақ х-тің шекесінде тұрып қалды» деп, өкінішке толы ойы он саққа бөлінгенде есік серпіле ашылып, емдеуші дәрігер Орынбай кіріп келді. Жаңағы жан ауыртқан қиял мен әртүрлі елестер сытылып кетіп, айналасы әппақ әлемге малынып, қарсы алдында орта бойлы, дембелше келген, атжақты, құс мұрын жігіт тұрды.

— Қалай, Орынкүл қыз, — деді де, әй-шайға қарамай үстін жапқан ақ жайманы сыпырып тастап, қарынның ота жасаған жерін алақанымен басты.

«Осылар, оташылар, ұятсыз. Ең болмаса «ішіңді аш» деп айтпай ма. Әй-шәйға қарамай жамылғыны жұлып алады. Жұрттың бәріне сөйте ме екен, әлде тек мені ғана басына ма екен? Басы бос, ешкімі жоқ, сорайған соқа басы деп басынатын шығар».

Алақанын тыртық боп бітіп келе жатқан жараның орнына қойғанда жаны жай тапты. «Алақаны қандай ыстық. Әлде келерде бірдеңе жағып келе ме екен? Дәрігерлердің өз заңы бар ғой». Орынкүл жалғызбасты болғасын ба, күдігі соңынан ілесіп жүреді, әлде сенер ешкімі болмай әрнәрсенің әрісін ойлап үйренгендіктен бе, қашан да ақиқаттың қасынан күдік іздеу өзіне-өзі келіп, кәрі қыз атанғалы бергі дағдысы.

— Үш күннен кейін шығасың. Шығардан бір күн бұрын айтамын. Бір рет көк дәрі жағамыз, сосын көк дөнендей бүлкілдейсің, — деп тез-тез сөйледі де шығып кетті.

«Жауырыны қандай жалпақ. Қолы қандай ыстық». Бірақ, осы кісінің сөз сарынына түсіне алмайды. Әсіресе, алғаш алдына барғанда ештеңе ұға алмай дал болған. Өзінің күн өткен сайын аяғы ауыр әйелдердей іші көтеріліп келеді. Ол бірден: «Неше айлық?» — деді. Бұл жауап бере алмай бұйығып, басын төмен сала берді.

— Неше айлық? — деймін.

— Неше айлығы несі. Мен екіқабат емеспін ғой.

Ішін ұстап көрді де: «Ешқандай демалған белгі білінбейді, басқа жағың демалып тұр, ол да шаршаған» дегенде, өң-жүзі алаулап, жерге кіріп кете жаздады.

— Анализ тапсыр, — деп тілдей қағазға бірнеше жолдама жазып берді. — Соңынан рентгенге түс, — деп тағы бір белінде қызыл жолағы бар айрықша қағазға шимайлап қолын қойды. Сөйтсе бұл жатырды тексеретін ерекше жолдама екен. — Бәрін бітіргесін қайтып кел.

Шүпірлеген қағазды ұстап, бөлмеден шықты. «Қандай ұятсыз, дөрекі адам» деп жек көріп шыққанмен, қазір ғана қасынан кеткенде «шамалы тұра тұрғанда ғой» деген бір әулекі сезім әуреге сала бастады. Сол кездері бетінен басып, ағаларының үйіне бара алмай қалды, іші көтерілгенін көрген жұрт «некесіз буаз болды» деп біреуі болмағанмен біреуі сайқымазақ күлкіге сап сан құбылтары сөзсіз. Үлкен жеңгесі оңашада «Аяғың ауыр емес пе?» деп таңқалып әрі қайсар қайынсіңлісінің табиғатына жат қылықты жақпай қалам ба деп жалтақтай сұрап еді, «Жұрттың бәрі солай ойлайды, білмеймін, өзінен-өзі көтеріліп барады», — деді төмен қарап. Сонан жеңгесі аяқ астынан бәйек боп, жан-жаққа телефон шалып, біреу арқылы осы дәрігерді тауып берді. Сол жолы тілінен де, қолынан да келетін жанашыр жеңгесіне наз айтты: «Осы жасқа келгенше «Жігітің бар ма?» деп бір сұрамадың» — деді жанарын төңкере қарап. Ол болса: «Қыз-ау, сені туған сіңлімдей көрдім, көбіне Алматыда жүрдің, жігіт деген асты-үстіңе түсіп жүрген жоқ па? Айтпады дейсің, апам ғой бізді осылай артық ауыз сөз айтпауға үйреткен» деп, қайын енесін кінәлап сөйлегенде көз алдына аузы ауыр, өзімен-өзі томаға тұйық отыратын анасы көлең етті. Сонан аты-жөні жазылған қағазды қолына ұстап алабұртып келгенде көрген адамы осы — оташы Орынбай Айтуаров еді.

Жұрттың бәрі қолы жеңіл деп кәсіби шеберлігіне тәнті екен. Тіпті, ауруханада жатып, он күнде байқағаны — осындағы төмен етектілердің бәрі оны көрсе басын иіп, бәйек боп қалады. Ақ желең жамылған кәсіби дәрігерің де, инесін денеңе қадап, дәрі ытқытған мейірбикелерің де бұл дегенде ерекше бір ынтық сезіммен елпелектеп қалады. Тіпті, еден жуушы ең төменгі қызметкерлер де қарап жүрмей қызыл ернін жыбырлатып, іштей қызыққан көңілдерін білдіріп жүреді. Оның адами қасиеттерін, пышақты бағындырған кәсіби шеберлігін бәрі мойындап, бір-біріне жарыса айтқанда ауыздарынан су тамады. Орынкүлге жасаған жақсылығы да бір басына жетіп артылады. Ешқандай дәрі сатып алған жоқ, әйтпесе кісі жанынан басқаның бәрі сатулы заманда дәрі-дәрмектің бәрі аурудың мойнында, бала-шағасының аузынан жырып, шыбын жан үшін шырылдап шипа іздегендер қаншама. Өзін неге жеке бөлмеге жатқызды, соны бір сұрағысы кеп еді, аузын аша алмады, әлгінде көз алдын әртүрлі елес торлап, анасының сөзі құлағына естіліп, көңілі алабұртып жатқанда кіріп келгенде де қызыл тілдің ұшына сауал үйіріле берді. «Жалғыздығым аздай-ақ, неге жалғыз жатқыздыңыз?» деп қайсар көңілмен наз айтқысы келгенде, көрген түстей сытылып есіктен шыға берді. Қырықтағы қыз осы бір қолы жеңіл болғанмен аузы ластау еркектің құр әшейін болса да қасында тұра бергенін қалайтын сияқты, тіпті қазір көңілі әрі-сәрі боп жатқанда тағы бір кіріп келсе ғой, қалай сөйлесе де көтерер едім деп, жақындағы адамды алыстағы сағынышындай бір көруді армандап жатыр. «Маған аз жақсылық жасаған жоқ, соның бәрі жеңгем арқылы болса да...». Ота жасағасын бір күннен кейін «Саған витамин жеу керек» деп, үш қызыл алма мен үш лимон салынған жылтыр дорбаны салбыратып ұстап кеп бас жағына қоя салды. Кешеге дейін бас жағындағы жеміске қараған да жоқ, жалпы тіл үйірген тәттіні о бастан жей алмайды, жұрт қауын мен қарбыздың үстіне түсіп, тамсанып жатқанда бұл бір тілік жеп, «Тойдым!» деп аузы-басын сүрте бастайтын. Өмірде соншама тойымды боп жаралғанына дәл қазір де біреуді кінәлағысы келіп, қолын созып, томпиған тумбочканы ашып, бір алманы саусағына іліктіріп, бас жағындағы ақ сүлгімен сүрте сап, қырт еткізіп ақ тістерімен қыршып алды. «Қандай тәтті. Неге алма жемей жүргенмін?». Алматыда дарынды балалар мектебінде оқып жүргенде алма жинауға апаратын. Сонда жұрттың алма жеуден аузы тынбайтын, сөмке-сөмке ғып жатын орынға әкелетін. Бұл бір алма жеп, бір артық алма алған емес. «Мынау қандай тәтті, иісі қандай керемет!». Дөп-дөңгелек апорт лезде таусылып қап, томпиған тумбочкадағы жылтыр қалтаға тағы да қол созып еді, сырты бүдір-бүдір боп лимон ілікті. «Лимон қышқыл, оны шәймен ішемін. Орынбай ағай не берсе де жеймін» деп, тағы бір алманы алып, асыға қырт еткізгенде маржандай тісі майдалап кесіп түсті. «Бұл да тәтті екен. Қазір Орынбай ағай әкелген лимонмен шәй ішемін». Ол жәймен кереуеттен көтерілді. Іші төмен түсіп, бұрынғы сыптай қалпына келіпті. «Бұл — жатыр түтікшелерін қаптаған сарысу, сонан ісік пайда болған, бұны сылып тастаймыз» деген Орынбайдың даусы құлағына келді. Сөзбұйдаға салмай сылып тастады. «Бұл неден пайда болған кесел?» деп ота жасардан бір күн бұрын қасына кеп, көңіл-күйін білгенде сұрап қалды. «Бұл — табиғи қажеттілік бұзылғаннан болады, түсіндің бе?». «Жоқ!» деп есеп шығарғандай нақты айтты. «Әйелдік міндетіңді уақтылы орындамағаннан болады». Тағы да төмен қарады. «Бұл кісі менің қыз екенімді білмей ме? Әрине білмейді. Мен де бір...» деп өзін-өзі кінәлады да, не де болса ағам мен жеңгемнің алдына ішім көтерілмей тезірек жетсем екен деп асықты.

Тәй-тәй басып, қызыл еденге табанын тигізді: «Қазір әжетханаға барып келгесін лимон сап шәй ішем. Лимонның дәмі қышқыл, сонда да ішем. Ішіп отырғанымды көрсе ғой, тіпті бірге ішсе ғой» деген масаң сезім де мазалап, маңында шыр айналып жүріп алды. «Бірі тәтті, бірі ащы екенін біліп тұрып бірге әкелгенін қарашы. Менің тірліктегі үлесім осындай ғой» деп әдеттегідей кәрі қыздың әуенімен бастай берді де, өз-өзінен сап тиылды. «Ащы болса да ішемін. Өзі әкеліп тұр ғой». Есікке жақындай бергенде босағадағы үйрек тұмсық дәрет сындырғышты көріп, жиіркеніп кетті. «Бұны да көрдік. Енді барар жерге өз аяғыммен барамын. Кеше келгенде «енді тұруға болады» дегенсің». Сықырлап есік ашылды. Отадан кейін аурудың өз аяғымен жүріп, әжетханаға баруы үлкен олжа, бұл дәрігердің мерейін өсіреді. Дәліздегі мейірбике бөлмесінің есігі ашық, өзі іздеген Орынбай ағасы екі ақ желеңдінің ортасында жайбарақат шәй ішіп отыр екен, тәй-тәй басқан сәбидей қызыл еденді қуана басқан емделушіні көріп, ол да қуана қарады. «Бүгін тәй-тәй бассаң, ертең аяғыңды көтересің» деп бұған қарап айтқан дөрекі сөзі ызыңдап құлақ түбінен өткен кезде, оны қасындағылардан қызғанып кетті. Кібіртіктеп басып бара жатса да жан-дүниесі атойлап, анау бірге шәй ішкен екі әйелден арашалап алғысы кеп, бойына ересен бір күш бітіп, адымын ширата түсті.

***

Орынкүл моншадан келді. Пышаққа түсіп, ота сәтті болып, өзіне-өзі келгелі ағыл-тегіл боп терлеп, алғаш жуынуы. Жатыр қуысынан түйдек-түйдек арам ет пен сарысу шығыпты, кесел кеткесін тұлабойы жеңіл тартып, ауырлықтың бәрі артта қалып, жаны жай тапты. Басқан ізін аңдып жүретін қазақы жердің жеңіл ауыз сөзуарларына да мысал болмай пәледен тез құтылды, аға-жеңгенің де ар-ұятына масыл болмай бәрінің сәтін салды. Ол осы үшін-ақ оташы Орынбайға ырза, тіпті өзін оның алдында өтелмеген парызы бар пендедей санайды, ырзалығын білдірейін десе көңілі ырық бермей, оның алдында тілін тістеп қалады. Моншаға терлеп түсті, арам тер қысып барып еді, ағыл-тегіл боп бітеліп қалған нүктенің бәрі ашылды. Буға кірмес бұрын тазаланып ап, тұлабойындағы кір атаулыны кетірді. Иіссабын жағып жөкені көпіршітіп ап, әлсін-әлсін сымдай тартылған денесін ысқылады, қарын тұсында тартылған қол басындай сызық бірте-бірте көмескіленіп барады, тіпті пышаққа түскенін қадалып қараған көз болмаса екінің бірі білмей де қалады. Сол дене тыртығын білетін біреуді ертең үйіне қонаққа шақырды.

— Тақырыбы не? — деп еді, тағы да сасып қап:

— Үйді көрсетіп, дәм татқызу, — деді тақтаға шыққан баладай таңдайы тақылдап.

— Қай шамада?

— Өзіңізге қай шама ыңғайлы?..

— Жарайды, сенбіде, кешкі 18-де...

Содан бері алабұртып, мазасы кетті. Дастархан мәзірін дайындап, шөп-шаламнан иілтіп үйшік тұрғызды. Жалғыз болса да ас-су әзірлеуде қолы жеңіл, бармағы балды еді. Жеңгесі де қадірлі қонағы келгенде өзін шақырып ап, қазан-ошақтың басына қояды. «Орынкүл басқан палау өзбектікінен бір де кем емес» деп жегендер бас бармағын шошайтады. Шынында, өзі басқан палаудың дәмі таңдайдан кетпейді. «Сыр күріші — ел ырысы» деп, осы жолы да палау басуға әзірленді. «Ет берсем, алдына бас тартуым керек, маған ол кісінің үйіме бас сұққаны керек». Әуелі моншаға баруға бекінді. Денедегі кірден арылса, өмірді жаңаша бастайтын секілді, әр барған сайын тұлабойы жеңілдеп шығып, көшені сергек адыммен аттайды. Бұл жолы жеке бөлмеге алды, дене тыртығын ешкімге көрсеткісі келмеді, буда отырып бусанып, өзімен-өзі боп сырласқысы келді.

Ыстық бу бойын босатып, біртүрлі маужырап барады. Есігінен кіріп келе жатқан ақ желеңді оташыны елестеткенде тіпті тұлабойы босап, бір жылан жыбырлап, көкірек тұсынан төмен жылжыды. Денесін жиырып, бір уыс боп кіндік тұсында тұрып ап, керіліп-созылып, тағы да жоғары өрмеледі. Қос анарының ортасына кеп, басын көтеріп, екі анарының ұшына шошақ тілін кезек тигізгенде тұлабойы жылан шаққандай дыз етіп, орнынан ұшып тұрды. «Қой, шығайын. Ол ақ желеңімен келмейді ғой» деп, енді ақ көйлек, қара костюм, қызыл галстук таққан бейне есіктен кіре берді. Оның ақ желеңсіз жүрген кезін көрмепті. «Шығайын. Біртүрлі бойым босап бара жатыр. Қонағымды күтейін». Ағыл-тегіл боп аққан терін сүртіп, денесі де, жандүниесі де жеңілдеп моншадан шыққанда енді тұп-тура бір тәуліктен кейін онымен кездесемін деп көңілін демдеді.

Үйге келгесін де төсекте жайбарақат жата алмады. Буда отырғаннан бетер бусанып, көкірек тұсында желп-желп еткен жылы леп есіп, бүдірі жоқ бір дөңгелек тұлабойында зыр қағып жүріп алды. Сол қос анардың арасынан төмен түсіп, кіндік тұсқа жеткенде шым бұлақтан шым-шымдап шыққан мұздай судай бір нәрсе шымыр ете қалады да, өз-өзінен бұрқ-сарқ қайнап тұрып алады. Сосын әлгі дөңгелек қайта шыр айналып, бәрін басып-жаншып, ақ тамаққа қарай өрлейді. Көз шырымын алсам деп кірпік айқастырып еді, ұйқының аулы тіпті алыс көрінді. Көзін ашып қалғанда кереуетімен қатар жер бауырлап жатқан қарала мысықты көрді. Жер бауырлап ап тырмысып жәймен жылжиды. «Ұрғашы мысық, маужырап жүр, обал-ақ». «Бір апта ұстай тұршы» деп көршісі тастап кетіп еді, «осы көршім де қызық» деп әдеттегідей жалғызілікті кәрі қыздың мақамына сап біреуді кінәлай бастады. — Өзі үбірлі-шүбірлі. Өзінің бір аяғы ақсақ. Комбаин айдап жүргенде байқаусызда мертіктіріп, кесіп тастап, темір аяқ салған. Өзінің сегіз баласы бар. Қыдырудан қолы тимейді. Ақсақ болса да менен бақытты» деп бір қойды да, жер бауырлап тырмысқан мысықты аяп кетті. — Жанын қоярға жер таппай жүр ғой, сорлы. Бір аптада келемін деп еді. Бір басында бірнеше үйі бар, осы үйді де ардагер ретінде атын атап тұрып әкімшілік берген. Қыздары кезек тұрады, көбіне бос. Мына мысыққа обал, бұны неге ауылға апарып тастамайды екен, келгесін айтам» деді де, бір ой төбе құйқасын тағы да шым еткізді. «Тышқан ауласын деп тастам кеткем» деген ашық көңіл әйелдің нақты жауабы құлақ түбінен саңқ етіп, ойының быт-шытын шығарды. — Ақсақ болса да сол менен бақытты». Лездемде келген тағы бір тосын ой көңіл қаяуы мен алпыс екі тамырды тырналаған тікенді суырып алып кетті. «Ертең оташы Орынбай Айтуаровпен кездесем. Ол менің үйіме келеді» деп, өзін-өзі төмен етектілердің ішіндегі ең ілкімдісі санады. Бойында бар шалттықпен ұшып тұрды да, асүйге кіріп, сәбіз аршуға кірісті. Үп-үшкір қоңырқай сәбізді пышақпен қырып, жұмырлап, жалаңаштап отырып, бұл дүниеде дегені болған біреу болса, мен шығармын деп өзін-өзі Көкке алып ұшты. «Оның келуіне бір тәуліктен де аз уақыт қалыпты. Есіктен кіріп келе жатқанда қалай қарсы алар екенмін» деп, бір ой санасына тақ еткенде сабы жуан үшкір пышақ қолынан түсіп кетіп, резеңке еденге кірш етіп қадалды. Қызыл сәбізді алақанына қысып ұстап қалған Орынкүл «Мен осы қайда тұрмын?!» деп қобалжыған көңілін басу үшін бір жұтым суды сіміріп сап, теңселіп тұрған пышақты жұлып ап, жалт етіп сыртқы есік жаққа қарады.

***

— Қона жатуға бола ма? — дегенде Орынкүл сасып қалды. Қонақпен қосылып ішкен жүз грамм коньяк тұлабойында арлы-берлі жүгіріп, жүрегі қатты дүрсілдей бастады. «Алмас қылыштың үстінде отырғанда ойымды қалай дөп бастыңыз» деп көзін төңкеріп бір қарағанда, «Енді бір жүз грамнан алып қояйық, сосын төсек сал», — деді қонағы. Орынкүл қонағы құйған коньякті жартылай ішті де, асып-сасып, рюмкені қойғанда оны су толы маңғаз фужермен соғыстырып алды. «Бұл кісі мені қыз емес деп отыр ғой, мен қызбын, қырыққа келсем де қызбын» деп қызу көңілмен іштей қайталап, ыдыс-аяқты жинауға кірісті. Қонағы балконда тұрып, түнгі қаланың ызғарлы желін жұтты.

Төсекті салып болып, диванда отырған қонағының қасына кеп: «Дайын» деді берілген тапсырманы тап-тұйнақтай ғып орындап, жақсы сөз күткен оқушыдай емексіп. Бұл оның бала күннен бергі дағдысы.

— Сен өте ұқыпты әйелсің. Ұқыпты есепшісің, — деді қолын созып, өзіне қарай тартып, иықтасып отырғаннан кейін. — Неге осы кезге дейін бас есепші болмай жүрсің?

«Әйелсің» деген сөз тағы да шаншудай қадалды. «Мен қызбын, қырыққа келсем де қызбын» деп ішінен әлденеше қайталады да, сауалына қызу көңілмен жұлқына жауап берді.

— Бас есепшілікті қайтем. Ол қай басыма керек. Физмат мектебін беске, институтты қызылға бітіргенде жетпегім бас есепшілік пе?! Кімді асырай алмай жүрмін?!.

— Таусылма. Пессимист болма, — деп ол қараңғы бөлмеге қарай жеңінен тартты. Қыз ілесе берді.

— Қорқып тұрсың ба? Не болды сонша еркек көрмегендей. — Ол дір-дір еткен бәденді қыздың шашынан сипады.

— Орынбай аға, мен қырыққа келсем де қызбын...

— Ертек айтпаңдаршы осы. Біздегілер де шетінен ертекші, —дегенде, көз алдын ауруханадағы ақ желеңді үлкен-кіші әйелдер кес-кестей бергенде, жан-дүниесі біз сұғып алғандай шым ете қалды.

Іле-шала қыздың жан даусы шықты. Тәні ауырғанмен жаны рахат тілеп жатыр. Пышаққа да түсті, ақыры сәтті болды, енді соның бәрін артта қалдырып, жаны жай тауып, дүниеге тоят сезіммен қарасам дегендей іңкәрлік бар.

— Арығың әлі тартылмаған екен. Қырыққа келсең де...

Осы сөзді екінші рет естіп отыр. Алғаш анасының аузынан шыққанда таң қалып еді, енді қайдағы бір еркек түн жамылып тұрып тағы да айтты.

Ол жуынуға кеткенде Орынкүл әлі толық жиналмаған дастарханнан жүз грамм коньякті сіміріп сап, жылдам басып кеп:

— Менің жаным сізбен болғанды қалайды, — деп ебелек қағып, қараңғы бөлмеде ербең етті.

— Етегі лас кездері әйел еркекке өтініш айтпайды, кел, сонда да, — деп жиіркене сөйлегендей болды.

Қыз дәуренімен қош айтысқандай құлындағы даусы құраққа шықты. Қырыққа келгенде естілген жандаусына біреудің пердесін өз қолымен ашқан пенде де сене алмай тұр. Жандаусы шығып, ыңырсып, ыңыранып жатқан әйел түсініксіз бір сөз естіді.

— Менің моншағым қалай екен?! — Ол бұл сөзді ана тілінде айтпады, ұлтаралық тілде кәсіби сөзді қолданды. Әйел түкке түсінбеді. Еркек шырт еткізіп шамды жаққанда дене мүшесіне дөңгелене жабысып тұрған жып-жылтыр темір моншақтарды көрді. — Осы үшін-ақ бәрің соңымнан қалмайсыңдар. Сен де кірің жоқ кезде шақыруың керек еді, асығыстық істедің.

— Кеше ғана моншаға түскем. Сіз маған сенбейсіз бе? — деп күбірледі денесін қозғалта алмай жатып.

— Ертек айтатын жас емессің. Менің моншағым жас, кәрі деп таңдамайды, — дегенде, денесіндегі дөңгеленіп тұрған темір моншақтар өзінің мөлтілдеген көз жасындай көрініп кетті.

Ол су сарылдатып жуынды да, қоштаспастан сыртқы есікті ашты. «Үй-жайы бар ғой, тезірек жетсін» деді төсектен тұра алмай жатып.

Оташыны сонан кейін көрген жоқ. Екі рет тәнін жараласа да, дәл осы адамдай жанын жәннатқа бөлеген тірі жанды таба алмады. Тек қырықта куә болған құбылысына сенбей кеткеніне іші ашиды, сары майдай сақтаған қазынам шынымен көз алдау болғаны ма деп өкінеді де, иненің орны жазылғасын тағы бір иіліп, болған істің бәрін аңыздай ғып айтып берсем деп, үй іргесіндегі адамды алыста жүрген жолаушыдай аңсап, аһ ұрады. Кабельді теледидардан Ресей жақта тәніне моншақ таққан біреудің қыз зорлап ұсталғанын көріп қалды. Оны ешқандай ұрғашыға да, қиянатқа да қия алмайды. Сырттай иемденіп жүріп көрінгеннен қызғанатынын қайтерсің.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз