Өлең, жыр, ақындар

Найзағайдай жарқылдап..

Күн шатыр-шұтыр күркіреп, найзағай жарқ еткенде, адам селк ете қалады ғой. Артынан қалың нөсер жауып ауа тазарғанда, тынысың кеңіп, бойыңа бір жігер бітеді. Әлгінде ғана осып өткен көктің от қамшысын ұмытасың да, сыры мол, сыйлары көп табиғат шіркіннің құбылыстарына қиялыңмен сүңгисің де кетесің.

Бауыржан Момышұлымен кездескен сайын мен ылғи да сондай әсерде қалушы ем. Кездесулер аз болған жоқ. Бәрін басынан айтайын.

Елуінші жылдардың бас кезінде бір топ жас жігіт «Лениншіл жас» газетіне қызметке келдік. Редакцияда Баукеңнің бәйбішесі машинистка болып істейді екен. Бәріміз «Жамал апай» деп жапырыла сыйлаймыз. Баукеңнің бәйбішесі болғандықтан ғана емес, өзі салиқалы, сабырлы, айтайын дегенін айтып тастайтын бетті адам. Сонымен бірге жастарға анадай қамқоршы, атадай ақылшы. Машинка басуы — кісі қызығарлық, әрі тез, әрі мейлінше сауатты. Осының бәрі ол кісіге деген құрметті күн сайын көбейтпесе, азайтқан жоқ.

Қолымыз жұмыстан сол босай қалғанда:

— Жәке, Баукең жөнінде әңгіме айтыңызшы, — деп айналасына жинала қаламыз.

— Е... жігіттер-ай, шын Баукең сендер естіп жүргендей емес. Елдің айтуынша, ол — оспадар, ұр да жық тентек адам. Тентектігі бар, әрине. Бірақ оның тереңдігіне кім бойлап жатыр...

Бұдан әрі әңгімені шорт үзетін де, «кәне, қайсыңның материалың дайын, айтыңдар, басып тастайық» дейтін.

Біз оны өзімізше жоритынбыз. Баукең Москва түбіндегі Калинин қаласында Жамал апайдан бөлек тұрады. Бірақ үзбей хат алысатынын әрегідік әңгімеден байқаймыз. Жаңа келген жас журналистер қашан ақшаға жарыған. Қысылып қалған кезімізде:

— Мынау Батыр ағаларыңнан келген ақша еді, мә, кейін шартың келгенде берерсің, — деп талайымызды экономикалық тығырықтан сан алып шығатын да Жамал апай болатын.

Редактордан басқа бірімізде пәтер жоқ, ай сайын жалдап тұратын баспана іздеп, Алматының ол шеті мен бұл шетіне ылғи барлау жасап жүргеніміз. Жалдауға табылған пәтерге әкеміз оны еншіге бергендей қуанамыз.

Республикалық жастар газетінің білдей жауапты хатшысымын. Соған қарамастан, пәтер іздеудің бір қыспағына мен де түсіп қалдым. Екі ай сабылып, әбден шаршадым. Бір күні Жамал апай:

— Қарағым, қысылып жүрген сияқтысың. Бастықпын ғой деп намыстанбасаң, біздің үйге кел. Екі бөлмеде Бақытжан екеуміз ғана. Оның үстіне ағаңның «Бақыт биыл он беске келеді, оны переходной возраст дейді. Бұл шақ — өте қауіпті шақ. Көшенің ықпалына түсіп кетіп жүрмесін. Үйде әңгімелесіп, алданатын ағасы болу жағын неге ойламайсың, жастар газетінде істеп жүрсің ғой» деген тапсырмасы бар.

Баспана шымбайыма батып тұрғанда, «бастықтығымды» ұстатып қайтемін, келісе кеттім. Обалы не, Жамал апай мені үлкен ұлындай, Бақытты кіші ұлындай етіп ұстады. Тіпті мен жөнінде Баукеңе жазып та жіберіпті. Бір кезде ол кісінің хаттарында «үлкен ұлыңа сәлем!» деген жолдар пайда бола бастады. Бұған, әрине, семіріп жүрдім. Мұндай іштарту әрі Баукеңді көруге тіпті ынтықтыра түсті.

Сол Баукең отставкаға шығып, 1956 жылдың көктемінде біржола келді. Жамал апай «шалымды күтемін» деп жұмыстан шықты. Ондай машинистка табу қиын еді. Жауапты хатшы ретінде ауырлық, әсіресе, маған түсті. Амал бар ма, Баукеңдей азаматты қойып, редакцияда істей беріңіз дей аласың ба.

«Шалым» дегенде сол кезде Баукең әлі елуге де толмаған, 46 жаста ғана. Ал Жамал апай болса, ол кісіден алты жас кіші.

«Лениншіл жас» газетінің коллективі Баукеңе тонның ішкі бауындай болды. Қанша айтқанмен, бәйбішесі жұмыс істеген жер ғой. Бір топ жас журналист ол кісіге тіпті үйірсек болдық. Жамал апай айтқандай, Баукең де бізді турашылдығымен, тереңдігімен баурайды. Соғыс жайлы ғана емес, өмір жайлы небір терең-терең сыр қозғайды. Ол кісіден шыққан соң күнделікті күйкі тірлігіңе басқаша қарайсың. Өмірге, айналаңа, қасыңдағы адамдарға деген өлшемің өзгереді. Жүрегінде бір шырақ тұтанып, оның сәулесі кеудеңді кеңейтіп бара жатқандай болады.

Ақырып та сөйлейді, асырып та сөйлейді, бірақ ар жағында зіл тұрмайды, нұр тұрады. Сол нұрды қабылдай алмасаң, ол ашулы да қуатты. Ұққаныңды сезсе, мәз-мейрам жайсаң. Қара қылды қақ жаратын әділдікке қоса, әрекеттегі жалғандыққа, жадағайлыққа төзбейтін айбаттылық та жеткілікті. Жымысқытып, жыбырлатып, шудай сүйреткен немесе орағытып оттап кеткен мың сөзден гөрі дік еткізіп, төбесінен түсіре айтатын бір сөзді қалайды. Және солай сөйлеудің өзі — асқан шеберлік.

Бұған дейінгі естіген Баукең жайлы алып-қашпа сөздеріміздің есірмесі, көбігі көп екен. Көзсіз айтыла салған өтірігі де жетерлік боп шықты.

Жазған шығармаларының афоризмге, философиялық ойларға толы екенін енді ұғына бастадық. Сөзі сынды, ойы сынды адаммен ұзақ отырып, әңгімелесуге әрқашан әзір. Жалықпайды, өзі де жалықтырмайды. Ондай әңгімелерден соң отты көздері нұрланып, жайма-шуақ, жайдары күйге түседі. Сөзі де жұмсарып, өзі де жұмсарып, кеңкілдеп рахаттана күліп алады. Әңгіме бітсе де, ақырын ыңылға басып жаңағы бір ләззатты әрі қарай өздігінен жалғастыра түскендей кейіп байқатады.

Баукеңе сәлем бере келушілер көп болды. Есікте дамыл жоқ, Жамал апайдың қазаны да оттан түспеді. Бірақ осы бір «сапырылыстан» Жәмкең үлкен ләззат алғандай. Мені «Баукеңнің сөзін тыңдап қал» деп ылғи залға қуып жібереді. Батыр ағамыздың өзі де мені ешбір әңгімесінен шетқақпай қалдырған емес. Бірнеше ғажайып кездесулердің куәсі болдым. Есік сылдыр ете түсісімен, мен жүгірем, Баукең маңғаздана орнынан тұрады. 8-гвардия жауынгерлерінің, командирлерінің келісі бөлек. Олар есіктен кіре шекелеріне қолдарын қойып:

— Жолдас гвардия-полковнигі, сізге сәлем бере келген...— деп алдымен әскерше амандасады да, артынан құшақтасады.

Бір күні Мәлік Ғабдуллин келді. Ол да қаруластарының әдетінше қолын шекесіне қоя бергенде, Баукең:

— Әй, Мәлік, осы сіреспе амандасуға тойдық қой, келші, бауырларша бір құшақтасайық, — деп екі қолын қыранша кең жазып жіберді. Екі батыр құшақтарын жаза алмай, бір-біріне жабысқан күйі ұзақ тұрды. Сағыныштың желімі оларды тіпті жіберер емес.

Асүйден шыға келген Жамал апай мынау көрініске тебіренгені сонша, көзіне жас алды. «Қанды көйлек бауырлар ғой. Тірі қалғандары қазақ халқына қандай олжа болған» деп тұрған сияқты.

Мұндай жүздесуден кейін әдетте дастарқан жайылады, столға қонақ көңілін табатын дәмнің бәрі қойылады. Оның ішінде ішімдік те болады.

— Халқымнан айналдым! Тентек ұлыңа сағынышын білдіріп келіп жатыр. Көбін танымаймын да. Бірақ сәлем бере келгеннің маған жаттығы жоқ. Өзім де сағынып қалыппын. Мына бас көтертпей жатқан адамдар легінен бір саңылау тауып, Мұхтар, Қаныш, Сәбит ағаларыма өзім барып сәлем беруім керек. Өздері Алматыда ма екен? Бір күн болса да, мына кемпірім де демалсын, қазан қасынан кетпей зорығып өлетін болды, — деп сөз аяғын қалжыңға бұрды. Бұл Баукеңнің жақсы бір әдеті. Ондай қалжыңына не сүттен ақ ниеті, не ащы әжуа жатады.

Академик Ахмет Жұбановпен бір демалыс күні сәскеден бастап, түннің бір уағына дейін рахаттана әңгімелескені әлі есімде. Екеуі де сағынып көрісіп, шамырқана сөйлесті. Әңгіме тақырыбы алуан түрлі болды. Тарихқа да кетті, бүгінгі ел өмірінің көкейкесті көп жайлары да қозғалды. Өнер, әдебиет болашағы, интеллигенция жайлы — бәр-бәрін екі жүйрік жарыса отырып, жараса отырып ұзақ саралады. Ол кездесуді тереңнен толғаған сыр десе де, жыр десе де болғандай еді. Түннің бір уағында Ахаңды үйіне шығарып салып келіп:

— Шын академик, міне, осы кісі. Бүгін қай күн өзі? Ахаңмен кездескен күнді календарға қызылмен жазып қойшы,— деді.

Сол кездесудің ойда жоқта куәсі болғаныма есіме түскенде, қуанамын да толқимын.

Сол жолғы бір оқыс оқиғаны да айтпай кетуге болмас. Ахаңды шығарып салып, түннің бір уағында Баукең екеуіміз үйге қайтып келе жатқанымызда, мен әлгі жайдың себебін сұрауға дегбірсіздеңдім...

Ахаң алғаш кіргенде стол басында үшеуміз ғана едік. Ол кісі жан-жағына қарап, бірден шешіліп кетпеді. Баукең орнынан тұрды да, мені келесі бөлмеге шақырды.

Әскери киімі, қылышы осы бөлмеде болатын.

— Ки мынаны,— деді маған. Мен аң-таңмын.

— Ки дедім ғой,— деп Баукең айғай салды.

Мен жалма-жан кие бастадым. Кителі, бас киімі менің үстімде.

— Асынғын ананы, — деп қылышты нұсқады.

Қылышты асындым. Кәдімгі мұздай құрсаулы полковник болдым да шықтым. Бірақ ірі денелі Баукеңнің киімдері маған жарасып та тұрмаған болу керек.

Залға ертіп келді де:

— Аха, мына балаға қараңызшы, маған ұқсай ма? — деді.

— Ұқсайды екен, — деп Ахаң жымиып күлді.

— Осы үйде екі бала бар. Біреуі — қара бала, ол осы, екіншісі — сары бала, ол далада ойнап жүр.

— Шагом марш, шешін, ты свою миссию выполнил,— деді маған.

Түк түсінсем бұйырмасын, мен басқа бөлмеге шешінуге кеттім. Әскери киімді тастап, өзімнің кәдімгі киіміммен қайта оралдым. Жайма-шуақ, екеуі әңгімеге кіріскен екен.

— Отырғын, сөз тыңда, — деді Баукең. Мен оқыс жайдың себебін сұрадым. Баукең біраз ыңылдап алды да:

— Түсінбеген екенсің ғой, — деді.

Көшеде келе жатқан бойы шылымын сорып-сорып жіберді де, біраз үнсіздіктен кейін:

— Ахаң көп қуғын көрген адам. Қазақта не дейді, «қуа-қуа қызыл түлкінің құйрығы қылаң болған» дей ме? Сені ол кісі бөтен адам-ау деп отырды. Байқадың ба, алғашқыда кібіртіктеп, сөзі сараң болды. Ол кісі шешен адам. Сөздің майын тамызады. Кібіртіктегені — мынауың «салпаң-құлақтарға» жеткізетін біреу емес пе дегені. Бірақ құмарынан шыға сырласқысы келеді. Мен де ол кісімен тілдесуге іңкәр едім. Екі арада сен тұрсың. Сені қуып жіберуім керек пе еді? Сені аяқасты полковник жасаған осы жағдай. Айтпаса да түсінікті. Саған әскери киімімді кидіргенім — «бұл бөтен емес, өзіміздің бала» дегенім. Бұл үйде екі бала бар дедім ғой, естідің бе?

— Естідім.

— Естісең сол. Ахаң сақтық жасады. Мен қысылмаңыз дедім. Екеуміз сөйтіп ұғыстық. Ал енді сен Бауыржан бүй деді, Жұбанов үй деді деп оттап жүрме! Шұқырыңа бірдеңе барған болса, бүгін аз әңгіме айтылған жоқ, понятно! — деп Баукең даусын көтерді.

— Ғажап әңгіме болды,— дедім мен.

— Ғажап, ғажап! Тамсанғаннан басқа не білесіңдер! Сөз тану керек, кісі тану керек.

Баукең өзіндік педагогикасымен сөйтіп тағы бір сабақты беріп тастады.

Ол кісі әдетте жақсы әңгімені жаны ұйып тыңдайтын да, ойсыз оспақтап соғатын адамның сөзін шарт үзіп тастайтын. Жасанды шыдамдылық жасап, жалыққанша отыруға ізнәһәр бармайтын.

— Молчать! Сені тыңдауға «шылы-мылының» уақыты жоқ.

Ондайда айтатын сөзі осы, «шылы-мылы» дегені — Момышұлы дегені. Тап осылай ету Баукеңе ғана жарасып тұратын. Бетің бар, жүзің бар демей, тіліп түсетін «шындық» атты алмас қылыштың тап өзі еді. Зекігені — ұға білген адамға айналайын дегені, ақыра сөйлегені — адаспа, ар алдында, адамшылық алдында адал бол деп ескерткені. Отты көзін қадаса, сенің бойында қоқыс-соқыс жоқ па деп барлағаны. Сұқ қолымен орындықты нұсқаса, «отыр, әңгімеңді айт, сөйлесейік» дегені. Баукеңнің осы болмысының өзінде құдыретті бір күш тұратын, сені үркітпейтін, қайта өзіне тарта түсетін.

Кездескен сайын кешегі Баукең бүгінгі Баукеңе ұқсамайды. Толғар ойы, шертер әңгімесі, көкірегіңе құяр өнегесі бірін-бірі қайталамай, өрби береді, сарайыңды аша түседі. Кешегі сұрапыл соғыс жылдарындағы жауынгер тұлғасы, адам тұлғасы, адамгершілік жайлы жазбағы, жазғысы келетіні көп екен. Соны қағазға түсіріп, артындағы ұрпаққа қалдырып кетуге асыққандай сыңай танытып жүрді. Кейде ой толғаған таңдамалы шығармаларының үстінен шықсаң, кейде ар жағында дауылы көтеріліп, біресе тарылып, біресе қамығып, біресе жарылып, біресе жазылып отырғанының үстінен шығасың. Мұның бәрін үлкен көздері айнадай айқын көрсетіп тұратын.

Сол Баукең мен Жамал апайдың қолында мен шаңырақ көтердім. Туған келіндеріндей жұбайымды өте жылы қарсы алды. Бұл әке-шешеден ерте айрылған мен үшін естен кетпес оқиға болды. Баласы Бақытжан мені «Жан-аға», жолдасымды «жеңеше» деп кетті. Тұңғышымыз туғанда шілдехананы Баукең өз үйінде жасатты. Келініне үлкен шоқ гүл жіберіп, алғашқы нәрестесімен өзі құттықтады.

— Үй болдым деп қол үзіп кетпегейсің. Сен осы үйдің баласысың,— деген сөздері мен үшін жай айтылған шығарып салма сөз секілді көрінбейтін. Ол кісіде ондай әдет жоқ.

Бір күні «Баукең шақырып жатыр» деген соң жұбайымыз екеуміз қол ұстасып асыға жеттік.

— Қарағым, — деді Баукең келініне қарап. — Мен сенің әкең Ұзақбай Құлымбетовты көрген кісімін. Ол сүйкімді ел ағасы болды. ҚазЦИК-ті басқарды. Бүгінше айтқанда, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі ғой. 1937 жылдың лаңы талай тарландармен қоса, ол кісіні де алдымен жұтты. Мә, мынау тиынға бір макинтош алып ки. Мына кемпір «келінім, келінім» дейді. Саған әлі түк кигізбепті, — деп кеңк-кеңк күлді. — «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген қазақ. Қарағым, мұны дұрыс түсінгін. Күйеуің республикалық газеттің білдей жауапты хатшысы. Ақшаларың бар шығар. Дегенмен Бауыржан атамнан деп ки.

Қарасам, жұбайым ағыл-тегіл жылап отыр екен. Ең нәзік жан пернесін басып, ең бір аяулы сезімді қозғап жіберді ол кісі, әрине.

— Иә, ол бір зобалаң жылдар еді, — деп Баукең біраз ыңылдап отырды да:

— Қара бала, сен макинтош тігіліп біткен күні келінге кигізіп, маған әкеп көрсетесің, ұқтың ба? — деді. Бұл енді мұңая бермеңдер, жетеді дегені. Үйге келе жатқанда бойымызды бір сергектік, «жақсы адам жаныңда болса, жарық күндей екен ғой» деген ыстық сезім баурап келе жатқандай.

Баукеңе бір ғана менің жұбайым емес, «Лениншіл жастағы» жігіттердің әйелдері түгел келін болды. Оларды еркелеткені ме, атымен атамай, «пұшық келін», «әнші келін», «сұлу келін», «сылқым келін» деп сөйлейтін.

Біз «Лениншіл жасқа» Баукеңнің «Офицер күнделігі» деген еңбегін орысшадан аударып баса бастадық. Алғашқы жағы менің үлесіме тиген еді. Қазақшасын көріп шықсыншы деген ниетпен бір күні алып келдім. Оқып көрді де, лақтырып жіберді. «Әскери дүниені аудара алмайсыңдар. Жансыз тып жібересіңдер» деді.

— Оныңыз рас, мысалы, «Смирно!», «Шагом марш!» дегенді қалай аласыз? — дедім мен.

Әлгі лақтырылған қағаздың бір бөлегін қарап шықты да, Жамал апай араша түсті.

— Жеке сөздері болмаса, аударма жаман емес, Бауке. Баланы бекер жасытпа!

— Бала, бала! Неғылған бала? Қатыны бар, қызы бар. Білдей жауапты хатшы. Жауапты хатшы жауапсыз аударма жасаса, газет не болады? Мен осында келгелі қазақ газеттеріне үңіліңкіреп жүрмін. Сіңір шайнағандай қиналасың. Ресми материалдар жіп жұтқандай қинайды. Бұл анау жеке басқа табыну кезеңінен қалған пәле. Қате жіберіп алмайын деп қалтылдап, сөз түгендеген ол кезде. Ертең бүкіл тіліміз осындай қасаң болып кетсе қайтеміз. Маған кешірімді, мен әскери адаммын. Ал мына журналистерге ше? Тілді бүлдіретін осылар. Ошибаюсь, маған да кешірімсіз, ана тілі жөнінде ешкімге жеңілдік жасауға болмайды. Тіл тілшілердікі ғана емес, халықтыкі, оны тұнық күйінде ұстауымыз керек.

Іштей түйгенім: Баукеңнен тағы бір сабақ алдым-ау дедім. Сабақ болғанда қандай! Ойы қандай тереңде жатыр!

Жамал апай сол кезде аударманы түгел оқып шығып, шыжық болды.

— Мынау жаман аударма емес, Бауке! Сен өзің орысша ойлайсың да, аудармаға баға бергенде сол өлшеммен келесің. Мынау жақсы аударма.

Жамал апай, жалпы, көркем әдебиетті көп оқитын. Қазақ сөздерінің табиғатын да жақсы танитын. Біз редакцияда сөз қолдануда ол кісіден көп нәрсені сұрап жүретінбіз. Белгілі жазушылардың стилі, тілі жөнінде де өз пікірлері болатын. Олармен араласып та тұратын. Оның басты себебі Жамал апай араб әрпінен баса алатын Алматыдағы санаулы машинисткалардың бірі еді. Ал үлкен жазушылардың көбі өз шығармаларын тек араб әрпімен жазады екен. Жазуға оңай болса керек. Ғабиден Мұстафиннің, Сейітжан Омаровтың телефон соғып, Жәмкеңнен шығармаларын басып беруді өтінгеніне әлденеше куә болғаным бар. Баукең Москва түбінде тұрғанда екеуі хатты кей-кейде арабша жазысып қоятын.

Бәйбішесінің қазақ тілін жақсы білетінін мойындағаны ма, әйтеуір Баукең менің аудармам жөніндегі алғашқы шабуылынан қайтып, сабасына түсейін деді.

— Балаң екеуің мықты болсаң, мә, мынаны аударыңдар, — деп менің алдыма «Спина» деген новелласын лақтырып тастады. Өзі «әңгіме» деп айдар тағыпты. Көлемі шағын. Бірақ бұл Баукең шығармаларының ішіндегі ең бір күрделісі, терең психологиялық дүние. Кейіннен ол таңдамалы шығармаларына «Жон арқа» деген атпен кірді.

Тереңдей түскен таныстық творчестволық байланысқа қарай ойысты. Оған қуанбасам, мен өкінгем жоқ. Өйткені, Баукеңмен әңгімеден соң бүкіл өмір құбылысына өзге көзбен өзге көзбен қарайсың. «Өшпеген от» атты алғашқы көлемді очеркім де тікелей сол кісінің ықпалымен дүниеге келген-ді. Жазуға ой салған да өзі еді. Бір күні сәлем бере бір әйел келіпті.

— Менің атым — Зүлзира. Темірбек Көкібаевтың жұбайымын ғой, — депті.

Баукең қаза тапқан жауынгерлердің әйелі, бала-шағасы, әке-шешесі жөнінде тебіренбей айта алмайтын, оларды бөлекше бір ыстық сезіммен қабылдайтын. Олармен кездескен күнді, өзіне керек деректі ылғи жазып қоятын.

— Бір ай ғана бірге тұрып, бүкіл адал өмірін адал махаббатына арнаған адамды көрдім. Міне, соғыс біткелі он екі жыл. Сарғайып әлі күтулі. Ол сүйген жарының шешесін де бағып отыр екен, — деді.

Бұл жағдай мені де тебірентпей қоймады. Зүлзирамен жолығып, барлық жағдайды сұрап білдім. Шынында, Темірбек екеуі қосылған соң бір айдан кейін соғыс басталып кетіпті. Темірбек келінімен әлі жүздесіп үлгермеген анасын жас жарына ғана аманат етеді. Соғыстың ауыр кезінде сонау Семей облысына барып, Зүлзира енесін тауып алады. Темірбек кеткенде іште қалған Қорланның өзі сол жылы 16-ға толыпты. Анасын да, баласын да адал махаббатымен аялап отырған асыл жарды көріп, өшпеген оттың сырларына қанықтым. Менімен болған әңгімеде Темірбектің шешесі:

— Баладан жарылқай ма, келіннен жарылқай ма, ол бір құдайдың ісі екен. Зүлзираға мен үшін бағыңды байлама, Темірбек енді жоқ қой деп те айттым, — деді. Күрсініп алды да, сөзін әрі қарай жалғады.

— Ана үміті үзілмейді екен. Соғыс біткелі он екі жыл өтсе де, Темірбегім есіктен әне кіріп, міне кіріп келетін сияқты болады да тұрады. Мүмкін, Зүлзираға да солай шығар. Ойнақтап жүрген Қорлан әкесін суретінен ғана біледі. Осылай өскен қаншама бала бар! Соғыс деген сұрапылдың біздің үйдегі қолтаңбасы осындай, қалқам!

— Соғыстың салған сойқанды өрнегін майданнан ғана емес, тылдан да іздеу керек, — деген Баукеңнің сөзімен қалай ұштасып жатыр мынау пікір. Бұл бір тұтас ерлік, тұтас қиямет қой деген ой келді. Оны өз табиғатымен неге көрсетпеске.

Очеркті жазу үстінде Баукең Қазақ ССР Ғылым академиясына өткізген архивінің ішінен мынадай документтің көшірмесін әкеп берді.

«Өзінің дарындылығы жағынан СССР халықтарының әндерін тамаша орындайтын, халық ертегілерін, көркем шығармалардан үзінділерді ғажайып оқитын Темірбек Көкібаев қатардағы солдат міндетін артистік қабілетімен ұштастыра білді. Оның өзі ғана жақсы әнші болған жоқ, нағыз таланттарды маңайына топтастыра білді. Көп кешікпей оның құрған тобы полктағы (кейіннен дивизиядағы) қызыл әскер ансамбліне айналды. Көркемдік жағын басқарушы Темірбек Көкібаевтың өзі болды.

Темірбек Көкібаев әскери көркемөнерпаздар программасын майданда қалыптасқан жағдайда бұқаралық-үгіт, насихаттық мақсатқа құра білді. Ол майданда туған творчествоны мұқият зерттеуші әрі шебер жеткізуші. Сонымен бірге өлеңдерді, жекелеген әңгімелерді орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға аударумен талмай шұғылданады.

Бұл ансамбль алдыңғы шепте 300-ден астам концерт берді. Көкібаевтың тобы корпус, армия және майдан штабтарында өткізілген көркемөнерпаздар байқауында сан мәрте мақтауға ие болды, екі рет Әскери советтің грамоталарымен наградталды. Қалжыңдап болса да солдаттар мен офицерлердің арасында шын ықыласпен оны «8-гвардия дивизиясының өнерге еңбегі сіңген қайраткері» деп атайды».

Бұл мінездемені Баукең соғыс кезінде Алматыға келгенде Темірбек Көкібаевқа республиканың еңбек сіңірген артисі атағын алып беру үшін жазған екен. «Қазақ ССР Халық комиссарлары Советінің жанындағы Өнер істері жөніндегі басқармаға, 24-январь, 1944 жыл» деп белгі соғылыпты.

Соғыс мәңгі өлмейтін өнерді де аямаған. От-жалынның өтінде талантымен жарып шыққан оның бір өкілін ақыры жалмап тынған. Кім біледі, тірі қалса, Темірбектен дарынды композитор, әлде талантты ұйымдастырушы шығар ма еді.

Зүлзира жөнінде маған әңгіме айтқанда Баукең де, мүмкін, осылай ойлаған болар. Жазып біткен соң «Өшпеген отты» өзіне оқып бердім.

— Газетке ұсынғайсың, жаман дүние болмапты, — деді. Арқаланып, тағы да ор нәрсені жазуға аңсарым ауып кетті.

Сол жылы «Өшпеген от» «Лениншіл жас» газетінде жарияланды да, кейіннен орыс тілінде «Огни Алатау» газетінде басылды. Ал 1970 жылы «Дәуір аты — Октябрь» атты очерктер жинағыма «Махаббат құдыреті» деген атпен енді.

Әзілхан Нұршайықовтың Баукең жайында «Ақиқат пен аңыз» атты кітабы шыққанда жұбайымның мені сөзбен бір түйреп алғаны бар.

— Сен ғой, Баукеңмен көп араласқан, әңгімесін көп тыңдаған, тіпті баласындай болған адамсың. Мына кітапты елден бұрын сенің жазатын жөнің бар еді ғой, — деді.

— Сен қызғаншақтық жасама. Баукең жайында көп жазылса да, ол адам туралы жазу қиын. Мен шынымды айтсам, жүрексініп келдім. Ал Әзілханды шын жүректен құттықтаймын. Ол үлкен ерлік жасады. Александр Бек Баукеңнің соғыстағы бейнесін жасаса, Әзілхан соғыстан кейінгі, бейбіт уақыттағы бейнесін жасады. Бұл екі кітаптың арасында тұтастық бар. Ол — Бауыржан Момышұлының тұтастығы. Бұл тұлға жөнінде қан көргендердің, қанды көйлек майдандастардың алдымен жазғаны дұрыс. Олардың қабылдауы, түйсіну сезімі біздікінен өткірірек, тереңірек. Баукең жайында жайдақ жазуға болмайды. Уақыт ол кісінің сом тұлғасын әлі ажарлай түседі. Емен ағашты өндеуге де емендей берік шебер керек, - дедім.

Осы сырымды жұбайым Әзілханның үйінде болған бір қонақта айтып қойып, өзінің алғашқы қызғанышын ақтағаны бар.

Баукең жайлы жазу шынында оңай емес. Оның батырып айтатын сөздерін жеткізу үшін өз бойындағыдай батылдық керек.

Алпысыншы жылдардың орта кезі болатын. Алматы жоғары партия мектебінде Момышұлымен айтулы бір кездесу болды. Ондағы әңгіме кейін біраз сөз болып жүрді. Бір күні Баукең мені шақырып алды да:

— Сен өз құлағыңмен тыңда. Дейді-дейдінің өсірмесі де, өтірігі де көп болады. Кейбір ұятсыздар жанынан қосып та жібереді. Керек десең, жазып ал, — деді.

Ол кісімен әңгімеде әдетте менің қолымда блокнот, қалам болады. Ұтқыр сөздерін кейінге қалдырсаң ұмытып қаласың. Олай болмас үшін табан астында қағазға түсіріп ал. Бұл әдет бойымда біржола қалыптасқандай еді.

— Жоқ, бұл ұзақ сөз. Екі жарым сағат сөйледім ғой. Міне, мынау менің тезисім. Машинкаға бастыр да, бір данасын өзіме әкеп бер, — деді. Орысша жазылған екен, әңгіме соғыс төңірегінде болса да, талай мәселені Баукең өзіне тән ой машығымен қозғапты. Тезистеріне жүгінейік.

«Әскери ғылымның анықтауышы бойынша, соғыс екі дәуірге бөлінеді. Біріншісін мануфактуралық дәуір дейді. Сонау алғашқы қоғамда, адамдар өзара жауласқанда, алдымен бір-біріне жұдырық жұмсады, сосын тас лақтырды, сойылдасты, найзамен жаншып, қылышпен шапты, садақпен атысты. Былайша айтқанда, қара дүрсін жолмен соғысты. Соғысты бұлай жүргізу дәуірінің ұлы қолбасшысы Шыңғыс хан...

Қытайлықтар адамзатқа оқ-дәрінің сырын ашты. Біздің ядролық ғасырды қоса есептегенде, соғыс жүргізу үшін бұл жаңалықтың зұлматы сұмдық болды.

Адам баласының тарихындағы ең ұлы математик космос кораблін жасаған жан емес, екі жерде екінің төрт екенін алғаш ашқан адам. Егер ол мұны ашпаса, космос кораблі де болмайтын еді, адам да ғарышқа ұшпайтын еді.

Ғафу етіңіздер, мен әңгімеден сәл ауытқып кетіппін. Соғыс жүргізудің екінші кезеңін машиналық кезең дейді. Бұл кезеңдегі соғыс жүргізудің ұлы қолбасшысы — генералиссимус Иосиф Виссаринович Джугашвили.

Иә, марқұм генералиссимус өз қызметінде толып жатқан кешірілмес қателіктер мен кемшіліктер жіберді. Біздің партия, халық ол қателіктер мен кемшіліктерді дұрыс айыптап отыр. Мұны жоққа шығаруға болмайды, бұл даусыз факті.

Бірақ маркстік-лениндік әділеттікке жүгінер болсақ, біз оның қосқан үлесін, партиямызды құрудағы, елімізде социализмді орнатудағы, қуатты Қызыл Армияны — еліміздің Қарулы Күштерін құрудағы еңбегін жоққа шығарып, қаралауға моральдік қақымыз жоқ. Әрине, Сталин Ленин емес. Ұлы Ленин көреген болды, төзімді болды. Ол төзімділікті достарына ғана емес, қарсыластарына да жасады.

Бірнеше мысал:

1. Владимир Ильич Зиновьевпен бірлесіп бірнеше еңбек жазды.

2. Владимир Ильич Бухариннің кейбір теориялық тұжырымдарына ілтипатпен қарады.

Б.Момышұлының автографы «Сібірді көргендер аз, көрмеген көп» деген өлеңі. 1949 ж.

3. Владимир Ильич Пятаковты қатты айыптады, оны жолдас деп атағысы келмеді.

4. Владимир Ильич Лев Троцкийдін солшылдық қателіктерін қатты айыптады.

5. Владимир Ильич Склянскийдің Кириленконың, Пошуканецтің, Стучканың қателіктерін айыптады.

6. Владимир Ильич Сталиннің қателіктерін қатты айыптады. Сонда да оларға төзімділік жасады. Лениннің тұсында олар халық комиссарлары, біздің партиямыздың Орталық Комитетінің мүшелері болды. Ленин олармен Отанымыздың, халқымыздың мүддесі үшін қоян-қолтық жұмыс істеді.

Оның ұсынысымен Сталин партиямыздың Бас секретары болды.

Оның ұсынысымен Калинин республикамыздың президенті болды.

Оның ұсынысымен Троцкий Әскери және теңіз істері жөніндегі халық комиссары болды.

Оның ұсынысымен Кириленко еліміздің бас прокуроры болып тағайындалды.

Оның ұсынысымен Стучка СССР Жоғарғы сотының председателі болып сайланды.

Яғни, Ленин достарымен ғана емес, қарсыластарымен де тіл табыса білді.

Яғни, Ленин адамдарды үйрете, баули білді.

Яғни, Ленин адамдарға сенді және оларды тексере білді.

Бұған қарама-қарсы Сталин төзімсіз, кінәмшіл, күдікшіл, айналасындағы оқиғалар, адамдар жайлы нашар хабарланған болды — оның ең басты трагедиясы осында. Оның қателіктері мен кешіргісіз кемшіліктері осыдан шықты.

Оның қателіктері мен кемшіліктерін жоққа шығару қандай әділетсіздік болса, тарихи тұрғыдан оның сіңірген еңбегін жоққа шығару да сондай әділетсіздік.

Совет Одағының азаматы ретінде мына жай мені қатты алаңдатады: ширек тасыр болды, біз біресе олай, біресе былай толқимыз. Екі толқудың да әділетсіздігі бар. Екі толқу да бізді шатастырады. Өкінішті, амал жоқ, бұл — факті.

Менің толық талдау жасап жатуға уақытым жоқ. Бірақ «А» деп айтқан екенсің, «Б»-ны да айту керек. Сол «Б»-ға көшуге рұқсат етіңіздер.

Ондағы айтпағым мынау: а) Германия, Италия, Жапония арасында жасалған антикоминтердік пакт екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы хабаршысы еді; б) Муссолинидің Абиссинаға тағылық шабуылы екінші дүниежүзілік соғыстың екінші хабаршысы болды; в) Ұлы Британияның премьерминистрі Чемберлен мен Гитлердің арасында болған масқара Мюнхен келісімі жаңа дүниежүзілік соғыстың ең қаһарлы хабаршысы еді. Ағылшын парламентінде сөйлеген сөзінде марқұм Унистон Черчиль оппозициядағы партияның өкілі ретінде Чемберленге Мюнхен келісімі үшін: «Сіз соғыстан да масқара болуды артық санадыңыз. Бұл сіздің ең басты әскери-саяси қателігіңіз. Сіз масқара да боласыз, соғысқа да ұрынасыз». Ол кісінің айтқаны дұрыс болып шықты. Ұлы Британия масқара да болды, соғысқа да ұрынды.

Біздің жағымыздан да кешіргісіз қателіктер жіберілді. Оның себептері: ұлы державалардың — Францияның, Англияның, АҚШ-тың, СССР-дің арасында өзара сенушілік болмады. Мұны Гитлер қатты пайдаланды. Ол ең алдымен Франция мен Англияға шабуыл жасады. Бұл үлкен стратегиялық тұрғыдан жай алдарқату еді. Гитлер қулығын асырды. Өз қарсыластарын ақымақ етіп, ол бір-біріне тиіспеу жөнінде Совет Одағымен шарт жасасты.

Біздің баспасөз мұны тіпті дүрліктіре жазды. ТАСС бірнеше мәрте мәлімдеме жасады. Германия тиіспеу жөнінде шартты мүлтіксіз орындауда деп соқты-ау. Сөйтіп, басшылықтың, халықтың қырағылығын әлсіретті.

Алайда біздің партия, Совет үкіметі ол кездегі халықаралық жағдайға өзінше мән берді. Тарихшыларымыздың қазіргі екіұдай сыңаржақтығымен мен мүлде келіспеймін. Біреуі «тұтқиылдан», «күтпеген жерден» шабуыл жасады деп біздің соғыстағы алғашқы сәтсіздіктерімізді ақтағысы келеді. Тұтқиылдың аты — тұтқиыл. Тарпа бас салудың аты — тарпа бас салу. Оны болжау керек еді. Екіншісі — біздің үкімет пен партияда қырағылық болмады деп айыптайды. Олай емес. Тарихи объективтік мұны жоққа шығарады.

а) Біздің еліміз партияның басшылығымен соғысқа әзірленді. Бұл — даусыз. Соғыс қарсаңында біздің бүкіл экономикалық, саяси және дипломатиялық күшіміз осы әзірлікке қызмет етті.

б) Біздің партия, халқымыз, біздің үкімет соғыс болатынын ешқашан жоққа шығарған жоқ, қайта екінші дүниежүзілік соғыстың болмай қоймайтындығын мойындады. Әрі ең потенциалды жау Герман фашизмі деп есептеді.

в) Оған бұлтарғысыз көптеген дәлелдер бар. Польша науқанынан кейін біздің үкімет Гитлерге қаһарлы ескерту жасады. Оны ресми баспасөзіміз «Батыс Белоруссияға, Батыс Украинаға, Бессарабияға достық қолын созу» деп жазды. Гитлер бізге қарсылық жасай алмады. Бұл оқиғаларды мен көзіммен көріп, өз басымнан кешкен адаммын.

Мен онда 406-полктың штаб бастығының бірінші көмекшісі едім. Өзіміздің жоғарғы командованиеден «немістермен кездескенде оқ атпаңдар» деген нұсқау алдық. Немістерді сонда мен бірінші рет көрдім. Немістің офицері менің қолымды алып тұрып:

— Обер-лейтенант (ата лейтенант), менің фюрерім совет әскерлерімен кезіккенде оқ атпаңдар деп бұйырды. Тегі тиісті дипломатиялық жолдар арқылы келісім болса керек...

Осы операция аяқталғаннан кейін біздің батыс шекарамыз жүздеген километрге ары жылжыды. Совет үкіметінің ұйғарымымен біз жаңа шептерде жаңадан бекіністер салдық. Мен онда артиллерия дивизионының командирі едім.

1941 жылдың 1-январында мен аяқасты Қазақстанға шақырылдым. Республиканың Әскери халық комиссариатында жаңадан алынатындарды әскерге әзірлеу инспекторы болып істедім. Бұған дейін Армияға адамдар әдетте күзде шақырылатын. Мен қаладан қалаға, облыстан облысқа шапқылап қызыл май болдым. Жас жігіттерді әскерге мерзімінен бұрын алып, эшелон-эшелон етіп жөнелтіп жаттық.

Бірде командировкамен Киевке келдім. Айрықша Киев әскери округінің қолбасшысы, генерал-полковник М.П.Кирноностың қабылдауында болдым. Одан соң оперативті басқарманың бастығы, полковник И.Х.Баграмянмен (ол қазір Совет Одағының Маршалы) әңгімелестім. Ол кезде мен бар болғаны аға лейтенантпын, шен жағынан арамыз тым қашық болғандықтан, олармен ашық сөйлесе алмадым. Бірақ екеуінің де аузынан «жағдай өте ширығып тұр» деген сөздер шығып қалды.

Бұдан шығатын қорытынды, біздің шекарадағы әскери округтерге жоғарғы командование «Сақадай-сай болыңдар» деген нұсқау берсе керек.

Киевтен Алматыға қайтқан сапарымда жол бойы әскер тиеген эшелондарды көрдім. Үлкен тораптық станцияда ұзақ тұрып қалған соң, бір майор екеуміз бір шыны сыраны бөліп іштік. Ол шыдай алмай: «Батыс шекарадағы жағдай шиыршық атып тұрған болу керек. Бізді Қиыр Шығыстан генерал И.С.Коневтің армиясынан әкеле жатыр» деп қалды. Келесі бір теміржол станциясында әскери эшелонның капитанымен кездесіп қалдым. Екеуміз тағы сыра іштік. Капитан кешегі майордың сөзін қайталады: «Батыс шекара шиыршық атып тұрған сияқты. Бізді, Кавказдағы генерал Лукиннің армиясын, қол-аяғымызды жерге тигізбей батысқа алып келе жатыр».

Капитан екеуміз қалжыңға көштік. Қоштасарда ол маған:

— Сау болып тұр, ата лейтенант. Егер бізді немістер төпей бастаса, жәрдемдесерсің, — деді.

— Төпештеуге дәті бара қояр ма екен?

— Сен тым аңқаусың-ау деймін, аға лейтенант. Көктегі бұлт тым қоюланып бара жатқан жоқ па? Кімді кімнің төпештерін соғыс көрсетер.

— Жолдас капитан, соғыс болмайды, — деп өзеуредім мен. Ол иығымнан қағып күлімсіреді де:

— Сен ақымақсың, аға лейтенант, — деді.

— Сенің де ақылыңның асып жатқанын көріп тұрғаным жоқ, жолдас капитан, — дедім мен.

Күн ашық болатын. Капитан қолымен аспанды нұсқап:

— Сен көктегі бұлтты көріп тұрсың ба, — деді. Аспанда оймақтай да бұлт жоқ. Украина жерінде еді.

— Сен бұлтты көре алмай тұрсың ба? — деп қайталады капитан.

— Көрсем көзім шықсын.

— Ақымақсың, боқмұрынсың сен, аға лейтенант.

Ол тағы да менің арқамнан қақты. Біраз ойланып тұрды да:

— Бүгін көрмесең, қалың бұлтты ертең көресің. Онда ойнайтын найзағайды алдымен қарсы алуға мен бара жатырмын. Қиын жағдайда қалсам, келіп құтқарарсың, — деп қарқ-қарқ күлді.

— Капитан, сіз сарыуайымшыл екенсіз.

— Жоқ, бауырым, мен — өр мінездінің өзімін. Өр мінезді шығар деп өзіңмен сөйлесіп тұрмын. Егер соғыс бола қалса, біз мықтап шайқасуымыз керек. Майданда мен де өлермін, сен де өлерсің. Бұл соғыс заңы! Түптеп келгенде әйтеуір біреуі өлуі керек қой. Соғыс құрбандықсыз болмайды. Әскери адамдар ретінде біз мұны түсінуге тиіспіз. Бірақ Отан аман қалсын. Біз оның қорғанымыз, аға лейтенант. Біз штат бойынша өлуге тиіспіз. Егер соғыс өрті лаулап берсе, қаһармандықпен сұлу өлгім келеді! Сен менің не айтып тұрғанымды түйсініп тұрсың ба? — ол менің арқамнан тағы қақты.

— Түйсініп тұрмын, капитан. Мен де сізден қалмауға тырысамын.

— Ал, қош, пойыз бізді күтіп тұра бермес. Тірі бол, аман бол, аға лейтенант, аман бол, бауырым! Егер мен өлсем, сен тірі қалуға тиіссің, сен өлсең, мен тірі қалуым керек. Екеуміздің бірдей өлуіміз тым үлкен құрбандық.

Осылай деді де, капитан мені тарпа бас салып сүйді. Сосын кеудемнен итеріп жіберді.

— Кет, кете бер, кешігесің!

Мен не айтарымды білмей кете бардым. Шынымды айтсам, ол кезде мен капитанның сөзін түсінбеппін. Әскер тәртібі бойынша қалшиып тұра беріппін. Аты-жөнін де сұрамаппын. Ол да менің аты-жөнімді сұраған жоқ. Тек устав бойынша мен «жолдас капитан», ол «жолдас аға лейтенант» дей беріппіз.

Қазір егде тартқан кезде есімді жиып ойласам, ол маған ағалық істепті, мені жолға салыпты. Капитан өлі ме, тірі ме, білмеймін.

Мүмкін, батыр шығар, мүмкін, генерал шығар. Ол да менің өлі-тірімді білмейді. Екеуміз қысылшаң кезеңде солайша кездесіп ажырастық.

Осы арада Баукең көзіне жас алды.

«Біздің қырағылығымызды әлсіретті» деп соғып жүр кейбір тарихшылар. Бұл дұрыс емес. Ондай тарихшылар бүкіл кінәні И.В.Сталин басқарған Совет үкіметіне, біздің партияға аударғысы келеді.

Объективті, әділ болғанымыз жөн. Жіберілген қателіктерді осыдан 20 жыл бұрын Жеңіске арналған банкетте Сталиннің өзі де айтты. Өзінің қысқа сөзінде ол біздің көп ұлтты мемлекетімізге, ұлы орыс халқына, қатардағы Совет солдатына лайықты баға берді. Оларды «винтиктер» деді. Көптеген жазушылар мен тарихшылар осы «винтик» деген сөзді бұрмалап жүр. Сталиннің көзі тірісінде ол сөзді жер-көкке сыйғызбай мақтаған-ды. Енді істен алғысыз етіп даттауда. Бейнелі сөйлеу жазушылардың ғана еншісі емес, Сталиннің де еншісі.

Есімнен жаңылмасам, ол қарапайым совет адамдары — жауынгерлер жөнінде былай деген еді: «Егер осы «винтиктер» болмаса, біздер маршалдар, генералдар неге тұрар едік». Бұлай дегені — халқым ұлы болғандықтан да, мен ұлымын, халқым кемеңгер болғандықтан да, мен кемеңгермін, зұлым жауды қатардағы отандастарымның арқасында жеңдім дегені. Солдаттар, сержанттар, взводтың, ротаның, батальонның офицерлері — жеңісті шыңдаған осылар. «Тап солар бүкіл ауыртпалықты мойындарына алып, қан майданның қаһарманы болды» демеді ме?

Генералиссимустың шын көңілден айтқан бейнелі сөзін неге бұрмалаймыз? Кімге керек бұл? Бізге, мысалы, керек емес. Мұндай бұрмалаудан келер пайда жоқ.

Осындай енжар сыңаржақтылықтың қажеті қанша? Сталиннің көзінің тірісінде партиямыздың, халқымыздың барлық жетістіктерін соған апарып тандық. Марксизм мұндай сыңаржақтылықты құптамайды.

Сталин өлді. Билік басына Хрущев келді. Енді бүкіл зұлматты жекелеп те, үймелеп те Сталинге жаптық. Кімге керек бұл сыңаржақтылық? Мысалы, бізге керегі жоқ. Еліміздің тарихын тым құбылта бергеніміз үшін Совет Одағының азаматы ретінде менің мынау әлем жүзіне қарар бетім жоқ.

Тарихымызды құбылта беру бізге абырой әкелмейді. Маған бір түрлі үйретілсе, менің балаларыма басқаша үйретіледі. Біздің оқулықтарымыз жыл сайын қайта шығады. Мен егде тартқан адаммын. Мені шатастырсаңдар шатастырыңдар. Бірақ біріншіден оныншыға дейін менің балаларымды жиырма рет шатастырмаңдар. Кімге керек мұндай жауапсыздық? Бізге, біздің балаларымызға ондай жауапсыздық керек емес.

Құдайдың біреу болғаны жақсы. Құдайлар күн санап өзгерсе, нағыз құдайсыздар сонда шығады. Осы бір құбылмалықтың салдары болса керек, арамтамақтар, бұзақылар, әуелі Совет Армиясына барудан — өзінің Отаны алдындағы қасиетті борышын өтеуден бас тартқандар көбейіп кетті.

Кімге керек бұл? Бізге керек емес.

Әрбір адам өз бақытының жасаушысы. Бақыт та, бақытсыздық та әрекеттен өзек алады. Сондықтан әрбір совет адамының әрекеті, мейлі ол қайраткер болсын, мейлі ол қарапайым еңбеккер болсын, есепті, есті болуға тиіс. Әрбір айтылған сөзде де әрекет бар. Сөз — адам жанының, адам әрекетінің айнасы.

Ленин өлгеннен кейін шешендік өнер бізде аяқасты етілді. Біздің барлық қайраткерлер аудитория, халық алдында аппарат дайындаған сөзді оқиды. Ленин аппаратқа сенген, сонымен бірге оның өмірімен тыныстауын тексерген де. Ол аудитория алдында қағазға телмірмейтін, цитаталарды ғана оқитын. Петр Бірінші өзгенің ойын «оқушыларды» айыптаған. Өзінің бір указында әуелі былай деп жазған: «Мырзаларға өзгенің көзінше жазғанды оқып тұруға тыйым салам, өз сөзімен айтсын. Әркімнің өз «жынын» құсқаны жұрттың бәріне көрініп тұрсын».

Біздің «шешендердің» құсқан жынына мен әбден тойдым. Неге біз бабаларымыздың шешендік өнерін аяқасты еттік?

Басшыларымыз нөкерлерін шұбыртып неге тек озат колхоздар мен совхоздарда ғана болады? Ленин олай етпеуші еді ғой. Пәленің көкесі озат совхоздар мен колхоздарда, өндірісте жатқан жоқ, артта қалғандарда жатыр. Л.И.Брежневтің март Пленумында жасаған баяндамасын оқып, күлерімді де, жыларымды да білмедім.

Дәстүр деген не? Неге біз өз балаларымызды бабаларымыздың ғажап, бай дәстүрлеріне баулымаймыз? Дәстүр дегеннің не екені жайлы лениндік анықтаманы оқып жатпай-ақ қояйын. Керек десеңдер, міне, қолымда тұр.

... Ғафу етіңіздер, мен тағы басқа жайға ауып кетіппін. Қай мәселе жөнінде болса да, Совет Одағының азаматы ретінде мен өз пікірім мен көзқарасымды айттым. Мүмкін, дұрыс емес шытар. Онда көмектесіңдер, түсіндіріңдер».

Машинкаға басылып әкелген осы тексті Баукең оқып шықты да, «СССР-дің азаматы, Момышұлы, Алматы, 19-апрель 1965 жыл» деп қол қойды.

— Иә, қалай? Сен, әрине, мұның көбімен келіспейсің, ә? — деп Баукең маған ажырая қарады.

— Көп мәселелер қозғапсыз. Пікіріңіз тым өткір айтылған, — дедім мен.

— Өткір, өткір. Оныңа да рақмет! Вы функционеры. Олар әдетте үндемей жүреді де, өздеріне қолайлы кезеңде артынан үре түрегеледі. Қазақта мақал бар: «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап». Философия! Еще какая философия! Айтар нәрсені кезінде айтып қалу керек. Көре алмаған көз сорлы, айтылмаған сөз сорлы. Тілемеген қос сорлы, тілі мүкіс дос сорлы. Суырылмаған алмас қылышты тот басады.

Бұл тақпақтай жөнелген Баукеңнің өз шығарғандары ғой деп түйдім ішімнен. Бірін-бірі қуалаған толқындай, ойлары ақшудаланып, арнасына сыймай кеткен жағдайда тастап-тастап жіберетін әдеті.

Баукеңе бұл ғұмырымда аса риза болатын тағы бір жай — халқымыздың аяулы ұлы Рахымжан Қошқарбаевпен танысуға дәнекер болғандығы. Ол былай болып еді.

Бір күні жұмысқа аяқасты телефон соқты. Даусын бірден таныдым.

— Маған келіп кеткін, — деді.

Келсем, үйде жалғыз, бір қолы қалтасында, бір қолында шылым, арлы-берлі ыңылдап жүр екен. Жүзі сұсты. Менің сәлеміме көңіл де аударған жоқ, өзімен-өзі, әлем-тапырақ ой құшағына іліккен адам сияқты. Жүзін зәрлі етіп тұрған да сол ойлар-ау деймін.

— Неге қалшиып тұрсың, отырмайсың ба? — деп ақырды. Сұқ саусағымен орындықты нұсқады. Ақыруында тікелей маған арналған зіл жоқ, өзін алай-түлей етіп тұрған ойдың зәрлі бір сынығы іспетті көрінді.

Мен де үнсіз отыра кеттім. Баукең үздіктіріп, әлі тіл қатпай тұр. Айбарлы жолбарыстай бөлме ішінде арлы-берлі жүріп алды. Әлден уақытта:

— Мен сені неге шақырдым? - деді.

— Білмедім, Бауке!

Темекісін сорып-сорып жіберді де, отты көзін қадай қалды.

— Білмесең, жаңа осында маған сәлем бере бір жігіт келді. Аты — Рахымжан. Фамилиясы қошқар ма, ісек пе, азбан ба, әйтеуір қойдың бір түрі. Оны өзің анықтап алғайсың. Міне, сол жігіт...

Баукең сөзін аяқтамай қайта жүріп кетті. Темекісін тартып-тартып алды да:

— Міне, сол жігіт рейхстагқа ту тіккен. Понимаешь? Сен ұғып тұрсың ба, өзің? — деді.

— Ұғып тұрмын, Бауке!

— Өтірік айтасың! Ұққан жоқсың. Ұқсаңдар, неге жазбайсыңдар, неге жазбағансыңдар? Сен кімсің өзі?

Бұл сұраққа мен таңырқап қалдым.

— Мамандығымды айтасыз ба?

— Иә, иә, мамандығым, мамандығым дейді ғой. Мамандығың-ақ болсын. Кім мамандығың?

Мен күлдім. Оны өзіңіз білесіз ғой дегендеймін.

— Не до смеха. Я тебя серьезно спрашиваю, кто ты такой? — деп айқай салды Баукең.

— Мен журналиспін. Дипломым бар.

Баукең даусын сәл бәсеңдетті де:

— Сендер журналист емессіңдер, қайдағы журналист? Соғыс біткелі он үш жыл. Ана Рахымжанды көрмей жүрген неғылған журналиссіңдер? «Дипломым бар». Журналиске диплом емес, сезгіш жүрек, көргіш көз керек. Жоқ, сол сендерде жоқ!

— Знаешь, ты, кто такой Рахымжан? Мен де оны бүгін бірінші рет көрдім. Сәлем бере келіпті. Білесің бе, кімнің сәлем бере келгенін? Это — исторический человек!

Бұдан әрі Баукең манадан бері кеудесіне сыймай булыққан ойларын төкті дейсің.

— Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Атақты Момышұлы болдым. Москва түбіндегі шайқасты көрдім. Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, рейхстагқа ту тігердегі қырғын — ол нағыз жойқын қырғын! Как воин, как командир я представляю что это такое, это было невероятно! Рахымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен! Кім үшін?

Баукең тағы орнынан тұрып кетті. Терезенің алдына барып, теріс қарап біраз үнсіз тұрды да, қайта бұрылып:

— Мына сені мен мен үшін! Бүгінгі шолжаң қағып тірі жүргендердің бақыты үшін! Сол бір тозақта оның өзінің тірі қалуы — это чудо! Біздің басымызға келіп қонған Жеңіс деген бақыт — сол анау Рахымжан, Рахымжандар! — Баукең әрі қарай тағы сөйлеп кетті.

— Адам ерлік жасауды ешқашан жоспарламайды. Ерлікті туғызатын сәт болады. Адамның асыл қасиеті де, жасық қасиеті де соғыста, тап сондай сәтте көрінеді. Мұндай сәт адамның ғұмыр-ғұмырына, керек десең, ұрпақтан ұрпаққа кететін өмірбаян, өсиет болып қалмақ. Рахымжан сондай сәтте асыл қырынан көрінген азамат. Ол қыры — жасаған ерлігі. Тағдыр оның нағыз өмірбаянын сол сәтте жазды. Оның өмірбаяны отпен жазылған өмірбаян. Осыдан артық сендерге, журналистерге, атаңның басы керек пе?

Иә, Баукеңнің тұла бойын сыздатып, ширықтырып тұрған жайды енді түсіндім. Ашына, ащы шындықты айтып тұр. Неге білмегенбіз мұндай азаматты? Оның кеудесінде соққан дауыл менің де кеудеме ауысқандай болды. Ойым онға, санам саққа жүгіріп, ойланып үнсіз отырып қалыппын.

— Сен оны тап!

Баукеңнің бұл сөзінен селк ете қалдым.

— Әлгі Ахметжан Қойшығұловтың қарамағында жұмыс істеймін деген. Түсіндің бе енді неге шақырғанымды?

...Бұл 1958 жылдың бас кезінде болған. Әскер күні — 23- февраль жақындап қалған еді. Соған Қошқарбаев жөнінде бірдеңе шығар деп арғы жатым түрткілей берді. Қас қылғандай Рахымжан командировкаға кетіп қалыпты. Осындай адам жөнінде соғыс кезінде, одан кейін жазылмауы мүмкін емес қой, көпшілік кітапханасына барып, газет, журналдарды ақтарып, іздеп керсем қайтеді деген ой туды. Рахымжан келгенше уақыт босқа өтпесін. Кітапханада сарыла отырған бірнеше күндер артта қалды.

Борис Горбатовтың мына сөздерін оқығанда жерден жеті қоян тапқандай қуандым:

— Біздің жауынгерлерді қыранмен, бүркітпен теңеуді қоятын мезгіл жетті. Қазақ жігіті Қошқарбаев менің көз алдымда рейхстагқа ту тікті. Осындай ердің образын беру үшін бөлекше теңеу, бөлекше поэзия, социалистік реализм поэзиясы керек.

«Литературная газетаның» 1948 жылғы 18-декабрінде жарияланған. Әскери тақырып және әдебиет мәселесіне арналған жиналыста белгілі жазушы сөйлепті де, соның орта тұсында осылай депті. Тағы да біраз материалдар тауып, Рахымжан келгенше азды-көпті қаруланып алдым. Күнде жұмысына телефон соғып, ақыры кездестік-ау. Аңқылдаған ақжарқын жігіт, бірінші көргендей емес, іші-бауырыма кіріп кетті. Тәптіштеп бәрін сұрадым. Соғыс бітісімен 150-дивизияның газеті «Воин Родины» газеті, орталық баспасөз де біраз жазыпты.

— Бірақ 1946 жылдың 9-майынан кейін ләм-мим ешкім аузын ашқан жоқ. Содан бері көріп тұрған тілшім, тіпті қазақ баспасөзінен көріп тұрған бірінші адамым өзіңсің, — деді.

Рахаңның мегзеген газет, журналдарын қайта барып қарауға тура келді.

— Өзіңізде қиындылары жоқ па? — деген сұрағыма:

— Онда шатағым не, жинаған емеспін, — деді.

Содан 1958 жылғы 21-февральде «Лениншіл жас» газетінде «Рейхетагқа ту тіккен қазақ» деген документті очеркім шықты. Шынын айтсам, бұл жұрт назарын бірден аударды. Редакцияға хат жауып кетті. Осы жағдай Рахымжан жөніндегі деректерді жинауға мені одан әрі құнықтыра түсті. Жыл сайын қызықты жаңа деректер табылып, папка қалыңдай түсті.

1963 жылдың жазы болатын. Облыстық «Жетісу» газетінің қарбалас жұмысымен отырған едім. Республика Журналистер одағы басқармасынан телефон соқты.

— Сіз бізге келіп кете аласыз ба? ГДР-дан келген бір журналист өте жолыққысы келеді.

— Жайшылық па?

— Келесіз ғой. Білесіз.

Түскі үзіліс кезі. Күн ыстық. Терлеп-тепшіп Журналистер одағына келсем, етжеңді, қызыл-сары жігіт отыр. Мені дегбірсіздене күткен адамға ұқсайды. Орнынан атып тұрды.

— Қошқарбаев жөнінде жазып жүрген журналист сізсіз бе?

— Иә, мен едім. Оны қайдан білесіз?

— Сізді маған сыртыңыздан осы арада таныстырды. Мен Қошқарбаевты іздеп жүр едім. Оның Алматыдан табылғаны қандай ғажап болды. Қазір үйінде ме екен?

Неміс мақамымен орысша әжептәуір сөйлейді. Екеуміз тілмашсыз-ақ түсінісіп жатырмыз.

— Қошқарбаевты неге іздеп жүрсіз?

— Ол — үлкен тарих. Тапқанымды айтсаңызшы!

ГДР азаматы әрі қарай тағы сөйлеп кетті.

— Менің атым — Карл. Фамилиям — Кокошко. Әкемнің аты - Вильгельм. Германия Коммунистік партиясының мүшесі болатын. Фашистер соғыс кезінде азаптап өлтірді. 1945 жылы фашизм құрығанда мен 16 жастағы ғана бала едім. Екеуміз түйдей жасты екенбіз. Өзіңіз жақсы білесіз, біз секілді талай немістің көзі шын ашылды ғой. Германия Демократиялық Республикасы дүниеге келді. Мүлде жаңа өмір бастадық. Неміс халқының сүйегіне фашизм салған қара таңбаны тазарту, Эрнест Тельман бастаған жолмен жүргісі келген немістердің көп болғанын дәлелдеу, соны тарихқа таныту — міне, басты міндет осы болды.

Кәмелетке толысымен осы міндетке өз үлесімді қосуды арман еттім. Әкемнің өсиеті де солай болатын. Журналистік мамандықты таңдауым да бекер емес-ті. Қасымызда тағы бір Германия — ФРГ тұрғанда бұл міндетті орындаудың өте күрделі екенін түсінетін боларсыз. Идеялық көзқарас, сенім ғана емес, жұртты иландыра білу шеберлігі де таразыға түседі.

Сондай тынымсыз күндердің бірінде, елуінші жылдардың аяқ кезінде, 1945 жылы май айында антифашистердің шығарған бір листовкасы қолыма түсті. Оны оқып отырып қайран қалдым. Листовкада рейхстагты алғаш кімдердің алғаны жазылыпты. «Бұл оларға не үшін керек болды екен, фашизмнің қарғыс атқан ордасына бірінші жеткендерді немістер де білсін деген ғой».

Сол листовканы бойтұмардай сақтап жүрдім. Онда сіздің Қошқарбаевтың аты бар.

— Қазір ол листовка бар ма? — дедім мен де дегбірсіздене.

— Болғанда қандай!

Карл портфелінің түбінен жамау-жамау сарғыш қағазды алды. Аса бір аяулы дүниедей орап салып қойыпты. Неміс әрпімен басылған.

— Оқыңызшы!

Ол немісшеден орыс тіліне бірден оқыды. «Ұмытылмас фактілер. Рейхстагқа бірінші болып лейтенант Қошқарбаев және қызыл әскер Булатов жетті, олар Жеңіс жалауын тікті. Ал рейхстагтың үстіне Жеңіс туын тіккен Егоров пен Кантария. Рейхстагтың ішіне біріншілердің қатарында басып кірген Сьяновтың, Гришенконың, Неустроевтың, Давыдовтың, Логвиненконың әскерлері».

Бұл тексті мен тани кеттім. Алғаш ол «Воин Родины» атты дивизия газетінің 1945 жылты 3-майдагы номерінде жарияланған. Осыны айтқанымда:

— Ендеше, сол газет антифашистердің бірінің қолына түскен, олар неміс тіліне аударып, жеке листовка етіп шығарған, — деді Карл. — Өйткені кейін зерттеу кезінде аңғарғанымдай, антифашистер Совет Армиясының жеңісі атаулының бәрін тезірек халыққа жеткізуге тырысыпты. Әсіресе, Берлинде бұл жұмыс мейлінше қатты жүргізілген.

Басқалар секілді Қошқарбаев маған тарихи адам секілді көрінді, оны қайдан тапсам екен деп армандадым. Фамилиясына қарағанда, орыс емес, әйтеуір шығыс ұлттарының бірі болу керек деп топшыладым. Көріп отырсыз, листовкада ешкімнің адресі, қайдан екені жазылмаған ғой. Тек фамилиясы, сол фамилияны сарыла іздегеніме, міне, бесінші жыл. Совет Одағына осымен бесінші рет келем. Түрікменстанда, Тәжікстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда болдым. Баратын жерім өлкетану музейлері, Журналистер одағы. Мандытып еш дерек таба алмадым. «Мұндай жан қалайша белгісіз?» Менің ойымша, жұрт оны білуі керек сияқты. Жоқ, барған жерлерімнен еш дерек табылмады.

Содан әуелі торығайын дедім. Шынымды айтсам, Қазақстанға «тағы да еш нәрсе шықпас» деп көңілсіздеу аттанғам.

Бүгін қонақүйден шыға тағы да өлкетану музейін сұрадым. Мені парктің ішіндегі шіркеуге жіберді. Рас, онда аса бай Орталық музей бар екен. ГДР-ден келдім деген соң, маған музей қызметкері зор ілтипат көрсетіп, түгел аралатты.

Отан соғысы жайлы экспонаттарға келгенде өз көзіме өзім сенбедім. Көктен іздегенім жерден табылды. Ілулі тұрған портреттің астындағы жазуды қайта-қайта оқыдым. Рахымжан Қошқарбаев. Тым дегбірсізденіп кеткенімді байқаған музей қызметкері:

— Ол кісімен жақсы таныс па едіңіз? Біздің ержүрек жерлесіміз, — деді.

— Иә, иә! — деппін қуанғанымнан.

— Ол кісі қайда тұрады?

Музей қызметкері адресін білмегеніне қысылды да, Журналистер одағына телефон соқты. Міне, осында келдім. Мұнда Рахымжанды білмейтін жан жоқ екен. Солай болса керек еді, не дейсіз, ақыры өзіңізді шақыртып алдық.

Мұндай қуанбаспын. Бес жыл еңбегімнің жанғанын көрдіңіз бе? «Істеген тындырады, іздеген табады» деген рас екен. Қандай ғажап болды. Бұл — соғыстың сұрапылы сұрыптап шығарған нағыз ер ғой.

Карлдың мына сөзі 1958 жылғы Бауыржанмен болған кездесуді қаз-қалпы көз алдыма әкелді. Баукеңнің айтқан сөздері есіме түсті. «Исторический человек! Оның өмірбаяны отпен жазылған. Ұрпаққа өнеге! Ерлерді ел басына күн туған күн ғана тудырады».

Үнсіз ой құшағында отырып қаппын. Мынау неміс журналисі де сондай сәтте асыл қырынан көрінген азаматтардың бірін іздеп тұр. Ол туралы жүрегінде үлкен жылу қалған. Халқына оның бүгінгі тағдыры жайлы толығырақ айтқысы келеді. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ», біз қасымызда, күнде жарқылдап, ойнап-күліп жүрген адамның жарқын бейнесін жеткізе алмай жүрміз. Осынау неміс журналисіндей құмарлық бойымыздан табылды ма?!

Жүрегім Карлға біртүрлі жылып кетті. Жинағанымның, тапқанымның, білгенімнің бәрін алдына жайып салғым келді.

Екеуміз екі кеш ұзақ әңгімелестік. Сонау 1958 жылғы 21-февральда «Лениншіл жас» газетінде алғаш шыққан «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақаламнан бастап бәрін көрсеттім. Осы жолдардың эпиграфына алынып отырған жазушы Борис Горбатовтың сөздерін оқығанда Карл:

— Қандай ғажап тауып айтылған сөз! Қай бүркіт, қай қыран теңесе алады онымен, — деді.

Міне, 150-дивизияның «Воин Родины» газетінде шыққан материалдар, Василий Субботиннің жазғандары. Субботинмен жалғастырған да Баукең екенін айттым.

«Қырым», «Советский воин», «Дружные ребята», «Новый мир» журналдары, ондағы В.Е.Субботиннің жазғандары, «Жұлдыз», «Простор» журналдары, «Фрунзевец», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері — ондағы жазғандарым.

Мынау «Комсомольская правда» газетінің редакциясымен алмасқан хаттар, Чикин жолдастың сұратқан материалдары, «Ту тігушілер» деп жарияланған бет.

КПСС Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм институтының Ұлы Отан соғысы бөліміне арнап, Рахымжан жайлы жинаған материалдар өз алдына бір төбе.

Не керек, ұзын саны 100-ге тарта деректі документтерді көрсеткенде, Карл:

— Маған енді архивтен еш нәрсені іздеудің қажеті жоқ,— деп қуанып кетті.

Рахымжанның өзімен болған кездесу Карлды одан да зор қуанышқа бөледі. Карлға алда келе жатқан Жеңістің 20 жылдығына қарай Рахымжан жайлы деректі повесть жазғым келетінін айттым.

— Бірақ мені қинайтын бір жай бар. Ол — мен соғысты көзіммен көрген жоқпын. Ол кезде баламын. Берлинде болған адам емеспін. Сүйенерім —Рахымжанның өз айтқандары мен қолдағы документтер ғана. Шіркін-ай, көзбен көргенге не жетсін! Ең болмаса жорық жолдарын бір шолып өтер ме еді...— дедім.

Бірлі-жарым кітап, мақалалар болмаса, ол кезде қазіргідей салиқалы мемуарлар, Ұлы Отан соғысының тарихы жайлы том-том кітаптар әлі шығып үлгерген жоқ-ты.

Карл менің ойымды түсінді. Бірақ үндемей отырды да:

— Мен қолымнан келген жәрдемімді аямайын, — деді. Карлға бір ғана сырды айтқан жоқпын. Ол Баукең екеуміздің арамыздағы үлкен құпия болатын. Екі жылдың ішінде Рахымжанның насихаты біраз жерге барды да, жұрт оны жақсы білді. Баукең менің жазғандарымды жібермей оқып отырды, кездесуіміз жиіледі. Соның бірінде:

— Ал енді осынша еңбекті аяқсыз қалдыруға болмайды. Біздің еңбегімізді емес, Рахымжанның. Оны Батырлық атаққа ұсыну керек. Ол — шын Батыр. Мұны істеу сені мен маған азаматтық парыз. Анау сан мыңдап қаза тапқандардың аманаты.

Біраз үнсіз отырды да:

— Мен Ілияс Омаровпен сөйлестім. Барлық жайды айттым. Ол сенің жазғандарыңмен түгел таныс екен. Между прочим, сенімен кездескісі келеді. Уақыт тауып барғын. Ол ақылды адам, мен оны қатты сыйлаймын. Ал енді сен мынаны жаса. Жазғандарыңның негізінде орысша справка жаз. Маған көрсеткін. Ілиясқа да бір данасын ала бар. Ол республика басшыларымен сөйлеспекші, түсіндің бе сөздің төркінін? — деді.

— Түсіндім, Бауке.

— Түсінсең сол. Қимылдау керек.

Баукеңнің ойға алған нәрсесін орындамай қоймайтынына сан көзім жеткен. Шындап тастаған әскери тәртіптің табы болу керек, тапсырманың дәл уақытында орындалуын қалайды. Бұл талабы мені де ширата түскен. Әсіресе, мына айтқанын ыбылжып, созып алмауым керек.

Көп кешікпей, Ілияс Омаровқа жолықтым. Ол кезде Ілекең Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау комитеті председателінің бірінші орынбасары болып істейді. Өте жылы қарсы алды. Кабинетінде ұзақ әңгімелесті. Жүзінен мейірбандық, білімділік есіп тұрды. Әсіресе, маған қатты әсер еткені жауынгерлерге, соғыс қаһармандарына, арысы жалпы адамға деген үлкен сүйіспеншілігі.

Мен жазған қағазбен танысып шықты да:

— Маған тастап кет. Хабарласып тұр. Үлкен жұмыс жасап жүр екенсің, қарағым, — деді.

Осы сөзге арқаланып кабинеттен шыққан маған Бауыржан мен Ілиясты тұтастырып тұрған сезім жайлы толып жатқан ойлар келді.

Көп кешікпей Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Әкімшілік бөліміне шақырылдым. Онда менімен Мәметказин жолдас әңгімелесті. Оның алдына да Рахымжан туралы жазылған материалдардың негізінде анықтама және осы іске сонау Баукең шақырған күннен бастап қалай кіріскенім жайлы түсініктеме тастап кеттім. Жүрегім Рахымжан жайлы үлкен бір қаракеттің басталғалы тұрғанын сезгендей болды.

Кейіннен білдім, осы қаракетке мықтап атсалысқан адам Жұмабай Тәшенов екен. Ол кезде Жүмекең Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі болып істейтін. Баукеңнің айтуында, тиісті материалдармен қаруланған Жұмекең Москвада СССР Жоғарғы Советі Президиумы Председателінің орынбасары ретінде бір айлық кезекшілік қызметінде Рахымжан жөніндегі Бас штабтың архивіндегі материалдарды көтертіп, одан Рахымжанның кезінде Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанын біліп, оның неліктен өтпегені жайлы маршал И.С.Коневті шақырып сұрайды. Өйткені, И.С.Конев соғыстан кейін Бас штабтың бастығы болған. Тәшеновтің қатқылдау сұрағына маршал шамданып қалады, екеуі қатты сөзге келеді. Жүгінісуге К.Е.Ворошиловқа барады. Климент Ефремович өзінің орынбасары мен әйгілі маршалды татуластыруға күш салады. Даудың түйіні назардан тыс қалады.

— Бәрі Климент Ефремовичтің азусыздығынан болды, — депті Тәшенов Баукеңе.

Тәшеновтің барлау ретіндегі қаракеті нәтижесіз болған соң, өзіміздің Орталық Комитет те бұл мәселені қараудан бой тартса керек.

— Жұмекең де мен секілді қызба ғой. Екеумізді құртып жүрген мінез, — деді бір әңгімесінде Баукең.

Бұл сырларды, әрине, мен Карлға айтқан жоқпын. Одан тек рейхстаг жөнінде ГДР архивіндегі материалдармен көмектесуді сұрадым. Жазылып жатқан деректі повесть үшін ол өте қажет еді. Жарты жыл өткен соң Берлиннен үлкен пакет келді. Карл Кокошкодан екен. Пакеттің ішінде Берлиннің соғыс кезіндегі картасы. Рейхстагтың соғысқа дейінгі, қираған кездегі, соғыстан кейінгі суреттері. Ең кереметі 3-тегеурінді Армияның Берлинге кіргеннен бастап, рейхстагты алғанға дейінгі шайқас жолы тайға таңба басқандай көрсетілген. Кәдімгі неміс баласына тән ұқыптылықпен жасалған үлкен жұмыс. Рахымжанға жүз айтқызғаннан гөрі мынаған бір қарау әлдеқайда түсінікті. Хатында Рахымжан жайлы өзінің неміс тілінде шығарған мақалаларын атапты.

1965 жыл. Ұлы Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында деректі повесімді жазып бітіп, көңілді жүргем. «Кернеген кек» деп атадым. Қошқарбаевтың ерлігі туралы баспасөзде көп материалдар шықты: «Правда» газетіне Василий Субботин жазды. «Литературная газета» да жақсы мақала басты. Ақындар да бұл тақырыпқа лап қойды. Ең ғажабы — осы кезде Ұлы Отан соғысы тарихының бесінші томы шығып үлгерді. Оған еленіп-екшеленіп, талай сараптан өтіп, рейхстагты алуда жаппай ерлік көрсеткен совет жауынгерлерінің ең өрендерінің, бұған дейін сирек айтылып, тіпті мүлде айтылмай жүргендерінің есімі жазылды. Міне, солардың ішінде Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың да аттары бар еді.

Бесінші томды оқығанда менің есіме тағы да Баукеңнің «Он исторический человек» деген сөзі түсті. Шынында, тарих дегенің мына алдымызда жатқан қалың томдар емес пе.

Біріне-бірі қосылған қуаныштар көбейе берді. Міне, соның тағы бірі. ГДР-дан Жеңістің 20 жылдығына байланысты Рахымжанға шақыру-телеграмма келді. Карл Кокошконың жазғандарының нәтижесі деп білдім оны.

Бұл хабарға Баукең қатты қуанды. Өйткені, Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында қолға алынып жатқан біраз шаруалар бар-ды. 1964 жылдың ортасында соңғы табылған деректерді қосып, мен тағы да анықтама жаздым. Ол орыс тілінде дайындалғандықтан, сол күйінде келтірейін. Өйткені қазақша аударғанда кей жерінің әлсіреп кетуі мүмкін. Әрі бұл ресми документ.

В ЦЕНТРАЛЬНЫЙ КОМИТЕТ ЦК КОМПАРТИИ КАЗАХСТАНА

СПРАВКА-ХОДАТАЙСТВО

о подвигах, проявленных Рахимжаном Кошкарбаевым и Григорием Булатовым при штурмен рейхстага

Важнейшим событием завершающего этапа войны с фашистской Германией явилось падение Берлина, а выдающимся боевым эпизодом — штурм рейхстага. В этот незабываемый исторический день каждый воин был охвачен жаждой подвига. Поэтому взятие рейхстага и водрузение над ним красных флагов и занамени Победы явилось актом массового героизма.

Каждый флаг на стене рейхстага имел свою героическую историю. Они стоили жизни многих наших соотечественников. Они были символом всенародного неукротимого порыва к победе, они, эти первые флаги, подняли на последний решающий шторм логова фашизма наших славных воинов Советской Армии.

Однако очень долго не было известно ничего о подвигах первых знаменосцев победы. Впопыхах забыли многих особо отличившихся героев исторического сражения. В войне не бывает безымянных героев. Все те, кто проявил высокое мужество, настоящий героизм, имели и имеют имена.

К числу таких относятся лейтенант Рахимжан Кошкарбаев со своим боевым другом Григорием Булатовым из 674-го полка 150-й Идрицкой стрелковой дивизии. Они одними из первых ступили на ступеньки главного оплота врага. Они одними из первых, не щадя жизни, водрузили флаг победы над главным входом рейхстага.

Это подтверждают исторические документы.

Газета «Воин Родины» — орган 150-й Идрицкой стрелковой дивизии, описывавшая ход событий по горячим следам, оказывается, в свое время немало писала о Кошкарбаеве и Булатове. Вот статьи о их подвигах, опубликованные на страницах газеты: «Они отличились в бою» (от 3 мая 1945 года); «Они водрузили флаг Победы» (от 5 мая 1945 года), «Двое отважных» (от 16 сентября 1945 года).

Стоит внимания заметка «Незабываемые факты», опубликованная в этой же газете 16 сентября 1945 года. В ней рассказывается: «Первыми достигли рейхстага и водрузили флаг над ним лейтенант Кошкарбаев и красноармеец Булатов. Знамя Победы водрузили над рейхстагом Егоров и Кантария. Первыми в рейхстаг ворвались со своими войсками Сьянов, Грищенко, Неустроев, Давыдов, Логвиненко».

Восхищались героическим подвигом двух отважных известный писатель Борис Горбатов, в то время военный корреспондент, и известный кинооператор Р. Кармен.

Борис Горбатов в статье, помещенной в «Литературной газете» от 18 декабря 1948 года, пишет: «В самом деле, пора уже перестать сравнивать воинов нашей армии с орлами и беркутами. Какой беркут может сравниться с казахом Кошкарбаевым, который на моих глазах вместе с другими товарищами водрузил знамя победы над рейхстагом. Чтобы показать такого героя, нужен совсем иной поэтический строй, иные образы, иная поэзия — поэзия социалистического реализма». Очень высокая оценка.

Р. Кармен в своей беседе с корреспондентом, которая была опубликована в газете «Казахстанская правда» 8 мая 1949 года, говорит: «Мы сейчас особо остановимся на трудовых делах бывших фронтовиков. С одним из них — с тов. Кошкарбаевым, мне очень бы хотелось встретится снова. Где он сейчас? У меня сохранились кадры, отображащие доблестного воина в тот момент, когда он прикреплял Красный флаг на крыше рейхстага. Это было в памятрый день 1945 года».

Василий Субботин — один из тех, кому был дорог подвиг Кошкарбаева и Булатова, будучи корреспондентом дивизионной газеты, в свое время неоднократно писал об их мужестве с большой симпатией. К этой теме тов. Субботин возвращался не однажды и послевоенные годы. Вот перечень его материалов: «На руинах Корелевской площади» (альманах «Уральский современник», N10, 1947 год); «У стен рейхстага» (альманах «Крым», N2, 1948 год); «Знамя победы» (журнал «Дружные ребята», N5, 1948 год); «У стен рейхстага» (журнал «Советский воин», N9, 1949 год).

Тов. Субботин — очевидец беспримерного героизма, проявленного нашими солдатами и офицерами в сражении за рейхстаг. В I960 году в воспоминаниях «День тысяча четыреста десятый» «Новый мир», N5) он писал: «Если бы газетчики, одни газетчики только, «расшифровали» свои фронтовые блокноты — сколько имен вернулось бы из небытия... О скольких таких мы могли бы рассказать как о героях...» Дальше он подробно описывает, как Кошкарбаев и Булатов совершили свой неповторимый подвиг.

Василий Субботин в одном из поздних воспоминаний даже выражает такую озабоченность: «Эти пятнадцать лет я просто терзался, что тот подвиг, что был совершен молодым Рахимжаном и Булатовым, как бы забылся. Ничье имя, как бы оно ни было поднято, не должно затмевать других, проявивших столь же высокое мужество».

Это — переживание очевидца, непосредственного участника, в чью память врезалась каждая черточка великой битвы.

Другой очевидец художник армейской газеты «Фронтовик» П. Кричевский в статье «Особое задание» («Комсомольская правда», 9 мая 1962 г.) пишет: «1 мая (1945 г.) меня вызвали к редактору. Поручили привезти материалы из рейхстага. Как художнику газеты мне часто приходтлось бывать на передовой и рисовать лучших людей. Но это задание было особо почетным и важным...

Я сделал портреты героев штурма рейхстага — Зинченко, Неустроева, Самсонова, Кантария, Егорова, Кошкарбаева. И при этом я переживал особое чувство. Это были радость и гордость за нашу великую советскую Родину, которая воспитывала таких замечательных людей».

Немаловажный интерес представляет статья полковника Дермана «Историческое сражение», опубликованная в газете «Красная звезда» 30 апреля 1946 года. Она написана по поводу научной конференции, организованной при штабе группы советских оккупационных войск в Германии. На конференции выступил с докладом Герой Советского Союза генерал-полковник Малинин. Среди воинов, особо отличившихся при штруме рейхстага, вместе с именами генерала Переверткина, генерала Шатилова, сержанта Егорова и Кантария, упоминаются в докладе и имена Кошкарбаева и Булатова.

В номере за 9 мая 1960 года в газете «Фрунзевец» опубликовано приветственное письмо Героев Советского Союза М. Кантария и М. Егорова к бывшим воинам. Среди тех, кто первыми ворвался в рейхстаг, они также с уважением признают и с гордостью называют Кошкарбаева и Булатова. Это письмо опубликовано под заголовком «Мы шлем вам привет!».

Кроме указанных материалов, на страницах республиканской печати Казахстана были опубликованы материалы казахского журналиста Какимжана Казыбаева, который, ссылаясь на достоверные исторические документы, подробно рассказывает о подвигах Кошкарбаева и Булатова. Вот перечень его материалов: «Подвиг молодого казаха» (газета «Лениншил жас» от 21 февраля 1958 г.); «Джигит, водрузивший флаг над рейхстагом» (газета «Социалитик Казахстан» от 21 сентября 1960 г.); «Первый флаг над рейхстагом» (журнал «Жулдыз», N11, 1960 г.); «Знамя победы над рейхстагом» (журнал «Простор», N5, 1961 г.).

Документы, события последних лет не только подтверждают, но и дают право еще с большей уверенностью и гордостью говорить об историческом подаиге Кошкарбаева и Булатова. Самым выдающимся среди рих является выход в свет (1963) пятого тома «Истории Великой Отечественной войны 1941—1945 гг) В этом томе ход штурма рейхстага описан на основе тщательного изучения, и анализа и сопоставления фактов, документов и личных воспоминаний. Теперь в «Историю» внесены прежде неведомый имена участников исторического штурма, в том числе Кошкарбаева и Булатова.

После выхода пятого тома центральные газеты даля ряд материалов, посвященных историческому событию — взятию рейхстага («Правда» — «Как было водрузено знамя Победы» — от 9 мая 1963 года; «Литературная газета» — «Повесть огненных лет» от 25 февраля 1964 года; «Комсомолькая правда» — полоса «Знаменосцы» от 30 апреля 1964 года). Во всех этих газетных статьях о Кошкарбаеве и Булатове пишется как о воинах, совершивших действительно георический подвиг, о котором никогда не забудет советский народ.

На совещании участников исторического штурма, созванном отделом истории Великой Отечественной войны Института марксизма-ленинизма при ЦК КПСС в декабре 1961 года, предшествовавшем выходу пятого тома, бывший командир 150- й штурмовой стрелковой дивизии, ныне генерал-лейтенант В.М.Шатилов внес такое предложение: «Прошу председателя редколлегии истории Великой Отечественной войны просить Президиум Верховного Совета СССР о награждении товарищей, которые были представлены, но остались не награжденными. Считаю и прошу из 150-й дивизии присвоить звание Героя Советского Союза за штурм рейхстага:

1. Полковника запаса Плехаданова Алексея Дмитриевича;

2. Лейтенанта Рахимжана Кошкарбаева;

3. Рядового Григория Булатова;

4. Старшего лейтенанта Береста Алексея Прокофьевича;

5. Старшего лейтенанта Гусева Кузьму Владимировича;

6. Сержанта Шербину Петра;

7. Сержанта Пятницкого Петра (посмотрено).

Я высказываю общее мнение участником совещания».

К этому следует добавить, что Кошкарбаев и Булатов в свое время были представлены к званию Героя Советского Союза. Peляция об этом до сих пор лежит в архивах Генерального штаба Советской Армии. (По всей вероятности, ходатайство военным командованием о присвоении звания Героя Советского Союза Р.

Кошкарбаеву было отклонено по причине необоснованной репрессии его отца в 1937 году).

Таким образом, свыше 50 имеющихся достоверных документов свидетельствуют о том, что двадцать лет тому назад Р. Кошкарбаев и Г. Булатов действительно одними из первых совершили героический подвиг, водрузив красный флаг над рейхстагом... И на мирном поприще они сейчас вносят свой скромный вклад в строительство коммунизма.

Мы поддерживаем предложение участников совещания штурма рейхстага. Ходатайствуем в связи с двадцатилетием Победы Советских Вооруженных Сил во второй мировой войне о присвоении Р. Кошкарбаеву и Г. Булатову звания Героя Советского Союза.

Г. МУСРЕПОВ, член ЦК КП Казахстана, депутат Верховного Совета Казахской ССР, первый секретарь правления Союза писателей Казахстана

Г. МУСТАФИН, депутат Верховного Совета СССР, писатель

И. ШУХОВ, депутат Верховного Совета Казахской ССР, писатель

А. ТАЖИБАЕВ, член Президиума Верховного Совета Казахской ССР, писатель

Баукең соңғы абзацын былай деп өзгертті, қалған бір сөзіне тиген жоқ.

«Мы поддерживаем предложение участников совещания штурма рейхстага. Ходатайствуем в связи с дватцатилетием Победы Советских Вооруженных Сил во второй мировой войне присвоить Р. Кошкарбаеву и Г. Булатову звания Героя Советского Союза».

Менің бір байқағаным, Баукең ресми қағазға өте шебер болатын. Жұтындырып жібереді. Соған қарағанда, соғыс кезінде жауынгерлерін наградаға ұсынғанда документтерін ылғи өз қолынан өткізген болу керек. Өйткені өте жатыққан қол.

— Қағазға жан бітіріп жазсаң, жерде қалмайды, — дейтін әзіл-шыны аралас. Бұл да ол кісіден алған үлкен сабақтардың бірі еді.

Осы документтің менде қалған бір данасына Баукең былай деп жазыпты. «Бұл тақырыпта Ғ.М.Мүсіреповпен әңгіме болды, оған бірінші данасын қалдырдым. 15-июль, 1964 жыл. Б. М. Момышұлы».

Ендігі үміт — Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде. Онда мәселе ұзақ қаралды. Ол заңды да. 1965 жылдың 7-апрелінде ғана Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Президиумының (ол кезде Бюро емес, осылай аталатын) мынадай қаулысы қабылданыпты.

О представлении т.т. Кошкарбаева Р. и Булатова Г.П. к присвоению звания Героя

Советского Союза

1. Просить ЦК КПСС рассмотреть вопрос о присвоении звания Героя Советского Союза т.т. Кошкарбаеву Р. и Булатову Г.П. за подвиг, совершенный в период Великой Отечественной войны 1941-1945 г.г.

Утвердить текст записки в ЦК КПСС по этому вопросу и характеристику на Кошкарбаева Р.

Секретарь ЦК КП Казахстана Д. КУНАЕВ.

Бұл документті ол кезде адамдардың аз ғана тобы білетін. Сеніміміз күшті болды. Өйткені, алпысыншы жылдағыдай емес, еліміздегі жоғары билік басында жаңа адамдар. Жана көзқарас, жаңа ықылас болар деп күттік. Оның үстіне мынадай ресми қаулы қабылданып отыр. Тап осы кезде Рахымжанның ГДР-ға шақырылуы, әрине, бәрімізді қуантты.

Бірақ оны жіберуге байланысты аяқасты бір мәселе туды. Ол кезде Рахымжан қаланың ортасындағы моншаның директоры болып істейтін.

— Ой, қазақтар, білдей бір батырларың ертең ГДР-ға барғанда, қазір не істейді десе, не айтасыңдар, моншаның директоры дейсіндер ме? — деді Баукең.

Бұл, шынында, ойланатын жай болды. Соншама аты шыққан батырына қазақтардың берген жұмысының түрін қара демей ме! Бетке басып айтпаса да, солай деп ойлауы мүмкін ғой. Тағы да қаракет.

Обалы не, сол кездегі Алматы қалалық Советі атқару комитетінің председателі Есен Дүйсенов жағдайды бірден түсінді. Екі күннің ішінде Рахымжан Қошқарбаев монша директорлығынан қалалық коммуналдық және көркейту басқармасы бастығының орынбасары болып шыға келді.

1965 жылдың 2-майы күні түстен кейін Рахымжанды Москваға шығарып салдық. Одан әрі Берлинге бармақ. Жиырма жылдан соң Жеңіс тойын Берлинде өткізбек. Бұл оған деген үлкен құрмет еді.

Мен Рахымжанның рейсін айтып, Москваға Василий Субботинге телефон соқтым. Ол кезде оның «Соғыс осылай бітеді» деген кітабы жарық көрген-ді. Сонау бір сұрапыл күндері «Воин Родины» атты дивизия газетінің тілшісі, ендігі белгілі ақын Василий Ефимович рейхстагты алуды егжей-тегжейлі дәйектеуде көп еңбек сіңірді. Қалам иелерінен сол бір тарихи оқиғаға ең жақын жүрген, бәрін көзімен көрген адамның ақиқат жазбалары орталық газеттерде жоғары бағаланды.

5-май. Василий Ефимович Москвадан телефон соқты. Көңілді екен.

— Кәкімжан, жақсы бір оқиғаны айтқым келіп тұр. Рахымжан бүгін «Голубой огонектің» мерекелік программасына қатысты. Сергей Сергеевич Смирнов менің әңгімелерімнен Рахымжанды жақсы білетін. Москвада екенін естігенде, дереу орталық телестудияға жіберуді сұрады. Тіпті өзі машина жіберіпті. Содан Покрышкин, Кожедуб, Сабуров, Маресьев секілді әйгілі ерлермен бірге Рахымжан «Голубой огонекте» отырды. Оның Берлинге кетіп бара жатқанын айтып, бірінші сөз берді. Көрген шығарсыздар.

Мен, өкінішке қарай, көре алмағанымды айттым. Бірақ үстінен тау жүрсе қозғалмайтын осынау сабырлы адамның тебіренісін жақсы түсіндім. Ол тебіреніс менің өз архивімде сақталған мынау хатында да атой салып тұр:

«Қымбатты, Кәкімжан Қазыбайұлы! Сіз мені дұрыс түсініңіз, мен Рахымжанды қандай асқан қуанышпен қарсы аядым. Жолдаған сәлеміңізге рахмет! Біз көп мәселе жөнінде сөйлестік, кәп нәрсені еске аядық, өте әдемі ортақ тіл таптық. Рахымжанның сол баяғы қалпында екеніне мен қуаныштымын. Сізге көмектесуге әзірмін. Сіздің менің тындырғанымнан әлдеқайда көп нәрсені тындыруыңызға тілектеспін. Бірақ мен де ол туралы жазуға әлі қайта ораламын.

Сізбен жүздескім келеді. Мүмкін, Алматыға келіп қайтармын. Оны қалай ұйымдастыруға болады?

Рахымжан Сергей Сергеевич Смирновпен самолеттен түсе сала қалай кездескенін өзі айтар. Бұл бір ұмытылмас оқиға. Ол енді Берлинде де болып қайтады. Рахымжанның ерлігін жұрт кеңірек білу үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл орайда өздеріңізде, Қазақстанда көп нәрсе жасауға болады.

Сіз арқылы қымбатты Бауыржан Момышұлына сәлем жолдағым келеді. Қолыңызды қатты қыстым.

Өзіңіздің Василий Субботиніңіз.

5-май, 1965 жыл».

Сергей Сергеевич ол кезде жеңіске байланысты «Голубой огонек» хабарларын жүргізетін-ді. Атақты «Брест қамалы» кітабының авторы. Брест — Берлин. Соғысқа қатысқан Субботин тұрғай, бұл жайға мен де тебіреніп кеттім. Мынау дүрмекті Жеңіс тойы сирек тағдырлы адамдарды қалай-қалай тоғыстырып жатыр!..

Рахымжан Берлиннен өте көңілді оралды. 8-майда ГДР-дің ұлттық мерекесіне байланысты үлкен салтанатқа қатысқан. Еңбек коллективтерінде кездесулерде болған.

— Толғанып келдім, тебіреніп келдім, — деді Рахаң ойлы жүзбен. — Бұдан жиырма жыл бұрын соғыс бізді ерте есейтті десек те, бала екенбіз ғой. Бар болғаны 21 жаста екенмін онда.

Бұдан әрі Рахаң өзінің әдемі қалжыңына басты.

— Онда не, ат деді — аттық. Тарт рейхстагқа деді — тартып отырдық. Осының бәрін енді ойласаң...

Рахаң қайтадан салиқалы әңгімеге көшті.

— Иә, енді ойласаң, түсіну, тұжырымдау биігің мүлде басқаша. Мына бір оқиғаның куәсі болдым. Қаланың бір мектебінде кездесу өткізілді. Айтқандарымды оқушылар ұйып тыңдап отыр. Мұғалімдер де, ересек адамдар да бар. Мен қатарлы бір неміс тұнжырап жерге қарай береді. Ар жағында әлем-тапырақ бір дауыл бардай. Кездесу біткен соң, әлгі кісі қасыма келді де, қолымды алды. Өзінің сөздерін аударуды сұрады. Аудармашы Карл Кокошко қасымда дайын.

— Өте жақсы айттыңыз, жолдас лейтенант. Ол күндерді ұмытуға болмайды. Қуанышын да, опығын да ұмытпауымыз керек. Мен сол опық жеушілердің бірімін. «Гиммлер үйінің» қасында жатқандарыңызда сіздерге қарсы мына мен оқ аттым. Сол бір сарыауыз жас кезімде фашизм миымды мықтап улап тастапты. Опық жейсің бе, жоқ па? Шүкір, соғыстан кейінгі өмір жанымызды тазартты. Жаңа өмірдің қадірін де, ұлылығын да ұқтық. Жаңа Германияның, жасампаз Германияның азаматымын. Бұл бүгін үлкен мақтаныш. Мынау жас ұрпақ, келер ұрпақ жауыздық дегенді білмесінші! Жандары достық шуағымен нұрлансыншы! Ендігі өмірді осыған біржола арнасақ, кешегі күнәміз кешіріле ме? Арамзалықтың мен секілді алдауына түскен бейкүнәлар соғыс кезінде қаншама еді. Бүгінде олардың да мен секілді ауық-ауық ар азабына түспесіне кім кепіл?!

Әлгі адам жылап жіберді. Шын жүрекжарды сөз екеніне еш шүбә келтіргем жоқ. Аяп кеттім. Елін ғана емес, адамдардың жанын да жаңартып жатқан неміс достардың қадамына нұр тіледім. Карл айтпақшы, ол күрестің жеңіл емес екендігіне көзім жеткендей болды. Совет еліне деген ГДР-дағы бүгінгі ынта-ықылас мөлдір де тұнық. Демек, бекер қан төкпегенбіз, бекер құрбан болмағанбыз. Бейбіт елдің босағасын көріп қайттым. Бұл неміс халқының жаңа тарихының басы деп түйдім.

Арада үш ай өткен соң, Берлиннен тағы жақсы хабар жетті. Кеме жасайтын верфтегі бір бригадаға Рахымжанның аты беріліпті. Бір мектептегі пионер отряды Рахымжан Қошқарбаев атындағы отряд деп аталыпты. Бұл жаңалықтар жайлы Карл Кокошко қуана хабарлады. Бригада мүшелерінің тізімін жіберген. Социалистік еңбек бригадасы атағын алу жолындағы жарысқа қосылған олар. Рахымжанның үлкен портретін жіберуді сұрапты.

Неміс достарға, осы істің бәріне мұрындық болып жүрген әріптесім Карл Кокошкоға мың да бір рақметімді айттым. Рахымжанды бес жыл сарыла бекер іздемегенін ол тағы да дәлелдеді. Совет Одағына келген әр сапары бір кітап. Өзі суретке де жақсы түсіреді. Фотоиллюстрациялары сондай жанды. Совет елінің, советтік өмір салтының тынымсыз насихатшысы. Мазасыз мамандықты қалап, маңызды іс атқарып жүрген ақ ниет азаматтың бірі. Неміс халқының соғыстан кейінгі ұлағатты ұрпағының өкілі деп түсіндім.

Неміс достар ондай ілтипат көрсеткенімен, өзіміздегі дәмеленген қаракеттен ештеңе шықпады. Дүрілдеп ұлы Жеңістің 20 жылдығы да өте шықты, бірақ Рахымжан жөнінде Москва үндемеді.

Көңіліміз күпті болғанмен, Қошқарбаевқа деген халық құрметі еселеп арта түсті. Оның толып жатқан дәлелі бар. Біреуі қадірлі Ілекеңнің мынау хаты:

«Қалқам, Рахымжан!

Ұлы Отан соғысының жеңісіне ширек ғасыр болды. Бұл күні біз келешек үшін құрбан боп кеткен көп азаматтардың аруағы алдында басымызды иеміз, фашизмнің қанды ордасын талқандап, шаңырағына советтік алқызыл ту тіккен ерлерімізді мақтан етіп, құшақтап сүйеміз. Жас та болсаң ерлікке бас болған қас батырларымыздың сапында сен тұрсың, Рахымжан.

Әңгіме атақта емес, адамзаттың бақытына қосқан үлесте ғой. Сен бізге істеген ерлігіңнің мән-мазмұнымен қымбаттысың.

Мерекең құтты болсын, інім, көп жаса! Үй ішіңе бақыт тілеймін.

Ағаң — Ілияс Омаров.

Алматы, аурухана, 6-май, 1970 жыл.

Осы бір жүрегі шуақты адам кездескен сайын:

— Рахымжаның аман ба, батырың сау ма? — деп сұрайтын менен. Ежелден таныс адамдай елжірей, жұмсақ сөйлесетін. Өзіңді рухани байытып тастайтын. Сондай адамдардың өмірден ерте кеткені қандай өкінішті. Ілекеңнің бойында біздің халқымыздың бар мейірі жататындай көрінуші еді маған.

Жақсы адамдар ой жағынан бір-біріне ұқсай беретін болса керек. Баукең бір күні:

— Адам ер атанайын деп ерлік жасамайды. Асыл парызын орындап атаққа ілінеді. Рахымжанның жұлдызы болмаса да, ол қазір жұлдызды батырлардан әлдеқайда әйгілі. Мен, мысалы, жұлдызым жоқ-ау деп ешқашан өкінген емеспін. Халқымның құрметі жұлдыздан артық мен үшін. Шүкір, сол құрметке Рахымжан да бөленіп отыр, — деді.

Қандай ұқсастық, Ілекеңнің «Әңгіме атақта емес» деген сөзімен Баукеңнің «халықтың құрметі жұлдыздан да артық» деген ойлары бір-бірімен қалай кірігіп жатыр?!

Енді Жеңістің жиырма бес жылдығы жақындап қалған. Осы қарсаңдағы бір кездесуде Баукең өзіне-өзі есеп бергендей болып отыр екен.

— Момышұлы не бітірді? Мүмкін, біреулер ол айқайлағаннан басқа түк бітірмей жүр дейтін шығар. Жоқ, қателеседі! Жазып қой, есінде жүрсін.

а) Мен 1800 документті Қазақстанның Орталық архивіне өткіздім. Онда көп сыр бар.

б) Мен осы үстіміздегі 1968 жылы екі том болып қазақ тілінде шығайын деп жатырмын. Тиражы 180 мың.

в) Мен орыс тілінде шыққалы жатырмын. «Бауыржан Момышұлы. Әскери әңгімелердің жинағы». Көлемі 40 баспа табақ.

г) Мен «Наука» баспасы арқылы орыс тілінде шықпақшымын. Көлемі 40 баспа табақ. Президент Есенов ол жоспарды бекітті.

д) Мен 280 мақала жазыппын. Негізгі тақырыбы — әскери-патриоттық тәрбие. Ең алдымен, жастар үшін.

е) 1970 жылы В. И. Лениннің туғанына — 100 жыл, Қазақ ССР-іне - 50 жыл, Ұлы Жеңістің 25 жылдығы. Бауыржан Момышұлына — 60 жыл. Бұл айтулы датаға екі-ақ жыл қалды. Әдебиет пен өнерде дайындық жұмысын жүргізу үшін тіпті аз мезгіл. «Шабан үйрек бұрын ұшады», қимылдау керек.

и) Осы тұрғыдан солдат фольклорын жинап бастыру жөнінде Есет Әукебаевқа айттым. Бұл біздің тарихымыз. Мұны «Солдат естеліктері» деп атаса да болар.

к) Қазақстан интернационализмнің ордасы. Кітап шығару керек. Әзірге атын «Халықтар достығының шуағы» десе де болар. Бұл тақырыпты мен Дмитрий Снегинге сене аламын. Құрығанда 1 том.

л) Мен 100 процент қазақпын. Бірақ орыс тілінде жазамын. Қазақтардың «тышқан тірлігінде» шаруам жоқ. Ол тірлік — творчествоның жауы.

— Мынауыңыз жатқан бір үлкен програма ғой, Бауке, — дедім.

— Мен дивизияны басқарған адаммын. Қорғаныста жата берсең — құрисың. Шабуылды күні бұрын жоспарлау керек.

Сөз орайы келіп қалған соң ірке алмадым.

— Рахымжанды қайтеміз, Бауке?

— Ол батырың мынау «Алматы» қонақүйінде жаңа қырынан ашылған сияқты. Жұрт мақтап жүр ғой. Яғни, біз қателеспегенбіз. Тегін адам таз болмайды.

Баукеңе Рахымжанды коллективінің өте жақсы көретінін айттым.

— Самое трудное искусство — это работа с людьми. Солдат жүрегіне жол таппаған командирдің өмірі қысқа. Яғни, Рахымжан өзінің шынайы орнын тапқан. Бұл істе сенің де үлесің бар.

— Жеңістің 25 жылдығы. Рахымжан Қошқарбаев. Рейхстаг... — деп Баукең естірте біраз ыңылдап отырды да, — бұл батырымызға Ғабит Мүсіреповтің ықыласы әбден ауыпты. Ол кісі бір сөздің өзін жазайын ба, жазбайын ба деп он сағат ойланады. Ал адам жөніндегі оның талғамы тіптен жоғары. Ғабиттің көңілінен шыту — пайғамбардың көңілінен шығумен тең. Со кісімен сен ақылдасқайсың. Бұл шаруаны бастаушының бірі өзі ғой. Менің пікірім, если хочешь знать, Рахымжан жөнінде орта жолда қалуға болмайды. Ұқтың ба?

Осы кездесуден, Ғабеңмен ақылдасқаннан кейін жоғарғы жаққа Жеңістің 25 жылдығына байланысты Рахымжанның ерлігін уақыт өтсе де әділ бағалау жөнінде тағы бір тілек кетті. Оған Қазақстан Жазушылар одағының секретары, СССР Жоғарғы Советінің Ұлттар Советі председателінің орынбасары, партизан отрядының бұрынғы командирі Ә.Шәріпов, Совет Одағының Батыры, панфиловшы гвардия полковнигі, философия ғылымының докторы, профессор, СССР Педагогика ғылымдары академиясының Президиум мүшесі, академик М.Ғабдуллин, Азамат соғысына қатысушы, 28 батыр шыққан полктің бұрынғы комсоргы, отставкадағы гвардия майоры Б.Жетпісбаев, запастағы гвардия полковнигі, Панфилов дивизиясындағы артиллерия полкінің бұрынғы командирі, ғалым-агроном, жазушы Д. Снегин, отставкадағы гвардия майоры, панфиловшы, тарих ғылымының кандидаты, доцент А.Кузнецов, отставкадағы қатардағы гвардияшы (28 батырдың бірі), Совет Одағының Батыры А.Шемякин, медицина қызметінің гвардия аға лейтенанты В.И.Панфилова, бұрынғы сержант, рейхстаг шабуылына қатысушы, Совет Одағының Батыры И.Сьянов, генерал-майор, Совет Одағының Батыры С.Нұрмағанбетов, запастағы лейтенант, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Ж.Молдағалиев, запастағы гвардия полковнигі, Панфилов дивизиясындағы 19-полктың бұрынғы командирі, әскери академияда жоғары тактика және оперативті өнер жөнінде аға оқытушы болған, жазушы Б.Момышұлы, атақты партизан, ковпакшы Қ.Қайсенов, екі мәрте Совет Одағының Батыры С.Луганский қол қойды. Бұл 1969 жылдың 29-январы болатын. Сөйтіп, бұл документ Жеңістің 25-жылдығынан бір жарым жыл бұрын өмірге келді. Оған да жауап болмады.

Майдандас жерлестерінің ерлігін ерекше құрметтеген аға-інілерінің бұл әрекетін Рахымжан, әрине, білген жоқ. Нәтижесі әлі белгісіз дүниені жария етіп керегі не? Оңға баспай қалса, адам жанын жаралау оп-оңай ғой. Ол қонақүйде директор болып жұмысын істей берді. Айналасындағыларды бір кездегі ерлігімен ғана емес, ақжарқын мінезімен, адамдарға деген ерекше қайырымдылығымен, күлкіге көміп жіберетін көңілді қалжыңбастығымен баурай берді. Республиканың облыс-облыстарында әскери бөлімшелерде көптеген кездесулер өтті. Соғыс ардагерлерінің арасында жарып шығып, жарқырап сөйлеп жүрді. Өзінде келбет десе келбет те бар ғой. Жастарға патриоттық тәрбие беруге аянбай атсалысты. Сөйте жүре кітап жазды. Онысы орысша, қазақша шықты. Рахымжан туралы сүйіспеншілікке, жылы ықыласқа толы аңыздар туды. 30-апрель және Жеңіс күндері оған еліміздің тұс-тұсынан келетін құттықтауларды санап болмайтын. Достары 30-апрельді рейхстагқа ту тіккен күнді Рахымжанның қайта туған күні деп атап жүрді.

Рахаңның талай той басқарып, үлкен дастарқандарды жүргізгенін көрдік. Онымен бірге болған күні рақаттанып, демалып қайтасың. Күлкіден тамағың құрғап, ішегің қатады. Жас әншілер, күйшілер қашан да Рахаңның төңірегінен табылатын, қонақ шақырса, міндетті түрде үйінде не әнші, не күйші отырады. Жақсы әндердің, жаңа әндердің жазылып алынған лентасы өз алдына үлкен бір жәшік. Әлиясының музыка мектебінде оқығаны да бекер болмаса керек.

Тағы бір ерен қасиеті — сирек кездесетін тазалығы. Үстіне қыл жуытпай жүретін нағыз кербездің өзі еді. Қонақта болғанда:

— Кісі шақырғанда ғана үй жинайтын келін емес пе екенсің? Әйел ұсынақты болса ғана тамағы дәмді. Мен — коммунальникпін, ол жер, бұл жерді көріп алайын, — деп күлдіріп жүретін.

Оның үстіне сәлем бергенге сандығын ашып тастайтын шүленнің өзі. Жақсылық жасасам, жәрдем етсем деп тұрады. Мейірлілігі, үлкенді де, кішіні де үйіріп әкететін құдіретті қарапайымдылығы қашан да қайран ететін.

1969 жылы біздің кіші ұлымыз туғанда, сүйінші сұрап Рахаңа өзім бардым. Құшақтап, бетімнен сүйіп, көзіне жас алды.

— Батыр туды деші. Бақытты болсын! Соғыстың емес, бейбіт өмірдің батыры болсын!

Содан ол «Батыр» атанып кетті. Кіндік әкесі — Рахаң. Перзентханадан өзі көтеріп алып шыққан. Есі кіргелі кіндік баласы Рахаңды 30-апрель күні ылғи құттықтап тұрады. Өйткені бұл бәрімізге ыстық Рахаңның секунд сайын ажал төніп тұрғанда аман қалған, отпен өрілген өмірбаянының жазылған күні.

Батырдың даусын естіген сайын Рахаң айналып-үйіріліп жатады. Бір жаққа шықса, кіндік баласына сарқытын, ойыншығын сүйрей жүргені. Ауырып қалса, бәйек болып әке-көкелеп ат ізін құрғатпайды.

Батыр да Рахаңның ақ жүрегін біліп алған. Ашуланса, «өз үйіме кетемін» деп бізді қорқытады. Мұны естігенде Рахаңда ес қалмайды, рақаттанып мәз болады.

Ал Баукең болса, 1969 жылдың 29-январыңда өзінің үлкен суретінің сыртына «Батыр ұлыма Батыр атасынан» деп жазып берді.

Қос батырдың сол баласын күтпеген жерден бір әрекет үстінен көрдім. Сонау 1961 жылы Польшаға барған сапарымда Освенцим концлагері жайлы біраз материал жинап келгем-ді. Кезінде ол сапар жайлы қолжазба да шыққан. Бір нәрсе іздеп, ескі қолжазбаларымды ақтара қалдым. Қағаздардың арасынан Освенцимдегі азапты өмірдің фотодокументтері шықты. Балалық әуестікпен Батыр әлгілерді сұрап алды. Мен бәрін қолына ұстата салдым да, басқа бір нәрсеге алаңдап шығып кеттім. Қайтып келсем, бір суретті еденге қойып, балам тепкілеп жатыр. Аңырып қарап қалыппын. Жерде жатқан Освенцим лагері қақпасының алдында шіреніп тұрған Гиммлер мен атышулы Гесстің суреті. Батыр ызаланып тұрып дәл беттерінен, тұмсықтарынан тепкілейді.

Мына көріністі асүйден ертіп келіп мамасына көрсеттім.

— Рахаңның баласының істеп жатқанын көрдің бе?

Екеуміз үнсіз қарап тұрып қалдық. Бала бізді әлі байқаған жоқ.

Кішкентай жүрегінің әмірімен өзінше әлек болып жатыр...

Соғыстың не екенін кинодан, телевизордан ғана білетін ұрпақ өкілінің істегені әлгі. Сурет екеш суреттің өзі жиіркенішті көрініп кетсе керек...

Көңілім біртүрлі алабұртып, ойлар бірін-бірі қуалап жүріп берді. Жаңағы болымсыз ғана көріністің өзіңде қаншама сыр жатыр! Алдымен Рахаңа жеткізгім келді.

Сол Рахаңа байланысты мына бір кездесуді ұмыту мүмкін емес. 1973 жылдың сентябрі. Алматыға Азия және Африка елдерінің жазушылары жиналып жатқан. Қонақтарды негізінен қабылдайтын «Алматы» қонақүйі. Оның директоры Қошқарбаевтың танауына су жетпей жүр. Конференция қонақтарына байланысты бір шаруамен келе қалғам. Сөйлесіп отыр едік, Рахаңның кабинетіне ұзын бойлы арықтау келген орыстың мосқал азаматы кірді. Үстіндегі киімі өте қарапайым. Мен қонақүйден орын сұрап жүргендердің бірі екен деп қалдым. Рахаң көрді де, орнынан атып тұрды.

— Сергей Сергеевич!

— Мой дорогой Рахимжан!

Енді білдім. Бұл келген кісі кәдімгі өзіміздің Смирнов екен. Екеуі құшақтасып, бір-бірінің арқасынан қағып ұзақ тұрды. Рахаң менімен таныстырды.

— Сыртынан білемін бұл кісіні. Василий Субботин айтқан. Екеуміз тағдырлас сияқтымыз, —деп жымиып күлді.

Шүйіркелесіп ұзақ отырдық.

— Қала қандай тамаша! Бірінші рет болуым еді. Алматы шынында да сұлу екен. Мынадай қонақүйді батырына басқартқан республикаға рахмет!

Бұдан сегіз жыл бұрын Москвадағы «Голубой огонекті» еске алдық.

— Сенің сол күнгі келуің хабарымызға бөлек мазмұн берді. Ғажап болды. Өзің және Берлинге бара жатыр екенсің. Ондай кездесу сирек болады. Орталық телестудия ол күнгі хабарды алтын қорына өткізіп, өте дұрыс жасады. Видеозаписті әлі талай ұрпақ көретін болады.

Осы сөздерді айтқанда Смирнов көзі күлімдеп, қуанышын жасыра алмады.

Біз әңгімені 8-сентябрьде, Рахымжанның үйінде, дастарқан үстінде жалғастырдық. Рахаңның жұбайы Рақиланың былқытып асқан етін, қою шайын Сергей Сергеевич шын көңілден мақтап отырды.

— Бесбармақ жөнінде көп естуші едім. Бірақ көріп отырғаным осы. Ғажап екен! Бас-сирақ, қазы-қартаға қарағанда, барлық ереже сақталып асылған болуы керек.

— Ережеден асып түсіп жатқан жері де бар, — деп біз күлдік. — Ет асуда Алматыдағы асқан шеберлердің бірі осы Рахаңның бәйбішесі. Батыр адам анау-мынау әйелді ала ма?

Сергей Сергеевичтің еттің әр түрін, әр жіліктің жөн-жосығын сұрап отырды. Қазақта қонаққа қандай жіліктің асылатынын айттық. Ықылас қоя тыңдап, анда-санда блокнотына әрнені түртіп отырды.

Рахымжан бұл кездесуге «Брест қамалының» Қазақстандағы бір кейіпкері Нұрым Сыдықовты әйелімен, қан көйлек досы Жанша Жанасовты әйелімен шақырыпты.

— Бұл күнді көре аламыз дедік пе? — Нұрым көзіне жас алып, қайта-қайта Сергей Сергеевичті құшақтай берді.

Майдангерлер. Сұрапыл соғыстың ең қиын кезін бастан кешкендер. Майдан сыры, ерлік жыры тоғыстырған тағдырлар. Кешегі күрестің, бүгінгі бақыттың мәніне тереңірек үңілдіре түсетін өмірбаяндар. Бәріміз де толқып отырмыз.

Сергей Сергеевичтің сөзі тіпті тебірентіп жіберді.

— Мына Нұрым бұл күнді көре аламыз дедік пе дей береді. Иә, бәріміз де бір кезде солай ойлағанбыз. Бірақ, міне, көріп отырмыз. Көңілді отырмыз, шаттық құшағында шалқып отырмыз. Әлі де шалқи бергіміз келеді.

Бұл үшін біз, ең алдымен, анау қаза болғандарға, бүгінгі күнді көре алмай кеткендерге, қабірінің қай жерде екені де белгісіз қаһармандарға қарыздармыз. Шын мәнінде, олар белгісіз емес. Есімі де, ерлігі де біздің есімізде. Елжіресек, мұңайсақ, жасығандығымыз емес, соларды қимағандығымыз. Қайраттансақ, құлшынсақ — олардың аруағы алдындағы парызымызды түсінгендігіміз, олар бізге өмір сүруді өсиет етті.

Бүгінгі бақытты күн үшін мынау отырған тірі қалғандарға, сұрапыл шайқастың өтінде болып аман оралғандарға, Нұрымдар мен Рақымжандарға қарыздармыз. Осылардың бойынан кешегі қаза тапқандардың қасиеттерін тұтас көргендей боламыз. Бұлар — өлгендердің ерлігінің, тірілердің үмітінің бейнесі. Рахымжан, кіші қызыңның атын Әлия деп әдемі қойғансың. Әлия тарихта ғана қалмапты, бүгінгі ұрпақтың арасында да жүр екен. Ерлік өмірдің өлмейтіндігі осы!

Біз бүгінгі ұрпақтың алдында қарыздармыз. Олардың ертең қалай күресе алатыны бұларға кешегі ерлік дәстүрді біздің қалай жеткізе білуімізге байланысты. Бұл жалғаса беретін жалықтырмайтын еңбек. Елімізді, оның бүгінгі азаматын ерлік дәстүрге баулудан қадірлі қандай парыз болмақ?

Мына Рахымжандар, Нұрымдар арамызда қанша жүреді? Бірінің жүрегі, бірінің басы ауырады. Кешегі сұрапыл соғыс, өлгендер өз алдына, тірі қалғандардың да жасын қысқартты емес пе?! Ол майдангерлер денсаулығынан енді-енді көріне бастады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері барған сайын азайып барады. Жыл өткен сайын олардың сирей беретіні ақиқат. Бұл — өмір заңы. Ендеше, «қап» деп санымызды соғып жүрмейік. Асығайық. Бұлар жөнінде айтып қалуға шартымыздың келмегені, шабандығымыз үшін мына бүгінгі Әлиялар жазғырып жүрмесін.

Мен Рахымжанның үйінде отырғаныма толқып тұрмын. Айналама қарап қоям. Жинаған жиһаздарына емес, анау суреттерге қараймын. Әне, Алексей Маресьевпен бірге түсіпсің, Иван Кожедуб екеуің жарқырап және тұрсың. Атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов — Қазақстанның даңқты партизаны — рейхстагтың қасындағы Степан Неустроев, Рахымжан Қошқарбаев, Михаил Егоров, Мелитон Кантария. 1946 жылы Жеңістің бір жылдығында түскен екенсіңдер. Дұрысын айтсақ, баспасөзге керек болып, сендерді солай түсірген ғой. Сирек тағдырлар, әр жылғы сирек кездесулер. Мынау жазушылар конференциясының Алматыда өткені қандай жақсы болды! Рахымжан, сені тағы көріп, сенің, міне, үйінде отырмын. Кәне, осындай кездесулер үшін! Бір-бірімізді құшырлана іздеп жүру үшін! — деп тебірене тост көтерді Смирнов.

Осы тостан кейін Сергей Сергеевич Рахымжанға сол жылы шыққан таңдамалы шығармаларының үш томдығын сыйға тартты. Оған былай деп жазды:

«Қымбатты Рахымжан Қошқарбайұлына, Рейхстаг шабуылының батырына, оның сүйкімді семьясына шын достық ықыласпен ұсынушы

С.С.Смирнов.

8-сентябрь, 1973 жыл».

Бұл таңдамалылардың бір-бір данасы сол жерде отырған бәрімізге де тиді. Сол күні бәріміз бірге Көктөбеге бардық. Суретке түстік. Сергей Сергеевич өте көңілді болды...

Осындай адам үш-ақ жылдан соң арамыздан мүлде кетеді деп кім ойлаған. Газеттен көріп, Рахымжан екеуміз қатты қайғырдық. Үйге келіп, сонау 1973 жылы магнитофонға жазылып алынған сөзін тыңдадық. Сергей Сергеевичтің даусын естігенде, көзімізге жас келді. Сөздері қандай! Тура өлерін біліп айтқан адамның өсиеті секілді.

«Бір-бірімізді құшырлана іздейікші! Сиреп бара жатқан ардагерлер жайлы, адамдар жайлы айтуға асығайықшы» деген сөздері құлағымнан кетпей қойды.

Майдангерлер туралы жарғақ құлағы жастыққа тимей жазып жүрген үлкен бір дарынның арамыздан кеткені қандай аянышты. Орны толмас қаза. Рахымжанға байланысты Сергей Сергеевич әрекетке белсене араласуға уәде еткен еді. Тағдыр отан жазбады.

Жеңістің 30 жылдығына байланысты ауырлық үлкендер ішінен енді Ғабит Мүсіреповке түсті. Бауыржан мен Рахымжанға қатар атақ сұрау жөніндегі ұсынысты бар жанымен құп алды. Ол туралы Әзілхан Нұршайықов 1989 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының №2,3 номерлерінде «Ескірмеген естелік немесе Л.И.Брежневке хат қалай жазылды?» деген мақаласын жариялады. Онда бұл істің қалай басталғаны, кімдердің қол қойғаны жөнінде тәптіштеп көрсетілген. Жазушы бұл іске үлкен ықыласпен кіріскенін, халықтың өзінің екі ардағын қалай құрметтейтінін, олар десе ішкен асын жерге қоятынын тебірене жазған. Бірақ осы мақалада бір жаңсақтық бар. Республиканың бұрынғы басшылары Бауыржан мен Рахымжан туралы ұсыныстарға ешқашан қарсы болған емес. Қайта оларды қолдауға тырысты. Оған жоғарыда келтірілген кейбір документтер куә.

Гәптің неде екені 1980 жылғы республика мен оның Компартиясының 60 жылдығын тойлау үстінде айқын болды. Осы салтанатқа келген Леонид Ильич Брежнев таты да көтерілген мәселеге: «Тарихты қайта қарап қайтеміз?» деп жауап берген. Ақын сөзіне салғанда, «Бір ауыз сөз бәрін сап қып тыйғызған, бір ауыз сөз ауызға құм құйғызған» болды да шықты. Бұл жайды, әрине, Ғабит Мүсірепов білген жоқ.

Мен осы шаруаның ұдайы басы-қасында жүргендіктен, ақиқатқа қиянат болмасын деп әдейі айтып отырмын.

Ал шын мәнінде ол тарихты қайта қарау емес, керісінше, тарихта, сонау соғыстың аласапыран кезінде жіберілген әділетсіздікті түзеу еді. Секунд сайын жандарын шүберекке түйген ерлердің қайталанбас қаһармандығына әділ баға беру еді.

Жеңістің 40 жылдық, 45 жылдық тойларын көруді тағдыр Бауыржанға да, Рахымжанға да жазбады. Бауыржан Момышұлы 1982 жылты 10-июньде, жетпіс екіге қараған шағында, ал Рахымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10-августе небәрі алпыс төрт жасында дүние салды.

Сырқаты дендеп, қайраты қаша бастаған кезде Рахымжан:

— Мені Баукең жатқан төбеге, қасына қоярсыңдар, — деді. Мен шыдай алмай жылап жібердім.

— Ол дүниеде де саясында болайын, — деп Рахаң одан әрі егілтті. Бауыржанды қоярда бәйек болып, жаны қан жылаған адамның бірі Рахымжан еді. «Кеңсай» зиратындағы бір төбенің басында екі батыр қатар жатыр. Күнде бастарынан арылмайтын гүлдерге, үзілмейтін адамдарға қарағанда, бұларды атақсыз батыр деп айтуға аузың бармайды. Ілекеңнің тілімен сөйлесек, әңгіме атақта емес, адамзат бақыты үшін сіңірген еңбектің мән-мағынасында. Сонау сұрапыл соғыс жылдары бұлар ерлігімен, сирек ұшырайтын парасатымен халқының маңдайына жарық жұлдыз боп жанды. Ондай жұлдыздардың сөнуі мүмкін емес.

Баукең папағымен, шинельмен, найзалы мылтығымен биік тұғырда күні бүгінге дейін халқының бақыты жолындағы күзетте тұрған секілді. Осы бейнені сомдаған Шәкен Ниязбековке жұрт дән риза. Ағалар тұлғасына ғашық, оны жүрегінің түпкіріне мәңгі сақтауды арман еткен ұрпақ өкілінің Баукеңе деген алғысының аяулы қолтаңбасы бұл.

Амал не, ол тірі Бауыржан емес қой. Ескерткіштің аты — ескерткіш. Найзағайдай жарқылдаған отты ойы бар, қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол, өз мүддесін, ұрпақ мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жаратын әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыш Бауыржан Момышұлы енді ортамызда жоқ. Қандай олқылық!

Мен осы екі азаматпен аралас, пікірлес болғаным үшін өз тағдырыма өте ризамын. Баукеңмен табысуға себепкер болған сонау пәтерсіз күндерге, қаланы аралап тарыққан шақтарға мың мәрте тағзым етем. Баукең тұтатып кеткен от, ең алдымен, азамат болу арманы, адамдық қасиет алауы бір ғана менің жүрегімде лаулап жанбайтын болса керек.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз