Өлең, жыр, ақындар

Тарылған тыныс

Бұл уақытта жау Одерде ұстаған шебіне және Померания қорғаны дейтінге жанталаса бекініп, Совет әскерлерінің одан әрі алға басуына жол бермеуге дәмеленеді. Померанияда немістің «Висла» армиялар тобы қарсы соққы беруге әзірленді.

...Одерге қарай ұмтыла алға шыққан III Белорусь майданының құрамаларына солтүстіктен күшті соққы әзірледі, үлкен қауіп туғызды. Қарсы соққы беруге 16 жаяу әскер, 4 танк дивизиясы, 3 моторлы дивизия, 17 бригада, жауынгер топтар және жеке бөлімдер дайындалды.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

Берлинге қарай асыға ұмтылған қолды күрт солтүстікке қарай бүру алғашында жұрттың көбіне түсініксіз болды. Рахымжан да бұған түсінген жоқ. Бірақ әскер тәртібінде «неге» деп сұрамайды. Бұйырылды — бітті. 150-дивизия қарлы-жаңбыр аралас сылқылдақ жолмен ұзақ сапардан соң күшті қарсылыққа тап болды.

...Міне, Флатов қаласына таяу жер. Полк командирі Плехаданов штабта отыр, көңілсіз. Үшінші батальон селдіреп қалды, шабуыл сәтсіз болды. Екі күнде бір батальонды бүйтіп жайпай берсе, немістің түрі жаман. Екінші батальонның да шығыны көп. Кешеден бергі шептен әлі бір көше де жылжыған жоқ. Көрші полктардың да шығыны көп. Бірақ бұл полкқа өте-мөте ауыр тиді бұл қамал. Тұяғы түгел бірінші батальон — Твердохлебтың батальоны. Әккі комбат ақылды жасады, Логинов пен Давыдовтай барлаусыз қойып кеткен жоқ. Қаланың аты — қала. Оның қорғаныссыз болуы мүмкін емес. Командирдің жүрегі үлкен бекіністің барын сезгендей еді. Плехаданов оны әскери алғырлығы үшін құрметтейтін. Міне, өзіне тағы да шақырып отыр.

— Жолдас капитан! 2-3-батальондар ес жисын. Бүгінгі ауырлық сенің мойныңда. Солдаттар тың ба?

— Жолдас подполковник, тың болуды кім берсін. 500 километрлік жорық, сөз жоқ, шалдықтырды. Небәрі үш-ақ күн демалдық. Мұндай қамалдың алдында дамылдату керек еді. Шегінді екен деп немісті ақымақ санауға болмайды. Әлі талай «сый» табақ тартады алдымыздан. Міне, мынау соның бірі.

— Иә, сізбен 100 процент келісемін. Өздері тамағы жыртылғанша айғайлап жүрген «эластикалық» қорғанысы осы ғой. Шегініп, шегініп, күтпеген жерден соққы беру. Аңшы болып көрдіңіз бе? Қасқыр болдырған кезде ырылдап, айбат шегіп жатып алады. Қарап жатпайды, андып жатады. Жалт етсеңіз бітті, тура шабады. Оңтайына келсеңіз жарып жібереді. Оның бойында күші болады. Міне, неміс те тура сол секілді. Оңтайына келдік, екі батальонды күйретіп алдық. Сізге бұл сабақ болсын деп отырмын. Өзім де бармағымды шайнаулымын.

Твердохлеб үшінші ротаны ең ауыр оң қанатқа қойды. Неміс осы жерге қатты шүйлігуде. Оның мәнісі де бар. Бұл арадан жарып өтсе, қалаға сұғынып, кеуделеп келе жатқан бөлімшелердің ту сыртынан ұрып абыржытпақшы. Сөйтіп, шегіндірмек, қаланың қақпасын қайта жаппақ. Түні бойы үш дүркін соқтықты. Бірақ еш нәрсе шығара алған жоқ. Қошқарбаевтың взводы ерекше көзге түсті, өткізбеді. Екі жақ та аңдысып-аңдысып, ақыры сәл тылсым тапты. Жагы сембей сарнаған пулеметтер де үнсіз. Таң білініп келеді. Майданда ең ауыр уақыт осы. Шаршау мен ұйқының жауға көмектесетін мезгілі бұл.

Рахымжан үш бөлімшенің үшеуін де аралап шықты. Гончаров, Серебряков, Пантелеев үшеуі де ояу екен. Попов Гончаровтың тап қасында. Бүгін жаудың сазайын берген пулемет осыныкі. Қараңғы болса да өңкиген денесіне қарап бірден таныды. Өзі де қайратты-ақ. Әнеукүнгі ұзақ жорықта шалдыққан солдаттардың көбінің жүгін көтерген де осы.

— Неміс!

Бұзылған үйді қалқалап баспалап келе жатқан үш автоматшы көрінді. Попов пулеметіне жармаса кетті. Қағып түсіретін жерде.

— Атпа!

Рахымжан Гончаровқа, Поповқа, тағы екі солдатқа артымнан жүр деп ымдады.

— Мына жырамен айналып, артынан шығайық. Күні бойғы дауысыңды естіп, өзіңмен таң алдында оңашады таныспақшы болған ғой.

Сыбырлап қана сөйлеседі. Рахымжан Поповтың мұндай қалжыңды сүйетінін біледі. Жасында тентек болған екен. Ақырып-зекірсе қыржиып қалады. Қыбын тауып сөйлессең, тау қопарады. Әр солдаттың қыры Рахымжанға әбден аян.

Немістер он жақпен айналғанда, бұлар сол жақпен артына шықты. Олар үшеу, бұлар бесеу. Сығалап қарап жатыр. Бәрі де Попов секілді өңкиген дәу екен. Кездесетін қылға анау.

— Халт! Ханде хок!

Бұл дауыс қатты да шыққан жоқ. Немістер тап желкелерінен кезеніп тұрған бесеуді көрді. Автоматтарын тастап-тастап, қолдарын көтерді. Айдап комбатқа әкелді. Тұтқындарды Рахымжан Поповпен бірге өзі айдап келді.

— Иә, лейтенант, алғашқы олжаң ба? Қайырлы болсын.

Комбат тұтқындармен аудармашы арқылы тілдесуге кіріскенде, қаланың үстінде найзағай ойнады. Орталықты біздің зеңбіректер соға бастаған екен. Немістер тажалдай қорқатын «Катюшалар» да ойнап берді. Су-су етіп өткенде сондай сұсты шайтан. Әлем-тапырақ айқас қайта жанданды. Кезекті жентектеуден кейін жаяу әскер шабуылға көтерілді.

674-полк 17-февральда Шнайдемюль қаласының түбіне жетті. Қала өртеніп жатыр екен. Осы қалада да талай шығын болғанын полк жауынгерлері дивизиясының саяси қызметкерлерінен естіді. Көшелерді гитлершілерден тазалауға бөлінген құрамалар қатты қарсылыққа ұшырапты. Үй-үйге бекініп алған фашистер тіпті қырып жіберіпті.

Бұл да сабақ. Саяси қызметкерлер, командирлер енді көше ұрысының тәсілдеріне үйренуге назар аударды. Алда фашистердің талай қаласын алуға тура келеді. Бұл өнерге де жетілмесе болмайды.

Тағы да жорық. Батраков басқаратын үшінші рота қаланың солтүстік жағын айналып өтетін тас жолмен келе жатқан. Бұларды қуып жеткен жеңіл машина озыңқырап барып тоқтады. Рахымжан дивизия командирі генерал Шатиловты бірден таныды. Ол машинадан түсті де, қатарласа беріп:

— Жігіттер, қалай, демалыссыз жаяу жүру ауыр болған жоқ па? - деді.

Рахымжанның взводындағы күлегеш Гичко:

— Ештеңе етпейді, жолдас генерал. Одерде бір шылым шегіп, Берлиннен бір-ақ шығамыз ғой, — деді.

— Одер әлі біраз жер. Жау да шамасы келгенше «сыбаға» әзірлеп жатқан көрінеді.

— Неғылар дейсіз, жолдас генерал. Табанымыздың асты неміс жері. Мұның қай пұшпағын соққыласақ та, Гитлердің жүрегі зырқырар.

Солдаттың мына көңіл-күйі генералға ұнады. «Бірінші батальонды бекерге «қайсарлар батальоны» деп атамайды екен ғой» деді ішінен.

Жылы қоштасып, табыс тілеп жүріп кетті.

Аялдайтын жерге полк екі күннен соң жетті. Ағаштары сиреп қалған шағын орман арасы. Шнайдемюльдегі ауыр шайқастан кейін жұрт он шақты күн осында демалмақшы.

Ақ жаңбыр үздіксіз жауып, жер тіпті іріп кетіпті. Таяудағы қираған деревняға жетудің өзі әжептәуір күшке түсті. Аттар ми батпақта зеңбіректерді тарта алмай, солдаттарға өз жүгіне қосымша жұмыс табылды.

Тап осындай сәтте мотоциклмен жүрген батальонның поштабайына Рахымжан таң қалған еді. Ол қолына дивизияның «Воин Родины» атты шағын газетін ұстап айқайлап тұр екен. Газетте 3-тегеурінді Армияның әскери Советінің үндеуі жарияланған. Онда Берлиннің жақын екендігі, жауға соққы беруге әзірлену қажеттігі айтылыпты. Осы номерден Рахымжан Твердохлеб басқарған батальонный Шнайдемюль түбіндегі үздік ерлігі жайлы мақаланы көрді. Өз взводының қимылдары да мақталыпты. Попов, Зотов, Исажанов, Гичколардың, рота командирлері Атаевтың, Батраковтың аттары аталыпты. Бұл номерді взвод жауынгерлері жабыла оқыды. Көңілдері бір өсіп қалды.

...Белгісіз бір хутордың түбі. Тағы да шайқас. Фашистердің траншеялары взвод ұстаған шептен 500 метр жерде ғана. Ар жағы не болары Рахымжанға белгісіз.

Сөзді артиллерия алды. Сосын танктер кетті. Танктің артынан жаяу әскер келеді. Екінші взводтың алдындағы танкке снаряд доп тиді. Жана бастады. Соның артынша іле тағы бір снаряд келіп жарылды. Міне, солдат Исажанов, пулеметші Зотов осы арада опат болды. Екеуі де ержүрек жігіттер еді. Шнайдемюльде Поповтан кейінгі көзге түскен ерлер болатын. Зотовтың бір жақ иығымен қоса басын жұлып әкетті. Жантүршігерлік көрініс. Кейбір солдаттар сасып, тазарған аумақтан шытып, өз-өзінен арандап қала жаздады. Дереу шешім қабылдау керек. Шегінуге болмайды. Тек алға. Мұндай сәтте солдаттарды ширататын да, састыратын да командирдің шешімі.

Рахымжан:

— Ура! — деп өзі алға ұмтылды. Қараса, пулеметін кезенген Попов өкшелес келеді. Ол тіпті ет қызуымен алға түсті. Бүкіл взвод жұдырықтай түйіліп, ілгері ұмтылды. Аман танктердің артында басқа бөлімшелер де қаптап барады.

Траншеядан шытып үлгермеген немістердің үстіне біздің солдаттар топ-тобымен түсті. Рахымжан Поповтың қаруын осы арада көрді. Пулеметінің дүбімен отын жарғандай оңды-солды сілтеп жүр. Пантелеевқа үш неміс келіп қапты. Екеуін өзі жайратты. Үшіншісін автоматын кезене бергенде Гичко талма білектен қағып түсірді. Мылтықтың дүбімен ұрды. Көзді ашып-жұмғанша найзасы кеуде тұсынан қорс етті. Түсі сұрланып, көзі қанталап кетіпті. Ылғи күлетін де жүретін. Шаршаса да күлетін, ұрыссаң да күлетін. Мына кейпі ол Гичкота тіптен ұқсамайды. Жүзі өрт сөндіргендей түтеген.

Траншея қолға көшті. Бұдан ары тағы жылжу керек. Бірақ танктердің бірнешеуі келесі траншеямен екі ортадағы минаның үстінен шығып, жана бастады. Бұл жаяу әскерді сескендірді. Осы шепте біраз бекініп алу керек, етек-жеңді жию керек.

— Комбат Твердохлеб шақырады, — деген хабар алды Рахымжан. Траншеяның ішімен жүгіріп жетті.

— Жігіттерің жарады, ер екен жолдас Қошқарбаев. Өз атымнан бәріне де алғыс айтамын. Мұндай жолбарыстармен қандай қамалға болса да шабуға болады.

— Служу Советскому Союзу!

Бұдан басқа аузына сөз түскен жоқ. Твердохлеб қолын қысты. Кетуге рұқсат етті.

Совет әскерлері шабуылдай отырып, күшті екі соққы берді. Біріншісін — 24-февральде, 2-Белорусь майданының күштері Линде аймағынан Кеслинге қарай, екіншісін — 1-мартта

III

Белорус майданының күштері Штаргарттың оңтүстік шығыс жақ аймағынан Кольбергке (Колобжегке) қарай берді. Біздің армияларымыз Шығыс Померания тобын екіге бөліп тастап, Балтық теңізінің жағалауына шықты.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

Цыцау деревнясы. Теңіздің жағасында. Бұйра толқын соғыс алаңындай тулап жатыр. Бекініп алған матростар. Үш күн болды, маңайлатпайды. Жері де төбелі-жоталы. Қорғанысқа қолайлы-ақ. 674-полктың бірінші батальонының алдында осы деревняны алу міндеті қойылды. Өздері бұған дейін көрмеген әскер түрімен — теңізшілермен шайқасуға тура келді. Бәрі жап-жас, алып денелі, беттері үйткен шошқаның етіндей қып-қызыл немістер. Осы арада өздерінің құрбандыққа қалтаның білетін секілді. Қимылдары солай, бәрібір өлім.

Твердохлеб үш ротаны үш жақтан — шығыстан, түстіктен, батыстан салды. Солтүстік — теңіз. Жаннан безгендер шын мәнінде қоршауда. Батальонда артиллерия батареясы бар. Командирі — капитан Рамоновский. Негізгі бекініс пунктерін атуға бұйрық берді. Артиллериялық атыстан кейін үш рота үш жақтан қысты. Батыстағы, шығыстағы бірінші, екінші ротаны жылжытпай қойды. Азды-көпті ілгері басқан 3-рота. Батраковтың ротасы. Комбат Твердохлеб та осы ротамен бірге. Бұл ротаны ілгері жылжыта беру керек. Қоршауда тұрған дұшпанды бұлай болу өте тиімді. Комбаттың ендігі ойы осылай. Ол Батраковқа алдыға Қошқарбаевтың взводын салуды тапсырды.

Қас қарая екінші взвод деревняның шетіндегі тас дуалға ілікті. Дуалдың биіктігі — 3 метрдей.

Ең қауіптісі — түн. Сақ болу керек. Офицерлерден кезекші қою керек. Твердохлеб Қошқарбаевты кезекшілікке қойды.

— Бүгінгі күннен өліп шығуымыз да, аман шығуымыз да сенің қолында. Жау қайткенде де бізді бұл арадан ығыстыруға тырысады. Шегінсек, қайта кіру керек.

Түні бойы дүркін-дүркін шабуыл жасауға келісілді. Жаудың мазасын ала беру керек. Алдынан да, артынан да қысқан соң қайтер екен «батырың!». Бұл арада тағы да бір үлкен қауіп бар. Ар жағындағы өз әскерімізді атып алмау. Сондықтан қимыл мейлінше дәл, мейлінше есеппен жүргізілуі керек. Созалаң атыстан гөрі, қоян-қолтық айқас тиімді. Өйткені, біздің әскер, әйтеуір жеңетініне сенімді. Ал немістердікі жан сақтау. Бірақ мұндай кезде адам еш нәрседен тайынбайды. Төніп тұрған өлімнің ашындыруы, аярлыққа салуы заңды. Осының бәрін Твердохлеб салмақтап, саралады. Соғыс құрбандықсыз болмайды. Бірақ оның да шегі бар.

Рахымжанға шабуыл кезінде осыны ескер деген. Албырт жастықтың көзжұмбайынан сақтандырған. Адам тағдырымен ойнауға болмайды. Біз өмір сүру үшін соғысып жүрміз. Кім өлу үшін соғысады? Соғыс жұмбағының қиындығы да сонда. Ол бір айнаның екі беті сияқты. Бір жағы — қырғын, өлім. Екінші жағы — өмір үшін, тіршілік үшін күрес.

Гончаровтың бөлімшесі он екі немісті айдап келді. Тұтқындарды взвод командирі Қошқарбаевтың өзі қабылдады.

— Қаншасыңдар, неге берілмейсіңдер?

— Хайл Гитлер!

Хормен айтады, бұдан басқа жауап жоқ. Фашистерді тағы қысты. Мелшиіп тұр, міз бақпайды.

— Теңізшілерге бұл арада не бар? Қайдан келдіңдер?

— Хайл Гитлер!

Сыр ете түскен автомат даусы ғана естілді. Оның не істегенін түн жасырды. Ертеңінде жұрт дуалдың жанында тенкиіп-теңкиіп жатқан «хаилшілерді» көрді. Мұнысы жөнінде Рахымжан комбатқа өзі айтты. Твердохлеб жымиып күлді де:

— Жауды аяған жаралы демей ме? Жаннан безгендерге сол керек, — деді.

Таң ата екі рота сырттан, бір рота іштен шабуылға көтерілді. Қарсылық қатты. Мұндай қоршауда әдетте берілгеннен басқа амал болмайды. Бірақ қаруын тастап, қолын көтерген біреу жоқ, жанталаса шайқасуда. Жаннан безгендер десе, жаннан безгендер екен. Бәрі қырылды. Батальон бөлімшелері бір-бірімен тоғысты.

Тек он шақты неміс қорғаннан қарғып, суда тұрған қатермен теңізге кетпек болды. Оларға артиллерияның оты жалынды. Үш орудиенің үлесіне қашқындар мінген үш қатер тиді. Дөп тиген оқтан кейін үш қатер жанып, су түбіне кете барды. Асау толқын ызалана, айбаттана жұтып қойды.

Бұл бекіністі алуда қаза болғандарды комбат жинап, бір жерге жерлетті. Азалы жиын ұзақ болған жоқ. Мынау теңіз жағасындағы биік дуал осыларға қойылған ескерткіштей. Рахымжанның взводынан қаза болғаны — 7 адам. Жігіттердің бірі тас дуалға: «Жаудың бұл шетін теңізге әкеп тіредік. Сендердің кектеріңді енді Берлинде аламыз. Бақыл болыңдар!» — деп жазды.

Артиллерия теңізге қарай үш дүркін оқ атты. Батальон жорық қамына қайта кірісті. Келесі күннің түнінде Витшвинзе көлінің солтүстік батыс бетіндегі қыртын шайқасқа кірісіп кетті. Командованиенің барлаушылар арқылы жаудың бекіністері, атыс ұялары жөнінде дәл дерек алуы аса мәнді болды. Екі сағат бойы зіркілдеген зеңбіректер мен «Катюшалар» дұшпанның үш қатарлы бекінісінің күл талқанын шығарды. Самолеттер де жақсылап шүйлігіп берді дейсің.

Бұл жердегі жау күші шынында Совет әскерлерінен екі есе артық еді. Бірақ 150-дивизиянын тұтқиылдан жасаған шабуылы өзінің тиісті нәтижесін беріп, жеңіске жеткізді.

Осы шайқастан кейін дивизия командирінің 674-полкке келуі тегін емес-ті. Ол Шнайдемюль қаласы мен Вотшфинзе маңындағы ұрыстарда ерлік көрсеткен офицерлер мен солдаттарға СССР Жоғарғы Советі Президиумының атынан наградалар тапсырды. Батальон командирі Твердохлеб Қызыл Ту орденін, рота командирі Батраков, Атаев, взвод командирі Қошқарбаев III дәрежелі Отан соғысы орденін алды. Ал Зотов, Исажанов, Мұсылманқұлов, Рысымбетов сынды қаһармандар өз наградаларын көре алмай кетті.

Ең қуаныштысы осы Витшвинзе көлінің маңындағы жеңісі үшін 150-дивизия III дәрежелі Кутузов орденімен наградталды. Бұл дивизия тарихына қосылған таты бір жарқын бет еді.

Әрбір әскер құрамында осы оқиғаға байланысты салтанатты митингілер өтіп жатты.

150-дивизия түстікке қарай бет бұрды. Европаның орманы. Ойдым-ойдым тоғай. Талайға пана болған, талайға тажал болған тоғай. Әр бөлімшенің ұстаған бағыты бар. Енді жүріс жылдамдады. Ірі бекініс жоқ. Дегенмен де барлық жерді сүзіп, барлық тоғайды түгендеп келеді. Күні бұрын картадан көрсетіліп, әр батальонның еншісіне бөлінген тоғай бар.

Міне, мынау тоғай қонақжай болмай шықты. Бірінші батальонның алдынан сатырлап оқ атылды. Пулеметтің де, мылтықтың да үні шығады, граната жарылды. Батальон дереу жауынгерлік жасаққа енді. Солдаттар жата-жата қалысты, тоғайға сіңіп кетті.

Оқ ортадағы алаңқайдан атылып жатыр. Мынау бұрын-соңды көрмеген бекініс. Блиндаж жоқ, окоп жоқ. Үсті березентпен жабылған арбалардан қоршау жасалыпты. Екі арада әжептәуір атыс боп қалды.

Солдаттар өз көздеріне өздері сенбейді. Бір-біріне, командирлеріне қарайды. Оқ атып жатқанның бәрі қатын. Көйлектері шұбатылып жүр. Жылаған балалардың даусы естіледі. Бірақ қарсылығы, мылтық атуы мықты. Батальондағылар Гитлерге адал берілген қатындар екен деп күлісті. Бірақ мына арбалары не? Соғысқа келсе, арбамен неге жүр? Сасқанынан қарсылық көрсеткендер дейін десе, әртүрлі қаруы бар, әзірлігі де әжептәуір секілді. Өздері және көп-ақ. Бас-аяғы бір километрге созылып жатыр. Артиллерияға сөз берсе, көзді ашып-жұмғанша апа-сапа қылар еді. Балаларды аяйды.

Өздері ашық аланда, оқ аузында тұрғандар тырбанғанмен, түк бітіре алған жоқ. Жасақты қол жан-жағынан шықты да, бүріп жіберді, қырылып кетуден қорыққан қатындар тізе бүгуге мәжбүр болды. Екінші взводтың солдаттары талайын қарусыздандырып үлгерді.

— Жолдас комбат, мыналардың мұрты бар!

Рахымжан өңкиген біреуінің көкпеңбек иегін көрді. Қасына жетіп келіп «шешін» деді. Кәдімгі ұзынтұра, сопиған еркек болып шықты әлгі.

Міне, қызық. Қоршауда қалған қолды шетінен шешіндірді. Үштен екі бөлігі еркек болып шықты. Тоғай ішінде күтпеген жерден қойылған мына спектакль солдаттардың, офицерлердің ішек-сілесін қатырды. Тұтқындар сөлбірейіп сапта тұр.

...Бұлар кезінде ту деген түкірігі жерге түспей, күшпен ұстаған елдердің қалаларын, селоларын билеп-төстеген немістің шонжарлары екен. Енді өз бастарына күн туды. Байтал түгіл, бас қайғы. Қолынан келгені бала-шағасын алып, келмегені сопа басын қорғап қашып шығыпты. Ойларынша неміс шекарасына жеткен соң аман қалмақ екен.

Не істеу керек? Жан тәтті. Табылған айла болған — әйелше киінген.

«Сасқан үйрек артымен сүңгиді». Әлемді аузына қаратпақ болған неміс басқыншыларының мына күйкі тіршілігі күлкіні келтірмей қоймады. Осы таяуда ғана бір тоғайда самбырлаған неміс радиосын жұрттың естігені бар-ды. «Совет әскері неміс жерін баса алмайды. Соққы жейтін күні алда. Қандай қаруың болса да бұза алмайтын қамал бар. Немістер! Еңселерің төмен түспесін, бұл уақытша шегініс» деп соққан болатын. Онымен де қоймай, листовкалар тастап кеткен-ді. Ол листовкаларда совет солдатын қолға түсуге үгіттейді. Листовканың бір жаты қолға түскен кезде көрсететін «пропуск».

— Осыны көрсетсеңдер, бөгетсіз өтесіңдер, — дейді.

Әрине, бұл құр далбаса еді. Арасы жер мен көктей екі көрініс. Бірінде — Геббельстің өрекпі өтірік насихаты, бірінде — міне, соғыс ақиқаты. Амалы таусылғаннан арбаны бекініс қылған, әйел боп аман қалмақ болған күйкі тіршілік.

Осы ақиқат ой салды, осы ақиқат жеңіске деген үміт отын өршіте түсті. Осынау жаман тоғайдың ашық алаңында әр солдат соғыс философиясын ұқты. Тынымсыз жорықтарының жақсы жоралғысын көрді.

Қырып кетсе болар еді. Бұлар да аяған жоқ еді ғой. Украинаның, Белоруссияның, Молдавияның қанға бөккен далалары, төрт жыл бойы қираған қала, төгілген қан осылардың мойнында емес пе? «Өмірлік кеңістікті» кеңейту жөніндегі зұлымдық жоспарды құтырына қолдағандардың ішінде бұлар да бар шығар-ау. Әйтпесе бөтен елде несі бар? Варшаваға, басқа қалаларға не іздеп барады? Мына бүкіл Европа бұлардың қанды тырнағынан не көрмеді?

Рахымжан оңаша отырып қапты. Шаршап жүрген солдаттардың көбі қор етіп ұйқыға кеткен. Тынықсын. Күзет бар. Елі, кең жазира даласы түсті есіне. Артында қалған жалғыз Рахымды да долы табиғаттың аузына тыққан, боранға жемтік қылған осы соғыс. Соғыс болмаса, аман болар ма еді?

Ауылдағы барлық ауыр хал де осы иттердің ылаңынан болған жоқ па. Мұхиттай арнасынан асқан мұң, төгілген қан, төрт жыл бойғы еңсені басқан зіл кімнің мойнында? Кек боп қатқан жесірдің зарын, жетімнің мұңын кімнен алады?

...Он жасар неміс баласы совет солдаттарынан көз алмайды. Арбада келеді. Қасына барса, шыр ете түседі. Бұғынады, тығылады. Миына «Совет солдаты атады, шабады» деп құйып тастаса керек. Оқ апатын мана көзімен көрді. Соғыс сыры оған әлі бимәлім. Кімнің пиғылы қандай болғанын қайдан білсін. Өскесін түсінер. Осылардың түсінуі үшін ғана атпау керек деген ой кес-кестей береді. Оның үстіне, дивизияға түгел аман апар деген тапсырма бар.

Берлинге орталықтан, Кюстрин плаидармынан негізгі соққы беретін топтың құрамына төрт жалпы әскери армия және танк армиясы кірді.

...I Белорусь майданы мен I Украин майданы шабуылға шығуға тиіс болды.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

Қараңғы түскен. Қалың ағаш іші. 674-полк дереу сапқа тұрды. Бірнеше күнгі тынымсыз әзірліктің таты бір жалғасы. Қаптаған генералдар. Олардың бүйтіп топталып жүретінін солдаттар да, офицерлер де өте сирек көретін. Саптағылар қақиып қатып қалды.

— Жолдас генерал-полковник, сапта тұрған 674-полк. Қандай жауынгерлік тапсырманы болса да орындауға әзір.

Плехаданов айтып болды. Оның рапорт бергені үшінші тегеурінді Армияның командирі В.И. Кузнецов. Он жатында 79-корпустың командирі генерал С.Н.Переверткин, сол жағында 150-дивизияның командирі В.М.Шатилов.

Кузнецов қысқа сөйледі.

— Жолдастар, солдаттар, офицерлер! Халқымыздың титығына жеткен бұл соғысты бітіру керек. Сіздердің ендігі бағыттарыңыз — Берлин!

Жауынгерлер:

— Ура-а-а! - деп дауыстады.

Бұлар блиндажға оралғанда көктемгі жер иісі мұрынға ұрды. Майдан өтінен жырақ күндер осымен тәмәм болып, генерал-полковниктің жаңағы сөзі екі апта бойғы тынымсыз әзірліктің соңына нүкте қойды.

...Одер! Асау Одер, ағынды Одер, қанды Одер.

Арнасынан асып жатыр, тасып жатыр. Қап-қара боп лайланған суы да өте сұсты.

Немістердің шулатып жүрген үлкен бекінісінің шеті осы.

Түн. Өткел бермес Одердің шығыс жағалауында жер қайысады. Қаптаған адам, самсаған техникадан таяқ тастар жер жоқ. Соның өзінде ызың еткен шыбын даусы естілмейді. Бүкіл тіршілік демін ішінен алып тұрғандай.

Бір уақытта аспан қақ айрылды. От сабаулары тарсылдап ойнап кетті. Жерге ине түссе көрінгендей. Жаңа ғана тылсым жатқан Одер қайнап кетті. Жарықта өзен үстінен ор жерден ұзын белдеулер көрінді. Бұл біздің әскерлердің салып үлгерген понтон көпірлері екен. Көпір емес, енді адамнан, техникадан өрілген белдеулер сияқты. Жау да осы белдеулерге шүйлікті. Бір-екеуін үзіп те үлгерді. Су бетінде адам жаңқадай қалқиды. Бүлінген көпірді қайта салып, қайта жаңғыртып жатыр. Біздің артиллерия да батыс жағалауды үсті-үстіне ұрғылауда. Шын тозақ, қиямет енді басталды. Бәрі көрініп, бәрі сайрап тұр. Қайықпен де, салмен де жүзіп, қаптап бара жатқан адам.

Қанды Одер сылқ-сылқ күліп талайды тамағына тығып та жіберді, үстінде ойнаған от сәулесінен бе, әлде адам қанынан ба, әйтеуір суы күреңітіп кетті.

Тосылып қалды. Көпірлердің біразы кесіліп қалды. Одер өткел бермей тұр. Батыс жағалауға ілінгендердің саны шамалы. Олардың өзін де төпелеп жатыр. Бірақ арғы жағаға совет солдаттарының аяғы тиді. Олардың әзіргі амалы бас сауғалау.

Твердохлеб басқарған батальон тегіс өтті. Одердің қаншаны жалмап, қаншаны жұтқанын түгендеуге шама жоқ. Дереу бекініс жасауға бұйрық берілді. Оқ атуға тыйым салды. Дивизияның өзге бөлімшелері өзеннен өткенше осылай ету керек.

Түні бойы Одердің үсті от ойнағына айналды. Біздің артиллерия жаудың екінші бекінісін нысанаға алды. Бірінші бекіністің жағдайы қандай, күш қанша — белгісіз. Артиллерия ойнаған сайын жағада жатқан жасақ өзеннен өтуге лап қояды. Өстіп үзіп-жұлқып жүріп таң ата батыс жағалауға талай әскер жиналды. Құрбандық та, үлкен шабуылды бастайтын құрмет те осылардыкі.

Күннің ашық, иә бұлтты екенін де білмейсің. Бұлыңғыр бірдеңе. Алдында 150 метрдей жерде жаудың алғашқы траншеясы. Басын көтеріп қылтыңдаған неміс солдаттары көрініп қалады. Олар да жағада жан бар екенін сезгендей. Анда-санда пулеметтен азынатып-азынатып алады. Бірақ біздің әскер тіс жарған жоқ, тырп етпей жатыр. Бейнебір бәрі тірі өлік секілді.

Сәске көтеріле Твердохлеб батальонына шабуыл жасай отырып барлау жүргізуге бұйрық болды. Капитан барлық ротаның жатқан жерін аралап көріп шықты. Үшінші рота ортада, бірінші рота оң жақта, екінші рота сол жақта орналасқан. Шабуылға алдымен көтерілетін үшінші рота. Мақсат — траншеяны алу. Ал екі қанаттағы роталар бұларды оқпен қолдайды. Үшінші рота траншеяға жетісімен бұлардың қолдауымен аналар алға ұмтылуы керек. Қошқарбаевтың взводы шабуыл жасай отырып барлау жасауды тұңғыш көріп тұрған жоқ. Әккі болған, әбден машықтанған. Шабуылға өрттей ду көтерілу керек. Бұларға қай жерден оқ жауады, қай жерден снаряд атылады, кейінде оны андып отырғандар бар. Жау өзінен ондай хабар берісімен тиісті сыбағасын алмақ та.

Взвод жинақы жатыр. Рахымжан жігіттерге қарады. Пантелеев өте алғырды. Атылатын мысықша бір уыс боп жиырылыпты. Жатқан жерлері ойпаң, қазған окоптары су болып кетіпті. Жігіттердің бәрі де малмандай. Таңсәріден олар осы «жайлы қоныста» тапжылмастан жатыр. Көктемнің таңғы салқыны мен шылқылдаған судан тоңғаны ма, әлде шабуыл алдында қанын ішіне тартқаны ма, жүздері сұрланған.

Серебряков өзінен көз алмай жатыр. Тек белгіні күтуде. Бұлардың орны сәл құламалау. Сонда да сыз өзінің табын қалдырыпты. Жамбастары салтақ-салтақ. Жотасы окоптан шыға жаздап жатқан Попов жымиып күледі. Алдыға қарап жұдырығын түйіп қояды. Қабағынан кейістік көрмейсің-ау, шіркін! Бір ғана белгісі көрінбейді. Маңдайынан бұрқырап басылмайтын тері жоқ. Таңғы шық мұны да тоңазытса керек. Оқ атпай, атой салмай іші пысып жатыр. Мұның көңіл күйін Рахымжан жақсы біледі. Алдыны нұсқап көзін қысты.

Гончаровтың қашанғы жинақылығы. Үсті мұнтаздай. Осы жатқандардың бәрінен бөлек төсеніш үстінде болғандай. Отделениенің жігіттері де тас-түйін. Көріп жатыр, тосып жатыр.

Сол қанатта Гончаровтың взводы. Ол да шабуылға көтерілмек. Батальонный парторгі аға лейтенант Кәрімжан Исаков, старшина Штельмах та өз взводында екен.

Бір кезде байланысшылардың бірі Рахымжанның қасына келді. Комбатпен жалғастырды.

— Тыңдап тұрған лейтенант Қошқарбаев!

— Мен он алтыншымын, — деді Твердохлеб сыбырлап қана.

— Гриченков екеуің жауға бәрінен тақаусыңдар. Шабуылға шығарсыңдар. Траншеяны бірінші басып алатын сендер. Жарты сағаттан соң... Мен сенің взводында боламын.

— Құп болады, жолдас он алты.

Әлден уақытта Рахымжан орнынан атып тұрды. Автоматын көтеріп:

— Алға! Отан үшін! — деп айқай салды.

Бүкіл рота ұшқын түскен қудай ду ете қалды. Жау бірден тап иектерінің астынан мұншама адамның шыға келуін күтпесе керек. Бірақ тез есін жиды. Әр тұстан азынаған пулемет, бытырлаған автоматтардың үні естілді.

Күтпеген оқиға. Гриченковтың взводы тары қуырған қазанның үстінен шыққандай болды. Бытыр-бытыр миналар жарылып жатыр. Жұрттың зәресін алды. Кейін қарай боса жөнелді. Рахымжан жалт қарады. Кәдімгі қашу. Берекесіз жан сауғалап қашу. Сәл кідірсе бітті, өз взводын да ешкім ұстай алмайды. Исаков, Штельмах екеуі де сасулы. Дұшпанға керегі де сол. Минаны траншея алдына осылайша зәре алу үшін көмген. Қашқандарды артынан ату оңай.

— Тоқта, кейін қайт!

Рахымжан осылай айқай салды. Өзінің де неге бүйткенін білмейді. Түтеп, автоматты кезеп көлденең тұра қалды. Твердохлебтың назары осы шепте. Бәрін көріп отыр.

— Кім, кім анау? Жұртты қайырған?

— Қошқарбаев!

— Молодец.

Рахымжандар траншеяға іліккенде немістің алды қаша бастады. Бірақ қолма-қол айқасқа түскені көп. Рахымжанның үш жағынан еңгезердей үш неміс келіп қалыпты. Екеуін автоматпен жамсатты. Үшіншісін дүбімен қақ маңдайдан қонжитты. Егделеу келген қасқа бас неміс екен. Көзі аларып барып серең ете түсті. Оң жақта немістер шоғырланып қалыпты. Біздің бір солдат ұшып түсті, екіншісі, үшіншісі...

Серебряков бөлімімен лап қойды. Поповтың пилоткасы шалқалап кеткен. Маңдайынан бу мұржадан шыққандай бұрқ-бұрқ етеді. Шіркіннің қарулысы-ай. Әттең, сойылдың соғысы боп, бір өзін жіберсе, жусатып салатынның тап өзі.

Взвод траншеяны барған сайын тазарта түсті. Осы кезде артқы екі рота да көтерілген-ді. Міне, бүкіл батальон жетті. Бекініс берік. Немістердің өздері жақсылап жасап кеткен бекініс. Іші құрғақ. Қызығын енді біздің солдаттар көруге кірісті.

— Дереу барлық қаруды алға қаратыңдар! Бізді бұл шептен қуып шығуға жау енді жандарын салады.

Комбаттың бұйрығы осылай болды. Неміс артиллериясы үнсіз. Екінші траншеядағы пулемет, автомат бұларды ала алмады. Қауіпті — снаряд, миналар. Немістер енді жаңа ғана қалдырған өз траншеясына шүйлігер. Біздің кейінгі жақтағы бақылау пункттерінен де осыны асыға күтіп отырғандар аз емес. Жау артиллериялары қандай жерден белгі берер екен.

Әдетте ұрыс салып барлау жасаған соң біздің әскердің жаппай шабуылға шығатыны бар-ды. Мұның неміс жүрегіне талай тигені де бар. Бұл жолы да олар дәл соны күтті. Жоқ, олай болмады.

Жаудың алғашқы шебіне жеткен бір-ақ батальон. Бұл не жұмбақ? Көтерілген күйде түре жөнелетін орыстың айбыны қайда? Артиллерия, міне, осы кезде от төкпек еді. Сөйтіп, Одердің шыға берісінде қырғын жасамақ-ты. Алғашқы траншеяны аса көп қасарыспай тастап кеткенінде сондай да қулық болса керек.

Осы бір батальонный бүгінгі ұрыспен барлауы жау жөнінде бірқатар деректер берді. Траншеялар, блиндаждар бекіністің көкесі. Бір күнде, екі күнде салынған құрылыс емес. Үлкен шептің, қорғаныстың барлық ережесіне сай. Траншеялардың аралары миналанған. Бағанағы састырған қуырдақ соны аңғартады. Мұның өзі әсіресе танкке өте қауіпті.

Күні бойы үнсіз болған артиллерияның кешке қарай шыдамы таусылды. Оңай жем еткісі келген қол арттан көтеріле қойған жоқ. Сор түртіп келген жалғыз батальонды таптап тастау керек. Түні бойы артиллерияның қолдауымен үш дүркін шабуыл жасалды. Ойлары — қалайда шепті қайта алу. Батальон түні бойы жаумен арпалысып шықты.

Таң атуға таянған кезде Алексей Семенович Твердохлеб Рахымжанды шақырып алды.

— Сен жарық болмай тұрып, взводыңмен жаудың сол жақ қанатын айналып, екінші траншеясының ту сыртына шық. Біз шыдасақ, бүкіл дивизия Одерден өтіп болады. Бірақ негізгі күшіміз шабуылға шыққанша үн шығармаңдар. Сақ жатындар. Біз көтерілген сәтте ғана атой салыңдар.

— Мақұл, жолдас капитан!

Бәрі комбаттың айтқанындай істелді. Алайда взвод екі оттың ортасында, өте қиын жағдайда қалды. Қырылып кету оп-оңай. Бірақ соғыста тәуекелсіз болмайды. Байқайды, Одерден танктер, зеңбіректер қаптап өтіп жатыр. Жау әлі сонда шүйлігуде. Дивизияның штабы да бергі бетке жетті деген хабар келді. Мұның өзі үлкен медеу болды. Плехаданов та екінші траншеяға шабуыл жасау жоспарын мақұлдапты. Батальонның бұл арада бар екенін жау бәрібір біледі. Әрине, өте қауіпті тәуекел. Негізгі үміт — взводтың желкеден оқыс атой салуында. Есеп жаудың абыржуына құрылған. Егер оның сәті түссе, батальон екінші траншеяға жетті дей бер.

— Алға, шабуылға!

Бұл Твердохлебтың даусы еді.

Жау да аңдып жатыр екен. Дүрсе қоя берді. Осы сәтте дұшпанның ту сыртынан «уралаған» оқыс дауыс шықты. Бұл атой салған Қошқарбаевтың взводы еді. Фашистер абыржып қалды. Желкесінен шүйліккендер зәресін алып жіберсе керек. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің». Бұған таң алдында батальондағылар шексіз қуанды.

— Полкке екінші траншея алынды! — деген хабар жетті. Күндіз атыс қатты болды. Бірақ біздің әскердің артынан жаңа бөлімшелер құйылып келіп жатты. Танкілер де от бүркіп шабуылға шықты.

Үшінші траншеядағы немістер жанұшыра қарсыласты.

Совет танкілері ілгерілей түсті. Оларға саперлер түні бойы минаны аршып, жол ашқан болатын. Төрт танк қасқая тартып кетіп барады, атып барады. Жаяулар да артынан лап қойды. Күтпеген жерден сол жақтағы бір кірпіш үйден пулемет сарнап қоя берді. Жаяу әскерді танктерден бөліп тастады. Жылжытар емес, ал танктер болса ұзап барады. Әлгі пулеметке бірінің де көзі түспей-ақ қойды. Бір-ақ снаряд жалынатын нәрсе, амал бар ма.

Твердохлеб танкіге дереу ординарецін жіберді.

— Ана пәлені көрсет. Құртсын көзін.

— Құп болады, жолдас капитан.

Ординарец танкке жете бергенде қарсы алдынан мина жарылып, қозғала алмай жатып қалды.

Бәрін көріп жатыр. Твердохлеб ординареціне жіберуге адам іздегендей. Кімді көпе-көрінеу оққа тосуы керек. Ана бишара жылжи алмай без-без етеді. Рахымжанның взводы комбатқа таяу еді. Комбаттың жан толқуын Рахымжан сезді. Ординарецті қалайда от ішінде қалдыртысы жоқ.

Лейтенант айналасына қарады. Қатар жатқанның бәрі қартаң солдаттар. Оларды жұмсауға дәті бармады. Атып тұрып ұша жөнелді. Жаңағы пулемет те булыға шүйлігіп берді. Бұлар да траншеяға жете құлады, сол-ақ екен, бір снаряд арттарынан гүрс етті. Әйтеуір аман...

Жаралы ординарец Рахымжанның бетінен үш қайтара сүйді. Твердохлеб жымиып күлді. Артынша қабағын сәл шытып:

— Тастай алмай жүрген офицерім жоқ, жолдас Қошқарбаев. Сізді мен жұмсадым ба?

— Мені өз жүрегім жұмсады.

— Жүрегім... Білем сенің жүрегіңді... Өзіңді оққа тосып тұра жүгіргеніңнің соңы осы болсын.

...Взвод көп кешікпей екінші эшелонға ауыспақ. Бұлардың орнына жаңа күш келмек. Ұрыс аралығындағы тыныштықтың солдат үшін қандай қуаныш екенін әрбір майдангер жақсы біледі. Жауынгерлер қуанысып қалды. Жау оғы да саябырлап, сәл бір тылсым кезең туды. Попов траншеяның үстіне түрегелген күйі қайта-қайта шыға берді. Рахымжанға оның зор денесі тіпті ірі боп көрінді. Нағыз батыр тұлғалы азаматтың өзі екен.

— Түс! Шықпа! — деп бір-екі рет ескертті. Үшінші ретте аузын жиып алғанша болған жоқ, мұрттай түсті. Мергеннің жалғыз оғы тура екі көздің арасынан келіп қадалыпты.

Демалыс болса да Рахымжанның көпке дейін көзі ілінбей қойды. Поповтың өлімі көз алдынан кетпейді. «Есіл ер-ай, өлімің өкінішті болды-ау». Осы ойлар түннің бір уағына дейін маза берген жоқ. Көңілі құлазып, үлкен бір тірегінен айырылғандай қамықты. Жақсы солдат командир үшін баласындай қымбатты. Қой бастаған серкедей шабуылда тек алдыда жүруші еді. Қайтеді, соғыс заңы сондай, қатал! Бүгін — тірі, ертең — өлісің. Поповтың адресін алып хат жазайын десе, «өлді» деуге жүрегі дауаламайды. Сөйтіп жатқанда көзі ілініп кетіпті.

Бірнеше күнгі дамылсыз шабуылдың шаршатқанын Рахымжан енді сезді. Түрегеп отырса да, мамық төсектегідей тәтті ұйқыға кетеді. Сағынғаннан ба, ауылы түсіне кірді. Әжесі Әлман бір таба нанды қолына беріп, хош айтып жылап тұр. Тура әскерге кетердегі көрген жайы.

— Жетімегім, шеше деп шеше қызығын көрмедің. Әке деп әке қызығын көрген жоқсың. Мә, дәм татшы қолымнан.

Оянып кетті. Түсінде көрген әже көп нәрсені еске түсірді. Анасынан жастай айырылған-ды, өгей шеше тәрбиесі, әкесінің ұсталғаны, детдомда болғаны... Өскен ауылдың бүгінгі халі де бір сәт көз алдына елестеп кетті. Жауып тұрған оқ болмағанмен, одан да ауыр халді ағайындар жазбады ма.

Байланысшының келіп шақырғаны жақсы болды-ау, әйтпесе әлгі зілді ойлар тіпті жаншып бара жатыр екен.

— Жолдас капитан, сіздің шақыруыңыз бойынша келдім, — деді Твердохлеб алдында.

— Ана келесі үйде парткомиссия жұмыс істеп жатыр. Соған барыңыз, — деді капитан.

Рахымжанның есіне осыдан біраз күн бұрынғы жазған арызы түсті: «Неміс фашистерінің ордасы Берлинге жасалатын ұлы шабуылға коммунист болып қатысқым келеді».

Парткомиссия мәжілісіне Рахымжан үшінші болып кірді. Көп сұрақ қойылған жоқ.

— Таяу күндердегі шабуылда взводыңнан шығын болды ма? Солдаттардың көңіл күйі қандай?

Рахымжан сержант Поповтың оқыс өлімін өкіне айтып жіберсе керек, комиссия мүшелерінің бірі:

— Иә, ол ер жігіт еді. Тірі болғанда Попов та бүгін партия қатарына алынатын еді, — деді.

Бұл 1945 жылдың 15-апрелі болатын.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз