Эссе және өлең-жыр байқауы

Ахмет Байтұрсынов

Ахмет Байтұрсынов — қоғам қайраткері, ақын, әдебиеттанушы, лингвист, аудармашы, публицист, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы.

Алаштың көрнекті қайраткері, ағартушы-ғалым. 1872 жылы Торғайдың Ақкөл жағасындығы (қазір Қостанай бол. Жангелдин ауд.) Сарытүбек жерінде туған. 1884 жылы ауыл мектебін, 1891 жылы Торғайдағы орыс-қырғыз училищесін, 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітіріп, өз бетінше көп білім жиған. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Торғай уездерінің мектептері мен училищелерінде мұғалім болады. 1909 жылы патша өкіметінің шет ұлттарға қарсы әрекетіне көзқарасын білдіргені үшін Семей абақтысына жабылады. Мұнда ол 1910 жылдың басына дейін отырады. 1910-1913 жылдары ағартушы қатаң бақылау жағдайында болады. 1913-1917 жылдары әйгілі «Қазақ» газетінің редакторы қызметін атқарады. Осы шақта ағартушы ұлттық Алаш қозғалысын жандандыруға атсалысады. Алаш партиясы құрылатын І жалпықазақ съезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын ІІ жалпықазақ съезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. І съезде негізгі мәселелер бойынша хатшы болса, ІІ съездің шақыру комиссиясына енді. 1917 жылы 14 желтоқсанда Орынборда Алаш партиясының Торғай облыстық комитеті ашылып, қайраткер төраға (Ә.Бөкейхан) орынбасары болып сайланады. Ұлт кеңесі құрылатын ІІ съезде Оқу-ағарту комиссиясын басқарады. 1919 жылы ұлттың болашағы үшін кеңестер шебіне шығып, Өлкелік әскери төңкеріс комитетінің мүшесі болады. 1920-1921 жылдары Халық ағарту комиссары қызметін атқарады. 1920 жылы ол басында "Ұшқын" газетінің, кейіннен аты "Еңбек туы" боп өзгерген осы басылым жалғасының алқа мүшесі болды. Осы жылы желтоқсанда Әлихан, Смағұл, Жүсіпбек, Хайретдиндермен бірге "Қазақстан" мемлекеттік баспасының сарапшылар алқасына енді. 1921-1922 жылдары Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО) ұстаздық етеді. 1922-1925 жылдары ХАК Ғылым комиссиясын басқарады. 1926-1929 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогика институтында, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында қызмет атқарады. Ағартушы қайраткер ғалым, жаңа отандық ғылымның көшбасшысы ретінде қалыптасты. Әдеби қызметі де қайраткерлігімен біртұтасып кеткен. 1909 жылы шыққан «Қырық мысал», 1911 жылы жарияланған «Маса» жинақтары халықты оятуға себепші болды. Ғалымның «Оқу құрал» (1912), «Тіл құрал» (1914), «Әліпби» (1924), «Әдебиет танытқыш» (1926), «Баяншы» (1926) еңбектері ұлт филологиясының негізін қалады. Ол 1926 жылы Бакуде өткен ІІ Түріктану съезіне қатынасты. Саяси себеппен 1929 жылы тұтқындалып, жер аударылды. 1937 жылы тағы да ұсталып, 1938 жылы нақақ атылды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...