Өлең, жыр, ақындар

Қоян жылының қысы

Әнекең мен Әлия жеңгейдің есінде қалған және бір қыс 1968-ден 1969-жылға қараған жылдың қысы болды. Сол жылы табиғат өзінің бүкіл қаһарын бойына жинағандай бір күйге түскен. Әнекең өз өмірінде Маңғыстаудың дәл сондай қарлы да қатал қысын бірер рет қана көрген болар. Бұл араға жылдар салып бір соғатын қоян жылының қысы болатын. Ысқырған ақ боран бет қаратпайды, аяз тиген жерін отша қариды, сақылдаған суық күндер бәсеңсімей, бір қалыпта тұрып алды. Сол бір күндердің қаһары "жоспар" деп екі аяқты бір етікке тығатын мәскеулік мықтылардың, партияның сөзін де адыра қалдырып, кен орнындағы бүкіл жұмыс тоқтап қалған. Кәсіпшіліктердегі мұнай беріп тұрған ұңғылардың бәрі тоқтатылып, қатып қалмау үшін барынша қымталып, жауып тасталды. Ол кезде мұнай тасымалдайтын құбыр деген әлі жоқ. Теміржолды пайдалану мүмкіндіктері енді-енді ғана жасалып жатқан. Мұнай тиісті жерлеріне теңіз арқылы танкерлерге тиеліп жіберілетін. Біздің адамдар оны өндіріп, теңіздегі танкерлерді толтырып беріп отырады. Бұл үшін танкерлер айлаққа жақындап келу керек. Ал әлгіндей қаһарлы қыс күндері теңіз жағалаулары қатып қалатындықтан әрі қатты желден олар айлаққа жақындап келе алмайтын. Осылайша бір ай бойына мұнай өндірісі тоқтап қалады.

Ең қиыны, қақаған қыс күндері тек қана өндіріске емес, жергілікті тұрғындарға да барынша кеселін тигізіп баққан. Далаға шығудан қалған жұрттың үй ішіндегі күйін де кетіргісі келгендей, жылу жүйелері істен шыққан. Қатты суық шыдатпаған батареялар жарылып кеткен. Сол кездегі Өзен мұнай өндіру басқармасының бастығы Рахмет Өтесінов қолдары босап қалған жігіттердің бәрін жинап, жылу жүйесін қалпына келтіру қажеттігін айтады.

Бала-шаға өздерінікі. Қақап тұрған суық үйде бәрібір де рахаттанып отыра алмайсың. Басқа амалдың жоқтығы тағы көрініп тұр. Сондықтан кім қарсы болсын, жігіттер іске кірісіп кетеді. Жарылған батареялардың бәрі лақтырылып, орнына құбыр жүргізіледі.

Қандай қиын кезеңдерде болмасын, күлдіргі оқиғалар көрініс беріп жатпай ма. Әнекеңнің есінде сол күндердің ескерткішіндей бір күлдіргі жай сақталып қалыпты.

Сол күндері жылу орталығын қалпына келтіру жұмыстарын басқару басқармасының бас инженері А.А.Дергачевқа тапсырылса керек. Қай істің болмасын тезірек біткені жақсы ғой, күндіз-түні қапылып жұмыстанып жүрген күндердің бірінде ол бөлмесіне жауапты адамдарын жинап алып, әлдеқандай жайларды кеңесіп отырғандарында, кезекші жігіт ентігіп жетіп келіп:

— Александр Алексеевич! Сізді ЦК-дан сұрап жатыр! — депті. Дергачев асып-сасып орнына ұшып тұрып, жүгіре жөнелсе керек.

— Центральная котельная дегенім ғой, — дейді сонда кезекші оның асып-сасқан түрінен қалай түсінгенін пайымдап.

Бас инженер қайтадан сылқ етіп орныға отыра кетіпті. Ол кездері Қазақстанның мұнай өнеркәсібі Мәскеудегі Одақтық министрлік арқылы басқарылады да, олар телефон арқылы жиі хабарласып тұрады. Сондықтан да ол кісі өзін шынымен ЦК-дан іздеп жатыр екен деп қалған ғой.

ЦК демекші, ғасыр мен ғасырдың тоғысына жақындап, коммунистік қоғамның бүкіл болмысын көз алдынан өткерген Әнес Бүркітбайұлы өз басынан кешіп келе жатқан ғұмырының тағдыр деген шіркінге қаншалықты тәуелді болғанын енді ғана шамалағандай. Бір есептен, өз тағдырына тап болған осы бір ғасырдан еншісіне ауысу кезеңін бастан кешіру қызығарлық та жағдай секілді көрінеді. Олай дейтіні сол қоғамның бүкіл болмыс-бітімін өткеріп келіп, оның сырына да әбден қаныққандай. Ой елегінен өткізіп, ой-шұңқырын зерделеген сайын бар құпиясының сырын ашқандай әсерге бөленеді. Сөйте тұра осынау бір құйтұрқысы көп заманға шынымен ризашылық білдіріп, оның аласапыран күндерінен аман-есен өткендеріне аллаға шүкіршілік жасайтындар бар. Әнекең ондайлардың негізінен аумалы-төкпелі күндерден құдай сақтаған, "халық жауларының" қара тізіміне ілінбей, соғыстың қанды шеңгелінен әупірімдеп аман өткендер екенін де сезеді. Бірақ қалай болған күнде де ел басына түскен рухани жұтауға мән бермей, ұлт болашағы үшін бастарын көп ауыртпаған, судың мөлдірін ішіп, киімнің асылын кимесе де, қарын тоқтығы мен көйлегінің бүтіндігін місе тұтып, барына тәубә еткен қарапайым халық үшін "ит басына іркіт төгілген" бір жаманның бастан өткені даусыздай.

Ал екінші жағынан қарап, азаматтық мәртебе, азаттық биігі тұрғысынан үңілсе, көңілін мүлде ауыр сөзге бір сезімдер майлайтыны бар. Бейне мұны өмір бойы бір шыбықпен айдап, есінен тандыра жүгіртіп отырған бір мықты болғандай. Ол неліктен?! Қалай пайда болған сезім?! Мүмкін бұл өмір бойы өзінің не істеп, не қоятынын да өзі ойланып-толғанып шешіп көрмегендіктен шығар. Себебі коммунист болғандықтан ол партия талаптарын орындаушы ғана болды. Қандай қызметке жіберсе де жан-тәнімен беріле еңбектенетін, сондықтан да болар, қай жерде де ісі нәтижесіз болған емес. Бірақ өзіне тапсырылған саланы енді ғана жөнге келтіріп, жүрмей жатқан жұмысты жүргізіп, орындалмай жатқан жоспарды орындап, табыс көрсеткіштерін еселеп арттырып, енді ғана бір асықпай, аптықпай, еркін тыныстап, бойын жаза бергенде оны жұлып алып, екінші бір қиынға тастап кеп жіберетін. Ал бұл партия көрсеткен сенім, сенің еңбегіңнің жанғаны деп қабылдауың керек. Ал ол қиыннан да жол тауып, тағы да орындалмаған жоспар орындалып, жетпеген биіктерге қол жете бастағанда баяғы бір қол келіп тағы да бір алынбаған қамалды алып, тұралап қалғанды тұрғызасың деп, бір жағына қарай тағы да жібере салады. Солай қайталана береді.... қайталана береді... Бұл Компартияның кадрларды пайдалану саясатының бір нұсқасы болар. Бірақ сол бір кездегідей жанкештілікпен жұмыс істеу қазір бар ма екен?! Адамның өмірін көрікті ететін тек қана күндіз-түні үй көрмей, демалыспен есептеспей жасайтын қызмет қана ма? Әлде жан қинамай еңбектену үшін жететін биіктерге бұлар әлі жете алмай жүр ме? Шынына келгенде, олар Маңғыстау байлығын игеруге жол салған алғашқылардың қатарында болмағанмен, солардың етегін баса жүрді. Сол кездері бірге еңбек еткендердің бәрі де Әнес Бүркітбайұлының көргендерін көрді.

Алғашқы сүрлеу салынғаннан кейін де қиыншылықтар әлі көп болатын. Соларды көру бұлардың маңдайына жазылыпты. Еңбек жанып, алысқа ұстанған мақсатын орындаған соң, жүрген ортасына сыйлы болған соң, басы аман, малы түгел болған соң бұлар көп нәрсені елемегені рас. Көппен көрген ұлы той дейді ғой қазақ мұндайда. Бірақ құрғыр көңілінің әр бұрышын туып қалған түйткіл біткенді біртіндеп бері шығарып, бүгінгі жаңа талғам, жаңа түсінік тұрғысынан салыстырып қарап қобалжытуын қояр емес. Әсіресе өзінің коммунист болған кездері ойынан шықпай, мазалай береді.

Әдетте коммунист біткен артық сөйлеуден, ішіндегісін ақтарып салудан сақтанып, артық ауыз әңгімеден бойын аулақ салып жүреді. Партия жетегіндегілердің ең алдымен ауыздарына құлып салатын партиялық билет екен. Ол билетті қалтаға салып тұрып басшыға қарап сөйлеу қиынның қиыны. Ал сөйледің екен — ол партия саясатына қарсы шыққаның, ондай адамның өз билетінен айырылатыны түсінікті. Билеттен айырылу ол кездері өліммен тең жаза. Онда көрген күніңді итке берсін. Партия ыңғайымен талай азаматтар туған-туыстан, жолдас-жорадан безіп кетті. Әкесі дүниеден өткенде бет сипамаған, құран оқымаған азаматтар қанша ма?! Ең өкініштісі "Коммунизм елесіне" алданып, соның уағызына еріп, ой-санасы шектелген жастардың көптігі. Сол заманда тәрбиеленіп, өнеге алған қазіргі жастардың пиғылындағы кейбір оғаштықтар соның жемісі екені де сөзсіз. Бойына шынайы халықтық тәрбиенің нәрі сіңбеген, адамгершілік қасиеттер табиғи қалпымен он бойына енбеген, рухани дүниесі жұтаңдау қалған бүгінгі ұрпақ өкілдері арасында өмірге жеңілдеу қарайтындар, замана лебі қалай қарата ессе сол жаққа, түпкілікті нәтижесін ойлап жатпастан, тез ауа қоятындар көп. Ондайлардың басшы қызметте жүрген жастар арасынан да кездесіп қалатыны қынжылтады. Ал бизнесмен боламын деп білек түріп шығып, қалтасына тиын-тебен түсе бастаса соны көтере алмай, не үй ішінің шырқын бұзатын, не ішімдікке салынатын жастардың, сөйтіп өзін қор қылып жүргендеріне қарап жан күйінеді. Ондай жастар Одақ құзырында жетпіс жыл жүрген елдердің бәрінде де баршылық. Маңғыстау байлығы ашылып, оған айналамыздағы одақтас республикалардан келгендер арасында да жеткілікті болып шықты. Олардан жастарымызға қандай "өнеге" келгенін жұртшылық өзі де біледі...

1966 жылы 10 шілдеде Өзен Кен орнының алғашқы миллион тонна мұнайы тапсырылды. Алайда мұнай өндіруді одан сайын молайта түсу талабы бәсеңсімейтіні түсінікті еді. Оның негізгі тетіктерінің бірі өндіріске ғылым мен техника жаңалықтарын молынан енгізу. 1967 жылы "Узеньнефть" мұнай-газ өндіру басқармасының №3 мұнай кенішіне меңгеруші болып тағайындалған Әнес Бүркітбайұлы осы мәселеге айырықша назар аударған. Соның бір мысалы ретінде өз басшылығымен топтық қондырғылардағы ұңғылар жұмысын автоматты түрде басқару және бақылау жүйелерінің іске қосылуын айтуға болар еді. Өзен кен орны мұнайының құрамында парафиннің көптігі салдарынан оны өндіру қай кезекте де күрделі болып келді. Осыған байланысты өнім алуды жеңілдету мақсатымен Әнекең аз уақыттың ішінде ұңғыларды мембраналық атқару механизмін гаммарелемен алмастырып, пайдалану мүмкіндіктерін жасау жұмыстарына басшылық етті. Бұл әдіс жоғары реттеуші ролін атқаратын бірден-бір қажетті құралмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Әнекең №3 мұнай кенішін басқарып жүрген жылдар ішінде мұнай өндіру бұл кеніште 600 мың тоннадан 4 млн тоннаға дейін жетті. Мұндай нәтижеге жоғарыда аталған тәсілді қолданумен қатар Кеңес Одағының ғылыми-зерттеу институттары шығарған ұңғыларды қыздыру аспаптарын пайдалану, тағы да басқа ізденістер ықпалын тигізген. Ал өзінің жақсы білетіні, ұңғылардың жөндеу күтіп, ұзақ тұрып қалмауын қамтамасыз ету қажет. Бұл үшін әрқашан қажетті құрал-жабдықтар сай тұруға тиіс. Ол басшы ретінде өзінің іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін бойына біткен мұқияттылығы, тыңғылықтығы арқылы көрсете білді.

№3 мұнай кенішіндегі №84 ұңғыны іске қосқан күндері әлі есінде. 1968 жылдың қаңтары болатын. Мұндай кездері жұмыс күнінің қашан аяқталарын бір құдайдың өзі біледі. Бұл жолы да қарбалас күй түн ортасынан асқанша созылған. Ұңғының пайдалануға берілу құрметі үшін арнайы алып шыққан бір жартыларын сол жерде бөліп ішкен соң ғана, көз шырымын алуға Өзеннің дөңіндегі жұмыс орындарынан бірер сағатқа үйлеріне қайтқан.

Бірде Әнекең жиырма жылдан аса жұмыс істеп тұрған ұңғыны арнайы барып көріп қайтты. Зіркілдеген мотор үні құлақ тұндырған шағын үйшіктің — (Спутник) ішіне қолдың саласындай қаз-қатар тізіле еніп кетіп жатқан, тоқ құбырлар көзіне оттай басылды. Сонадай жерде алып пеш жанып тұр. Ол әлгі ұңғылардан шығып, құбырлар бойымен қаз-қатар тізіле аққан қою майды келесі бір белге жеткізгенше салқындатпау үшін қызмет етіп тұр. Ал мынау үйшік ішінде жан-жақтан бас қосқан құбырлар бойындағы түрлі тетіктер ұңғылардың хал-ахуалынан хабар береді. Қалай жұмыс істеп тұрғанын құбыр бойымен не жүріп жатқанын, басқа да жағдайларын көрсетіп, мұнай құрамындағы элементтер сипатын ұқтырып тұрады...

Әнекең зіркілдеген мотор үнін біраз тыңдап тұрып, үйшіктің есігін сәл ғана ашып көрді. Таныс көрініс... таныс иіс. Сол мезет өзінің осыдан жиырма жыл бұрынғы жасаң шағы есіне түсіп, жүрегін шым еткізген бір ерекше сезімді түйсінді. Иә, тірлік керуені оны жел айдаған қаңбақтай біраз жерге әкеліп тастаған екен. Сол бір зуылдаған жылдармен жаңа түйсінгендей, жеңіл күрсініп алды. Ал оның бір кезде өзі өмір сыйлаған ұңғылары бейне бір мұны қимағандай, барған сайын жұмсарып, майдаланып, құлаққа жағымды әсем әуендей бәсең гүріл біртіндеп алыстай берген...

Іскерлігі мен ұйымдастыру жұмыстарына деген қабілеттілігінен болар, көп ұзамай-ақ Әнекең мансап баспалдағынан және бір саты көтерілді. 1970 жылы «Узеньнефть» мұнай газ өндіру басқармасының басшылары оны осы басқарманың техника бөлімінің бастығы қызметіне ұсынады. Бұл мұнай өндірісіндегі бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін су ысытатын және ыстық суды қабатқа айдайтын тәжірибелік-өндірістік қондырғы дүниеге келген кез болатын.

Техникалық бөлімді басқара жүріп, Әнекең енді осы қондырғыны өндіріске енгізу ісіне бастан-аяқ араласты. Оның тиімділігі мен беріктігін арттыру мақсатында ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып жұмыстанды. Соның нәтижесінде су жүріп тұрған қабырғаларға қақ тұрмайтындай нәтижеге қол жетті.

Өмірдің алуан түрлі сабақтарын алып, тіршіліктің сансыз сырларын игере келе адам өзіне түсініксіз ешқандай да құбылыс қалмауы үшін күресе білуі керек деген қорытындыға келеді екен. Ештеңеден қорықпау үшін де, ештеңеден тарықпау үшін де ең алдымен керегі ізденіс десе дұрыс болар ма еді!? Дүниедегі ең күрделі деген құбылыстардың көбі ең бір қарапайым заңдылықтарға негізделетін болып шығады. Ал өзіңе түсініксіз істі қолға алу қаншалықты қиын болса, сол істі игере келе оның соншалықты қарапайым, оп-оңай ғана жолдармен жүзеге асатынына көзің жетіп жатады. Шынына келгенде, ештеңеден қорықпауға да, ештеңеден тарықпауға да болады. Өйткені көп нәрсе адамның өзіне ғана байланысты. Міне, техника бөлімінде жүрген жылдарында Әнекең көрген түйгендерінен осындай қорытынды жасаған.

Партияның түсіндіруі бойынша, жұмыстың жақсысы мен жаманы, үлкені мен кішісі деген болмайды. Қолында коммунистік билеті бар адам партия жұмсаған жаққа жүре беруге міндетті. Осы тәртіп бойынша бір күні Әнес Бүркітбайұлы аяқ астынан кәсіподақ қызметкері болып шыға келді. Өндірістің сөзі болмаса, насихаттың сөзін мінбеге шығып сөйлеп көрмеген Әнекең біраздан соң оны да ептеп игеріп, өзіне деген сенімі нығая бастаған. Сондай күндердің бірінде облыстық кәсіподақ ұйымының "Казсовпроф" пен ВЦПС өкілдері қатысатын үлкен конференциясына шақырылды. Сөйлейтіні туралы алдын-ала ескертілмесе де, облыстық ұйым төрағасы оны сөйлеушілердің тізіміне қосып қойыпты. Осыны біліп, сасып қалған ол төраға Айтжановтың бөлмесіне жетіп барып, өзінің үлкен жиында сөз сөйлеп, мақтанарлықтай жағдайы жоқ екенін айта бастаған. Кім екенін білмейді, бір бөтен ұлттың адамы отыр екен, айтысып жатқан бұл екеуін мәмілеге шақырып:

— Ештеңе етпейді, ештеңеден қысылмаңыз. Өз ойларыңызды өз сөздеріңізбен жеткізіп берсеңіз болды, мұндай жерде сөйлеуге не дайындық керек!? - деп, басу айтып жатыр. Бастығы да соны қостады. Бұл қолды бір сілтеп, шығып кетті.

Сөйтіп, өз ойларыңды жеткізсең болды — дегенге, Әнекең бір көсіліп сөйлеп бермей ме...

Бұл өзі бір Өзен мұнай газ өндіру басқармасы басындағы ауырлау кезең болатын. Басқарма бастығы Рахмет Өтесінов күтпеген жерден ауыр жарақат алып, ауруханада жатқалы біраз болып қалған, ал оның орнына уақытша қойылған адамдар тұрақтамай, жиі ауысып, жұмыстың берекесі кетіңкіреп тұрған. Өндірістік жоспарлар орындалмай жатыр. Тіпті осы басқармаға иек сүйеп күн көріп отырған былайғы тұрғындардың да жағдайлары кетіңкіреп, күннен күнге арыз-шағым көбейген. Өйткені жергілікті халықты жан-жақты қамқорлыққа алып, жағдайын жасап отырған осы мұнай газ өндіру басқармасы. Өз жағдайы жоқ басқарма халықтың наны таусылып қалғанда бұрынғыдай көмекке келуге жарамай қалды. Жылу жүйесі жасамай, монша жабылған.

Өзіне еркін сөйлей бер, жазып алып айту міндет емес, ойыңдағыны жеткізсең болды деген соң, Әнекең осындай жайлардың бәрін тізіп тұрып баяндап берді.

Басшылардың райы өзгеріп, өзін жаратпай қалғанын сезді. Бірақ не болса да болар іс болды деп, Өзеніне қайтып жүре берді. Келісімен оны күтіп отырған басқарма парткомының хатшысы Ким Рақымғалиев дүрсе қоя берген:

Оу, не бүлдіріп келдің?! — дейді баяғы.

Сөйтсе бұл келгенше сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашев мырза телефон шалып, Бүркітбаевтың сөйлейтін сөзін неге қарап бермедіңдер деп, ұрсып үлгеріпті.

Азар болса жұмыстан алып тастар, тіпті сонысының өзі дұрыс болар еді деп, бұл кісі де қинала қоймаған. Өйткені оның алдында жүрегін шайлықтырарлықтай талай жайларды бастан кешіп жүрген. Баласына бақшадан орын ала алмаған біреуінің мұның үстелінің үстіне сәбиін тастап кетіп қалғаны да бар. Өлгенде сүйегімді орайтын кілемім жоқ деп, соңынан қалмай жүрген шалдар да әбден мезі қылған. Ал Қырымның жаннаттай демалыс орындарына жолдама алғысы келетін сылқым келіншектер мен сырбаз жігіттер тіпті миды айналдырады. Енді мына оқиғадан кейін осы қызметтен тіпті құтылып кеткенін жөн көрген. Осы оймен әліптің артын бағып жүр еді.

Арада біраз күн өткен соң Республика кәсіподақтың ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сорокин деген жолдас кеп қалды. ВЦСПС XV съезіне дайындық жұмыстарымен жүр екен, өзін ертіп алып, өндіріс орындарын аралататын адам тауып бер деп, өтініш жасады.

— Ондай адам алдыңызда тұр. Мен осы уақытқа дейінгі бұл ғұмырымды өндірісте өткізген адаммын. Өзім аралатамын, білгіңіз келгеннің бәрін түсіндіремін, — дейді.

Осылайша әлгі қонағын ертіп жүріп, барлық өндіріс орындарын көрсетеді, сұрақтарының бәріне жауап береді, шөлдетпей, шаршатпай шығарып салады. Бірнеше күннен соң бірінші хатшы басқарма парткомына телефон шалып:

Сорокин кәсіподақ жұмысын өндіріс адамына басқартқандарың дұрыс болған екен, жағдайдың бәрін өзі түсініп тұрады. Міне, кадрларды осылай пайдалану керек деп, риза болып кетті, — дейді... Сөйтіп баяғы бір күрбің ұмыт болған екен.

Кәсіподақ комитетінде өткен бірнеше жылдан кейін Әнес Бүркітбайұлы "Мангышлакнефть" өндірістік бірлестігінің қабаттардың мұнай өнімін арттыру және ұңғыларды күрделі жөндеу басқармасының бастығы болып тағайындалады. Жер қыртысында табиғаттың ғасырлар бойы сақтаған алтын қазынасын жердің үстіне неғұрлым көбірек шығаруға көмектесерліктей жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибе оны абырой биігіне көтере түсті. Талаппен, ізденіспен, тынымсыз еңбекпен ұштасқан жылдар оны тағы да сенім жүгін арқалауға мәжбүр етеді. 1967 жылдан бастап Маңғыстау газ өндіру басқармасына бастық болады.

Жер мен аспан, Күн мен Ай секілді, мұнай мен газ да әуелде егіз жаратылған болса керек. Өйткені газ табылған жерден — мұнай, ал мұнай табылған жерден газ табылып жатады. Академик И.М.Губкиннің жазбаларына қарағанда, американдықтар тек қана мұнай тапқан жерлерін ғана емес, газ шыққан жерлерді де мұнайлы жер деп есептеп, бұрғылай беретін көрінеді.

Әнекең өз өмірінде мұнаймен де, газбен де істес болды. Түптеп келгенде, мәселе мұнайда немесе газда емес, жөнін тауып, қисынын келтіріп жұмыстана білуде екенін кәнігі маман жаңа орында да дәлелдей білді. Мұнда да өзі бас болып жүріп ғылым мен техника ұсынып отырған жетістіктерді өндірісте пайдалануға зер салды. Теңге кен орнында газды тұңғыш рет төменгі температурада сепарациялау әдісін қолдануға жол ашты. Бұл әдіс бойынша газ бойындағы ылғалды айырып алуға мүмкіндік жасалған.

Ізденістер нәтижесі газ өндіруді де еселеп арттырып, жылына екі млрд текшеметрден төрт млрд текшеметрге дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Ол кезеңде "Узеньнефть" мұнай газ өндіру кәсіпшіліктерінде Теңге газы негізінде компрессорсыз газлифт әдісін қолдануға мүмкіндік туды. Ал, өз кезегінде мұнай өндіруді арттыруға және соған сәйкес оның өзіндік құнын кемітуге қол жеткізді.

Жетібай Маңғыстау атты қазыналы өлкенің құйқалы жерлерінің бірі болып шыққанын бүгінде білмейтіндер кем де кем. Неге екенін өздері біледі, мәскеуліктер кезінде ол жерге қала салуға болмайды депті. Тек қана жұмысшы жатақханаларын салуға рұқсат еткен. Алайда бара-бара жатақханаларды сағалап көшіп келе бергендер Жетібай жерінде бір емес, бірнеше поселке салуға мәжбүр еткен. Әнес Бүркітбайұлы Жетібай мұнай газ өндіру басқармасына ең алғаш бастық болып келгенінде қазіргі елді мекендердің (поселкелердің) барлығы да бар болатын. Олар мұнайшылардың, барлаушылардың, құрылысшылардың мекен етіп отырған ауылдары десе де болады. Солардың бәрінде жеті мыңдай адам тұрып жатқан көрінеді.

Қай жерде де жергілікті тұрғындардың бірінші қамқоршысы сол жерлерде орналасқан ірі кәсіпорындар болатыны сияқты, мұнда да әлгі елді мекендердің барлық тұрмыстық жағдайларына қарайласатын осы басқарма болатын.

Алғаш келген кезінде Әнекең: мына бір жерде қоныс теуіп қалған поселкелердің бәрінің бір жерде болмағаны-ай деп, өкініп қалды. Егер солай бола қалғанда тұрмыс жағдайының көп мәселесін орталықтанған түрде бірден шешіп тастауға болар еді. Мысалы, жылу жүйесі жоқ елді мекендер үшін байланыс қызметін де, азық-түлікпен қамту, су жеткізу сияқты жұмыстарды да, ауылдарға кезек шапқыламай-ақ, бір орталықтан жасау тиімді емес пе? Халыққа қалай болғанда да қол ұшын беру парыз. Сөйтіп, ең күйсіз отырған Мұнайшы (ескі Жетібай) тұрғындары арасында жұмысты бастаған.

Мұнда тұрған үй мәселесі жұртшылықты қатты қинап отыр екен. Сол себепті ең көп балалы отбасыларының тізімін алып, олардың отырған үйлерін кеңейтуге жағдай жасаған.

Осы ауылда бу қазанын орнаттырып, жылу жүйесін іске қосқан Әнекең сол бір күндері талайлардың алғысына бөленгені даусыз. Әдетте адамнан бұрын өндірістің жайын сұралатын сол бір кездерде де Әнекең сынды ұғымы басқа азаматтардың болғаны қандай ғанибет...

"Жетібайнефть" мұнай газ өндіру басқармасында бір жылдан аса басшылық жасағаннан кейін облыстық партия комитеті оны ҚазССР мемлекеттік тау-кен техникалық бақылау инспекциясының облыстық дәрежедегі бастығы қызметін ұсынады.

1991 жылы облыстық экология және биоресурстар басқармасында жерді қорғау және пайдалану бөлімін басқарды. Соңынан осы бағыттағы жұмысын "Маңғыстаумұнайгаз" өндірістік бірлестігінде жалғастырды, Ал 1994 жылғы тамыздан бастап мөлшерлік зерттеу станциясында директор болды.

Мөлшерлеу станциясының жұмысы да өзінше қызықты. Мұндағылар негізінен қандай жұмыс мөлшері үшін қандай еңбекақы төлеуге болатындығын есептеп шығарып береді. Мысалы, бұрғылау станогының 100 метр жер қазғаны үшін қанша төлеуге болады? Немесе кен іздеушілер еңбегін қалай бағалар едіңіз? Күндіз-түні ұңғыларды бақылап, мұнайдың қалай өндіріліп жатқанын аңдитын мұнайшы оператордың еңбегі ше? Иә, мұның бәрі баяғыда анықталып, бір қалыпқа түсіп қалған мөлшерлер. Бірақ осы ұжымның атқаратын жұмыстары әлі де жетіп жатыр. Ара-тұра іссапарларға шығуға да тура келетін... Әнес Бүркітбайұлы қандай жұмыстың да жүйесін тауып, оны ең маңызды қалпында көрсете білетін. Өйткені ешқандай іске де жүрдім-бардым қарай алмайтын...

Ол сол күні алып бара жатқан шаруасы болмаса да, Жаңаөзенге барғысы келген. Астыда желдей ескен "Иномарка" болмағанымен, ақ шаңқан "Волга". Өзі сан рет жүріп өткен, әрбір тасы дерлік көзіне оттай басылатын маңғаз даланы қақ жарған асфальт жолмен зымырап келеді. Өзеннің ойына құлай бере қалың качалкалар орманына еніп кетті. Бүгін әдейі Жаңаөзенге апаратын тіке жолмен емес, өнеркәсіптік аймақ деп өздері атап кеткен осы қиыстау жолмен жүрген. Әне бір тұста бір кездері 7-8 ұңғы көрінетін. Қазір осылай келе жатып бәрін санап шығу тіпті мүмкін емес. Оның да, солыңда да сол бір көрініс. Аттың еріндей болып, көзге ерекше түсетін качалкалар өңештері мен оның бауырындағы алып доңғалақтар еріне қозғалып, мыңдаған метр тереңдіктен май өндіруде. Кейбір жерлерде олар бір-біріне тіпті жақын орналасып, қарама-қарсы тұрып билеген екі тұлпарды еске түсіргендей. Бұлар екі түрлі тереңдіктен май сорып тұрған "жұтқыншақтар" екенін Әнекең жақсы білетін. Тағыда қай жерде қандай қосақтар бар екен дегендей, айнала қызыға қарап қояды. Ара-тұра қимылсыз қалғандар да жоқ емес екен. "Жөндеу күтіп тұрғандар ғой", — деп, ішінен күбір ете түседі ондайда...

Асфальт жол жалтырап, әлгінде ғана жауып өткен жауыннан иін жарқырай түсіпті. Бұл жолмен бұлайша рахаттана жол жүру сонау бір жылдары тіпті мүмкін емес еді. Ақтау мен Жаңаөзеннің арасына жабық, брезент "ГАЗ-6З" автомашинасымен шаңға көміліп, алты сағатта әрең жететін. Сонау көрінген Құлының құлауынан немесе Тарлының асуынан асып, шаң бөккен кірпіктері арасынан көздері әрең жылтырап келе жатушы еді. Ол бір ала шапқын ауырлау кездер болатын. Партияның жалауын қолға ұстап, "уралап" жүгіру талайларды-ақ титықтатып кеткен шығар сонда. Әйтеуір Әнекең, құдай берген денсаулықтың арқасында қанша шаршап-шалдықса да сыр бермеген...

Жалпы адамдар алуан түрлі ғой. Солардың арасында өзіне сеніп тапсырылған істің қандайы болса да, бойындағы бар мүмкіндіктерін сарқа пайдаланудан жазбайтын адамдар болады. Ондайлар үшін әдетте ең бастысы — өзіне сенім артқан адамдардың ойынан шығу, соларды жерге қаратпау, істің мүддесіне нұқсан келтірмеу. Ұдайы осы талап үдесінен шыға жүріп, жұртшылық арасындағы өзінің беделі мен абыройын да арттыра түскенін олар тіпті ойламауы да, сезбеуі де мүмкін. Себебі ондай жандар өздерінің азаматтық парыздарын риясыз таза көңілмен өтейді, жасаған қызметін саудаға салмай, адал атқарады. Бір қызығы, өмір деген арпалысқан әлемнің құшағында осындай кіршіксіз таза жандардың көлеңкеде қалып жататын кездері жиі ұшырасады. Өзінің мұнайшылық жолын Құлсарыда бастап, Маңғыстауда жалғастырып, қырық жыл бойы аттан түспей, мұнайдың демімен ғана тыныстай алған Әнес Бүркітбайұлымен таныса келе осындай ойларға шомуға болар еді.

Бұл төңіректегі ойларымызды елімізге еңбегі сіңген құрметті мұнайшы, ғалым, жазушы Рахмет Өтесінов ағамыздың кездейсоқ көзге түскен мына бір хаты да бекіте түскендей: "Қымбатты Әнес Бүркітбайұлы! — деп, бастапты ол, — тағдыр бізді бұдан отыз бес жыл бұрын Кең Жылыойда кездестірді, екеуміздің өмір жолымызды бір арнаға салып, бір өзеннің бойымен ағызып ала жөнелді. Содан бері сен іні, мен аға болып, бірге өсіп, біте қайнасып келеміз...

Ол баста жаңа келген жас инженерді аупарткомның бірінші хатшысымен таныстырған, кейін бір-біріне желімдей жабыстырған қандай күш?! Осы сұраққа сенің сол кезде көзге ұрып тұратын парасаттылығың, үлкеннің алдындағы ізеттілігің, ибалы иманжүзділігі жауап берсе керек.

"Қой асығы демей-ақ қолың толса – сақа тұт, жасы кіші демей-ақ ақылы асса — аға тұт", — деп, тегін айтылмаған. Сенің өндірістік өмірің кейінгі жастарға үлгі боларлықтай, қатарың қызығарлықтай мазмұнды. Өзеннің алып кен орнын ашуға араласу, басынан бастап игеруге қатысу, оның қиындыққа толы құбылыстарын бастан кешу, бейнетін арқалап, зейнетіне бөлену көрінген мұнайшының қолына түсе бермейтін бақыт. Өйткені, Маңғыстау мұнай өндірісі тарихын маңдай тері, табан етімен жасаушылардың алдыңғы қатарында сенің атың тұр. Оны біреу мойындар, біреу мойындамас, бірақ пендешіліктен жоғары тұрған бір нәрсе бар, ол — шындық. Ақиқат деген алмас кездік қанша жасырсаң да қаптың түбін жарып шығары хақ..» Осынау ыстық сөздерді біз Әнекең еңбегіне берілген жоғары баға деп бағаладық...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз