Өлең, жыр, ақындар

Туған жердің бір суреті

(Кезінде Қазақстанның мемлекеттік органдарында жауапты қызметтер атқарған, ұзақ жылдар бойы "Қазақстан әйелдері" журналының Бас редакторы болған Маңғыстаудың төл перзенті Мариям Қарақонақова өмірінен бір үзік сыр)

Қыс айы болатын. Жаңа жыл қарсаңы екеніне қарамастан, Маңғыстау даласы әлі жалаңаш жатыр... Қаңтардың қаһарлы күндері құм көмкерген бұл аймақтың сұрғылт күйін өзгертпестен безеріп жата беретінін Мариям бұрыннан да жақсы біледі. Өзі де осы өңірдің түлегі. Осыдан жүз шақырым жерде ғана тұрған форт-Шевченко қаласы – туып-өскен топырағы. Қазір атауы әлемге әйгілі Алматы сияқты әсем қалада тұрса да, осы аймаққа оралып соға беретіні де сондықтан.

Ол асықпай жүріп Ақтау қаласының өзі жоқта бой көтерген жаңа ескерткішіне — Тарас Шевченко мүсініне келді.

Көкжиекке көз жіберіп еді, өзін шексіз айдынның ортасында қалғандай сезінді. Алды-арты түгел мына бір ақ бас толқындардай жүйткіген қозғалыстарға толы сияқты.. Аяғының астыңдағы жағалаудың жалпақ тастары емес, шағын ғана ескі кеме секілді.

Иә...иә...Сондай бір сәттерді басынан, шынымен, кешіріп еді-ау бұл бір кезде.

... Соғыстың алдындағы жылдардың біріңде әкесі мұны өзімен бірге теңізге алып шыққан. Кішкентай Мариямның бұл бірінші сапары емес еді, әкесі оны өзімен бірге жиі алып жүретін. Бірақ оны есіне алған сайын бір сапар ғана ерекше сезімге бөлейтін.

...Сол жолы теңізде дауыл тұрған. Әлдеқандай бір мерекеге асыққан теңізшілер қанша көшкілері келмегенмен, шағын ғана шаруа Кемесінің үйдей толқындарға төтеп берер шамасы болмай, теңіздің ортасында зәкір тастап тұрып қалғаны есінде. Түн өткен. Әке құшағында алаңсыз ұйықтап қалған бұл түні бойы үлкендердің қаншалықты әбігерге түскенінен бейхабар еді. Теңізде бөгелу жоспарларыңда болмаған олар артық-ауыс азық-түлік те алып шықпапты. Әрі аш, әрі түні бойы дауылмен арпалысып шаршаған балықшылар таң ата ғана ерекше қуанышқа бөленген... Осындай қауіп кедергіге ұшыраған және алыс жолға шыққан теңіз жолаушыларына қызмет көрсететін Көшпелі база деген болады. Кемедегілер дауыл кезінде байқамапты, бұлардың зәкір тастап тұрған жерлері дәл осындай бір базаның түбі екен. Аяқ астынан азық-түлікке қарық болған балықшылардың көңілдері көтеріліп, сапарларын одан әрі жалғастырады...

Әкесінің сол сапардағы айырықша мейірімділігі ойына оралса Мариямның әлі күнге дейін жүрегін елжіретеді. Сөйтсе адам баласы бір-бірінің қадірін біле түсу үшін де кейде қилы-қилы жауапты сәттерді қатар жүріп бастан өткергеннің де пайдасы бар екен. Сол қауіпті сәттердің соңынан көңілі орнына түскен әкесі мұны құшағына қысып, көтеруден шығып кеткеніне біраз болып кеткен сары қызын тағы да қолына алып көтеріп тұрған. Кенет бір жақ шеттен әжептәуір жерде алып жатқан қап-қара нүктелер көрінді. Өздері біртіндеп жақындап келе жатқан секілді. Бұл оларды әкесіне көрсеткен.

— Итбалықтар ғой, қазір-ақ жақындаймыз, — деді ол. Біраз уақыт өткеннен кейін олар, шынында да, кеменің бір қапталынан ап-анық көрінген. Жануарларды Мәриям да сонда көппен бірге ұзақ уақыт тамашалаған. Сәлден соң олар кейіндеп қала бастады. Су бетіне бір батып, бір шығып қара нүктелер біртіндеп алыстай берген. Содан бері қаншама жылдар өтті... Мариям кейде сонау бір сәби шақтардың осы бір суретін қайталап және бір рет көре алмағанын да ойлап қоятын. Сондағы теңіз де осы теңіз еді-ау... Қайда жүрсіңдер, итбалықтар, — дейтіндей бір ішкі дауыс. Ол теңіз төрінен әлдене іздегендей, қадала қарап қалған. Кенет... сонау көкжиек тұстағы беттен әлдеқандай бір қара нүктелер көрініп кеткендей болды. Мүмкін емес... Әлгі бір ішкі дауыс қайтадан ентіге сыбырлайды. Жоқ рас секілді. Су бетінде бір көрініп, бір жоғалып бірнеше қара нүктелер біртіндеп бері қарай тез жақындай түсті. Енді ол әлденеге тебірене түсіп, сол бір қара нүктелерден көз айырмай қарап қалды. Міне, олар жағалауға тіпті жақындай түсті. Өздері үшеу екен. Біреуі жағалауда өздерін бағып тұрған екеуге қарата тура жүзді де, екеуі қиыс кетті. Енді итбалықтардың бастары ғана қылт-қылт етудің орнына, бүкіл денелері көріне бастады. Біреуінің басы қара болғанымен, денесі сұп-сұр екен. "Апырай, ә! Менің баяғыда көргендерім қап-қара еді", — деп күбірлеп қалған. Сөйлеп тұрғанына қысылғандай болып, жан-жағына қарап еді, сонадай тұста теңіз бетіне бейғам көз жіберген екеуден өзге ешкім байқалмады.

Сәлден соң итбалық қайтадан бірігіп алып әлдеқайда кетіп бара жатты. Олар бейне алыстан келген қонаққа сәлемдесіп алып, қайтадан мекендеріне беттеген сана иелері секілді еді. Енді санаулы сағаттардан кейін астанаға қайтадан аттанғалы тұрған Мәриям олардың соңынан ұзақ уақыт сүйсіне қарап қалды. Туған жердің бұл да бір суреті емес пе...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз