Өлең, жыр, ақындар

Арамқара

Арамқара оның әкесінің азан айтып қойған ныспысы еместі. Бері келе өзінің пейіл-пиғылына бола ағайын-туғанның қойып алған аты. Ондай жаманат күндік жердегі есекті жарғақ құлағы жарты сағатта еститін саққұлақ Арамқараның өзіне де жеткен жайы бар-ды. Алғашқы кезде бұл сөз құлағына тигенде иі түспеген қағаздай шытырлап, қабағы шытылғанымен, кейін естімеген болып қоя салып жүрді. Дегенмен жаманат құрғыр жата ма, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап кеткен-ді. Оның сыртында еңкей тентек, шатақты сатып ала алмай іздеп жүретін он ұлдың бірі әлдекіммен төбелесіп қалса, «Сенің әкеңді арамқара аттандырған мен емес»,— деп керауыздар да, кесепаттылар да айтып жібермес пе? Бұдан соң Арамқараның ептеп жүрмеген кісі етегін басып кететін салпы етек әйелі Сәлімкүл де абысын-ажынмен ауыз шайыспай тұра ма? Аяқ-табақ араласпай, тымырайысып, қыңырайысып, тың-тыңдасып, бірінің аузын бірі бағып, жүз жыртысып қалған күндері қатын-қалаштың ішін түрткілеп тұрған ашуы тағы бар. Сөйлеуге дайын тұрған қаймақ еріндер майысып, сүйрең-сүйрең етіп бір кеткенде Арамқараң түгіл оның әкесі шоң қара, дөң қара, тау қара болса да қалай тыйылып қалмақ. Тіпті былтыр осы Арамқара қызын ұзатып той жасап, соның алдында ғана Сәлімкүлмен шәлкем-шалыс келіп қалған Рәсияны шақырмай қойғанда ол тіпті ашық кетті емес пе. Рәсия байқұс ашық кетпей қайтсын. Той болады дегенде-ақ татуласу үшін бірде магазинге бара жатқан болып, бірде олардың арғы жағындағы көршісі Көмескіден көсеу сұраған болып Арамқараның есігінің алдынан жұмысы жоқ болса да, бірнеше рет өтті ғой. Ақыры той ертең болады деген күні тіпті шыдамай кетті білем, кешке жақын соларың, қақпасына жақын кетіп бара жатқан сиырын сауырынан салып жіберіп:

— Арам қатқыр қайда барасың-ей?! Ол Арамқара адам мені шақырыпты да, мал сен қалыпсың ба? Әлде топалаң келгір арамдығың ұстап, Арамқараның үйіне тартып барасың ба — деді Рәсия. Қолындағы қасқа таяқтың қанша өткенін кім білсін, қара сиыр да еңкілдей басып, бір бүйірлеп, Арамқара үйінің қақпасына бір сүйкеніп етті. Бұл жерде оған Рәсия тағы бір сөз айтты:

— Өк-ей, арамдарға тиісіп, арам қатайын деп жүрмісің.— Мұны анық естіп тұрған Сәлімкүл той жасағалы жатқан соң өз қуанышын әзі бұзбайын деді ме, әйтеуір үндемей қалды. Оның үндемеуі Рәсияны одан сайын құтыртып, ішін бұлан-талан етіп жіберді. Айта алмай бара жатқанын қара сиырға сөйлеген болып құса салды:

— Ала шыққырлар, алалап бізді қалдырып қойыпты ғой, ала шыққырлар. «Ағайын бір өліде, бір тіріде» емес пе еді. Өлім мен тойға өкпе жүруші ме еді. Той көрмей қалғырлар. Қашан да болса алалап жүреді, арамдар.— Арамқара есігі алдында бәрін де тыңдап тұрды.

— Мына Рәсия жалғыз кімге сөйлеп барады,— деп көшеден өтіп бара жатқан Топшыбайға бір қарап, қап-қара көздері жылтың-жылтың етіп, майы шығып тұратын жылтыр қара бетін бір сипап қойды. Әрине, бетін сипағанда, оның бетіне бірдеме жабысып қалған жоқ қышып та тұрмаған, Рәсияның сөзі өтіп кеткендіктен не істерін білмегендегісі еді. Ол сылқ-сылқ күлді. Ол кезде Рәсия қара сиырды ма, әлде Арамқараны ма кеше жаңғырта ішін келтіріп біраз жерге кетіп те қалып еді. Ал Топшыбай Арамқараның күлгеніне таңданып біраз үндемей тұрды да, ішінен «Әйелмен әйел боламын ба деген шығар, шіркін ақылды жігіт-ау»,— деп жөніне кетті. Топшыбай қақпа айнала бергенде-ақ Арамқараның онсыз да қап-қара беті сұрқай түстеніп шыға келді. Сыртына ештеме шығармайтын, оның ішінде не жатқанын білу киын еді.

«Терек» совхозының бас маманының бірі — яғни бас зоотехник болып белгіленгеннен кейін оның «Өнері» көбірек байқалды. Көп енерінің бірі қонаққа бару болатын. Жалпы кеш жақындады дегенше Арамқараның мазасы кететін. Өйткені ол өмірі кеш баласы үйінде отырып көрмеген. Түс ауған соң-ақ «бізге кел» деп айтатын ешкім бар ма деп, тіпті ондайда жұрттың біразы аузына құм құйылғандай үндей қоймаса, өзі-ақ құлаққағыс жасайды.

Кешкі құрым біраз адам совхоз кеңсесінің алдына жиналып қалған екен, жұрттың ішінен біреуді іздегендей Арамқара екі кезі жылтыңдап, біреуге күлген болып, біреуге қалжыңдаған болып, одақ шетірек тұрған Қолдасбай деген жуан сіңір жігітке кез тастады. Арамқараның біреуге ісі түсерде, әлде біреуге қолқа саларда кәдімгі бой жетіп отырған қыздай көзінің артымен қиыла, қылымси қарайтын, не бір езулеп ауызын қисайта, жылымшы жымиятын әдеті бар-ды. Оң езуі сәл көтеріліп, оң көзін сәл жұма Қолдасбайға сөз тастады.

— Осы сіздің үйдің ошағының қоңырсыған иісі шығады дейді ғой.

— Иә, солай, солай. Кешке бізге келе қойыңыздар.

— Жоқ, ертең болмаса қолым тимейді.

— Иә, солай-ақ болсын,— дейді Қолдасбай. Бұл Арамқараның ертеңгі кештің қамын бүгін ойлап отырғаны еді. Өйткені бүгін іші майлы болатын. Баратын жері де белгілі. Анау-мынау емес, кәдімгі өзімен үзеңгілес Садақтың үйі еді. -

Сандақтың үйіне Арамқара жеткенде шақырылғандардың бәрі-ақ келіп қалған екен. Есікке таман отырған Терік дейтін қоңырқай өнді табақтай көзілдірікті дүкенші жігіт екінші бөлімшенің зоотехнигі Рызбаев туралы әлдебір сез айтқанын Арамқараның құлағы шалып қалды. Арамқараның бірдеңені тыңдағысы келгенде құлағын салуымен қабат, аузы да ашылатын. Ондайда екі көзі аспанды сүзіп кететін. Оның әңгіме айтқан кісінің сөзін құлағы емес, аузы қабылдайтындай еді. Ауыздан кірген сөз ғана миына даритындай көрінетін. Ол бұл жолы да ауызын қисайта ашып тұрды. «Қалың да болса жұмсақ, бір жағына сәл ғана жығыла таралған, сәл толқынданып тұратын қара шашын сипап тұрған болды. Шашы да беті сияқты жылтырап кеткен. Сонан кейін тісі ауырған адамдай сол жағын, езуін баса сол қолымен сүйеді. Жылтыр қара көз үйдің ішін әлденеше сүзіп өтті. Бір қызық жері оның көзі ашуланғанда да, күлгенде де ойнақшып орнында тұрмайды. Оның ойнақшыған көзін көргенде бір көпті көрген кәрияның айтқаны есіме түсе кетті.

— Қатындар да пәле,осыны Арамқара атандыруы тегін емес. Мұның көзі — ұрлық істейтін адамның кезі. Әйел болса жезөкше дер едім. Шамасы бұл ат ұрламағанымен, адам жанын ұрлайтын бәле болуы керек.

Өтірік айтып керегіне, қарттың сезін түсіне алмадым, қайта сұрауға батпадым. Шалдың сөзі есіме түсіп Арамқараға қайта көз салып едім, ол үйдің ішін тегіс шолып болып қалған екен, Енді Терікке қарап шүйіле түсті. Оның өзіне түйіліп келе жатқанын көрген Терік неге екені белгісіз аспаннан бүркіт көрген қояндай қипақтап, қайда тығыларын білмеді.

— Мен Рызбаевты бұдан кейін жамандағаныңды көрмейтін болайық!— Терік жерге кіріп кете жаздады. Қызметі кішкентай адамға қатты сез айтпаған да сияқты. Бірақ Теріктің мөлтеңдеуіне қарағанда, мәселе қандай сез айтуда емес, қалай айтуда ғой деп қалдым. Шіркін, қызмет істеп, жұртпен араласқан адамдардан өнердің кеше түрі шығады екен-ау. Сөйлегендегі бет-ауыз, дауыстың ырғағы, әрбір сөзді салмақтап қорғасындай ауырлатып айтуы өнер емей не! Тіпті артық еш нәрсе де айтқан жоқ, шамасы киіз қазықты жерге тоқпақсыз кіргізетіндер осы Арамқаралар болу керек. Бұндай мықты адам ешкімнің алдында кішіріп көрмейтін шығар. Жолбарысқа арыстан болып шабатындар тұпа-тура осы біздің Арамқара болса керек-ті. Шіркін, тусаң ту! Тіпті мықтылық деген не? Бұдан артық жігітке қандай болу керек. Паһ, паһ, паһ!

Мен өз ойыммен болып пәңгіп отырсам, Арамқара жүгіре басып есікке бара жатыр. Жаңағы салмақ та, жаңағы қабақ та жоқ. Жаңбыр тигенде жел желп дегізе алмайтын мақтаның күн шыққан соң елпілдеп кеткені сияқты, Арамқара үрген қарындай дегелең қағып есікке барды. Арамқара сияқты таразыны батпандай басып тұрған адам есікке жүгіргенде, менікі не отырыс. «Түйені жерде жел шайқаса, ешкіні аспанда көрерсің» дегендей есікке қарай мен де допша домалай жөнелдім. Бірақ қызметі үлкен адамның адымы да үлкен болады-ау деймін. Әлде ерекше адамдарды «Ғайып иран қырық шілтен» көтереді деуші еді, сол қырық шілтеніңді шамасы осы Арамқара ерттеп мініп алған болуы керек, солар көтеріп әкетті-ау деймін, ол есікке үй иесінен де бұрын жетіп, ашып үлгерді.

Кірген совхоз директоры Мәлім екен. Ол мәлім боларлықтай айшықты мінез көрсетпейтін, артық сөйлемейтін, қарқылдап қатты күлмейтін, езуінен ғана жымиятын жігіт болатын. Маған неге екенін қайдам, осы Мәлімді жоғарыға сүйреген осы көп сөйлемейтін үндеместігі сияқты көрінетін. «Басқа пәле тілден» деген ғой, жақпай жүргенім осы сұрап алатын қу тілім болар. Мен де бір директор болайын деп, екі-үш күн сыздаусып көріп едім, төртінші күні күні жетіп піскен шиқанша жарылдым. Шамасы үндемей жүру де өзінше бір өнер болса керек. Ондай өнермен өрге жүзу мен сияқты пақырдың маңдайына жазылмаған-ау деп үмітті сол жерде-ақ шорт кескенмін. Содан кейін тек Мәлімнің шыдамдылығына қарап сүйсінумен жүретінмін. Тиіп жатқан табақ, беріп жатқан жылы қабақ болмаған соң, солай етпегенде қайтпекпін. Бұқаның қимылына сүйсінген өгіздің кері дағы, баяғы.

Сонымен біреу жалпылдап сөйлеп, жан-жағындағыларға қарқылдап күліп (шын, өтірігін айыра алмадым), тіпті сықылықтап та барады.

— Мәлімжанның өзі келді. Енді бұл үйдің тамашасы қызбағанда не қызады. Мәлімжанның дәл уақытысында келетінін-ақ біліп есікке барып едім. Мәдениеттілік деген осы емес пе? Дәл уақытысында, көрдіңіз бе?!— Ол жанындағының бір өзі бір қадақ шығатын темір баулы үлкен көк сағатты көзіне тосты.— Жігіт-ақ қой, қарашы, дәл мәлінде келуін!

Ойбай-ау, далбалақтап келе жатқан езіміздің қорғасыннан салмақты Арамқара болып шықты. Ананы қараңыз, езуі жиылмайды, күлкісі тыйылмайды. Күлкісінің түрі де көп. Сылқылдап бір кетеді де, арасында бірер сез айтып шиқылға көшеді, одан езуін жинап, көзін қолымен бір сүртіп тастап, қарқылға басады. Күлкісі келіп тұр,. әйтеуір. Екі тізесіне алақанымен шапаттап, ұрып-ұрып қояды. Мәліммен бірге төрге тартып барады.

— Ойпырмай, дүниенің өзгеруі-ай!— дегенге қарасам Бәйпек деген қойшы екен.— Бұрын кадр бөлімін басқарғанда Арамқара мына Мәлімді өзі қолымен жоғарылатып, бөлімше басқарушы жасап еді, ол кезде Мәлім Арамқара үйінің отымен кіріп, күлімен шығатын. Енді Арамқараң жасының үлкендігіне қарамай, жүгіріп барып оның машинасының есігін ашады.

Не деп барады мына қойшы. Нені бұлдыратып, тұмандандырып жіберді.

— Әлі Мәлімің осы Арамқараның қолында өртекеше ойнамаса қайтсын!— Бүлдірді мына шал деп ойладым. Сол күні Арамқараның күлкісі тыйылған жоқ. Мәлім сөйлегендегі оның қылмия қарағанын айтсаңыз.

— Өзіміздің Мәлімжан айтқанда ішпегеннің іші жарылсын! Мынадай асыл сөзді сатып та ала алмайсың!— деген көбікті, көпшікті сөз, шиқылдаған, қиқылдаған күлкі түннің бір уағына дейін барды...

Бұдан кейін Мәлімде жұмысы бар адамның алдымен Арамқараға баратынын білдік. Қандай жолмен қалай жасайтынын кім білсін, әйтеуір оның кабинетінен шыққанның бәріне ертеңіне қызметі жоғарылаған бұйрық шығады. Ал әлгі совхоздың кассирі Рәсия той еткеннен он күн кейін орнынан босап қалыпты.

— Не болған байқұсқа? Не істеп қойыпты?— деп сұрайды Арамқара менен.

— Білмеймін,— дедім мен. Шынымен білмесем қалай білемін дейін.

— Бастыққа жақпай қалып па?— деп сұрайды Арамқара менен.

— Білмеймін,— деймін мен. Арамқара менің бетіме бажайлай қарап, аузын бір жағына қисайта ашты. Екі кез жылтыңдап алдымен төбеге қарады, сонан соң көзін маған тастады, менен үйдің бұрышына, одан орындыққа, одан тағы бір жаққа көшті. Терікке шытынды, ашуланшақ қой дейсіз бе? Мәлім жанында одан күлкіші адам жоқ. Жағымпаз ғой деймісіз! Біле тұрып білмеген боп мүләйімсіді, мүдәйіленеді. Аяр ғой демексіз. Жоқ бәрі де емес. Жағымпаз да, аяр да, зорлықшы да емес. Бұл сіз бен біз түсіне алмайтын, тек Арамқараның өзі ғана білетін құбыл бірдеме. Мүмкін кәрияның айтқанындай адамның жанын ұрлайтын біреу, әлде әйелдердің айтқанындай арам қараның өзі.

1983


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз