Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Қаймағы бұзылмаған қазақи тәрбиеміз — тамаша!

Халқымыздың бала тәрбиесіндегі тәжірибесі ұшан-теңіз. Солай болғанымен де, өзгеге еліктеуімізді қоя алмай келеміз. Әсіресе, бұл әдет қазақ қоғамында соңғы жылдары тым белең алып кетті. Естіген құлақта жазық жоқ демекші, айналамыздан «Баланы еврейлер секілді тәрбиелеу керек екен, оған дауыс көтермеу керек», «Жапондар бала не істеймін десе де, қолынан қақпайды екен», «Немістер баланы дара тұлға ретінде қалыптастырып, тәрбиелейді» деген ақыл сөздерайтылып жатады. Осы пікірлермен келісіп, барынша соларға ұқсап бағып жатқандар бар. Бірақ біз неге өз ұлттық тәрбиемізден құбыжық көргендей қашамыз? Қолыма қалам ұстатқан осындай жайлар болатын. Тарқатып айтсақ. Ұлттық тәрбиеміздің қайнар көзі неде? Осыған жауап іздейікші. Қазақы тәрбиенің қаймағы үш ауыз сөзде: ұят болады, сауап болады, обал болады. Отбасымда өзім осы қағидамен тәрбиелеленіп, осыны естіп өстім. Баланың алғаш қадам басқанында тұсауын, үш түрлі затпен: көк шөппен «табиғаттай таза болсын, ұрпағы көктей өсіп-өнсін), тоқ ішекпен (берекелі болсын), ала жіппен (өзгенің затына қол жүгіртпесін, адал болсын, ардан аттамасын) кескен. Осы салтымыздың өзі баланың болашақ өміріне ата менен ананың қандай тілекші екендігін көрсетіп тұр емес пе? Қазір ғой, мұны түсініп атқармаймыз, сондықтан баламыз сұғанақ, қызымыз түртінек болып шыға келсе, өзгенің тәрбиесі керек еді деп қыңырлыққа басамыз. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дейді халық даналығы. Бала тәрбиесінде екеуінің де рөлі маңызды. Сөздің қадірін қадым заманнан білген ұлтымыз тәрбиені — тал бесіктен дейді. Оны мақалы мен мәтеліне, салты мен дәстүріне негіздеп отырған. Қазір қала баласы қазақылықтан қалып барады деп дабыл қағамыз. Неге? Себебі бала санасына салттымызды ертерек сіңірмесе, бұғанасы қатқан шақта ол бойына дариды ма, дарымайды. Сондықтан құйған ақылың да құтаймай жатады. Балаңыз заман көшінен қалмасын, бірақ бұл дәстүрді аттап кету деген сөз емес. Қит етсе, көрші өзбек елін кемсітетін кесірлі мінезіміз бар екенін жасырмайық. Бірақ осы өзбек отбасына сырттай үңілсең, әке-ана алдында қол қусырып қызмет қылып жүгіріп жүрген ұл-қызын көресіз. Оларда ата-анасын қарттар үйіне өткізу, жетімін қаңғырту өте сирек. Мұның бәрі отбасында ұлттық тәрбиені қатаң ұстанғанның арқасы. Мен де әке-шешемнің көзінің үміт еткен бір нұрымын, болашақта бір үйдің келіні атанамын, ана боламын. Сол себепті тәрбие мәселесін айналып өткім келмейді. Біз бір шаңырақтың қызы ғана емеспіз, ұлтымыздың болашағы екенімізді сезіне өсіп, қазақи тәрбиеміздің қаймағын бұзбай, әттеген-ай атандырмай қазақ қызына тән тек бұрымымызбен ғана көрінбей, қылығымызбен де ұлтымызды ұлықтасақ нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ұлттық тәрбиеден қашпайық! Ұлттық тәрбиеміздің өзі де тамаша! Бұл мақалам өзім қатарлас құрбыларыма ой салар деген мақсат-мұрат қой, тақырыпқа қатысты пікірлеріңізді білгім келеді. Сіз қалай ойлайсыз, замандас?

Халиуллина Жанерке Утегенкызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...