Өлең-жыр байқауы

Дофамин, нейробиология және нейромаркетинг: неге қалау сезімін бақытпен шатастырамыз

Келли Макгонигалдың кітабынан үзінді. Ерік күші. Дамыту мен нығайту жолдары.

Ерік күшін нығайтуды бәрі қалайды. Бірақ әлі күнге дейін басқалардың зерттеуін саралап, өз зерттеулерін жүргізіп осы тақырыпқа ғылыми-негізделген курс жасауға кіріскен оқытушы болған жоқ. Бұл дағдыны жаттықтыруға болатынын дәлелдеп және барлық ниет білдірушілерге оны дамыту тәсілдерін көрсетуді қолға алған оқытушы психолог, ғылым докторы Келли Макгонигал болды.

1953 жылы Монреалдағы Макгилл университетінің екі жас ғалымы Джеймс Олдс пен Питер Милнер бір егеуқұйрықты зерттеуге кірісті. Ғалымдар оның миына электрод ендіріп, сол арқылы тоқ берді. Олар басқа зерттеушілер егеуқұйрықтардың қорқыныш реакциясына жауап береді деп санайтын ми аймағын ынталандырмақшы болды. Алдыңғы мәліметтер көрсеткендей, зертханалық егеуқұйрықтар электр разрядтарынан тітіркеніп, мидың ынталану сәтін еске салатын кез келген нәрседен қашуға тырысқан. Бірақ Олдс пен Милнердің егеуқұйрығы тордың өзін тоқ соққан бұрышына орала берді. Тап бір бәрін қайталағысы келгендей болды.

Егеуқұйрықтың тосын қылығына таңданған ғалымдар жануардың тоққа ұрынғысы келеді деген болжамдарын тексеруге бел буды. Егеуқұйрық сол бұрыштан бері аттап басқан сайын олар оған жеңіл электр разрядын берумен болды. Егеуқұйрық бұл қулықты тез аңғарып, бірнеше минуттан кейін-ақ тордың қарама-қарсы бұрышында отырды. Олдс пен Милнер тоқ соқтырып отырса, егеуқұйрықтың кез келген бағытта қозғалатынын байқады. Көп ұзамай олар егеуқұйрықты қалауынша басқаруды үйреніп алды.

Басқа ғалымдар егеуқұйрықтардың ортаңғы миының осы бөлігін ынталандыру жөнінде қателесіп келген бе? Әлде, жігіттерге өз-өзін азаптағысы келетін егеуқұйрық тап болды ма?

Шын мәнінде олар, бар болғаны, электродты қате орналастыру арқылы мидың зерттелмеген аймағына тиіп кетті. Олдс нейробиолог емес, әлеуметтік психолог болатын, бірақ ол зертханада да жұмыс істеп көрген. Ол сымды басқа жерге тигізіп қойған. Қателесу себепті зерттеушілер мидың ынталандыру кезінде ерекше ләззат сыйлайтындай болып көрінген аймағын тапты. Болмаса, егеуқұйрық неге тоққа ұрыну үшін әр жерге жүгіріп отырды? Олдс пен Милнер табылған ми құрылымын ләззат орталығы деп атады.

Бірақ Олдс пен Милнер не тапқандарын әлі түсінбеген еді. Егеуқұйрық ләззат емес, қалау сезімін бастан өткерді. Уақыт өте келе нейробиологтар егеуқұйрыққа жасалған бұл тәжірибенің өзіміздің де қалау, еліктіру және тәуелділік тәжірибемізді де көрсететінін анықтады. Бақыт деген мәселеге келгенде күтудің керегі жоқ екенін байқаймыз, ми бізге жол көрсетіп жіберетіндей. Сондай-ақ, жаңа ағым — нейромаркетингтің бізді айла-шарғысымен басқарып, не қалауымыз керектігін нұсқап отыру үшін бұл жаңалықтарды қалай пайдаланып отыратынын және бұған қарсы тұру үшін не істеуге болатынын анықтаймыз.

Дофаминнің бөлінуі:


Қара сызықтар - «Мен қалаймын»
Үзік сызықтар - «Маған керек»
Ортаңғы мидың құрылымдары: сыйдың уәдесі

Сыйдың уәдесі

Олдс пен Милнер өз егеуқұйрықтарының миынан ләззат орталығын ашқан соң, мидың осы бөлігін ынталандырудың эйфория сезімін тудыратынын дәлелдемекші болды. Олар егеуқұйрықты бір тәулік аш ұстап, сосын оны екі ұшында тамақ салынған ыдысы бар қысқа туннельдің ортасына отырғызды. Әдетте егеуқұйрық дәліздің біреуімен жүгіріп, қоректенуге кірісетін. Ал ғалымдар оған разрядты тамаққа жетіп үлгермей тұрғанында бергенде, жануар тұрған жерінде қатып қалып, орнынан қозғалмаған. Егеуқұйрық алатын (дайын тұрған) қорегінен гөрі, берілуі ықтимал разрядты күтуді жөн көреді.      

Ғалымдар егеуқұйрыққа мүмкіндік берсе, өз-өзін тоққа ұрындыра ма дегенді де тексеріп көрді. Олар тордың ішіне тетік орнатты да, егеуқұйрық оны басқан сайын өзінің ләззат орталығын ынталандыра алатын болды. Егеуқұйрық бәрін ұғып алған соң, өзіне бес секунд сайын разряд беруге кірісті. Басқа егеуқұйрықтар өз-өзін ынталандыру әдісіне қол жеткізген соң, бұған тоя алмады: олар шаршап, талып жығылғанша тетікті баса берді. Олар тіпті миын ынталандыру үшін, азапқа да төзді. Олдс тетіктерді еденінен электр тогы берілетін тордың қарама-қарсы жақтарына орналастырды. Жануар разрядтарды тетіктерді кезектесіп басқанда ғана ала алатын. Егеуқұйрықтар аяқтары күйіп, жансызданып, істемей қалғанша ток қыздырып тұрған еденде ары-бері жүгірумен болды. Олдс мұндай әрекетке тек ләззат сезімі ғана итермелейді деп есептеуді жалғастырды.

Видео:

Психиатрлар бірден бұл тәжірибені адамдарға* жасап көру керек деген ойға келді. Тулейн университетінде Роберт Хит емделушілердің миына электродтарды енгізіп, оларға өздерінің жақында ғана ашылған ләззат орталықтарын ынталандырып көруіне мүмкіндік берді.

*Хиттің бұл зерттеуі күмәнді болатын, алайда алпысыншы жылдары психологиялық зертханаларда бұдан да ерсі нәрселер істелген. Гарвардта Тимоти Лири LSD мен галлюциногенді саңырауқұлақтардың рухани өсуге деген әсерін зерттеді. Маймонид атындағы Бруклин медицина орталығында Стэнли Криппнер экстрасенсорлық қабылдауды зерттеді: ол адамдарға көрші бөлмеде ұйықтап жатқан серіктеріне телепатиялық хабарламаларды жіберуді үйретті. Ал Монреалдағы Алленнің Мемориалдық институтында Юэн Кэмерон Орталық барлау басқармасы (CIA) тарапынан төленіп отырған сананы басқару жөніндегі көлемді зерттеудің бөлігі есебіндегі тәжірибе үшін еркінен тыс ұсталып отырған үй шаруасындағы әйелдердің жадындағы нәрселерді жоюға тырысты.

Хиттің емделушілері Олдс пен Милнердің егеуқұйрықтарының істегенін істеді. Кез келген жиілікті беруге рұқсат етілгенде, олар өздеріне минутына 40 разрядтан берді. Үзілістерде оларға тағам әкелінді, бірақ емделушілер ашығып қалғандарына қарамастан, іс-шараны үзгісі келмеді. Бір емделуші тәжірибе жүргізуші сессияны аяқтап, электродтарды өшірмекші болғанда, қатты ашуланып, наразылық білдірген. Келесі қатысушы ток өшкеннен кейін де тетікті 200 рет басқан, ғалым оның басылуын ескерткенде ғана тоқтаған*. Қалай болғанда да, тәжірибелердің нәтижелері миды өздігінен ынталандырудың жан ауруларының көптеген түрлеріне (иә, оларға ұнаған сияқты!) қолайлы терапиялық әдістеме екеніне Хиттің көзін жеткізді және автор электродтарды науқастардың миында қалдырып, оларды кішкентай қозғалмалы стимулятормен жабдықтау керек деп шешті. Олар оны беліне тағып жүріп, қалаған кезінде пайдалана алады.

*Хиттің бұл жағдайды қалай түсіндіргені қызық. Ол емделушінің ток өшкеннен кейін де тетікті баса беруін ақыл-есі кем болғандықтан және зерттелушінің рөліне жарамайтындықтан деп ойлады. Ғалым мидың қай аймағын ынталандырғанын әлі де түсінбеген және бұл қылықтың тәуелділік пен беймаза әрекеттердің бірінші белгісі екенін білмеген.   

Бұл жерде зерттеудің тарихи контексттін түсіндіре кеткен жөн болар. Ол кезде ғылымда бихевиоризмнің үстемдік құрып тұрған кезі. Бихевиористер жануарларда да, адамдарда да өлшеудің жалғыз лайықты көрсеткіші — қылық (тіршілік иесінің қимыл-қозғалысының түрлі деңгейдегі көріністері) деп ойлады. Ал, ойлар, сезімдер ше? Уақытты құр шығындау деп қабылданды. Объективті бақылаушы оларды көрмейді, демек, мұның ғылыми маңызы да, мәні де жоқ деп есептейді. Бәлкім, Хиттің ертеректегі жазбаларында науқастардың өз-өзін ынталандыру кезіндегі жай-күйлері толық сипатталған есептердің, мәліметтердің болмауы да содан шығар. Хит те Олдс пен Милнер сияқты, зерттелушілер өз-өздерін үнемі ынталандырып, тоққа ұрыну мүмкіндігі үшін тамақтан бас тартқандықтан, олар өз-өздерін эйфория сезімімен «марапаттады» деп түсінді. Ал емделушілер шынында да разрядтардың өздеріне ұнағанын айтумен болды. Бірақ олардың өз-өздерін үздіксіз ынталандыруы мен токтың өшірілуі мүмкін деген уайымдары мәселенің ләззат алуда емес деген ойға әкелді. Емделушілердің өздерінің берген (сақаталған) мәлімдемелері рахат сыйлады-мыс деген тәжірибенің басқа қырын ашады. Нарколепсиядан зардап шегетін бір науқасқа оның ұйқыға кетпеуі үшін, электродты енгізіп, қолына құрал берген. Адам өз-өзін ынталандырудың үмітсіздік сезімімен ұласқанын айтқан. «Тетіктің жиі, кейде аяусыз басылғанына» қарамастан, ол әне-міне дәмін татам деп ойлаған рахатты бірде-бір рет сезінбеген. Өз-өзін ынталандыру бақытты емес, алаңдаушылықты тудырған. Оның қылығы ләззат алудан гөрі, заразап болып (ығырын шығарды) көрінді.

Ал Олдс пен Милнердің егеуқұйрықтарының әбден қалжырағанша өз-өздерін ынталандыруы мұның керемет күй сыйлағанынан емес шығар? Мидың олар ынталандырған аймағы оларға терең қанағаттану сезімін сыйламай, тек содан дәмелендірген болса ше? Мүмкін, егеуқұйрықтардың өз-өздерін қоздырған себебі милары тетікті тағы бір рет басқанда, әлдебір ғажайып күйді бастан өткеретіндей етіп көрсеткен шығар?

Олдс пен Милнер ләззат орталығын емес, нейробиологтар қазір (марапаттау жүйесі) қуаттау жүйесі деп атайтын нәрсені ашқан. Олардың ынталандырған аймағы бізді әрекет пен тұтынуға итермелеу үшін туған ең қарапайым мотивациялық ми құрылымының бөлігі болған. Сондықтан Олдс пен Милнердің бірінші егеуқұйрығы өзі ынталандырылған бұрыштан шықпай қойған және сол себепті кеміргіштер қоректен оңай бас тартып, тағы бір рет разряд алу үшін аяқтарының күйгеніне де қарамаған. Осы аймақ тітіркенген сайын, егеуқұйрықтардың миы: «Қане, тағы да! Сен ләззат аласың!», — деп отырды. Әр ынталану егеуқұйрықты одан сайын ынталануға шақырғанымен, қанағаттану сезіміне ешқашан жеткізбеген.

Алда көз жеткізетініміздей, бұл жүйені тек электродтармен ғана емес, басқа тәсілдермен де қосуға болады. Біздің бүкіл әлеміміз ынталандыру түрткілеріне толы: мейрамхана мәзірінен бастап, лотерея билеттері, түрлі каталогтар мен тв жарнамаларына дейінгінің бәрі адамды Олдс пен Милнердің (қуанышты дәметкен) егеуқұйрығына айналдырып жібере алады. Бұл сәтте ми: «Қалап тұрмын» дегенге мықтап жабысады да, бізге: «Бұдан бас тартам» деп айту қиынға соғады.

Материалды жақсылап қорытып алыңыздар, жалғасы бар...

Келесі бөлім: Сұраныс бойынша бөлінетін дофамин


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (2)

Арман

Нәпсінің қалауы ғой. Нәпсі еш қашан тоймайды. Қалауын да тоқтатпайды. Берсең тағы сұрайды. Ми солай программаланған. Оны тек тәрбиелеу керек.

Марғұлан

Миды түсінген сайын көп нәрсе орнына түседі

Пікір қалдырыңыз