Өлең, жыр, ақындар

Елімізде магистратура және докторантураға оқуға түсу ережелері өзгерді

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов магистратура және докторантураға оқуға түсу ережелерінің өзгергендігін айтты.

«Біріншіден, магистратураға гранттар келесі жылдан бастап үміткерлердің бірыңғай емтиханының қорытындысы бойынша бөлінетін болады. Егер осыған дейін магистратураға гранттар ЖОО беріліп, олар өздері тапсырма дайындаған, өздері емтихан өткізіп, түсу туралы шешімді өздері қабылдаған еді. Енді GMAT форматы бойынша бірыңғай емтихан болады. Яғни, үміткерлерге Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін кешендік тестілеуден өту керек», - дейді  вице-министр фейсбук парақшасында. 

Оның хабарлауынша, осы тестілеудің нәтижесі бойынша білім беру бағдарламалары тұрғысында жиналған балдар бойынша саралау жүргізіліп, жоғары бал жинаған талапкерлер грант алады. Сәйкесінше ерікті түрде өзі ЖОО таңдайтын болады.

«Осылайша, «грант магистранттың соңынан ереді» деген қағида жүзеге асырылады. Бұл ЖОО бәсекелестігін арттырып, сөзсіз гранттардың ашық және әділ таратылуына септігін тигізеді. Магистратураға түсушілерге дайындық бағытының шеңберіндегі нақты білім беру бағдарламаларының тобын көрсету қажет. Үміткерлер шет тілін тапсырады (осыған дейін де солай болған), сондай-ақ білім алуға дайындыға бойынша және 2 салалық пәндер бойынша тестілер тапсырады», - дейді ол.

Вице-министр атап өткендей, докторантураға түсу ережесі де өзгерген.

«Оқуға түсуші докторантураның салалық пәні бойынша қай ЖОО-на түссе, сол жерде, сол университетте емтихан тапсырады, сонымен қатар шет тілін білетінін растайтын сертификат ұсынады. Мұндағы басты өзгеріс - енді докторантураға түсу үшін халықаралық сертификат (сәйкесінше, IELTS, TOEFL және т.б.) талап етілетінінде. Шет тілі бойынша тестілеу докторантура бойынша енді Ұлттық тестілеу орталығы арқылы өткізілмейді. Сондықтан докторантураға түсемін деп ниет білдірушілер осы бағыт бойынша дайындалулары тиіс», - дейді Асхат Аймағамбетов.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар