Өлең-жыр байқауы

Адамның сын–сипатына қатысты араб тілінен енген сөздер

№22 Еңбек орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Алниязова Данагул Аралбаевна

Кез келген тілдің сөздік құрамы сол тілдің ежелгі, төл сөздерден және шет тілдерден алынған кірме сөздерден тұратыны мәлім. Тілдің лексикалық құрамында шеттен алынған кірме элементтері кездеспейтін, мүлдем таза тіл жоқ.

Араб тілінен енген сөздер адамдар арасындағы тілдік қарым–қатынастың сан қырлы жақтарын қамтиды. Атап айтқанда, тәрбие мен білім беру саласы, ғылым саласы, астрономия, математика, филология, әлеуметтік саяси өмір саласы.

Жалпы, кірме сөздер фонетикалық, грамматикалық және семантикалық өзгерістерге ұшырап отырады. Сонымен бірге шеттен ауысқан сөздер кейде өзінің алғашқы мағынасын жойып, мүлдем жаңа мағынаға ие болып келеді. Мұндай сөздерде шамалы фонетикалық өзгерістер сақталып қалады. Мысалы, оны өзім қарастырып отырған тақырыптан байқауға болады: қанағат сөзі араб тілінде де қана аттун деп, ал ар сөзі арр деп дыбысталады.

Белгілі зерттеуші Л.Рүстемов: «Араб – иран сөздерінің қазақ тіліне ену процесі ұзақ, ал ол сөздердің тағдыры мен ену жолдары алуан болды» дейді. Араб тілінен енген сөздерді екі топқа бөліп көрсетуге болады. Оның бірі қазақ тіліне сіңісіп, өзінің фонетикалық және графикалық түрін мүлдем өзгерткен сөздер тобы. Ол сөздердің қазақ тіліне сіңіп кеткені соншалық, олардың басқа тілге тән сөз екені онша аңғарылмайды. Мәселен, білімді, қабілет, ақыл, қайрат. Ал екінші топқа жататындар қазақ тіліне сіңісе қоймаған шет тілдік сөздер. Олардың бірқатарынан төркіні басқа сөздер екені жазылуынан да көрініп тұрады. Қыстың орта кезінде рамат сұрай келді, оған бір қой беріп құтылды. («Қыз.Қаз». 1925, 11-12-1,98-бет). Кейбір араб сөздері қазақ тіліне енген соң өз мағынасын өзгертіп жібереді. Мысалы, қәдір сөзі араб тілінде тағдыр, өлшем, шама, сан мағыналарында, ал қазақ тілінде сый–құрмет, бедел мағынасында жұмсалады. Ер қадірін ел біледі, зер қадірін зергер біледі.

Осы «ғылым» сөзінен «ілім» сөзі туындап отыр. Шындығында, екі сөздің түбірі бір арабтың илм сөзі. Қазақ тілінде «ілім» дегеніміз табиғи құбылыстың белгілі бір саласы жайындағы теориялық қағидалардың жиынтығы. Ал, «ғылым» сөзі қазақ тілінде табиғат пен қоғамның заңдары туралы анықталған білім жүйесі, қоғамдық сана – сезімнің бір түрі. И.Ю.Крачовский араб мәдениетін, тарихын зерттеуге дүниежүзілік ғылымда зор маңызы үлес қосты.Кейбір араб тілінде жазылған ескерткіштерге үңіліп отырсаң, бірнеше мағына беретін араб сөздері қазақ тілінде бір мағына немесе бір мағына беретін араб сөздері бірнеше мағына беретін тұстары кездеседі. Мәселен, «хайал» сөзінің араб тілінде үш мағынасы бар. 1) арман, қиял. 2) елес, бейне. 3) көлеңке. Осы көрсетіліп отырған мағыналар ішінен «Хұсрау Шырын» поэмасында қиял мағынасы ғана қолданыс тапқан. Осы «қиял» деген сөзді адамға қатысты «қияли» деп алуға болады.

Араб сөздерінің қазақ тілінде жиі ұшырасуының себебін В.В. Бартольдтің төмендегі құнды мына пікірінен білуімізге болады. «В мусульманский период даже туркестанского происхождения писали или на общеперсидском литературном языке...». Әрі ол авторлар таза түркі тілінде жазуды өздеріне мақсат етпесе керек. Ақындардың араб тіліндегі сөздерді қолдануы, біріншіден, өлең ұйқасына байланысты. Екіншіден, ақындарға түркі тіліндегі тыңнан  ұйқастар ойлап тапқанша дайын ұйқастарды қолданған оңайырақ болса керек.

Араб сөздерінің метафора тәсілі арқылы мағынасы кеңейген тұстары да көп. Мәселен, «сұлтан» сөзі екі түрлі мағынада келеді, бірі «билік, үстемдік, өкім жүргізушілік», ал екіншісі «тақсыр, жоғарғы әкім». Қарастырылып отырған түркі тілдеріне бұл сөз екінші мағынасымен, оның өзінде «шығыс елдеріндегі жергілікті билеушілердің лауазымы» ретінде қолданған. Кейін келе, «жігіттің сұлтаны» деген тұрақты тіркестің құрамына енуіне байланысты мағынасы кеңейді, енді жігіттің төресі, ішіндегі ең тәуірі деген мағынаға ие болған.

Күнделікті өмірде бір–бірімізге арнап айтып жүрген сындық, сапалық сөздеріміздің төркініне үңіле бермейміз, олар шын мәнінде араб тілінен енген сөздер. Оның дәлелі өте көп, себебі, жазылуы да, дыбысталуы да өте ұқсас. Осы секілді өте сөздерді төмендегідей бес топқа бөліп көрсетуді жөн деп білдім.

1. Адамға қатысты жоғары танымдық қасиеттер: «Парасат» сөзі арабтың «парасиат ун» деген сөзінен алынған. Парасатты жан, парасатты ұстаз деген тіркестерді жиі қолданамыз, ол саналы, ойлы деген мағынаны білдіреді.

«Маданиат ун» араб сөзі қазақ тілінде де «мәдениет» деп аталып кеткен. «Мәдениетті жан» деп жоғарғы сапалық қасиеттерді өз бойына жинаған адамды айтамыз. «Адл ун» деген араб сөзі ана тілімізде «әділ», «әділетті», яғни қара қылды қақ жарған, шындықты ұран еткен адамды айтамыз. «Ғұлама» сөзі «ұлама» деген араб сөзінен шыққан. Әдетте, ғұлама деп ғалым, данышпан, ақыл ойдың биік шыңына шыққан адамды айтамыз. Сол секілді «мәшһүр» сөзі араб тілінен сол күйінде алынған. Жүсіп Мәшһүр Көпейұлына «мәшһүр» деген сөзді жалғау тегін емес, ол кісі білім мен ғылымды сарқа тауысып ішкен, инемен құдық қазған ақылгөй жан болған. . «Ғибрат» (ибрат ун) үлгі, өнеге, сабақ. Жақсыдан ғибрат, жаманнан кесапат. «Құдіретті» (кудрат) ерекше күш қуаты бар қабілеттілікті айтамыз.Папанин де есімде, Челюскин де есімде, Аты аңызға айналған жер үстінде, Коммунистік рухтың құдіретін, Танытқан Мұзды мұхит сеңі үстінде. (М.Мақатаев).

2. Адамға қатысты жағымсыз қасиеттер: «Қана аат ун» деген араб сөзінен «қанағат», «қанағатсыз», «қанағатшыл» деген сөздер пайда болған. «Қанағатсыз» сөзі қанағат етпеуші, барына риза болмаушы, шыдамсыз деп көрсетілген Н.Д.Оңдасынова құрастырған «Арабша – қазақша түсіндірме сөздігінде». «Қаталдық» деген сөз мейірімсіз, қатігездік мағын асымен ұштасып жатыр, ол арабтың «қаттал» деген сөзінен шыққан. «Қасдун» деген араб сөзінен «қас», «қастасушы», «қастандық» деген сөздер пайда болған, беретін мағынасы арамдық, жаман ниеттілік, кейде өштесу, жауласу деген мағынасында қолданыла береді. «Касфат» араб сөзі өз тілімізде «кесапат» деген күйі қолданыс тауып жүр.Халқымызда «Жақсыдан ғибрат, жаманнан кесапат» деп тегін айтылмаса керек. «Азазалу» араб сөзі, ал өз тілімізде «әзәзіл» ібіліс, азғырушы, шайтан, арбағыш мағынасында көрініс тапқан. «Куфр» араб сөзі сол күйінде мағынасы өзгермеген қалпы «күпір», «күпіршілік рахметі жоқтық, жақсылықты ілмейді деген мағыналармен де астасып келеді. «Фасиқ» араб тілінің төл сөзі болғанмен, қазақ тілінде «пасық» деп қолданылып, «азғын», «бұзық», «ұждансыз», «кесірлі» мағынасында жұмсалады. Тілімізде жалқаулық, еріншектік, салақтық, ұқыпсыздық секілді сөздерді араб тілінің кірмелігі «касалмен» яғни, түсініктірек айтқанда «кесел» сөзімен алмастыруға болады.

3. Адамның дүниетенымына байланысты сөздер: «Қабілет» арабтардың «қабилййат» сөзінің негізінде жасалған.Жалпы, қабілет дегеніміз бейімділік, бір нәрсенің жолын қуу. Сол секілді арабтың «фикр» сөзінен «пікірлі» деген сөз, пікірі бар, ойлайтын, айтар ойы бар адамға қатысты. «Иззат» деген араб сөзі қазақ тілінде «ізет» болып келеді. Сонымен қатар, «ақл» сөзі ес, сана, ой. Қазақ тілінде де осы секілді мағыналарды береді.

4. Адамның эстетикалық танымына байланысты сөздер: «Керімділік» сұлулық, әдемілік деген мағыналарды береді. Ол арабтың «керим» сөзінен пайда болғаны анық. «Карамат» деген араб сөзі қазақ тіліндегі «керемет» сөзімен тұстас болып, ғажап, таңғаларлық, қасиетті деген мағыналарды береді.

5. Адамның қосалқы қасиеттері: «Амалшы» тәсілқой, айлакер, қу. Араб тілінің «амал ун» деген сөзінен пайда болған. «Қауымшыл» қоғамшыл, ұйымшыл, арабтың «қаум ун» деген сөзі «Ғамм» деген сөзі қазақ тілінде «қам», «қамшыл» деп қолданыс тауып, ұқыпты, ертерек қамын ойлаушы күні бұрын әркеттенуші деген мағынамен сәйкес келеді.

Қазақ тіліндегі адамның сын – сипатына қатысты арабизмдерді бұлай топтап, жіктеуіміздің басты себебі олардың мағыналық жақтарынан, өзара қарым–қатынасымен байланысты екендігі айтпаса да түсінікті болады ғой деп ойлаймын.

Пайдаланған әдебиеттер

1. М.Бұралқыұлы Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі А.Мектеп, 2009
2. Арабша – қазақша түсіндірмелі сөздік. А.Мектеп, 1989
3. М.З.Якши. «Қазақ, өзбек, түркі тілдеріндегі кірме араб тілдерінің метафора тәсілі арқылы мағынасының кеңеюі». ҚазҰУ хабаршысы № 5-6 (121-122) 2009
4. С.Сағындықова. «Араб тілінен қазақ тіліне енген сөздердің мағынасының кеңеюі». Ізденіс 2008 198-б
5. М.Сабыр. «Хұсрау – Шырын дастанындағы араб кірмеліктері». № 8-9( 98-99) 2006


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз